Ұлттық банк – ақша-кредит жүйесінің ортақ буыны, ақша айналымын реттеуші орган


Мазмұны
Кіріспе…. 4
ТАРАУ 1. ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАНК ЖҮЙЕСІНДЕГІ АЛАТЫН ОРНЫ МЕН РОЛІ
1. 1. Қазақстан Республикасының банк жүйесінің даму сатылары және қазіргі даму беталыстары . . . 7
1. 2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қызметінің құқықтық негіздері . . . 17
1. 3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қазіргі күнгі құрылымы . . . 20
ТАРАУ 2. ҰЛТТЫҚ БАНК - АҚША-КРЕДИТ ЖҮЙЕСІНІҢ ОРТАҚ БУЫНЫ, АҚША АЙНАЛЫМЫН РЕТТЕУШІ ОРГАН
2. 1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің міндеттері, мақсаты . . . 26
2. 2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің екінші деңгейлі банктер өтімділігін реттеудегі ролі . . . 37
2. 3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты және оның 2006-2008 жылдарға арналған негізгі бағыттары . . . 48
2. 4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің валюта және төлем жүйесін реттеудегі ролі . . . 57
ТАРАУ 3. ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ ШЕТЕЛДІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫЛЫҚ ҰЙЫМДАРМЕН АРАДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
3. 1. Халықаралық қаржылық ұйымдармен қарым-қатынастары . . . 61
3. 2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық . . . 69
Қорытынды . . . 73
Қолданылған әдебиеттер тізімі77
Қосымшалар. . 79
Жұмыста қолданылған қысқартулар
ҚР - Қазақстан Республикасы
ТМД - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
КСРО - Кеңестік социалистік Республикалар Одағы
ЖІӨ - жиынтық ішкі өнім
БСҰ - Бүкіләлемдік сауда ұйымы
АҚ - акционерлік қоғам
ҚРҰБ - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
ЕурАзЭҚ - Еуразиялық-Азиялық Экономикалық Қауымдастық
ҚБЕО - Қазақстандық банктік есеп айрысу Орталығы
ХҚДБ - Халықаралық Қайтақұру және Даму Банкі
ХДА - Халықаралық даму ассоциациясы
ХҚК - Халықаралық қаржы корпорациясы
ИКХА - Инвестицияларға кепілдік беру бойынша көпжақты агенттік
ИДРХО - Инвестициялық дауларды реттеу бойынша халықаралық
орталық
AKҚаЖ - Ақпарат көлігінің қаржылық автоматтандырылған жүйесi
ЕКДБ - Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі
ИДБ - Ислам Даму Банкі
АДБ - Азия Даму Банкі
ЮСАИД - Экономика саласындағы Америка Халықаралық
Ынтымақтастығы Агенттігі
ОАЫжДБ - Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкі
МВК - Мемлекетаралық валюта комитеті
ТМД БХА - ТМД елдері Биржаларының Халықаралық ассоциациясы
БЭК - Бірыңғай экономикалық кеңістік
ШЫҰ - Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы
Кіріспе
1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам еді. Ұлттық ақша бірлігін енгізу қазіргі кездегі отандық банк жүйесінде қол жеткен экономикалық табыстардың негізін қалады.
Ақша мен экономиканың өзара байланысы өте тығыз, олар экономикалық жүйенің негізгі құрамы болып табылады. Ақша жүйесі экономикалық үдерістерге оларды күшейтумен немесе бәсеңдетумен әсер етеді. Елдің экономикалық жағдайы, сол елдің экономикалық кеңістіктегі интеграциясы мемлекеттің ақша жүйесіне, оның атқаратын қызметіне тікелей байланысты. Макроэкономикалық тепе-теңдік ақша рыногында белгілі бір тепе-теңдіктің болуын қалайды. Олардың ішіндегі ең бастысы ақшаға деген сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі.
Қазақстан макроэкономикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін монетарлық факторлардың арқасында тұрақтылыққа жетті. Ұлттық банктің қазіргі күні жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты инфляцияның болжалды деңгейін ұстап тұру үшін ақша-кредит саясаты шараларының тиімділігін арттыру, валюталық реттеу мен бақылауды қамтамасыз ету, төлем жүйелерінің жоғары технологиялық деңгейде жұмыс істеуі, тұтастай қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу сияқты міндеттерді шешуге бағдарланған. Осы міндеттерді шешу мақсатында қабылданатын шаралардың ақша нарығының жай-күйіне әсер етуін одан әрі күшейту, ақша-кредит саясатының әр түрлі құралдары бойынша ставкаларды келісу жөніндегі жұмыс жалғастырылуда. Бұл ретте қаржы нарығындағы сыйақы ставкаларын реттеудің, сондай-ақ банктердің шамадан тыс өтімділігін стерильдеудің негізгі құралдары екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі қысқа мерзімді ноталары мен депозиттері болып қалады.
Қаржы секторының тұрақтылығы мен тұрлаулылығына қажетті жағдайлар туғызу міндеті арнайы орган Қаржылық қадағалау агенттігіне жүктелгеннен бері Ұлттық Банктің басты мақсаты - инфляцияны қалыпты деңгейде ұстап тұру болып табылады. Осы орайда Ұлттық банкке елімізде бағаны тұрақтандыру жөніндегі барлық өкілеттік берілді. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту саласында Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің негізгі күш-жігері инфляциялық үдерістерді реттеудің тиімділігін арттыруға және қаржы секторын дамытудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ұлттық банк экономиканың «қызып кету» қаупін бәсеңдету және соған сәйкес экономикада инфляцияның ұлғайып кетуіне жол бермес үшін ақша-кредит саясатын қатайта түсуді көздеуде. Оған 2001-2004 жылдары 6-7% шегінде біршама тұрақты болған инфляция деңгейін 2005-2006 жылдары белгіленген болжамды бағдарлар шегінде ұстап тұрудың мүмкін болмауы ықпал етті. Ұлттық Банк деректеріне сүйенсек, жылдық инфляция 2006 жылы (2006 жылғы желтоқсан мен 2005 жылғы желтоқсан аралығы) 8, 4% (2005 жылы 7, 5%) болды. Орташа жылдық инфляция 2006 жылға арналған жоғары бағалар сценарийі бойынша (6, 9-8, 5%) мақсатты болжамнан шамалы көтеріле отырып, 8, 6% болды. 2007-жылы инфляциялық дәліз 7, 3- 8, 3% құрайды деп болжануда. Инфляция өсімінің түйінді факторларының ішінде банк жүйесінің жоғары өтімділігі, кірістердің және халықтың тұтынуының өсуі, мемлекеттік бюджет шығыстарының едәуір қарқынды өсуі, инфляция импорты байқалып отыр.
Осындай инфляциялық қысымның арту жағдайында елдегі іскерлік белсенділіктің жоғары қарқынымен үйлесім жағдайында инфляцияны төмендетуге қол жеткізу қажет, яғни Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын елдің экономикалық өсімімен байланыстырып, экономикаға ақша ұсынуды теңдестіре ұлғайтудың дәйекті саясатын жүргізуі тиіс. Бұл мақсатта Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының трансмиссиялық механизмін қолданады. Оның құрылымы макроэкономикалық өзгерістер тізбегі арналарынан тұрады, атап айтқанда пайыздық ставка, валюта бағдары, ең төменгі резервтік талап мөлшері, қысқа мерзімдік құнды қағаздар шығару көлемі, ашық нарықтағы операциялар және т. б. Бірақ бұл трансмиссиялық механизмге кіретін арналар жиынтығы мен оның бұлжымас біртұтас құрылымы бар деген сөз емес. Қатып қалған заңның болмайтыны секілді, экономиканы да нарық белгілейді. Соған қарай трансмиссиялық механизмнің оны жағдайға қарай реттеп отыратын тағы да бірнеше арналары жетерлік. Әрбір орталық банк ұлттық экономика ерекшеліктерін есепке ала отырып, тек өзінің жеке арнаулы арнасын жасайды. Ұлттық банк те инфляцияны ауыздықтау принциптеріне өтуге дайындық аясында өз механизмін жасау үшін бірқатар жұмыстар жүргізуде. Ол механизм ақша-кредит саясатының ұлттық экономикаға ықпалын сипаттауы тиіс.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы Ұлттық Банк саясаты валюталық режимді одан әрі ырықтандыруға, капитал қозғалысына байланысты тәуекелдерді реттеуге қолданылатын жаңа тәсілдерді әзірлеуге бағытталған. 2007 жылы Қазақстанда валюталық режімді ырықтандыру үдерісі аяқталып, ұлттық валюта қызметінің жаңа кезеңі басталды. Өткен 2006 жылы валюталық операцияларды жүргізуге шектеуді кейіннен алып тастау және ұлттық валютаның толық конвертациялануы қағидатына көшу үшін жағдай қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп, валюталар себетіне, сыртқы активтердің оңтайлы құрылымына қатысты мәселеге талдау жүргізіп, шешуі керек. Бұған қоса қалыптасқан жағдайға байланысты әрекет етудің түрлі нұсқаларын жасай отырып, қаржы дағдарысы туралы ерте бастан хабардар етудің жүйесі болғаны жөн.
Төлем жүйелері саласында төлем жүйелерінің тиімділігін және қауіпсіздігін арттыру, тәуекелдерді басқару және төлем жүйелерін қадағалаудың тиімді жүйесін құру бойынша одан әрі шаралар қабылдануда. Төлем жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қолдау мақсатында Ұлттық төлем карточкалары жүйесін дамытуға және төлем жүйелеріне арналған жаңа Резервтік орталық құруға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың
2007 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Бұл ретте Үкімет Қазақстанның ТМД мен Орталық Азияда қаржы ағындарын тиімді қайта бөлуді қамтамасыз ететін өңірдің негізгі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы үшін барлық күш-жігерді жұмсайды.
Сонымен, макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыруда Ұлттық Банктің ақша нарығында жүзеге асыратын операциялары шешуші роль атқарады, өйткені олар экономиканың қаржы тұрақтылығын камтамасыз ету мақсатында ақша айналысын реттеуге бағытталған. Осы орайда дипломдық жұмыстың зерттеу объектісі ретінде таңдап алынған тақырыптың өзектілігі еш дау тудырмайды.
Дипломдық жұмыстың зерттеу объектісі - Қазақстан Республикасының орталық банкі - Ұлттық Банк, зерттеу пәні - оның ақша-кредит жүйесіндегі орны мен ролін анықтайтын оның жүргізетін операциялары.
Жұмыстың құрылымы дәстүрлі, кіріспеден, үш бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Кіріспеде дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігі негізделіп, Ұлттық Банктің жүргізіп отырған ақша-кредит саясатының бүгінгі күнгі бағыттары айқындалған. Жұмыстың бірінші бөлімінде қазақстандық банк секторының даму эволюциясына шолу жасалып, оның бүгінгі жағдайы талқыланған. Сонымен қатар, бұл бөлімде Ұлттық Банктің құрылымы мен оның қызметінің құқықтық негіздері қарастырылған.
Екінші бөлімде Ұлттық Банктің елдің орталық банкі ретінде атқаратын міндеттері мен функциялары толықтай талданып, оның ақша-кредит саясатын жүргізу бағыттары, құралдары, ақша нарығындағы операциялары зерделенеді.
Үшінші бөлімде Ұлттық Банктің халықаралық қаржылық ұйымдармен және ТМД шеңберіндегі ынтымақтастығы қарастырылады.
Қорытындыда дипломдық жұмыс тақырыбын талдау мен зерделеу нәтижесінде жасалған қорытындылар мен тұжырымдар келтірілген.
ТАРАУ 1. ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАНК ЖҮЙЕСІНДЕГІ АЛАТЫН ОРНЫ МЕН РОЛІ
1. 1. Қазақстан Республикасының банк жүйесінің даму сатылары және қазіргі даму беталыстары
Банктік жүйе - нарықтық экономиканың ең маңызды және біртұтас құрылымдарының бірі.
Бактердің және тауарлы-ақшалай қатынастардың дамуы тарихи тұрғыдан қатарлас жүрді және олар бір-бірімен тығыз байланысты. Банктер халық шаруашылығы қызметінің барлық деңгейдегі басқарумен тікелей байланысты. Олар арқылы ұдайы өндіріс үрдісіне қатысушылардың экономикалық мүдделерін қанағаттандыру жүзеге асырылады. Осы кезде банктер қаржылық делдал ретінде шаруашылық органдардың капиталдарын, халықтың жинақтарын және шаруашылық қызметтің үрдісінде босаған басқа да ақша қаражаттарын тарта отырып, қарыз алушылардың уақытша пайдалануына береді, ақшалай есеп-айрысу жүргізеді және экономика үшін басқа да көптеген қызмет түрлерін көрсетеді, соның арқасында өндірістің тиімділігі мен қоғамдық өнімнің айналысына тікелей ықпал етеді.
Банктік жүйе - жалпы ақша-несиелік механизм аясында қызмет атқаратын орталық банк пен басқа да несиелік институттар жиынтығы.
Қазіргі күні еліміздің банк жүйесі егемендік алғаннан бері жүргізіліп келе жатқан нарықтық инфрақұрылым ішінде ең тиімді қалыптасқан жүйе болып отырғаны белгілі. Тіпті, соңғы уақытта еліміздің банк жүйесінен ТМД елдері тәжірибе алып та жүр.
Кеңес Үкіметі тұсында Қазақстанның өз банк жүйесі болмады, өйткені республика аумағында КСРО-ның орталықтандырылған несие жүйесінің филиалдары мен бөлімшелері жұмыс істеді. Сол себепті де банк жүйесінің тарихы КСРО тарихымен және революцияға дейінгі Ресейдің тарихымен тығыз байланыста болды. Патшалық Ресейдің банк жүйесіне мыналар кірді: Мемлекеттік банк, акционерлік банктер, өзара несие қоғамы, қалалық банктер, ипотекалық несие банкісі және басқа да несие мекемелері. КСРО-да банк реформасы 1987-1988 жылдары жүргізілді. Осы реформаның нәтижесінде КСРО мемлекеттік банкісінің және КСРО құрылыс банкісінің және негізінде өнеркәсіп құрылысы банкісі, аграрлық өнеркәсіп банкісі және әлеуметтік тұрғын үй банкісі құрылды. КСРО мемлекеттік банкісінің құрамына кіретін жинақ касса жүйесінің негізінде Жинақ ақша банкісі құрылды, ал сыртқы сауда банкісінің негізінде сыртқы экономика банкісі құрылды. Осы тұста КСРО мемлекеттік банкісі кәсіпорындар мен ұйымдарға кассалық тұрғыдан және несие - есеп айрысу сияқты қызмет көрсетуін тоқтатты. Ол елдің Орталық банкісі болып жарияланды.
КСРО өнеркәсіп-құрылыс банкісіне несие саясатын жүргізу, несие жүйесінің тиімділігін арттыру жүктеліп капитал салымдарының, сонымен бірге, өнеркәсіптегі, құрылыстағы, көліктегі және байланыстағы, КСРО мемлекеттік жабдықтаудағы есеп айрысуларды қаржыландыру мен несиелеу де оның міндетіне кірді. Банк кәсіпорындардың және шаруашылықтың бірлескен салаларының есеп айрысу қызметін аграрлық-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары үшін - КСРО аграрлық өнеркәсіп банкісі, сауда мен әлеуметтік салалардағы кәсіпорындар мен ұйымдар үшін - КСРО әлеуметтік тұрғын үй банкісі жүзеге асырса, ал халыққа КСРО жинақ банкісі қызмет көрсетті. КСРО срытқы экономика банкісі экспорттық және импорттық операциялар бойынша есеп айрысуды жүзеге асырды.
Тұтастай алғанда, банктерді мамандандыру туралы идея банк жұмысын тығырыққа тіреді, ал монополиянудан арылмады, несие тетігіне түбегейлі өзгеріс енгізе алмады, керісінше, үлкен кедергі келтіріп, елеулі шығынды қажет ететін көп буынды болуымен сипатталды. КСРО Мемлекеттік банкісінің ролі де көп төмендеп кетті - ол мамандандырылған банктердің жұмысына елелулі ықпалын тигізе алмады.
Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір дұрыс жолы мыналар болды: банк реформасын жүргізу, банк жүйесін батыс үлгісіндегі екі деңгейлі ұйымға көшіру. Банк құрылымын қайта құру үшін мемлекеттік банктің монополиясын банк деполарына тарату қажет болды 1988 жылға дейін орталық, коммерциялық және инвестициялық банктердің қызметін орындайтын КСРО мемлекеттік банкісінің әмбебап несие мекемесеінен еш айырмашылығы болмады.
1990 жылдың желтоқсан айында ҚР егемендікке қол жеткізгеннен кейін бірден нарықтық экономика талаптарына жауап бере алатын өзінің банк жүйесін құруға кірісті. 1991 жылдың қаңтар айында «Қазақ КСР-ң банктер мен банктер қызметі туралы» Заң қабылданды. Оның мәні банк реформасының бастамасы болудан көрінді. Осы заң қабылданғаннан кейін банк жүйесінің даму эволюциясын негізгі 4 кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең (1988-1991жж. ) - дайындалу кезеңі. Бұл кезеңде республика тәуелсіздігін алғанға дейін Қазқстанның банк жүйесін құрған 6 салалық банктер (мемлекеттік банк, сыртқы экономикалық банк, өнеркәсіптік құрылыс банк, несие-әлеуметтік банк, жинақ банк) қайта құрылды.
Екінші кезең (1992-1993жж. ) жоғары инфляция жағдайында (1992 ж. - 1258 %, 1993ж. - 2500 %) сапалық өсуіне қарағанда сандық көлемінің өсуімен сипатталды. Осы кезеңде кәсіпорындар алған табыстары шығындарынан аз болды. Құрылып жатқа банк жүйесін оны басқару керектігін түсінбеді. Ұлттық Банк лицензия процедурасына жұмсақ талаптар қойды, соның салдарынан банктер саны күн санап өсті. Олардың саны 1993 жылы 200-ден асып кетті.
Кесте 1
ҚР екінші деңгейлі банктері санының динамикасы
Дерек көзі: htpp:www. nationalbank. kz
Екінші кезеңнің ерекшелігі сол, Қазақстан рубль зонасынан шығып, өзінің ұлттық валютасы - теңгені енгізді. Теңге енгізілген сәттен бастап Ұлттық Банктің қызметі ел экономикасының даму проблемаларын шешуге бағытталды және Ұлттық Банктің функцияларын рыноктық экономикасы дамыған елдердің орталық банктерінің функцияларына жақындату жөнінде бірізді қадамдар жасалды.
Үшінші кезең (1994-2003жж) - банк жүйесінің дамуындағы ең ұзақ созылған кезең. Бұл кезеңде Ұлттық Банк банктердің құрылу процедураларына қойылатын талаптарды қатайтты. Инфляцияның төмендеуі (1995 жылы 60%-тен 2003 жылы -12 %-ке дейін) және экономиканың дамуына бағытталған ұзақты саясат өз жемістерін бере бастады, банктерге деген сенімділік артты. Банк жүйесінде тек бәсекеге төтеп бере алған банктер ғана қалды.
1994 жылы Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты реттеудің классикалық үлгілерін ескере отырып жүзеге асырыла бастады, олардың бастылары мыналар: берілетін кредиттердің көлемін, қайта қаржыландырудың ресми ставкасының деңгейін реттеу, міндетті резервтердің нормасын белгілеу және валюта рыногындағы операцияларды жүргізу. 1994 жылдың екінші жартысында алғаш рет қайта қаржыландыру ставкасы нақты көріністе оң болды. Сонымен бірге мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) рыногы қалыптасуының басталуы да 1994 жылға сәйкес келеді.
1995 жылы Қазақстан экономикасы дамуының негізгі және оң қорытындылары ретінде экономикалық құлдыраудың қарқындарын баяулату және инфляция деңгейін едәуір төмендету болғаны белгілі. Жылдың қорытындылары ақша-кредит саясатының құралдары арқылы инфляцияның монетарлық негізін төмендете отырып, оның деңгейіне әсер етуге болатындығын көрсетті. Осы жылдан бастап директивалық кредиттерді беру тоқтатылды.
Экономиканы кредиттеу функциясы Ұлттық Банктен екінші деңгейдегі банктерге ауысты, ал Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктерді көп жағдайда олардың өтімділігін қолдау мақсатында кредиттеуді жүзеге асыра отырып, орталық банктерге тән ақша-кредит және валюталық реттеудің функцияларын атқара бастады. Сондай-ақ Қазақстанда өз Банкнот фабрикасының ашылуы, банкаралық валюта рыногының құрылуы мен қалыптасуы, сауда жүргізудің электронды сауда жүйесіне (ЭСЖ) көшу осы жылдың маңызды оқиғасы болды.
1996 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі даму жылдарында бірінші рет ЖІӨ-нің өсуі байқалды, инфляция қарқыны және теңгенің айырбас бағамының девальвациясы айтарлықтай төмендеді.
Қазақстанның 1996 жылғы шілдеде ХВҚ Келісімінің 8-бабы бойынша міндеттемелер қабылдауы маңызды кезең болды, бұл ағымдағы операциялар бойынша теңгенің айырбастылығын ресми түрде нығайтты және шектеулерден еркін, көп жақты төлем жүйесіне көшуге мүмкіндік берді. Осы жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші рет Банк жүйесінің активтерді жіктеу, менеджмент сапасы, бухгалтерлік есептің жаңа принциптері және есепшот жоспары бөлігіне қатысты халықаралық стандарттарға көшу бағдарламасын қабылдады. Осы кезеңге Қазақстан қор биржасында валюта фьючерстері бойынша сауда-саттықтың басталуы жатады.
1997 жылы РЕПО және кері РЕПО операцияларының белсенді түрде жүргізіле бастауы, биржаның операциялық практикасына СВОП-операцияларының енгізілуі байқалды.
1998 жылы әлемдік қаржы рыноктарында дағдарыстық ҚРҰБылыстардың шиеленісуі және Қазақстанның экспорт тауарлары конъюнктурасының нашарлауы жағдайларында Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының негізгі міндеттері қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтау және банк жүйесін нығайту болды.
Ұлттық Банк елдің ішкі қаржы секторын қорғау үшін ақша-кредит саясатын нығайтты. 1998 жылғы елеуді оқиғалардың бірі Ұлттық Банктің республикалық бюджет тапшылығын тікелей кредиттеу практикасын тоқтатуы болды.
1999 жыл. Әлемдік қаржы дағдарысының әсері салдарынан сауда әріптестері - елдері валюталарының құнсыздануы нәтижесінде төмендеген қазақстандық экспорттың бәсекелестік позициясын қалпына келтіру үшін 1999 жылдың сәуір айында теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамының режимі енгізілді. Осы уақытқа валюта рыногы еуросегментінің қалыптасуы, жеке тұлғалардың мерзімді депозиттерін сақтандыру жүйесін қосу жатады.
2000 жыл. Ұлттық Банк ХВҚ алдында өзінің барлық міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеді. “Қазақстан ипотекалық компаниясы” жабық акционерлік қоғамы (ЖАҚ), «Процессинг орталығы» ЖАҚ құрылды, вексельдік қайта қаржыландыру жүйесін ендіру басталды. 2000 жылдың қазанынан бастап Қазақстанның Ұлттық Банкі мүшесі болып табылатын Сақтандыруды қадағалау органдарының халықаралық ассоциациясының (IAIS) негізгі принциптері мен стандарттарына сәйкес әзірленген “Сақтандыру қызметі туралы” Заң қабылданды.
2001 жылы мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру және арттыру, өндірістік инфрақұрылымды және өңдейтін өндірісті дамыту, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға қолдау көрсету мақсатында Қазақстанның Даму Банкі құрылды. “Қазақстан Актуарлық орталығы” ЖАҚ құрылды, оның негізгі бағыттарының бірі сақтандыру рыногы мен зейнетақы қызметін көрсету рыногында актуарлық қызметті көрсетуге қолдау беру болып табылады.
2002-2003 жылдары Ұлттық Банктің жүргізген ақша-кредит саясаты шеңберінде оның ақша-кредит рыногінде жүргізетін негізгі операциялары бойынша ресми ставкалары төмендетілді, соның нәтижесінде экономикадағы банктік проценттік ставканың деңгейі төмендеп, экономикаға берілген несие көлемі ұлғайды. Банктер қызметі одан әрі жетілдіріліп, олардың халықаралық капитал рыногіне қатысу мүмкіндігін алу үшін және ондағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында халықаралық стандарттарға жақындату жұмыстары жүргізілді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz