Төлеген Айбергенов поэзиясының көркемдік ерекшелігі


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   

Дипломдық жұмыс

Төлеген Айбергенов поэзиясының көркемдік ерекшелігі

Жоспар

Кіріспе

І. Төлеген Айбергенов поэзиясының тақырыптық-идеялық өрісі

1. 1. Поэзия - өмір шындығы

1. 2. Ақынның асыл мұрасы.

ІІ. Ақын поэзиясының көркемдік өрісі

2. 1. Өлең құрылысы

2. 2. Көркем бейне, образды айшық

Қорытынды

Пайдаланған әдебиеттер

Кіріспе

Тақырыптың зәрулігі.

Қазақ поэзиясының мазмұн жағынан тереңдеуі, пішін жағынан жетіліп, түрленуі - әдебиетімізге әр кезде келіп қосылған талантты ақындарымыздың танымсыз ізденісіне, әдеби табыстарына байланысты. Мұндай даму, ілгерілеу үрдістері әр дәуірде де болып тұрған.

Алпысыншы жылдары поэзиямыздың жаңа дәуірі басталды. М. Мақатаев, Ж. Нәжімеденов, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, С. Жиенбаевтар өздерінің ақындық таланттары арқылы қазақ өлеңіне үлкен серпіліс, жаңа өрлеу кезеңін ала келді. Міне, осы буын жасаған поэзияда ерекше орны бар үлкен талант иелерінің бірі - Төлеген Айбергенов.

Ақын Мұқағали Мақатаев «Төлегенге» деген өлеңінде:

Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,

Қызарып батты ертеңгі шығатын күн

Торғай - өлең шырылдап бара жатты

Аузында ажал дейтін сұрапылдың

деп жырлапты.

Әдебиет ауылына ат ізін салған немесе студенттік дәурені сол шаққа тұспа-тұс келген буын үшін қазақ жырында дәл сол кезеңде дәл осыншалықты аяулы есім болмаған да шығар. Мына жарық жалғанмен орда бұзар отызында қапияда қоштасқан ақын жырларын жатқа оқу, оның өлеңдерінің өзіндік өрнегі, көзіннің нұрын қандырып, қиялыңды қалықтар сырлы суреттері, көкейіңнен кетпейтін қарапайым да қастерлі ойлары, құлағына құйыла қалатын образды орамдары жайында жапа-тармағай айтып жату сол тұста жастардың сөзінің салтына, тіпті мәдениеттіліктің, зиялылықтың бір белгісіне айналып кеткендей еді десек те еш артықтығы жоқ. Жетпісінші жылдарда талай адамдардың тұңғыш оқыған жыр жинағы Төлеген Айбергеновтің «Мен саған ғашық едім» болған сияқты көрінеді. Қолға қаламды сол тұста алған ақындардың арасында алғашқы жырларын Төлегенге еліктеп жазғаны, Төлегенше образды ойлауға, Төлегенше ұқастыруға ұмтылғандары аз емес. Төлеген Айбергеновке арналған өлеңдерді топтастыра кісі болса да бір кітап құралып қалар еді. Оқырманның дәл мұндайлық құрметіне бөлену, өлең өнерінің бағыт-бағдарына нақты ықпал жасау, тіпті тұтастай алғанда әдебиетке әсер ету жиырмасыншы ғасырдағы қазақ жырында санаулы ғана дарынның үлесіне тиген сирек сыбаға болды.

Төлегеннің өлеңді бір деммен оқытып шығармай қоймайтын аса қуатты дарынының арғы жағында сонау жыраулар поэзиясынан тамыр тартып жатқан серпінді стихия, сөздің суретіне ғана емес, сазына да қатар көңіл бөлетін далалық дана дәстүр тұрғандығы. Талай ғасырлар бойы оқуға ғана емес, тыңдауға да есептелген ұлттық поэзияның үндестік үйлесімі, яғни эвфония жағынан мол олжасының ең жақсы жақтарын, оның өзін де орнымен, жаңа заманға жарастырып ала білген, әр шумағын сөз саздылығының сынағына салып алып, әр ойын образға орап, барып ұсынатын Төлеген Айбергенов жырлары былайша қарағанда «Осы да таңсық болып па?» дегізуге тиіс теп-тегіс тұстардың өзінен тәнті еткізіп, таңдай қаққызатындай сырлы сұлулықты суырып алып шығады.

Т. Айбергенов туралы пікір айтқан ғалымдар мен сыншылар, ақындар мен жазушылар оның қазақ әдебиетіне жаңа бетбұрыс әкелгендігін, арғы-бергі қазақ поэзиясының ең озық үлгілерінен терең үйренгендігін, өзінің ақындық әлемін ашу арқылы әдеби құбылысқа айналғандығын ашық айтады.

Ақынның аз ғана жылдар ішінде артына қалдырған асыл мұрасы - тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халқының нәр алар рухани азығы. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев сөзімен айтсақ: «Төлеген - сөз жоқ талант. Дара талант, сара талант».

Төлеген мұрасы - халқымыздың баға жетпес қымбат қазынасы десек, осы асыл мұраның сыр-сипатын терең танып, ондағы әдебиеттің дамуына зор пайдасы бар тағылымдық қасиетке ие ойларды саралап, ақынның поэзиядағы алатын орнын ғылыми жолмен талдап-таразылау - азаматтық парыз. Сол себептен бұл тақырып жеке зерттеу объектісі етіп алынып отыр.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Бұл еңбектің мақсаты - Төлеген Айбергеновтің шығармашылығын толық зерттеу объектісі етіп алып, ақын туралы жазылған әдеби сын, түрлі ғылыми мақалаларға сүйене отырып, ақынның дара қаламгерлік тұлғасын, өзгеше ақындық шеберлігін айқындау.

Бұл мақсатты іске асыру үшін алдымызға мынадай міндеттер қойылды:

  • Т. Айбергенов нәр алған бастау-бұлақтар - алдыңғы толқын ағалар өнегесі;
  • ақынның қазақ әдебиетіндегі, оның тарихынан алатын орнын айқындау;
  • ақын поэзиясындағы азаматтық әуенді, философиялық тереңдікті, лирикалық қаһарман тұлғасын талдау;
  • ақын туындыларындағы дәстүр мен жаңашылдық жайында;
  • Т. Айбергенов поэзиясының кейінгі толқын інілерге ықпалы;
  • Т. Айбергеновтің өлең құрылысындағы көркемдік ерекшеліктерін анықтау.

І. Төлеген Айбергенов поэзиясының тақырыптық-идеялық өрісі

1. 1. Поэзия - өмір шындығы

Қазіргі қазақ поэзиясының дүлділ ақыны, керемет күшті лиригі Төлеген Айбергеновтың шығармаларына назар салсақ, оның тума дарын, ұщқыр ойлы, ешкімге ұқсамайтын өзгеше ақын, туған жерін жалықпай жырға қосқан алып жүректі жан екендігін байқайсың. Оған ғалым Бақыт Кәрібаеваның мына бір сөзі айқын дәлел болады. «Төлеген іздері қазір қазақ поэзиясында тіпті көп. Өзінің поэзияға тән құштарлығымен, еріп кететін сезім жомарттығымен ақын біткенді маңайына магнитше үйірді. Ол өлеңнің қара дауылын тұрғызып, поэзия теңізін шайқайды. Оның асқақ та өршіл рухы лирика айдынында армансыз жүзді».

Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін, жақұт жырларын ұмартқа оқымайтын оқырман жоқ шығар, сірә! Ал оның қаламынан небір алтынға бергісіз шығармалар жаралды. «Арман сапары» - 1963ж., «Өміргесаяхат» 1965ж., «Мен саған ғашық едім» -1970ж., «Құмдағымұнаралар» - 1968ж., «Аманат» - 1975ж., «Бір тойым бар» -1981ж. т. б. Сияқты жарық көрген дастандары мен толықтырылған шығармалар мен толықтырылмаған шығармалар жинағы оның нағыз дарын иесі екендігін бүкіл әлемге паш етті.

Сонымен қатар Төлеген Айбергенов - балалар ақыны да. Ақынның балбөбек бүлдіршіндерге арнап жазған «Бақшаға саяхат», орыс тіліндегі «Сад» өлеңдер жинақтары оны осы қырынан айқын көрсетіп тұр. Өз уақытында ақын «Құмдағы мұнаралар» өлең жыр жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығыныңиегері болды.

Ақынның лирикасы сан-салалы, көп тақырыпты, орсан зор, ауқымды дүние. Оның шығармашылық бетін, қалам қарымын танытатын нәрсенің бірі - азаматтық әуен. Бұл топқа кіретін лирикаларда ақынның немесе оның лирикалық кейіпкерінің өмірге көзқарасы, арман-мұраты, адамдарға деген ыстықы ықыласы, шынайы махаббаты ерекше танылады. Азаматтық әуенге толы лирикалық өлеңдерінде ақын адамдардың, туған жердің, Отанның бейнесін асқақтата жырлайды, оларды ақынның лирикалық кейіпкері өз жүрегінің шуақты махаббатына шомылдырады.

Төлеген Айбергеновтің азаматтық лирикаларының ішінде туған жер тақырыбына арналған өлеңдері молырақ орын алады. Ақынның алғаш өлең жаза бастаған кезінің өзінде оның туған жерді шабыттана, тебірене жырға қосқанын көреміз.

Аяулым менің, Түркістан,

Алқының жеткен алыстан.

Қазақтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын Түркістанның басынан кешкен қасіретті кезеңдерді жырға қосқан ақын - көз алдымызға зұлмат замандар салған небір қанды қырғындардың, зұлым шақтардың жан түршігерлік суреттерін әкеледі.

Төлеген Айбергеновтің «Семей» атты өлеңі - қазақ әдебиетіне Абайдай жыр тәңірін, Мұхтардай сөз алыбын берген өлкенің, Әмірдей аспандағы аққумен ән қосқан саңлақ дүниеге келген топырақтың сыр-сипатын толғаған туынды.

Оның өзінің туылып-өскен күнсәулесі Қарақалпақстан өлкесін, оның еңбек сүйгіш, мейрімді мәрт халқын, әсем табиғатын, көл дария байлықтарын өз өлеңдеріне өшпестей арқау етіп, соған беріле, ынтыға жырлағандығын көреміз.

Ақын поэзиясындағы туған жер тақырыбына тоқталайық. Төлегеннің «Бір тойым бар» толық жинағын алып көріңіз. Жинақтың бірінші мұқабасын ашудан-ақғ туған жер турлы тебіренген жыр жолдарына көзіңіз түседі. Мәселен, оның «Кегейлі дәптерінен» деген өлеңінен үзінді келтірейік:

Кегейлім жердің еркесі,

Жас жаным толқып тұр менің,

Бердақтың сүйген өлкесі,

Әжнияз айтқан жыр ма едің?!

Қаһарман мынау халықтың,

Серті де сенің бетінде,

Еңбекпен өскен алыптың,

Көркі де сенің бетінде.

Ақын Кегейлі арқылы бүкіл Қарақалпақстан өлкесін ұшқыр оймен, оның табиғатын өзгеше бір тілмен бере алған. Қарақалпақ халқының қос ұлы Бердақ пен Әжниязды тілге тиек ете отырып, сол арқылы терең мағыналы ұғымды беріп отыр.

Өмірі қысқа, бірақ баршаға нұсқа ақын Төлеген Айбергенов өзінің туған жерінің бай екендігін, бұл өлкенің байлығы тұнып тұрғандығын жырға қосып, оның болашағына үлкен үміт күтіп былай дейді:

Жанассаң жанда жаз қалар,

Жарқырай түскен жарықтар.

Қазылмай жатқан қазбалар,

Жазылмай жатқан тарихтар.

Осы бір ғана шумақта қанша мағына, қанша тапқырлық жатыр. Ол осы өлкені мекендейтін халық өкілдерінің қайсы бірімен сөйлессең де, көкірегіндегі ой-пікірін жасырмай айтатын, аңқылдақ, ашық көңіл жандар екендігін алдыңа жайып салады. Бұл өлкеде қаншама байлықтардың барлығын, жазылмай жатқан тарихтың барлығын баса айтады.

Ақынның айтқаны осы күнде дәл келіп отырған жоқ па?! Қол жеткен егемендігіміз арқасында өз жерімізден шыққан газ, мұнай, түрлі минералдық тыңайтқыштар халқымыздың бүгінгі күндегі игілігіне айналауда.

Көңілге көктем кең кеуде,

Ағаймен пікір алыстым,

Жаз келбет жарқын жеңгейге,

Әзілімді айтып таныстым, -

(Бұл да сонда, 9 бет)

деп қарақалпақ халқының дос боламын деген адамға қашан да құшақ жая қарсы алатын кең пейілдігін айтса, жаз жайдары қызғалдақтай құлпырған сұлу жеңгейлердің әзілқой, тапқыр сөзді екендігін айтады.

Төлеген Айбергеновтың «Арал жырлары» атты өлеңдерінің бірінде мынадай да өлең қатарлары бар:

Шағалаң бейне төбеден,

Әуелеп ұшқан ақ парақ,

Аумағың толы көп өлең,

Айдының фотоаппарат, -

дейді. Расында да, қарақалпақ халқы сонау ерте замандардан-ақ балық аулап, теңіз жағалап, күн көрген. Сондықтан да олар Арал теңізі жағалауын мекен еткен, «аумағы» толы көп өлең, деп айналаң ақындарға, жыршы-жырауларға толы, Күнқожа, Бердақ, Әжнияз, Өтеш Омар сынды аты әйгілі ақындардың бұл өлкеде өмір сүргендігін жырға қосып отыр. Осы классик ақындар Арал теңізінің аумағында өлеңнің туын тіккен бөлеп, олардың ізін ала Аяпберген Мусаев, Тілеуберген Жұмамұратов, Ибрайым Юсупов олардың шығармашылық жолдарын жалғастырды. Солар қарақалпақ халқын жер жүзіне танытқан табиғи дарын иелері, әне солар Арал аумағын өлең-жырға толтырғандар. Міне, ойшыл, нәзік жанды құдыретті лирик ақын осыларды алдын ала сезіп айтып отыр. Аты үрейлі, күні бүгінге дейін сыры белгісіз тылсым болып келген «Барса келмес» жері ақын назарынан тыс қалмаған. Ақын «Барса келместі» былайша суреттейді:

Сүйдім мен сені туған мекенім деп,

«Соры бар, соры топырақ шекерім боп, -

дейді.

Атынан адам баласы шошитын үрейлі жерді ақын атамекенім деп, тұзы бетіне шығып тұрған ащы да сор топырағын тәтті шекерім деп шекерге балап, жырлайды. Шынында да, осы күні сол тозақ өңір - «Барса келмес» бейішке айналып, онда небір алып ғимараттар бой көтеріп, жылдан-жылға өндіріс ошағы боп барады. Төлеген Айбергеновтың ойшыл әрі сершіл жүрегі әлде қашан-ақ білген еді. Ақынның терең ойлы сершілдігі осыдан-ақ байқалып тұрған жоқ па?!

Ақын Төлеген Айбергенов қайда жүрсе де туған жерін әсте ұмытпаған азамат. Ол өзінің туған жері - Қарақалпақстан жерінің мәртебесін өз мәртебесінен биік қойды. Сондықтан болар ол «Туған жер» атты өлеңінде:

Жауынды кескілермін де,

Қас етпен ешкімді ешкіммен,

Бағың боп естілермін де,

Сорың боп естілмеспін мен, -

деп жырлайды.

Сондықтан да Төлеген Айбергенов тек қазақ поэзиясының алып тұлғалы ақыны ғана болып қалмастан, ол сонымен бірге қарақалпақ халқының да сүйікті перзенті әрі сүйікті ақыны боп саналады. Төлеген Айбергенов өзі арман етіп жырлап өткеніндей, туған жерінің өшпес мәңгі бағы, мақтанышы боп қалды.

Төлеген Айбергеновтің туып-өскен жері - қарақалпақ топырағы, ол өмірінде де, өлеңінде де туған жерге оралумен өтті, енді міне, елінде де осы топырақ торқа болып, мәңгі ұйқыда жатыр . . .

Ақынның туған жерге арнаған өлеңдерінде оның сағынышты мұндары өте күшті сезіммен жырланады, оқып отырып, сүйсінесің әрі іштен жылайсың . . .

Кегейлім жердің еркесі,

Жас жаным толқып тұр менің.

Бердақтың сүйген өлкесі,

Әжінияз айтқан жыр ма едің?!

Оның туған жерге жалынды махаббатының күшіне қарап, қарақалпақ қызына қарап ақын не дейді:

Қалайша арман саған елтімесін,

Дауысын қазды аспанның келтіресің,

Қайтпасам болмайды енді Алматыма,

Сен мені өртей-өртей өлтіресің.

Төлегеннің «Сағыныш толқындарында» жүзіп жүріп жазған «Бір тойым бар» деген өлеңі - ақынның өміріне де, ақындық өнеріне де - эпиграф десе болады. Бұл құдіретті өлең - ақынның өмірге деген жалынды махаббатының жалындау, шарықтау шегі. Мен бұндай өлең оқып көрмедім. Бұны ақын сөзсіз жылап отырып жазған, жылауық емес, мәрт жүректі, таза ұжданды, өмірді сүю арманы көкірегін қарс айырып кеткен ақын ғана жаза алады бұндай өлеңді. «Мен өлемін өзімнің биігімде» дейді ғой бір өлеңінде. Бұл - сол биікте жазылған өлең.

Ол сондай той болмақшы:

Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,

Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам . . .

Төлеген өмірінің де, ақындық шабытының да «жиырма бесінде» қайтыс болды. Бірақ, бұндай ақынның екінші өмірі ұзақ болады. Оның өлеңдері халқына, ұрпақтарға рухани күш һәм ләззат беріп жасайды.

Егемендік-еркіндік алған еліне, біздің ортақ үйіміз болған Түркістанның жақсы келешегіне оның рухы сүйсініп:

Шығысқа қара,

Қарашы, мынаушығыстың

Шұғылаға мәңгі қанатын

Малып жатысын!

деп қуанатын болды.

. . . Мен, өзімнің «Пошша торғай» деген ертеректе жазған бір өлеңімде мынадай бір оқиға айтылар еді: зеңгір көк аспанға өз жүрегін шегелеп, туған жерін есі кеткенше шырылдап жырлап, сайрап тұрған торғайды аспаннан жауғанбұршақ қағып қүлатады.

Өлді ол. Бірақта, өлеңінің

Күшін

Көз жетпес биікке шығарып

өлді. -

деп бітер еді ол өлең.

Міне, туған жерін поэзияның зеңгір көгінде тұрып асқақтата жырлаған Төлеген де, біз түсінетін түркі тілдес поэзияда дүниеге өте сирек келетін ақын ретінде жасайды.

Төлеген Айбергенов азаматтық әуендегі лирикаларының бір парасы - оның достық, туысқандық тақырыбына жазылған өлеңдері. Ақынның орыс жұртына, қарақалпақ халқына, өзбек еліне, украина жеріне арналған өлеңдері - терең интернационалдық сезіммен жазылған туындылар.

Төлеген Айбергеновтің - табиғаттың да тамаша жыршысы. Ол лириканың бұл түрінде өнімді де өнегелі еңбектенген ақындардың бірі. Бұл жолда ақын табиғатты жырлаудың сонау Абайдан басталып бергі Қасымға дейінгі дәстүрлерінен толық үйреніп, сол дәстүрді одан әрі жалғастырған, дамытушылардың бірі болды. Ол табиғатты жырлауда да өзіндік өрнегі бар санаулы лириктердің бірінен саналады.

Төлегеннің поэзия әлеміне басқан қадамы - табиғат лирикаларынан басталады. Қазақ баспасөзінде тұңғыш рет жарық көрген өлеңінің аты «Пейзаж», көлемі төрт-ақ жол.

Көк шықты таудың тарғыл тасын жарып,

Арықтан сулар жатыр тасып ағып.

Аямай жерге төгіп алтын нұрын,

Күн көзі күлімдейді қасып қағып.

Бүкіл дүниені жанды қозғалыста суреттеген бұл өлеңнен Төлегеннің ізденістерін, өзіндік ерекшелігін танытуға деген талпынысын тануға болады. Ақынның бұл тақырыпта жазған өлеңдері көп. Олардың ішінде: «Көктем», «Көктем әуендері», «Жаз қақпасы», «Күзде», «Қыс туралы».

Төлеген Айбергенов махаббатты да көп жырлаған. Адам жанының қуанышы мен сүйініші де, шаттығы мен қайғысы да, сүйіспеншілік сырлары да ақын жырларында алуан қырынан көрінеді. Олардың ішінде: «Өтті ғой сәулем ай талай», «Қарай берші әппағым», «Арал қазына», «Емес еді дүние қайғы, үй қайғы», « Мені ойла», «Мен сені көргем», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Марфуға».

Төлеген шығармашылығын негізінен сыршыл өлеңдер құрайды. Демек, Айбергенов өлеңдерінде көңіл-күй лирикалары көбірек. Ақынның сырласуға шақыратын, өз мұң-шаттығын білдіретін көңіл-күй лирикаларында сезімталдық та, ойлылық та бар. Төлеген Айбергенов лирикасы туралы Б. Кәрібаеваның «Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы» атты еңбегінде: «Төлеген нәзік жанды лирик, философ тұлғаға айналды. Сезім серпілісінің үзеңгісін қаға отырып, ой толғап, ақыл қорытады»-деген пікірі - бірден-бір әділ баға.

Төлеген Айбергенов - өмір, табиғат құбылыстарының сырына сергек қарап, оның қат-қабат, алуан сырларын ашуға сезіммен, оймен талпыныс жасаған ақын. Төлеген уақыт сыры, табиғат болмысы. Отан құдіреті, адамның ғұмырының мәні туралы терең тебіренгін.

Өмір ғашық, бүкіл әлем мас маған,

Көзім заңғар, күн сияқты қырағы,

Менің денем Менделеев ашпаған,

Металдардың қоспасынан тұрады, -

деп өзі айтқандай, Төлеген Айбергенов - әлі ашылған сырынан ашылмаған сыры көп, құпиясы тереңдегі ақын. Оның шығармашылығы - әлі талай зерттеулерге объект болатын қыр-сыры мол көл-көсір дүние.

Сөз жоқ, Төлеген жырлары - қуаныш жырлары. Бірақ, бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Сондықтан, мұндай қуаныштың бояу әлемі, әуен әлемі бір ғана гаммадан тұрмайды. Онда сонау көкірек айырар күрсіністен бастап барша сезім түлегі бар, түгел көрінеді. Осындай сезім байлығы оған өмір байлығын танытады. Төлеген қысқа ғұмырын тек сол көруге, өмірді түйсіну мен түсінуге ғана арнаған тәрізді. Ол осынша аз ғұмырының ішінде өмірдің пендені қашан ажал аузына апарғанша айтпайтын, танытпайтын сыры мен сипаттарын қалай түсініп, қалай түйсініп үлгерген! Оның өмірді білуі, адамды білуі, табиғатты білуі неткен терең! Бұл жерде өмірді білу, адамды білу деп, өмір мен жайлы фактілер мен факторларды көп білуді айтып отырған жоқпыз, кез келген жас адамның ой ауқымы, сезім қарымы жете бермейтін адам қадірін, өмір қадірін, туған ел, туған жер қадірін қалай тұнғиық түсінген.

Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып,

Өмірде ұзақ жасауын үшін болғаныменен қайғың қас,

Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдыр да мені бай қылмас.

О бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен,

Қазығын таппай қайрылмас.

Әрқашан аңсап оралам саған тартпасын мені қай тарап,

Көгілдір көлге алқынып ұшқан аққудың даусын қайталап . . .

Қазір туған жер туралы толғансаң, тіліне ең алдыменосы бір жолдар оралатын болады.

Талантты ақын - ұлттың болмысы. Оның жырлары да туған халқының өзіндік өмір нақышымен, қаны бойында ойнаған табиғи қесиетімен қосыла өріліп жатады. Оның жырлары қай тілде сөйлессе де ұлттық бояумен үндеседі. Қазақтың талантты ақындарының жырларынан даланың кеңдігі сәбидің пәктігі, ұлт бойындағы даналық пен даралық есіп жататыны да сондықтан. Сондай ақынның бірі де бірігейі де Төлеген Айбергенов. Төлеген жырларынан лапылдаған жастықтың жалыны, мәрттіктің мәртебесі, сыршылдық сезімі сыңарласып, өріледі.

Сен менің өзімді көрсең,

Тұрысым осы менің.

Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сегізінші наурыз - қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің туған күні
Төлеген Айбергенов туындыларындағы лиризм
Төлеген Айбергеновтың өлеңдеріндегі жаңашылдық
Төлеген сөз жоқ талант
Көш атты өлеңінде
Ақын Мұхтар Шаханов
Әдебиеттің тектері мен түрлері
60-90 жылдардағы қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер
Қазіргі қазақ поэзиясындағы формалық ізденістер
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ поэзиясындағы ұлттық сипат
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz