Жалпы мектептегі музыка сабағында жыршы-жыраулардың алатын орны


Пән: Өнер, музыка
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 77 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

І. ҚАЗАҚ ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ ТАРИХТА АЛАТЫН ОРНЫ . . . 6

1. 1 Асан қайғы . . . 6

1. 2 Қалқаманұлы Бұқар жырау . . . 7

1. 3 Сарыұлы Ақтамберді жырау . . . 15

1. 4 Тіленшіұлы Шалкиіз жырау . . . 17

1. 5 Сүйінішұлы Қазтуған жырау . . . 21

1. 6 Доспамбет жырау . . . 23

1. 7 Жиембет жырау . . . 30

1. 8 Сыпыра жырау . . . 32

1. 9 Үмбетей жырау . . . 40

1. 10 Марғасқа жырау . . . 44

ІІ. ЖАЛПЫ МЕКТЕПТЕГІ МУЗЫКА САБАҒЫНДА ЖЫРШЫ-ЖЫРАУЛАРДЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ . . . 45

2. 1 Жыр және жыршылық қасиет . . . 45

2. 2 Қазақ поэзиясындағы жыраулық дәстүр . . . 47

2. 3 Жыраулар философиясындағы ұлттық идеяны музыка сабағында пайдалану . . . 51

2. 4 Қазақ жыраулары туындыларындағы тәрбие мен білім беру мәселелері музыка сабағында . . . 57

2. 5 Жалпы мектептегі музыка сабағының этнопедагогикалық негіздері . . . 69

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 75

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 78

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Жыраулық поэзия XV-XVIII ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы. Сахарадағы рухани өмірдің өзіндік ерекшеліктері көп еді. Кең даладағы көшпенді тірлік, тұрмыстық-қоғамдық өзгешелік сөз өнерінің соны сипатта қалыптасуына себеп болған-ды. «Өнер алды - қызыл тіл, ал тіл шұрайы -өлең сөз » деп танылады. Халықтың рухани өмірінде жетекші орынға шыққанпоэзия әлденеше ғасыр бойы қазақ әдебиетінің жай ғана көшбасшысы емес, ең басты жанры қызметін атқарды. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. XV ғасырдың орта шенінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулық поэзия қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан қор алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жоқ тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемелдікті, көркем келісімді аңғару қиын емес. Жыраулық поэзия сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Содан да болар, жыраулық поэзия да мейлінше терең танымдық ойлар буырқанып, ұдайы философиямен шендесіп жатады. Онда өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз пен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайлы сан - салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы кеткен Сыпыра жырау, Асан Қайгы, Қазтуған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады.

Қазақ әдебиетінің қайсыбір кезеңі болмасын бәрі де белгілі тарихи әлеуметтік жағдайларға байланысты дамиды. ΧV-ΧVІІІ ғасырлардағы көркем әдебиеттің жайын халық әдебиетінің жетістіктерінен де жете аңғарамыз. Бұл кезде ауыз әдебиетінде көркемдік дәрежесі жоғары көптеген эпостық жырлар туды. Осы жырлар негізінде, әдеби тіліміз де дами түсті. Бұл кезең - қазақ хандығы құрылып, тайпалар бірлестігінің дербес мемлекеттің нығая бастаған дәуірі. Осы кезден бастап қазақ халқы мәдениетінің де өзіндік беті айқындала түсті. Ол, әсіресе, халықтың тілінен, әдебиетінен айқын сезіледі. Кейбір жазба ескерткіштерінің осы кезде таза қазақ тілімен жазылғандығы соның дәлелі. Бұған Қадырғали Қосымұлының «Шежірелер жинағын», Әбілғазының «Түрік шежіресін» алуға болады.

Заманалар жасаған көркем сөз кестелері, асқақ арман, ұшқыр қиял жемістері - халық өнерпаздары жасаған өлмес, өшпес мәңгілік мұра. Әр халық өзінің рухани мәдениетінің деңгейін көркемөнер туындыларының нәрлі қорлары, сан-салмағы, сән-сәулетінің аумағымен өлшейді, бағалайды.

Атадан балаға ауысқан, үрім-бұтаққа мұра болып жеткен «шебердің бізі, шешеннің тілі»туғызған өнер құдіреттерін рухани байлығынан санайды. Берік материалдық негізде дамыған рухани мәдениет адам баласы қоғамының жетіле түсуінде шешуші рөл атқарады. Адам баласы өзінің өсіп өркендеу жолында өмір сүруі үшін тікелей қажет нәрселерді алып қоймайды, соған қоса рухани азық болатын өнер мұраларымен де сусындап отырады. Барлық материалдық және рухани байлықтардың нағыз иесі халық кемеңгерлігі деген қағиданың маңызы да осындай заңдылықтарын таныта білгендік болса керек.

Қоғамдық құрылыстың дамуымен бірге әлеуметтік қайшылықтар да айқындала береді. Әр топ өз көзқарасын тарату мақсатында идеологиялық құрал іздейді. Кейбір үстем тап өкілдерін әдебиет осы мақсатта пайдалануға әрекет жасады, оған сый - сыйапат көрсетіп, өз пікірлерін таңып, қошаметшіл поэзиясының кейбір түрлерін туғызды.

Қара күш біреудің беделін күшейтеді, екінші біреуді төмендетеді. Поэзия әлемінде бір адамның екінші біреуді қалай жеңгенін, қандай олжа түсіргенін жырлау пайда болды. Жеңімпаздар жеңілгендерді өзіне бас идіреді және өздерінің құқықтарын мойындатады. Осы тұста поэзияда қошеметшіл жырлар туады. Ал, кейнірек, жеңімпаздар озбырлығы күшейе келе, жеңілгендердің күңкілі, үні естіле бастайды, олар наразылық білдіреді. ΧІІІ-ΧІVғасырлар-моңғол шапқыншыларының зардапты дәуірі. Бұл кезде әдебиеттің дамуына қолайлы жағдай болмады. Әлеуметтік сипаттағы халықтық әдебиет тоқырап, тіршілік қызығынан түңілген сопылық поэзия өріс алды. Қазақ хандығының дербес өмір сүруіне байланысты бұл тұста оның әдебиеті, әдеби тілі қалыптасуға бет алды. Ілкі шығармаларда жоқтау сияқты салт жыры ертегі - аңыздар басында болса, кейін жеке адамды дәріптеген туындылар көбейіп, әдебиеттің мақсаттары айқындала бастады. Әуелі қиял - ғажайып аңыздар туды, онда адамның әртүрлі ғаламат күштерге қарсы күресі бейнеленді. Бұл жағдай тарихи сюжеттерді өмірге әкелді. Қолбасы батырлар не хандар дәріптеліп, олардың қаһармандық бейнелері жасалды. Халықтық туындылардың ол кезде шығарушылары шешендер мен жыраулар еді.

Әр тұста ағаштан түйін түйіп, қышпен тасқа ою ойып, мәрмәрдан мүсін салған шеберлер сияқты сөз кестесін құра білген, тіл құдіретін игерген асыл сөз шеберлері болған. Оларды халық әртүрлі атаулармен атап қадірлеген. Айталық, қапияда сөз тауып, өз сөзінің жүйелі логикалы күшінің арқасында асқынған дауды шешкен, бітіспес жауды бітімге жүгіндірген, жүрместі жүргізген өнерпазды халық - шешен деп атаса, заманының қоғамдық ойын жүйелеп, түйінді пікір айтып, асыл сөзді термелеп, афористік ақылдарға толы жыр шығарған сөз өнерпаздарын - жырау деген атауға ие еткен.

ΧV ғасырдың орта шеңінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулар поэзиясы қазіргі Қазақстан қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нәр алады. Ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденеді. Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен - ақ кемелдікті көркем келісімді аңғару қиын емес. Жыраулық поэзия сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Содан да болар жыраулық поэзияда мейлінше терең танымдық ойлар буырқанып, ұдайы философиямен шеңдесіп жатады. Онда өмір мен болмыс, заман мен адам туралы толғанады. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік жайлы сан - салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады.

Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы - туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан Қайғының “Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшір” деген ақылгөй сөзі сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да “Қайран менің Еділім!” деп еңіреп өткен, “Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап” деп Доспамбет жырау армандаған, “Ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым он кісіге жараса, бір кісіге асқан тамағым” деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған.

Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы кеткен Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Бұқар, Шалкиіз жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп саналады. Елге, ер - азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмтылар бағыт - бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін айқындап кетті. Осы тұста өмір сүрген және әдеби мұралары бүгінгі күндерге там - тұмдап болса да жеткен ақын - жыраулар шығармашылығы сол заманның тұтас бір шежіресін құрастырады. Оларда ел өміріндегі елеулі оқиғалар, феодалдық қоғамның ащы шындығы, халықтың әдет - ғұрып, салт - санасы бейнелі тілмен көрініс тапқан. Демек, жыраулар поэзиясы - халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұра.

Бұл курстық жұмыста мен сахара эпосын тудырушылардың бірі - ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик болған Қазтуғанның біздің дәуірімізге жеткен толғаулары туралы және де сол тоғаулардың бүгінгі күнде алатын орны туралы айтсам деймін.

Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты:

  • Жыраулардың жеке өмірімен танысу.
  • Жыраулардың шығармашылығын толықтай қамту.
  • Жыраулардың музыка сабағындағы орнын анықтау.

Курстық жұмыстың негізгі міндеті:

  • Жыраулардың шығармашылығына зерттеме жасау.
  • Жыраулардың шығармашылығының музыкалық тәрбиедегі маңызын айқындау.

Курстық жұмыстың құндылығы: Жыраулардың толғауларының қазақ халқының музыкалық білімі тарихында алатын орны.

Дипломдық жұмыстың құрылымы: Бұл курстық жұмыстың құрылымы кіріспе бөлімінен, ал кіріспе бөлімі екі тараушадан тұрады; негізгі бөлім екі тараушадан; және қортынды бөлімнен тұрады.

І. ҚАЗАҚ ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ ТАРИХТА АЛАТЫН ОРНЫ

1. 1 Асан қайғы

Асан қайғы (XV ғасыр) - өз заманының асқан ақылгөйі. Жыраудың өзі айтқандай, онан қалған "таза мінсіз асыл сөз" аз болмаса керек, бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жетпеген. Оның қазір қолда бар өлеңдерінен ірі сөз зергері, терең ойшыл ақын екенін танимыз. Асан атына "қайғы" деген сөз қосылуы да көп нәрсені аңғартады. Мұнан біз оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры екенін танимыз. Асан ел тыныштығын армандаған.

Мал баққан көшпелі елге керегі - бейбіт тіршілік. Бірақ, ол кезде жаугершілік, басқыншылық, соғыс, құнарлы жер үшін ұрыс-қақтығыс жиі болып тұрған.

Олар ел берекесін кетіріп, күйзеліске ұшыратқан. Жырау халық басына төнген осы ауыртпалықты көре білген.

Асан қайғы "Әй, хан, мен айтпасам білмейсің" деген Жәнібек ханға айтқан толғауында "шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің" - деп күйзелген халқының қамын ойлау орнына "қымыз ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне, мансабына масаттанған" ханға батыл үн қатады. Жырау бұл жерде ханның мақтаншақ, парықсыз, ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген. Елінің қамын, ертеңін ойламаған ханға жырау "Ойыл көздің жасы еді . . . Ойылдан елді көшірдің, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің . . . Еділ деген қиянға, еңкейіп келдің тар жерге", - деп нали тіл қатады.

Асан қайғы ел, халық тағдырына, болашағына терең көз жібереді, қабырғасы қайыса жыр төгеді, болжам жасайды. Жырау ханға:

Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,

Желмая мініп жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшір, -

деп ақыл-кеңес береді. Онан әрі ханға:

Аңдып жүрген көп дұшпан, Өз басына келеді.

Елге жау боп келеді. Құлың кеп сені өлтірер.

Құладан қуды өлтірсе, Осыны Асан біледі, -

деп, жырау халық көтерілсе, хан басына ауыр күн туарын ескертеді.

Ақылгөй жырау "ата жұрты - бұқара" күшін жоғары бағалайды. "Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа" - деп, елді бірлік-ынтымаққа шақырады. Жырда ғибрат, өнеге аларлық парасатты ой түйіндері мол. Ол өз тұсындағыларға да, келешек ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздаған. Жырау:

Ашу - дұшпан, артынан

Түсіп кетсең қайтесің.

Түбі терең қуысқа, -

деп шалдуарлық теріс мінездерден сақтандырады. Сол сияқты "Ердің құны болса да, қол қусырып барған соң, аса кеш те қоя бер, бұрынғыны қуыспа", - деп, қайырымдылық, ерлік істерге жетектейді. Асан қайғының:

Арғымаққа міндім деп, Достарыңмен санаспа!

Артқы топтан адаспа! Ғылымым жұрттан асты деп,

Күніңде өзім болдым деп, Кеңессіз сөз бастама!

Кең пейілге таласпа! Жеңемін деп біреуді

Артық үшін айтысып, Өтірік сөзбен қостама! -

деген жолдарындағы өмір тәжірибесінен түйген парасатты толғам-танымы, философиялық терең ойлары бүгінгілерге де үлгі-өнеге.

"Көлде жүрген қоңыр қаз" толғауындағы ғибратнамалық ойлары да тереңділігімен, парасаттылығымен таңдандырады.

Асан жырлары тек өзінің мазмұнымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жырау поэзиясы толғау түрінде келеді. Ол өз жырларында синтаксистік параллелизмді шебер қолданған.

Таза, мінсіз, асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза, мінсіз, асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады, -

деген жолдардан мұны айқын аңғаруға болады. Жырау бұл тәсілді тек көркемдік үшін ғана қолданбаған, сол арқылы терең ой түйіндеген, сөз өнерінің қадірін білдірген, сөз жалаң дүние емес, адам жанының ішкі толғанысының, жан сырының көрінісі екенін тамаша өрнектеген. Ақын поэзиясы дыбыс үндестігіне құрылған.

Ойыл деген ойынды,

Отын тапсаң тойыңды . . .

Елбең-елбең жүгірген

Ебелек отқа семірген

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген . . . -

деген жолдарда жырау өз ойын айтып беру үшін көркемдік тәсілді ұтымды қолданған. Мұндай өрнекті "Қырында киік жайлаған" өлеңінен де кездестіреміз.

1. 2 Қалқаманұлы Бұқар жырау

Қалқаманұлы, Бұқар жырау (1668-1781) - қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен.

Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай. 18 ғ. болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, 14 ғ. ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай. Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның баққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек. Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі. Ол жан жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз.

Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған.

Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым.

Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Музыка сабағы - өнер сабағы
Музыка пәнінің құрылымы мен құрылысы
Қазақстан мектептеріндегі музыкалық білім (1920-1960жж.)
Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері
Халық педагогикасының балалар тәрбиесіндегі рөлі
ЖЫРАУ МЕН ЖЫРШЫЛЫҚ ДӘСТҮРДІҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҚАЛЫПТАСУЫ
Мектепте халық педагогикасын оқытудың тәрбиелік маңызы
Бастауыш сынып оқушыларына адамгершілік тәрбие берудің теориясымен танысу
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Мектептегі музыкалық тәрбие әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz