Тоқтар Әубәкіров



Қыран қазақ
Тоқтар Әубәкіров
Бірінші перне немесе “Гауһартас”
Екінші перне немесе Қонаевқа хат
Үшінші перне немесе Гиннесс кітабына кірген қазақ
Төртінші перне немесе Назарбаевтың қолқасы
Қыран қазақ

Тоқтар Әубәкіров туралы мақала жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Биылғы Баспасөз күнін “Егемен Қазақстанның” ұжымы Қосшы ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің жағасында қарсы алды. Сонда сөзден сөз шығып отырып, әңгіме қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров туралы да өрбіп кетті. Бір топ журналист Тоқтар туралы әлде аңыз, әлде ақиқатқа бергісіз біраз жайдың басын шалғанбыз.

Редакцияда Алаштың ардақтысына айналған, немесе есімі елдің есінде жүрген қазақ азаматтарының мерейтойына арнап, арнайы мақала жазуға тапсырыс беру талайдан келе жатқан үрдіс. “Жақында Тоқтар Әубәкіров алпысқа толады, әнеу­күнгі әңгімелердің негізінде сіз бір дүние жазыңыз. Шығатын сияқты”, деп басшымыз айтқанда, неге екенін қайдам, ойланбастан келісім берген екенмін. Әдетте мерейтойлық мақалалардың табиғаты біркелкі болып келеді: өмірбаян беттерінен деректер, азаматтың атқарған қызметі, жасаған жұмыстары мен шыққан еңбектері тәспіше тізбектеліп, баяндалады. Тоқтар туралы жазуым керектігі анықталып, алдағы “Етжеңді “Егеменнің” нөміріне материалды дайындау жайында Жанболат Аупбаев тағы бір шегелеп өткенде: “Құдайым-ау, мен атақты Тоқтар Әубәкіров туралы не жазамын, қалай жазамын?” деген ой басыма сарт ете қалды. Көмір, темір, анда-санда өмір туралы жазып жүрген жазған басым тылсым тақырыпқа келгенде еріксіз селт еткендей. Тура ғарышқа қазір ұшатын адамша бойымды әлдеқандай бір үрей биледі. Француздың атақты жазушысы, адамзаттың қиялына қанат бітірген Антуан де Сент-Экзюперидің ұшқыш болғаны белгілі. Оның: “Бар болғаны бойыңдағы үрейді жеңе білсең жетіп жатыр: бұл кәдімгі қатардағы кәсіптің біріне айналады да шығады. Он мың метр биіктікке көтеріліп ұштың не, жерде отырып, сәмбіталдан орындық өрдің не, бәрібір. Өйткені, сен бойыңдағы үрейді жеңдің”, – деген даналық сөзі санаға сәуле шашқанда ғана үрей жайына қалып, төмендегі әңгіменің тиегі ағытылды. Домбыраның құлақ күйін келтіргенде бірінші пернеге көп нәрсе байланысты. Қажетті дыбысты тап баса білсең, қалғаны сол заматта қалпына келеді. Біз үшін Антуан ағатайымыз айтқандай, жазу – кәсіп болған соң, бойды билеген үрейді қайтсек те жеңуге тырыстық. Сонымен...

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 12 бет
Таңдаулыға:   
Қыран қазақ

Тоқтар Әубәкіров туралы мақала жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме
кірген емес. Биылғы Баспасөз күнін “Егемен Қазақстанның” ұжымы Қосшы
ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің жағасында қарсы алды. Сонда сөзден сөз
шығып отырып, әңгіме қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар
Әубәкіров туралы да өрбіп кетті. Бір топ журналист Тоқтар туралы әлде аңыз,
әлде ақиқатқа бергісіз біраз жайдың басын шалғанбыз.

Редакцияда Алаштың ардақтысына айналған, немесе есімі елдің есінде
жүрген қазақ азаматтарының мерейтойына арнап, арнайы мақала жазуға тапсырыс
беру талайдан келе жатқан үрдіс. “Жақында Тоқтар Әубәкіров алпысқа толады,
әнеу­күнгі әңгімелердің негізінде сіз бір дүние жазыңыз. Шығатын сияқты”,
деп басшымыз айтқанда, неге екенін қайдам, ойланбастан келісім берген
екенмін. Әдетте мерейтойлық мақалалардың табиғаты біркелкі болып келеді:
өмірбаян беттерінен деректер, азаматтың атқарған қызметі, жасаған жұмыстары
мен шыққан еңбектері тәспіше тізбектеліп, баяндалады. Тоқтар туралы жазуым
керектігі анықталып, алдағы “Етжеңді “Егеменнің” нөміріне материалды
дайындау жайында Жанболат Аупбаев тағы бір шегелеп өткенде: “Құдайым-ау,
мен атақты Тоқтар Әубәкіров туралы не жазамын, қалай жазамын?” деген ой
басыма сарт ете қалды. Көмір, темір, анда-санда өмір туралы жазып жүрген
жазған басым тылсым тақырыпқа келгенде еріксіз селт еткендей. Тура ғарышқа
қазір ұшатын адамша бойымды әлдеқандай бір үрей биледі. Француздың атақты
жазушысы, адамзаттың қиялына қанат бітірген Антуан де Сент-Экзюперидің
ұшқыш болғаны белгілі. Оның: “Бар болғаны бойыңдағы үрейді жеңе білсең
жетіп жатыр: бұл кәдімгі қатардағы кәсіптің біріне айналады да шығады. Он
мың метр биіктікке көтеріліп ұштың не, жерде отырып, сәмбіталдан орындық
өрдің не, бәрібір. Өйткені, сен бойыңдағы үрейді жеңдің”, – деген даналық
сөзі санаға сәуле шашқанда ғана үрей жайына қалып, төмендегі әңгіменің
тиегі ағытылды. Домбыраның құлақ күйін келтіргенде бірінші пернеге көп
нәрсе байланысты. Қажетті дыбысты тап баса білсең, қалғаны сол заматта
қалпына келеді. Біз үшін Антуан ағатайымыз айтқандай, жазу – кәсіп болған
соң, бойды билеген үрейді қайтсек те жеңуге тырыстық. Сонымен...

Бірінші перне немесе “Гауһартас”

Бұл әңгімені маған Сауытбек Абдрахманов айтып еді. “Қатты есімде
қалыпты. Бір жеріне осыны келтірерсіз”, деген. Біздің газетке басшы болып
бекітілердің алдында, “Қазақстан” телерадиокорпорациясында бірінші вице-
президент қызме­тінде жүргенде “Отандастар” атты тікелей эфир хабарына
Тоқтарды шақырған екен. Тоқаң эфирге бір сағаттай ерте келеді. Уақыт
жеткенше кабинетте біраз әңгіме айтылады. Бір кезде: “Мені қайрап, түлетіп
шығарған қазақтың әні ғой”, деп қалады Тоқаң. Бұл сөздің сыры былай екен.

...Қиыр Шығыс. Қақаған қыс. Орман іші. Тоқтар жалғыз. Тұнжыраңқы.
Туған жерден жырақ жүргені жанына батты ма, жоқ әлде жүрегіне жақын тұтқан
сол бір жанның берген сертте тұрмағаны еңсесін түсірді ме, әйтеуір не
керек, жас жауынгер тайга­ның бір шетінде, желдің өтінде тұрғанда өне-бойын
өксік қысқан сәт туған... Көңіл күйі болыңқырамай, кілең ішуге келгенде
алдарына жан салмайтын топтың ортасына түскенге қатты қамықты ма, кім
білген? Талғат Сүйінбайдың Тоқтар туралы жазған “Тұңғыш қазақ ғарышкері”
деп аталатын кітабында батырдың әпкесі Гүлсімнің қыздар туралы сыр шертетін
тұсы бар. “Ойбай-ау, ондай жігіттің төресіне қыз ғашық болмаушы ма еді,
өзің ойлап қарашы. Әрине, болды. Өткен өмір ғой, оны несіне жасырайын.
...Екі жас бір-бірін жақсы көрді. Тоқтар Армавирдегі әскери-ұшқыштың оқуын
бітіріп, Қиыр Шығыстағы бөлімдердің біріне ұшқыш болып кетерде, үйленбек
ойы да болған. Бірақ қыздың әке-шешесі “Ойбай-ай, жердің түбінде не бар,
қайдағы бір ұшқышпен” деп, келісімін бермей қойды. Қысқасы, не керек, қыз
да қанша жерден жылап-сықтағанмен әке-шешесінің айтқанынан шыға алмады. Әлі
есімде, Тоқтар қатты булығып, екі-үш күн ешкіммен сөйлеспеді. Үн­демеген
сол күйі өзі қызмет ететін Амур өзенінің жағалауындағы гарнизонға қайтып
кетті. Бәріміз де қатты қапа болдық, бірақ қолдан келер шара бар ма?” –
дейтін кезі болуы керек шамасы... Адамның мұндайда өмірден түңіліп те
кететін уағы болады. Сондай бір дай-дай шақта Тоқтардың да қабағы
қатуланып, сұры қашып, екі иығына ауыр жүк артылғандай әбіржіңкіреп кетеді.
Сүйген қыз, сүйікті ел алыста. Бойды сағыныштан гөрі сарыуайым көбірек
билеген шақ. Өмірдің мәні жоғалғандай, кең тайга қатар құлазығандай. Қапа
көңілмен отырып Тоқтар әлгінде өзімен ала шыққан транзистордың құлағын
бұрайды ғой баяғы. “Маяк” деген радиостанция болатын баяғыда. СССР
халықтары әндерінен бір концерт бере қалыпты сол радио. Кенет... Әдемі бір
сыбызғы әуен естіледі.

Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі-ай көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай..,

– деп сиқырлы сазы жанды баурап, жас жауынгердің жүрегін елжірете
жөнеледі. Әннің қайырмасына келгенде Тоқтар тіпті елітіп, айдалада, Қиыр
Шығыстың бір қиыр шетінде қамығып жүргені мүлдем естен шығып, ерекше бір
күйге бөленеді. Әсем әннің әуені жүрегіне майдай жағып, өмірдің бар
қиындығы ұмыт қалғандай болады. Қазақтың бұлбұл үнді әншісі Бибігүл
Төлегенованың орындауындағы “Гауһартас” осылайша өршіл жастың жүрегінде
жатталып қалады. Қамыққан көңіл орнына түседі. Жас жігерін сонда Тоқтар
былайша жаныған тәрізді: “Осындай керемет ән тудырған біздің қазақ қандай
ғажап халық. Сол халықтың мен де бір баласымын. Қой, бүйтіп қамыға бергенім
жарамас. Белді бекем буайын. Ата жолын қуайын. Қайратыма мінейін.
Қапаланбай жүрейін. Елге қызмет етейін. Мақсатыма жетейін”.

Сөйтіп, қыран дүр сілкінеді. Қайта түлейді.

Араға біраз жыл түседі. Мәскеуде СССР Жоғарғы кеңесінің кезекті бір
сессиясы өтіп жатады. Одақ парламентінің депутаты Бибігүл Ахметқызы
Төлегенованың қонақүйдегі нөмірінің есігін тықылдатады Тоқтар.

– Апай, мен сізді әуежайға дейін шығарып салайын, – деп Тоқаң балаша
қиылады ғой.

– Рахмет, әуре болмай-ақ қой. Көлік бар. Рахмет, қарағым, – деп
Бибігүл апамыз да Әубәкіровті әуре еткісі келмейді. Сонда Совет Одағының
Батыры қоярда-қоймай отырып, Совет Одағының халық әртісін “Домодедово”
әуежайына шығарып салады. Рульге өзі отырады. Жолда келе жатып:

– Апай, мен Сізге рахмет айтайын деп едім. Бір кезде басымнан осындай
жағдай өтіп еді, сонда сіздің салған әніңізді тыңдап, өмірге қайта
келгендей болып едім. Қайратыма – қайрат, айбатыма – айбат қосқан еді
сіздің салған әніңіз. Осындай ән шығарған біздің халқымыз шынында да
керемет ел емес пе?!. – деп алғысын айтып, сыр шертеді.

“Гауһартас” әнінің сиқырлы сазы талай жүректі тебіренткен, талай
жүректі елжіреткен. Әлі де талайларды тебірентіп, елжіретіп жіберері анық.
Шын асылға екінің бірінің қолы жетпейді. “Гауһартастың” ғаламаттығы да
сонда: оны екінің бірі дәл Бибігүл Төлегенова сықылды елжіретіп сала
алмайды. “Гауһартас” – ғұмырлы ән. Қазақпен қатар жасайтын ән. Сол әнге
сонша елти алған азаматты айтсаңызшы?!

Екінші перне немесе Қонаевқа хат

Қазақ “Тәуекел ет те тас жұт” дейді. Ер адамның ең басты серігі сол
тәуекел. Тәуекелге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтіні тағы анық.
Тоқтар Әубәкіровтің сегізінші сыныпты бітіре салып, Теміртаудағы құю-
механикалық зауытта токарь болып істеуі үшін де сол тәуекелдің керек
болғаны даусыз. Кешкі мектепті жұмыспен қатарластыра оқып шыққан соң, 1965
жылы әуе қорғанысына қарсы ұшқыштар даярлайтын Армавир жоғары әскери
авиация училищесіне түсу үшін де үлкен тәуекел керек еді. Осы училищені
1969 жылы бітірген соң СССР әскери-қарулы күштерінде қызмет етуге бел
байлайды. Былай қарағанда өмірбаян бетте­ріне тізбектелген осы жылдар оп-
оңай өте шыққан сияқты. Бірақ ол кезде қазақ баласының ұшқыштар мектебіне
түсуі, шынын айтқанда, талайлар үшін тек арман болатын. Тіпті Елбасымыздың
өзі жас күнінде ұшқыш болуды армандағаны белгілі ғой. Өйткені, қаншама
бауырлас елміз дегенімізбен Советтер Одағының былайғы халықтары үшін темір
шымылдықты жерлері көп еді. Қазақтың арманы аэроклубтан ары аспайтын. Ары
қарай тәуекел етуге екінің бірі бел байлай да бермейтін. Тұмсығы тасқа
тірелетінін білген соң да солай болды ма?.. Біздің кейіпкеріміз сынақшы-
ұшқыш болуға Совет Одағының Батыры А.Федотовпен кездескеннен кейін мықтап
бел байлағанын айтқаны бар. МИГ фирмасының атақты сынақшы-ұшқышы жас
жігіттің өміріне өмірлік өзгеріс енгізсе керек. Училищені бітірген соң Қиыр
Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметін жалғастыра береді.
Сонда СУ-15 ұшағымен ұша бастайды. Төрт жылғы әскери қызметінде Тоқтар
ерекше қабілетімен көзге түседі. Қиыр Шығыстағы ең үздік ұшқыш атанады.
Сондағы авиация зауытына жиі барып, сынақшы-ұшқыштармен танысады. Олар
әңгіме арасында егер сен эскадрилия командирі болсаң, сынаққа мүлдем
жібермей қояды деген сөзді айтады. Өзін сынақшы-ұшқыштар мектебіне
ауыстыруды өтініп, қайта-қайта сұранады. Өтініші қанағаттандырылмай, арызы
кейін қайтарыла берген соң “жығылсаң нардан жығыл” дегендей, Тоқтардың
ойына керемет бір идея сап ете қалады. Ол дереу Қонаевқа хат жазу қажет деп
шешеді. Отыра қалып, хат жаза бастайды. “Мен, Тоқтар Әубәкіров, аға
лейтенантпын. Сынақшы-ұшқыш болғым келеді. Оған денсаулығым да, білімім де
жетеді. Барлық сынақты ойдағыдай тапсырдым. Бірақ Қорғаныс министрлігі мені
бұл жаққа жіберетін емес. Қазақтың бір баласы сынақшы-ұшқыш болса, несі
жаман? Маған осындай мүмкіндік жасауға қол ұшын беріңіз”, деп үшбу хатты
жолдап кеп жібереді. Арада алты ай өткенде әскери бөлімнің топалаңы шығады:
ойбай, Саяси бюро мүшесіне арыз жазған кім? Бұл не ғып жүрген қазақ?
Сонымен, мән-жай анықталады. Қонаев ол кезде Коммунистік партия Орталық
комитетінің Саяси бюросының мүшесі. Брежневтің досы. Дәурені жүріп тұрған
кез. СССР Қорғаныс министрі А.Гречконың тапсырмасы бойынша Тоқтар
Әубәкіровті Авиация өнеркәсібі министрлігіне ауыстыру туралы жоғары жақтан
пәрмен келіп түседі. Сөйтіп, Тоқтар Оңғарбайұлы Мәскеудегі МИГ авиация
фирмасына тап болады. Сол жерде көптеген сынақшы-ұшқыштармен танысып, небір
асау әуе тұлпарын ерттеп міне бастайды. МИГ-23-тен бастап МИГ-29 ұшағына
дейін түгел сынақтан өткізеді. 1988 жылы бірқатар сынақ ұшуларын сәтті
өткізгені үшін Совет Одағының Батыры атағы беріледі.

Қиыр Шығыста жүріп Дінмұхамед Қонаевқа хат жазу, онда да қазақтың бір
баласының сынақшы-ұшқыш болса, несі айып, – деп мәселені төтесінен қою үшін
де жүрек жұтқан батырлық керек. Егер сонда Тоқтар солай тәуекел етпесе,
қатардағы көп ұшқыштың бірі болып қала берер ме еді? Өмір жолы мүлде
басқаша қалыптасар ма еді, кім білсін?!.

Үшінші перне немесе Гиннесс кітабына кірген қазақ

Кейде ғұмыр кірпік ұшында тұрады.

Көзіңді ашып-жұмғанша... Мәселені сағаттар емес, минуттар емес,
секундтар шешетін уақыт болады.

Бала Тоқтар Теміртауға келгенде, Қарағандыдағы аэроклубқа жазылып,
кеудесіне ұшқыш болсам деген үкілі үмітті қондырғанда мұндай жағдайлар
болады дегенді қаперіне әсте алмаған да шығар-ау! Алғаш жасы жетпегендіктен
парашютшілер секциясына жазғанда, аэродинамика дегеннің не екенін ең алғаш
білгенде, парашюттің қалай қалықтайтынын тұңғыш сезінгенде адам өмірінің
кірпік ұшына байланған нәрсе екенін аңғарып үлгермеген де болар.

Адамның жаны мұрнының ұшына келетін кез. Ойпыр-ай, әлгі МИГ-29 ұшағын
шторм уақытында крейсер палубасына қондырған ерлігі ерен болған екен. Қара
теңіз – теңіз біткеннің ішіндегі қанқұйлысы. Алапат теңіз дауылы тұрғанда
корабльдер желге қаңбақтай ұйытқып кетер еді. Шторм кезінде жал-жал толқын
пайда болады. Бұл, әрине, мұхит толқынынан шағындау болғанымен, зардабы зіл-
батпан. Бірінің артынан бірі келіп ұрғанда корабльдің пәрша-пәршасын
шығаруға шамасы жетер-ді.

Тоқтар Әубәкіров сондай сұрапыл теңіз дауылы ышқынып тұрған шақта
дыбыстан жылдам ұшатын ұшақты кеме үстіне қондырып үлгерген ғаламат ерлік
жасаған. Әдеттегі сынақ ұшуы деп есептелгенімен осындай күрделі жағдайда
ұшақты кеме үстіне қондыру таза жүрек жұтқандық қой!

Тоқтардың бұл ерлігі сол кезде еленбей қала бергенін қайтерсіз? Әскери
шені көтерілмеген. Жалақысына да жарытымды ештеңе қосылмаған. Марапаттау
деген атымен жоқ. Судың жал-жал толқындарының салмағына ұшақтың салмағы
келіп қосылғанда 80 мың тоннаға тең келерлік жойқын жүктен кеме шайқалғаны
сондай: қауырсын секілді шырқ айнала жөнелген ғой. Тоқтардың бойына сонда
да үрей ұя салып үлгермеген. Қорқыныш, үрейлену сезімі ұшақ қонған соң
барып келсе керек. Япыр-ау, мен мұнда қалай тап болдым, бұған қонып нем
бар? – деген ой ең соңынан келгенде қыр арқасын қара тер басқан...

Гиннесстің рекордтар кітабына кірген ерлігін де осы ұшақпен жасады.
“Тбилиси” крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем
көз тікті десе де болады. Совет ұшағы лып етіп көтеріле ала ма, жоқ, бұрқ
етіп жоқ бола ма, деп бүкіл дүние жүзінің мамандары демін ішіне тартып,
қарап тұрған еді. Тоқтар Әубәкіровке крейсердің қамзолдың етегіндей қып-
қысқа ұшаңқайынан МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеру міндет болды. Жаңа
әдістің ерекшелігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып
келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей тез көтеріліп кетуі керек. Барлық
мәселені секундтар ғана шешеді. Ұшақтың моторына байланысты. Сәл іркіліс
болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. А деп ауыз ашқанша құйрығы
қайқаң етіп зеңгір көктен көрінетін дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-
ұшқыш Тоқтар Әубәкіров сонда зыр-р еткізіп, көтеріп үлгерді. Асқан
дәлдікпен аядай жерге ұшақты қайта қондыру да ғаламат ерлік болатын.
Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырғаны үшін
Тоқтардың бұл ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл 1989
жылдың 1 қарашасында болған оқиға еді.

Совет Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов ағамыздың Тоқтар
Әубәкіровтің ерлігіне тәнті болғанда айтқан сөзіне қосыла бас иземеске амал
қайсы? “Мынау деген кез келген ғарышкер-ұшқышыңыз сынақшы-ұшқыш бола
алмайды. Былай қарасаң, олардың дәрежелерінің бір-бірінен еш кемістігі, не
артықшылығы жоқ. Тек, ғарышкерлер елдің алдында, халықтың алдында жүретін
топ, ал сынақшылар құпия өмір сүреді. Сынақшы мен ұшқыштың ара-жігін
ажыратып алу керек. Мәселе – олардың қызметінің сынақшылық құпиялылығында
да емес, бар мәселе – олардың жүрегінде. Ең алдымен жүрек керек, жүрек!”

Жүрек жұтқан батыр ағасының жүрек жұтқан батыр інісі туралы айтқан
сөзі бұл. Қазақ “жүрегінің түгі бар” деп осы Талғат ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тоқтар Әубәкіров туралы
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтың ғұмырнамасы
Ғарышкер және Қазақстан
Әубәкіров Тоқтар
Ғарышты игеру туралы
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров
Қазақстың тұңғыш ғарышкері
Ғарышты игеру. Байқоңыр
Стратосфераға күн батареясының көмегімен ұшудың тиімділігі
Т. Әубакиров
Пәндер