Шал ақын
1. Әзіл сөздің атасы
2. “ЖАТ ТА ЖАҚЫН БОЛАДЫ, ТАНЫС БОЛСА”
3. ӘЙГIЛI АҚЫН БАБАМЫЗ
2. “ЖАТ ТА ЖАҚЫН БОЛАДЫ, ТАНЫС БОЛСА”
3. ӘЙГIЛI АҚЫН БАБАМЫЗ
ӘЗIЛ СӨЗДIҢ АТАСЫ
Көркем сөз өнерiнiң көрнектi өкiлi, қазақтың ақтангер ақындарының бiрегейi, әйгiлi Шал ақынның туғанына биыл 250 жыл толып отыр. Кейбiр газеттерде анда-санда шын жанашырлықпен жарқ еткен қызғылықты мақалалар, арнаулар болмаса бабаның тойы деп, бауыр тартып, дананың тойы деп дабыл салушылық бұл жолы бұйырмай тұр. Неге екенiн бiлмеймiн, шiлде айында өткен "Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих" жылына арналған Қазақстан Республикасы Ғылым Министiрлiгi - Ғылым Академиясының жалпы жиналысында елiмiздiң Мемлекеттiк Хатшысы, атақты жазушы Әбiш Кекiлбаев мырза ұлттық тарихымызға дәнекер болған ұлы бабаларымыздың қатарында атаса да мерей тойлы жылына қазақтың ақындық әлемiнде ешкiмге ұқсамас кесек тұлға, үздiк дарын иесi - Шал ақын Құлекеұлы туралы той қызуының дүбiрi мен от шарпуы бiлiнбейдi. Өкiнiшке малтықпай әлi де уақыт бар ғой, жыл аяғы ардақты бабамызға салмақты естелiк жасатар деген үмiттен де құралақан емеспiн.
Шал ақын жайлы сөз көтерсек, отаршылдықтың орынан шошып, құрығынан құтылуға кiрiсiп, арыстандай айқасқан, жолбарыстай шайқасқан, ХУШ- ғасырдың басында алты Алашқа аты шығып, Абылай ханның ең жақын серiгi болған Құлеке батырды еске алмай өте алмаймыз. Оның себебi: шын аты Тiлеуке - Шал ақын сол Құлекенiң бел баласы. Осы жағдайдың өзi Шал ақынның ұлт тiлегiн ұран еткен ұлы әулеттен абзалдығы, күшiне адуындылығы, талабына тапқырлығы сай өнер иесi екенiн көрсетедi.
Әкесi Құлеке өлгенде:
"Құлеке жиырмада арқар едi,
Отызда би, қырқында-дарқан едi,
Кешегi дулап өткен Құлекенiң,
Алдынан орыс, қазақ тарқап едi", -деп тегiн айтылмаған.
Құлеке жаудан жаны шайлықпас батыр да, дауда орыс, қазақты таңдантқан орақ тiлдi шешен, байыпты туған саясаткер де болып өткен дарабоз. Ол Абылай ханның жалаңтөс батыры ғана емес, ең сенiмдi елшiсi болып қызмет еткен, өз заманының сауатты да, салауатты озық туған шын мәнiндегi зор қайрат-керi.
Атаға тартып туған ұл - Шал ақынның қолда бар шығарма-ларына үңiлсек, арқа сүйер негiзi берiк, топқа түссе тайсалмас, айтысқа кiрсе жан салмас, ән шырқаса ерен, сөз сөйлесе әрi терең, әрi шалқар шабытымен "мен мұнда" -лап тұр. Арқалы ақынды оқығанда, әрине, ең алдымен оның өмiр сырына жаны қанық, даналық салауаты көз тартады.
" Жақсының жүрген жерi той болады,
Ақыл жоқ кей адамда бой болады.
Көрмеге қандай жаман болсадағы,
Парасат кей шаһбазда ой болады"-
- дегенiн оқығанда мал баласының пiрi Құлагердi көрген аталарымыздың айтқаны еске түседi. Үкiлi Ыбырай ауылының бiлiктi ақсақалы, менiң екiншi шешемнiң әкесi атақты аңшы, құсбегi, әйгiлi балуан Қожағали Бекiбайұлы: "Құлагер жәй тұрғанда ерекше тұрпатымен көрмеге көз тартпайтын, тек қос құлағы мен төрт тұяғына таңданушы едiм, ал бәйге өрiнде шаба жөнелгенде iле алға түсiп, өзге мал баласын iлестiрмей кететiн. Әне, сонда есiң шығып таң қаласың", - деушi едi. Шал ақын-ның қай өлеңiн алсаң да адамға үлкен ой салады, салыстырмалықтың шеберi адамға заман әлпетiн таныстыра бiлiп, қыр-сырын айдай айқын ашады. Өлеңiн, не айтысын, не әзiлiн оқысаңыз екi жүз елу жыл уақыт өткендей емес, екi елi қалыспай қасыңда жүргендей сезiнесiң. Шал ақынның ұрпаққа дарығыш жыр қуатының шын құдiретi де осында - деп бiлемiн.
Әйгiлi жазушымыз, Шалақынтанудың ерен майталманы, үздiк бiлгiрi Мұхтар Мағауиннiң деректерiнде Шал ақынның айтыс өнерiнiң де үздiгi болғандығы айтылады. Оған"Өске мен Шал ақын", "Шал мен кемпiрi", "Бәйбiше мен Шал ақын", "Шал ақын мен қыз" атты айтыстары куә болмақ. Ал, қақтықпалы, соқтықпалы шағын қақпақылдар, қамшы қағыстар өрiс алған Шалдай жүйрiк ақындар кем де кем. Айтыстарының бәрi де өмiрдiң шын көрiнiсiн ашық айтып, адамның құмарын қандыра бiлетiн озық ойлы, алмас кездiктей өткiр тiлдi әзiлге бай келедi. Өлеңдерi де көтерем ұйқас емес, буыны берiк төрткүл дүниенiң тұтқасындай төрт буынды ұйқаспен шұбыртпалы әрi құтыртпалы сомдалады. Шал ақын ғылым, бiлiмдi уағыздап, өзi ұстанған фәлсә-фасын алға тарта бiлдi. "Кедейлiк ер жiгiтке намыс емес", "Жоқ болсаң қызыл бүйi үйiң болар", "Шешен сол - сөйлер сөзден қамалмаса", "Ашу - дұшпан болғанда, нәпсi - жауың" десе ұлағатты ұлылыққа бой ұрған дана дер едiк.
" Адамды жөн бiлетiн дана деп бiл,
Iстерiн жалқау жанның шала деп бiл.
Құ р жасы елулерге келсе-дағы,
Бiлiмсiз сондай жанды бала деп бiл"-
- десе, ақынның үлкен парасат иесi болғанын айқындай түседi.
Шал ақынды тек қана ауыз әдебиетiнiң өкiлi деушiлер бар. Менiңше, сегiз қырлы, бiр сырлы ақында бәрi бар, ол - айтыскер, суырып салма импровизатор, қолы тиген жердi жұлып алар, көзi түскен жердi үзiп алар өткiр экспромт иесi, тапқыр сөздiң үздiк шеберi, ауыз әдебиетiнен жазба әдебиетке көше бастаған қазақ поэзиясының көш басындағы кемеңгер.
" Мен өзiм талай сөздi хатпен жазғам,
Әзiлден мерт болады артық қазған,
Өткен iске өкiнсем өмiрiм зая,
Тұяққа iлiнгендi қайта жазбан"-
десе "хатпен жазғандығын"әдейiлеп кейiнгi ұрпаққа паш етiп отыр. Ол өлең сөздiң сан саласын, талай түрiн игерген өз заманындағы нағыз реформатор ақын.
" Келiн жақсы болса
Үйiңе көп кiсi келедi.
Келiн жаман болса
Келген кiсi кеткiсi келедi.
Ас құй десең төккiсi келедi,
Төкпей құй десең сөккiсi келедi"- десе бұл нағыз экспромт.
"Кәрiлiк - күлге аунаған қотыр бура" , "Кемшiлiк бердiң алла, бiр қуатқа" - деген сияқты өлеңдер жазба әдебиетiнiң өкiлi екенiн көрсетiп тұр.
"Тау толағай көрiнер тасы кетсе,
Әр ел жесiр қалады басы кетсе,
Кәрi күш не болады, уа дариға,
Асырайтын қолынан жасы кетсе"-
дегенi шыншылдыққа сайыған тамаша өлең үлгiсi. Абылай хан өлгеннен кейiн жазылуға ықтимал, "Әр ел жесiр қалады басы кетсе", - деп тұр ғой.
Ақынның жарық көрмеген дүниесi әлi көп. Мен Шал ақын-ға ешқашан терең зерттеу жүргiзген емеспiн, бiрақ, бала жасымнан Ақан Серi, Бiржан Сал, Балуан Шолақпен пара-пар көрiнiп ерте естiген өлеңдерi есiмде қалды. Ол кезде Шал ақынды арамызда қос ғасыр жатқан бабамыз деген ой келмейтiн, аталарымызбен шамалас ақын деп ойлаушы едiк. Көкшедегi Жалғызтаудың етегiндегi бiздiң ауылда Шал ақынның өлеңдерiн естiмеген, бiлмеген қарттар түгiл жастар болмайтын. Негiзiнде хатқа түспей, ел ауызына жатқа түскен өлеңдерi арқылы Шал ақынның талай шығармалары берiк сақ-талды. Сондағы естiп, бiлгенiмдi қорытқандай ойлансам, әзiл сөз алымды да, қарымды ойнақылығымен ел iшiн ерекше сүйсiн-дiретiн...
Жамбыл атамызды айтыс өлеңiнiң ақиығы десек, оның пiрi Сүйiнбайды сықақ пен мысқылдың атасы дер едiм. Абай, Мағ-жан, Мұхтарлардың орындары ерекше, ал "Жұмбақ жалауымен" Сәбит Мұқанов өлеңшiл қазаққа роман оқытты. Бұл кiтапты бала кезiмiзде кемпiр, шалдарға оқи, оқи жаттап алғандай дәрежеге жетiп едiм. Әбден көз майы таусылғанда оқыған болып, өзiмiзше зуылдата беретiнмiн. Ал, Шал ақынға келсек, әзiл сөзi ел арасында кең тарады, әнiмен айтылып жүрдi. Ақан серi бабамыздың орысша, қазақшасы аралас күлдiргi өлеңдерi секiлдi Шал ақын атамыздың әзiлқой әндерi жиi айтылатын. Алдымыздағы өнерлi ағаларымыз жұрт көзiнше айтса да, оңашада шырқаса да тап осы тектес өлеңдерге бала күнде құмар едiк, жаттап кеттiк, жиын-тойда орындап жүрдiк. Шал ақының кiм десе, ол - әзiл сөздiң атасы дер едiм.
Шал ақынның өлеңдерiн тапжылмай iздеп, тырнақтап тауып, түбегейлi талдау мен зерттеуден өткiзген атақты жазушымыз, бiлiктi ғалым, зиялы азаматымыз Мұхтар Мағауин-ның атқарған еңбегi орасан зор. 1998 жылғы "Жүлдыз" журналының сегiзiншi санында, ол жайлы әдемi айтылыпты. Мұхтар мырзаның кездесiп, көптеген iлтифатпен ардақтап, жерiне жеткiзе жетi атасын да, өз тұлға-тұрпатын да тамаша сипаттаған ақсақалымыз Шал ақынға төрт атадан қосылатын Жантiлеудiң Қошаны. Әрине, тiкелей осы ұрпақтың өкiлiне дәл түскен соң зерттеушiлер дөп басқан, көптеген мағлұматтар жинап уақытында шыққан "Алдаспанға" Шал ақынның өлеңдерiн кiргiзген, одан соң жарық көрген көне сөздiң асыл жинақтарында Шал атамыз лайықты орын алған.
Қошан ата мен әкемiз Айтақмет те, оның ақын ағасы, халық ақыны Молдақмет Тырбиев те ерекше сыйлас, құрметтес болып өттi. Қощекең Молдекеңнен кiшi, Айтекеңнен жасы үлкен кiсi едi. Тұлғасында Құлеке батыр бабасының тұрпаты, миығында Шал ақын атасының байқампаз күлкiсiнiң үзiгi, тұрғысында өз әкесi Жантiлеудiң кербездiгi, бет әлпетiнде тек қана өзiне бiткен ерекше паң-сырбаз сымбаттылығы адам жанын баурап алатын. Оның ес бiлгелi араласа жүрiп Қожағали атаммен аңшылығы, Молдақмет атаммен сөз сарасын сүйгiштiгi, Айтақмет әкеммен саясаттан қалмас сарапшы болғандығы ерекше таңдантатын. Қошан ақсақалдың баласы академик Қошанов Аманжол Ғылымдар академиясының вице-президентi болса, оның түбiнде де осы берiк тұғыр, асыл негiз жатыр. Қорытып айтсам, зерттеушiлердiң Қошекеңе тап болуы үлкен олжа, айшықты сәт.
Кейде ойға оралар бiр нүкте секем салады. Зерттеушiлер қайсыбiр жанашыр ақсақалдарға, ақындарға жолықса да елде бар Қошан ақсақалға пара-пар адамдарға, толығынан кездесе алмады. Қошан-атамен ұшырасу зор ғанибет, мол табыс, ол да құдайдың төге салып бергенi. Ал, сол төңiректi ән мен күйге орап дүркiретiп өткен, өзiнен бұрынғы сал, серi ақын ағаларының, аталарының өнерiн жалғастырып өткен ғажайып ақын Молдақмет Тырбиев сияқты дүлдүлдерге кездеспеулерi өкiнтедi. Бұл кiсi халық ақыны атанып қана қоймай кезiнде болыс болып, ел басқарған, һәм мұсылман дiнiнiң бiлгiрi болған жанжақты оқу, тоқуы бар асқақ әншi, майталмен ақын, сұңғыла жыршы, ақтангер шежiрешi, айтыстар мен дастандардың телегей теңiзi, Ақан Серi, Үкiлi Ыбырайлардың төл шәкiртi едi. Мұса Асайыновты алсақ, ол Үкiлi Ыбырайдың шөбересi, оған қоса, Молдакеңнiң ең жақын шәкiртi болып өттi. Көкшетауда Бiржан сал - Ақан серi - Үкiлi Ыбырай - Молдақмет - Мұса деген сал, серiлiк жалғастыққа ешкiмнiң таласы жоқ. Оған қоса Ырысбайдың Тоқымына, Досмағамбеттiң Қапарына, Сәрсенбайдың Қожахметiне, Бимырзаның Қасымына, Үкiлi Ыбырайдың Есебiне, Жауардың Уәлиханына, Жақыптың Рақымбегiне кездессе ғой. Онда қоржындары лықсып толар едi. Бұл кiсiлер ақындық өнердiң Сарыарқадағы сұңғыла бiлгiрлерi ғой.
Мұса Асайынов асқақ әншiлiгi Үкiлi Ыбырай бабасына тартып туған жүйрiк болса, Молдекеңнен үйренгенi көп ауыз әдебиетiнiң де сыр сандығындай көкiрегi алтын қазына-тын. Мен Шал ақынның өлеңдерiн бала кезiмде сол Мұсаның жақын ағалары, Ұлы Отан соғысынан оралмаған тамаша әншi Сақайдың Өмiржаны деген ағамыздан естiдiм. Жұрт ол кiсiнi де Ыбырайдың аруағы дарыған әншi дейтұғын, сұлу, сымбатты, тайпалма жүрiсi де Ыбырайдың көшiрмесi саналатын. Сол өлеңдердi бертiн өзiмнен төрт, бес жас қана үлкен бөлем Мұсаның айтқанынан жазып алып, есiме сақтадым. Жас кезiмде өзiм де айтып жүрушi едiм. Сол "Шал ақынның әнi" - деп аталатын өлең былайша басталатын:
"Мен өзiм Шал да болсам қатқан шалмын,
Сақалға меруерт, маржан таққан шалмын.
Бозбала iшiң күйсе тұз жалашы,
Қойнына талай қыздың жатқан шалмын".
Кiм шырқаса да тыңдаған жұрт дүркiреген жылқыдай дабырлы дүбiрмен қол соғатын. Кiм шырқаса да қайталатпай қоймайтын. Бiздерге бұл өлең, өлең сөздiң шыңы мен сыры көрiнетiн, құпиясыз жалауы саналатын. Балалық шақтың сындай ән бесiгiнде өткенi де бақыт екен. Осы күндерде пайғамбар жасынан асып кетсем де Шал ақын бабамыздың әнiн жиi орындаймын, жасара түсем, қасара түсемiн. Осы өлеңнiң әнi де Шал ақыннан аман-есен жеттi деп, белгiлi ақын Сұлтанмұратұлы Әмiре мен Молдекең кеңесiп отырғанда құлағым шалғаны бар. Әнi де әйгiлi әндер қатарын-дағы дүние, "Қыз-Жiбек" операсындағы Бекежанның ариясына ұқсас-тын. Ал, негiзiнде ән сарыны Шал ақыннан жетуi мүмкiн. Не де болса бұл өлең қос ғасырды араға салып, бiздерге жеттi. Бұл да сирек кездесетiн дарын иесiнiң өлместiкке жол салған өнерiнiң шын белгiсi деп ұғынамын. Дарқан дарынның сарқылмас шапағаты да осы шығар.
Молдақмет атамыз "Халық жауы" атанған Үкiлi Ыбырайдың өлеңдерiн есiк, терезенi жауып тастап, авторын атамай үйретсе, Шал ақынның күлдiргi өлеңдерiн өзi айтпай жас шәкiрттерi Мұса Асайынов, Тұрсынбай Кәкiмовке үйрететiн. Ал, өзi Шал ақынның:
"Сөйлеп қал, сөйле тiлiм, арыс келдi,
Алдыңа сөйлетұғын намыс келдi,
Сөйлеп қал, қызыл тiлiм осындайда,
Қысқарып ұзын дүние қарыс келдi"-
деп басталатын өлеңiн нақышына келтiрiп, өз сарынымен бүлкiлдете жөнелетiн. Содан кейiн осыған ұқсас Үкiлi Ыбырайдың "Заулап қал, тiлiм мүдiрмей" атты өлеңiн асқақтата шырқайтын, содан соң өзiнiң "Дүние" атты өлеңiмен бiр топшылайтын. Бұл көрiнiс ендi ойлап тұрсам ғасырлар жалғасы, асыл өнер өркенi, ұрпақтардың сабақтастығы iспеттес көрiнедi. Кейбiр ағаларымыз Шал ақын Кеңес үкiметi кезiнде "қағажу көрiп келдi" десе, тап осы тұжырымға мен жапа-тармағай қосыла қоймаймын. Қазiр де Кеңес үкiметiнiң салдары ма, 250 жылдық мерейтойы туралы не бiлемiз? Олай емес, "сабақты жiп сәтiмен" дегендей әр iстiң сәтi бар, таратудың кемдiгiнде болды, Шал ақынның бар мүлкi әлi тегiс жиналған жоқ, ұлы дарынның асыл қазынасын байыпты көрсетердей үлкен топтама ғана жасалды. Ал iзденiс әлi бола бермек. Өзiм өскен Есiл, Көкше өңiрiнде Шал ақынның өлеңдерiне тиым, һәм кедергi бар деп естiмедiм. Мәселе зерттеудiң аздығында. "Әр елдiң Абайы бар ғой Мұхтары болса" - деп Жамбыл атамызға жоритын қанатты сөз бар. Мен бұл сөздi Жәкеңнiң өлеңдерiн өте көп бiлетiн, жатқа айтып қызықтыратын ардақты ағамыз марқұм Евней Арыстанұлы Бөкетовтен естiп едiм. Сол ұғымға жүгiнсек, Шал ақынның да Мұхтары туды, тек ол Әуезов емес, одан кейiнгi буынның ең көрнектi ұлдарының бiрi Мұхтар Мағауин. Кiшi Мұхтарға үлкен алғыс айту зор мiндет, Шал ақынның аруағы қолдап жүрсiн демекпiн.
Осы орайда бiр айтылатын әңгiме 1955 жылы Мәскеудегi Түстi металл және Алтын институтын бiтiрiп, Жезқазғанға барар жолда елге - Солтүстiк Қазақстан облысы бұрынғы Октәбiр ауданы, Мәриевке кентiне келiп, бiраз күн ағайынды араладым. Сол жолы Молдекең бар, өмiрден ерте өткен тамаша жазушы Ермек Қонарбаевтың әкесi Ләмәлидiң үйiнде өте-мөте қызғылықты кеш болды. Ләмәли ақсақал менiң жеңгем Зейнидiң әкесi - құдамыз едi, әрi Молдакеңдi зор сыйлайтын кiсi, әрi менiң оқу бiтiргенiм бар салтанат тәуiр-ақ өттi. Бiздi басқарып келген Есiл өлкесiне белгiлi жiгiт Қыстаубай Борақаев ағамыз және сол кездегi Ленин атындағы совхоздың азаматы, мұғалiм Жылгелдi Мұқанов деген жiгiт бар-тын. Сол кеште он жылға сотталып, жетi жылды өтеп үйiне келе жатқан бiр тамаша кiсi ұшырасты, аты-жөнi есiме түспедi. Кеште Шал ақын туралы көп сөз болды.
Молдекең: "Атығай әулетiне айтар бiр назым бар, Шал ақынның өлеңдерiн айтпайсыздар, ал бiздiң ауылда ол аруақты бабамызды бiлмейтiн бала да жоқ" - деп қатты кеттi. Ләмәли ақсақал көне салды. Дәлел болсын дедi ме, Молдекең маған "Шал ақынның әнiн" айтқызды. Жамиғат әжептәуiр дуылдасып қалды, Молдекең өзi де Шал ақынның данагөй өлеңдерiнiң бiр-екеуiн бүлкiлдетiп бәрiмiздi дүр сiлкiндiрдi. Осы кезде әлгi сотталып, ақталып келе жатқан, орта жастағы сымбатты қонақ: "Молдеке, рахмет, ата бiздiкi, бiрақ өлең шiркiн Ақан Серiсi, Үкiлi Ыбырайы бар Қарауыл атаңызға қонған ғой, сiзден Шал ақын жайлы ұлы сабақ алып қалдық. Жасымда өзiмнiң де бiр қағарым бар едi" - деп, дайын домбырамды көп түземей шырқап салды. Қанша қажып келе жатсадағы думанның қызығы дүние-дүрмектiң бар әрекеттерiн ұмыттырғандай, айтқан әнi өте әдемi шықты. Әннiң аты "Тық, тық басқан". "Осы өлеңдi жасымыздан Шал ақындiкi - деп өстiк. Молдеке қалай қарайсыз?" - дедi. Молдекең күлкiсiн жия алмай отырған күйi, әндi қайта орындатты. Содан кейiн ән құмар, өзi де әншi Ермек өтiнiп үшiншi рет айтқызды. Жаттап алғыш құдайдың бергенi бар, мен әндi жаттап алған сияқтымын. Әсiресе, қайырмасындағы
"Гекку-гекку, Гекку-гәй,
Геккугәйдiң етiгi-ай.
Тық, тық басып кетуi-ай!
Қыз қалқаның ауылының
Жетер ме едiм шетiне-ай!"-
- деген сөздердi бiр айтқанда өмiр-бақи ұмытылмастай әсер қалдырды. "Тық-тық" басып кетiп бара жатқан сұлу қыз елестейдi, ал дыбыс "құлақтан кiрiп бойды алады".
Молдекең көп ойланып отырды да: "бұл әннiң кiмдiкi екенiн бiлмеймiн, бiрақ, Керей жаққа барғанымда үйренiп келдiм" - деп, Ыбекеңнiң баяғыда бiр айтқанын естiп едiм. Кейiн бұл өлеңдi үшты-күйлi жоғалтып алдым, өз әуестiгiм болмады, Жантiлеудiң Қошаны анық-қанығын бiлетiн шығар", - деп сөзiн аяқтады.
Таң сәрiде ерте тұрып Молдекеңнiң домбырасын алып, "сенек" - деп аталатын ауыз үйге шығып кетiп, әндi екi iшекке төгiлтiп, сөзiн қағазға түсiрiп өзiме өзiм айтып берiп отырғанымда дәрет алуға Молдекең шықты да, айтқанымды құптап, бiр-екi жерiн түзеттiрiп кетiп қалды. Дәрет алып келгеннен кейiн: "Жаттыға бер, жөнiң дұрыс, шәй үстiнде айтасың" - дедi, шефтiң айтқаны заң, шәй үстiнде орындап бердiм.
Сонда отырып жұрт таңданғанда Молдекең "тұқым қуалаушылық қой өнер - деген. Кәкiжанның ұлы атасы Ерторы ағамыздың Ақан Серiнiң жаңа өлеңдерiн жаттампаздықпен аты шықты. - Ереке, кешегi әндi ұмытып қалдым, еске түсiршi" - деген Ақан-ағаңның сұрағын бұлжытпай орындайтын грамафоны дерсiң, сол қасиет немересiне дарыған да" - деп жақын шақырып, бетiмнен сүйдi. Тау-кен инженерлiк дипломы бар жас ақынға бұл мақтау зор қуаныш бiлдiрдi, атамның өнерiн де естiп, көкiрегiм жылынып қалды. Бұл өлеңдi Жезқазғанға келген жылдары айтып жүрдiм. Өлеңнiң сөздерi де, әнi де әлi есiмде, күлдiргi өлеңнiң ғаламаты - деуге болады. Жезқазғанда Ордабай Исаев деген көршi ағамыз жаттап алып айтып жүретiн, ол кiсi "Кәкiмбектiң әнi" дейтiн. Шындығы Шал ақындiкi болуы көп күмән келтiрмейдi.
Әлгi ақсақал алғашқыдай емес күнгiрт күйiн үштi-күйлi жойып, ашыла бастады да, Шал ақын жайлы жақсы әңгiме айтты. "Бiр байдың баласы, атын атамаймын, осында ұрпақтары отыр, алған жарының қыз белгiсiн дау етiп пәленi Шал ақынға жауыпты. Сонда ерке ақын осынау әндi шығарыпты" - деп желдiрте жөнелдi.
"Тәубаға кел, тәубаға,
Құнсыз iстi даулама.
Сақинасын бермей ме
Кететiн қыз сауғаға"-
- деп шырқап манағыдан бетер күлдiрдi. Бұл әннiң әуенiн жаттамадым, "Тық, тық басқан" басқа әнге жуытар емес. Жаңа әндi бiрнеше рет айтылғаннан кейiн сөзiн жазып алып, Ермек марқұм тамаша орындап бердi. Бұл әндi көбiне үлкендер жоқ, әйелдер жоқ жерде Ермекке айтқыза берушi едiк, сөзi қойын дәптерiмде сақталыпты. Ол кезде қойын дәптерге түсiрiп алып әлектенушi едiм. Осы дәстүрiм үлкен пайда бердi. Шал атамыздың тағы бiр өлеңi Мұса-ағайдың айтуынан жазылып қалыпты. Шал ақынның "Бұхарда көрдiм бұлама" - деп басталатын өлеңiн жас кезiмде бiр естiгенiм болатын. Онда ерекше назар аудармап едiм, "бұламасы" мен "сұламасын"ұқпаған шығармын.
1997 жылдың қысында Жезқазғаннан поезбен келе жатып, Мұстафа Шоқай ағамыздың немере iнiлерiнiң бiреуiне тап болдым. КГБ-ның запастағы полковнигi екен, бiз сияқты Мәскеу жақтан Кеңес Одағы ыдыраған соң елге келiптi. Таныса келе туған жерiм Солтүстiк Қазақстанда дегенге елең етiп, Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандас досы болған, туған жерi Есiл бойындағы қазiргi Сергеев ауданының бiр ауылындағы Мәнжүр деген досын есiне түсiрдi. Досы әскерден оралмапты. Мәнжүр ағайдың фамилисы есiмде жоқ, бiрақ, бiр сыныпта орта мектепте оқыған Әгiр қыздың соғыстан оралмаған ақын ағасы екенi есiмде. Жас ақынның өлеңдерiн бала кезiмде оқығаным да бар едi. Сол Мәнжүр-ағайдан қан майданда жүргенде естiдiм деп "Бұхарда көрдiм бұлама" - деген Шал ақынның өлеңiн жатқа айтты. Таң қалуымда шек жоқ, дереу жазып алдым да, Шал ақынға шөбере саналатын академик Қошанов Аманжолды сөз еттiм. Бұл кiсi шет жерде көп жүрiп, барлаушылық қызметте болғандықтан, қазақ зиялыларын бiле қоймайды екен. Жеңгемiз "Жезкиiктi" айтуға шебер болып шықты. Сол ән арқылы тезiрек танысып кеттiк. Өлеңдi жазып алып, Алматыға келген соң Аманжолға оқыдым.
"Бұхарда көрдiм бұлама,
Ташкентте көрдiм сұлама.
Саған да есен жетермiн
Есiлдiң қызы жылама"-
- деген өлең жолдары ерiксiз тыңдатты, әрi қарай өлеңнiң қызғылықты әзiлдiң, махаббат ләззәтiнiң ғажайып мезеттерiнен туатын, қыл сезiмнiң құштарлы шағын паш ететiн жерлерiне келгенде Шал ақынның құдiрет күшiн тағы да бiр жаңа қырынан байқайсың. Ол - эротикалық өлеңдер. Бұл саладағы ақын бабамыздың алар орны ерекше, әзiлдiң атасы десем, эротикалық өлеңнiң нағыз бабасы да осы Шал ақын.
Эротика дегенiмiз - махаббат майданындағы от сезiм мен жан толқытқан әрекеттердi сыйпаттау. Һау Ана мен һау Ата тиым салған жемiстi жеп қойып, жәннаттан қуылса да, жер бетiнiң жаңа жұмағы махаббат сырын ашты. Үрiм-бұтақ тарады, бұл да болса алланың рахматы деп махаббат пен ғадауаттың бал ләззатына бөлендi. Эротика - айқаласқан тайталас сәттегi сезiм селiнiң сыпайы толғағы, ол порнография, яғни былапыт, дөрекi тiлмен көсiлтетiн күнәһар емес, нағыз пiрадар тiлмен ашық айтылатын сыпайыгер, ләззәтшiл, рахатшыл мезеттердiң суретi. Осы заңдылықтарды өзгеден артық бiлгендей Шал ақын атамыз қазақ поэзиясында эротикалық өлеңдердi тудырды. Ақындықтың бұл саласында оның алатын орыны ерекше. "Өлшеуiнен асырса боғы шығады" - деп Абай атамыз айтқандай, әзiлшiл ақын өлшем мен мөлшерден аспайды, дөп басады. Негiзiнде Шал ақын орта бойлының ерекше сындарлысы, аққұба жiгiттiң асқан сұлу сырбазы болса керек. Құдайым оған қоса үздiк әншi, суырып салма - импровизатор ақын еттi, байырғы өлең сөздiң-қисса, дастандардың телегей теңiзi еттi. Бұл сегiз қырлы, бiр сырлылыққа қандай сұлу мас болмас. Ақынның сұлу десе шабыты ерекше төгiле кетер ғашықшылдығы да аз болмаған-ау. Оған дәлел Күлiмжан қызбен айтысындағы:
"Таулардың мен көрмеген аңы бар ма,
Түлкiнiң мен көрмеген таңы бар ма?!"-
деген сөздерi мен кемпiрiне айтқан:
"Шал ақын Орта жүздiң мен емес пе ем,
Он бесте ұрғашыға кен емес пе ем.
Мен саған жиырмамда болдым жолдас,
Құрытқан бар қуатты сен емес пе ең"-
деп өкiнiштi әзiлмен айтқаны ел ауызында берiк сақталды.
"Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар" - деп Абай атамыз айтқандай, Шал ақын да махаббат әзiлiнiң тамаша үлгiлерiн жасап кеттi.
"Сұлу қыз көрсем қатты қуанамын,
Ән арнап, күй төгiлтiп дуаладым.
Айқарып, ақ тамақтан сүйiп, құшып,
Армансыз аршын төсiн уаладым"-
- деген ләззәттi мол рахатты шақтың тамаша көрiнiстерiн тап осылай кiм келтiрдi. Ел ұстазы, дарынды ақын, зиялы қауымның ең көрнектi өкiлi Ахмет Байтұрсынов: "Табиғат iсiнен шыққан жаратынды нәрселердiң бәрi табиғат дүниесi болады" - дейдi. Ендеше эротикалық сезiм дүниесiнiң сүйкiмдi ұғымдарынан порнографияны ғана көрiп, бiлместiкке салынып көпе-көрнеу жиiркенгенiмiз дұрыс болмас. Махаббат базарының сәттi мезеттерiмен, қайталанбас сезiм толқындарын кiм бастан кешпедi, ол да Алланың хикматы, пайғамбар сүннәтi, жаратылыстың махаббатшыл мезетi емес пе.
Тек соны сөз сарасына сыйғызып әдемi қалпында айта бiлсе, оны әбестiкке жатқызбау ләзiм. Бұл тұрғыда Шал ақын теңдесi жоқ ақын. "Сұлуынан жылуы" - дегендей, ақын бабамыздың кей өлеңдерi ашық айтуға жеңiл болмаса да, жүрекке жабыса қалады. "Жасырған жемiс тәттiлеу" - дегендей, "жасырып" айтар тәттiлiгi бар өлеңдердi Шал ақын армансыз төгiлтiп өттi, сонымен қазақ поэзиясын байыта түсер дара жол салып, қазақтың эротикалық өлеңдерiнiң тамаша үлгiлерiн жасап кеттi. Сан салалы тақырыптарда әлеуметтiк, азаматтық, зиялылық маңызы бар өлеңдерiне терең үңiлсек Шал ақынның айрықша ерекшелiгi әзiлiнде. Фәлсәфасы мен әзiлiнде табиғат пен әлеумет араласып жатады. "Әйел туралы" деген өлеңiнде әйелдiң үш түрiн айта келiп:
"Үшiншi - ашып атар, жатып iшер...
Бастама етiк көрпiлдек,
Сиыр жапасы сырпылдақ,
Сормандай ерге жолығады"-
- дейдi. Өлеңiнiң әдемiлiгi "Көрпiлдек" пен "Сырпылдақта". Сирек айтылатын әдеби де әдемi сөздер, табиғи дыбыстарды естiп тұрғандай сезiнесiң, бiр мырс еткiзбей қоймайды, ал өлең ақ өлеңмен жазылып отыр, формасы да ерекше.
Кәрi тарлан ұлғайған шағында да:
"Шалыңның екi көзi жайнап жатыр,
Кеудемде нәпсi, шiркiн, қайнап жатыр", - деп көз жұмғанша табиғи жаратылымдылықтың жанды сезiмдерiн еш бiр суытпай кеттi. Әзiлi жарасып қартайғанша ғашық-тық сезiмдер мен фәлсәфасын әдемi түрде араластырып өттi.
Шал ақынның ақындық дариясында сан салалы талай арна бар. Олардың ең бастысы - қазақтың тұңғыш ойшыл ақындарының бiрi болғандығы. Ол өмiрдiң сан көрiнiстерiн жырына арқау етiп өз дәуiрiнiң әлеуметтiк, психологиялық, философиялық суреттерiн жасап, үлкен ойшыл ақын екенiн танытты.
Шал ақын психологиялық портреттер жасаудың көш басын-дағы айрықша дарын, оның Абылай ханды, әкесi Құлекенi айтса-тарихты паш еткенi, өмiрдiң жарқыны мен салқынын суреттесе, халықтың хал-ахуалын терең ойлағаны. Адам өмiрiнiң әр жастағы ерекшелiктерiн айту да Шал ақынның үлкен поэзия-лық саласы.Осының бәрiн топшылай келе, бүкiл творчествосына әдемi әзiл өзек болды дер едiм. Бiрлi-жарым әзiл барлық ақын-да бар, ал бүкiл жырына жаңылмас ырғақ, тарықпас арна бол-ғандай көркем әзiлдiң жиынтығы Шал ақында ғана. Сондықтан да оны әзiл сөздiң атасы деуiм, өзiнiң қазақ поэзиясында ерекше үлгi қосқан саласын айтқаным. Бұл ойым оның барша еңбектерiнiң азаматтық үлкен ойшыл, кемеңгерлiк орнын ешқандай кемiтпесе керек, қайта айқындай түсер. Шал ақынның поэзиясы абайға апарар ХУШ-ғасырдағы ең құтты қадамдардың бiрегейi деп бiлемiн. Уытты әзiл iздегендер Шал ақынды оқысын.
КӘКIМБЕК САЛЫҚОВ,
ақын, қоғам қайраткерi.
"ЖАТ ТА ЖАҚЫН БОЛАДЫ, ТАНЫС БОЛСА"
Қадiрлi ағайын! Тағдыр қалауымен қазақ ауылында өскен немiс баласының құлағына Шал ақынның есiмi, жаңылмасам, тұңғыш рет сонау 50-шi жылдардың басында шалынған. Қаратал деген көршi ауыл төңiрегiнде сонау Бұхар-жырау заманында Құлеке батырдың Тiлеуке деген ақын ұлы болып, ол кейiн қалың жұртқа "Шал ақын" аталынып, бүкiл алашқа аты әйгiлi болды дегендi ең алғаш өзiмiздiң жерлесiмiз, ауылдасымыз, өз кезiнде кеңiнен танымал ақын ағамыз Ғалым Малдыбаевтан естiгенмiн. Сол кездiң өзiнде-ақ Шал ақын айтыпты-мыс деген бiрен-сараң өлең жолдары да жадымда қалған. Мысалы:
Кедейлiк ер жiгiтке намыс емес,
Жоқ болса, досың дағы таныс емес.
Немесе:
Ағайын жат болады, алыс болса,
Жат та жақын болады, таныс болса.
Шал ақынның есiмi мен оның кейбiр шығармашылық әуендерi менiң бұрынырақ жазылған әңгiмелерiмде оқта-текте ұшырасып жатады. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрын жарық көрген "Ауыл шетiндегi ағаш үй" атты әңгiмемде ұйқысыздық пен сарылудан сарғайған ақын Ғалымовқа Шал ақынның рухы елес бергендей болады. "Осы өлкеде екi жүз жылдай бұрын Есiлдiң жағасында шошайған шағын киiз үйдi мекендеп тiршiлiк еткен - кейiнгiлер Шал ақын деп атап кеткен Құлеке батырдың баласы, өз жерлесi - өкiнiшке толы өмiр туралы, тән мен жанды жұртта қалған көнектей тырыстырған кәрiлiк туралы өлеңiн мұның құлағына тынымсыз сыбырлап тұрғандай-тын".
Қысқасы, қазақ ауыз әдебиетiнен сәл-пәл хабары бар Едiл немiсiне Есiл өңiрiнiң көне көз қариясы Шал ақын жат болмай, Белинский айтқан "бейтаныс таныс" болып шықты. Қазақ халқында Абайдан бұрын да неше түрлi дүлдүл ақындардың болғанын сол балалық кезiмде де бiлетiнмiн. Және олар қандай көп десеңiзшi! Оның үстiне қандай ақындар! Өлеңдерi түгiл, аттарының өзi немiс баласының шақшадай басына сия бермейдi екен. Жиенбет жырау, Ақтанбердi, Тәттiқара дейсiз бе, әлде Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Махамбет, Шөже, Шернияз, Сүйiнбай, Майлықожа дейсiз бе┘ әйтеуiр, қазақтың кеңбайтақ даласына әзер сыйып жатқан көл-көсiр рухани байлық. Оның бәрiн бiлу, бәрiн игеру тiптi мұмкiн емес.
Ал, солардың iшiнде Шал ақынның өзiндiк орны бар екен. Қалың қазақтың арасында өскеннен соң қазақтың жершiлдiгi, патриотизмi жұқпай қоя ма? "Апырай, бiздiң жақта да тiптi екi-үш ғасыр бұрын мықтылар болған екен ғой!" - деп iшiмнен масаттанып та жүретiнмiн. Бiрақ Шал ақын жайында түсiнiгiм саяз едi. Кейiнiрек, жылдар өте әртүрлi жинақтардан, топтамалардан, зерттеулерден Шал ақын туралы мағлұматымды кеңейткен болдым. Ақындығы өз алдына, ол түйсiк-түсiнiгi, көрген-бiлгенi көп, дүниетанымдық көзқарасы бар ойшыл-философ екен.
Дүние деген осы,
Жоқ қой мәңгi досы,
Егер болса досы,
Әкемнiң құламас едi қосы, - дейдi Шал ақын.
Ал, жақсы мен жаман туралы, дiн туралы, әйел туралы, кәрiлiк, жалпы өмiр туралы айтқандары да соның дәлелi. Көп қазақтай ол да өсиет, ақыл айтуға шебер екен де, мiнеу, сынау, кекету, мұқату, әзiлдеуге келгенде тiлiнiң оты, уы, қыршаңқылығы бар екенiн айғақтап, тiптi шабыттанады екен.
Таяуда бума-бума қағаздарымды ақтарып отырсам, тор көз мектеп дәптерiнен жұлынған, сарғайып қалған бiр парақ шықты. Он шумақ өлең екен. Тақырыбы: "Шал ақынның сөзi". Аяғында "Ерғали қарттың ауызынан 1967 ж. августың 10 күнi жазылып алынған", - деген сiлтемесi бар. Ауылымызда Ерғали деген қария болған. Ол да менiң бiр әңгiмемнiң кейiпкерi. Өзi өлең жазатын. Сол кiсiден осыдан дәл отыз бiр жыл бұрын Шал ақынның қырық жол өлеңiн жазып алған екенмiн.
Адамға талай жердi көрген артық,
Танысып, әркiмдердi бiлген артық,
Мысырға патша болып, отырсаң да,
Болмайды туып өскен жерден артық.
Ерғали қарт әрбiр шумақтан кейiн теке сақалын салалап, басын шайқап қойып, "бұл да сөз-ақ!"деп тамсанып отыратын. Кейiнiрек, сол кезде жазып алған Шал ақын өлеңдерiн баспадан шыққан үлгiсiмен салыстырып қарасам, көбiнесе белгiлi текстердiң аздаған өзгешiлiгi бар варианттары екен. Сол бiр жапырақ қағаз менде осы күнге дейiн сақталып келiптi.
Осыдан менiң пайымдауымда екi қорытынды шығаруға болады. Бiрiншiден, Шал ақынның ғибратты өсиет, нақыл сөздерi халық ауызында осы кезге дейiн қадiрлi заттай сақтаулы екен. Екiншiден, егер екi жарым ғасыр бұрын өмiр сүрген қазақ ақынына немiс азаматы кәдуiлгiдей мән берiп, шын ықыласымен сөзiн қағазға түсiрiп, оны отыз жылдан астам уақыт бойы сақтап жүрсе, бұл да Шал ақынның құдiрет рухы бар екенiне дәлел бола алмай ма?
Жиналып отырған зиялы қауымның алдында айтайын дегенiм осы едi. Рахмет!
ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР,
Жазушы
АҚЫНДАР АТАСЫ
Шал ақын туралы сөз бастауды ең әуелi сонау Шоқан Уәлихановтың - "Менiң бабам Абылай ханның замандасы, Арғын,Атығай iшiндегi Бәйiмбет табынан шыққан Шал ақын қазақ халқының тегi, қазақ халқын құраған рулар жәйлi аңыздарды жинақтап, тамаша эпос жасады" - деген қазақ әдебиетiне қатысты сөзiнен бастағанды жөн көрдiк. Үйткенi, тарихта қағаз бетiне түсiп жазылып қалған нәрсе, тасқа басылған таңбадай өшпейтiн, кейiнгi ұрпақтың игiлiгiне тиетiн асыл заттар ғой.
Мiне, бұл Шал ақынның сол заманда сауатты, оқыған, дүние танымы мол, хақымыздың ескi тарихынан хабардар болғанын дәлелдейдi. Шал ақынның азан шақырып қойған аты Тiлеуке екен болашақ ақын жастайынан зейiндi, ұғымды болып өседi. Шаршы топтарды қариялар айтқан көненiң нақыл сөздерiн, өзiнен бұрынғы жыраулардың жырларын, санасына сiңiрiп құлағына құя жүредi. Осындай бiлгiштiгiне орай, бiрге жүрген құрбылары, әзiлкеш жеңгейлерi "Сен кексесiң, шалсың"- деп, қағытады екен. Ол кезде жас келiндер үлкендердiң, қайындарының ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz