Химияны оқытуда халықтық педагогика элементтерін пайдалану


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . .
1 ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ҰҒЫМЫНА КЕШЕНДІ СИПАТТАМА . . .
1. 1 Қазақ халық педагогикасының қалыптасу тарихына
қысқаша сипаттама . . .
1. 2 Қазіргі қазақ халық педагогикасының қалыптасуы . . .
1. 3 Халықтық педагогика элементтерін оқыту мен тәрбиелеу
процесінде тиімді қолдану . . .
2 ХИМИЯНЫ ОҚЫТУДА ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ЭЛЕМЕНТТЕРІН ПАЙДАЛАНУ . . .
2. 1 Химия сабағындағы халықтық педагогиканың ұғымдары . . .
2. 2 Халықтық педагогикасы элементтері арқылы оқушылардың
химия пәнінен шығармашылық дербестіктерін арттыру . . .
2. 3 Химия сабағында халықтық педагогика негізінде
оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастыру . . .
2. 4 Химия сабағынан сыныптан тыс жұмыстардағы қазақ
халық педагогикасының ролі . . .
2. 5 Химиялық өндірісті құрудағы халық педагогикасының маңызы . . .
2. 6 Химия ғылымы қазақтың халық шаруашылығы мен өмірінде . . .
3 ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА - САБАҚ МАЗМҰНЫНДА . . . 3. 1 Бейорганикалық қосылыстарға «Тұсаукесер» сабақ . . .
3. 2 Карбон қышқылдары. Майлар тақырыбын халықтық педагогика элементтері негізінде өткізу.
ҚОРЫТЫНДЫ . . .
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . .
Кіріспе.
Диплом жұмысы тақырыбының көкейкестілігі: Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі бағдар - адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен шығармашылық қабілетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру еліміздегі мектептерде оқыту үрдісінің мазмұндық болмысына химиялық білімді жаңа әдіснамалық тұрғыдан негіздеуді талап етеді. Мұндай жаңа әдіснамалық жүйе дәстүрлі оқыту мен қатар шығармашылықты арттыратын әдіс-тәсілдер мен оқыту формаларын пайдаланудың қажеттігін көрсетіп, оқушылардың танымдық, шығармашылық іс-әрекетін ұйымдастыра отырып, шығармашылық қабілетін қалыптастыруда білім мазмұнының жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіруді қарастырады.
Қазіргі кезеңде мектептегі білім берудің жаңа тұжырымды идеялары мен даму жолдарына сай оқытуды саралау, бағдарлы оқыту, білім мазмұнын кірістіру, мектеп өмірін ізгілендіру идеяларын іске асыру мәселелері қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі - Республикамызда мектепте оқытылатын барлық пәндерге халықтық педагогика элементтерінің енгізіле бастауы.
Мектеп оқушысы пән мазмұнынан тек ақпарат пен дайын білімді алумен ғана шектелмеуі тиіс, ол оқушының қабілеттерін жан-жақты дамытатындай, өз қызығушылықтарын іске асыруға, шығармашылық ойлауын және өмірлік құзіреттіліктерін қалыптастыра отырып, халықтық педагогика элементтерінен сусындауға көмектесетіндей болғаны жөн. Сонымен қатар қазіргі мектеп оқулығы педагогикалық тәжірибенің жинақталған ақпараттық моделі ретінде білім мазмұнын іске асыра отырып, оқушылырдың жалпы ақпарат көздерінен алған мәліметтерін бір жүйеге келтіріп, кірістіруге мүмкіндік жасауы қажет. Осы орайда белгілі қазақ ғалым-ағартушылары Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев еңбектерінде оқытудың ғылыми-педагогикалық мәселелері мен оқу процесіне халықтық педагогика элементтерін пайдалану жөнінде келелі ойлар көрініс тапқан. Оқытудың этнопедагогикалық мәселелерімен айналысқан көптеген көрнекті зерттеушілер В. Г. Бейлинсон, Д. Д. Зуев, И. Б. Бекбоев, Э. М. Мамбетакунов этопедагогика негізінде мектеп оқулықтарының моделін жасау үшін олардың әрбір құрылымдық элементінің қызметін ғылыми түрде терең функционалды сараптаудан бастауды ұсынған. Осы бағытта И. Нұғыманов химия оқу-әдістемелік кешеніндегі химиялық тілдің маңызы, Ж. Шоқыбаев химиядан жоғары мектепке арналған оқу-құралдарының педагогикалық негіздері жөнінде зерттеу жасаған. Оқыту мәселелерін педагогикалық және психологиялық тұрғыдан жан-жақты талдауға бағытталған осы еңбектердің маңызды міндеттерінің бірі - ғылыми-әдістемелік тәжірибені жинақтап, химияны оқыту процесінде халықтық педагогика элементтерін пайдалануды жетілдіру болса, мақсаты - этнопедагогикалық негізде жазылған оқу құралдарының сапасын арттыру.
Халықтық педагогика элементтерінің оқу процесіндегі орны, маңызы, оны атқаратын қызметтеріне қойылатын талаптар тақырыбы әлемдік педагогикада жүздеген жылдар бойы талқыланып келе жатқаны баршаға белгілі. Мысалы, З. Е. Гельман, В. И. Дайнеко, Л. М. Кузнецова, Д. А. Эпштейн ғылыми зерттеулерінде химия пәнін оқытудағы халықтық педагогиканың маңызына тоқталған. Олар алғашқы химиялық білім беруде халықтық педагогиканың маңызы үлкен екендігін айта келіп, олардың мазмұны мен құрылымы, жетістіктері жайында сараптаулар жасаған. Халық өмірімен біте қайнасып жатқан этнопедагогика элементтері өмірде болып жатқан құбылыстарды ғылыми тұрғыдан танып білуге көмектесетінін анықтаған. Осылайша жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған оқу-әдістемелік кешен әзірлеуде этнопедагогиканы пайдалану мәселелерінің жекелеген аспектілері бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарының өзегіне айналды.
Диплом жұмысының міндеттері:
1. Химияны оқытудағы халықтық педагогика элементтерінің маңызы мен ролін анықту.
2. Халықтық педагогика элементтері негізінде оқытудың жаңа бағыттарын ұсыну.
3. Химия сабақтарында халықтық педагогика элементтерін пайдалану әдістемесін жасау.
Зерттеу нысаны - мектепте химины оқыту әдістемесі.
Тақырыптың жаңашылдығы: егер химия курсы бойынша жаңа буын оқу-әдістемелік кешенінің мазмұнына халықтық педагогика элементтері енгізілсе, осының негізінде әлеуметтік сұранысқа сай әзірленген, оқу материалдары оқушыларға түсінікті болатын кешен дайындалса, және оны сабақта қолданудың ерекшеліктері анықталып, тиімді әдістемесі жасалса, онда мектепте химиядан білім беру сапасы жетілдіріледі. Нәтижесінде оқушылардың химия пәніне таным қызығушылықтары артып, химияның негізгі мәселелерін меңгеруіне, ғылымның қазіргі даму деңгейіне сай дүниетанымын және соған сәйкес өмірлік дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік жасалады.
Диплом жұмысының зерттеу әдістері:
1. Білім беру ісінде халықтық педагогика элементтерін пайдалану маңыздылығы туралы ғалымдардың тұжырымдарын зерделеу.
2. Оқу-тәрбие мәселелері мен оқу-әдістемелік кешен дайындауға қатысты педагогикалық, психологиялық, дидактикалық және әдістемелік әдебиеттерді, сондай-ақ, әр кезеңдегі химия оқулықтарын теориялық, жүйелік және мазмұндық тұрғыдан талдау.
3. Қазіргі химияны оқыту әдістерін кешенді сараптау нәтижелеріне талдау жасау және оны қорытындылау.
Химия пәнінен жаңа буынға білім беруде халық педагогикасы элементтерінің ролін анықтап, жүйелеудің ұстанымдары мен критерийлері ғылыми тұрғыда негізделсе, және оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып білім беру әдістемесі жасалса, сондай-ақ, оны сабақта тиімді пайдаланудың әдістемесі жасалса ғана жаңа әлемдегі бәсекелестік жағдайында өмір сүретін жас ұрпаққа сапалы білім беріліп, жеткіншектердің ақыл-ой әрекеті дамып, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкес өмірлік дағды қалыптасып қана қоймай, отансүйгіштік тәрбие де алар еді.
1 Халықтық педагогика ұғымына кешенді сипаттама
1. 1 Қазақ халық педагогикасының қалыптасу тарихына қысқаша сипаттама
Қазақ халқы, түрлі қоғамдық сатыларды басынан өткере отырып, өзіне тән адамгершілік-эстетикалық мәдениетінің алтын қорын жасап келеді. Ол құндылықтар: ауыз әдебиетінің сан алуан жанрлары мазмұнында, ақын-жыраулар толғаулары мен ғұламалардың қанатты сөздерінде, теңдесі жоқ тарихи-сәулеттік ескерткіштерінде, Қорқыт ата қобызынан бастап халықтың мұң-мұқтажы мен көңіл-күйін домбыра үнімен күмбірлеткен күйлері мен ұлт табиғатымен біте қайнасқан ән-жырларында, жүн мен теріні, ағаш пен мүйізді, алтынды аптап, күмісті қаптап жасаған қолөнер туындыларында, табиғат сұлулығын танып білудің сапалы жемісі саналатын, біздерге мәңгілік мирас болып қалған айшықты ою-өрнек өнерінде сақталған. Міне, осы бай құндылықтар, қазақтың ұрпақ тәрбиесінде пайдаланып келген тәлім-тәрбие құралдары, асыл арналары саналады.
Қасиетті ата-бабаларымыз өз бойындағы барлық асыл қасиеттерін ұрпақтарының сана-сезіміне сіңіруді басты мақсат ете отырып, ұрпағының ақылды, адамгершілігі мол, мейірімді, сыпайы мінезді қалыптасуымен бірге, оның бойынан сымбаттылықты, сұлулықты, өнерге деген бейімділік пен шеберлікті көруді арман еткен және сол қасиеттерге баулудың жолдарын, құралдарын, әдістерін жасап отырған. Осылардан халқымыздың арманы мен талап-тілегін көреміз.
Қазақ халқының адамгершілік-эстетикалық тәрбиесінің басқа халықтарға ұқсамайтын өзіне тән мән-мазмұны, ерекшеліктері бар. Осылардың бәрі атадан-балаға жазылмаған заң ретінде халық педагогикасы құралдары арқылы өңделіп, толықтырылып отырған. Біздің пайымдауымызша: моральдық-этикалық дәстүрлер дегеніміз моральдық сана тәжірибесіне ендірілген, адамгершілік қатынас мазмұнында көрініс тапқан моральдық ережелер мен нормалар.
Халық педагогикасында ең негізгі қағида адамнан, адамның өмірінен артық, одан қымбат, одан қасиетті ешқандай құндылық жоқ деген көзқарасты ұстану және адамды айырбастайтын, оны өмірі пида боларлық дүниеде ешқандай құндылықтың жоқтығын түсіну болып табылады. «Адам деген ардақты ат», «Адам болып туған соң, адам болып өлу ләзім», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», т. с. с. халық даналығындағы мақал-мәтелдер адамның құндылық екенін дәлелдейді.
ХХІ ғасырдағы тасқындаған толассыз ақпараттар, қоғамдағы күрделі өзгерістер аясында өмір сүріп жатқан жас ұрпақты тәрбиелеудің күрмеуі қиын күрделі мәселелері жеткілікті. Ғаламдану өріс алған қазіргі заманның тәрбие жүйесіне ұлттық тәрбиені дарыту одан да өзекті болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап, уақыт тезінен өткен тәрбие тәжірибесінің ауқымды бір саласы - ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымыз.
Қазақ этнопедагогикасының алтын діңгегін адамгершілік тәрбиесі құрайды. Адамгершілік - адамдардың күнделікті қарым-қатынасына байланысты гуманизм принциптерін бейнелейтін моральдық қасиет. Адамдарға деген ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кең пейілділік, басқалардың мүддесі үшін жан аямаушылық сияқты жеке қасиеттерді қамтиды, сондай-ақ кішіпейілділік, адалдық, шыншылдық та адамгершілікке жатады. Адамгершілік ұғымы ізгілік, гуманизмнің синонимі ретінде, адамның игілігі мақсатқа айналғанда пайда болатын қарым-қатынастар жүйесі мен қоғамдық ахуал ретінде неғұрлым кең мағынада да қолданылады.
Жалпы түркі тектес халықтардың барлығына ортақ алғашқы педагогикалық ой-пікірлер, оның шініде адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру жайлы құнды ой-тұжырымдардың дамуы VІ-ІХ ғасырлардан бастау алады, бұл қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңі (Орхон-Енисей жазу ескерткіштері, Қорқыт ата тағылымдары, т. б. ) болып табылады. Қазақтың жазу мәдениеті арқылы белгілі болған ұлттық педагогикалық ойлардың тарихы ертедегі тас жазулардан (Күлтегін, Білге қаған т. б. ) басталады. Одан кейінгі қолжазба, баспа арқылы бізге жетіп, оқу-жазу үрдісімен этнопедагогиканың арқауы болған тәлімдік ойлар тарихы өзектестігімен ұлттық педагогиканың (этнопедагогиканың) дамып ғылым болып қалыптасқанын көрсетеді.
Орхон-Енисей ескерткіштерінен кейін түркі тектес халықтардың алғашқы педагогикалық ой-пікірлерінің дамуы Қорқыт есімімен байланысты. «Қорқыт ата кітабында» ел басына қиын-қыстау күн туғанда халқын жаудан қорғап, қамал бұзған қас батырлардың ерлігі, халқына ақыл-өсиет айтып, өз заманында елге ұйтқы болған ақылгөй даналардың, дуалы ауыз шешендердің өнегесі жырланады. Сонымен бірге аталмыш шығармада тәлім-тәрбиелік мәні зор афоризмдер, қанатты сөздер мен ұстаздық тағылымдар жиі кездеседі. Мұның өзі баба кітабының тарихи-этнографиялық шығарма ғана емес, сол дәуірдегі түркі тектес халықтардың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын педагогикалық туынды екендігін білдіреді.
Адамзат тарихында ұрпаққа тәрбие берудің жалпыадамзаттық идеяларын жүзеге асырып, жаңа педагогикалық жүйенің қалыптасуында өз заманында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әлемге әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым, халқымызға білімнің нәрін сепкен ұлттың ұлы кемеңгері Әбу Насыр әл-Фарабидің алатын орны ерекше. Әл-Фараби алғашқы педагогикалық ой-пікірлердің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре білді. Халық даналығы туғызған данышпандық ой-пікірлерге, шығыс мәдениетінің озық үлгілеріне ден қоя отырып, өзінің төл педагогикалық тұжырымдамасын жасады. Адамгершілік, ізгілік қасиеттер әл-Фарабидің педагогикалық идеясының негізгі өзегі болған, ғұлама білім берудің ізгілендіру принципіне негізделуі қажет екендігін өз уақытында ғылыми тұжырымдалған ой-пікірлерімен айқындап кеткен. Міне, бүгінгі таңда әл-Фарабидің көрегендігі мен ғұламалығы дәлелденіп, мыңдаған жылдар өтсе де, жаңа білім беру парадигмасы ретінде ізгілендіру танылып отыр.
Педагогикалық ойлардың тарихында әл-Фарабидің эстетикалық ой-пікірлердің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Оның шығармаларының ішінде «Музыканың үлкен кітабын» ерекше атап өтуге болады. Қазіргі педагогика ғылымында білім беру мазмұнының әрбір түріне тән меңгерудің белгілі бір тәсілі бар екендігі анықталған. әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабы» еңбегінде музыкалық білім беру мазмұнын меңгерудің тәсілдері мен деңгейлерін анықтап береді.
Жалпы педагогиканың бір саласы болып табылатын тәрбие теориясының әдіснамасын әл-Фарабидің тәрбиенің заңдылықтарын, принциптерін, мақсатын, мазмұнын, әдістерін, құралдарын, нәтижесін тұжырымдамалық тұрғыдан негіздейтін жетекші педагогикалық ой-пікірлері айқындайды.
XI ғасырда өмір сүрген түркі данасы, ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегінің негізгі идеясы педагогиканың ең маңызды мәселесі тәрбиеге негізделіп, оның мазмұнында педагогиканың жалпы негіздері, дидактика және тәрбие теориясының негізгі мәселелерімен қатар, жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған адамгершілік, эстетикалық, еңбек, дене, құқықтық, т. б. тәрбие мазмұны қарастырылады.
Жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан алып қарасақ, «Құтты білік» дастанының бүгінгі адамзат қоғамы үшін құндылығы мынада болып табылады: 1) «Құтты білік» - халықтың құты, ырысы болған ілім; 2) әрбір адамға бақыт сыйлайтын, құт әкелетін білім; 3) ғасырлар бойында көзі ашық, көкірегі ояу кемел ұрпақтың бойына адамдық, азаматтық қасиеттерін, адалдық дәстүрлерін сіңіріп, жан-дүниесіне рухани күш дарытатын тәрбие тұжырымдамасы. Ғұламаның «Кітап атын «Құтадғу білік» қойдым - Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың» деген ой-пікірі дастанның әрбір адам үшін құндылығын аша түседі.
Түркі өркениетінің шежіресін жазып, өз есімін мәңгілік еткен данышпан ғалым, кемеңгер ұстаз Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» еңбегін оқып-үйрену және теориялық тұрғыдан талдау бұл тек сөздік, немесе тілтану мәселелерін ғана қарастырған еңбек еместігін, онда біздің ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиесі бойынша тәжірибесі жинақталып, түркі халқының педагогикалық тұжырымдамасы негізделгенін айқын көруге болады. Ғұламаның адамгершілік тәлім-тәрбиелік идеялары өнегелі өмір сүру үшін жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған. Сондықтан оның педагогикалық тұжырымдамасының негізгі өзегі - орта ғасырдағы түркі баласының бейнесі - «ұлылыққа ұмтылған», «білімділікті іздеген», «даналықты таңдаған», «біліктіге серік болған», «бабалардың әдеп-ақлақты насихатын ұстанған» ірі тұлға. Зерттеу барысында қазіргі педагогика ғылымындағы тәрбие мазмұнының М. Қашқари ілімінде тұжырымдалуы ашып көрсетіліп, теориялық тұрғыдан негізделді.
Данышпан, кемеңгер ақын ағартушы Ахмет Йассауи жазған «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) кезінде Орта Азиядан бастап, Еділ жағалауына дейінгі көшпенді түркі тайпаларының арасында кеңірек тараған. Қожа Ахмет өзінің атақты «Даналық кітабы» аталатын циклді өлеңдерін жазған.
«Диуани Хикмет» бастан-аяқ үлгі-өнеге, ақыл-насихат түрінде келеді. Жақсылық пен жамандық, әділетсіздік пен адалдық, мейірімділік пен қаталдық, ізгілік пен жауыздық, ерлік пен ездік, сараңдық пен жомарттық, дастық пен кәрілік тәрізді жауабы күрделі мәселелердің кең жырланып, байыппен сипатталуына осы «Диуани хикметтің» әсер-ықпалы ерекше болды.
Түркі тілдес халықтар ортақ тарихына ортақ тұлға болып Ахмет Жүгінекидің ғұлама ойшыл, ағартушы ретіндегі жан-жақты ғылыми мұрасының бүгін де жастарды имандылыққа, әсемдікке, адамгершілікке тәрбиелеуде және рухани құндылықтарымызды насихаттауға мәні ерекше.
Қазақтың біртума ғұлама ғалымы М. Х. Дулати педагогика ғылымының дамуына, оның ішінде адамгершілік, ізгілік қаситтерді дәріптеу, әсемдікке баулу жайлы іргелі тұжырымдар қалдырған. Оның «Тарих-и Рашиди» атты әлемге әйгілі еңбегі - XIV ғасырдан XVI ғасырдың орта кезеңіне дейін, яғни бірнеше ғасырды қамтитын энциклопедиялық сипаттағы еңбек.
Қазақ халқының данышпан ғалымы, белгілі би Қадырғали Қосымұлы Жалайыри еңбектеріне де тоқталып өткен жөн. Ол 1600 жылы өзінің «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы» деп те аталады) атты шежіре кітабын жазуға кірісіп, оны 1602 жылы аяқтаған
Қазақ дүниетанымында ақын-жыраулар поэзиясының, оның идеологиялық мәнінің орны ерекше.
ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жыраулар поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.
Ақын-жыраулардың шығармашылығын талдау олардың өз заманы үшін белгілі бір деңгейде рухани көсем ролін атқарғаны, өз руластарының моралдық бағдарына жауап бергені көрінеді.
Жыраулар поэзиясы әрекет еткен кеңістік өзінің барлық тәжірибесін сөз арқылы бейнелеуге тырысатын көшпенділердің эстетикалық ойлауының ерекше типіне негізделді. Негізінен жыраулар қалыптасқан этникалық қауымдастықты (қазақтардың) біріктіру идеясын қалыптастыру функциясын атқарды. Сонымен қатар жыраулар поэзиясының этикалық және эстетикалық құндылықтар мен символдар қалыптастырудағы ролі ерекше болды. Жыраулар өз шығармаларына рух аристократизмі мен даңқты өзек етті. Оның символдары ретінде бостандық, еркіндік, адамгершілік, батырлық, сөзге беріктік алынады.
Ақын-жыраулар шығармаларын бірнеше аспектіде қарастыруға болады. Өйткені жыраулар поэзиясының ауқымы дәстүрлі поэзия ауқымына қарағанда кеңірек болып келеді. Мәдени-философиялық аспектіде қазақ мәдениетіндегі гуманистік принциптердің қалыптасу мәселесінің жыраулар шығармашылығындағы көрінісі қарастырылады. Бұл жерде сонымен қатар мәдениеттегі даралық мәселесіне, оның ішінде мәдениеттің рухани дәстүрлеріндегі даралықтың және даралық сананың көрінісі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Жыраулар поэзиясының әлеуметтік-тарихи аспектіде қарастырылуы адам даралығының қалыптасуының әлеуметтік тұжырымдарын қарастырады. Бұл жерде индивидтің адамгершілігі, оның этикалық жауапкершілігі туралы сөз болады.
Жалпы, қазақ қауымында (басқа да түркі тілдес қауымдастықтардағы сияқты) жырау бейнесі ерекше құрметке ие болған, олардың дарынын «Тәңірдің сыйы» деп есептеп, қауым толығымен мойындаған. Сондықтан да жыраулардың ерекше белгісі - ымыраға көнбестігі, айтқан сөзі үшін жауапкершілігі, халықтың алдындағы ашықтығы болып табылады. Өз шығармаларында еркіндік, бостандық, теңдік идеяларын ұстана отырып, олар өз заманының тәрбие мақсатын анықтады.
Қазақтың белгілі жыраулардың ішінен Асан Қайғы, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра жырауларды және т. б. ерекше атауға болады.
Жыраулардың шығармашылығы олар өмір сүріп отырған ортамен тығыз байланысты. Олардың кейбіреулері ханға қызмет етсе, үстем тап өкілдерінің мүддесін көздесе, басқалары бұқара халықтың атынан сөйлеп, халықтың мұң-мүддесін - көңіл-күйін білдіреді және батырлар жырларының, аңыздардың сақтаушылары және орындаушылары болып табылады.
ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жыраулар поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.
Толғау тарихы жыраулық поэзияға тікелей қатысты. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т. б. бейнелеу тәсіліне насихаттық, өсиеттік сарын, мәселені жан-жақты терең толғап айтатын ойшылдық тән болған. Толғауда маңызды қоғамдық-әлеуметтік, саяси-философиялық тақырыптар, азаматтық әуендер кеңінен орын алады. Әрбір даму кезеңінде толғау мазмұны жағынан да, бейнелеу тәсілі жағынан да бірталай өзгеріп, жаңаша сипат алды.
Өзінің толғауларында эстетикалық талғамның жоғары деңгейін көрсете отырып жыраулар эстетикалық тәрбие туралы құнды ойлар айтады. Өз шығармалары арқылы олар жан сұлулығы мен тән сұлулығының гармониясына үндейді, әсемдікке ұмтылуға шақырады. Бейнелерді, кейіпкерлерді көркем сипаттау арқылы сөз өнерінің жоғары үлгісін көрсеткен Бұқар жыраудың шығармаларының эстетикалық-тәрбиелік маңызы осында.
Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра-жырау сияқты жыраулар заман, қоғам, жайлы, ел басына түскен әр алуан оқиғалар жайынан толғау - жыр айтушы болған. Қазақ поэзиясында жыраулар жеткіншек, ақылгөй тәрбиешінің ролін атқарады. Ақын - жырауларға тән бейнелі сөз айшықтары билердің шешендік сөздеріне де арқау болған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz