Қостанай облысы аумағының топонимдеріндегі табиғат жағдайларының бейнелеу заңдылықтары


Пән: География
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 68 бет
Таңдаулыға:   

МAЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

  1. ҚOСТAНAЙ OБЛЫСЫНЫҢ ФИЗИКAЛЫҚ-ГЕOГРAФИЯЛЫҚ ЖAҒДAЙЫ . . . 6Жер бедері . . . 7Геoлoгиялық құрылымы және пaйдaлы қaзбaлaры . . . 11Климaты . . . 16

1. 4 Гидрoгрaфиясы . . . 23

1. 5. Тoпырaғы - өсімдік жaмылғысы . . . 28

  1. Жaн-жaнуaрлaры . . . 33
  1. ҚOСТAНAЙ OБЛЫСЫ AУМAҒЫНЫҢ ТOПOНИМДЕРДЕГІ ТAБИҒAТ ЖAҒДAЙЛAРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕУ ЗAҢДЫЛЫҚТAРЫ . . . 38Тaбиғaт жaғдaйлaрын сипaттaйтын геoгрaфиялық aтaулaр . . . 38Жер бедерінің aумaқтaғы тoпoнимдерде бейнелену дәрежесі . . . 46Гидрoгрaфиялық терминдер жүйесі . . . 53

ҚOРЫТЫНДЫ . . . 60 ПAЙДAЛAНЫЛҒAН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 63

КІРІСПЕ

Адамзат қоғамы даму барысында, қарқынды шаруашылық әрекеттердің нәтижесінде географиялық ортаға айтарлықтай ықпал етті. Тіршілік үшін күрес барысында адамзат, оның ішінде қазақ қоғамы өзіне қажетті ресурстарды игеруге, табиғи ортамен «түсінісе» өмір сүруге бейімделді. Олар ғажайып Еуразиялық дала кеңістігінде табиғатпен өзара түсіністікте тіршілік етуге қол жеткізді. Қазақ халқының осы көп ғасырлық тәжірибесі географиялық атауларда - топонимдерде кеңінен сақталған.

Тарихи уақыт аралығында дәстүрлі мал шаруашылығына қажетті жануарлар мен өсімдіктердің жеке түрінің ареалын анықтау, ландшафт өзгерістерін зерделеу, табиғат пен табиғи ресурстарды қорғау сияқты күнделікті туындайтын іс-шаралар географиялық нысандардың айырым-белгілері болып табылатын атауларды өмірге алып келді. Нақты тарихи кезеңде және табиғи ортада қалыптасқан қандай да болмасын географиялық атаулардың көпшілігі жергілікті жердің физикалық-географиялық ерекшеліктерін сипаттайтын құнды тарихи мәліметтер болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, көшпелі қазақ қоғамының сан ғасырлар бойы табиғатты пайдалану барысында жинақтаған географиялық білімі шаруашылықты тиімді ұйымдастыруға негіз болды. Қазақстанның жер-су атаулары ұлттық тіл мен этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде танылып, халықтың тарихи жадынан үлкен орын алды. Жер-су аттарының тіл білімі, тарих және география секілді ірі үш ғылым саласының түйіскен жерінен шығуы оның күрделі сала екенін көрсетеді.

Қостанай облысының топосистемасы осы уақытқа дейін тіл жөнінен жете зерттелген жоқ. Бұл аймақтағы топонимдер басқа түркі тілдес республикадағы топонимдермен лингвистикалық, әрі құрылымдық жағынан салыстыра берілді. Сонымен бірге Қостанай облысының топонимиясы жергілікті халықтың тұрмысымен, өткен уақыттағы көшпелі өмірімен, мал шаруашылығымен, аңшылықпен тығыз байланысты, және осы аймақта тұратын халықтың айнала қоршаған ортаны, жер бедерін көрсететін түсініктермен ұштас жатыр. Бұл жұмыста топонимдер, кейбір даулы топонимдердің этимологиясы түрік-монғол тілдерімен салыстырмалы түрде берілген. Олар архивтік материалдарға сүйене отырып талданды

Жұмыста ежелгі замандағы, орта ғасырдағы және қазіргі топонимдер беріліп отыр.

Облыстың топонимдері XVI ғасырдан бастап XX ғасырдағы ғалымдардың еңбектеріндегі тарихи-географиялық, топографиялық деректермен толықтырылып берілген.

Жұмыстың өзектілігі. Топонимдерді зерттеудің ғылыми маңызы жоғары. Жер, су, теңіз, өзен, көл, таулардың жалқы атаулары сол жерде ертеде өмір сүрген халықтың тілінен алынған. Бұл атаулар әлгі халықтар басқа жаққа кетіп, орнына басқа халық келсе де, алғашқы қалпында сақталып, ғасырлар бойы өмір сүреді десек, тарихы күрделі қазақ қоғамының құрамдас бөлігі болып табылатын Қостанай облысы аумағындағы географиялық атаулардың да тарихы тереңде жатыр. Зерттеудің өзектілігі Қостанай облысының топонимиясы тілдік тұрғыдан арнайы зерттелгенімен осы аумаққа қатысты арнайы географиялық топонимдер жайлы зерттеулер жүргізілген жоқ.

Мақсаты: Қостанай облысының топонимиялық кеңістігінің қалыптасу заңдылықтарын зерттеу және географиялық атаулардың қалыптасуын анықтау. Жер-су атауларының пайда болу ерекшеліктеріне тоқталу.

Негізгі зерттеу міндеттері:

  • Қостанай облысы топонимиясының қалыптасуының тарихи-географиялық жағдайларына талдау жасау;
  • Нақты деректер негізінде Қостанай облысының табиғат жағдайларының географиялық атауларында бейнелеу заңдылықтарына талдау жасау;
  • Топонимикалық атаулардың қалыптасуында халықтың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығының тигізген әсерін нақтылау;
  • Жер-су атауларының пайда болу барысында белгілі бір заңдылықтардың бар екенін көрсету;
  • Облыстағы қазіргі топонимикалық атауларды қолдану барысында күрделі мәселелер бар екеніне тоқталу;
  • Аумақта кездесетін географиялық және халықтық географиялық терминдерді жүйелеп топтастыру;
  • Аумақ топонимдерінің қазіргі кездегі жай-күйі, ондағы мәселелерді шешу жолдарын көрсету.

Зерттеудің теориялық негізі тақырып мәселесі бойынша Қазақстандағы, сондай-ақ, жергілікті авторлардың ғылыми-зерттеу еңбектері және ғасырлар бойы қазақ халқының жергілікті географиялық жағдайға өмір сүруге бейімделу барысында пайда болған таным-білімдерінің нәтижесі болып табылады.

Зерттеу жаңашылдығы: Қостанай облысының топонимдер жүйесі тарихи тұрғыдан арнайы зерттеліп, аумақтың табиғат жағдайларын бейнелейтін ақпарат көзі ретінде географиялық, экономикалық тұрғыда сипатталды. Жұмыста табиғи орта мен географиялық атаулардың өзара байланысы және топонимдердің табиғат жағдайларын бейнелеу заңдылықтары жөнінде тұжырым жасалды. Ізденіс жұмысы табиғи нысандарды, жергілікті жер-су атауларын айқындайтын арнайы құжаттар мен мәліметтерге, аймақтағы табиғатты зерттеушілердің тың деректеріне сүйене отырып құрастырылған.

1 ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ФИЗИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ

Қостанай облысы Республиканың солтүстік бөлігінде Тобыл, Торғай өзендерінің аңғарларында орналасқан. Ол солтүстігінде және солтүстік батысында Ресей Федерациясының Қорған, Челябі, Орынбор облыстарымен және оңтүстік-шығысында Қазақстанның Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарымен, оңтүстік-батысында Ақтөбе облысымен шектеседі.

Қазіргі уақытта Қостанай облысының жер көлемі 196 мың км 2 - бұл Солтүстік Қазақстандағы ең ірі облыс. Облыс 41˚16' - 55˚12', солтүстік ендікпен және 60˚ - 67˚20' шығыс бойлық арасында орналасқан. Оның территориясы солтүстіктен оңтүстікке қарай 700 км-ге, батыстан шығысқа қарай 250-400 км-ге созылып жатыр. Облыс территориясының негізгі ерекшелігі орташа теңіз деңгейінен биіктігі 200 м болып келетін тегіс жер бедерімен ерекшеленеді. Оның солтүстік бөлігін Батыс-Сібір жазығының оңтүстік-батыс шеті, ал оңтүстігін Торғай үстірті, оңтүстік-шығысын Сарыарқа жоталары, батысын Орал үстірті алып жатыр, облыс территориясын солтүстіктен оңтүстікке қарай Торғай ойысы кесіп өтеді. Облыс территориясының жазық болып келуі халықтың қоныстануы мен шаруашылықты дамытуға қолайлы фактор.

Қостанай облысының орналасқан жері қоңыржай климаттық белдеу, бірақ, оның теңіздермен мұхиттардан шалғай - континенттің ішінде орналасуы, оның климатының қатаң континентті климат қалыптасуына ықпал етеді. Қыс ұзақ әрі қатты, жаз ыстық әрі құрғақ, бұл әсіресе облыстың оңтүстік бөлігінде жақсы байқалады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200-350 мм. Қостанай облысы территориясы мен Тобыл және Торғай өзендері, олардың салалары ағып өтеді, көптеген көлдердің орналасуы дала ландшафтын ерекшелендіре түседі.

Облыс территориясының солтүстіктен оңтүстікке қарай бірнеше км-ге созылып жатуына байланысты, облыс алуан түрлі табиғат жағдайлармен ерекшеленеді. Солтүстік шекарадан бастап оңтүстікке Батыс-Сібір орманды далалары, қоңыржай, шөлді далалар, құрғақ далалар, шөлейт бірін-бірі ауыстырып отырады.

Облыстың негізгі территориясы құнарлы қара және қызғылт топырақты болып келетін дала зонасында орналасқан. Даланың солтүстік бөлігінде жусанды-көкпекті өсімдік жамылғысы шоқ ормандармен кезектесіп келеді. Негізінен облыс ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы агроклиматтық жағдаймен қамтамасыз етілген.

Қостанай облысы пайдалы қазбаларға өте бай, мұнда темір кенінің мол қоры, боксит, асбест, қоңыр көмір кең орындары орналасқан.

Облыс ыңғайлы транспорттық-географиялық жағдайға ие болып отыр. Облыс территориясы арқылы Ресейдің Урал, Батыс-Сібір сияқты индустриялы дамыған аймақтарын Қостанай облысы мен Қазақстанның басқа облыстарын жалғастыратын республикалық маңызы бар автомобиль жолдары мен темір жол магистральдары кесіп өтеді. Ресейдің жоғары дамыған экономикалық аудандарына жақын орналасу, облыстың шаруашылығының мамандануының қалыптасуына және сыртқы экономикалық қатынастардың дамуына үлкен әсерін тигізеді.

Қазіргі уақытта Қостанай облысы рудалы пайдалы қазбаларды өндіретін және байытатын, сонымен қатар жеңіл, тамақ өнеркәсіптерінің өнімдерін, бидай өндіретін Қазақстанның дамыған индустриялы - аграрлы аймағы болып саналады [1, б. 8] .

1. 1 Жер бедері

Қостанай облысының қазіргі жер бедері оның геологиялық құрылысымен тығыз байланысты. Жер бедерінің қалыптасуы ішкі (эндогендік) және сыртқы (экзогендік) процестердің әсерінен болады. Эндогендік процесс - бұл жер бедерінің баяу көтерілуі мен баяу төмен түсуі вертикальды бағытта жүреді. Мысалы: ғалымдардың бақылауы бойынша Батыс Сібір жазығы жылына 2-4 мм-ге көтеріледі. Экзогендік процесс - бұл әртүрлі және әр жағдайда жер бедерінің қалыптасуына әсер ететін сыртқы күштер.

Жер бедеріне зор әсер ететін экзогендік процестің негізі су - қар суы, жауын-шашын, өзендер.

Жер бедеріне судың әсері жер бедерінің көлбеулігімен су өткізбейтіндігіне байланысты. Құмды жерлер көлбеу болса да жауын-шашын жерге сіңіп кетеді. Ал, үстіртті және жазық су өткізбейтін қабаты бар аймақтарда қар суымен жауын-шашын жылдың құрғақ әрі ыстық кезеңдерінде де шалшықтар құрап жерге баяу сіңеді.

Кейін бұл жерлер құрғап сорлар пайда болады. Қостанай облысының далаларында сорлар барлық жерде дерлік кездеседі. Су өткізгіш қабаты бар алқаптарда қар сулары даланың шағын ойыстарында да жиналып қалады. Олар жерге баяу сіңе отырып топырақты қатайтып шағын тереңдігі 1, 5-2 м, диаметрі 100 деген метр ойыстардың пайда болуына әкеледі. Мұндай жерлерде қоғалы батпақтар түзіліп талды қайынды шоқтар пайда болады. Қыс мезгілінде бұл жерлерге мол қар жиналады. Мұндай жерлердің жер асты суы тұщы болып келеді. Осындай ойпаңдар облыстың солтүстік аудандарының едәуір жерін алып жатыр.

Келесі жер бедерін қалыптастыратын күш - жел, ол топырақ ұнтақтарын бір жерден екінші жерге көшіріп отырады. Жел күшті болған сайын оның топыраққа да әсері мол. Жел эрозиясы топырақтың кедейленуіне әкеліп оны шаруашылық үшін жарамсыз қылады. Қостанай облысының барлық ауылшаруашылық аудандарының топырағы жел эрозиясына ұшырау қаупі бар. Сол себептен топырақты қорғау бағытында әртүрлі агротехникалық шаралар жасалады.

Ұлан байтақ облыс территориясы жер бедерінің әр түрлілігімен ерекшеленеді. Облыстың негізгі жер бедері жазық болып келеді. Солтүстік-батыс аймағын Батыс Сібір жазығына, орталық аймақ солтүстігінде 200-330 м, оңтүстікке қарай 150-170 м-ге төмендейтін Торғай үстірті алып жатыр.

Облыстың оңтүстік-батыс бөлігі болып келетін Орал Сырты үстіртінің жазықтарында орналасқан, ал оңтүстік-шығысы болса Қазақ ұсақ шоқысында орналасқан, ал ең оңтүстік шеткі аймақ оңтүстік Торғай жазығына жатады. Бұл жазық Батыс-Сібір жазығымен Торғай ойысы арқылы қосылған.

Батыс-Сібір жазығын кейде Қостанай жазығы деп те атайды. Оның теңіз бетінің орташа биіктігі 170-230 м Облыс жеріндегі Батыс-Сібір жазығының оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеулігі байқалады. Бұл көлбеулік Тобыл мен оның салаларының баяу солтүстік ағысынан байқалады. Жазықтың жер бедері біркелкі: мұнда төбелер де, қыраттар да кездеспейді. Тек биіктігі 5-15 м болып келетін солтүстік-шығысқа бағытталған жалдар кездеседі. Жалдардың арасында шағын көлдері бар ойпаттар орналасқан. Жазықтың негізін сазды, құмды, майда тасты түзілістер құрайды. Өзен аңғарында шөгінді жыныстар өзен ағызып әкелген жыныстармен жабылған. Бұл жазықтың тегіс болуына әсер етеді.

Қостанай облысының орталық бөлігін Қазақ ұсақ шоқысын Орал Сырты үстіртімен байланыстыратын Торғай үстірті немесе Торғай таулы өлкесі алып жатыр. Торғай үстірті - солтүстігінде тік беткейлермен бөлінген көтеріңкі жазықтық. Бұл жазықтықтың солтүстік жағы биік (230-260 м), оңтүстікке қарай (150-160м) төмендейді. Торғай үстірті үлкен ойпаттар мен қыраттар кезектесе орналасқан өзіндік ерекшелігі бар аймақ. Үстірт Торғай ойысы арқылы екіге бөлінеді. Торғай үстіртінің негізін горизонталь бағытта орналасқан саз, құм, майда тас сияқты жыныстар құрайды. Тобыл және Торғай алаптарының көптеген өзендері Торғай үстіртін сумен қамтамасыз етеді.

Торғай жазығы (Құсмұрын көлінен Тобыл өзеніне дейінгі суайрықты), орта бөлігін Сыпсыңағаш қолатымен және Өлкейек, Қабырға, Теке, Сарысу өзендерімен тілімденген Торғай үстіртінің орта бөлігі алып жатыр. Мұндағы суайрықтарды Қарғалы (310 м), Теке (262 м), Қызбел (219 м), және Сарыадыр (360 м) деп аталатын төрткіл тау жұрнақтары, қиыр солтүстік-батысында Қоңыртау орналасқан. Торғай үстіртінің жалғасы саналатын Оңтүстік Торғай жазығы Сарықопа көлінің оңтүстік бөлігін қамтиды. Ол Торғай мен Ұлыжыланшық өзендерімен тілімденген. Облыс аумағының бір ерекшелігі - оның қиыр оңтүстік-батысынан солтүстігіне қарай Торғай, Сарыөзен, және Обаған өзендерінің аңғарларын қамти отырып, Тобыл өзеніне дейін жететін ұзындығы 700 км Торғай қолаты жатыр. Облыстың ең биік бөлігі шоқылы келген Сарыарқа бөлігі. Мұнда Қарақұс (Шарықты шыңы 397 м), Көкшетау (478 м), Қайыңдышоқы (569 м), т. б. көптеген тау-шоқылары кездеседі. Ұлыжыланшық пен Қаратоғай өзендерінің суайрығын Жыланшықтүрме қыраты алып жатыр.

Физикалық картада Торғай үстіртін солтүстік пен оңтүстік бағытта бөліп жатқан Батыс-Сібір мен Тұран ойпаттарын қосып тұрған жасыл жолақ Торғай қолаты немесе Торғай қақпасы немесе Торғай бұғазы деп атайды. Бұғаз деп аталу себебі мыңдаған жыл бұрын бұл қолат Арал, Каспий теңіз алабын солтүстік мұзды мұхитпен қосып тұрған.

Торғай қолаты ені 15-50 км, тереңдігі 200 м келетін ойыс. Торғай ойысының тау жыныстары бұрынғы теңіз астынан босаған сазды топырақтан құралған. Экзогендік процестердің әсерінен кейінгі - құм, континенттік саз, су шайындыларынан құралған топырақ қабаты пайда болды.

Орал Сырты үстірті Қостанай облысының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Бұл батыстан шығысқа қарай көлбеу жыраларымен тілімденген тегіс жер бедері. Үстірттің абсолюттік биіктігі 250 м-ден 350 м-ге дейін өзгеріп отырады. Орал Сырты үстірті кристалды тау жыныстарының жер бетіне шығып жатуымен ерекшеленеді. Орал Сырты үстіртінің оңтүстік бөлігі Тобылдың салалары мен және көптеген жыра-сайлармен тілімденген. Сонымен қатар негізгі құрама жыныстар жер бетіне шығып жатқан шоқылары кездеседі. Үстірттің солтүстік жағы көптеген көлдермен шалшықтар орналасқан тегістеу дала.

Қостанай облысының оңтүстік-шығыс бөлігі Қазақ ұсақ шоқысында орналасқан. Осы жерде Қостанай облысының биік нүктесі Каменистая тауы бар. Оның биіктігі 454 м. Қазақтың ұсақ шоқысы - қатты бұзылған таулы өлке. Экзогендік процестердің миллиондаған жылғы әсерінен бір кездегі биік таулар жазыққа айналды. Облыстың бұл өлкесі Торғай өзені алабының салалары мен арналармен тілімденген шоқылы төбелі аймақ. Қазақтың ұсақ шоқысы ежелгі шөгінді және магмалық жыныстардан құралған. Бұл жерлерде гранит, кварцит, малта тас және тақта тастар кездеседі.

Жер бедерінің формаларымен түрлері даму және құлдырау жағдайларындағы ежелгі және қазіргі процестерге байланысты.

Адамзаттың қазіргі даму деңгейі жер бедерінің жаңа түрлері антропогендік жер бедерінің түзілуіне алып келеді.

1. 2 Геологиялық құрылысы және пайдалы қазбалары.

Қостанай облысы аумағының геологиялық қалпын түрлі дәуірлерге жататын тектоникалық құрылымдар мен таулы үстіртке тән шөгінді, атқылаудан қалған және метоморфиялық қалдықтар құрайды. Олар көптеген физикалық-географиялық және тектоникалық жүйелердің ауысуы сияқты геологиялық оқиғалардың нәтижесінде аймаққа кең тарады. Аймақтың негізін Батыс-Сібір және Тұран секілді жаңа тұғырлар құрайды. Батыс-Сібір тұғыры палеозой қатпарларынан құралды. Бұл аймақта жүздеген, миллиондаған жыл бұрын таулар болған. Олар кейін біртіндеп жойылды. Ал шайылып, қопсыған тау жыныстары таулар арасындағы жазықтар мен құламдары бітеді. Сондықтан Батыс-Сібір тұғыры екі қабаттан (жікқабаттан) тұрады. Төменгі қабаты қатпарлы іргетастан құралған. Қатпарлы іргетас палеозой дәуіріне дейінгі және палеозой дәуіріндегі тау жыныстарға жататын метаморфтан түзілген. Тұғырдың іргетасы мезокайнозой дәуірінен қалған шөгінділердің мықты қалдықтарымен толтырылған. Ол жоғары қабатты құрайды. Осы арқылы жаңа тақтаның іргетасы тым ескі геологиялық дәуірлердің қалдықтарымен көмкерілген.

Шөгінді жабуының қалың жатуы облыстың солтүстік-шығыс бетінің теңдігін анықтайды.

Облыс аумағының орталығы арқылы солтүстіктен оңтүстікке қарай жалпылама синеклиздер пішіндес Торғай ойпаты созылып жатыр. Торғай еңісі бір жағынан, Орал мен Орталық Қазақстанның қатпарлы құрылысын бөліп тұрады. Екінші жағынан Батыс-Сібір және Тұран тақтасын жалғап тұр.

Торғай ойпатының шөгінді жабуы қалыңдығы Қостанай ауданында 100-150 м болса Торғайдың оңтүстігінде 1500-2000 метрге дейін ауытқиды. Геологиялық қалыптасудың түрлі кезеңінде облыс аймағындағы шөгінділердің түзілу тәртібі жиі және бірден өзгерістерге ұшырап отырады. Соның арқасында уақыт өте келе тау жыныстары және соған байланысты пайдалы кендер қалыптасты. Торғай ойпатындағы жыныстар қабаты үш бірдей геологиялық-құрылымдық бөліктен тұрады.

Бірінші қабат іргетастың негізін құрайтын кембрийге дейінгі және төменгі палеозой жынысының қарқынды қапталған қыртысынан тұрады. Іргетастың негізін базальт, гранитоид және қызыл түсті пермь жыныстары, сондай-ақ триасса (кварциттер, гнейстер, тақтатастар) құрайды. Кебрийге дейінгі және төменгі палеозой шөгінділерінің арқасында вольфрам, молибден, олово, мырыш т. б. пайдалы қазбалар түзілді. Төменгі қабаттың қалыптасуына темір кен орнының да қатысы бар.

Екінші қабаттың қалыптасуына ортанғы және жоғарғы палеозой тау жыныстарына жататын диабаз, профилит, әктас, яшма, тақтатас т. б. әсер етті.

Қостанай облысындағы барлық магнетиттік кен орындарының шығуы төменгі карбонмен байланысты. Ол карбондар үлкен белдеу болып, оңтүстік Оралдың шығыс беткейіне дейін созылып жатыр. Сондай-ақ, Торғай ойпатының орталығы мен шығыс бөлігіндегі үлкен алаңдарды еншілейді.

Торғайдың үшінші құрылымдық қабаты мезозой мен кайнозой дәуірлеріндегі теңіз шөгінділерінің құмдауыт-сазды қалдықтарынан құралады. Триас аяқталып, Юр кезеңі басталған тұста боксит, темір кен, отқа төзімді саз т. б. кен орындары қалыптасты.

Бор кезеңінде тұтастай Торғай ойпатында шөгінділер қарқынды түрде шоғырланды. Ол шөгінділердің бойында ішінара ашық түсті каулинитті және бокситті саздар болды. Торғай өңіріне көп тараған бокситтердің түзілуі осы кезеңмен тығыз байланысты. Темір кендерінің түзілуіне лагунды-теңіз шөгінділері жыныстарының әсері болды. Аймақтағы шөгінді жыныстар бойынан құрамында титандық қасиеті бар үгінді темір кені шықты. Құрылысқа жарайтын материалдардың көп шығуы да шөгінді жыныстарға байланысты.

Облыстың батыс қиырында палеозой дәуірінен қалған вулканды жыныстар көп кездеседі. Сондай-ақ, біртіндеп, Торғай ойпатына қарай ойысатын герцендік мәрмәрлар табылды. Ойпаттың шығысында Қазақтың ұсақ адырлары шоғырланған. Орал мен Орталық Қазақстан арасындағы түрлі дәуірлерге тән қатпарлы құрылымдар Торғайдың тұғырлық жабуымен терең көмкерілген. Болжам бойынша Орталық-Торғай ойпатының тереңі арқылы жалғасады.

Торғай ойпатының оңтүстігіне қарай палеозой кезеңіне тән Тұран тұғыры орналасқан. Тұран тұғыры екі жікқабаттан тұрады. Мезокайнозой заманынан қалған шөгінді қалдықтар жабуымен көмкерілген палеозой іргетасы. Жабулы тау жыныстар көлденең жатыр.

Қостанай облысы әр түрлі пайдалы қазбаларға өте бай. Геологиялық дамудың ұзақ тарихы барысында бұл жерлерде темір кенінің, бокситтің, алтынның, титан кенінің, қоңыр көмірдің, асбесттің кен орындары пайда болған. Қазіргі кезде Қостанай облысы темір кенінің қоры бойынша Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де алдыңғы қатарда. Оған Республикадағы барланған темір қорының 93% тиесілі. Облыс Республиканың темір кені базасына айналды. Қостанай темір кен алабында әр түрлі генетикалық типтегі: магнитті, титанды магнитті, ванадилі, шөгінді жанартаулы - барлығы 100-ге жуық кен орындар бар.

Кен орындар солтүстік, солтүстік-шығыс бағыттағы Қостанай облысының солтүстік батысында орналасқан. 900 млн. тонна қоры бар Қашар, 500 млн. тонна қоры бар Соколов, 800 млн. тоннна қоры бар Сарыбай, Қоржынкөл кен орындарының маңызы ерекше. Кеннің орналасу тереңдігінің 70-120 метр болуы оны ашық әдіспен өндіруге ыңғай жасайды. Магнитті кендегі темірдің үлесі 42-47 %. Осы кен орындардың негізінде 1957 жылы Кеңес одағындағы ең ірі Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты салынды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан топонимиясы
Топонимдердегі түр-түс атауларының семантикасы
Орталық Қазақстан Бұқар жырау ауданы топонимдері
Қазақстанды экономикалық аудандастыру
Топырақ қабаты
Алакөл аумағының геоэкологиялық картасын құру
СОЛТҮСТІК ЭКОНОМИКАЛЫҚ АУДАН
Сарыарқа өңіріне тән оронимдер және орографиялық терминдер
Халық демографиясы жағдайы мен миграциясының басты заңдылықтарын, тенденцияларын зерттеу
Қорғалатын табиғи територияларды экотуризм дамыту ерекшеліктерін таңдау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz