Мезолит және неолит ескерткіштерінің зерттелу тарихы


Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Шығысында Ертістен, Алтай тауларынан батысы - Еділ өзенінің төменгі ағысынан Каспийге дейін, солтүстігі - Батыс Сібір жазығынан оңтүстіктегі Тянь-Шань таулы жоталарын алып жатқан республика аумағында тас ғасыры ескерткіштері соңғы жылдары біршама жүйелі түрде зерттеліп келеді. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстан аумағында 450-ден астам палеолиттік, 40- шақты мезолиттік, 800-ге жуық неолитттік ескерткіштер анықталған. Оларды зерттеудің қалыптасуы мен даму жолдарын анықтау, тас ғасыры проблемаларына ғалымдар көзқарастарының эволюциясын ашып көрсету, әрбір дәуірдіңиндустриялар генезисін жүйелеу еліміздің тарихындағы аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осы дерек көздерінен төл тарихымыздың бастаулары жөнінде аса құнды мағлұмат алуға болатындығы да тақырыптың өзіндік екершелігін көрсетеді. Тас ғасырының зерттелу тарихына және негізгі мәселесіне арналған бұл жұмыс ежелгі адамдар өміріндегі аңшылық пен терімшілік, балық аулаушылықтың рөлі, өнім өндіру шаруашылығына көшу, қоныстар мен тұрақ жайлардың орналасуы алғашқы қауымдық идеологияның қалыптасуы және оның мазмұны мен сипаты, тас құралдарының жетілдірілуі мен функциялары, ерте дәуірдегі өнер, тіпті табиғи ортаның адам санасына ықпалы секілді ауқымды тақырыптары қамтиды. Бұлар жөнінде тарихи шындыққа қол жеткізу өз тарапында ежелгі тарихымыздың басқа да бірқатар проблемаларын ашуға септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда археологиялық ізденістердің кең қанат жаюы және осының нәтижесінде тың материалдарының көбеюі тас ғасырының көптеген мәселелерін, тақырыптық, хронологиялық, концепциялық қырлары жаңа теориялық-методологиялық тұрғыдан пайымдауға, зерттеу әдіс-тәсілдерін нақтылауға сұранысты арттырып отыр. Бұл жағдай мамандардың ғылыми ізденістеріне, қол жеткізген нәтижелеріне тарихнамалық зертеу жүргізуді, тас ғасыр тарихындағы «ақтаңдақтарды» анықтауды қажет етеді.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы: Алғашқы қоғам дәуірін зерттеуде отандық археология ғылымы елеулі табыстарға жетіп, алыс-жақын елдерге кеңінен танымал болып отыр. Бұл табыстарға жету оңай жолмен келе қойған жоқ. Отандық археологияның қалыптасуы ұзақ та, күрделі үрдістерді басынан кешірді. Оған әсіресе республика табиғи байлықтарын патшалық және кеңестік Ресей тұсында игеру, кеңестік дәуірде үстемдік құрған тар таптық мағынадағы методология, маркстік мәдени теориялар, Одақ көлемінде жүргізілген екпінді құрлыстарды салу әр қырынан және белгілі бір уақыттарда археология ғылымының дамуына өз әсерін тигізген болатын.
Отандық археологтар К. А. Ақышев [1] , К. М. Байпақов [2], М. Е. Елеуов [3], Ж. Қ. Құрманқұлов, З. С. Самашев еңбектерінде де ғылыми нәтижелер мен жетістіктер айтылған. Олар Қазақстан аумағындағы бұрынғы және қазіргі мекемелер мен археологиялық экспедициялар жұмыстарына, еліміздің жерінде жүргізілген ізденістерді кезеңдерге бөліп көрсетті. Негізінен, бұл ғалымдар кейінгі тарихи кезеңдер сауалдармен шұғылданып жүр.
Еліміздегі археологиялық ескерткіштер тұңғыш рет 1960 жылы жарық көрген «Археологическая карта Казахстана» атты ұжымдық жұмыта жүйеленді [4] . Аталмыш карта ұзақ уақытқа созылған барлық дәуірге қатысты археологиялық ізденістерді қорытындыланды. Картаға 200-ден астам тас ғасыры объектілері, кездейсоқ табылған материалдар енгізілген. Отандық археология жетістіктері, табыстары мен кемшіліктері картадағы кіріспелік «Қазақстанның археологиялық зерттеу жұмыстары очеркі» атты бөлімде сөз болып, оны жазған автторлар Е. И. Агеева, А. Г. Максимова тас ғасырына жататын көне деректермен тас ғасырын зерттеуші ғалымдар ізденістеріне шолу жүргізді.
Тас дәуірі академик Ә. Х. Марғұланның да зерттелу нысандарының бірі болып, ғалым болашақта зерттеу жүргізу қажет өңірлерді әрдайым анықтап отырды. Ол басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Сарыарқа жерінде неолит пен энолит дәуірлерінің тұрақтарын, жерлеу орындарын тауып, қазба жұмыстарын жүргізді. Ә. Х. Марғұлан мен Е. И. Агеева жазған «Археологические работы и находки на территории Казахстана» деген мақалада, 1926-1946 жылдар аралығында әрбір облыстан табылған байырғы дерек көздері мен қазба жұмыстары нәтижелерімен қатар, кездейсоқ әрі жекелеген тас бұйымдарының табылуы жөнінде де құнды пікірлер білдірді [5] .
Өткен ғасырдың 50-ші жылдар ортасындағы Қазақстанда ежелгі палеолит ескерткіштерінің ашылуы археологияның назар аударарлық жаңалықтарының бірі болды. Олардың бірнеше орындарын Х. А. Алпысбаев Қартаудан тапқаннан бастап отандық археологияда палеолиттанудың негізі қаланды. Ұзақ жылдар бойы Х. А. Алпысбаев бұл өңірде түрлі дәуірлерді қамтитын 210-дай объектілер ашты. Ғалымның «Некоторые вопросы изучения памятников каменного века в Казахстане» атты мақаласында революцияға дейінгі және кеңестік дәуір кезіндегі нысандардың зерттелу тарихы баяндалады [6] . Алпысбаевтың 1979 жылы жарық көрген «Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана» деп аталатын монографиясында Бөріқазған, Тәңірқазған, Кемер т. б. тұрақтардың материалдары зерттелді. Еңбектің алғашқы тарауында Қазақстанда палеолит ескерткіштерінің зерттелу тарихы, Орта Азиядағы аталмыш дәуірге жататын маңызды нысандардың ашылуы (Тесіктас, т. б. ), басқа сала мамандарының палеолит орындарын іздестірудегі жетістіктері сараланған. Ғалымның отандық палеолиттануға қосқан үлесі Д. М. Костина мен Т. В. Савельева өздерінің «Археологические исследования в Южном Казахстане 1970-1980 » деген еңбектерінде жоғары бағаланды [7] . Онда Х. А. Алпысбаевтың 1970 жылдары жүргізген қазба жұмыстарна шолу жасалып, Қазақстан жеріндегі ерте палеолиттің әлемдік палеолит мәдениеттерінің ажырамас бөлігі ретінде қорытынды жасалынды.
А. Г. Медоевтың Маңғыстау, Солтүстік Балқаш өңірінде жүргізген археологиялық жұмыстарының да палеолит тарихнамасында алатын орны ерекше [8] . Онда әр жылдары археологиялық экспедициялардың жұмыстарына қысқаша сипаттама берілген. Сарыарқада М. Н. Клапчук та бірқатар палеолит орындарын тапты. А. Г. Медоев пен М. Н. Клапчуктың осы өңірде атқарған жұмыстарына В. С. Волошин өзінің «Из истории изучения палеолита Сары-Арки» атты мақаласында тоқталды. Ол аталмыш ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын Қазақстан палеолитіне қосылған орасан зор үлес екендігі туралы дәлелді тұжырымға келді [9] .
Одан бергі уақытта палеолиттен В. С. Волошин, Б. Ж. Аубекеров, О. А. Артюхова, Ж. Қ. Таймағамбетов жүйелі зерттеулер жүргізіп Қазақстанның түрлі түкпірлерінен байырғы тұрғындардың мәдени орындарын тапты да, еңбек құралдарына салыстырмалы-типологиялық сипаттама және әрбір ескерткіш тас индустриясына талдау жасады. Ж. Таймағамбетовтың осы тақырыпқа арналған еңбегінде 80-ші жылдар бас кезіне дейінгі ғылыми айналымға енген басты-басты археологиялық объектілер материалдарына талдау жасалынып, олардың орналасу заңдылықтары анықталды. Ә. Х. Марғұлан, Х. А. Алпысбаев, А. Г. Медоев, А. П. Окладников, М. Н. Клапчук, В. С. Волошин, т. б. мамандардың Қазақстанда палеолитті зерттеудің қалыптасуы мен даму жолын көрсетуге талпыныстар жасалынды [10] .
Қазақстан-Ресей біріккен археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді. Экспедиция отрядтарының еліміздің шығыс, оңтүстік, батыс өңірлерінде атқарған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тас дәуіріне қатысты мол мағлұматтар жинқталды. Семізбұғы [11] мен Мұғалжар [12] тауларындағы және Қошқорған-Шоқтас кешендеріндегі палеолит дәуірі жөнінде еңбектер жарияланды. Аталмыш ескерткіштерде А. Г. Медоев, Б. Ж. Аубекеров, О. А. Артюхова, т. б. археологтар ізденістерінің, қазба жұмыстарының зертелу тарихы, әр жылдары алынған нәтижелері жарияланды.
Отандақ археология тарихнамасында мезолит дәуірі әлі тыңғылықты зертелмеген тарқырып санатына жатады. Алғашқы мезолиттік ескерткіштер ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары оңтүстікте Х. А. Алпысбаев, батыста А. Г. Медоев, солтүстікте Г. Б. Зданович, В. Ф. Зайберт, В. Н. Логвин сынды археологтардың жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде ашылған болатын. Олардың жұмыстарын Г. Ф. Коропкова «Мезолит средней Азии и Казахстана» деген еңбегінде жүйелеп, мезолиттің негізгі проблемаларына сипаттама берді [13] . Жоғарыда аталған ғалымдар ісін Ж. Қ. Таймағамбетов, О. А. Артюхова, В. С. Волошин, А. Ю. Чиндин, В. К. Мерц, Ғ. Т. Бексейітова, т. б. жалғастырды. Нәтижесінде ескерткіштер саны көбейіп, қазір мезолит индустриясына сәл де болса анығырақ талдау жасауға ғылыми негіз қаланды.
Неолит дәуірі жөніндегі әртүрлі ізденістердің жарық көргенімен, олар тарихнамалық түрғыдан зерделенген жоқ деуге болады. Тек 1970 жылы жарық көрген Л. А. Чалаяның «Некоторые вопросы истории изучения неолита Казахстана» атты мақаласын атауға болады. Автор жаңа тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихына шолу жасаумен шектелді [14] . Ол негізгі ескерткіштерге тоқталып, А. А. Формозов, С. С. Черников, В. Н. Чернецов, П. П. Ефименко, А. П. Окладников, А. Г. Медоев, сынды ғалымдардың неолитке қатысты ғылыми көзқарастарына тоқталады. Сондай-ақ В. Ф. Зайберт, В. Н. Логвин, Ж. Қ. Таймағамбетов пен Т. И. Нохрина сынды ғалымдардың іргелі еңбектерінде неолит ескерткіштерінің зерттелу тарихына біршама орын берілген. В. Ф. Зайберттің «Атбасарская культура» атты 1992 жылы жарық көрген еңңбегінде Солтүстік Қазақстан В. Д. Солочинский, К. А. Ақышев, С. М. Мухамеджанов, Г. Б. Зданович, т. б. ғалымдардың тас дәуірі археологиялық материалдарды жинап, жүйелеудегі жетістіктері сөз болады.
2006 жылы К. М. Байпақов, Ж. К. Таймағамбетов, Жұмағанбетов сынды ғалымдардың бірлесіп шығарған «Қазақстан археологиясы» еңбегінің де алатын орны зор. Онда Қазақстан археологиясының даму жолдары мен зерттеу нәтижелері жарияланған. Ж. К. Таймағамбетов аталған еңбектің бірінші бөлімінде Қазақстанның тас ғасыры ескерткіштерінің кезеңдеріне жан-жақты тоқталады. [15]
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Тақырып бойынша дерек көздеріне Қазақстан палеолит музейі Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының және Қазақстан орталық музейлеріндегі археологиялық артефактілер жатады. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарындағы Шығыс Қазақстан Археологиялық-этнографиялық экспедициясының мүшелернің ғылыми материалдары, 1946 жылы құрылған Орталық Қазақстан (жетекшілері - Ә. Х. Марғұлан, М. Қ. Қадірбаев, Ж. Қ. Құрманқұлов) және 1967 жылы жасақталған Солтүстік Қазақстан (жетекшісі - В. Ф. Зайберт) археологиялық экспедицияларының ХХІ ғасыр басына дейінгі ғылыми мақалалары мен іргелі еңбектерін атауға болады. Олармен бірге 1957 жылы Х. А. Алпысбаев басшылығымен құрылған Қаратау палеолит, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы тас ғасыры ескерткіштерін зерттеу, (жетекшілері - Х. А. Алпысбаев, Ж. Қ. Таймағамбетов), 1977-1982 жылдары Шүлбі археологиялық экспедициясының палеолит отрядтарын (жетекшілері - Х. А. Алпысбаев, Ж. Қ. Таймағамбетов) ғылыми ізденістері тақырыптың деректік негізін құрайды. Сонымен қатар 1960-1970 жылдардағы Орталық қазақстандық геология басқармасының Сокур отрядының (жетекшісі - В. С. Волошин), 1988 жылы құрылған Павлодар (жетекшісі - В. К. Мерц) археологиялық экспедицияларының мүшелерінің ізденістерін де қосуға болады. Мәскеу Мемелекеттік университеті Хакас археологиялық экспедициясы құрамындағы Солтүстік Қазақстан отрядының (жетекшісі - Л. А. Чалая) 1960-1970 жылдардағы қазба жұмыстарның нәтижелері де тақырыптың деректік негізін құрайды. 1970-2000 жылдар аралығында В. Н. Логвин басқарған Қостанай және Торғай археологиялық экспедицияларының 1983-1989 жылдардағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы тас дәуірі отрядының (жетекшісі - А. Чиндин), 1990-ші жылдардан бергі Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының (жетекшісі - З. С. Самашев) және 2001-ші жылы құрылған Орал кешенді археологиялық экспедициясының тас дәуірін зерттеумен шұғылданатын отрядының (жетекшісі - О. А. Артюхова) ғылыми ізденістері жатады. Әсіресе 1992-2002 жылдарда Қазақстанның әр түкпірінде тыңғылықты археологиялық жұмыстар жүргізген халықаралық Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясының (жетекшісі - А. П. Деревьянко) ғылыми мақалалары мен іргелі еңбектері негізгі дерек ретінде пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Дисертациялық жұмыстың алдына қойған мақсаты мен міндеттері тақырыптың өзектілігі және оның қамтитын хронологиялық мерзімінен туындайды. Мақсат- Қазақстан өңірлеріндегі палеолит, мезолит, неолит ескерткіштерінде жүргізілген ізденістер кезінде алынған деректерді жинақтап, топтастырып, саралап, соның негізінде отандық тас дәуірін зерттеудің қалыптасу, даму жолдарын анықтап, жеткен нәтижелерді көрсету. Осы мақсатқа орай төмендегідей міндеттер туындайды:
- деректемелік негіздегі түрлі бағыттағы материалдарды қолдану арқылы Қазақстан тас дәуірі ескерткіштері туралы мағлұматтарды топтастыру.
- тас ғасыры проблемаларының теориялық-методологиялық негіздерін қолданылып жүрген ғылыми әдістерін айқындау.
- республика жерін адамзаттың алғашқы қоныстануы жөнінде жазған отандық және шетелдік ғалымдар еңбектерін сараптау, талдау.
-тас дәуірінің жергілікті және аймақтық ерекшеліктерін, генетикалық байланысын ашып көрсету.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
- археологиялық ескерткіштерді және тас құралдарын зерттеу әдістемесін қамти отырып, қазақстандық және шетелдік мамандардың осы тақырыптарға қатысты ой-пікірлеріне талдау беріледі де, жергілікті индустриялар генезисі ашылып көрсетіледі.
- палеолит, мезолит, неолит дәірлеріне және олардың кезеңдеріне қатысты ғалымдар тұжырымдарына талдау жүргізілген.
I Палеолит дәуірі ескерткіштерінің зерттелуі
1. 1. Оңтүстік Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихы
Палеолит ескерткіштері ең көп табылған аймақ - Қаратау. Ол - Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік батысында орналасқан тау жотасы. Оның оңтүстік-батысын Сырдария, солтүстік-шығысын Талас өзендері алаптары алып жатыр. Жота қатарласа жатқан Кіші және Үлкен Қаратаудан тұрады. Өзендері - Боралдай, Бөген, Шаян, Арыстанды т. б. Кіші Қаратау негізінен протерозойлық тақтатас және құмтастарынан, Үлкен Қаратау карбонның әктас, құмтас, конгломераттардан және девонның жанартаутекті жыныстарынан тузілген. Каратаудың сілемдеріне көптеген геолог ғалымдар В. Н. Вебер, М. С. Волкова, В. В. Галлицкий, Г. П. Герасимов, П. И. Чихаев, Қ. И. Сатпаев т. б. зерттеу жүргізді.
Қазақ КСР Геология министрлігінің Оңтүстік Қазақстан Геологиялық басқармасы мен Ғылым академиясының Қаратау экспедициясы Қаратау сілемдерінен палеолиттік және неолиттік шақпақ тас бұйымдарын кездестірген. Кешенді геологиялық жұмыстарға академик Қ. И. Сатпаев жетекшілік етіп, бастама көтерген еді. Геологиялық зерттеулер барысында еліміздің көп өңірлерінен тас дәуіріне жататын объектілер ашылды. 1945 жылы Оңтүстік Қазақстан геологиялық экспедициясының мүшесі Р. В. Смирнов мустье дәуірінің артефактыларын Піскем өзенінің үшінші саты-жазығынан ұшырастырған. [10]
Кіші Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс шетінің солтүстік-шығыс бөлігінен 1956 жылы Н. В. Седов пен Г. А. Ярмак геологиялық жұмыстар атқара жүріп 6 орыннан түрлі палеолиттік құралдар теріп алады. Оларды анықтау А. Г. Максимова мен К. А. Ақышевқа тапсырылады, кейінірек С. П. Толстов, А. П. Окладников, М. П. Грязнов та қарап шығып барлығы палеолит дәуірімен кезеңдейді. Жиналған 30-дан астам құралдардың кейбіреулерін А. П. Окладников кейінгі ашель немесе ерте мустье уақытына жатқызған. [16]
ҚазКСР ҒА Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты 1957 жылы Кіші, Үлкен Қаратауды (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының басқа территорияларын қоса отырып) зерттеу мақсатында тас ғасыры ескерткіштерін зерттеу отрядын құрды. Оған Х. А. Алпысбаев басшылық жасады. Палеолит дәуіріне деген қажеттілік 1957 жылы шыққан "Қазақ ССР тарихы" деген ұжымдық еңбектің 1-томында көрінген болатын. Томда палеолит пен неолит дәуірлерінің бірлі-жарымды ескерткіштері ғана аталып өтті.
Қазақстан палеолиттану ғылымының іргетасын Х. А. Алпысбаев қалады деуге толық негіз бар. Оған 1998 жылы күзде Түркістан қаласында өткен "Каменный век Казахстана и сопредельных территорий" атты Х. А. Алпысбаевтың туылғанына 70 жыл толуына арналған халықаралық конференция материалдары да дәлел. Конференцияда ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі жайлы, археологияға қосқан үлесі жөнінде Ж. Қ. Таймағамбетовтың "Хасан Алпысбайұлы Алпысбаев",
О. Смағүлүлының "Хасан Алпысбаев төл тарихымыздың «қақпасын» қалады", А. Г. Максимованың «Хасанның соңғы күндері», Н. О. Алдабергеновтың "Тасты таңдап сөйлеткен", Н. Г. Панның "Көне дүниенің қажымас зерттеушісі" және басқа да ғалымдар баяндамалары
мен естеліктері тыңдалды. Сөз сөйлеушілердің барлығы палеолит көшін бастаушының дүниеден ерте кетуіне байланысты көп пайымдауларын негіздеуге үлгере алмағандығына және оның мұрағатын зерттеу керектігіне, қазіргі тас ғасыры проблемаларының басты бағыттары мен жай-күйіне назар аударды. Палеолиттанушы жазған "Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана" атты еңбектің ғылыми маңыздылығына қатысты әсіресе О. Смағұлұлы айтып өткен пікірі ден қоюға тұрарлық деп есептеуге болады. Сарабдал ғалым: "Автор еңбегінде Қазақстан өте ерте кезде адамның мекен-жайы болғандығын дәлелдеді, екіншіден Қазақстанның тас дәуірі кіндік Азияның көне тас заманымен бір тұтастықта болғанын көрсетті, үшіншіден Африкадағы олдувей мәдениетімен бірдей уақытта болғандығын көрсете алды" - деп жазған еді. Конференция материалдарына пікір жазған көрнекті археолог В. А. Ранов қазақстандық әрбір әріптесінің мақалаларын терең талдайды да, олардың ғылыми құндылықтары мен кемшіліктерін әділ бағалай келіп, қазіргі таңда елімізде тас ғасырын зерттеудің өзіндік бір ерекше мектебі қалыптасқандығы туралы қорытынды жасады. [17]
Х. А. Алпысбаев Қаратау өлкесінен 200-ден астам тас дәуіріне жататын орындарды ашып, ғылыми айналымға енгізді. Ол әрбір тұрақ материалдарына аса ден қойып, іргелес өлкелердегі басты-басты ескерткіш коллекцияларымен салыстырып, байыппен қарастырған. Өмірінің соңында жарияланған еңбегінде кейбір тұрақ материалдарын ой елегінен ұзақ уақыт өткізіп, маңызды қорытындылар жасауы соған дәлел бола алады.
Оңтүстік Қазақстанды зерттеу отряды 1957 жылы барлау жұмыстарының нәтижесінде Тоқалы-1, 2, 3 секілді тұрақтардан төменгі палеолиттік ашель-мустьеге тән құралдар тұрпатын тапса, келесі жылғы жұмыстар кезінде көптеген кұралдар сақталған шелль-ашель орындарын анықтады. Олардан басқа Кіші Қаратаудан ашылған мустье, кейінгі палеолит ескерткіштері де бар. Тоқалы-1, 2, 3 орындары Көктал өзенінен 5 шақырым шығыста орналасқан. [18] Келесі маусымда әлемге әйгілі болған шелль-ашель кезінің тұрақтары - Бөріқазған мен Тәңірқазған ашылған еді. Бұлар - Жамбыл облысы Талас ауданындағы Кемер тауының оңтүстік шеткейінен табылған. Бұл объектілерден алынған құралдарды Х. А. Алпысбаев төртке бөледі: 1) екі немесе бір жақты шабатын қарулар; 2) шапқылар; 3) көне шомбал тас жаңқалары; 4) тұрпатсыз ірі томпақ-өзектастар. Бұл тұрақтарды кезеңдеу геологиялық қатпар ауыспағандықпен де расталынады. [19] Токалы-1-ден 200 дана, Токалы-2-ден 78 дана, Тоқалы-3-тен 57 дана тас бұйымдары терілсе, Бөріқазғаннан 442 зат, Тәңірқазғаннан 300-ден астам құралдар жиналған болатын. Бұл жылы аталмыш кезеңге жататын Шабақты-1 ескерткіші Жамбыл облысындағы Байқадам ауылынан 20 шақырым оңтүстік-батыстан табылады.
Қаратау палеолит отряды осы жылы Оңтүстік Қазақстандағы Арыстанды-Боралдай өзен алаптарында жаңа палеолит орындарын ашты: Шақпақ, Үсіктас, Қарасу, Алғабас, Кеңестөбе, Боралдай мекендерінен әр дәуірді қамтитын оннан астам объектілер барлау жұмыстары нәтижесінде белгілі болды. Шолақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 36 шақырым жерде 6 мустьелік, Байқадам ауылынан 22 шақырым оңтүстік-шығыста Шабақты 2, Қаратау қаласынан 35 шақырым солтүстікке қарай Ұзынбұлақ-1, 2 және Бүркітті стансасынан 4 шақырым шығысқа қарай -Бүркітті-1, 2, 3 секілді тас дәуірінің объектілері де осы жылы ашылған еді. Аталған тұрақтар арасынан Боралдай кешендерін Х. А. Алпысбаев Тәжікстандағы Гиссар аңғарының палеолитімен жақындастырады. Бүркітті кешендері кейінгі кездері ерте голоцен кезеңіне жатқызылып жүр. [16]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz