Ұяң дауыссыздардың түрленім жүйесі


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 5
1 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДЫБЫС ТҮРЛЕНІМІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ . . . 8
1. 1 Қазақ тілінің дыбыс құрамы . . . 12
1. 2 Қазақ тілінің артикуляциялық сипаттамасы . . . 15
1. 3 Қазақ тілінің акустикалық сипаттамасы . . . 15
1. 4 Қазақ тілінің перцепциялық сипаттамасы . . . 16
1. 5 Қазақ тіліндегі үйлесім түрленімінің жіктелім нысандары . . . 16
Түйін . . . 20
2 ҰЯҢ ДАУЫССЫЗДАРДЫҢ ТҮРЛЕНІМ ЖҮЙЕСІ . . . 21
2. 1 Д дауыссыз дыбысының негізгі варианты . . . 21
2. 1. 1 Д аә үйлесім түрленімі . . . 22
2. 1. 2 Д аі үйлесім түрленімі . . . 27
2. 1. 3 Д аұ үйлесім түрленімі . . . 30
2. 1. 4 Д аү үйлесім түрленімі . . . 34
2. 1. 5 Д ао үйлесім түрленімі . . . 37
2. 1. 6 Д аө үйлесім түрленімі . . . 39
2. 1. 7 Д ае үйлесім түрленімі . . . 44
2. 1. 8 Д әы үйлесім түрленімі . . . 48
2. 1. 9 Д әі үйлесім түрленімі . . . 50
2. 1. 10 Д әұ үйлесім түрленімі . . . 52
2. 1. 11 Д әү үйлесім түрленімі . . . 54
2. 1. 12 Д әо үйлесім түрленімі . . . 56
2. 1. 13 Д әө үйлесім түрленімі . . . 58
2. 1. 14 Д әе үйлесім түрленімі . . . 59
2. 1. 15 Д ыі үйлесім түрленімі . . . 61
2. 1. 16 Д ыұ үйлесім түрленімі . . . 63
2. 1. 17 Д ыү үйлесім түрленімі . . . 65
2. 1. 18 Д ыо үйлесім түрленімі . . . 67
2. 1. 19 Д ыө үйлесім түрленімі . . . 69
2. 1. 20 Д ые үйлесім түрленімі . . . 73
2. 1. 21 Д іұ үйлесім түрленімі . . . 75
2. 1. 22 Д іү үйлесім түрленімі . . . 77
2. 1. 23 Д іо үйлесім түрленімі . . . 79
2. 1. 24 Д іө үйлесім түрленімі . . . 80
2. 1. 25 Д іе үйлесім түрленімі . . . 82
2. 1. 26 Д ұү үйлесім түрленімі . . . 84
2. 1. 27 Д ұо үйлесім түрленімі . . . 86
2. 1. 28 Д ұө үйлесім түрленімі . . . 88
2. 1. 29 Д ұе үйлесім түрленімі . . . 89
2. 1. 30 Д үо үйлесім түрленімі . . . 91
2. 1. 31 Д үө үйлесім түрленімі . . . 93
2. 1. 32 Д үе үйлесім түрленімі . . . 94
2. 1. 33 Д оө үйлесім түрленімі . . . 96
2. 1. 34 Д ое үйлесім түрленімі . . . 98
2. 1. 35 Д өе үйлесім түрленімі . . . 100
2. 2 Бірегей дауыссыздың үйлесім түрленімі . . . 102
2. 2. 1 Ғ-Г дауыссызының үйлесім түрленімі . . . 102
2. 2. 3 З аү үйлесім түрленімі . . . 103
2. 2. 4 Ж әұ үйлесім түрленімі . . . 104
Түйін . . . 107
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 107
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 109
КІРІСПЕ
Қазақ тіл білімінде қазақ тілінің дыбыс құрамы мен жеке дыбыстардың артикуляция-акустикасы жан-жақты зерттеліп, қазақ тілінің интонация жүйесі жайлы арнайы монография мен мақалалар жарық көруде. Қазақ сөзінің сингармонизм үлгілеріне қатысты үндесім дыбыс құрамы арнайы зерттеу нысанына айналды. Осы ғылыми зерттеулердің нәтижелері академиялық грамматикаға еніп, көпшілік ғылыми қауымның қолына да тиді.
Алайда, тілдегі ең кең тараған фонетикалық құбылыс екеніне қарамай, қазақ тілі дыбыстарының үндесім түрленімімен қатар тұратын үйлесім түрленімі, енді ғана арнайы зерттеу нысанына айнала бастады. Қазақ дыбыстарының үйлесім түрленімі іргелес дыбыстардың немесе дыбыс тіркесінің әсерінен (іргелес түрленім), сөздің шебіндегі орнына қарай (шеп түрленім), сөз тіркестерінің шегарасындағы қалпына қарай (шегара түрленім) т. б. көптеген фонетикалық жайттардың негізінде қалыптасады. Сондықтан да үйлесім түрленімнің тілдегі фонетикалық (артикуляциялық, акустикалық т. б. ) көрінісі де, оны зерттеудің де амал-тәсілдері де өте күрделі боп келеді.
Осымен байланысты қазіргі қазақ теориялық фонетикасының алдында дыбыс түрленімінің фонологиялық жіктелімі мен фонетикалық сипаттамасын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу мәселесі аса өзекті.
Қазақ тіліндегі дыбыстардың ассимиляциялық түрленіміне, оның ішінде іргелес дыбыс түрленіміне арналған зерттеу тақырыбының өзектілігі теориялық жағымен қатар практикалық зәруліктерден туындайтынымен де сипатталады.
Атап айтқанда, қазақ фонетикасында енді ғана жүйелі түрде зерттеле бастаған үйлесім құбылысына қатысты дыбыс түрлерінің (варианттарының) құрамы мен артикуляциялық сипаты нақты анықталмағандықтан, олар қазақ грамматикаларына, оқулықтар мен оқу-құралдарына енбей жатыр. Іргелес түрленім мәселесі енді ғана зерттеле бастағандықтан, оның нәтижелері ғылыми және әдістемелік көпшілікке таныс емес. Сондықтан қазақ тілі дыбыстарының толық түрленім құрамы оқу бағдарламаларында ескерілмей келеді. Оқу бағдарламалары орфографиялық «әліпби» дыбыстардың сипаттамасымен ғана шектелуде, ал қазақ орфоэпиясының негізі болып табылатын дыбыс түрленімі тек айтылым сөздіктер көлемінде ғана қамтылып, сабақ-жаттығу ретінде дәрісханаларға жетпей жатыр.
Қазақ тілі дыбыстық жүйесін игеруге, үйретуге қатысты жоғарыда аталған түрленімнің теориялық және практикалық мәселелерінің зерттелу қажеттілігі тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу нысаны. Қазақ тілінің төл сөздерінің құрамындағы ұяң дауыссыздардың «дауыссыз+дауысты» дыбыс тіркестері.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты - қазақ тілінің көлемді дыбыс тобы болып табылатын ұяң дауыссыздардың іргелес түрленім үлгілерінің құрамын анықтап, олардың жасалым, айтылым және естілім белгілерінің жүйесін сипаттау.
Ол үшін төмендегідей міндеттер атқарылады:
-қазақ тіліндегі құрамында ұяң дауыссыздар бар төл сөздердің қажет мөлшердегі тізімдемесін жасау;
-ұяң дауыссыздардың құрамы мен жүйесіне фонологиялық және фонетикалық шолу;
-ұяң дауыссыздардың тіркесім жіктелімін анықтау және олардың ішінен негізгі зерттеу нысанын белгілеу;
-әрбір тіркесім түрленімнің артикуляциялық моделін жасау;
-әрбір тіркесім түрленімнің айырым белгілерін көрсету;
-тіркесім түрленімнің акустикалық көрінісін талдау;
-тіркесім түрленімдерін өзара салыстырып, айырым-ортақ белгілерін анықтау және көрнекі кесте құрастыру;
-түрленім үлгілерінің құрамын, жүйесін сипаттау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Зерттеудің негізгі жаңалықтары мен нәтижелері төмендегідей:
-қазақ тіліндегі дыбыс түрленімінің жіктелімі берілді;
-қазақ тілінің дыбыс жіктеліміне дауыс желбезегінің қатысы модельге түсірілді;
-қазақ тілінің артикуляциялық базасының мәліметтеріне сүйеніп, ұяң дыбыстардың түрленім үлгілерінің артикуляциясы анықталды және әрқайсысына тән көрнекі модель үлгісі жасалды;
-түрленім үлгілерінің жасалым, айтылым және естілім айырым-ортақ белгілерінің құрамы анықталды, көрнекі кестеге түсірілді;
-түрленім үлгілерінің акустикалық көрінісі талданып, артикуляция мен акустиканың сәйкестігі талданды;
-ұяң дауыссыз дыбыстардың түрленім үлгілері өзара салыстырылып, мүмкін болған араласымы (комбинациясы) түгел қамтылды;
-қазақ тіліндегі түрленім үлгілерінің құрамынан іргелес түрленімнің фонетика-фонологиялық орны анықталды.
Зерттеу әдісі: фонологиялық (айырым белгілер жүйесі), фонетикалық (жасалым, айтылым, естілім) талдау және модельдеу.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері қазақ фонетикасының дыбыс түрленім теориясына, айырым белгілер теориясына, артикуляциялық сипаттама мен талданым саласына, салыстырма-типологиялық ізденістерге өзіндік үлес қоса алады. Практикалық тұрғыдан зерттеу нәтижелерін айтылым сөздіктер құрастыруға, дыбыс түрленімі жайлы арнайы курстар жүргізуге, қазақ грамматикасын жаңа бөліммен толықтыруға, оқу-әдістеме (әсіресе, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретуде) жұмыстарын жетілдіруге, көрнекі құралдар (артикуляциялық альбомдар т. б. ) мен компьютер бағдарламаларын жасауға пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:
-қазақ тіліндегі түрленім құбылысы өзіндік тілдік бірлік болып табылады;
-қазақ тіліндегі түрленім құбылысының дербес ғылыми аппараты (ұғымдар мен атаулар, зерттеу әдістері) қалыптасқан;
-қазақ тіліндегі түрленім үлгілерінің өзіндік жіктелім белгілері бар;
-қазақ тіліндегі іргелі үндесім түрленімнен басқа фонетика-фонологиялық сипаты бөлек үйлесім түрленім бар;
-үндесім түрленім мен үйлесім түрленімнің дыбыс құрамы өз алдарына жіктеліп шығады және артикуляциялық тұрғыдан өзара ерекшеленеді;
-үндесім түрленім фонологиялық құбылыс ретінде қазақ сөзінің мағынасын ажыратады, сондықтан оның артикуляциялық естілімі анық болады;
-үйлесім түрленім фонетикалық құбылыс ретінде қазақ сөзінің табиғи айтылымын қамтамасыз етеді, сондықтан оның артикуляциялық естілімі көмескі болады;
-үндесім түрленім жасалым-естілім белгілерді белгілі бір шектеулі топқа жинақтайды (қазақ тілінде төрт әуез бар), үйлесім түрленім, керісінше, таратады;
-үйлесім түрленім қазақ тіліндегі дыбыс түрленімінің бірі болып табылады.
Зерттеудің дерек көздері. Қазақ тілтанымының соңғы жиынтық нәтижесі болып табылатын «Қазақ грамматикасы», қазақ тілі дыбыстарының жасалым қоры, оқулықтардың фонетика бөлімі.
Зерттеу жұмысының мақұлдануы мен жарияланымы. Зерттеу нәтижелері «Академик Р. Сыздық және қазақ тіл білімі мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (2004), «Академик Ә. Т. Қайдар және тіл білімінің мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (2004), «Қазақ әдеби тілінің тарихы мен диалектологиясы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (2006), А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы Лингвистикалық семинарда баяндалып, ғылыми басылымдарда 6 (оның ішінде Комитет тізімі бойынша - 3) мақала ретінде жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе, үш бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДЫБЫС ТҮРЛЕНІМІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ
Қазақ фонетикасының ғылыми әдебиетін шолып қарағанда, дыбыстардың үйлесім (ассимилятив) түрленіміне арналған, әсіресе, артикуляциялық еңбектердің өте тапшы екенін көруге болады. Мұның өзі қазақ тіліндегі үйлесім түрленімнің артикуляциялық жағы арнайы зерттеу нысанына айналмағанын көрсетеді.
Қазақ тілі дыбыстарының зерттелу жайы сөз болғанда алдымен көзге түсетін жай - оның дыбыс құрамының сөз болатындығы. Сонан соң барып әрбір дыбыстың артикуляциясы сипатталатын болды. Құралғы (экспериментал) фонетиканың дамуына байланысты қазақ тілі дыбыстарының акустикалық табиғатына жан-жақты көңіл бөлінді. Одан бері келе қазақ тілі дыбыстары перцепциялық тұрғыдан талдана бастады.
Жалпы қазақ тілі дыбыстарының зерттелу барысы кешенді зерттелімге айналды. Осындай қорытынды жасауға қазақ тілі дыбыстарының әртүрлі аспектілеріне арналған еңбектердің молдығы дәлел бола алады.
Қазақ фонетикасының ХІХ ғ. бастау көзінде тұрған Н. И. Ильминский [1], П. М. Мелиоранский [2], В. В. Радлов [3; 4] т. б. болса, ХХ ғ. басында А. Байтұрсынұлы [5], Х. Досмұхамедұлы [6; 7], Қ. Кемеңгерұлы [8], Қ. Жұбанов [9] т. б. қазақ фонетикасының зерттелу деңгейін жаңа деңгейге көтерді, қазақ сөзінің төл айтылым үлгісі осы зерттеулерге негіз болды. ХХ ғ. екінші жартысына қарай І. Кеңесбаев [10], Б. Қалиев [11], Ж. Аралбаев [12], Ә. Нұрмаханова [13], С. Мырзабеков [14; 15], А. Айғабылов [16; 17] т. б орыс және батыс фонетистерінің іргелі (фундаментал) фонема теориясына сүйене отырып талдап шықты. Аталған ғалымдардың зерттеулері оқулықтар мен оқу бағдарламаларына толық еніп, осы күнге дейін дәрісханаларда пайдаланылып келеді. С. Мырзабеков өзінің көптеген еңбектерінде [18] А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлының еңбектеріне сүйеніп қазақ сөзінің айтылым үлгілеріне қатысты мол мұра қалдырды, қазіргі кезде шәкірттері С. Ақымбек [19] т. б. ғалым салған мектеп жолын жалғастырып келеді.
Қазақ тілінің дыбыс түрленіміне келгенде зерттеушілердің тек жуан-жіңішкелікке ғана мән беріп отырғанын көреміз. Жуан-жіңішкелікті алғаш аңғарғандардың бірі Н. И. Ильминский болған: «Подобно гласным согласные бывают толстые и тонкие» [1, 8] деп жазады. Қазақ сөздерінің құрамындағы үндесім белгілердің алғаш аталып отырғанын көреміз. Кезінде В. В. Радлов түркі тілдеріндегі л дауыссызының екі түрлі жуан-жіңішке болып дыбысталатынына мән беріп, жазуда екі түрлі таңбалап отырған [4] . Бірде дауыссыздың жіңішке вариантын l деп белгілесе, енді бірде оның жуан вариантын ł деп белгілеп отырған және дауыссыздың екі түрлі айтылатынына қарап екі дыбыс дегенге меңзейді. Бұл сол кездегі түркі тілдерін зерттеген ғалымдардың бәріне тән пікір болған.
Алайда өзге дауыссыздардың жуан-жіңішкелік белгілерін жеке-жеке таңбаламаған. Дауыссыздардың үйлесім түрленіміне де мән берілмеген.
А. Байтұрсынұлы қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтағанда да дыбыстардың үндесім варианттарына баса көңіл бөліп отырған. Ғалым қазақ тілінің негізгі әліпби үлгілерін түгендей келіп, «өзге 19 дыбыстардың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады» [5, 324] . Сонда қазақ тілінде бас-аяғы 43 дауысты-дауыссыз дыбыс бар деген қорытынды жасайды. А. Байтұрсынұлы жуан-жіңішкелік дауысты мен дауыссызға бірдей тән деп қарап, қазақ тілінде 5 дауысты бар деген қорытындыға келеді.
Бұл жерде де қазақ тілінің дыбыс құрамы үндесім тұрғысынан және де тілдің көлденең қалпына байланысты бірде жуан, бірде жіңішке айтылатын дыбыс белгілері ескеріліп отыр. А. Байтұрсынұлы пікірінің ең басты құндылығы деп үндесім әуезінің қазақ тіліндегі барлық дыбыстарға бірдей тән деп отырғандығын айтамыз. Бұл өзіне дейінгі зерттеушілер мән бермеген тілдік (фонетикалық) құбылыстың қазақ тілі үшін маңызын ашып берген нәтиже болды.
Қазақ сөзінің үндесім айтылуына сол тұстағы қазақ зерттеушілердің бәрі көңіл аударған. Х. Досмұхамедұлы «Бір сөздің жуан, я жіңішке болып екі түрлі айтылуы қазақ-қырғыз тіліндегі әр дыбыстың біресе жуан, біресе жіңішке болып қос айтылуынан» [6, 83] деп түйіндейді. Х. Досмұхамедұлы жуан және жіңішке айтылымның артикуляциялық себебін де түсіндіріп өткен: «Дыбыс жуан айтылғанда тілдің түбімен айтылып, тамақтан (көмейден) шыққандай болып сезіледі; сол дыбыс жіңішке айтылғанда тілдің ұшымен сөйлегендей болып, ауыздың алдыңғы жағынан шыққандай болып сезіледі» [6, 83] . Әрине ол кезде қазіргідей қалыптасқан артикуляциялық ғылыми аппарат болған жоқ, сондықтан да анықтама қарапайым тілмен түсіндіріліп отыр. Ғалым «сол дыбыс» деп әңгіме тек бір дыбыстың екі үндесім варианты жайлы айтып отырғандығын баса көрсетеді. Оны қазіргі фонетикалық тілмен айтсақ, дыбыстың «үндесім аллофоны немесе варианты» болып шығады.
Қ. Кемеңгерұлының қазақ тілінің дыбыс құрамын талдағанда «фонема» атауын негізгі фонетикалық бірлік ретінде пайдаланғанын көреміз. Сонымен қатар қажет деген жерінде кейбір дыбыстардың артикуляциясының сипаттамасын берген.
Толық фонологиялық (фонема) деңгейдегі фонетикалық зерттеуді Қ. Жұбанов еңбектерінен табамыз [9] . Қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық жүйесін әр дыбыс үшін жеке анықтама ретінде беріп, артикуляциялық белгілеріне қарай жарыстыра сипаттап шыққан, артикуляциялық талдаудың нәтижелері кесте түрінде көрнекіленіп отырған.
Өткен ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тілінің дыбыс құрамына деген көзқарас сингармонизм фонологиясы деңгейінде шешіліп үлгергенін көреміз.
Қазақ тіліндегі үйлесім түрленім сықылды күрделі дыбыс түрленімі болса бұл кезде де зерттеу нысанына айналмағанын көреміз.
Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ фонетикасы жаңа деңгейге көтерілді, оның басты белгісі ретінде қазақ тілі дыбыстарының әрқайсысына өз алдына артикуляциялық сипаттама беріле бастағаны болатын.
Қазақ тілі дыбыстарының түрленім (вариант) құрамы негізінен қ-к, ғ-г дауыссыздарының артикуляциясына байланысты болды. І. Кеңесбаев «Қ мен к бір фонеманың екі түрлі айтылуы (немесе жуанды, жіңішкелі варианты) деп қарау дұрыс емес» [10, 251] деп, олардың арасындағы артикуляциялық айырмашылықты сөз мағынасын ажыратудың тәсілі ретінде қарастырады, ал қалған «дауыссыздардың әрқайсысының жуан-жіңішкелі болып келуінің фонематикалық мағынаға әсері жоқ» [10, 251] деген қорытындыға келеді. Сол кездегі фонетикалық теория осы қағиданы берік ұстап отырды. Ғылыми еңбектер мен оқулықтарда олар жеке фонема ретінде берілді.
Сингармонизм теориясының дамуына байланысты қазақ тілінің дыбыс құрамы үндесім тұрғысынан қайта қарастырыла бастады. Сингармонизм теориясы қазақ тілі дыбыстарының құрамын тек «әліпби дыбыстармен» («әліпби дыбыстар» деп Ә. Жүнісбек қазіргі әліпби тізіміне еніп отырған отырған дыбыстарды атайды) шектеуге болмайтынын көрсетті. А. Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын жан-жақты зерттей келіп, М. Жүсіпұлы [20; 21] қазақ тілі дыбыстарының айтылым құрамы күрделі екенін көрсетті. Қазақ жазуының негізінде сингармонизм жатқанын және алдағы уақытта да емле-ережеге сингармонизмнің тікелей қатысы болу керектігін дәлелдеп, ұсыныстар жасаған. Сингармонизммен арнайы шұғылданған Ә. Жүнісбек [22] оның екпін, тон тәрізді сөзқұрауыштық қызметінің табиғатын ашып берді. Үнді-европа тілдерінде екпіннің, буын тілдерде тонның тілдегі дыбыстардың басын құрап, сөз етіп біріктіретін қызметі түркі (оның ішінде қазақ тілі) тілдерінде сингармонизмге тән екен. Соған орай қазақ тілінің дыбыс құрамының әуез жіктелімін ұсынды. Сингармонизм тұрғысынан қазақ тілі дыбыстарының үндесім түрленімін Ж. Нәзбиев « . . . метод сингармонической сегментации казахской речи . . . позволяет выявить и описать все произносительные единицы в казахском языке и провести их сингармоническую интерпретацию» [23; 24 ] деп талдап шықты.
Фонетиканың әр түрлі саласындағы мамандар үшін зерттеу нысаны ортақ, ол - қазақ тілінің дыбыс құрамы, бірақ әркім өз тұрғысынан, басқаша айтқанда, қай тілдік деңгейде немесе қандай құбылыс ретінде талдайды, зерттеудің мақсаты мен міндеті соған байланысты болады.
Осы кезден бастап экспериментал фонетиканың әдістері кеңінен пайдаланыла бастады. Экспериментал зерттеулер, негізінен, акустикалық талдаудың тиімді әдісі болды. Акустикалық зерттеулердің басында М. Исаев [25; 26], М. Райымбекова [27; 28], С. Татубаев [29], А. Қошқаров [30], З. Өтебаева [31], В. Шварцман [32] т. б. болды.
Акустикалық талдаумен қатар артикуляциялық талдау да қатар жүрді.
Рентген қондырғысы арқылы алынған дыбыс жасалымының көшірмесін А. Симонова [33], А. Исенгельдина [34], Ә. Жүнісбеков [35] еңбектерінен көреміз. Бұлар қазақ тілі дыбыстарының нақты артикуляциясын көрсететін еңбектер болды. Сөйтіп қазақ тілінің сипаттама артикуляциясына экспериментал артикуляция келіп қосылды. Қазақ тілі дыбыстарының жасалым жолдарын көрсететін шынайы рентген сызбалар жасалды.
Тіл дыбыстарының табиғатын бейнелейтін өлшемдердің бірі дыбыстың естілімі болып табылады. Қазақ тіліндегі дыбыстардың перцепциясын зерттеудің нәтижелерін осы саладағы алғашқы ізденістер болып табылатын Ж. Әбуов [36] еңбектерінен табамыз. Тіл дыбыстарын адамның естілім түйсігі қалай қабылдайды, соны анықтау нәтижесінде фонетикалық құбылыстардың табиғатын ашуға болатынын түсіндірді. Сөз айтылымына қатысты оның шәкірті М. Әлімбаев [37] алдыңғы ғасыр жазба деректерін талдап келеді. Сол кездегі зерттеушілер қазақ сөзін қалай естісе солай жазып алып отырғандықтан, олардың грамматикалық материал ретінде жинап, сөздік ретінде құрастырған қолжазбаларын қазіргі кездегі үнтаспа жазбаларымен қатар қоюға болады деген пікір ұсынады.
Қазақ тілінің интонация жүйесі де экспериментал әдістер арқылы кеңінен зерттеле бастады. Интонациялық зерттеулердің бастамасын Түркпенбаев [38] т. б. еңбектерінен кездестіреміз. Бертін келе қазақ тілінің интонация жүйесі жаңа теориялық тұрғыдан зерттеле бастады. Соның нәтижесінде қазақ грамматикасының интонация бөлімі өзалдына жеке бөлім болып қалыптасты. Бұл саладағы тың нәтижелерді З. Базарбаева [39; 40] анықтады. Қазақ тілінің интонация жүйесінің құрылымды бірліктері ретінде З. Базарбаева енгізген «интонациялық конструкция» атауын ерекше айтуға болады. Қазақ тіліне тән интонеманың 8 түрін ұсынып отыр. Соның нәтижесінде қазақ мәтінін тұтас бірлік ретінде талдап, интонациялық табиғатын көрнекілеп шығуға болатын болды. Интонациялық зерттеулер З. Базарбаеваның шәкірттері А. Фазылжанованың [41], Т. Кеншінбайдың [42], Ж. Кеншінбайдың [43], А. Аманбаеваның [44], тарихи фонетикадан Ж. Жұмабаеваның [45] зерттеулерімен толығып жатыр.
Фонетикалық зерттеулердің негізгі әдістерінің бірі ретінде қазақ тілі дыбыстарының артикуляциясының айырым-ортақ белгілерін пайдаланып модельдеу әдісі басталды. Бұл бағыттағы зерттеулерге негіз болып отырған Ә. Жүнісбек [46; 47] ұсынған «қазақ тілінің артикуляциялық базасы» болып отыр. Қазақ тілінің артикуляциялық базасының үлгісі фонетикалық зерттеулердің жаңа бағытын ашып отыр. Мұндағы негізгі теориялық идея кез келген тіл дыбысының негізінде артикуляция жатады. Ендеше «фонетикалық зерттеулер дыбыс, дыбыс тіркесі, буын, сөз т. б. деңгейдегі бірліктердің артикуляциясын анықтаудан басталу керек» [проф. Ә. Жүнісбектің аудитория және семинар дәрістерінен] . Артикуляциялық база үлгісінде қазақ тіліне тән мүмкін болған жасалым белгілердің бәрі көрнекіленген және олардың толық сипаттамасы берілген. Мұның өзін қазақ артикуляциясының «мәлімет қоры» деп қараса да болады. Үлгідегі айырым-ортақ белгілердің араласымынан (комбинациясынан) қазақ тіліндегі үндесім, үйлесім, тіркес (іргелес), шеп, сөз тіркес, шегара, сөйлем т. б. түрленімдердің бәрін ғылыми талдап шығуға мүмкіндік туады. Үлгідегі белгілердің араласым саны «шексіз» десе де болады, өйткені тілдің айтылым мүмкіндігі өте күрделі. Сондықтан қай зерттеуші болмасын кез келген фонетикалық тақырыпқа артикуляциялық сипаттама мен артикуляциялық үлгіні осы «мәлімет қорынан» таба алады. Әрі қарай зерттеуші өзінің зерттеу нысанына байланысты артикуляциялық үлгіні зерттеу амалы ретінде пайдаланып кете алады.
Қазақ тілінің артикуляциялық базасының үлгісін пайдаланып жүргізіліп жатқан зерттеулер молайып келеді. І. Оразалин [48], Ә. Бәйімбетова [49] қазақ тілі дыбыстарын жасалу тәсіліне қарай топтап, жуысыңқы және тоғысыңқы дауыссыздарды зерттеу нысаны етті, Ж. Исаева [50] дауыс желбезегінің қатысын ескеріп, үнді дауыссыздарды, Г. Қайдарова [51] буын артикуляциясына бағыттап, Қ. Зәуірбекова [52] зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz