Сын есімді оқыту барысында оқушыларға ұлттық тәрбие беру



Кіріспе

І тарау
1.1 Сын есімнің зерттелу тарихы
1.2 Сын есімнің лингвистикалық негізі
1.3. Сын есімнің педагогикалық негізі
1.4. Сын есімнің психологиялық негізі

ІІ тарау
2.1. Мектеп бағдарламалары мен оқулықтарындағы сын есімнің берілу жолдары
2.2. Сын есімді оқыту барысында қолданылатын әдіс.тәсілдер
2.3. Кешенді жұмыстар жүйесі арқылы сын есімді оқыту барысында оқушыларға ұлттық тәрбиені қалыптатыру

Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 98 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ КАФЕДРАСЫ

Қорғауға жіберілді

№ хаттама

“----“ -----2005 жыл

кафедра меңгерушісі

профессор

Ф.Ш.Оразбаева-----

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

СЫН ЕСІМДІ ОҚЫТУ БАРЫСЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

Орындаған: қазақ филологиясы

факультетінің 4-курс студенті
Алтыбаева А.Н.

Ғылыми жетекшісі: педагогика
ғылымдарының кандидаты
Рахметова Р.С.

Алматы-2005

Кіріспе

Диплом жұмысының өзектілігі: Тіл біліміндегі жетістіктер мен
әдістемелік өзгерістер қоғам дамуымен байланысты. Еліміздің егемендік алуы,
туған тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, соның нәтижесінде оның
ғылым мен техниканың әр саласына дендеп енуі қазақ тілін зерттеушілер мен
ұстаздардың алдына зор міндет қойып отырғаны белгілі. Ана тілімізді әр
қырынан зерттеп, табиғатын айқындай түсуге мемлекет тарапынан айтарлықтай
көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта әлеуметтік сұраныс қазақ тілін оқытып
үйретудің қатысымдық жағын күшейту, сөйтіп оны ұлтаралық қатысым құралына
айналдыру талабын қойып отыр. Ана тілінің қоғамдағы қатысымдық рөлін
күшейту үшін оны оқытудың сапасын көтеру қажет. Бұл қазақ тілін оқытуды
жаңаша қырынан қарауды қажет етеді. Сондықтан мектепте қазақ тілін оқытуда
жаңа технологияны көптеп және ұтымды қолдану сабақтың сапасын арттырады.
Заттың әр түрлі сынын, сапасы мен белгілерін білдіріп, сөз таптарына ұйытқы
бола алатын сын есімдер зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Бұл орайда
Н.К.Дмитриев, Н.А.Баскаков, Ғ. Мұсабаев, М.Балақаев, Ж.Шәкенов, Р.Әмір,
Ә.Төлеуов, Ф.Оразбаева, Г.Мамаева т.б. еңбектерді ерекше атауға болады.
Осы уақытқа дейін қазақ тіл білімінде сын есімдердің сөз табы ретінде
алатын орны, шырай категориясы, семантикалық топтары, субстантивтенуі,
синтаксистік қызметіне біршама көңіл бөлінді. Тіліміздегі сын есімдердің
мағына жағын сөз еткенде оны сапалық және қатыстық сындарға бөледі.
Кейінгі жылы жарық көрген С.Ұзақбаеваның Тамыры терең тәрбие атты
монографиялық еңбегінде қазақ ұлттық қолөнерінің эстетикалық тәрбие
берудегі мүмкіндіктері талданады. Халықтың балалар мен жастарды қолөнерінің
қай саласына басымырақ баулығаны, қандай педагогикалық талаптарға
сүйенгені, қолөнердің қай саласының бүгінгі күнде дамып, қайсыбірі
түрлендіруді талап ететіні жайлы мазмұндалады.
Қолөнер мәселесі педагогика ғылымы саласындағы зерттеу еңбектерінде
де орын алған (Қ.Әмірғазин, Ж.Балкенов, С.Жолдасбекова т.б.).
Зерттеушілердің еңбектерінде халықтың қолөнерінің эмоциялық әсеріне, ұлттық
ою-өрнектердің жіктелуіне, халық шеберлері шығармашылығына сипаттама
беріледі, оларды оқушылардың эстетикалық тәрбиесін жетілдіру, сәндік
қолданбалы өнерді қабылдай білу мен бейнелеу іскерліктеріндегі дағдыларды
қалыптастыруға көңіл бөледі.
Білім беру жүйесінің міндеттері: ...азаматтық пен елжандылыққа, өз
Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді
құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, ...әлемдік және отандық
мәдениеттің жетістіктеріне баурау, қазақ халқы мен дәстүрін зерделеу,
мемлекеттік тілді меңгеру- делінген.
Педагогиканың тарихында ұлттық мектеп, ұлттық тәрбие және оған
мұғалімдерді дайындау туралы алғаш пікір айтқандар қазақтың ағартушы-
педагогтары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов,
Х.Досмұхамедов т.б. болған.
Қазақстанда ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды, тарихи
тәжірибелерді, сан ғасырлық мәдени-ұлттық дәстүрлерді ескере отырып,
қазіргі білім мазмұнын жаңғырту мұғалімдерге жаңа талаптар қояды.
Қазақ мектептеріне сын есімдерді оқыту барысында ұлттық тәрбие беру −
ел болашағының негізі. Оқушыларға білім берумен қатар ұлттық тәрбие беру де
бүгінгі күннің басты талабы. Зерттеу тақырыбы бойынша жарық көрген ғылыми
еңбектерге, оқу-құралдары мен оқу-әдістемелік құралдарға талдау, сараптау
жасау барысында оқушыларға ұлттық тәрбие беру жеткілікті дәрежеде жүзеге
аспай жатқандығы байқалады. Осы мәселелердің шешімін табу үшін қазақ тілі
сабақтарында сын есімді оқыту барысында оқушылардың бойына ұлттық тәрбиені
қалыптастыруды нысана етіп алдық.
Зерттеу нысанасы. Сын есімді оқыту барысында ұлттық тәрбиенің
өзіндік ерекшеліктерін айқындау, оны оқушыларға меңгерту болып табылады.
Зерттеудің мақсаты. Мектеп оқушыларына сын есімді оқыту барысында
ұлттық тәрбие беруді жетілдіру, дамыту.
- Сын есімдердің сөз тіркесі синтаксисі тұрғысынан зерттелу тарихына шолу
жасау;
- Сын есімдердің семантикалық топтарын бере отырып, олардың сөз
тіркесінің бағыныңқы, басыңқы сыңарында жұмсалу ерекшеліктерін көрсету;
- Қатыстық сын есімдердің сапалық сын есімдермен өзара қарым-қатынасының
теориялық негізін анықтау;
- Қатыстық сын есімдердің семантикалық құрылымын анықтау;
- Қатыстық сын есімдердің тіркесімділік қызметін айқындау;
- Қатыстық сын есімдердің күрделі түрінің жасалу жолдарын нақтылау;
- Қазақтың ағартушы-педагогтарының оқушыларға ұлттық тәрбие беру және
оған мұғалімдердің ой-пікірлерін және ғалым-педагогтардың
этнопедагогикалық еңбектерін мазмұндық талдау арқылы мұғалімдерді
оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориялық негіздерін жасау;
- Қазақ мектептеріндегі ұлттық тәрбиенің жайын, ұлттық мектеп жасаудың
жолдарын, ұлттық тәрбие беруге жалпы білім беретін мектеп
мұғалімдерінің деңгейін және оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындау
барысын айқындап, оларды жақсарту жолдарын анықтау;
- Қазақ мектептерінде сын есімді оқыту барысында ұлттық тәрбиені
қалыптастырудың жайын саралау;
- Жалпы білім алатын мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие беруді айқындап,
оларды жақсарту жолдарын анықтау;
- Қазақтың ұлттық ою-өрнек өнерінің өзіндік ерекшеліктеріне мазмұндық
сипаттама беріп, тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерін айқындау;
- Оқушының бойына ұлттық ойынның әдістемелік ерекшелігін дарыту.

Зерттеу жұмысының жаңалығы. Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын
есімдердің семантикалық және стильдік сипатының өзара қарым-қатынаста
болатындығы нақтыланып, мынадай мәселелердің өз шешімін табуы қарастырылды:

1. Қазақтың ағартушы-педагогтарының және ғалым-педагогтарының
этнопедагогикалық еңбектерін мазмұндық талдау арқылы мұғалімдер оқушыларға
сын есімді оқытуда ұлттық тәрбие беру теориялық негіздері жасалды.
2. Қазақтың ұлттық мектебінің қажеттігі, оқушыларға сын есімді оқытумен
қатар ұлттық тәрбие беруді жақсарту, мектеп мұғалімдері оқушыларды ұлттық
тәрбиеге дайындау проблемалары айқындалып, оларды жақсарту жолдары
ұсынылды.
3. Мұғалімдер оқушыларға сын есімді оқыту барысында ұлттық тәрбие беруге
дайындаудың формалары мен әдістері айқындалып, оның мазмұны жасалды.
4. Қазақтың ұлттық ою-өнерінің өзіндік ерекшеліктерін, ұлттық ойынның
ерекшеліктерін оқушыға сын есімді меңгерту барысында үйретілді.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Алынған
нәтижелерді қазақтың ұлттық мектебін жасауда, жалпы білім беретін
мектептерде сын есімді оқыту барысында, ұлттық тәрбие беруде кеңінен
пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының қүрылымы
Алға қойылған мақсаты мен міндеттерге байланысты зерттеу жұмысы кіріспеден,
екі тараудан қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І тарау
1.1 Сын есімнің зерттелу тарихы

Бірсыпыра зерттеушілер сөз таптарының шығуын сөйлем мүшелерімен
байланыстырады. Мысалы, академик И.И.Мещанинов өзінің Сөйлем мүшелері мен
сөз таптары (М., 1945) атты еңбегінде былай деді: Сөйлемде зат есім -
бастауыш немесе толықтауыш, сын есім - анықтауыш, үстеулер - пысықтауыш,
етістіктер - баяндауыш ретінде жұмсалады. Олай болса, сын есім сөйлем
мүшесі болу арқылы бөлініп шықты, жасалынды. Сын есім сөйлем мүшелері
қызметінде жұмсалу барысында біртіндеп жасалып қалыптасты. Бұл ойды тіл
білімінің өкілдері А.А.Потебня мен В.М.Жирмунскийлер де жан-жақты
қарастырған. Мәселен, А.А.Потебня: Сын есімдер зат есімдерден бөлініп
шықты. Зат есімнен сын есімнің бөлініп шығуы дегеніміз зат есімнің
атрибутивті мүше (анықтауыш) ретінде қолданылуы - деп жазды өзінің 1899
жылы шыққан Из записок по русской грамматике деген еңбегінде. Көне
дәуірде зат есімдер мен сын есімдердің жігі ажырамаған. Мысалы, жас, көк
әрі зат есім, әрі сын есім болуы сол көне құбылыстың ізі екенідігін
көрсетеді 1,63.
Құдадғу билиг пен Һибат-ул хакайиқ тіліндегі сын есімдер.
Ж.Баласағұнның Құдадғу билиг (Бақытқа бастайтын білім) дастаны мен
А.Йүгінекидің Һибат-ул хакайиқ (Ақиқат сыйы) дастандарының көптеген
ғалымдар тарапынан зерттеу тарихын жасаған. Аталған ескерткіштерде сын
есімдердің шығу тегіне, мағыналық арақатынасына, олардың қалай
қолданылатындығына назар аударған. Олардың есептеуі бойынша, екі
ескерткіштегі сын есімнің жалпы саны - 284. Бөліп айтсақ Құдадғу билигте
- 176, Һибат-ул хакайиқта - 96 сын есім бар. Екі ескерткішке ортақ сын
есімдер сыны - 12. Ортақ сөздердің мағыналарынан алшақтық байқалмайды,
қазіргі тілдегі мағыналарымен көпшілігі сәйкес келеді. Құдадғу билиг және
Һибат-ул хакайиқ ескерткіштері тілінің сөздік қоры - жалпы түркі
тілдеріне ортақ сөздер. Ескерткіштердегі сын есімдерді қазіргі қазақ
тіліндегі баламаларымен салыстырғанда, мағыналық жағынан басым бөлігі болып
келеді. Олар сондай-ақ, қазіргі туыстас түркі тілдерінде де осылайша өз
мағынасын сақтап қалған 2-11-12.

Сын есімдердің морфологиялық сипаты

Академик В.В.Виноградов сөз табын морфологияның нысаны, сонымен тығыз
байланысты, оған тікелей қатысы бар екендігін айтады. Олай болса, сын
есімнің грамматикалық белгілерінің сырын ашпай, сын есімнің өз алдына сөз
табы екендігін дәлелдеу мүмкін емес. Сөз таптарын бір-бірінен ажыратуда
керекті бір белгі - сөздердің формалық белгісі. Бірақ тіл фактісінде бұл
барлық тілдерде бірдей дәрежеде бола бермейді. Қазақ тіліндегі сын
есімдердің аффикстерін шолғанда, назар аударатын бір ерекшелік − есім
түбірден сын есім жасайтын қосымшалардың қазіргі тілімізде түгелге жақын
өнімді тәсіл есебінде сақталуы 3,10.

Түрік тілдеріндегі сын есім категориясының зерттелу тарихы

Түрік тіліндегі сын есім категориясының зерттелуі ХІХ ғасырдан
басталады, соның өзінде сын есім категориясы дербес зерттелген емес,
онымен байланысты мәліметтер жеке грамматикаларда болмаса, басқа
әдебиеттерде кездеспейді. Түрік тілдерінде сын есімді алғаш сөз еткен
профессор − Казем-Бек. Бұл жөніндегі кейбір мәлімет профессор А.Казем-
Бектің Түрік-татар тілінің грамматикасында беріледі. Мұнда автор -рақ,
-рек арқылы жасалған салыстырмалы шырайды түрік тілдерінің өзіндік бір
ерекшеліктері деп көрсетеді. А.Казем-Бектің шырай туралы айтқандарынан
түрік-татар тілдерінде үш шырай бар екендігі аңғарылады: жай шырай,
салыстырмалы шырай. Жай шырай сын есімнің бастапқы қалпы есебінде беріледі.
Салыстырмалы шырай -рақ, -рек жұрнағы арқылы (мысалы, эски - старый,
эскирек - старее т.б.) айтылады. Бұдан басқа, сын есімге шырай жұрнақтарын
қоспай-ақ оған салыстырмалы шырай мағынасын беруге болатынын айтады
(мысалы, андан бюк - тоже что, андан бюк - рек - больше его).
Таңдаулы шырайдың түрік тілдерінде кейбір үстеу сөздер арқылы
(мысалы, ең күшті т.б.) жасалатынын кейде таңдамалы екі заттың алғашқысын
атауға, кейінгісін ілікке қойып, сын есімге ІІІ жақ тәуелдік жалғауын
жалғап та таңдаулы шырай жасауға болатынын тұжырымдайды. А.Казем-Бектің
сын есім категориясымен байланыстары осы. Сын есімді ол зат есім бөлімінде
сөз етеді, соған қарағанда, автор сын есімді зат есіммен бір қараған, ал
оның шеңберіне сыймаған шырай болғандықтан, сын есім шырайларын жеке сөз
еткен деп те жорамалдауға болады 4,3.
Алтай тілінің грамматикасында сын есім туралы бірқатар мағлұмат
айтады. Мәселен, әрбір сапалық сөз түбір күйінде әрі сын есім, әрі үстеу
сөз болатыны, жақсы (хороший, хорошо), сол сияқты кейбір сөздер әрі зат
есім, әрі сын есім орнына жұмсалатыны, мысалы, жарық (светлый, свет), қарт
(старый, старик) келтіріледі. Алтай тілі грамматикасының авторлары
сөздердің екі түрлі жолмен түрленетінін келтіреді. Сөздер не септеледі, не
жіктеледі. Осымен байланысты сөздерді олар есім етістік тобы етіп етіп
екіге бөледі де, сын есімді есім тобына жатқызады. Одан әрі сөздерді сөз
таптарына қарай жүйелеу жоқ. Сын есімнің жұрнақтарын да сан есім тобында
түсіндіреді.
И.А.Батманов Қырғыз тіліндегі сөз таптары деген еңбегінде автор
сын есімді басқа сөз таптарынан ажыратарлық белгінің жеткіліксіздігіне
тоқтала келіп, оны зат есімнен, сондай-ақ үстеуден ажырату тіпті қиын.
Мәселен, сөйлемде көк бірде зат есім мағынасын білдірсе, бірде сын есім
мағынасын білдіреді. Сол сияқты жақсы бірде атрибутивтік қызмет атқарса,
бірде пысықтауыштық қызмет атқарады, бірақ бұл сын есімнің өз алдына сөз
табы екендігін жоққа шығармайды.
Сын есім тудыратын жұрнақтардың болуы, оның сөйлемде белгілі сөйлем
мүшелерінің қызметін атқаруы грамматикалық жағынан қалыптасқан сын есімнің
барлығын білдіретіндігін сөз еткен. Сонымен, И.А.Батманов қырғыз тіліндегі
сын есімді өз алдына сөз табы бола алады деп қарайды 5,5.
Осындай еңбектердің бірі − Н.П.Дыренкованың Шор тілінің
грамматикасы атты еңбегі. Автор сын есімді басқа сөз таптарынан
ажырататынын белгілерге тоқталады. Ол белгілер:
Біріншіден, сын есімнің күшейткіш буынға ие болуы.
Екіншіден, шырай жасауы.
Үшіншіден, сын есімнен болған анықтауыштың атау формада анықтайтын
сөзімен байланысуы. Бұл әрине, Н.П.Дыренкованың пікіріндегі бір көңіл
аударатын мәселе деп қарау керек. Сын есім туралы бірқатар материал
А.Н.Кононов еңбектерінде де беріледі. Ол өзінің Өзбек тілінің
грамматикасы деген еңбегінде сын есімнің өз алдына сөз табы болатындығын
айтып, оның басты мәселелерін негізінен дұрыс баяндайды. Тұлғасына қарай
сын есімді негізгі, туынды деп екіге бөліп, оның жасалу жолдарына
тоқталады. Есім түбірлесін бір бөлек, етістік түбірлесін бір бөлек
түсіндіреді; сын есімдерді мағынасына қарай да жіктейді. Өзбек тіліндегі
сын есімді өз алдына сөз табы деп тануда автор негізгі үш нәрсені межелік
белгі етіп ұстайды.
Бірінші - сөздің семантикасы.
Екінші - морфологиялық белгісі.
Үшінші - синтаксистік қызметі.
Сын есім туралы құнды пікірлер А.Н.Кононовтың Қазіргі түрік әдеби
тілінің грамматикасы деген еңбегінде беріледі. Мұнда автор түрік тіліндегі
сын есімді өз алдына сөз табы деп қарайды. Зат есім сын есімнің өзіндік
ерекшелік жақтарын көрсетуге тырысады. Зат есімге тән грамматикалық
категориялардың бірде-бірінің (сандық, септік, тәуелдік т.б.) түрік
тіліндегі сын есімдерге ешбір қатысы жоқтығын, заттардың тегін білдіретін
күміс (күміс қасық), ағаш (ағаш үй тәрізді сөз тіркесіндегі) деген
сөздердің затты да, қимылды да атайтынын, ал сын есім болса, ол затты да
қимылды да анықтайтынын айтады. Ақырында сын есімді басқа сөз таптарынан
ажырататын белгілерді түйіндеп қараудың қажет екендігін көрсете келіп,
межелік белгі есебінде:
а) Сөздің морфологиялық белгісі;
ә) Семантикалық мағынасы қай мағынада жиі қолданылады;
б) Сөйлемдегі қызметін (анықтауыш болғанда изофеттік формада ма, жоқ
изофетсіз бе) ұсынады 6, 6-7.
Қазақ тіл білімінде Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов, Ә.Төлеуов, М.Томановтардың
еңбектері сын есімнің тарихына қосылған елеулі үлес болып табылады. Мысалы,
Ж.Шәкеновтің Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы атты
монографиялық жұмысында сын есімдерге қатысты пікірлер қамтылып, сын
есімдер лексика-грамматикалық тұрғыдан сөз болады. Онда сын есімдердің сөз
табы ретінде тұлғасы, олардың мағыналық топтары, субстантивтенуі,
синтаксистік қызметінің өрісі, сөзжасамдық және сөзөзгерімдік қасиеттері
ғылыми тұрғыда жеке-жеке қарастырылады. Сонымен бірге Ф.Мұсабекова,
Ф.Оразбаева, С.Сарбалаев, Г.Мамаевалардың сын есім категориясын әр түрлі
қырынан зерттеген еңбектерінде сын есімді сөз табы ретіндегі жекелеген
ерекшеліктері, өзге сөз таптарымен арақатынасы, сын есім сөзжасамдағы
негізгі сөз тудырушы тәсілдері мен заңдылықтары қарастырылады. Сын
есімдерді құрамына қарай түбір және туынды деп екіге бөліп қарастырумен
бірге олардың синтаксистік қызметі де көрсетіледі 7,7.

Сын есімнің қалыптасуындағы адъективтену құбылысы

Конверциялық процестің тілімізде жаңа сөздер қалыптастырудағы маңызы
зор. Оның тек жекелеген сөздердің ғана емес, барлық сөз таптарының пайда
болуы, қалыптасуында алатын орны ерекше. Конверциялық тәсілдің әр түрлі сөз
тудыру формалары арқылы жаңа сөздер қалыптасады. Сондай құбылыстардың бірі
− адъективтену, яғни басқа да сөз таптары бірліктерінің сын есімге ауысуы.
Адъективация - тілдің дамуы барысында басқа сөз таптарының сын есімге
ауысуын білдіретін лингвистикалық процесс. Тілдегі сын есімдер тобы өз
дамуында сөз тудырудың лингвистикада әбден орныққан лексика-семантикалық,
синтетикалық тәсілдермен ғана толығып қоймайды, ол сонымен бірге басқа сөз
таптарынан сөз қабылдап алуы арқылы да көбейіп, өз өрісін үздіксіз кеңейтіп
отырады. Соңғы кездегі кейбір ғалымдар сын есімді сөз табы ретінде
қалыптасуын зерттей отырып, адъективтену құбылысының алатын орны үлкен
екенін айтып, зерттеу нысанасына ала бастады. Мысалы, М.Томанов алғаш рет
сын есімнің қалыптасуындағы адъективтену процесінің зор рөлін айта келіп,
басқа сөз таптарының сын есімге айналу процесі (адъективация) тілдің
кемеліне келген, сөздердің қолданылу сферасының кеңейген дәуірінде ғана
емес, ескі кезеңнен басталған деп көрсетеді. Ж.Сарбалаевтың адъективтену
құбылысы жөнінде зерттеу еңбегінде тек қазақ тілі аясында ғана емес,
түркітану ғылымында алғаш рет жан-жақты, тереңірек қарастырып, анықтамалық
түсініктер береді. Көптеген түркітанушы ғалымдардың көзқарастарын
салыстырып, нақты тұжырымдар келтіреді. Адъективтену басқа сөз таптарының
сын есімге ауысуын білдіретін конверциялық процесс. Қазіргі түркі
тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де сын есімнің өз алдына бөлек,
дербес лексика-грамматикалық категория болып қалыптасуында адъективтену
процесінің атқарған рөлі орасан зор екенін айтады. Әр сөз табының өзіндік
қалыптасу, даму тарихы болады.
Сол сияқты сын есімнің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес қалыптасу
тарихы бар. Сын есімнің тарихи қалыптасу тұлғалары адъективтену құбылысымен
тікелей байланысты. Адъективтену құбылысы − сын есімнің қасиетін танытантын
процесс 8,99.
Грамматикалық жағына да, семантикалық жағынан да сөз таптарының бай
бөлігі − сын есімдер. Алғашқы зат есімнен етістік сөз табы пайда болды
десек, олардың түрленуінен, яғни қосымша жалғануынан, көнеруінен сын
есімдер қатары қалыптасты. Мысалы, көнеден келе жатқан, негіз түбір сын
есім деп жүрген қызыл, жасыл, ұзын, арық, суық т.б. сөздер түбірінің
этимологиялық жағынан қарасақ, олардың зат есім, етістік түбірден пайда
болғанын көреміз 9,193.
П.М.Мелиоранский сын есімді зат есімнен бөліп қарастырмағанымен, бұл
екі сөз табы бірдей дегенді айтады. Сын есімді түбір және туынды түрлерге
бөлінеді. Туынды түбірлер жұрнақтар арқылы жасалады деп, оларға тоқталады.
Ал, М. Трентьев болса сын есімді өз алдына сөз табы деп алып, оның
ерекшеліктеріне тоқталады. Сын есім зат есімнен бұрын тұрады, түрленбейді.
Егер ол зат есімсіз қолданғанда септеледі, салыстырмалы шырай -рақ жұрнағы
арқылы және ең, тым деген сөздерден жасалады деп түсіндіреді. Автор сын
есімге жалпы тоқталмағанымен, оның табиғатын ашуда дұрыс пікірлер береді
10,194.
М.Томановтың Қазақ тілінің тарихи грамматикасы атты еңбегінде сын
есімнің тарихына үлес қосқан.

Сын, сапаны білдірудің лексикалық грамматикалық тәсілдерінің қалыптасуы

Сын есімдердің грамматикалық класс ретінде қалыптасуы зат есімдермен
байланысты құбылыс. Зат есімдер зат жайлы ұғыммен бірге сын, сапа ұғымдарын
да бойына жинаған грамматикалық класс болды. Бүгінгі тіл білімі тұрғысынан
синкретикалық ұғым мен қызметтегі бұл зат есімдер сөз, сөйлем құрамында
субъективті мен объектіні ғана білдірмей, атрибуттық та мән туғызып, сондай
қызмет атқарады. Анықтауыш деп аталатын синтаксистік категория осылай, зат
есімдердің сөйлем, сөз құрамындағы қызметінің бір түрі ретінде қалыптасты.
Ал анықтауыш қызметінде зат есімдердің қолданылуы, сөйтіп анықтауыш
категорияның қалыптасу бір затты екінші зат арқылы ұғынуға негізделді.
Екінші сөзбен, заттарды өзара салыстыру жолымен, бір-бірінен айырым
белгілері мен салыстырма артық-кемдігін байқау арқылы жүрді. Сонда тіл
құрамында алғаш рет сын сапаны білдіргендер зат мағыналы сөздер. Түркі
тілдерінің үлкен ерекшелігі − сын, сапа категориясын білдіретін арнаулы
морфологиялық тұлғалар жүйесі болмаған, тілдің даму барысында да ондай жүйе
қалыптасқан жоқ. Түркі тілдері сөздердің ондай грамматикалық класын басқа
жолмен қалыптастырды: есім, етістік туынды түбірлер қолданыстың барысында
сын, сапаны білдіретін тобы болып тұрақталды. Сын есімдердің арғы негізі ең
алдымен есім синкретизмінен басталды, етістіктің есім тұлғаларымен толықты.
Соның барысында сын есім жасайтын біршама аффикцация жүйесі қалыптасты.

Негізгі сын есімдер

Қазақ тілінде, жалпы түркі тілдеріндегі сияқты, байырғы түбір
қалпындағы сын есімдер көп емес. Байырғы сын есімдерді салыстыра қарағанда,
олардың дамуында екі түрлі ерекшелікті байқауға болады. Біріншіден, кейбір
сын есім сөздер әрі тура мәнде (сын есімдік), әрі заттық мән береді.
Қазіргі тіліміздегі көк, қара сөздері сондай. Мұндай сөздердің көне дәуір
ескерткіштерінде де осындай екі қилы қолданысы бар. Тіл білімнің зат пен
оның сын-сипаты жайындағы ұғым бір дейтін тезисі осындай фактілерге
негізделеді. Бұл тезис қазіргі тіліміздің фактірлерімен де дәлелденеді.
Кейбір сын есімдердің сын есім тобына ауысып отыруы − о бастағы осындай
генезистік бірліктің заңды жалғасы.
Түркі тіліндегі сын есімдер мен зат есімдердің бір-бірінен саралануы
көне дәуірде болған процесс. Енисей-Орхон жазбаларының тіліндегі сын
есімдер соншалық көп болмаса да сараланған, дербестелінгендігі байқалады.
Ол тілде бірсыпыра туынды сын есім жасайтын аффикстер де өз алдына
жіктелген топ есебінде көзге түседі. Сын есімдер дамуының екінші бір
ерекшелігі − байырғы түбірдің мағынасының кеңеюі, жүктеліп саралануы,
сөйтіп бір түбірдің бірнеше мағыналық мәндерге ие болуы. Мысалы, көк сөзі.
Көне түркі тілінде осы сөз заттың түсі мағынасында екі түрлі мәнерді
(синий, голубой, көк түрк), сонан ара жігі айқын байқалады, бір-бірінен
оңай бөлінеді. Бұл ретте етістік түбірден тікелей сын есім жасалуы емес,
етістіктен туынды есім, сол туынды есімнен басқа бір аффикс арқылы сын есім
жасалуы туралы ғана айтуға болады. Мұнда туынды сын есім үш сатылы жолмен
пайда болады: етістік түбір − туынды есім − туынды сын есім.

Күрделі аффикстер

Сын есімдер дамуының қашан да зат есімдерге байланысты болуының тағы
бір дәлелі әдетте күрделі аффикстер деп аталады.
Қазіргі тіл нормасы тұрғысынан байырғы сын есімдер деп қаралатын
сөздердің барлығы бірдей тарихи тұрғыдан тек қана түбір бола бермейді.
Тарихи тұрғыдан жіктеуге келмейтін түбір сөздер тілімізде көп емес. Қазіргі
грамматика оқулықтарында байырғылар тобына жатқызылып, негізгі деп
аталатын сын есімдердің едәуір бөлігі не түбір не қосымшаның тарихи
кірігіп, жымдасуынан жасалғандығы немесе басқа сөз табынан ауысып сын
есімнің мәні мен қызметіне ие болғандығы (адъективация) байқалады. Айталық
жатаған, тебеген, сүзеген (сиыр), кебу (отын), ауру (кісі) т.б. сөздер о
баста есімше, тұйық етістік болған, қолдану ерекшелігіне байланысты сын
есімдер тобына ауысқан 11,179.
М.Оразов: Әр түрлі заттардың түрлі формасын білдіретін сөздерде
нақтылы мағына болмауы мүмкін емес дейді. Сондықтан сын есімдерге
заттардың түр-түсін, табиғатын, сыртқы, ішкі қасиетін білдіретін мағыналық
түрмен бірге, оған баға беріп айтушының көзқарасын білдіретін реңк те бар.
Соған қарамастан, сапалық және қатыстық сын есімдер бір-бірінен
ерекшеленеді 12,3.

Ескерткіштер тіліндегі сапалық сын есімдер

Көне түркі жазба әдеби ескерткіштерінде заттың сынын, белгісін
білдіретін сын есімдер кездеседі. Ол − ерте заманнан бастап-ақ,
морфологиялық ерекшеліктерімен де, сөйлемдегі қызметі жақтарынан да
сараланған, қалыптасқан сөз табы. Ескерткіштердегі сапалық сын есімдерді
былайша саралауға болады:
а) түр-түсті білдіретін сын есімдер;
ә) сын мен сапаны білдіретін сын есімдер;
б) көлем мен аумаққа байланысты сын есімдер.
Сапалық сын есімдерге жататын түр-түс атауларының көпшілігі көне
замандардан келе жатқан түркі тілдеріне ортақ болып келеді. Осыған орай тіл
ортақтығы болатыны сөзсіз.
Түр-түс мәселесін жан-жақты зерттеп, түркі тілдерінің фактілері
негізінде тұлғалық, мағыналық ерекшеліктерін ашатын еңбектер көп емес.
Бұған байланысты А.Н.Кононовтың Семантика цветообозначения, Способы и
термины определения стран цвета у тюрксих народов, О семантике слова
ңкараң, и ңакң в тюркской географической терминологии, М.Ганиходжаеваның
Прилагательные цвета узбекского языка в сравнительно-историческом
аспекте, шетел түркологтарынан В.Банг, А.Габэн, Г.Дерфер сияқты
зерттеушілердің еңбектерін атауға болады.
Түр-түс атаулары сан жағынан қаншалықты көп болғаымен, сұрыптау
келгенде бір топ негізгі сөздің шеңберінен шықпайтыны байқалады.
Қалғандарының бәрі ұйытқы болып отырған жиырма шақты түбір сөздің негізінде
дамып, туынды түбірлерге, сөз тіркесіне айналған жай және күрделі атаулар
болып саналады. Түр-түсті білдіретін сын есімдердің бойында полисемиялық
қасиеті қасиет жоқтың қасы. Сондықтан да бұл топтағы сын есімдер әрқашан
өзінің тура мағынасында қолданылады. Бұл олардың символдық қолданыс
нәтижесінде семантикалық шеңберінің кеңеюімен байланысты болып келеді.
Бірақ бұл барлық түсті білдіретін сын есімдерге тән қасиет емес. Мұндай
құбылысқа ақ, қара, қоңыр сын есімдері қатысады. Қазақ тіліндегі көптеген
түр-түс атауларының шығу тегі бүгінде белгісіз. Олардың кейбіреулерін
этимологиялық жолмен анықтауға болса, ендігі бір тобының құпия сырын ашу
мүлде мүмкін емес.
Адам баласын сәби кезінде заттардың, нәрселердің өңін, ажарын ажырата
алмаған. Бірақ сапалық сипат (түр-түс) үшін бір-ақ түбірді пайдаланған. Ол
түбір − қазіргі кездің тұрғысынан мәні аса жалпыланып кеткен түр-түс қос
сөзі 13,12.
Сын есімдер дамуының ерекшелігі − түбірдің мағынасының кеңеюі,
жіктеліп саралануы, сөйтіп бір түбірдің бірнеше мағыналық мәндерге ие
болуы. Мысалы, үрүң сөзі қазіргі тілдік қолданысымызда жоқ. Ескерткіштер
тілінде бұл сөз ақ сын есімімен синонимдес болып келеді. Бірақ тілдік даму
барысында ақ сөзі үрүң сөзін қолданыстан ығыстырып шығарған. Бірақ сол
кездің өзінде-ақ үрүң сөзі тек түр-түсті ғана білдіріп қоймай, бұрын
тіркеспейтін бег сөзімен байланыста айтылып жаңа сөз тіркесін құраған,
соның нәтижесінде бұл сөз жаңа мағынаға ие болып, сөз мағынасы кеңіген.
Үрүң бег дегенде үрүң сөзі адал мағынасын білдіреді 14,81.
ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейінгі сын есім туралы мәселе көтеріп, сөз
еткен жекелеген тілдердің грамматикалы болды. Мысалы, Х.Габидов Морфология
башкирского языка (1925), Қ.Жұбанов Қазақ тілінің грамматикасы (1936),
С.Аманжолов Қазақ тілінің грамматикасы (1939) т.б. еңбектерде сын есім
сөз табының өзіндік ерекшелігі, семантикасы, сөз жасау тәсілдері ашып
көрсетіледі. Олардың сөйлемдегі рөлі, өзіндік қасиеттері айқындалады. Сонда
да аталған зерттеушілердің тарапынан сын есімге деген ғылыми болжамдар әлі
де бір жүйеге түсе қоймаған еді. Мысалы, сөз таптарының ара жігінің толық
ажырату белгілері, жалпы сын есімнің теориялық тұжырымы мен сөзжасамдағы
кейбір ерекшеліктердің басы ашылмады.
Жоғарыдағы аталған ғалымдардың ішіндегі тың пікірлермен ерекшеленетін
С.Аманжоловтың Қазақ тілінің грамматикасында сын есімнің жасалуын үшке
бөледі. Екі зат есім қатар айтылғанда алдыңғысы сын есімге айналады деп,
мысал келтіреді: темір күрек (мұнда темір күректің сыны дейді). Бұл қазіргі
адъективтену құбылысына сай келеді. Мағынасына қарай сын есімді белгі және
қатысты деп екіге бөліп, ал шырайды төртке бөледі. Ғалым аталмыш сөз
табының жасалу жолына да көңіл аударады. Сын есім жұрнақтарын үшке бөліп
көрсетеді. Сын есім қосымша қабылдайды, бірақ зат есімге айналады дейді.
Сонымен бірге сын есімнің сөйлемдегі қызметін де анықтап береді. Сөйтіп,
сын есімге жалпы сипаттама берген автор оның түрленбейтіндігін, егер
түрленсе, басқа сөз табының қызметінің атқаратындығын айтады 15,194.
Қорыта айтқанда, сын есім категориясы жан-жақты зерттелген,
қарастырылған мәселелердің бірі.

1.2 Сын есімнің лингвистикалық негізі

Грамматикалық тұрғыдан қарағанда, лексика-семантикалық, грамматикалық
жағынан ерекше бөлініп жататын сөз табының бірі − сын есім. Жалпы түркі
тілінде, оның ішінде қазақ тілінде, сын есімнің орыс тіліндей морфологиялық
көрсеткіші болмауы (жақсы бала, жақсы оқиды) − оның мағынасы мен
морфологиялық жағынан ажыратуды қиындата түседі. Мәселен, жоғарыда
көрсетілгендей, етістіктің алдында тұрған сын есім (жақсы оқиды) үстеу
функциясын атқарып тұрғандай көрінгенімен (орыс тілімен салыстырғанда) оны
үстеу деп қарамай, сын есім деп қараймыз. Мұның өзі - сөздің морфологиялық
немесе тұлғалық құрылысы (структурасы) тілдің бәрінде бірдей болмай, әр
түрлі болатындығын көрсетеді. Сонымен, жақсы бала, жақсы оқиды дегенде, екі
жақсы сөзінің лексика-семантикалық, грамматикалық ерекшелігіне қарап,
екеуін де сын есімге жатқызатын болсақ, осы сияқты қарт сөзін сөйлем ішінде
алып қарасақ, оның да екі түрлі қызметін аңғарамыз: қарт келеді десек,
мұнда қарт сөзі − субстантивтену арқылы сындық мағынадан заттық мағынаға
ауысып, сөйлемнің бастауышы болып тұрса, үйге қарт кісі келді десек, онда
ол сөз − өз мағынасында (қарт - сын есім) қолданылып, сөйлемнің анықтауышы
болып тұр. Бірақ мұнан сын есім зат есімнен бөлінбеген категория деп
қарауға болмайды. Сын есімнің кейбір жалпылық жақтарын (қайшылықтарын)
былай қойғанда, өзіне тән семантикалық, морфологиялық, синтаксистік
белгілері − мұны басқа сөз таптарынан (зат есім мен үстеуден) бөліп жатады.
Сын есім сөйлем ішінде зат есімдермен тіркесе келіп, оның сынын, қасиетін,
түсін көрсетеді. Бұл екі категорияның арасындағы бірлік − ертеден келе
жатқан тарихи тіркес арқылы қалыптасқан. Мәселен, үлкен сөзінің соңына үй,
кітап не тағы басқа осы сияқты сөздердің бірі тіркесу арқылы ол сөз
түсінікті болады. Үлкен деген сын есім мағыналық жағынан жеке тұрғанда
тиянақты емес, ол зат есіммен тіркесе келіп, заттың сынын, сапасын,
сипатын, көлемін көрсету арқылы оның мағынасын анықтайды.
Егер затты айтпай, тек сынды білдіретін сөздердің өзін айтсақ, ол
сапа қай заттікі екені мәлімсіз болатындықтан, оны үй деген сөзбен
тіркестірсек, үлкен үй деген ұғым туып, үйдің қандай көлемде екенін анықтау
арқылы ойымыз тиянақталады: сезгіш адам, төзімді адам, тапқыр адам, ашық
күн, ыстық күн, жаңбырлы күн, әдемі бөлме, жылы бөлме, жарық бөлме 16,45.
Сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын өзіне тән мынадай
белгілері бар:
1. Қазақ тіліндегі сын есімдер өз мағыналарында септелмейді, оларға көптік,
тәуелдік жалғаулары да қосылмайды. Егер бұл қосымшалардың бірі есімге
қосылса, онда ол заттанып, субстантивтеніп кетеді. Септік, көптік, тәуелдік
категориялары − сын есімге емес зат есімге тән құбылыс.
2. Қазақ тіліндегі сын есім категориясының өзіне тән ерекшелігінің бірі −
олардың морфологиялық формаларының шырай жұрнақтарының болуы. Бұл формалар
тек сын есімнің жеке өз басына тән.
3. Сын есімнің үшінші бір ерекшелігі − түркі тілдерінде олардың қап-қара,
сап-сары тәрізді күшейтпелі формасының болуы. Бұл күшейтпелі форма сөз
таптарының ішінен тек сын есімге ғана тән. Сондықтан күшейтпелі үстеме буын
сын есімді сөз таптарынан ажырататын белгінің бірі болып есептеледі.
4. Сын есім өзінің семантикасы арқылы да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді.
Заттың сынын білдіре отырып, сын есім кейде қимылдың сынын көрсететін
үстеумен астасып келеді. Бұл жағдайда бұл сөз табының бір ерекшелігі − сын
есім үстеу қызметінде жұмсала отырып, өз мағынасын жоймайды, яғни соның
өзінде сын есім болып тұрады 17,67-68.

Сын есім құрамы және жасалуы

Сын есім, ең алдымен, құрамына қарай негізгі және туынды түбірлі
болады. Бұл екеуі − жалаң сын есім түрін құрайды. Әрі қарай бөлшектеуге
келмейтін, жұрнақсыз ақ, қара, сары, торы, сұр, тар, кең, жұқа, таза, лас,
тік, ұзын, үлкен, кіші, жаңа, көне, жаман, әдемі, сұлу т.б. сөздері −
негізгі түбірлі сын есімдер кейбір зат есім және етістіктермен тұлғалас −
омоним ретінде келеді. Мәселен, көк зат есім (көк шықты), көк - сын есім
(көк сия), қара - зат есім (қара көрінді), қара - сын есім (қара сия), қара
- етістік (маған қара). Кейбір грамматикаларда қызыл, жасыл, суық, жыртық,
ашық, жабық сөздерін негізгі сын есім деп жүр. Бірақ бұлардың жасалу,
қалыптасу этимологиясы оны растамайды. Қыз-у (етістік), қыз-ыл (-ыл -
жұрнақ). Осы сияқты жас - негізгі түбір (жас-ыл) туынды түбір, (-ыл -
жұрнақ), ашық, жабық болып қалыптасуы − сөздердің бәрі бір заманда емес,
әлденеше ғасырлар бойы тілдің грамматикалық құрылысы мен негізгі сөздік
қорының бірлігі арқылы туып, қалыптасқандықтан туынды сын есімдер негізгі
түбір сияқтанып кеткен 18,47.
Сын есім, негізінен, екі түрлі тәсілмен жасалады:
1. Морфологиялық немесе синтетикалық тәсіл.
2. Синтаксистік немесе аналитикалық тәсіл.
Морфологиялық тәсіл арқылы жасалғанда, сөздерге тиісті жұрнақтар
жалғанады да, синтаксистік тәсіл арқылы жасалғанда, дара сын есімдер бір-
бірімен тіркесе түседі 19,34.

Сапалық сын есім

Заттың, нәрсенің, құбылыстың тұрақты қасиеттерін білдіретін сын есім
сапалық сын есім болып табылады. Адал достық алтыннан да қымбат. Жақсысы
емес, жарасқаны жақсы (орыс мақалдары мен мәтелдері).
Өмір, өмір, өмір жолы ирелең,
Күнделікті таусылмайды күйбелең (С.М).
Сапалық сын есімнің өзіне тән, демек, сын есімнің екінші түрі −
қатыстық сын есімнен өзгеше ерекшеліктері бар.
Біріншіден, сын есімнің бұл түріне жататын сөздер шырай формасына
өзгеріп отыруға, яғни шырай категориясын жасауға бейім: жақсы - жақсырақ -
жақсылау - өте жақсы - жап-жақсы; қымбат - қымбатырақ - қымбаттау - өте
қымбат т.с.с.
Екіншіден, мұндай сын есім сөздер өзара антонимдік қатынас жасайды:
жақсы-жаман, жоғары-төмен, жомарт-сараң, кең-тар т.с.с.
Үшіншіден, бұл тәріздес сын есімнен абстрактылы мағыналы зат есім
жасауға болады: жақсы-жақсылық, жаман-жамандық, жоғары-жоғарылық, төмен-
төмендік т.с.с.
Әрине, бұл айтылған жай сапалық сын есімге жататын сөздердің
барлығына тән қасиет емес, өйткені жоғарылық немесе төмендік деген сөздерді
автордың стильдік ерекшелігі ретінде қабылдауға болар еді, дегенмен
көпшілігінің осындай -тық, -тік, -дық, -дік, -лық, -лік жұрнақтары арқылы
зат есім тудыратынын тілдің фактілері дәлелдеп отыр. Тілдің ұлттық
ерекшелігіне байланысты түске қатысты сын есімнің қолданылуы әр түрлі болып
келеді. Айталық, түсі бір қарағанда қызыл көрінгенімен, малға байланысты
түрлі-түрлі сөздер қолданылуы мүмкін: қызыл сиыр, бірақ жирен ат (жирен
сиыр емес), сондай-ақ аққа байланысты айтар болсақ, ақ сиыр деуге болады
(бірақ көк ат), көк сиыр болса, тура сол мағынасында айтылады. Сол сияқты,
сапалық сын есімнің лексика-семантикалық сипатта қолданылуы тек малға
қатысты емес, әр жағдайда әр түрлі болып отырады. Мәселен, ыстық, суық,
салқын сөздері көп жағдайда отқа, ауа райына байланысты, ал алыс, жақын,
қысқа (жол), ұзақ (жол) сөздерін қашықтыққа , кеңістікке қатысты жұмсайды.
Сондай-ақ ауыр, жеңіл сөздері салмаққа байланысты қолданылса, ащы, тұщы
сөздерінің тағамның дәмін байқау үшін қолданылатыны белгілі. Қалай болғанда
да, сапалық сын есім болатын сөздер өздерінің лексикалық мағынасы арқылы
қасиетті, белгіні, сапаны білдіреді. Қатыстық сын есімнен оның (сапалық сын
есімнің) ең басты айырмашылығы ретінде мәселенің осы жағы есте болуы керек
20,32.

Қатыстық сын есім

Қатыстық сын есім заттың, нәрсенің қасиетін тікелей емес, басқа
заттарға, құбылыстарға, қимыл-әрекеттерге қатынасы арқылы білдіреді.
Күлегештің тісі кіл алтын (орыс мақал-мәтелдері). Терезені қағады көктем,
жаңбырлы саусақтарымен (С.М). Алдыңғы үйде ештеме жоқ. Төрге кіріп
келгенде, көз алдыма қып-қызыл, шұбар болып кетті (С.С).
Қатыстық сын есім болатын сөздердің заттарға қатынасы түрлі-түрлі
болып келіп, мекен, қонысты білдіреді: селолық дәрігер, астаналық студент,
үстіңгі қабат; оқиғаның болу мезгілін танытады: кешкі спектакль, түскі
тамақ; мерзімді аңғартады: кварталдық жоспар, апталық программа; адамға тән
белгіні білдіреді: балалық аңқаулық, жігіттік намыс; затқа, құбылысқа тән
белгілерді танытады: кітаби тіл, әскери тәртіп; адамның көңіл-күйіне
байланысты қасиеттерді көрсетеді: ашуланшақ әйел, көңілді қыз, тартымды
мінез т.с.с.
Қатыстық сын есім белгіл бір заттың, адамның немесе басқа құбылыстың
белгісін қалай болса солай білдіріп қана қоймайды, соларға тән тұрақты
қасиеттерді бейнелейді. Сондықтан сын есімнен басқа сөздермен алмастырғанда
да, әлгі қасиеттер байқалып отырады: селолық дәрігер - селода қызмет
істейтін дәрігер; кешкі спектакль - кешке болатын спектакль; әскери тәртіп
- әскерде қалыптасқан тәртіп т.б.
Қатыстық сын болатын сөздер өздеріне қатысты сөздермен матасу арқылы
да байланысады: кварталдың жоспары, аптаның бағдарламасы, баланың
аңқаулығы, жігіттің намысы т.б. Мұндайда өзіне тән аффикстің болмауына
байланысты сын есім болуға тиісті сөздер зат есім қызметін атқарғанымен, ол
екі сөздің байланысы анықтауыш пен анықталушы сөздің байланысы күйінде
сақталады.
Көркем әдебиетте морфологиялық қолданыстың көп болуына сай қатыстық
сын есім заттың тұрақты емес, тіпті оған тән емес қасиеттерін танытуы әбден
мүмкін. Мәселен, жоғарыда келтірген С.Мәуленовтің өлеңіндегі көктемнің
жаңбырлы саусақтары деуі тек қана бейнелілік үшін қажет. Саусақтың жаңбырлы
болатыны белгілі, бірақ сол саусақтарды жаңбырға телуі - поэзия жолдарына
лайық.
Қатыстық сын есімдер зат есім, үстеу, етістік сияқты сөз таптарынан
тек жұрнақ жалғану арқылы ғана жасалады. Демек, түбір күйінде кездеспей,
тек қана жұрнақтың көмегімен сын есім болуы − қатыстық сын есімнің ең басты
морфологиялық белгісі.
Шырай категориясы сапалық сын есімдермен тығыз байланысты болғанымен,
қатыстық сын есімдердің шырай категориясының жұрнақтарын жалғайтын кездері
болады немесе шырай категориясына сәйкес түрленеді: көрікті - көріктілеу -
өте көрікті; көңілді - көңілдірек - сондай көңілді т.с.с. Сондай-ақ кітаби
- кітабилеу - нағыз кітаби (шығарма) деуге болатынына қарағанда -ды (-ді),
-ты (-ті) немесе көне -и жұрнақты қатыстық сын есімдер сапалық сын
есімдерше түрленуге бейім де, басқа тұлғадағы қатыстық сын есімдер бұлайша
өзгере бермейді: алдыңғы, алдыңғылау немесе тыс алдыңғы деп айтудың қиындық
келтіретіні сияқты, балалық, балалықтау, өте балалық деу де қисынға келе
бермейтін сияқты 21,33-34.
Қатыстық сын есім жасауға негіз болатын синтетикалық тәсіл оның
мағыналық, құрылымдық сипатын анықтауға да мүмкіндік береді.
Түбірге жұрнақ қосылу арқылы сын есімнің жасалуы − қазақ тілінде
қатыстық сын есім жасаудың ең бір өнімді жолы.
Сөз жасаудың мұндай тәсілі тіл білімінде синтетикалық тәсіл деп
аталатыны белгілі.
Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған қатыстық сын есімдердің
семантикалық негізі оның зат, құбылыс және қимыл атауына қатысын көрсетеді.
Мысалы, Батырбек дәрменсіз күйге түсіп, қайтадан орнына отырды (А.Жақсыбаев
Бөген). Оның өз сөзінде тұрмайтын құбылмалы мінезін елдің бәрі біліп
алған (Б.Нұржекеев. Таңдамалы). Мұндағы дәрменсіз, құбылмалы қатыстық сын
есімдері зат есім (дәрмен) мен етістіктен (құбыл) синтетикалық тәсіл арқылы
жасалған. Олардың мағынасы түбір сөздердің мағынасымен тығыз қарым-
қатынаста. Ал ол қатынас белгілі бір грамматикалық көрсеткіштермен, яғни
сын есім тудырушы жұрнақтармен байланысты.
Қатыстық сын есімдерде сөз табына тән категориялық мағынамен қатар,
оның негізінің (түбірі) мағынасы да сақталады. Оған Е.М.Вольфтың: Чаще
всего относительные прилагательные характеризуются по их семантическим
отношениям к производящей основе, т.е. в словообразовательном плане,
например, происходящие от имен лиц, животных, предметов, действия.
С.Исаевтың: Қатыстық сын есімдер тұлғалық құрамы жағынан туынды түбірлі
болып келеді де, оның мағынасы сол сөздің түбірі білдіретін мағынаға
байланысты деген пікірлерін келтіруге болады.
Қатыстық сын есім жасайтын жұрнақтардың ішінде тарихи жағынан көнесі,
қолданылуы жағынан өнімдісі -лы, -лі, -ды, -ді. Бұл жұрнақ тек қазақ
тілінде ғана емес, барлық түркі тілдерінде де кездеседі. Қазақ тілінде -лы,
-лі... жұрнақтары өзі жалғанған сөздерді бір-бірінен семантика-
стилистикалық қызметіне қарай ажыратып, әр түрлі мағыналық сипатты
білдіреді. Мысалы, Шаралы көзі бадырайыңқырап, дөңгелек жүзін жүдеу
көрсетеді (Б.Нұржекеев. Таңдамалы). Мұңды, сезімді бейтаныс ән елді бірден
баурап әкетті (Б.Нұржекеев. Таңдамалы). Қатыстық сын есімдер -лы, -лі...
жұрнағының кейбір етістік түбірлі сөздерге жалғанған -у, -ма, -ме...
жұрнақтарының құрамында келген түрлерінен де жасалады. Мысалы,
...кілттеулі есікті қолын орамалға жүре сүртіп кеп ашты (Б.Нұржекеев.
Таңдамалы). Досымжанның айналмалы креслода шайқалып, әлдекіммен телефонмен
жайбарақат сөйлесіп отырғанын көргенде, Батырбектің ашуы келді (А.Жақсыбаев
Бөгет)
Қатыстық сын есім жасауда өнімді қызмет атқаратын жұрнақтардың бірі −
сыз, -сіз. Бұл жұрнақ мағыналық жағынан -лы, -лі аффиксіне қарама-қарсы,
яғни белгінің жоқтығын, болымсыздығын білдіреді. Мысалы, Айсыз ашық аспанда
шақырайған жұлдыздар аңди қараған бадырақ көздер іспетті (Б.Нұржекеев.
Таңдамалы).
Қатыстық сын есімдердің жасалуында өнімді тұлғалармен қолданылатын
өнімсіз жұрнақтар да бар. Солардың бірі - -ы, -і, -и жұрнақтары. Бұл
жұрнақтардың арасындағы байланысты С.Исаев былай түсіндіреді: Тілімізде
ел, жер, халық т.б. атауларына жалғанып қатысын көрсететін -ы, -і қосымшасы
- парсы нисбеті (қатыстық сын есім) -и тұлғасының қазақтың сөйлеу тілде
қалыптасқан қарапайым нұсқасы. Мысалы, Мен сағынатын қазақы қылық сол,
Ереке (Б.Нұржекеев. Таңдамалы). Үлкен арабы иттер ауылды айнала жортып,
бейсауат адамды маңайға жолатар емес (Ғ.Мүсірепов. Таңдамалы).
Жалпы қатыстық сын есім тудырушы жұрнақтардың құрамы, қызметі, өнімді
не өнімсіз қолданылуы жөнінде Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев т.б.
ғалымдар зерттеген.
Қатыстық сын есімдердің есім және етістіктерден синтетикалық тәсілмен
жасалуы оның тілімізде сапалық сын есімдерден сан жағынан әлдеқайда мол
болуына әсер етеді. Сондай-ақ қатыстық сын есімдердің семантикасына да
ықпалын тигізеді. Мысалы, Кешеден желігіп жүрген сауықшыл жастардың бәрі де
басылып қалды (Х.Есенжанов Жүнісовтар трагедиясы). Мұнда да ұлы Әмірдің
...бәйбішесінің бастауымен сауыққай сұлулардың көптен күткен мархабат кеші
елшілер керуенімен арнайы келген... тамашаға ұласпақ (Е.Тұрысов Қыран
тауы). Берілген сөйлемдердегі сауық зат есіміне -шыл, -қой аффикстері
жалғануы арқылы бір түбірден өзара мәндес қатыстық сын есімдер жасалған.
Қатыстық сын есімдердегі мұндай құбылыс -шең, -уар, -шіл, -гіш, -гер, -қой
т.б. жұрнақтарға тән. Мәселен, сөзшең - сөзуар, тершең - тершіл, білгіш -
білгір, заңқой - заңшыл т.с.с. Бірақ сөз құрамында сын есім тудырушы
аффикстердің бірін-бірі ауыстыруы әр уақытта мүмкін бола бермейді. Мәселен,
Әділбек ағасына қарағанда бойшаң жігіт көрінеді (Х.Есенжанов Жүнісовтер
трагедиясы). Мұндағы қатыстық сын есім тудырушы -шаң аффиксін жоғарыдағы
аффикстердің ешқайсысымен ауыстыруға болмайды. Ол сын есім жасайтын
жұрнақтардың қолданылу ерекшеліктеріне байланысты.
Қорыта келгенде, басқа сөз таптарынан қатыстық сын есім жасауда -қы,
-кі, -ғы, -гі, -дай, -дей, -тай, -тей, -ыңқы, -іңкі, -қалақ, -уық, -уік т.б
көптеген жұрнақтар қызмет атқарады. Олардың шығу тегі, табиғаты, қолданылуы
әр түрлі. Қатыстық сын есімдер тудырушы жұрнақтар тек сын есім жасаушы
қызмет қана емес, сол сияқты оларды түрлі семантикалық топтарға жіктеуге де
негіз болады.

Қатыстық сын есімдердің күрделі түрлері

Күрделі сөз мәселесі, олардың еркін және тұрақты ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сын есімді оқытуда ата дәстүр мен әдептілікті дарыту жолдары
Сын есімді оқыту барысында ұлт жандылыққа тәрбиелеудің әдіс-тәсілдері
Сын есімді оқытуда тіл дамыту жұмыстарының тиімділігі
Морфологиялық тақырыптарды дамыта оқытудың лингводидактикалық тұғыры
2 сыныпта зат есім мен сын есімді байланыстыра оқыту
Бастауыш сыныптарда грамматиканы оқыту мәселесінің зерттелуі
Бастауыш сыныпта грамматиканы оқыту
Қазақ тілі сабақтарында сөз таптарын меңгертудің жолдары
Инновациялық педагогика
Сын есімнің шырайлары
Пәндер