Сәбит Мұқанов және әдебиет


Кіріспе
Ұлы Отан соғысы жылдарында әдебиет, соғыс пен тылдың көркем шығармаларына арқау болды. Майданға қатысқан жазушылардың жазбалары жазылды. Поэзия мен прозадағы негізгі тақырып - фашизмге қарсы күрес, Отан қорғау, батырлар бейнесін сомдаған.
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің тарихында ең бір шоқтығы биік, белесі мол кезең - кеңес дәуірі әдебиеті. Осы кеңес дәуірі әдебиетін дәуірлеу мен сол дәуір әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармалары туралы ғалымдардың еңбектері аз емес. Кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы қайта жазылып жатқан қазіргі заманда осы уақытқа дейін өз мәнін жоймаған еңбектерді саралап, ой елегінен өткізудің үлкен маңызы бар.
Біздің бітіру жұмысымызда белгілі ғалым, сыншы, кеңес әдебиетіне қатысты зерттеулері, негізгі концепциялары, кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына Сәбит Мұқановтың тигізген ықпалы қарастырылады.
Кеңес дәуір әдебиеті әдебиеттің өз уақытына сай жедел дамыған, жаңғыру үрдісі кең, мазмұны барынша бай әдебиет болуымен қатар, кеңес дәуіріндегі әдебиет адамға, мемлекетке және қоғамға қатынасты бейнелейтін әлеуметтік идея түрінде дамуы. Әдебиеттің дамуына идеология мен мемлекеттік саясаттың үлкен ықпалы болды.
Біздің алдымыздағы міндет те кезінде қалтқысыз қызмет еткен еңбектерді бүгінгі уақыт пен жаңаша ойлау жүйесінің талабымен бағалау, тану. Тарих мерзімінен алғанда кеңес әдебиеті қысқа ғана ғұмыр кешті, алайда, «үздіксіз өсіп, жаңа шығармалармен байып, идеялық, көркемдік жағынан шыңдалып отырған әдебиеттің зерттеуге лайық творчестволық, теориялық мәселелері көп» болатын. ;
бұл жылдары әдебиет, қай жағынан болса да, ғалым айтқандай «кадр» жағынан да, «жанр» жағынан да өсті. ;
ақындар поэзиясының халықтық - фольклорлық дәстүрмен төркіндестігін және индивидуалдық ерекшеліктерін көрсету;
Ақындар поэзиясының лексикалық-фразеологиялық қабатын ақтарып қозғап, олардың халықтың сөз байлығын, негізгі сөздік қорды пайдалану шеберлігін анықтап, дәлелдеу;
Ақындардың көркемдік қиялы мен ойлауы хақында пікірлер өрбіту;
Ақындар шығармаларының интонациялық, музыкалық, ырғақтық, дыбыстық жүйесіндегі ерекшеліктерді ұлттық тілдің негізінде түсіндіру.
Мақсаты : Жұмыс барысында кеңес дәуір әдебиетіне арналған С. Мұқанов еңбектері мен сол жылдардағы ақын, жазушының көркем шығармаларын толық қамту.
Міндеті : - қазақ әдебиеті тарихын меңгерту;
- С. Мұқановтың шығармаларының көркемдік-идеялық табиғатын игерту;
- С. Мұқановтың шығармаларының тақырыптық, тәрбиелік мәнін түсіну;
- С. Мұқановтың талантының көркемдік-эстетикалық мәнін игерту.
Курстық жұмысы кіріспе, 4 тарау және қорытындыдан тұрады. Соңынан пайдаланылған әдебиет тізімі беріледі.
1 Өмірі мен шығармашылығы
XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінін бірі - академик жазушы Сәбит Мұқанов. Бүкіл шығармашылық жолы кеңес өкіметінің билік құрған жылдарымен тұспа-тұс келген ол өз заманының көкейкесті тақырыптарын шығармаларына арқау етті. Әдебиеттің барлық жанрында еңбек етті. Қоғамдық мәселелермен айналысты.
Өмір жолы. Сәбит Мұқанов 1900 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде дүниеге келеді. Қазір бұл ауыл Сәбит Мұкановтың есімімен
аталады. Жеті жасқа келгенде әкесі, бір жылдан соң шешесі қайтыс болып, жетімдіктің зардабын шегеді. Жастайынан ауыл байларының малын бағып, жалшылықта жүреді. Сегіз жасында ауылдағы молдадан оқып, сауатын ашады. Табиғатынан зерек Сәбит хат танығаннан-ақ, әр түрлі кітаптарды оқуға талпынады. Түрлі қисса, дастандарды оқиды. Абайдың, татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармаларымен танысады. Көп дастандарды жатқа айтатьн болады.
Бірте-бірте әдебиетке, өлеңге қызығушылығы оянады. Он екі жасынан бастап, өлең шығаруға талаптанады. Ойын-тойда айтысқа түсіп, өлең шығарып, "өлеңші бала" атанады.
1918 жылы бірқатар жаңашыл мұғалімдерден дәріс алады. 1919 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсын бітіріп, ауылда аз уақыт мұғалім болады.
Кеңес өкіметінің жұмысына араласады. 1919-1922 жылдары ел арасынан астық жинау науқандарына қатысады, Ақмола губерниялық комитетінде әр түрлі қызметтерде болады. 1922 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне (рабфак) түседі. Бірқатар орыс ақындарының шығармаларымен танысады. 1926-1928 жылдары әр түрлі баспа, баспасөз орындарында істейді. 1928 жылы Ленинград университетіне түседі. Бірақ тұрмыстың ауыртпалығынан оны бітіре алмайды. 1935 жылы Мәскеудегі қызыл профессура институтын тәмамдайды. Алматыға оралып, "Қазақ әдебиеті" газетінің редакторлығына тағайындалады. 1936-1937 және 1941-1954 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарады, 1937-1941 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында дәріс оқиды. 1954 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі болып сайланады. 1968 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанады. Бірнеше съездерге делегат, басшы органдардың мүшесі болып сайланады.
1973 жылы қайтыс болады. [1- 62 б. ]
Поэзиясы. Сәбит Мұқановтың артына қалдырған әдеби мұрасы аса бай. Ол - әдебиеттің барлық жанрында өңдірте жазған қаламгер. Шығармашылық жолын әдеттегідей өлең жазудан бастаған. Сәбит өз заманының тарихи шындығын бейнелеуде көркем әдебиеттің барлық жанрының мүмкіндіктерін мейлінше молынан пайдаланды. Оның 1917 жылы жазылған "Көңілім", 1918 жылғы "Зарығу", "Жоқшылыққа" деп аталатын өлеңдерінен-ақ, болашақ ақын жырларының басты бағыты аңғарылған еді. Оның шығармаларына ел өмірі, қазақ еңбекшілерінің тұрмысы, ой-арманы арқау болды. Сәбиттің өлеңдері қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін өте дәл бейнелейтін, публицистикалық леппен жазылған азаматық саяси лирика болды. Кезеңде заман тынысымен, қоғамның өзгерістерімен оқушысын таныстырып, әрдайым алға жетелеп отырған бұл өлеңдер тәуелсіздік тұғырында тұрған бүгінгі оқырмандар тарих көзімен қарап, елеп-екшеп оқитын бай поэтикалық мұраға айналды.
Қазақ халқының бір белестен екінші белеске, бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне өту жолын, 1917 жылғы төңкерістерден кейін орнаған кеңестік заманның тынысын Сәбит Мұқанов өзінің "Жұмаштың өлімі" (1923), "Альбом" (1924), "Ленин" (1924), "Балбөпе" (1926), "Октябрь өткелдері" (1927), "Ақ аю" (1935), "Жұпархан" тәрізді поэмаларында кең ауқымда жырлады. Оларда әр түрлі тарихи кезеңнің күрделі оқиғалары қамтылып, өз уақытына сай қалыптасқан адамдардың образы, іс-әрекеті көрініс тапты. Сәбит поэмаларында кешегі мен бүгінгі, ескі мен жаңа салыстырыла жырланады.
Сәбит Мұқановтың поэмалары кезінде қазақ поэзиясы үшін жетекші рөл атқарды. Ақын поэмаларында әдіс-тәсіл қолданысының небір үлгісі кездеседі. Бірқатар шығармаларында оның халықтық поэзия үлгілерімен, ауыз әдебиетінің дәстүрлерімен терең сабақтастығы аңғарылып жатады. Ең бастысы - Сәбит Мұқанов поэмаларында ежелден келе жатқан фольклорлық мұраларымызға тән бейнелеу құралдары мен ақын өмір сүрген жаңа тарихи дәуірдің өзгешелеу ырғағының қызықты үйлесімі бар. [2-23б. ]
"Сұлушаш" поэмасы. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан талантты шығармаларының бірі - "Сұлушаш" поэмасы. Оны өлеңмен жазылған роман деп те атайды. Қалай болғанда да осы шығармасы арқылы ақын дәуір шындарын тарихи тақырып тұрғысынан кең қамтып бейнелеуде елеулі табысқа жетті.
Шығарманың сюжеттік желісін ел аузындағы аңыздан алғанымен, ақын оны өз дәуірінің талабымен шебер ұштастырады. Жастардың бостандыққа ұмтылуы арқылы автор жалпы адамзат баласына тән азаттыққа ұмтылу идеясын көрсетеді.
Автор аңыздағы халықтық сарынды сақтайды да, оқиға мазмұнына өз жанынан өзгерістер енгізеді. Сол арқылы өмір шындығын, әлеуметтік мәселелерді терең бейнелейтін реалистік шығарма жасайды. Поэмадағы оқиға бірін-бірі сүйген екі ғашық - Сұлушаш пен Алтайдың махаббатына кұрылған.
Поэманың кейіпкерлері Сұлушаш пен Алтай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан. Сұлушаш атақты Тілеуберді байдың ерке өскен қызы болса, Алтай - байдың малын бағып жүрген жалшы жігіт. Өмірден көрген қиындығы мен таршылығы Алтайдың намысшыл, жігерлі болып өсуіне ықпал етеді. Оның бойында тағдырдың әділетсіздігіне қарсылық, наразылық ерте оянады.
Алтай Сұлушашқа ғашық болады. Қыз да өнерлі жігітті ұнатады. Бірақ қоғамдағы салт-сана тәртібі екеуінің қосылуына жол бермейді. Өйткені бірі - байдың қызы, бірі - құл мен күңнің баласы.
Армандарына жету жолында жастар көп қиындықтар көреді. Озбырлардан қанша қысым көрсе, олар өз сезімдері жолында бастарын тәуекелге байлайды. Махаббатқа адалдық оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Алтай мен Сұлушаштың озбыр топтан қашып шығып, қол ұстасып иесіз тауды паналаған кездерінде, ашығып-тарыққанда оларға осы сезім қуат береді. Алтайдың жанында сенімді серігі Қайсар болады.
Үшеуі тауды паналап, талай қиындыққа кездеседі. Құстың ұясынан жұмыртқа алам деп жартасқа өрмелеген Қайсар құздан кұлап өледі. Алтай мен Сұлушашты оңайлықпен ұстай алмасын білген қуғыншылар таудың етегіндегі қалың орманға өрт қояды. Сондай бір сәтте өрттен қашқан жолбарыспен бетпе-бет келген Сұлушаш жар басынан өзенге секіріп суға кетеді. Жан досы мен сүйген жарының өлімін көрген Алтай өз жүрегіне өзі қанжар салып көз жұмады.
Ел ауызындағы аңыз желісіне құрылған поэманың оқиғасы осындай. Адам баласының бас еркіндігін аңсаған жастардың трагедиясы аянышты. Дегенмен бұл трагедияны ақын бірлі-жарым жастардың басындағы күй ретінде суреттемейді. Оны әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Бұл қайғылы оқиғаға себешпі сол кезеңдегі қазақ өміріндегі әлеуметтік теңсіздік екенін баса айтады.
Поэмадағы оқиғалар біріне-бірі жалғасып, ширек дамиды. Кейіпкерлердің іс-әрекеті де үнемі үдеп, бірте-бірте тұлғалана түседі. Оқиғаны баяндауда, кейіпкерлердің образын сомдауда автор фольклорлық бейнелеу құралдарына жүгініп отырады. Мәселен, С. Мұқанов суреттеген Сұлушаштың сұлу бейнесі де, байдың қызы бола тұрып, кедей жігітке ғашық болуы, сол жолда мерт болуы да лиро-эпостық жырлардағы ару қыздарға ұқсайды. Дегенмен Сұлушаштың іс-әрекеті нақты, өз дәуірінің әлеуметтік жағдайларымен үндес, шынайы өмір шындығымен астасып жатыр.
Парасатты, көркіне ақылы сай Сұлушаш ғашығы Алтайдың кедейлігін мін санамайды, онын адамгершілік қасиеттерін қадірлейді. Алтайдың бойында да байлар әулетіне деген ыза мен кек бар. Өйткені көзін ашқаннан бері көргені - байдың есігіндегі жалшылық, жоқшылық, қиянат. Дегенмен шынайы махаббат сезіміне келгенде екі жастың арманы да, мақсаты да үндесіп кетеді. Бірлесе отырып өмірдегі қиянат атаулыға қарсы, адамның бас еркіндігі жолында ақтық, сәттеріне дейін күреседі.
"Сұлушаш" поэмасында автор тек әлеуметтік мәселелерді, екі ғашықтың махаббат жолындағы трагедиялық тағдырын ғана суреттемейді. Поэмада адалдық» ар тазалығы мәселесі бар. Сұлушаш пен Алтай арасындағы ғашықтық арқылы ақын махаббатқа адалдық, ардын тазалығы туралы мәселе көтерсе, Қайсар образы арқылы досқа адалдық, адамгершілік тазалығы жайынан оқырманға ой тастайды. Поэманың композициялық құрылымы шебер, тілі көркем. Бейнелеу құралдары әр алуан. Оқиға барысын, кейіпкерлерінің іс-әрекетін баяндағанда, ауыл тіршілігін, жылқышылар өмірін, табиғат көріністерін сипаттағанда, ақын қарапайым бояумен әдемі өрнек салады. Поэма кейіпкерлерінің ішкі толғаныстарын, сезім күйлерін әсерлі бейнелейді. [3-122 б. ]
2 Сәбит Мұқанов шығармаларындағы өмір шындығы
«Өмірде болған оқиғаның бәрі кітапқа кіруге сұранып тұрады» деген екен француз ақыны Малларме. Өзі көрген, сезінген, жүрегінің түбінен терең орын алған нәрселерінің бәрін маржандай етіп тізіп кітабына енгізген дүниеде екі жазушы болса, оның бірі Сәбит Мұқанов»
Сәбит - тарихшы, жазушы. Оның жазушылық тәжірибесін қадағалап қараған адамның қай-қайсысы болса да, бұл пікірге қол қоя алады. Жазушы қазақ қоғамының даму жолын, ондағы негізгі бетбұрыс кезеңдерді өз шығармаларында үлкен шыншылдықпен бейнелеп келді. Бірде дәуірдің оқиғаларына сүйене, бірде кітаптарын өмірде нақты болған адамдардың іс-әрекетіне құра отырып, ал халық өмірі дамуының бұлтарыссыз шындығын өз шығармашылығының өзекті тақырыбы етуде. «Адасқандар» болған оқиғаның ізімен жазылғанын білеміз. «Теміртас» та революциядан кейінгі ауылды советтендіру кезінің шындығын бейнелерлік нақты суреттерге бай. «Ботагөз» революциялық күрес тарихының айнасы. Жазушының бұдан кейінгі шығармаларын қарасақ та, олардан осы тарихи белгілерін мол табамыз. «Балуан Шолақ» пен «Аққан жұлдыз» тарихи болған адамдар, қазақ халқының ардагер ұлдары туралы шығармалар. «Өмір мектебі» мемуарлық үлгіде жазушының өзі бастан кешкен тарихи дамудың шындығын дәл суреттейді. Ал «Сырдария», «Тыңдағы толқындар» болса, совет адамдарының табиғатты игеру жолындағы күресінің нақты деректері негізінде жазылған. Әрқайсы әр дәуірдің шындығын көрсете отырып, осылардың бәрі жазушы шығармашылығында 19 ғасырдың орта тұсынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ халқы бастан кешкен ұзақ дәуірдің үлкен эпопеялық шежіресін құрайды.
Осы бір тарихи шындыққа бай, дәуір тынысы кең қамтылған шығармаларға қажет материалдарды халық өмірі, оның қуанышы мен қайғысы, күресі берді. Сәбит Мұқанов өзі де сол халық ішінен, оның қиын да азапты тіршілігінің шыңырау түбінен қайнап шықты. Халық мұңын жүрегіне ұялатып, оның көз жасымен шер - шеменін ойына түйіп өсті. Бұл жағынан оның балалық шағы Джек Лондонға, Максим Горькийге ұқсайтын еді. Осы аталған екі ұлы жазушы сияқты бұл да үлкен өмір мектебінен өтті. Оның бәрі өміртану, бақыт іздеу жолы еді.
Осы бір халық басынан кешкен азапты сапарды Сәбит «Өмір мектебі» атты үш томдық тарихи мемуарлық романына арқау етті.
Романның бірінші кітабында Сәбит Мұқанов революцияға дейінгі қазақ ауылындағы феодалдық-потриархалдық қарым-қатынастардың сонау тереңде жатқан түп-тамырларына дейін өте дәл және үлкен шыншылдықпен айқын ашық көрсетті, жан түршігерлік жоқшылық, теңсіздік, зорлық-зомбылықты, отаршылдар мен байлардың екі жақты қанауымен тепкісін нанымды суреттермен бейнелеп берді. Бірақ суреткер әлеуметтік әділетсіздіктің түп тамырын дәл басып, ашып көрсетіп қана қоймай, халықтың терең қойнауында, халықтың жомарт жанының қалтарыс құрышында жыл санап жиналып, қонысына сыймай сыртқа тепкен жаңа да жарқын күштерін көрегендікпен аңғарып, жеріне жеткізе сипаттай білді. Бұл арада көптеген оқиғаларға автордың өзі белсене араласып, көзімен көргені өмірбаяндық мемуарлық шығарманың сәтті шығуына айрықша ұтымды әсер етті. «Өмір мектебі» - аса дарынды, өзгеге ұқсамайтын өзіндік мәнері бар әңгімешіл ретінде автордың өзін-өзі дәл тапқан төл қасиет туындысы. Ол барлық оқиғаны өз атынан баяндау формасын да дұрыс таңдап алған, сондықтан да шығарма жемісі соншама нанымды, дәлелді болып өздігінен құйылып-төгіліп тұрады. Ауылдың жарлы-жақыбайларының қайнаған ортасынан шыққан, барлық ауыл кедейлерінің балалары сияқты, революцияға дейінгі жетімдік пен жоқшылықтың ауыр қасиетін басынан кешкен үлкен жазушының, қоғам қайраткерінің өмірі кітапта өз халқының бостандық пен қайта өрлеу үшін күрестегі тарихи жолымен табиғи жағынан қиюласып, астасып жатады. [4-103 б. ]
Сәбит Мұқанов қоғамының барлық топтар өкілдерінің аса бай портрет голереясын жасады десек артық айтқандық болмас еді. Оның кітаптарында әсіресе халықтың өзі ішінен шыққан қарапайым адамдардың, ер көңілді, адал бейнетқорларды: аңшылар мен малшылардың, ұсталар мен ер-тұрман шеберлерінің, етікшілер мен тігіншілердің, зергерлер мен кілемшелердің -өз іскерлігін мақтан тұтатын және оның үстіне суырып-салма ақындығы мен ділмар шешендігі бар, әнші -жыршылығы бар алуан түрлі кәсіп иелерінің образдары өте-мөте тартымды шыққан. Мәселен, саяткер аңшы Ораз бен Аткелтірдің, жаны сұлу халық шеберлері Қабдол Хасеннің, Жабайдың, сондай-ақ дарынды домбырашы, ертегішілердің жарқын бейнелері ұмытылмай есте қалады. Жазушы басқа бір топты да ерекше сүйіспеншілікпен суреттейді. Олар- қазақтың революцияға дейінгі үркердей ғана демократияшыл интеллигенциясы. Баймағанбет Ізтолин, Спандияр Көбеев, Мырзағазы, Халит, Ғабит Мүсірепов. Баймағанбет Ізтолиннің бейнесі айрықша айқын, ерекше сүйіспеншілікпен суреттелген, әңгіме арқауына оның өлеңдерінің еніп отыруы да сәтті шешім болып шыққан. Жас ақын, халық мұғалімі Ізтолин революцияға дейінгі басқа да көптеген ауыл балалары секілді жас өспірім Сәбит Мұқановқа шын жаны ашып, қамқорлық жасайды. Ізтолин образы арқылы жазушы туған халқының бақыты мен бостандығы үшін күреске ұмтылған қазақтың интеллегенциясының алдыңғы қатарлы аз ғана тобының революцияға араласуын, онда атқарған рөлін нанымды сипаттады.
Сонымен қатар осы романда әсіресе, оның ұлағатты ұлы адамдармен кездесуі, өзінің шығармашылық өсу жолы, қоғамдық, мемлекеттік қайраткер ретінде еліміздің игілігі үшін қызмет атқаруы, қаламгер достары, қазақ халқының белгілі өнер қайраткерлері жайлы сансыз сырлар шертіледі. Солардың ішінде Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп сияқты күш аталары мен өнерді өрге бастыруда елге елеулі болған Иса Байзақов, Күләш Байсейітова, Ақмолалық атақты Ғазиз ақын, Әміре Қашаубаев сияқты өр тұлғалар да баршылық. Жазушы өз шығармасында бұл адамдардың есімдерін құрметпен атай отырып, олардың адамгершіліктері, өмірдегі өрен жүйріктігі жайлы жұртшылыққа толық мағлұматтар бере кеткен.
Жаңа өмір орнату, жаңа адамдар тәрбиелеп шығару, әрине оңайға түскен жоқ. Сәбит Мұқанов оны жақсы біледі және бұрылыс-бұлтарыстарының тігісін жатқызбай боямаға салмай-ақ, жаңа дүние орнату жолындағы күресте жеңістеріміз бен жетістіктеріміз үшін қаншама құрбандық бергенімізді бүкпей ашып айтады. Осыған орай турасын айту керек, «Өмір мектебі» - Қазақстандағы ең ауыр кезеңнің, ауыл шаруашылығында өрескел қателер жіберілген 1929-1932 жылдардың қайшылықтарын батыл да терең ашып көрсеткен қазақ әдебиетіндегі ең татымды, ең тұңғыш шығармалардың бірі. Жазушы бұл кезеңді партиялық тұрғыда байсалды ой елегінен өткізіп, ол туралы партиялық қаржымен, шын және әділ әңгімелейді. Нағыз халықтық сипатта жазылған бұл еңбегіне суреттелетін жайттардың бәрі де социолистік дәуірдің қым-қуыт қызу оқиғаларын бастан өткізген жауынгердің, коммунист жазушының көзімен суреттеледі, сондықтан да мұндағы айтылған әңгімелердің бәрі өзінің тарихи нақты шындығымен баурап алады, оқушыны тебірентіп, болған іске кәміл сендіреді, сонымен қатар оған эстетикалық ләззат беріп, заманымыздың ақиқат көркем шындығы жайлы деректерді молайта түседі. Жазушы өзі туралы, өзінің рушылдығымен оны жеңуі туралы, өзінің үйленуі, баласының туу туралы жазғанда да ақиқатқа қиянат жасамайды.
«Өмір мектебі» мемуарлы шығарма болғанымен, қазіргі дәуірімізбен үндесіп тұр. Ол тіпті өзінің балалық шағын баяндағанда да біз оның ақырына дейін ақылмен қорытқан, айқын позициясы бар осы заманғы үлкен жазушы екенін аңғарып отырамыз.
Қазақ әдебиетінде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты трилогиясының айрықша мәні бар. Өйткені 20 ғасырдағы қазақ халқының аумалы-төкпелі тағдыры, жаңа заманның адуында бейнесі көркем арнадан көрініп, эпопеялық сипатқа ие болады. Осы мәнді шығармаға байланыстыра бір жайды айрықша атап көрсеткен жөн. «Тура айтып, туғаныңа жақпайсың» дегендей, дүниеде шындықты айтудан, оны тарихта болған ірі тұлғалармен жанастыра айтудан қиыны жоқ. Себебі, ақиқат әрқашан ащы, ал оны көркем шығарма бетінен көре беруге ешкім де құмар емес. Сөз жүзінде құптағанмен, көңілде сызат қалып қояды. Сәбеңнің «Өмір мектебінде», әсіресе, оның үшінші томы «Есею жылдарында» болсын талай қайраткерлердің тарихтағы түр-келбеті, іс-әрекеті ашық айтылып, айқын суреттеледі. Оны өздері де, кейінгі ұрпақтары да тіксіне қабылдап, ұнамсыз болса сөзге қалдырып жатулары не сан. Сондықтан көркем шығарма деп жанға тимейтін әйтеуір біреулерді суреттеген шығармадан тарихи шындық негізінде жазылған туындылар дау-дамай тудырып жатады. Ал мұның өзі әдебиеттің әлеуметтік қызметін өсіре түсіріп, шығарманың өміршеңдігіне, жазушы пәрменділігіне жол ашады, ел алдындағы бағасын асыра түседі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz