Тәуелсіздік кезеңіндегі прозаның қалыптасуы мен дамуы


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1. Қазақ прозасындағы роман жанрының тәуелсіздік жылдарындағы даму сипаты . . . 7
1. 1 Эпикалық шығармалар сабақтастығы . . . 7
1. 2 Өмір шындығы және тарихи шындық . . . 14
1. 3 Реалистік сипат пен көркемдік шешім . . . 20
2. Тәуелсіздік кезеңіндегі прозаның түрі мен сипаты (әңгімелер мен повестьтер) . . . 37
2. 1 Қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық идеяның көркем бейнеленуі . . . 37
2. 2 Қазіргі қазақ прозасы және көркем антропология . . . 52
2. 3 Қазіргі қазақ прозасының көркемдік ерекшеліктері . . . 63
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 73
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 76
КIРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиетiнiң қалыптасуы, дамуы тарихының барлық кезеңдерiндегi туындыларда халықтың басынан өткен өмiр шындығын танытуда мазмұн мен пiшiн жүйесiмен қамтып бейнелеу жүзеге асырылып келедi. Қазақ халқының жеке мемлекет болып қалыптасуы жолында болып өткен қоғамдық-әлеуметтiк оқиғалардың және олардағы көрнектi тұлғалардың өмiрлiк шындық деректерiн көркем шындықпен бүгiнгi оқырман ұрпақтың жан әлемiне танытуда тарихи тақырыптағы эпикалық шығармалардың маңыздылығы анық. Әсiресе, Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгi жарияланып, дербес егемен мемлекет болып өмiр сүре бастаған жылдар белестерi халқымыздың ұлттық-отаншылдық санасын сiлкiндiрдi, ұлтымыздың өзiн-өзi тануы жаңа көзқарастармен байи түстi. Қазақ әдебиетi тарихындағы классикалық үрдiстердi қалыптастырған сөз өнерi алыптары мерейтойларының Бiрiккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО шешiмiмен әлем өркениетi кеңiстiгiнде бағаланып, аталып өтiлетiнi де әдеби дамудағы көрнектi, кесек туындылардың жаңаша жазылуына себепкер болды.
Соңғы жиырма жыл ішінде қазақ қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер әлеуметтік рухани өмірімізді жаңа белеске шығарды. Кеңес кезіндегі саяси шектеуден, социалистік реализм құрсауынан босаған қазақ көркем сөзі алғашында абдырап қалғаны рас. Мұның өзі қоғамда «қазақ әдебиеті тоқырауға ұшырады, бүгінгі заманның жедел даму қарқынына ілесе алмай қалды» деген пікірлер тудырды. Алайда, көркемөнер тез күш жинап, уақыт көшінен қалмай, жемісті ізденістерге батыл кіріскенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Ұшқыр да оңтайлы жанр - поэзияны былай қойғанда, шығармашылық толғанысы ұзаққа кететін проза жанры ширақ қимылдап, жаңа заман биігінен қарап жазылған бірқатар үлкенді-кішілі шығармалар жаңа тақырып, тың сюжеттерді алып келді.
«Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел болуы - біздің жаңа тарихымыздың басы. Ендігі жерде біз өз тарихымызды бұрыңғыдай көп ұлтты мемлекеттің құрамында емес, дербес зерттеп, ұлтымыздың тарихтың ұзақ жолында ұтқаны мен ұтылғанын, жеткені мен жете алмаған тұстарын кең ашып, бүгінгі егемендікке келуіміздің заңды жолын көрсетуге тиіспіз. Жалпы ұлтпен, ұлт мәдениетімен бірге қайшылықты жолдан өткен біздің әдебиетіміздің тарихы да осындай талғаммен қайта қарауды керек етеді» [1, 10 б] .
Соңғы жиырма жыл ішінде жазылған прозалық туындылардағы көркемдік үлгі-өнегелер өте күрделі. Ол қаламгерлердің ұлттық ауқымындағы шеберлік нақыштарымен ғана шектелмей, әлем әдебиетіндегі көркемдік үрдістерді қазақ топырағында жаңғырта, түлете білгендігімен көңіл аудартады. «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі (повестер мен әңгімелер) » атты диссертациялық жұмыс қазіргі қазақ прозасындағы өзгеше өрнек пен өрелі ойдың мән-мазмұнын ашуға, бүгінгі заманның көкейкесті мәселелерінің қандай көркемдік шешім тапқанын анықтауға бағытталып отыр.
Қазiргi қазақ прозасындағы көркем шығармаларда халық тарихының аса елеулi кезеңдерi, тұлғалары уақыт шындығының мол деректерiн негiзге алып жазылуда. Көп ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлау езгiсiне, әдейi ұйымдастырылған ашаршылықтарға, босқыншы-лықтарға, саяси қуғын-сүргiндерге және т. б. озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейiн негiзгi халықтық-ұлттық дiлiн сақтаған қазақ ұрпақтарының әдебиет шығармаларында көркем шындықпен бейнеленуi - аса зәру мәселе екендiгi айқын сезiледi. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» (1996) кiтабындағы пiкiрiнiң қазiргi қазақ романдарындағы тарихи шындық пен көркемдiк шешiм мәселелерiн жүзеге асыруға тиянақты бағдар болатыны да күмәнсiз: «Мен өз халқымның көнбеске көнiп, шыдамасқа шыдай бiлетiн төзiмдiлiгiне қайран қаламын. Мәңгiлiктiң қатыгез басқыны бiржолата шайып әкететiндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бiрақ өмiрге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсенi көтерiп, тәуекелге бел буғызды» [1, 268-269 бб] .
Бұл - қазақ халқының басынан өткен өмiр шындығы. ХХ ғасырдың 90-жылдары мен қазiргi ХХI ғасырдың басындағы қазақ проза шығармаларында аталған тарихи кезеңдердiң өмiр шындығы эпикалық көлеммен қамтылып жазыла бастады. Халықтың басынан өткен өмiр оқиғаларын, ондағы жеке тұлғаларды, тұтастай алғанда, халық тағдырын қарама-қайшылықты сипатымен қамту жүзеге асырылуда.
Тақырыптың өзектілігі. Әдебиеттану ғылымының зерттеулеріне тақырып нысаны болып келе жатқан проза жанрындағы шығармаларды арнайы қарастыру сөз өнері үдерісіндегі өзектілігімен ерекшеленеді. Эпостық әдеби тек болмысында сюжеттік-композициялық құрылысының кең күрделі желілі ауқымдылығымен, қоғамдық-әлеуметтік тұрмыс шындығын ұлттық және жалпыадамзаттық ортақ сипаттар арнасында танытатын эстетикалық құндылығымен бағаланады. Роман жанрындағы күрделі шығармалардың халық тағдырын, тарихи кезеңдер шындығын бейнелеуінен уақыт тынысы, жеке адамдардың, отбасылардың, әлеуметтік ортаның даралықтары мен өзара байланыстары да айқындалады. Қазіргі қазақ әңгімелері - қазақ сөз өнері мұраларының бұрынғы және кейінгі көркемдік дәстүрінің жалғасы, сонымен бірге әлем өркениетіндегі әдеби үдерісінің бір арнасы. Көркем шығармалардың әдеби үдерісті құрайтын шығармашылық ықпалын, ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттерін қамтыған туындыларды эстетикалық таныммен бағалау, күрделі тағдырлы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды әдеби үдерісті талдаудың жаңашыл методологиялық әдіс-тәсілдермен қарастыру - үнемі дамудағы ұлттық сөз өнері мұраларын терең тануға, бағалауға жетелейді.
ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті қалыптаса бастады. Өзіне дейінгі көркемдік, шеберлік үрдісті озық дамыта жалғастыра отырып, қазақ ақын-жазушылары халықтың тарихындағы бұрынғы-соңғы қамтылмаған ақтаңдақ беттерді толтыруға кірісті. Осындай дәуірлік мәні бар серпіліс қазақ прозасындағы тарихи романдар жазу үрдісінен анық байқалды. Профессор Ж. Дәдебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991) атты монографиясында Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғанға дейінгі тарихи тақырыпты игерудің поэтикалық үрдісіне және өзектілігіне ғылыми байыптау жасалған: «Тарихи дәуір шындығы тек тарихи шығармалар құрылы-мында ғана емес, бүгінгі күн тақырыбына жазылған туындылардың сюжеттік және композициялық желілерінде де кең көрініс тауып отыр. Соған орай, қазақ әдебиетінің жеткен биігі мен асқан асуын анықтауда, пайымдап бағалауда тарихи өткен дәуір шындығын суреттеуге арналған шығармалардың көркемдік ерекшеліктерін арнайы қарастырудың маңызы жоғары екендігінде сөз жоқ» [2, 3 б] . Зерттеуші осы пікірін «Жазушы еңбегі» [3] атты зерттеуінде тарихи тақырыптағы кейбір романдарда нақты тарихи тұлғалардан гөрі ойдан шығарылған көркемдік қиялға негізделген бейнелер де орын алатынын қарастырған.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби тек (эпос, лирика, драма) жанрлары әлем әдебиетінің классикалық деңгейіндегі туындылар болып саналады. Қазіргі қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы дамуында ұлт тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі аралығында бұрын кең түрде қамтылмаған ақтаңдақ беттерін толық қамтып жазу үрдісі кеңінен өрістеуде. Сонымен бірге, көркем шығарманың мазмұны мен пішінде бұрынғыдай саяси-идеологиялық қатаң бақылауға, шектеуге жалтақтап жазудан да арылған хал-ахуал қалыптаса бастады. Көркем шығармалар арқылы өмір шындығын өнер тілімен бейнелеудің мол мүмкіндігіне орай жұмыстарды жүзеге асыру жүріп жатыр.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Тәуелсіз мемлекет тұғырымен әлемге танымал болып жаңа даму жолымен келе жатқан Қазақстанның көркем әдебиеті де өркениет кеңістігіндегі өзіндік орнымен бағалануы - өзекті мәселе. Сондықтан соңғы онжылдықтар белестерінде жазылған прозалық шығармаларды тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы заңдылықтары бойынша саралап қарастыру - еңбегімнің басты мақсаты. Осы мақсатты орындау үшін мынадай міндеттерді орындау көзделді:
- Прозадағы өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі;
- Тарихилықтың көркемдік шындыққа негіз болуының ерекшеліктері;
- Кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері;
- Тарихи шындық бейнеленуінің көркемдік уақыт аясындағы қамтылуы;
- Прозалық шығармалардың идеялық-композициялық желісіндегі ұлттық-этнографиялық сипат болмысы.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы.
- Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа әдебиетіндегі проза жанрындағы шығармалардың дамуына көркемдік негіз бастаулары (сақ, ғұн дастандары, шежірелік туындылар, т. б. ) эпикалық шығармалар сабақтастығы заңдылығымен жаңаша байыпталды.
- Қазіргі қазақ прозасының мазмұны мен пішіні поэтикасына жаңа жазба реалистік әдебиет үлгілерінің (хакім Абай, Ы. Алтынсарин, т. б. шығармалары) классикалық көркемдік негіз болғандығы бағаланды.
- Қазақ прозасының әлем әдебиетіндегі үлгілермен тектесе дамуына ықпал еткен ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы әдеби үдеріс, жеке қаламгерлер туралы тұжырым жасалды.
- Қазақ прозасының қалыптасу, даму сабақтастығы теориялық-методологиялық сабақтастығымен жүйеленді.
- Қазіргі жаңа романдардағы өмір шындығы мен тарихи шындық сабақ-тасуындағы көркемдік жалғастық ықпалы айқындалды.
- Романдардағы табиғат аясындағы адам тіршілігінің шынайылығын ашу, ұлттық-этнографиялық дәстүрлерді уақыт шындығымен сәйкестендіру, т. б. көркемдік шешім эстетикасы ерекшеліктері күрделі сипатымен саралана талданған.
Зерттеу нысаны. Қазіргі қазақ прозасы - ұлттық және жалпы әлемдік әдеби үдеріс қозғалысы жүйесіндегі шығармалық еңбек нәтижелері. Қазақ тарихының кезеңдерін қамтыған алдыңғы толқын суреткерлер ізімен кесек туындылар жазған кейінгі толқын қаламгерлер шоғыры қазіргі қазақ оқырмандарының ұлттық-тарихи санасын оятуға, жаңаша қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Бұл орайда, І. Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы (роман-хамса) », С. Елубайдың «Ақ боз үй» (роман-трилогия), Б. Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы», С. Жұбатырұлының «Абыржы», Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы», М. Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы», Ғ. Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал», С. Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», Қ. Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», т. б. шығармалар шоғыры тарихи шындық пен көркемдік шешім ерекшеліктерін арнайы қарастыру нысанына алынды.
Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Қазіргі қазақ прозасы - әлем әдебиетінің қлассикалық үрдіс деңгейінде дамып келе жатқан жанр. Дәстүрлік және көркемдік негіздері - қазақтың фольклоры мен әдебиеті мұралары. Әлем әдебиеттері классикалық үлгілерімен әртүрлі сипаттағы ықпалдастықтар, байланыстар жағдайында жетілген, дамыған ұлттық сөз өнері туындыларын қазіргі әдебиеттану қисындарымен саралау, байыптау арқылы біз әлем өркениеті кеңістігіндегі өзіндік деңгейімізді анықтаймыз.
Зерттеу әдістері. Дипломдық жұмыста көркем әдебиет дамуының теориялық-методологиялық заңдылықтарына, қисындарына сүйене отырып, қазіргі қазақ романдарына тән тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселелерін саралауда объективті-аналитикалық, тарихи-салыстырмалы, кешенді-жүйелі талдау әдістері пайдаланылды. Тарихи-нақтылық пен тарихи-әдеби саралау, жүйелеу әдістері басшылыққа алынды.
Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. Қазақ прозасындағы роман жанрының тәуелсіздік жылдарындағы даму сипаты1. 1 Эпикалық шығармалар сабақтастығы
Қазақ жазба әдебиетінің қазіргі заманғы эпикалық түрлерінің (поэма, роман) тарихилықпен жазылуына эпикалық шығармалардың көркемдік негізі үлгі болғандығы ақиқат. Осы арада белгілі әдебиеттанушы-ғалым Н. Келімбетовтің сақ, ғұн дәуірі тарихи дастандарының поэтикасы хақындағы пікірі эпикалық жанр шығармалары табиғатының қалыптасу, даму эволюциясын түсінуге бағдарлайды: «Сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген жоқтау, мақтау түріндегі өлең үлгілері, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, бертін келе Түрік қағанаты тұсында жазылған ерлік жырларының шынайы көркем шығарма ретінде қалыптасуына үлгі-өнеге, модель-форма болды» [4, 11 б] . Бұл - қазақ әдебиетіндегі кейінгі көп жанрлы жазбаша дәстүрдің дамуына негіз болған үрдіс үлгісі.
Қазақ әдебиеті тарихының байырғы сақ, ғұн дәуірлеріндегі эпикалық шығармаларының құрылысында халықтың қанатты сөздерінің, мақал-мәтелдерінің, тұрмыс-салт өлеңдерінің, шешендік толғаныстарының - бәрінің тұтаса құралуы қалыптасқан көркемдік үрдіс тағылымын дамытты. Жазбаша әдебиет кемелдене дами келе көрнекті романдардағы кейіпкерлерді даралау, мінездеу, оқиғалардың деректілік шындығы мен ойдан қосу тұтастығын үйлестіру - бәрі де тарихилықтың негізділік заңдылығы жүйесін құрады.
Қазақ сөз өнері тарихындағы «Көне түркі әдебиеті» (VI-IX ғ. ғ. ) кезеңіндегі «Орхон-Енисей жазба ескерткіштері», «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама» мұраларында түркі тайпаларының өмір сүрген дәуірлері шындығы, тарихи тұлғалардың қызметі, адамдар өмір сүрген географиялық кеңістік, әлеуметтік орта тағылымы қамтылған. Ал, «Ислам дәуіріндегі әдебиет» (Х-ХІІ ғ. ғ. ) кезеңіндегі мұраларда да халықтың сол шығармаларда сөз болған тұлғаларының, әлеуметтік ортасының шындығы тарихилық заңдылығы аясында қамтылған. Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым А. Егеубай аталған ежелгі әдеби мұралардағы кейіпкерлердің, жеке адамдар тұлғаларының тарихи негізділікпен жазылғанын айтады, олардың тарих, философия, этнология зерттеулері үшін нұсқалы материалдар, тарихи бағалы деректер [5, 163 б] беретін рухани арқау екендігіне, философиялық, әлеуметтанушылық, әдеби-әдептілік, т. б. мәселе-лерді қамтитын күрделі танымдық тағылымына ғылыми байыптаулар жасайды. Зерттеуші ежелгі және ортағасырлық мұралардағы әдеби әдеп жүйелерін саралап көрсетеді (1. Жан сымбаты, 2. Кісілік сымбаты, 3. Азаматтық сымбаты) де, олардың тарихилыққа қатысты поэтикалық ерекшеліктерін ғылыми-теориялық тұрғыда тұжырымдаған: «Тарихи шындық пен көркем шындық арасындағы күрделі метаморфоза да тарихилық негізде, тарихи кезеңдер аясында ұғынықтырақ, қызғылықты көрінеді . . . ежелгі мұраларда тарихи тұлғалар мен тарихи құбылыстарда ойдан қосу, әсірелеу аз байқалады. Байқалмайды деген де шындыққа үйлеседі. Тарихи адамдар, тарихи оқиғалар бәз күйінде сипатталады. Тарихи шындық қана емес, поэтикалық басқа да ең бір көркемдік таным сарабынан өткен нышандарының өзі де тіршілік, тұрмыс көріністерінен қаз-қалпында көшіріліп алынған. Кейінгі кезең мұраларында көркемдік шындық рухы үстем түсе бастаған. Көркемдік шындық, көркемдік шарттылық көрініс берген тұстарда эпикалық тыныс қиялы, қиял-ғажайып ертегілері сынды көркемдік кеңістіктер туындады» [5, 184 б] . Өнер туындыларына арқау болатын өмір шындығы болмысын елестету үшін
Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Мәселелер мәні» философиялық еңбегіндегі пікіріне назар аударуға болады: «Қозғалыс пен тыныштықтың басталуы, ол сыртқы қысым немесе өмір, болмаса, табиғат деп аталады. Қозғалыстың кей түрлері еріксіз болады, мұндайда олардың басталуын өсімдік жаны дейді немесе ерікті болуы ықтимал . . . Уақыт осы қозғалыспен байланысты. Уақыттың шегі сәт деп аталады. Қозғалыста уақыттың басы да, аяғы да болуы мүмкін емес. Осылайша, бір жағынан, қозғалатын әлдене болуы тиіс, екінші жағынан, қозғаушы болуы керек» [6, 55 б] . Демек, өмір шындығы - қозғалыс пен тыныштықтың өзара сабақтас құбылыстарынан құралатын тіршілік келбеті. Көркем шығарма-
лардағы өмір шындығы дамылсыз сапырылысқан үндес әрі қарама-қайшы-
лықты қозғалыстар жүйесін бейнелейді. Ал, тыныштық ұғымының өзі де өмір шындығы қозғалыстарының аясында айқындалады. Тарихи кезеңдердегі оқиғалардың өрістеуі мен белгілі бір нәтижелер арқылы аяқталуы да қозғалыс пен тыныштық сабақтастығы тағылымын аңғартады.
Қазақ әдебиетіндегі шежірелік шығармалар тарихи деректерді баяндау мен көркем әдебиет бейнелеулері тұтасуы жолын қалыптастырған мұралар болып саналады. Авторларының көзімен көрген оқиғаларын көркемдік талғаммен сұрыптап, іріктеп жазуы арқылы уақыт шындығын жазбаша жүйелеудегі қаламгерлік мәдениет үрдісіне де негіз қаланды. Шежірелік туындылардың құрылысындағы елдің, ондағы көрнекті оқиғалардың қамтылуында туынды авторларының мемлекет қайраткері тұғырындағы тұлғалық танымалдығы да елеулі болды. Қазақ әдебиетіндегі тарихи шындықпен кең көлемді көркем туындылар жазу үрдісінде шежірелік шығармалар авторларының қайраткерлік, қаламгерлік орындары да сөз өнері тарихындағы маңыздылығымен ерекшеленеді.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі жаңа жазба реалистік әдебиет шығармалары да көркем әдебиетіміздегі тарихилықты жаңаша қалыптастыруда маңызды орын алды. Хакім Абайдың эпикалық дастандарында, қара сөздерінде өмір шындығы деректері, тарихи тұлғалар тағылымының көркем шындықпен өрнектелуі әдеби сипатпен өрнектелді. Шоқан Уәлихановтың ғылыми-этно-графиялық очерктері әдеби-тарихи сипатымен ұлттық және жалпыадамзаттық рухани мұралар қатарына қосылды. Шоқан шығармалары ғылыми жазбаларды әдеби-тарихи ерекшеліктер тұтастығымен жазудың әлемдік классикалық дәстүріне сәйкес қазақ топырағында дамытудың іргетасын қалады. Ал, Ы. Алтынсариннің әңгімелері - қазақ әдебиетіндегі жазбаша прозалық шығарма жазу үрдісі жолындағы жаңа жазба реалистік әдебиет үлгілері болып саналады. Профессор X. Сүйіншәлиев қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріндегі Әбу Нәсір әл-Фарабидың, Захир ад-дин Бабырдың, Мұхаммед Хайдар Дулатидың, Қадырғали Қосымұлы Жалайырдың еңбектерін, хан-сұлтандардың, елшілердің жазысқан хаттарын, шешен-билер сөздерін де прозалық шығармалардың алғашқы үлгілері қатарында қарастыруды ұсынады. Зерттеуші қазақ прозасының әуелгі бастау кезеңіндегі мұраларын айта отырып, Шоқан, Ыбырай, Абай өмір сүрген ғасырдағы осы дәстүрлі дамудың жалғастығына баға берген. «Түркістан уалаяты» (1870), «Дала уалаяты» газеттері мен «Айқап» журналының беттерінде жарияланған мұралардың, шығармалардың, қазақ әдебиеті жанрларының, оның ішінде прозалық шығармалардың мол жазыла бастауына себеп болғанын бағалайды. [7, 9-10 бб] .
Академик З. Қабдолов былай дейді: «Кең көлемді . . . эпостың бұл түрінде жазылған шығармалар шындықтың жекелеген эпизодтарын суреттеумен тынбайды, әдеби шығармаларға арқау болған адам мен қоғам тіршілігін мейлінше кең қамтып, алуан-алуан даму кезеңдерімен тұтас жүйелеп, толассыз қимыл-қозғалыс қалпында жинақтайды. Адам мен қоғам өмірінің қандай ақиқаты болсын, мұнда бүкіл тамыр тереңімен , қопарыла көрсетіледі де, оқырманның көз алдында өзгеше бір әлем, бүтін бір тіршілік дүниесі пайда болады» [8, 313-314 бб] .
Қазіргі қазақ романдарының біразы XX ғ. 90-жылдары мен XXI ғ. басында жарыққа шықты. Тарихының жаңа кезеңіне көшкен, байырғы жолы бұған дейінгі талай мыңжылдықтардан басталған, қалыптасқан мемлекетіміздің, қазақ ұлтының көркем әдебиеттегі бейнеленуі сөз арқауындағы дәстүрлі шығар-машылық үрдіс аясында қарастырылады. Эпикалық шығармашылық үрдіс әдебиетіміздің Қазақ хандығы (ХV-XVIII ғғ. ) және ХІХ ғасырлар кезеңдеріндегі авторлы шежірелік шығармалар Мәшһүр Жүсіптің «Қазақ шежіресі», Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі», т. б. қисса-дастандар, тарихи жырлар жанрлары арқылы да жалғасты. Қазақ романистикасының қалыптасу, даму тарихында ХХ ғасырдың бас кезіндегі эпикалық шығармалар айрықша орын алады.
Шәкәрімнің «Әділ-Мария» романының сюжеттік-композициялық желісінде ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ауылдарына ортақ өмір шындығының оқиғалары арқау етіп алынған. Көлемді прозалық шығарманың мазмұны мен пішіні жүйесінде классикалық әдеби шығармаларға тән әртүрлі көркемдік әдістер тұтастығымен жазылғандығы байқалады. Романның идеялық-композициялық желісін құрайтын мынадай мәселелер айқын қамтылған: біріншісі - ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығы шамасындағы қазақ ауылының көшпелі тұрмыс жағдайының (қыстау мен жайлау арасындағы көшу-қону, малды жаю, т. б. ) көріністері; екіншісі - қазақтың ұлттық-этнографиялық, ата-бабалық салт-дәстүрінің негізгі оқиға нысаны болғандығы. Басты кейіпкерлер Әділдің әкесі Жақсыбай мен Марияның әкесі Бақтыбайдың әуелі құда болып келіскені сюжеттік байланыс ретінде көрінеді. Шәкәрімнің «Әділ-Мария» романындағы Шыңғыстауды кейіптеу тәсілі сипатымен бейнелеген жерлері қазіргі қазақ романдарына көркемдік негіз болғаны айқын байқалады. Мысалы, «Әділ-Мария» романында басты кейіпкерлердің түнгі табиғат аясындағы қауышу сәтін лирикалық-психологиялық бейнелеудің лирикалық және кейіптеулік тұтастықпен өрілген көркемдік-әсерлілік сипаты айқын: «Міне, осы іңірде туған толық Ай дәл Марияның қысылып ұялғанындай қып-қызыл болып туса да, көтеріле келе бозарып, жоғарылағанда, әбден бойы үйренгендей маңқиып, жер жүзіне сүттей тұнық сәулесін түсіріп, Айдың бетіндегі кісі пішінді қожыры қырындай қарап, «Әділ мен Марияның алғашқы қосылғанын көрмейінші!» - деген сияқтанды-ау! Сонда, кәрі Шыңғыстау, сен алыстан мұнарлатып, басыңды күнбатысқа беріп, көлденең сұлап: «Әділ мен Мария былай жатсашы!» - дегендей бөктердің аласа адырын бауырыңа қысып, төстегі елге жантая қарап жатпап па едің?» [9, 501-502 бб] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz