Өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы



Кіріспе
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Адамзат аударма арқылы араласып-құраласады. Біз өмір сүріп жатқан әлемнің іштей белгілі бір жүйеге құрылғандығы, адам тіршілігінің кез келген қимыл-қарекеті өзінше шағын жүйе екендігі, онсыз әлемнің тұтас жүйесі жасалмайтындығы белгілі. Адамзат тілдерінің арасында да коммуникацияның өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер арасындағы осындай байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі – аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың бірі деуге де болады.
Аударма ұғымы – кең ұғым. Зерттеуде тек көркем аударма, соның ішінде поэзия аудармасы ғана сөз етілетін болады. Зерттеудің тақырыбындағы “өлең аудармасы” тіркесі нақты өлеңнің ғана аудармасы емес, “стихотворный перевод”, яғни жалпы өлеңмен жазылған көркем шығармалардың аудармасы деген тұрғыда қолданылып тұр.
Көркем аударма – аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала. Көптеген зерттеушілердің аударма теориясы тұрғысынан көркем аударманы “Жалпы аударма” курсының дербес пәні ретінде қарастыруды ұсынатыны тегін емес. Олай дейтіні – көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал поэзия аудармасында тәржімешіге мәтінді өзінше пайымдау, бажайлау тұрғысынан бөлекше жауапкершілік жүктелетіндіктен, аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушы¬лық, стилистік дарын да талап етіледі. Жұмыста қазақ поэзия аудармасының арғы-бергідегі өткен жолы мүмкін болғанынша толық сараланып, теориялық тұрғыдан таразыланды.
Зерттеудің өзектілігі. Зерттеудің өзектілігі, біріншіден, Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынастар жүйесінің жаңа деңгейіне ауысуымен, екіншіден, жаһандану үдерісінің бүкіл әлемді қамтыған ауқымына орай аударманың біздің өмірімізде алар орны алдағы кезеңде айрықша арта түсетіндігімен байланысты.
Қазақ поэзия аудармасының арғы-бергідегі жүріп өткен жолын, бел-белестерін бажайлау, ізденістері мен іркілістерін саралау – ұлттың көркемдік ойының бүгінгі биігін бағамдаудың, алда алар асуларын белгілеудің бір жолы. Бұл жолға талдау жасау арқылы тәржіменің халқымыз тарихында қандайлық қомақты орын алғанын ғана емес, сонымен бірге келешек замандарда атқарар рөлінің де бөлекше болатынын көрсете аламыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Ларин Б. Теория и критика перевода. Л., 1962, 3-бет.
2. Любимов Н. Перевод – искусство. Мына кітаптан: Перевод – средство взаимного сближения народов. М., 1987, 141-142-беттер.
3. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. А., 1962.
4. Университетское переводоведение. Выпуск 3. СП. 2002.
5. Оболенская Ю.Л. Художественный перевод и межкультурная коммуникация. М., 2006, 5-бет.
6. Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. М., 1979, 334-335 беттер.
7. Фасмер М. Этимологический словарь русского языка. В четырех томах. СП. “Азбука”, 1996. Т. ІV, 72-бет.
8. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. А., 1994, 31-бет.
9. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. А., 1986, 212-бет.
10. Нелюбин Л. Толковый переводоведческий словарь. М., 2004.
11. Левый И. Состояние теоретической мысли в области перевода. Мастерство перевода – 1969. М., 1970, 119-бет.
12. Елеукенов Ш. Сұлулыққа іңкәрлік. А., 1999, 247-бет.
13. Сурат И. Кто из богов мне возвратил… Новый мир. 1994, ¹9.
14. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. А., 1984, 20-бет.
15. Сейітжанов Қ. Алтын Орда дәуірі түркі классикалық поэзиясының көркемдік ерекшеліктері және қазақ әдебиетімен дәстүр сабақтастығы (“Мұхаббат-нама”, “Хұсрау-Шырын” поэмалары негізінде). Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Астана, 2003, 17-бет.
16. Қасқабасов С., Әзібаева Б. Бабалар сөзі. 1 том. Астана,2004, 26-бет.
17. Скосырев П. Наследство и поиски. М., 1961, 285-286 беттер.
18. Маяковский В.В. Собр. соч. т. 10, 274-бет.
19. Мастерство перевода – 1962.М., 1963, 131-бет.
20. Слуцкий Б. Кому переводить? Иностранная литература. 1972, ¹2.
21. Мырза Әли Қ. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. 13-том. А., 2005, 329-330-беттер.
22. Байтұрсынов А. Шығармалары. А., 1989, 192-бет.
23. Қабдолов З. Сөз өнері. А.,1976, 264-бет.
24. Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. А., 2004, 503-бет.
25. Кашкин И. Для читателя-современника. М., 1968, 439-440 беттер.
26. Огнев В. Горизонты поэзии. М., В двух томах. 2-том. 337-бет.
27. Мағауин М. Ғасырлар бедері. А., 1991, 250-бет.
28. Талжанов С. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. А., 1975, 147-бет.
29. Сдобников В., Петрова О. Теория перевода. М., 2006, 19-бет.
30. Алексеева И. Введение в переводоведение. М.-С-П., 2006, 52-бет.
31. Нұртазин Т. Абай және орыстың классикалық әдебиеті. Майдан. 1945, ¹ 2.
32. Полубиченко Л. Глобализация как бесконечный процесс перевода с английского. Четвертые Федоровские чтения. Вып. 4. С-П. 2003, 276-284-беттер.

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 36 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 821.512.122-1’25                    Қолжазба құқығында

АБДРАХМАНОВ САУЫТБЕК

Өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы

10.01.02 – Қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007

Диссертация Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
комитеті М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қазіргі қазақ
әдебиеті бөлімінде орындалды.

Ғылыми кеңесші:                    ҚР ҰҒА академигі, филология
                                                         ғылымдарының
докторы, профессор
                                                         Қасқабасов С.А.

Ресми оппоненттер:                филология ғылымдарының докторы,
                                                         профессор
Ысмағұлов Ж.
                                                     
                                                         филология
ғылымдарының докторы,
                                                         профессор Жүсіп
Қ.П.
                                                        
                                                         филология
ғылымдарының докторы,
                                                         профессор
Әбдезұлы Қ.

                                                        
Жетекші ұйым:                         Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
                                                         ұлттық
университеті

Диссертация 2007 жылғы 16 қарашада сағат 15.00-де ҚР БҒМ М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы филология  ғылымдарының 
докторы  ғылыми  дәрежесін беру жөніндегі Д53.34.01 диссертациялық кеңестің
мәжілісінде қорғалады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым  министрлігінің
Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2007 жылғы “____” ________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым-хатшысы
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент                                          Қорабай  С.С.
 КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Адамзат аударма арқылы араласып-құраласады.
Біз өмір сүріп жатқан әлемнің іштей белгілі бір жүйеге құрылғандығы, адам
тіршілігінің кез келген қимыл-қарекеті өзінше шағын жүйе екендігі, онсыз
әлемнің тұтас жүйесі жасалмайтындығы белгілі. Адамзат тілдерінің арасында
да коммуникацияның өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер
арасындағы осындай байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі – аударма.
Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың
бірі деуге де болады.
 Аударма ұғымы – кең ұғым. Зерттеуде тек көркем аударма, соның ішінде
поэзия аудармасы ғана сөз етілетін болады. Зерттеудің тақырыбындағы “өлең
аудармасы” тіркесі нақты өлеңнің ғана аудармасы емес, “стихотворный
перевод”, яғни жалпы өлеңмен жазылған көркем шығармалардың аудармасы деген
тұрғыда қолданылып тұр.   
Көркем аударма – аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала.
Көптеген зерттеушілердің аударма теориясы тұрғысынан көркем аударманы
“Жалпы аударма” курсының дербес пәні ретінде қарастыруды ұсынатыны тегін
емес. Олай дейтіні – көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының
лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне
қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал поэзия аудармасында тәржімешіге
мәтінді өзінше пайымдау, бажайлау тұрғысынан бөлекше жауапкершілік
жүктелетіндіктен, аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында
жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушылық, стилистік
дарын да талап етіледі. Жұмыста қазақ поэзия аудармасының арғы-бергідегі
өткен жолы мүмкін болғанынша толық сараланып, теориялық тұрғыдан
таразыланды.
Зерттеудің өзектілігі. Зерттеудің өзектілігі, біріншіден, Қазақстан
Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынастар
жүйесінің жаңа деңгейіне ауысуымен, екіншіден, жаһандану үдерісінің бүкіл
әлемді қамтыған ауқымына орай аударманың біздің өмірімізде алар орны алдағы
кезеңде айрықша арта түсетіндігімен байланысты.
Қазақ поэзия аудармасының арғы-бергідегі жүріп өткен жолын, бел-
белестерін бажайлау, ізденістері мен іркілістерін саралау – ұлттың
көркемдік ойының бүгінгі биігін бағамдаудың, алда алар асуларын белгілеудің
бір жолы. Бұл жолға талдау жасау арқылы  тәржіменің халқымыз тарихында
қандайлық қомақты орын алғанын ғана емес, сонымен бірге келешек замандарда
атқарар рөлінің де бөлекше болатынын көрсете аламыз. 
Бүгінгі таңда аударма қазақ тіліне әлем әдебиетінің ең шоқтықты
шығармаларын төгілте түсіру арқылы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін
асыруға ықпал жасай алады. Қазақ поэзия аудармасының мұндай кемелдікке келу
кезеңдерін теориялық тұрғыдан тұжырымдай талдау оның келешектегі көркемдік
көкжиегін кеңейту жолдарын қарастыруға септесетін болады.
Зерттеудің дереккөздері. Қазақ әдебиеттануы мен тіл ғылымында
аударматанудың алар орны онша қомақты емес. Бұл төл топырағымызда тәржімеге
қатысты зерттеулердің кенжелеп қалуынан орын алып отырған олқылық деуге де
болмайды. Жалпы, аударматану әлемде ғылыми пән ретінде жиырмасыншы ғасырдың
екінші жартысында ғана орнықты. Оның үстіне кешегі кеңестік кезеңде кез
келген мәселенің негізгі, түйінді теориялық проблемаларымен түбірлеп
айналысу Орталықтың еншісіне қалдырылатын да, ұлт республикаларындағы
әдебиеттану ғылымының әлеуеті көбіне-көп ұлттық сөз өнерінің төл
туындыларын талдаумен тежелетін. Аударманың халықтар достығының дәнекері
ретіндегі қызметі алдыңғы қатарға шығарылып қарастырылғандықтан, тәржіме
туындылары бәрінен бұрын әдеби байланыстар тұрғысынан сөз етіліп, аударма
категориялары, нормалары, типологиясы, эволюциясы, өлең жүйесіне, өлшеміне
әкелетін өзгерістері сияқты көптеген мәселелер екінші қатарға ысырылып қала
беретін. Идеологиялық қағидалармен қабыспауына байланысты ол кезде діни
сипаттағы нәзиралық дастандар, көптеген ғашықтық, батырлық қиссалар
жарияланған жоқ, сондықтан тәржіметану тұрғысынан талданған да жоқ. Соның
өзінде де негізін Мұхтар Әуезов қалап берген қазақ аударматануы қалыптасып,
С.Талжанов, Ө.Айтбаев, Н.Сағындықова, Ә.Сатыбалдиев, З.Тұрарбеков,
С.Нұрышев, М.Жанғалин, С.Сейітов сияқты аударма мәселелерімен тікелей
айналысқан ғалымдар, қаламгерлер шықты, аударма мәселелерін қарастырған
С.Талжанов пен Н.Сағындықованың, әдеби байланыстар проблемаларына арналған
И.Ғабдировтің, Қ.Кереева-Қанафиеваның, Ө.Күмісбаевтың, А.Қыраубаеваның
докторлық диссертациялары дайындалды, бұл тақырыпқа арнаулы зерттеулер
жазбағанымен, аударма мәселелері ғалымдарымыз, әдебиетшілеріміз, ақын-
жазушыларымыз Ғ.Мүсіреповтің, З.Ахметовтің, Ш.Сәтбаеваның, М.Қаратаевтың,
З.Қабдоловтың, Қ.Нұрмахановтың, С.Қирабаевтың, Ш.Елеукеновтің,
Р.Сыздықованың, Р.Нұрғалидың, А.Егеубаевтың, Ж.Дәдебаевтың, тағы
басқалардың еңбектерінде, сын кітаптарында, мақалаларында дәйім қозғалып
отырды. 2007 жылға дейін филология ғылымдарының әдебиеттану саласы бойынша
аударма мәселелерін сөз еткен 2 докторлық, 28 кандидаттық диссертация
қорғалғанының өзі қазақ аударматануының біраз асуларды алғанын көрсетеді.
Орыс және алыс шетел ғалымдарының әдеби байланыстар мен көркем аударма
проблемалары бойынша теориялық еңбектері кейінгі жиырма шақты жылдың ішінде
тың ізденістермен толыға түсті. Кезінде аударма теориясының іргелі
зерттеулері ретінде мойындалған бірқатар туындылармен қатар, олар да осы
жұмыстың арқауы ретінде ұсталды.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Аударма – лингвистика заңдылықтарына арқа
сүйеу арқылы тіларалық коммуникация міндеттерін шешетін сөз өнерінің өзгеше
түрі. Көркем аударманың жемісі ретінде зерттеу  қарастыратын поэзиялық
тәржіме – алдымен әдебиеттану нысаны. Ең бастысы – бұған дейін қазақ көркем
аудармасының (рас, көбіне проза аудармасы сөз етіледі) жекелеген кезеңдері,
жекелеген авторлар аудармасы,  аудармашылар шығармашылығы, сондай-ақ әдеби
байланыстар жайында зерттеулер, кандидаттық диссертациялар, хрестоматиялар,
аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері қазақ поэзиясының орыс тіліне
аударылу проблемалары туралы докторлық диссертациялар дайындалғанымен,
қазақ поэзия аудармасының теориялық мәселелері, бүкіл бел-белестері,
поэтикасы арнаулы, көлемді зерттеудің арқауына айналған емес.
 Қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер белгіленді:
–       тәржіменің теориялық ой-қисындарын жинақтай көрсету;
–       өлең тәржімесінің өзіндік ерекшеліктерін таныту;
–       қазақ поэзия аудармасының даму кезеңдерін белгілеу;
–       поэзия аудармасының эволюциялық жолын зерттеу;
–       аударманың тілді байыту тәсілдерін талдау;
–       аударманың төл әдебиетке ықпалын анықтау;
–       аударманың әдіс-тәсілдерін сипаттау;
–       тәржіме тағылымдарын қорытындылау.
Зерттеудің нысаны. Диссертациялық жұмыста қазақ өлең аудармасының
қалыптасу, даму белестері мүмкін болғанынша түгел қамтылады. Поэтикалық
тәржіменің жалпы тарихына қысқаша шолу жасау, аудармаға әр замандағы
көзқарастарды саралап айту арқылы өлең аудармасының барлық тілдерге ортақ
заңдылықтары ашылып, өзіндік қасиеттері, мүмкіндіктері көрсетіледі.
Зерттеудің басты нысаны – ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдағы поэзия
аудармасы. Сонымен бірге, қазақ тіліне арғы-бергіде аударылған өзге
туындылар да қарастырылды.
Зерттеудің пәні. Бұрынғы ғасырлардағы арқауы өзге тілдердегі, ең алдымен
түркі, араб, парсы тілдеріндегі шығармалардан алынып, негізінен нәзира
түрінде қазақшаға түсірілген қисса, дастандарды айтпағанда, жаңа жазба
әдебиет берік орныққалы бергі соңғы бір жарым ғасыр аясында қазақтың поэзия
аудармасы мол қазына жинады. Әлем әдебиетіндегі атақты ақындардың әйгілі
шығармалары туған тілімізге тәржімеленіп, сөз өнеріміздің қоржынына
қосылды. Соңғы бір ғасырға жуық уақыт аясында бұл жұмыс мемлекеттік
деңгейде атқарылып, жүйелі, мақсатты сипат алды. Өлең аудармасына қазақ
жырындағы таланттардың бәрі дерлік тартылып, аударма арқылы ұлттық
поэзиямыздың көркемдік құралдары анағұрлым молыға түсті. Тарих табыстырған,
тағдыр тоғыстырған орыс халқының төл поэзиясынан аударма жасау кең құлаш
жайды. Орыс тілі арқылы сол тілге аударылған әлем поэзиясының, күні кешеге
дейін бір елдің құрамында өмір сүрген, қазір де алуан-алуан ықпалдастық
жіптерімен жалғасып жатқан мемлекеттердің өлең-жырларының таңдаулылары
тәржімеленді. Тәржіменің түр-түрі шығып, туыстас түркі тілдерінен ғана
емес, өзге топтардағы тілдерден де тікелей аудару тәжірибеге ене бастады.
Бұл қазынаны мыңжылдықтар межесінде, ғасырлар айырығында талдап,
таразылаудың әбден жөні бар.
Зерттеуде қолданылатын әдістемелер негізі. Зерттеуде негізгі тәсіл
ретінде аудармалардың мәтінін түпнұсқамен салыстыра талдау тәсілі
қолданылған. Диссертация авторының шамасы келгенінше, өзбек, қырғыз, татар
тілдеріндегі аударма туындылар мәтіндері қатар қарастырылып, қазақша
аудармалардың жетістік-кемістіктері туыстас тілдердегі тәржіме
тәжірибесімен салғастырыла зерттелді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұған дейін көркем аударма мәселелері
көбінесе әдебиеттану, тіл білімі тұрғысынан ғана қаралып келсе, бұл еңбекте
аударманың психологиямен, социологиямен, социопсихологиямен,
психолингвистикамен, компаративистикамен, герменевтикамен, тілдік
коммуникациямен тікелей байланыстылығы сөз етіледі. Аударманың эстетикалық
құндылығы мәтіннің өзінен толық таныла қалмайтыны, түптеп келгенде оның
бағасы реципиенттің қалай қабыл алуына байланысты екендігі, ал мұның
бәрінен бұрын қоғамдық сұранысқа тәуелділігі дәлелденеді. Тәржіме
туындысының қалай жасалғанымен қатар қашан жасалғаны да маңыздылығы
ашылады. Қазақ тілінің қабылдампаздығы қазақ ділінің қабылдампаздығынан
шығатыны, мұның өзі тарихи тұрғыдан қысқа ғана кезең аралығында қазақ
әдебиетінің қазынасына әлемдік классиканың інжу-маржандарын қосуға
мүмкіндік берген басты факторлардың бірі екендігі көрсетіледі.
Зерттеу жұмысының көкейкестілігі қазақ өлең аудармасының эволюциялық жолы
бүкіл әлем әдебиетіндегі тәржіме тарихымен тұтастықта қаралатындығынан да
танылады. Кәсіби аударма өмірге келгелі бергі бір жарым ғасырға да
жетпейтін уақыт аралығында ұлттық сөз өнері қандай бояулармен байығаны,
тілдік тұрғыдан толысқаны, көркемдік құралдарының молайғаны дәлелденеді.
Диссертацияда әлемдік әдебиеттануда қалыптасқан, әсіресе кейінгі жаңаша
ойлау кезеңінде ғылыми айналысқа түсірілген көптеген еңбектердегі түрлі
тұжырымдар мен ғылыми-теориялық еңбектерді орынды пайдалана отырып, бүгінгі
әдебиеттану ғылымы деңгейіндегі талаптарға сай келетін өзіндік тұжырымдар
ұсынуға ұмтылыс жасалды.
Қорғауға ұсынылып отырған тұжырымдар:
1. Тәржіме жаңа тілдің төл табиғатынан жаратылған туындыға айналғанда
ұлттық сөз өнерінің қазынасына қосылады, аударма туынды аударылған тілдің
туындысы саналуға тиіс.
2. Тәржімеленетін мәтін бір тілден бір тілге ауысу арқылы бір мәдениеттен
бір мәдениетке (кейде бір өркениеттен екінші бір өркениетке) көшіріледі. Ал
аударманың өзге лингвомәдениетке сіңісуі, қабылдануы осы үдерістің табиғи
түрде, жатық жүруіне байланысты.
3. Аударма өнері төл әдебиетіміздің жазба дәстүрлерін орнықтыруға,
көркемдік кестесін кемеліне келтіруге көп көмектеседі, өйткені, толыққанды
ұлттық әдебиет саласы аударма әдебиетінсіз кемелденбейді. Бұл, әсіресе,
ұлттық мәдениеттер үшін бетбұрысты белестерде айқын көрінеді. Егер төл
әдебиеттегі көркемдік ізденістер кенжелеп қалса, тәржімедегі табыстар да
қомақты болмайды және аударма өнері дамымаған елдердің өз әдебиетін
ойдағыдай өркендетуі де қиын.
4. Тәржімеленген туынды ұлттық әдебиеттің төл туындысындай оқылуға тиіс
деген белгілі тұжырым негізінен қолдауға лайық, бірақ мұның өзі тілдің
жатықтығына байланысты айтылуы керек. Мұндай жағдайда аударылған шығарма
ұлттық өлең өрнегін өзгеше бояулармен, бедерлермен байытуға тиісті.
5. Кеңестік әдебиеттануда орныққан аударуға көнбейтін шығарма жоқ, бәрі
тек шеберлікке байланысты дейтін былайша қарағанда көкейге қонымды, бірақ
аударма өнерінің, жалпы тіл табиғатының бүкіл диалектикасын толық
ескермеуден шыққан тұжырым біржақты, себебі сан түрлі себептерге байланысты
ұлттық реципиент қабылдамайтын туындылар да болады, сондықтан аударма ісін
ұйымдастыруға мемлекеттік тұрғыдан көзқарас қажет.
6. Аударма өнері – ең алдымен қоғамдық құбылыс, сол себепті ол тек 
лингвистикалық, әдеби-тарихи тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар
мәдениеттанушылық, философиялық-эстетикалық, текстологиялық немесе
семиотикалық тұрғыдан да зерттелуі қажет. Тәржіметану пәнаралық сипат
алғанда ғана нәтижелі болмақ.
7. Тарихи тұрғыдан аз ғана уақыттың аясында қазақ поэзия аудармасында
әлемдік өлең тәржімесі өнеріндегі әдіс-тәсілдердің бәрі дерлік орын алған.
Оған қоса ұлттық ерекшелігімізге сай ауызша көркем аударма дәстүрі де
қалыптасқан. Тәуелсіздік жылдарында ғылыми айналымға түскен аударма
сипаттағы хикаялық және діни дастандар алғаш рет талданып отыр.
Зерттеу нәтижелерінің талқылануы. Диссертациялық жұмыс М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінде,
ғылыми кеңесінде және диссертациялық кеңесінде талқылаудан өтті. Зерттеудің
басты-басты қорытындылары мен тезистері бірнеше халықаралық және
республикалық ғылыми конференцияларда баяндалып, пікір алмастырылды. 
Зерттеудің теориялық маңызы. Еңбекте нақты аударматану мен аударма
теориясы біртұтастықта – аударма туралы ғылым ретінде қарастырылған.
Диссертация кейінгі жылдарда ТМД елдерінде тәржіметануға тың тұрғыдан
қараған теориялық еңбектерді, сондай-ақ орыс тіліне ағылшын, француз, неміс
тілдерінен аударылған осы тақырыптағы зерттеулерді алғаш рет қазақ
әдебиеттануының ғылыми айналымына түсіріп отыр. Зерттеуде жалпы
лингвистикалық аударма теориясы мен аударманың арнаулы теориясының бірін
бірі қалай жалғастырып, қалай толықтыратыны көрсетілген. Еңбек аударма
өнерін негізінен әдебиеттану еншісі ретінде тани отырып, оның тілтанудың
фонетика, грамматика, лексикология, стилистика сияқты арналарымен тікелей
байланысты екенін дәлелдейді.
Зерттеудің практикалық құндылығы. Жұмыстың нәтижелері мен тұжырымдары
жоғары оқу орындарына, мектептерге арнап оқу құралын, оқулықтар жазуда,
қазақ әдебиетінің тарихы бойынша арнаулы курстар жүргізуде өзінің нақты
пайдасын тигізеді. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің аударма тарихын
зерттеушілерге, жоғары оқу орны оқытушыларына, ізденушілерге, аспиранттар
мен магистранттарға теориялық-практикалық көмекші құрал ретінде ұсынуға
болады.
Зерттеу жұмысының негізгі бағыттарының жарияланымы. Зерттеудің негізгі
қағидалары мен нәтижелері автордың “Біздің Пушкин”, “Вер бана ат.
Пушкинтану парақтары”, “Коран и Пушкин”, “Төлтума мен телтума” атты
кітаптарында, бірқатар ұжымдық жинақтарда, ғылыми басылымдарда, журналдарда
қазақ және орыс тілдерінде Астанада, Алматыда, Мәскеуде шыққан 40-тан астам
мақалаларында жарияланған. Диссертанттың  Пушкин шығармаларының қазақшаға
аударылу мәселелерін қозғаған мақалалар сериясы 2000 жылы Қазақстан
Республикасы Президентінің сыйлығына ие болған, пушкинистика саласындағы
еңбектері 2006 жылы Ресей сөз өнері академиясының “Ревнителю просвещения”
медалімен атап өтілген.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан,
қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
 
Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу тақырыбының жалпы
сипаттамасы, өзектілігі, зерттеудің дереккөздері, мақсаты мен міндеттері,
зерттеудің негізгі нысаны, жұмыста қолданылған әдістемелер негізі,
зерттеудің ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар,
зерттеудің теориялық және практикалық құндылығы, жұмыс нәтижелерінің
талқылануы мен жарияланымы туралы мағлұмат беріледі.  
“Аударматанудың теориялық проблемалары”  деп аталатын бірінші тарау 3
тараушадан тұрады. Оның “Аударманың жалпыадамзаттық сипаты және рухани
мәні” деп аталатын бірінші тараушасында аударманың адамзат өміріндегі алар
орны сипатталады, тәржімеге берілетін анықтамалар айқындалады.
Өркениет пен өркениеттің, халық пен халықтың танысуы, табысуы адамның
адаммен танысуы, табысуы сияқты. Олар бір-бірімен танысуы үшін бір-бірінен
ортақ белгілер табуы керек, ал сол таныстық ұзағынан болуы үшін олар бір-
бірінен өзінен таппайтын нәрселерді де табуы керек. Танысудың осындай жолы
– көркем аударма. Басқа тілде сөйлейтін басқа халықтың жан әлемін, оның
мәдениетін, атап айтқанда, көркем әдебиетін аударманың көмегі арқылы танып-
білуге болатындығын әртүрлі елдер халықтары қарым-қатынасының бүкіл тарихы
растап береді. Әрине, аударманың бәрі бірдей таным нысанын, яғни түпнұсқаны
толық бейнелей бермейді. Көркем аударма – бір тілде жазылған шығарманы
басқа тілдің құралдарымен дүниеге қайта әкелу нәтижесі, ал көркем аударма
теориясы, іс жүзіндегі жанды тәжірибені зерттей әрі жинақтай келіп, осы
үдерістің, яғни шығарманы дүниеге қайта әкелудің сипатын, сондай-ақ
аударманың алдына қойылған міндетті орындайтын құралдардың сипатын
анықтаумен айналысады. Тарихи тәжірибе көркем аударманың бір-біріне кереғар
екі ұстанымның аралығынан табылатынын көрсетеді: аударма сөзбе-сөз дәл
шығуы, бірақ көркемдік тұрғыдан толыққанды болмауы да мүмкін, сонымен бірге
көркемдік тұрғыдан толыққанды шығуы, алайда, түпнұсқадан қашықтап кеткен
еркін баян болуы да мүмкін. Осы екі ұстанымның басын қосып, аударманың
аңсар тұтарлық үлгісі сөзбе-сөз дәл әрі көркемдік тұрғыдан толыққанды
аударма болып табылады деп пікір түюдің ешқандай қиындығы жоқ. Бірақ
аудармашы аңсар тұтатындай мұндай толық тоғысудың болуы іс жүзінде мүмкін
емес: нақты бір ойды жеткізу үшін екі тілдің әрқайсысы атымен өзгеше
құралдар қолданады. Мәтінді аудару барысында сөзбе-сөз дәлдік пен көркемдік
кемелдік ұдайы бір-бірімен шарпысып түсіп жатады. Мәселені шешудің
диалектикалық жолын іздеуге тура келеді.
Тәржіменің қоғамдық сұранысқа тәуелділігі – басы ашық жай. Басқа жағын
былай қойғанда, кез келген аудармашы (бүгінгі заман аудармашыларын айтамыз)
өз жұмысының жарияланатындай болуын ойлайды. Ал ненің жариялануы, ненің
жарияланбауы, көбіне-көп, ненің қажет етілетіндігіне байланысты. Қоғам
қажет еткен дүние әдетте, прагматикалық тұрғыдан десек те, дұрыс қабыл
алынады. Әр заманда, әр қоғамда аудармаға әр түрлі ақындардың таңдалатыны
сондықтан.  Жаңалықтар да көбіне қоғамдық сұраныс соны қажет еткен кезде
жасалады. Бұл мәселенің тағы бір қыры мынада. Аударылатын туынды ұлт
әдебиетіне қажет болуға тиіс. Өзіңде бар нәрсені өзгеден іздемейсің. Демек,
аудармашы таланты оның қоғамдық сұранысты сергек сезінуінен, оқырманның
нені қажет ететінін дәл болжай білуінен де көрінеді.
Бүгінде бүкіләлемдік бәсеке қалыпты жайға айналды. Елдер бәсекесі тілдер
бәсекесіне қозғау салмай қоймайды. Қазақ тілінің сол бәсекеде шыдас беруі
үшін оның мол мүмкіндігін дәйім дәлелдеп отыру қажет. Мұның бір жолы –
көркем аударма. Бүкіл әлем кітаптан бетін әрі бұрып бара жатқан мына
заманда бізде бөлекше құбылыс бой көрсете қалады екен деп үміт етудің  жөні
жоқ. Ендігі жерде Мұхтар Әуезов айтатын әдебиет әдебиет үшін деген талапты
да еске алған артық емес. Бұл ең алдымен тіл өнерінің аударма саласында
байқалса тіпті жақсы. Қазіргі аудармалар ең алдымен қазақ тілінің қамы,
болашағы үшін жасалуы керек. Аударма кітаптар арқылы қазақ оқырманы
мемлекеттік тілдің мүмкіндігін нақты көретіндей болуға тиіс. 
“Аударма – ғылымның объектісі” атты екінші тараушада диссертант
аударманың қай ғылымның қарауына жататындығы жөніндегі белгілі пікірталасқа
өз ойын қосады. Көркем аударма – лингвистика заңдылықтарына арқа сүйеу
арқылы көркем әдебиеттің міндеттерін шешетін сөз өнерінің өзгеше түрі. “Кез
келген аударма бес қаруы бойында лингвистикалық дайындықпен жасалған
мәтінге филологиялық талдаудан басталып, әдеби шығармашылықпен бітуге тиіс”
[1, 3 б.].
Еңбекте көркем шығарманы аударуға болады немесе болмайды деген ескі дауға
байланысты да біршама ойлар ортаға салынған.  Ойлау категорияларының
әмбебаптығы сол ойды жеткізу тәсілдерінде де ортақтық орнатпай қоймайды.
Капитализм әлемімен кез келген мәселеде тіреске түсу, буржуазия өкілдерінің
кез келген сөзін қалайда теріске шығару әдеті, кешегі кеңестік кезеңде
Батыс елдерінде белең алған “шығарманың бәрі бірдей аударуға көне
бермейтіндігі” жөніндегі теорияның “тиянақсыздығын” дәлелдеуге ұмтылыс
түптің түбінде аударманың бағын ашуға септігін тигізді. Кеңестік аударма
мектебі әлем әдебиетінің ең қиын, ең күрделі туындыларына да қол артты.
Аударуға болмайды деген шығармалар мен аударудың қажеті жоқ шығармалар
дегеннің ара-жігін де ажырату жөн. Әдебиетте әу бастан тек сөзді ойнатуға
немесе сөзбен ойнауға құрылған туындылар да жетіп жатыр. Аударуға болады,
аударуға болмайды деген ескі даудың бір дауасы – қаламгердің туған тілдің
мүмкіндігіне кәміл сенуі. Н.Любимов аудармашы өзінің ойлағанындай нәтижеге
жету үшін барша көркемдік құралдарды жұмылдыруға тиіс дей келіп, бұған не
көмектеседі деп өзіне өзі сұрақ қояды да, былай жауап береді: “Бәрінен
бұрын – орыс тілі кез келген қиындықты еңсереді, бәрін де бейнелей алады,
бәрін де жеткізе алады, бұл тіл үшін алынбайтын қамал жоқ деген айқын сана,
қаны мен жанына сіңіп кеткен сенім көмектеседі. Бұл сенім болмайынша, ана
тіліне сүйіспеншілік болмайынша аудармашының алдан шығар қиындықтардан
қаймығып қалуы да мүмкін. Оны айтасыз, өзге тілдің құрсауында қамалып қалуы
да ғажап емес” [2, 141-142 б.]. Бұл сөзді орыс тілінің орнына қазақ тілі
деп қойып алып, өзімізге айтудың да әбден реті бар.  “Аударма мәдениеті
үздіксіз өсіп келеді. Сонымен бірге, қазіргі бар аудармалардың өзінің де
маңызын елемей, оны “мәртебелі ғылымның” назар аударуына арзымайтын нәрсе
деп кемсітуге болмайды. Ондай пікірден қауіпті қорытынды шығып кетуі
мүмкін. Аудару арқылы, тұтас алғанда, түпнұсқаның бар қасиетін беруге
болмайды деу, сөйтіп, әдебиет жайындағы ғылым үшін көркем аударманың
маңызын жоққа шығару – түпнұсқаның тілін екінші тілде бейнелеуге келмейтін
әлдеқандай бір құпия жазу деп бағалағандық болар еді” [3].
“Көркем аударма – әдеби шығармашылық” атты үшінші тараушада өлең
тәржімесінің өзіндік ерекшеліктері ашылады. Әр аударма, шынтуайтында,
өзінше эксперимент. Кез келген туынды автор қолымен дүниеге келген
қайталанбас дүние. Ол жақсы болар, жаман болар, авторы талантты болар,
талантсыз болар – бәрібір, бұрын мұндай шығарма жазылмаған, енді қайтадан
дәл осындай шығарма жазылмайтыны тағы рас, демек, қайталанбас дүние.
Аударма сол қайталанбас дүниенің басқа тілде қайталанған нұсқасын жасауы,
яғни басқа тілде дүниеге қайта әкелуі керек. Көркем аударма ұғымының өзі
өнердің барлық түрінің ішінен тек сөз өнеріне қатысты. Кескіндеме, мүсін
өнеріне, биге, музыкаға аударма керек емес, белгілі бір дәрежеде киноны да
түсінбейтін тілде көріп, ұзын-ырғасын ұғып шығуға болады. Ал түсінбейтін
тілдегі әдеби шығарма тек әріптер мен тыныс белгілер жиынтығы ғана. Оған
жаңа өмір сыйлайтын адам – аудармашы. Бір тілде туған өнер гүлін басқа
топыраққа алып келіп қондыра салуға болмайды. Жалпы, оны сол топырақтан
суыруға болмайды. Аудармашы сол гүлдің дәнін алғандай абайлықпен жаңа
топырақта жаңа гүл өсіріп шығаруы керек. Жаңа топырақ дегеніміз – жаңа тіл.
Көбіне – атымен жаңа тіл.
Аударманың ұлттық сөз өнеріне қандайлық табиғи кірігіп кетуі мүмкін
екендігін зерттеуші көп уақыт Асан Қайғы толғауы делініп келген  өлеңнің
(“Таза, мінсіз асыл тас”) ХІХ ғасырдағы орыс ақыны Юлия Жадовскаядан Ахмет
Байтұрсынов жасаған аударма болып табылатынын [4] мысалға келтіре отырып
дәлелдейді. Мұның өзі аударманың керемет мүмкіндігіне де нақты айғақ.
Аударма – уақытқа тәуелді өнер. Ешкім де барлық замандарға бірдей жарай
беретін аударма жасай алмауы мүмкін.  Сондықтан да әр дәуір өз аудармасын
талап етеді делінеді. Аудармашы өз тіліндегі оқырман үшін жазады. Ол ұлттық
өлең мектебінде тәрбие алған оқырманның түсінік-пайымын, таным деңгейін,
талғамын, қалыптасқан дәстүрлерді ескермей отыра алмайды. Аудармашы өз
оқырманының талғамын жаңа өрістерге тартып жатса, күнес биіктерге көтеріп
жатса ғанибеттің ғанибеті. Өзге тілдегі үздік үлгіні қолға алған ақын өз
оқырманының эстетикалық тұрғыдан қабылдампаздығын тәрбиелеуді де дәйім есте
ұстағаны, өзге ұлттық мәдениеттердің өлең өнеріндегі құнды қасиеттердің қыр-
сырын ашу арқылы сол тілдердегі өлең өрімдерінен өзімізге де өнеге
болатындай өрнектер тауып жатқаны абзал.  Зерттеудің өн бойында жалпы бір
тілден екінші тілге аудару мүмкін бе өзі дегеннен бастап, көркем шығарма
аударыла ма, соның ішінде өлеңді аударуға бола ма, аударылса түпнұсқаға
теңдес етіп шығаруға бола ма деген тұрғыда нешетүрлі пікірлер келтірілген.
Солардың көбі өлең аудармасы әрі кетсе түпнұсқаға жақындай алады, өте-мөте
жақындай алады, тіпті деңгейлес шығатындары да болады дегенге саяды. Ал
дұрысында өлең аудармасында түпнұсқадан асып түсу кездеседі әрі проза
аудармасынан гөрі көбірек кездеседі. Зерттеуші бұған нақты мысалдарды орыс
әдебиетінен де, қазақ әдебиетінен де келтірген. Бұл арада негізгі мәселе –
тәржімеші тұлғасы.
Тәржіменің ғажап қасиетін мынадан білуге болады. Адам ойы деген атқан
оқтай түзу, төселген тақтайдай тегіс нәрсе емес. Бір ойдың өзі бір тілде
қағазға түскенде бар қырын бірден аша салмайды, бәлкім, тіпті аша алмайды.
Әлем әдебиетінің айналымына түскен туындылар сан түрлі тілдерге аударыла-
аударыла жүріп, мәтіннің қатпар-қалтарыстарындағы астар, емеуріндер табыла
беруі де мүмкін. Тіпті бір ойдың төл тілдегі көмкерілген түрінен гөрі басқа
тілдегі көмкерілген түрі сәттірек болып шығуы да ғажап емес. Олай болмаған
күнде де әр аударма сайын қайта бағамдалудың өзі шығарманың бойына
жасырылған жұмбақты шешуге, көркемдік кестелерін жаңаша жайып көрсетуге
көмектесетіндігі анық. Аудармаларды оқу, салыстыру, зерттеу арқылы біз
түпнұсқаның өз бойындағы қасиеттерге ерекше, тың көзбен қараймыз, жаңаша
бағалаймыз, оның соны қырларын, бұрын байқамаған бояуларын ашамыз. Мәтінге
қайта-қайта үңіле жүріп, түпнұсқаны оқыған тұстағыдан да гөрі зеректік
танытамыз. Сол әдебиет нұсқасы жасалған елдердің өкілдері де біздің
ақынымыз немесе жазушымыз қалай аударылып жатыр екен өзі, деңгей-дәрежесі
төмендемей жеткен бе деп салыстыру арқылы да туған әдебиетінің қазыналарына
бұрынғыдан ұсынықтылау қарай бастайды.
Диссертацияда қазақ ақындарының тәржіменің түр-түрін игергені
көрсетіледі. Қазақ аудармасын қапы қалдыратын жайдың бірі – сан түрлі
себептерге байланысты туыстас тілдерден тәржімені де көп уақыт бойы
орысшасы арқылы жасап келгендігіміз. Әрине, негізгі аударма орыс тілінен
болғаны түсінікті. Соның ішінде орыс поэзиясынан басқалары – тәржімеден
тәржімелеу. Егер біз тәржімеден тәржімелеуден атымен бас тартар болсақ,
онда көп қазынадан құр қалар едік. Бұл тәсілден бас тартса орыс поэзиясы да
жұтаң тартып тұрар еді. Ол тілдегі ең ғажап аудармалардың көбі классикалық
дүниелердің жолма-жол тәржімесі арқылы жасалған. Солайы – солай. Бірақ
солай екен деп алдағы кезде де Батыс, Шығыс поэзиясының асыл үлгілерін
түпнұсқа тілін білмегенімізге бола орыс тіліндегі нұсқасынан ғана аудара
беру де жарамсыз жол, түптің түбінде тұйыққа тірейтін тәсіл. Ол
аудармаларды жасау барысында біраз дүние өзгеріске түскені, біраз нәрсенің
жоғалғаны сөзсіз, сол орысшадан тағы аудару барысында жоғалту жалғаса
беретіні тағы сөзсіз. Бұл – тым көп шығын.
Әдебиетте көп нәрсе шартты. Өлшемдер өзгермелі. Талғам туралы таласпайды.
Өнерге нөмір жүрмейді. Әйтсе де, сөз ұстаған ұлылардың қайсысы әлем
әдебиетіне көбірек ықпал жасады, оның адамзат өркениетіндегі алар орны
қандай дегенде алдымен айтылатын бір өлшем бар: ол – шығармаларының қанша
тілге аударылғандығы. Тәржіменің саны талантқа ең әділ таразы бола
бермейтіні рас. Әсіресе, қазіргі заманда өз шығармасын аудартуға алдымен
пысықайлардың қолы жететіні де рас. Сонда да бұл көрсеткішпен санаспау
мүмкін емес. Әдебиеттің әйгілі шығармаларының шет тілдердегі таралымы
түпнұсқа тіліндегісін кейде он орап кететіні көп жайды аңғарта алады.
Тәржіме теориясына байланысты өз шешімін күткен мәселелер әлі де
баршылық. Бүкіл әлемде осы тақырыпты жан-жағынан қаузаған мыңдаған
мақалалар, жүздеген монографиялар жарық көре тұра, әлі күнге ортақ
терминологияға  тоқтам жасалмай отыр. Ю.Оболенская “аударма” және “аударма
үдерісі” секілді түйінді ұғымдардың өзінің басы ашылмағанын жазады [5, 5
б.]. Тәржіме – әдебиет аясынан да, жалпы мәдениет аясынан да шығып кететін
күрделі құбылыс. Зерттеуде аударма әр қырынан – лингвистикалық
(психолингвистикалық), әдеби-тарихи, мәдениеттанушылық, философиялық-
эстетикалық, ақпараттық, текстологиялық немесе семиотикалық тұрғыдан –
қарастырылады.
Мәдениеттердің үнқатысуы аудармасыз жүзеге аспайтыны әр аударма
түпнұсқаның жаңа байыптамасы болатындықтан ғана емес, мәселе әр аударма
түпмәтінге жаңа өлшем алып келетіндігінде. М.Бахтин былай деген: “Өзге
мәдениет басқа мәдениеттің көзімен қараған кезде ғана өзін толығырақ,
тереңірек таныта алады... Бір мағына екінші, басқа мағынамен бетпе-бет
келгенде өзінің терең сырын ашады: олардың арасында сол мәдениеттердің
томаға-тұйықтығы мен біржақтылығын еңсеретін үнқатысу басталғандай болады”
[6, 334-335 б.]. Толыққанды ұлттық әдебиеттің толыққанды аударма
әдебиетінсіз кемеліне келмейтіні сондықтан.
Диссертацияның “Тәржіменің тарихы мен тәжірибесі” аталған екінші тарауы 6
тараушадан тұрады. Мұнда зерттеуші аударма тарихын жалпыадамзаттық ауқымда
қарастырады. Аудармаға идеологиялық әсер-ықпалға байланысты көптеген
мысалдар келтіріледі. Аударма саясатының толығымен мемлекет қолында,
идеологиялық мекемелердің билігінде болуы белгілі бір дәрежеде аударылатын
шығармалардың аясын да тарылтқандығын атап айтқан жөн.
“Көркем аударманың алғашқы үлгілері” атты бірінші тараушада зерттеуші
тәржіме тарихын түзетін тұста қазақ аудармасының шежіресіне орай бірқатар
тың тұжырымдарды ортаға салған. Аударма қазақ даласында атам заманнан
болған. Түркінің “тілмаш” деген сөзінен (тегінде, бұлай деп тілге мәш, яғни
сөзге ұста адамдарды айтқан) орыстың “толмачы” шыққан [7, 72 б.]. Ұлы Жібек
жолының алтын арқауы – аударма десек те артықтығы жоқ. Ал нақты көркем
аудармаға көшкенде түркі халықтарына ортақ Алтын Орда дәуіріндегі
аудармалар қатарында Сарай қаласынан шыққан ақын Сейф Сарайдың Сағдидің
“Гүлстанын” ХІV ғасырдың аяғында аударғаны айтылады. Тұрсынбек Кәкішевтің:
“Алтын Орда дәуіріне біз түгелдей ортақпыз. Ал оның негізгі әдеби тілі –
қыпшақ тілі болса, онда қазақ даласы мен тілі жетекшілік сипатқа ие
болғанынан қашсақ та құтыла алмаймыз” [8, 31 б.] деген пікірін есте ұстау
жөн. Қазақ аудармасының бастапқы кезеңдерінде аударма, нәзира, қайта
баяндау, еліктеу бір бірімен араласып, қойындасып жатады. Бұларды
аударманың балама түрлері, танымал шығарманы жаңа тілде жеткізудің жолдары
ретінде қарастырған орынды.
Қазақ көркем аудармасының тарихын жазу үшін біз міндетті түрде әлемдік
аударма тарихындағы үрдістер мен үдерістерді ой елегінен өткізуге тиіспіз.
Аударма тарихы, оның бел-белестері, даму эволюциясы жөнінде сөз еткенде біз
бұл бағытта терең зерттеулері бар орыс әдебиеттануын айналып өте алмаймыз.
Сондықтан да еңбекте жалпы аударма тарихына қатысты мәліметтер көбірек
ортаға салынып, орыс тілінде жарияланған тәржіметанушылық зерттеулерге жиі-
жиі сілтеме жасалды. Бұлай еткенде оларды қазақ әдебиеттануының ғылыми
айналымына түсірудің артықтық етпейтіні де есте ұсталды.
Төл әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігін ескере келіп, ауызша тарап жеткен
көркем сөз мұраларымызды әдебиетіміздің тарихына жатқызамыз. Сондықтан
ауызша жеткен аудармаларды аударма тарихына жатқызудың жайын ойластыру
керек болады. “Әртүрлі тілдерде сөйлейтін халықтардың арасындағы алғашқы
байланыс ауызша болғанына күмән жоқ. Тегінде, аударма ұзақ уақыт бойы
қағазға түспей келсе керек. Бізде ауызша аударма кезеңінен қалған ешқандай
белгі жоқ. Алайда, тарихи мәліметтер, сондай-ақ халықтар арасындағы әрқилы
байланыстардың есте жоқ ерте замандардан келе жатқанын пайымдау ауызша
аударма жазу шыққанға дейін болған деп болжауға мүмкіндік береді” [30, 52
б.]. Біздің, ауызша әдебиетпен ауызданып өскен халықтың, бүкіл тарихы
ауызша жеткен халықтың күні кешегі ауызша аудармаларын неге назардан
шығаруға тиіспіз? Соның бірі – Абайдың ауызша аудармашылығы. Темірғали
Нұртазиннің “Жер жүзі мәдениетін елге шашудың бір саласы ретінде Абай
бұрынғы ертегі, қиссаның орнына сюжетті романдарды әңгіме етіп айтып
береді, төңірегіндегі ақын-әншілер арқылы халыққа жаяды. “Шахнама”, “Рүстем-
Дастан”, “Үш мушкетер”, “Жиырма жыл өткен соң”, т.б. Абай аузынан таралып,
қырық елдің қиырына жайылып кеткен” [31] деген пікірі ғылыми айналымға
қайта қосатындай құнды пікір.
Әр халықтың жазба әдебиетінің қалыптасуы оның аударма әдебиетін де қатар
қалыптастыра бастайды. Бұл әдебиет әуелде төлтума шығармашылықпен
қойындасып, араласып кетеді, жазба мәдениеті бұрынырақ орныққан алыптардың
тақырыптық сарындарына, оқиғалық желілеріне арқа сүйеп, дамиды. Әуелгі
бетте төлтума мен телтуманың ара-жігі ажыратылмай жүрсе, төл әдебиет
кемеліне келген сайын аударылған шығармалар отау үйдей бөліне береді де,
енді оның өзінің дәстүрлері қалыптаса бастайды.
“Аударманың шарттары мен түрлері” атты екінші тараушада аударманың бел-
белестері, даму эволюциясы сөз етіледі. Қазақ тәржіме өнерінде өткен
ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап бой көрсеткен бейімдеп аудару
тәсіліне назар аударылады. Еркін аударманың алғашқы ретінде белден басып
кете берудің мысалдары бізде де кездескені көрсетіледі. Ұлттық сөз
өнеріндегі тырнақалды тәржімелер болғандықтан, оларда түпнұсқаның өлең
өлшемі де, сөз саптауы да, тіпті көлемі де өзгеріп кетіп отырады, бірақ,
аудармашы шығарманың айтар ойын дәл ұстайды, сөз түйінін де дәл табады.
Жалпы, еркін аударманың ерекшелігі де алдымен авторды өз қалпынша қайта
сөйлетуге емес, оның айтар ойын жеткізуге күш салатындығында. Дегенмен, әр
нәрсенің өз жөні бар.  Шығармашылықта еркіндіксіз болмайды. Аудармашының
еркінсіп кетуі – ерсілік. Бәрі өлшеміне байланысты. Еркін аударманың 
хрестоматиялық мысалы, классикалық үлгісі – Лермонтовтың Гетеден аударған
“Тау шыңдары”. Гетедей алыптан алшақтаған, өз бетінше кеткен деп осынысы
үшін Лермонтовты айыптау ешкімнің ойына келмейді. Еркін аударманың ерен
түрін Абайдан да табамыз. Абайдың “Евгений Онегиніндегі” талай тұс сондай.
Абай еркіндігі оған Пушкин романын арқау ете отырып төлтума дейтіндей
туынды шығаруға мүмкіндік берді.
 Қазақ әдеби аудармасында әлемдік тәржіме өнеріндегі әдіс-тәсілдердің
барлығы дерлік кездесетіні назар аударарлық. Солардың арасында бұрыннан
бары – бейімдей аудару (адаптация). Оның мәнісін Мұхаметжан Сералиннің
“Айқапта” басылған “Рүстем-Зорапқа” түсініктемесінен тәп-тәуір тануға
болады: “Қадірменді оқушыларымыздың алдына салып отырған мына “Рүстем-
Зорап” қиссасы фарсы тілінде жазылған атақты “Шахнама” деген кітаптың бір
саласы. Рюккерт деген немістің бір шайыры “Рүстем-Зорап” қиссасын “Шахнама”
деп алып, бір жағы тәжірибе, бір жағы ұйқастыру секілді қылып немісше
жазған... Соны орыс шайыры Жуковский 1846-1847 жылдары өлең қылып,
арттырып, кемітіп, қалыбына лайықты етіп (астын сызған біз – С.А.) істеп
шығарған. Мен оны шамамның келгенінше қазақ тіліне Жуковскийдің шығарған
қалыбынан дым алыстатпай аударуға тырыстым” [9, 212 б.].
Еліктеуді толыққанды, дербес әдеби жанр ретінде тану керек, жекелеген
шумақтарда кездесетін сіңіру мен тікелей реминисценцияның аударма ретінде
қаралуы жөнсіз. Мағжан Жұмабаевтың Феттен жасаған аудармасы ретінде қаралып
жүрген (“Жүрек мас”) өлеңі шындығында орыс ақынының әсерімен, еліктеу
түрінде жазылған төл туынды.
Диссертацияда сөзбе-сөз аударманың қазақ өлең тәржімесіне жасаған теріс
ықпалы нақты мысалдармен дәлелденеді. Сонымен бірге сөзбе-сөзшілдікті,
әріпшілдікті жерден алып, жерге сала берудің де жөні жоқ. Әріпшілдік –
ғылыми ұғым. Оның да өзінің жөн-жобасы, жолы-жосығы бар. Егер аударма
тарихында әріпшілдік әдісі болмағанда аудармадағы дәлдік те дәл қазіргі
деңгейінде болмас еді. Аударма әдебиетінің құрылымындағы заңды элемент
ретінде әріпшілдік өз қызметін атқарды. Негізінде, әріпшіл аударманың
тәржіменің басқа түрлеріне дес бермей кететін тұстары көп-ақ. Мысалы, саяси
құжаттар, әсіресе дипломатия саласының аударма ісінде әріпшілдіктен артық,
әріпшілдіктен сенімді ештеңе жоқ. Ал поэзияға келгенде де әріпшілдік
әдіспен жасалған аудармалардың өзіндік орны ерекше болатын жайлары
кездеседі. Саймасай (эквивалентті) аудармаға тиісінше көңіл бөлінген.
Саймасай аудармада мәтіннің негізгі күш түсетін тұстарын (доминанттарын)
сақтау мақсатында саналы түрде жоғалтуға көнуге тура келеді. 
“Эквивалентті” сөзінің әу бастағы латындық этимонын еске түсіріп қойған да
артық емес: “эквивалентті” – “күші тең” деген сөз. Яғни, аудармашы
шығарманың оқырманға әсер күшін тең сақтауға ұмтылуы керек. Саймасай
аударманың барабар (адекватты) аудармадан негізгі айырмашылығы да түпкі
нәтижеге бағдар ұстайтындығында. “Барабарлықпен салыстырғанда саймасайлық
түпкі нәтижеге көбірек бейім тұрады” – Л.Нелюбиннің “Тәржіметану түсіндірме
сөздігінде” [10] осылай делінген. Саймасай аударманың денодаттық,
коннотациялық, мәтіндік-нормативтік, прагматикалық, формалық түрлері
болады, солардың бәрінің де тірелер жері – бір-біріне теңдестірілген
бірліктердің мағыналық ортақтастығы.
Еңбекте көп назар аударылған тақырыптың бірі – қазақ поэзия
аудармасындағы әдіс-тәсілдердің эволюциясы. Қазақ аудармасы да негізінен
еркін аудармадан басталған. Ұлттық сөз өнеріндегі тырнақалды тәржімелер
болғандықтан, оларда түпнұсқаның өлең өлшемі де, сөз саптауы да, тіпті
көлемі де өзгеріп кетіп отырады, бірақ, аудармашы шығарманың айтар ойын дәл
ұстайды, сөз түйінін де дәл табады. Жалпы, еркін аударманың ерекшелігі де
алдымен авторды өз қалпынша қайта сөйлетуге емес, оның айтар ойын ғана
жеткізуге күш салатындығында.            Еркін аудармадан әріпшіл, яғни
сөзбе-сөз аудармаға көшкен кезеңді толықтай кері кету деп санау жөнсіз.
Әріпшіл аударма болмаса еркін аудармадан барабар аудармаға бірден секіріп
өту мүмкін де емес еді. Осы арқылы өзге тілдегі туындыларға абайлап,
ықтияттап қарауға көшу рецепцияның жаңа белесінің көрінісіне айналды.
Саймасай аударманың жиырмасыншы ғасырда біржола орнығуына адамзат санасына
нақтылықтың біржола кірігуі де үлкен себепкер болды. Қай салада да ғылыми
дәлдік, қай тақырыпта да ауа жайылмай сөйлеу талап етілетін жаңа заман
аударма өнеріне де өзіндік ықпалын тигізбей қоймады.
Эволюциялық тұрғыдан барабар (адекватты) аударма ең жоғары сатыда тұрғаны
дәлелденеді. Барабар аудармада түпнұсқаның ерекшеліктері мен мазмұнын, оның
тілдік пішінін аударма жасалатын тілдің құрылымын, стилін, лексикасы мен
грамматикасын тілдің мінсіз дұрыстығымен үйлестіре отырып ескеру арқылы
дұрыс, дәл және толық беру талап етіледі. 
Зерттеуші аударма терминологиясына байланысты нақты ұсыныстар айтқан.
Жолма-жол аударманы атымен мансұқтай сөйлеудің жөнсіздігі дәлелденеді.
Жолма-жол аударманың көптеген кемшіліктерімен қатар даусыз бір артықшылығы
бар, ол артықшылығы – түпнұсқадан тікелей жасалатындығы. Жолма жол
(подстрочный) аударма мен жолына жол (строка в строку) аударманың арасын
ашып алу керек. Жолма жол аударма деп түпнұсқаның мәтінін егжей-тегжейіне
дейін, дәлме-дәл түсіріп беретін сөзбесөзге жақын аударманы айтамыз, ал
жолына жол аударма – түпнұсқаның жолына тәржіменің жолы тап түсетіндей етіп
аудару. Өлеңде жолына жол келтіре тұрып шебер шығару, жатық жеткізу
болмайды емес, болады.
Тәржіменің түр-түріне тоқталғанда, көне тілдерден бүгінгі тілдерге, бір
тілдің ескі нұсқаларынан қазіргі тілге аударуды айтқанда, бұл құбылыс бізге
қатыссыз сияқты сөйлейтініміз бар. Қадым замандарда дүниеге келген
фольклорлық шығармаларымызда қазіргі қазақтар түсінбейтіндей сөз
кездеспейді, мұның өзі тілдің тазалығының, халықтың бірлігінің белгісі деп
жатамыз. Негізінде, бұл ғылыми сипаттағы тұжырымға жата қоймайды. Бағзыдан
жеткен дастандардың тілі бүгінгі әдеби тілімізден аумай тұрса, ол сол
шығармалардың ауызша жеткенінің арқасы алдымен. Біздің фольклордың ғажайып
көркемдігінің бір сыры да ғасырлар бойы айтыла-айтыла әбден ұштала-ұштала
түскенінде, дамылсыз редакцияланғанында. Ол ұлы редактордың аты – халық.
Бұл мұрамыз ғой, оны сол күйінде ғана айтуымыз керек қой деген ұғым болған
жоқ ол кезде. Ал заманында тасқа қашалған, бертінде қағазға түскен халық
мұрасын осы заманғы тілде қайта сөйлету дәстүрі бізде де бар.
Еңбекте тәржіменің ұлттық поэзияда тың түр табуға жасаған ықпалы нақты
мысалдармен дәлелденген. Шалыс ұйқас біздің өлеңімізге Абайдың Пушкиннен
жасаған аудармалары арқылы енсе, он буынды өлең Қасым Аманжоловтың Шевченко
жырларын тәржімелеуі арқылы орныққан.
Поэзия аудармасына қойылар талаптарды айтқанда алдымен ауызға алынатыны
сөзбе-сөзділіктен қашу, жолма-жолдылықтан қашу, шығармашылық еркіндікке
құлаш ұру сияқты болып келеді. Бірақ, осы айтылғаннан өлең аудармасында
сөзбе-сөздік дәлдік, жолма-жолдық көркемдік болуы мүмкін емес деген ой шыға
ма? Шықпайды. Бәрі де таланттың қолында. Шын талант өзге біреу сірестіріп
қоятын сөзбе-сөзділіктің өзін сырлы сұлулыққа суара алады, шын талант өзге
біреу жабыстырып қоятын жолма-жолдылықтың өзін жарасымды жымдастырып
жібереді. Бұл орайда Ғали Орманов аударған Пушкиннің “Қысқы жол” өлеңі
нақты мысал бола алады.

Сквозь волнистые туманы
Толқынға ұқсас тұманнан
Пробирается луна,
Ай ақырын шығады;
На печальные поляны
Төңірекке мұңайған
Льет печально свет она.
Мұңды сәуле құяды.
По дороге зимней, скучной
Қысқы жолда жабырқау
Тройка борзая бежит,
Келеді аттар бұлдырап;
Колокольчик однозвучный
Жалғыз үнмен қоңырау
Утомительно гремит
Қажытады сылдырап.

Тәржіме тәжірибесіне талдау жасаған тұста аудармашы жұмысының бүкіл
үдерісі шартты түрде төрт кезеңге бөлінген. Әуелгі бетте түпнұсқаның
мазмұнын, оның семантикалық және стилистикалық құралдарын жан-жақты
зерделеу, өлеңнің ырғақтық, фонетикалық, синтаксистік құрылымдарын,
пішінінің негізгі элементтерін айқындайтын белгілерді бөліп алу жұмысы
жүрмек, онан кейін аударма тілінде түпнұсқаның маңызды қырларын қайта
қалпына келтіруге теңдес құралдарды іздестіру басталады. Мұнан соң
түпнұсқада о баста бөле көрсетілген белгілерді жаңа көркемдік тұтастыққа
жинақтау жүреді. Соңғы кезеңде біткен аударма түпнұсқамен салыстырылып,
түпкілікті түзетулер енгізіледі. Негізінде, осы соңғы кезең өлең
аудармасына онша тән емес сияқты. Түпнұсқамен салыстырып, біткен өлеңге
түзету енгізу жырдың тұтас табиғатына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Ол
жұмыс поэзияда алдымен атқарылуы керек.
Адамды түсіну қандай қиын болса, оның жазғанын түсіну одан да қиын. Иржи
Левыйдың: “Дұрыстап оқу – жұмыстың жартысын жасап тастау” [11, 119 б.]
деген сөзі бар. Аударылатын мәтіндегі өмір болмысын дұрыс әрі терең түсіну
– аудармашыға қойылар басты талап.
Аудармадағы ағаттықтардың, қателіктердің, кемшіліктердің әр кезеңдегі
сипаты әр түрлі. Тәржімешінің когнитивті тәжірибесінің жетіспеуінен
жіберілетін кемшіліктің бірі – тастап кету. Семантикалық деңгейдегі
қателіктер өзгеру, ауысулардың, яғни трансформацияның дәл ұғынылмауынан
орын алады. Олақтық, салақтықтан кететін қателіктерге де тиісінше көңіл
бөлінді.
Өлең аудармасының өнері дегеніміз бір тұста ұтып, бір тұста ұтылып жүріп
барып шығармашылық жеңіске жету. Әр жол сайын дөп табамын, әр жол сайын дәл
түсемін деген адам дәл сол жолдарда тауып кеткендей болып көрінгенімен,
шығарманы тұтастай алып қарағанда өлеңдік өзегінен айырылып қалып жатады.
Белгілі бір дәрежеде “құрбандықтарға” саналы түрде бармайынша, шын
мәніндегі көркем аудармаға қол жеткізу қиын. Ол үшін аудармашы өзі қолға
алған шығармадағы тастап кетуге, алмастыруға болатын тұстарды бар жан-
жүрегімен, бар ақыл-ойымен, бүкіл болмыс-бітімімен сезінуге тиіс. Ең
бастысы – нақпа-нақ білуге тиіс. Түйсікке сене беру, шабытқа арқа сүйей
беру түптің түбінде бір опындырмай қоймайтыны сөзсіз. Абзалы, аудармашының
ақын ғана емес, тарихшы, этнограф, тілші, сыншы, мәдениеттанушы болып
жатқаны керек. Аудармашылық өнер мен ғылымның арасында тұруға тиіс
дейтініміз де сондықтан.
Реалиялар аудармаларына да назар салынған. Ең алдымен түпнұсқаның рухын
дәл табу, негізгі айтар ойын дәл аңдау, басты бейнелерін дәл жеткізу шарт.
Қалғаны – екінші қатардағы нәрселер. Тіпті бір қарағанда реалия сияқты
көрінетін сөздердің, атаулардың өзі шындап келгенде өлең өрнегін айшықты
ете түсуге, дыбыс үндестігін күшейту арқылы әсерді арттыруға қызмет етіп
қана тұрғанын көреміз.
Диссертацияда рецепция проблемасына да тиісінше көңіл бөлінген. Бір
қоғамның басқа елде немесе басқа дәуірде пайда болған әлеуметтік және
мәдени формаларды қабыл алуы әдеби ауыс-түйістен алдымен көрінеді. Көркем
мәтінді қабыл алушы, пайымдаушы ретінде аудармашының өзі субъективті тұлға
екені талассыз. Әрі тәржімеші мен автордың дүниетанымында да өзгешелік
болатындығы сөзсіз. Оның үстіне қабыл алушы (реципиент) – коммуникативтік
актінің қатысушысы ретінде оқырманның өзі де субъективті тұлға.
Зерттеуде ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ авторлары шығармаларын аударудың стилистикалық мәселелері
Жұмыстың көлемі
Әдеби мәтінді қазақ тілінен ағылшын тіліне аударудың мәселелері
Абдрахманов Сауытбектің аударма саласына сіңірген еңбегі
Поэтикалық аудармаға түсінік
Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым - Ахмет байтұрсынұлы
А. Байтұрсынұлы
Аудармашының шығармашылық шеберханасы
Ахмет Байтұрсынұлы автобиографиясы
Әдебиет танытқыштың әлемдік әдебиеттану ғылым контексіндегі көрінісі
Пәндер