Айман - шолпан жырының типологиясы


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
«АЙМАН - ШОЛПАН» ЖЫРЫНЫҢ ТИПОЛОГИЯСЫ
Көкшетау - 2009
Кіріспе
Бірінші бөлім
«Айман-Шолпан» жырының зерттелу тарихы . . .
1. 1. «Айман-Шолпан» жырының шығу тегі мен дамуы . . .
1. 2. Жырдың зерттелу шежіресінен . . .
1. 3. Жырдың жанрлық сипаты . . .
Екінші бөлім
«Айман-Шолпан» жырының типологиялық және
поэтикалық мәселелері . . .
2. 1. Жырдың тарихи негіздері мен қаһармандар бейнесі . . .
2. 2. Эпикалық шығарманың сюжеті мен композициясы . . .
2. 3. Тіл және стиль мәселелері.
Қорытынды . . .
Пайдаланылған әдебиеттер . . .
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі
Қазақ халқының тарихын зерттеу кезінде аса маңызды дерек ретінде фольклордың орны айырықша зор. Себебі қазақтың жазба әдебиеті қалыптасқанша тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан ұрпаққа халықтың ауызша шығармалары арқылы жеткізіліп отырды. Осындай тарихи оқиғаны жеткізетін шығарманың бірі лиро-эпостық шығарма. Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті қорындағы ең мол салаларының бірі - лиро-эпос. Эпостану мәселесіне ХІХ ғасырда ізденіс, зерттеулер жүргізген Ш. Уәлиханов, В. В. Радлов, Г. Н. Потанин, т. б. дәстүрі кеңес заманында тез және нәтижелі дамыды. Қазақ эпикалық жырларының тегі мен құрамы, сипаты, көркемдік өзгешеліктері С. Сейуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайлов, М. Ғабдуллин, М. Қаратаев, Ә. Қоңыратбаев, Б. Кенжебаев, Н. С. Смирнов, Ы. Дүйсенбаев т. б. еңбектерінде қаралып, эпостық мұрамыздың жалпы мінездемесін, жанрларының өзіне белгілерін тануға көмектесті, бұл тараптағы ғылымның негізін қалады [1] .
Қазақ эпосының жеке нұсқалары, кейбір теориялық аспектілері фольклоршылар О. Нұрмағамбетова, Т. Сыдықов, М. Ғұмарова, С. Садырбаев, С. Қасқабасов, Е. Тұрсынов, Ш. Ибраев, Б. Абылқасымов, Б. Рахимов т. б. зерттеулерінде тексеріліп, зерттелініп келеді [2] .
Зерттеу нысанасы
Жұмыста қазақтың лиро-эпос жанрының даму барысын тереңірек қарастыруды нысана еттік. «Айман-Шолпан» жырының зерттелу тарихы, шығу тегі мен шежіресі, жанрлық сипаты, тарихи негізі мен қаһармандар бейнесі, эпикалық шығарманың сюжеті мен композициясы, тіл және стиль мәселелеріне үңілуді мақсат тұттық.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті
Жұмыстың негізгі мақсаты - «Айман-Шолпан» жырының типологиялық, жанрлық, тілдік-көркемдік ерекшеліктерін таныту, пікір айтуға талпыныс жасау.
Зерттеу жұмысының осы мақсатынан туындайтын мынадай негізгі міндеттер жүйелі түрде қарастырылды:
- қазақтың лиро-эпостық жырларының зерттелу, даму барысы;
- «Айман-Шолпан» жырының «Қозы Көрпеш», «Қыз Жібек» жырларымен типологиялық, жанрлық байланысы;
- «Айман - Шолпан» жырының шығу тегі мен тарихы, шежіресі;
- «Айман - Шолпан» жырындағы қаһармандар бейнесі;
- «Айман - Шолпан» жырының сюжеті, композициясы, тіл және стиль мәселелері;
Зерттеудің дерек көздері
Жұмыста негізінен «Айман -Шолпан» және қосымша ретінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларының жеке жинақтары, лиро-эпосқа қатысты теориялық кітаптар басты назарда болды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі
Қазақ лиро-эпостары, оның ішінде «Айман-Шолпан» жыры әдебиеттану ғылымында біршама зерттелді. Атап айтқанда, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, Ә. Қоңыратбаев сияқты ғалымдар тарапынан жүйелі түрде ғылыми тұрғыдан сараланды.
Соңғы жылдары фольклортану ғылымында жекелеген нақты шығармалар бойынша түбегейлі зерттеулердің туындағаны белгілі. Осы үрдісті дамыту мақсатында лиро-эпостық жырлардың ішінде шоқтығы биік туынды «Айман-Шолпанды» жеке нысанаға ала отырып, басқа да қазақ лиро-эпостарымен салыстыра зерттеуге талпыныс жасауға тырыстық
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері
Жұмыста шетел және қазақ фольклортанушы, әдебиеттанушылардың монографиялық, диссертация авторефераттары, республикалық басылымдарда жарияланған ғылыми - әдістемелік еңбектері молынан пайдаланылды, бағыт-бағдар ретінде басшылыққа алынды.
Зерттеу әдісі
Салыстырмалы талдау, жүйелілік, жинақтау, тұжырым жасау әдістері пайдаланылды.
Жұмыстың теориялық және практикалық мәні
Еңбектің қол жеткізген қорытындыларын орта және жоғары оқу орындары студенттеріне «Халық ауыз әдебиеті» атты оқу бағдарламасына сәйкес практикалық сабаққа қосымша, көмекші оқу-әдістемелік құрал ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сарапталуы, мақұлдануы
Жұмыстың қол жеткізген шағын нәтижелері университетішілік ғылыми-практикалық семинарларда, кафедра құрамындағы ғылыми үйірме жұмыстарының қорытындысында баяндалды. Сонымен қатар университеттің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының мәжілісінде алдын-ала талқылаудан өткізіліп /хаттама №, 28 сәуір 2009 жыл/, қорғауға рұқсат берілді.
Жұмыстың құрылымы
Еңбек кіріспеден, негізгі екі тарау және бірнеше тараушадан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І - бөлім
«Айман - Шолпан» жырының зерттелу тарихы
- «Айман-Шолпан» жырының шығу тегі мен дамуы
Лиро-эпос жырлары - бір дәуірдің жемісі емес. Бірнеше ғасырмен жасасып, әртүрлі жағдайларды, таптық, қоғамдық, тілектердің ыңғайына қарай өзгеріп отырған. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша айтылу түрінде, көптеген өзгерістерге ұшырау арқылы жеткен. Халықтық ортада туған және халықтың көзқарасын, тілегін білдіретін жырлардың өздері де таза күйінде, көптеген өзгерістерге ұшырау арқылы жеткен.
Кейде ғашықтық жырлар, енді бірде лиро-эпос деп аталып келген шығармалар шоғыры қазақ эпосында күрделі орынға ие. Мұндай жырларға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», т. б. жырларын жатқызамыз.
Сонымен қатар қоғамдық, таптық өзгерістерге де байланысты халықтың лиро-эпос жырларын таптық мүдде тұрғысынан да пайдаланып, бұрмалаушылықтарға да жол берілгені белгілі.
«Ертедегі қазақ поэзиясында сюжетті әңгімеге құрылған жырлардың бір бөлігі лиро-эпос деп аталады. Егер батырлар жырының басты тақырыбы, күрделі әңгімесі - ел қорғау жайы болса, лиро - эпостық жырлардың одан біраз айырмашылығы бар. Біріншіден бұл жырлардың оқиғасы халықтың ертедегі әдет-ғұрпына, үйлену салтына байланысты туған. Онда көбінесе бір-біріне ғашық болған жұбайлар жайы, олардың қуанышы мен арман-мұңы, қайғы -шері суреттеледі», - деп атап көрсетеді академик М. Ғабдуллин [3, 276] .
Өткен заманда жастардың бас еркі болмағандықтан, олардың арман мүддесіне жетуі, сүйгендеріне қосылу жолында көптеген бөгеттердің кездескендігі, ол бөгеттерді жеңе алмай ауыр да аза, үлкен қасіретке ұшырағандары жырға қосылады. Бұл ретте халықтық негізде туған лиро-эпос жырлары өткен заманның жастарға жасаған озбырлық әдет-ғұрпын сынға алады.
Профессор Б. Рахымов: «Ғашықтық тақырыбындағы жырларда адамның жеке бастың мүддесі махаббат еркіндігі басты орынға шығады. Трагедияның болу себептеріне тікелей осындай жәйттер себеп болады. Халқымыздың інжу-маржандары деп танылған «Қозы көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» және т. б. лиро-эпос жырларының бірі ерте дәуірдегі ғұндар кезеңінен хабар берсе, келесілері бертіндегі болған оқиғалары әңгімелейді. Тым ерте дәуірдегі лиро-эпостардың түркі тектес халықтардың бәріне ортақ болып, көптеген нұсқалы болу себептерінің сыры тарихи жағдайларға тікелей қатысты болып отырады. Қазақ фольклорында әлі де назар аударыла қоймаған «Құл мен қыз», «Күлше қыз», «Мақпал қыз» атты дастандар да бар, - деп ой қорытуында шындық бар [4] .
Бұндағы адамдар тағдырына тереңдеу үшін қаһармандар әлеміне терең бойлап, образдық талдаулар арқылы лиро-эпос жанрын анықтауға болады. Ондағы идеализациялау мен индивидуализация басқа эпостардан айырмашылығын айқын көрсете алады. Эпикалық жырлардың таза махаббат тақырыптарына арналғандығын ашып бере алады. Бұндай тақырыптардың бір арнасын шығыс сюжетіне құрылған қазақ дастандары немесе романдық эпостар (Таһир - Зухра, «Жүсіп-Зылиха», «Сейфулмәлік» т. б. көрсетеді. Аталған жырларға қатысты қисс-дастан, романдық эпос атаулары фольклортану ғылымында қалыптасып, жанрлық анықмалар ретінде тұжырымдалып келеді.
Қазақ халқының тұрмы-салтына байланысты туған лиро-эпостық жырдың бірі - «Айман - Шолпан». Жырдың ел арасынан жазылып алынған нұсқасы 1896 жылы Қазан қаласында басылып шыққаны тарихи еңбектерден белгілі. Бірақ оны жырлаған ақынның аты-жөні күні бүгінге дейін белгісіз. Жырдың мазмұны 1901 жылы «Торғай газетінде» (№17) басылған. 1902 жылы «Торғай облыстық ведомосы» (№62) жырды қазақ тілінде жариялаған. Жыр 1939 жылы Қажым Жұмалиев құрастырған «Халық поэмалары» деген жинаққа енген. 1934 жылы М. Әуезов жырдың негізгі мазмұнын негізге ала отырып «Айман-Шолпан» атты пьеса жазады.
«Айман-Шолпан» жырының оқиғасы - өмірден алынған. Жырдың басты кейіпкерлері - Көтібар мен Арыстан - тарихта болған адамдар. Тарихи деректердің айтуынша, Көтібар Берсеннен, Арыстан Тінәліден туған. Берсен мен Тінәлі бір кісінің баласы. Бұлардың руы - Шекті, оның ішінде Тілеуқабақ, мекені - қазіргі Ақтөбе облысының Шалқар ауданы. Көтібар мен Арыстан өткен ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген [5, 207] .
Қаламгер Т. Шойғарин: «Көтібар Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының он бірінші аулында туған, ұрпақтары осы күнде де бар», - десе, Тыным Бірманов: «Ақтөбе облысының Ключевой ауданында Көтібардың моласы бар. Көтібардың бай-сұлтандар, хан тұқымдары Жанқасқа дегенге ақша беріп өлтіртеді. Оның сүйегін Арыстан мен Есет сауын айтып, әзер тауып алады», - деп жазады [6] .
Академик Қ. Жұмалиев: «Айман - Шолпан» жырының оқиғасы Исатай мен Махамбет бастаған халық көтерілісінен кейін туған, - дейді [7] . Ал, профессор Ә. Қоңыратбаев «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегінде бұл жырдың ХІХ ғасырдың орта шенінде туғандығын айтады [8, 207] . Тарихшы ғалым М. Ақынжановтың дәлелдеуіне қарағанда, бұл жыр өткен ғасырдың екінші жартысының бас шенінде, яғнй Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталған кезде туған, - дейді [9, 27] .
Салыстырмалы түрде саралайтын болсақ лиро-эпостық шығармалар ішінде «Айман - Шолпан» және «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпостарының тарихи оқиғалық, шежірелік, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байланысы жоғары екені зерттеу еңбектерден белгілі. Аталған қос жырдағы дәуір және дәстүр мәселесі қаралуы міндетті.
Қазақ эпосының негізін зерттеуші ғалымдардың бірі, белгілі әдебиеттанушы, ғылым докторы, профессор Б. С. Рахымов өз зерттеуінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» және «Айман - Шолпан» жырлары бойынша: «Көне дәуірдің ғажайып ескерткіштерінің қай-қайсысын алсақ та, өзінің жұмбақ сырларымен, ерекше таңқалдырарлық таусылмас сандаған қырларымен еріксіз өзіне мейлінше тартып, терең толғаныстарға түсіретіндігімен дараланатындығы баршаға аян. Бүкіл түркі әлемінің төрінен өзіне лайық орын тапқан сондай ғажайыптардың бірі ғашықтық тақырыбындағы қазынаның інжу-маржаны - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры», - деп тұжырым жасап, қорытындыға келеді [10] .
«Айман - Шолпан» жырына және жалпы лиро-эпостық жырлар ішінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасы - қазақ лиро-эпостарының ішіндегі ең көнесі. Бұл-поэманың идеялық мазмұны, композициясы, тілі т. б. жақтарынан да аңғарылады.
Жырда ертегі элементтерінің кездесуі, бақташылық кәсіптің дәріптелуі оның ерте дәуірден келе жатқандығы, көне заманның туындысы екенін танытады. Малды қатты дәріптеуі жөнінде «Қозы Көрпештің» көп жерлері ертегі, аңыз әңгімелердің ескі бір түрі саналатын «Ер Төстік» аңызына ұқсайды.
Бесікте жатқанда құда түсіп, басқа жаққа әкесі көшіп кеткен қалыңдығын іздеуі жағынан «Алпамыс батыр» жырына жақындайтын жерлері де бар. Бірақ «Алпамыс батырда» жарын іздеу, батырлық шайқастарын көрсету, сол арқылы оның ерлігін бірінші орынға қою негізгі мәселе болса, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» бірінші орынға сүйіспеншілік, ғашықтық мәселесі қойылады. Бас қаһарманның іс-әрекеті сол сүйіспеншілікке байланысты.
«Айман - Шолпан» жырында ғашықтық, сүйіспеншілік мәселесі - екінші орында тұрады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ондаған нұсқасы бар, солардың бәрінің тақырыбы бір болғанмен, оқиға байланысы, даму жолдары, жалпы жағдай, шарықтау шегі, шешуі түрлі-түрлі. Бірінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлу өледі. Екіншісінде қосылады. Тағы біреуінде олардың баласы болады. Біреуінде Қозы тіріліп қайта өледі. Қысқасы, жырдың аяғы әр басқа болып бітеді.
Шындыққа дәл келетіні де, дұрысы да Баян мен Қозының бір-біріне деген сүйіспеншілігі ұзаққа бармай, қайғылы халге душар болғанын баяндайтын нұсқасы. Қозы Көрпеш пен Баянға соғылған ескерткіш, олар жөніндегі халық аузындағы ән осыны растайды. Мәселен, Әсет әнінің қайырмасындағы мына жолдар текке айтылмаған:
Сәйпіл- Мәлік, Жамалдай
Бейнетіңе көнсем-ау
Қозы көрпеш Баяндай
Бір моллада өлсем -ау!
Ал жырдың кейбір нұсқасының жақслықпен бітуіне де таңғалуға болмайды. Халы қай кезде болса да, өзінің ұнамды, қалаулы кейіпкерлерінің бақытты болуын тілейді. Шамасы келсе, оларға шаң жуытпай, мұратына жетуді арман етеді. Батыр болса, жауын мұқатқызып, жеңгізеді. Ғашықтар болса, арманына жеткізеді. Аяулы ұлы Қозы көрпеш, ардақты аруы Баян қалайда мұратына жетіп, жақсы тұрмыс құрсын деген халық арманы екеуін де тірі қалдырып, қызықты өмір сүргізеді.
Шығысты зерттеуші ғалымдар, әдебиетшілер ертеден бұл жырға көп көңіл аударып оны жоғары бағалаған. Жырдың асқан көркемдігі, оқиға желісінің нанымдылығы, кейіпкерлер тағдырының әсерлі суреттеліп, тыңдаушының жан сезімін қозғайтындығы бұл поэманы Шекспирдің «Ромео- Джулиетте» трагедиясымен барабар деп таныған, сонымен қатар қойған. «Қозы көрпеш -Баян сұлу» жырын алғашқы зерттеушінің бірі- қазақтың ғалымы Шоқан Уәлиханов. Жырды ол Атығай Арыстанбай ақынның аузынан жазып алған. Ыстықкөлге жасаған саяхатында әдейі арнап Қозы көрпеш пен Баянның бейітіне де барған. А. С. Пушкин де Қозы Көрпеш пен Баян сұлу әңгімесін жазып алып жыр етпекші болғандығы біздің заманымызда анықталды. «Қозы көрпешті» В. Радлов неміс тіліне аударып бастырған Г. И. Потанин оны: «бұл жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жатаьтын шығарма», - деп бағалаған.
«Айман - Шолпан» жырын алғаш ғылыми тұрғыдан зерттеуші ғалымдар М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаевтар кең тұрғыдан зерттеді. «Айман - Шолпан» жырының жанры - «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларына ұқсағандай нағыз романтикалық-ғашықтық эпос үлгісі болмаса да, басты кейіпкер Көтібарға олжа болатын қазақтың жазықсыз қыздары Айман мен Шолпан тағдырына байланысты лиро-эпосқа жатқызылады.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының туған дәуіріне қатысты ізденіп, құнды пікірлер қалдырған ғалымдар көп. Бұл тұрғыда орыс және басқа да халықтардың ғалымдарының істеген істері мен зерделі зерттеулер қалдырғанын М. О. Әуезов, Ә. Х. Марғұлан, Ы. Дүйсенбаевтар орынды бағалаған. Жырдың әр кезеңдеріндегі түрлі нұсқаларын жазып алып, басқа халықтардың тілдеріне аударып, жарыққа шығаруда В. В. Радлов, И. Беленицин, Г. Саблуков, И. А. Кастанье, П. М. Мелиоранский, Г. Ф. Генс, Ю. Березин, Г. Н. Потанин, Ш. Ш. Уәлиханов, Н. Г. Тверитин, А. Құнанбаев т. б. есімдері айрықша аталады. Сондай-ақ, шынайы махаббатты ардақтайтын жыр оқиғасы Петерборда сенатқа мәлім болғаны, Николай патшаның өзі жырды құмарта тыңдағаны, бұл жырдың А. С. Пушкинге де таныс болғандығы орынды аталып келеді [11] . «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын көп зерттеген Г. Н. Потанин дастанды Батыс Европаның, орыстың, шығыс елдерінің бірнеше ғашықтық жырларымен салыстырады. Соның нәтижесінде: «Бұл жыр жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма» [12] - десе, Б. А. Куфтин дастанды қазақтардың «Ромео-Джульеттасы» деп бағалайды [13] . Бұның бәрі жырдың нұсқалары табылып, сюжеті белгілі бола бастағандағы айтылған лебіздер еді.
Ал келесі бір жырға қатысты зерттеулер жүргізуге себеп болған мәселені Ә. Х. Марғұлан орынды көрсетеді. Ғұлама ғалым былай дейді: «Бұл жазуларды зерттегенде олардың аса көңіл қойып, қызыға қарағаны, әсіресе, Көрпеш пен Баян сұлудың тарихи заманнан келе жатқан ұлы мұнарасы, сәулетті етіп жасаған биік кешені», - екендігін айғақты дәлелдермен терең талдайды [14] . Зиялы қауымға таныс «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кешені туралы алғаш пікірлер айтып, бұған қатысты ел аңыздарын жинақтаған ғалымдар П. С. Паллас, И. Г. Андреев, А. И. Левшин, Г. Ф. Генс, В. Федоров, А. И. Шренк, Н. А. Абрамов, Ш. Уәлиханов, П. П. Семенов-Тяньшанский, Г. П. Потанин т. б. екендігі бүгінде ғылымда толық бағасын алған. Ғалымдар еңбегінің басты маңызы ғашықтарға орнатылған биік күмбездің қай жерде екендігін мәлімдеп, ондағы мүсін тастар мен жер-су атауларының «Қозы мен Баянға» қатысы барлығын ел аңыздары мен жыр нұсқаларына байланыстыра қарауы дер едік. Бұл мәселе «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының пайда болған дәуірін анықтауға да бастама болды десек, артық айтқандық емес. Бір ғажабы тексерулер нәтижесі төмендегідей қорытындылар жасатқан:
1. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» туралы аңыздаулар іздестірудің нәтижесінде отыздан асып кеткен. Ең көбі, қазақ халқы арасында екен. Біздегі сандық көрсеткіші 16 вариант болып отыр. Екі ғашықтың аянышты тағдырын баяндайтын жыр үлгілері қазақтар, алтайлықтар, телеуіттер, барабылықтар, башқұрттар, сахалықтар, ұйғырларда сақталған [15] . Қысқасы, ғашықтықты ардақтайтын жыр түркі тектес халықтар арасына кеңінен таралған.
2. Фолькортану ғылымын тарих, этнография, археология ғылымдарымен тығыз ұштастырған ғұлама ғалым Ә. Марғұлан: «Аягөз бойында тұрған бұл кешен (Қозы мен Баянның күмбезін айтып отыр - Б. Р. ) мен оның ішіндегі мүсін тастар - исламнан көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Олар түрік қағанаты кезінде (ҮІ-ҮІІІ ғ. ) шыққан. Адамның суретін салған мүсін тасты халық сол кезде ерекше қадірлеген» [16], - дей отырып, жырдағы Шоқтерекке қатысты аңыз бен «Шоқтеректің» түбіндегі екі жастың келбеті келтірілген алтын бейнені өте ескі заманның ескерткіші ретінде санайды. Бұл жырдың ту баста сақ, ғұн, түрік қағанаты кезінде айтылған жыр дегенді дәлелдей түседі [17] .
3. Қазақ арасында таралған жырдың Айтбай Дандыбайұлынан жазып алған нұсқасында (Н. Н. Пантусов, 1888) Сарыбай түрікпен оғыздарынан, Қарабай Жетісудағы сұлтандардан делінеді. Бұған жырдың Баян-ауыл варианты да сәйкестенеді [18] .
4. Жырдың Шөже, Жанақ, Бейсембай нұсқаларында «Орманбет би» есімі мен ноғайлы дәуірі аталады [19] .
5. Келесі бір нұсқаларында «Ноғайлы» деген ескі атаулар жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не орта жүздің «Бағаналы» («Найман») рулары аталады. Бұл ерекшелікті кезінде М. О. Әуезов те атаған еді. Бұның себептеріне қатысты Мұқаң: «Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушылардың ыңғайына тартқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды», - дейді [20] . Бұл жырдың сюжетіне қатысты айтылған тұжырым.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz