Әлима Қабылқызы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   

ӘЛИМА ҚАБЫЛҚЫЗЫ

(1879-1897)

Жұбаназар Асанов,

Филология ғылымдарының докторы.

Ақтөбе облысы.

Ақын қыздың есімі көпшілік ішіне «Әлиманың сағынышы» деген ән арқылы кең тараған.

Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық,

Бәйгеден ат келеді баурын жазып.

Кешегі елден кеткен Әлима апаң,

Жіберді туған елге өлең жазып, - деп басталатын, орта биіктікте созып орындалатын мұңлы ән әлі күнге шейін ойын-тойда, бас қосуларда айтылып жүр. Әннің кеңес үкіметі кезінде кең тарауына, Әлиманың Қабыл байдың қызы екендігі бөгесін жасады. Ол кездегі таным-түсінік бойынша Әлима - үстем тап өкілі.

Жоғарыда айтылған Қабақтың бір баласы Қангелдіден Пұсырман туады. Пұсырманнан бес бала туып, олар «бес Пұсырман» атанады. Соның бірі Жарас. Жарастан Төлек, одан Сары, Сарыдан Қабыл туған. Қабылдан үш бала - Әбді, Әлима, Жапар. Қазір Әлимадан із жоқ, Әбді мен Жапардан ұрпақ бар. Сексен жетідегі Әбдіқызы Мәрзияның айтуынша, Әлима 1879 жылы дүниеге келген.

Қабыл байда Әлимадан соң он жылға шейін бала болмайды. Ақкудың көгілдіріндей сұлу Әлиманы ерке-тотай етіп өсіреді. Қымбат киініп, асыл тағынып, жорға мінеді. Әрі ақын, әрі әнші қыз ойын-тойдың көркіне айналады. Кейін басына арылмас қайғы түскенде ол күндерді:

Ақ қандай, жерім қандай, елім қандай,

Керме қас, болып тудың жазық маңдай.

Салқын үй, сапырулы қымыз ішіп -

Ішінде жатушы едік ұйқы қанбай.

Сары ойдың қамшым қалды қабағында,

Сұлудың бір белгісі тамағында.

Аққудай көл шайқаған Әлима едім,

Қор болдым Қоңыраттың шабағына, - /1/

деп еске алады.

«Жіберді туған елге өлең жазып», - деуіне қарағанда Әлима - сауатты адам.

Ақын қыздың той-томалақта жүргенде күйші Шора деген жігітке көңілі ауады. Екеуі бір-бірін ұнатады. Бірақ тап осы тұста Қоңыраттың Отарқұл деген қазағы құда түсіп, Қабыл қызын соған шұғыл түрде қосуға талап қылады.

Қысылған қыз:

Ішінде көп түйенің қызыл нарша,

Бауы бар бешпетімнің қиған барша.

Есіме сен түскенде, беу сүйгенім,

Жылаймын егіліп мен жас балаша.

Құдықтан екі шелек су аламын,

Екеуін бір-бірінен кем аламын.

Есіме сен түскенде, беу қарағым,

Уһілеп екі иықтан дем аламын.

Сені ойлап Әлимаға қайғы батқан,

Қу тағдыр жазғанынан айнымақ па?

Басқаның айрылғаны қосылады,

Екеуміз қосыламыз қай уақытта? - /2. 200/

деп сәлем жолдаса, кедей Шора:

Өмірден қалап сүйген, қалқам менің,

Көз тартқан нұр дидарлы Шолпан едің!

Сен барда көңіл күйім жарасатын,

Сен барда қиял көкпен таласатын.

Күннің де шапағымен қабаттаса,

Көрінген Шолпанға мен қарап қалсам.

Бейнеңді, сәулем, содан табатынмын,

Жаныма зор ләззатты алатынмын.

Енді сен көз алдымнан кетер болсаң,

Енді сен - арман болып өтер болсаң,

Қуарған қу тірліктің мәні бар ма,

Көңілдің шад - шадыман әні бар ма?

Сен жоқта балқып күйге, теңселем бе?

Енді мен зар төгермін шер - шеменде.

Енді мен - тірі өлікпін, сенсіз сәулем,

Дүние енді маған - сәнсіз дәурен, - /2. 202/

деп бармағын шайнап, шарасыз күй кешеді.

Әлима басына бостандық сұрайды. Қабыл көнбейді. Ұзамай, 1896 жылы жазда «Жыланды» деген жерде отырған Қабыл аулына қызды алып кетуге артынып-тартынып құдалар тобы келеді.

Қабыл бай жалғыз қызына айтудай-ақ той істейді, ат жетер жерді тегіс шақырады. Халық қара құрымдай қаптай төгіледі. Жан-жақтан өнерпаздар ағылады, ән мен күй ертелі-кеш бір толастамайды.

Өнер сайысы қызған тұста Әлима жаңадан бір ән бастайды:

Бітсе де жүзіме нұр атқан таңдай,

Нәркес көз, керме қасты, жазық маңдай,

Билігім бір басыма болмаған соң,

Алғаның жақсы еді ғой жалғыз Алла-ай.

Батырған шығармастай азабына,

Тағдырдың бұл көрсеткен мазағы ма?

Өзіне бақ-дәулеті жетуші еді,

Сатты әкем Қоңыраттың қазағына.

Ауылым «Жыландының» қабағында,

Жарқылдар жаһұт түйме тамағымда,

Ақкудай шалықтаған Әлима едім,

Қор болып күйкентайға барамын ба?!

Жасымнан әсем ән ед - жан сыйласым,

Бұл шақта жер құшты ма сол қимасым?

Қосақтап қаламаған адамыма,

Шынымен қиды ма әкем Әлимасын? /2. 203/

Дуылдасқан жүрт сілтідей тынады. Бұл ән Шалқар өңірінде әлі күнге шейін айтылып келеді.

Ақын қыздың ұзатылып бара жатқанда шығарған ел-жұртпен қоштасу әнінің мәтіні де сақталған:

Тебетей қызыл мақпал қырын кидім,

Әкемнің қырын тұрып жүгін жидым.

Әкеме қыз да болсам - ұлдай едім,

Жылатып ұзатарын биыл білдім!

Малға жай айналасы «Көкжиденің»,

Ата-анам жасымнан-ақ көп биледің.

Еңді-еңді қыршын жасқа келгенімде,

Баяны болмады ғой дүниенің.

О, халқым, көзінен жас бұлауменен,

Әлимаң күні өтер жылауменен.

Соңыма ерген - жалғыз Жапақжаным,

Апанды өзің тапшы сұрауменен. /2. 203/

Бәкір Тәжібаевтың 1985 жылы «Жұлдыз» журналында жария көрген көлемі алты беттік «Ару Әлима» атты деректі әңгімесінде біраз нәрсе қамтылған. Бірақ бұл көркем дүниеге жақын, әрі кеңес үкіметі кезі себепті кейбір шумақтарды, жолдарды тастап кетуге, немесе амалсыздан өзгертуіне тура келген. Таптық көзқарас тұрғысынан қаралған. Бұл жағдаяттарды қазбалап жатпаймыз, кейбір жаңсақ кеткен тұстарын ескерте кетпекпіз.

Біз Әлима өлеңдерін жас кезден тыңдап өстік деп жоғарыда айттық. Осы еңбекті жазарда Шалқар өңіріндегі Әлима мұрасын білетіндерге қайта жолықтық, зейнеткерлер Ахмедиев Тіркесті, Оразбай Әділбаевты, Қаракесек Әбуді және Әбдіқызы Мәрзияны қайыра тыңдадық. Бұлардың айтуынша: «Есіме сен түскенде беу сүйгенім» емес, «беу ағеке». Біздіңше де ол замандағы қыздың осылай деп айтуының ықтималдығы көп. Б. Тәжібаевта:

Құдықтан екі шелек су аламын,

Екеуін бір-бірімен тең аламын, -

делінген. Сексендегі Әбу ақсақал: «Екеуін бір-бірінен кем аламын», - дейді. Осы түрі дұрыс деген байламға келдік, себебі ғашығына қосыла алмай қайғы шеккен, ойы он тарапқа бөлінген адамның алдындағы ісінен жаңылысуы заңды құбылыс. Әлима өзінің жаңылысуы арқылы тартқан азабының ауырлығын көрсетіп отыр.

Б. Тәжібаев ұсынған түрдегі:

Малға жай айналасы «Көк жиденің»,

Ата-анам жасымнан-ақ көп биледің.

Енді-енді қыршын, жасқа келгенімде,

Баяны болмады ғой дүниенің, -

деген шумақ Шалқар ауданының «Шалқар» газетінде:

Малға жай айналасы «Көкжиденің»,

Ата-анам жастайымнан көп биледің.

Қыз болып азғана күн көрген дәурен,

Баяны болғаны жоқ боқ дүниенің, - /1/

деп берілген. Бұл нұсқаны марқұм Шойғарин Тілеужан деген журналист 1970 жылы ақпан айында Қоңыратқа барған сапарында ел жыршысы Емберген деген қарттан жазып алған екен.

Шойғарин нұсқасы ақылға қонымды. Сірә, Б. Тәжібаев өзі ақын болған соң «боқ» деген сөзден қашып, аз-маз өзгеріске ұшыратып, «жөндеп» жіберген. Дегенмен Шойғарин ұсынған нұсқада да біраз кемшіліктер бар, Әлиманың әр түрлі уақытта шығарған өлеңдері ретсіз араласып кеткен. Бұл кемшіліктер Тәжібаев нұсқасында жоқ.

Ұлы құм бойындағы «Көкжиде», «Жыланды» елді мекендері мен Қоңыраттың арасы атты адамға біраз жер. Көшке кемі апталық жол. Құм бойы Әлиманы қадірлесе, әрі өткен соң Отарқұл сыйлы, қыз көшіне түскен, қонған жерлері үлкен құрмет көрсетеді. Осыған шейін қағу көрмеген, ерке өскен Әлима сол жерлерде өлең сөзден тапжылмайды:

Өтерін жастығымның біле алмадым,

Білгендер айтып еді-ау тіл алмадым.

Көңілі ата-анамның қалар-ау деп,

Құрбымен емін-еркін күле алмадым.

Керуен кіре айдайды қатар-қатар,

Еріксіз Қоңыратқа шектім сапар.

Адамға асылық сөз бекер екен,

Әр жердің құдай айдаса дәмін татар.

Басында керегемнің бөркім қалды,

Бетімнен гүл жайнаған көркім қалды.

Бұл күнде мен - боздаған жалғыз бота,

Жерімде жастығым мен еркім қалды.

Жүк артып көшкенменен қара нарға,

Бұл шақта бақыр-тиын бағам бар ма?

Жолдаймын өлеңменен мұң-зарымды,

Басқадай Әлимада амал бар ма? -

деп сыңсиды. Екінші шумақтың соңғы екі жолын, төртінші шумақтың үшінші жолын Шойғарин нұсқасы бойынша түсіріп отырмыз. Мысалы, төртінші шумақтың үшінші жолы Тәжібаевта:

«Жолдадым мұң-зарымды ғашық жарға» делінген. Бұлай тым еркін кету, ол кездің қызына онша жараспаса керек. Әрі ол заманның қыздары, «сүйіктім, ғашығым» деп көп сұңқылдай бермесе керек.

Ал екінші шумақтың екі жолын Тәжібаевтың неге өзгерткені түсінікті, себебі «құдай» деген сөз кеңес дәуірінде атқан оқпен бірдейді.

Ақын қыз өлеңдерін қарап отырсақ әкеге деген реніші мол:

Астыма атым мінген - азбан керім,

Бар ма еді, ей, Қабеке, жазған жерім.

Ат жетпес, атан жетпес жерге беріп,

Көрмеп ем көңіліңнің қалған жерін - /3/

дейді наласын жасыра алмай.

Жалпы, Әлиманың сыңсуына сарындас сыңсуды талай қазақ қыздары ұзатылып бара жатқанда айтқаны белгілі. Жалғыз қазақ қыздары ғана емес, түркі жұрты қыздарында да бар үрдіс. Әйтсе де туысқан Ноғай халқының әдебиетіндегі төмендегі жолдардың Әлима сөзіне өте жақын келуі таңданарлық нәрсе:

Қою шашым төкпелі,

Мен әкейге өкпелі.

Өкпелі болмай қайтейін,

Бір жыл тұрсам көп пе еді?-/4. 121/

дейді Ноғай қызы.

Әлима:

Ақ қандай, жерім қандай, елім қандай,

Керме қас, болып тудық жазық маңдай.

Салқын үй, сапырулы қымыз ішіп

Ішінде жатушы едік ұйқы қанбай, -

десе, Ноғай қызы:

Басымды жаздым балменен,

Белімді будым талменен.

Ақ шешектей қыз едім,

Алдап алды малменен, -

дейді.

Әлима:

Жасымнан әсем ән еді - жан сыйласым,

Бұл шақта жер құшты ма сол қимасым.

Қосақтап қаламаған адамына,

Шынымен қиды ма әкем Әлимасын?-десе, Ноғай қызы:

Теке мүйізі тең бе екен,

Тентекке ел тар ма екен?

Теңім тауып бермеген

Әкемде ақыл бар ма екен? - /4. 121-122/

дейді.

Көш Байқадам дейтін жерге жеткенінде, Әлима аттың басын кейін бұрып, туған жеріне қашады. Жоғарыдағы әңгімесінде Б. Тәжібаев Отарқұл бурыл атпен қуады деген. Әбдіқызы Мәрзияның айтуынша желмаямен, яғни нармен қуады. Құмды жерде, шыжып тұрған күн астында көк жорға ат алысқа ұзай алмайды, төзімді желмая еркін жетеді. Тағы қашар деп күдіктенген Отарқұл, одан әрі Әлиманы кебежеге салып, түйенің теңімен өз еліне апарған. Мәрзияның айтуынша Отарқұлдың руы кішкене шекті. Кішкене шектінің бір тармағы: Ардана, Татыран, Алтынбай, Күлік болып бөлінеді, соның Күлігі. Әлиманың шешесінің аты - Байтым.

Жолай көш Сеңгір деген байдың аулына жетеді. Бұл туралы Б. Тәжібаев: «. . Отарқұл көшін Сеңгір қарсы алып, үлкен қошемет танытты. Әлиманы қара нардан түсіріп алып, жеңгелерімен бірге өз үйінің төріне шығартты бай.

Сеңгір Отарқұл тобына қонақасы берді. Әлиманы көруге жиналған адамдар да қапысыз көп болған. Әлиманың даңқын сырттай естіген қыз-бозбала жағы сол отырыста кешті көңілді өткергісі келіп, әртүрлі өнерлерін көрсетті. Кейбірінің ойы - көңілсіз тұнжыраған Әлиманың көңілін аулау ниетінде еді.

Сеңгір де Әлимаға қолқа салып:

- Қарағым Әлима, әкең Қабылды білем. Қатар өскенбіз онымен. Өз атағынды да сырттай естіп жүрміз. Қатарларың қаумалап отырғанда, үлкендер қолқалағанда, бір жағынан бізге де қызсың сен, ұялмай мына шаршы тобыңа бірдеме айтсаң қайтеді? - деп өтінеді, » - деп жазады /2. 204/. Әрине, «Ару Әлима» деректі әңгіме болғанымен, әңгіменің аты - әңгіме, көркемдеу жағы қоса жүреді.

Дей тұрғанмен, шындықтан алшақ емес. Ел аузындағы деректерде де осы Сеңгірдікінде айтыпты дейтін төмендегі шумақтар бар.

Еске алып өткенімді налып тұрмын,

Жазмыштан жабырқаулы болып тұрмын.

Түбінен Байқадамның елге қашып,

Жануар көк жорғамды зорықтырдым.

Жол шегіп Қоңыратқа шыңнан астым,

Қалды әкем обалына мендей жастың.

Күйеуге байлап берген көңіл толмай,

Сол үшін жарты жолдан кейін қаштым.

Еліме жете алмадым қашқанменен,

Құс болып ұша алмадым аспанменен.

Жоқ еді ешбір ойым, ата-анам

Қиянат талқысына тастар деген.

Аққудай Әлима едім айдын көлде,

Торынан шыға алмаған мен бір пеңде.

Тағдырым осылайша жазылған соң,

Көлімнен ұшып келіп қондым шөлге /2. 204/.

Әйелі өлген, жасы қырықка жеткен, тоңмойын, ажарсыз Отарқұлды менсінбеген Әлима оны бірде «шабаққа» баласа, бірде «күйкентайға», тағы бірде «шөлге» теңеп отыр, астарлы сөзбен өз ойынан хабардар қылып отыр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі қазақ поэзиясындағы жалғыздық концепциясының көрініс табуы
«Желтоқсан ызғары әлі күнге жүрегімді жылатып, санамды сыздатады»
Сәтбаев – академик
Пластик шөлмек
Қаныш Сәтпаев - алғашқы геолог
Ғылым және инновациялық технологиялар
Конго ойпаты және шеткі таулы қыраттар
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – Қазақстанның табиғат байлығын зертеуші
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-1964)
Ұлт тағлымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz