Қылмыстық іс жүргізу принциптері


МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 5

1 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ПРИНЦИПТЕРІ . . . 7

1. 1 Қылмыстық іс жүргізу принциптерінің жалпы ұғымы, мәнісі мен маңызы . . . 7

1. 2 Қылмыстық іс жүргізу принциптерінің жүйесі . . . 10

2 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ПРИНЦИПТЕРІНІНІҢ ДЕРБЕС ТҮРЛЕРІ . . . 14

2. 1 Заңдылық принципі . . . 14

2. 2 Сот әділдігін тек соттың ғана жүзеге асыруы принципі . . . 17

2. 3 Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау принципі . . . 27

2. 4 Жеке адамның абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу . . . 31

2. 5 Меншікке қол сұқпаушылық және кінәсіздік презумпциясы принциптері . . . 37

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 63

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 65

КІРІСПЕ

Дипломдық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Берілген дипломдық жұмыс қылмыстық іс жүргізу принциптерінің сот әділдігін жүзеге асырудағы маңызын теориялық деңгейде зерттеуге арналған. Құқықтың жалпы және сала аралық принциптерінің салалық принциптерге ықпалы және салалық принциптер ретіндегі қылмыстық іс жүргізу құқығы принциптерінің өзіндік маңыздары мен мақсаттары талданған. Өз кезегінде орындалуы жалпыға бірдей міндетті болып табылатын құқықтық норма болмағанымен құқық прициптері аталған нормалардың өздерінің әлеуметтік функцияларын тиісті деңгейде атқаруының кепілі. Біздің жұмысымыз қылмыстық іс жүргізу құқығы принциптерінің сот дәлелдеулерінің жүзеге асырылуына тигізетін ықпалы туралы болмақ.

Тақырыптың өзектілігі. Құқықтың мәнісі мен әлеуметтік тағайынының құқық принциптері арқылы ашылатындығы белгілі. Өз кезегінде құқықтың объективтік табыиғатынан туындайтын сапасы бола отырып, құқық принциптері қоғамдағы әділеттілік пен заңдылықтың негізгі өлшемі болып табылады. Қылмыстық іс жүргізу принциптерінің басшылыққа алынуы қоғамдағы қатынастарды заңға сай, әділетті негізде реттеудің бірден-бір кепілі ретінде бағалануы тиіс. Берілген тақырыптың ғылыми деңгейде зерттелуі, құқықтың аса маңызды саласы ретіндегі қылмыстық іс жүргізу құқығының басты қағидаларының ішкі мазмұндарын, олардың өзіндік ерекшеліктерін, олардың бойындағы әлеуметтік әлеуетті (потенциал) ашуға жәрдем берері анық. Тек солай болған жағдайда ғана, біздің ойымызша, қылмыстық іс жүргізу құқығының талаптары қатаң сақталып, қоғамдағы заңдылық пен құқық тәртібінің нығая түсуіне объективтік жағдай туындайды. Осы айтылғандар берілген тақырыптың қаншалықты өзекті екендігінің дәлелі болып табылады деп сенеміз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Құқықтың жалпы және салалық принциптерінің теориялық мәселелері көптеген уақыттардан бері зерттеушілердің назарын өздеріне аударып келеді. Құқықтың жалпы қағидалары туралы біз Н. И. Матузовтың, А. В. Мальконың, С. З. Зимановтың, С. С. Сартаевтың, С. Өзбекұлының, Ө. Қ. Қопабаевтың және басқалардың еңбектерінен көптеген тұжырымдарды кездестіреміз. Салалық принциптер ретіндегі қылмыстық іс жүргізу принциптері М. С. Сторговичтің, Б. Х. Төлеубекованың, В. Т. Томиннің, Н. Н. Полянскийдің, Т. Н. Добровольскаяның еңбектерінде зерттелген. Алайда аталған мәселені барынша терең зерттеп оның теориялық жағының қыр-сырын ашқан қазақ тіліндегі зерттеу жұмысы жоқ деп айтуға болады. Егер біз еліміздің ұлттық құқықтық жүйесін қалыптастыруды өзіміздің басым бағытты міндетіміз деп санайтын болсақ, онда ана тілімізде жүргізілген зерттеу жұмыстары оның негізі болуы тиіс.

Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Берілген дипломдық жұмыстың мақсаты қылмыстық іс жүргізу принциптерінің ұғымы мен мәнісін талдау арқылы, олардың сот әділдігін жүзеге асырудағы, қылмыстық істерді алдын ала тергеу және сот органдарының қызметінің құқықтық негіздемелерін қамтамасыз етудегі рөлін ашып көрсету болып табылады. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін келісідей міндеттер шешімін табуы тиіс деп ойлаймыз: құқықтың жалпы прициптерімен арақатыстылықта қылмыстық іс жүргізудің принциптерін талдау, қылмыстық іс жұргізудің маңызды да, негізгі принциптері заңдылық, әділсоттылықты тек соттың ғана жүзеге асыруы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау, жеке адамның абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу сияқты принциптерінің сот дәелдеуі теориясына ықпалын қарастыру.

Зерттеу жұмысының объектісі. Қылымыстық іс жүргізу прициптерін басшылыққа ала отырып қылмыстық істерді алдын-ала тергеу және сотта қарау барысында пайда болатын, дамитын және өзгерістерге ұшырайтын қоғамдық қатынастар біздің дипломдық жұмысымыздың негізгі зерттеу объектісі болып табылады.

Зерттеу пәні. Қылмыстық қуғындауды жүзеге асыру барысындағы құқық қорғау органдарының, сот органдарының нақты қызметтері және қылмыстық іс жүргізу құқығының жкеклеген принциптерінің сот әділдігін жүзеге асырудағы маңызын зерделеуді біздің дипломдық жұмысымыздың зерттеу пәні ретінде қарстырған дұрыс.

Зерттеудің әдістемелік негіздері. Дипломдық жұмыс жалпы қоғамдық ғылымдарға ортақ және арнайы танымдық әдістер: диалектикалық талдау және жүйелеу әдістеріне әлеуметтік құбылыстарды зерттеудің негізгі тұжырымдарына, сондай-ақ құқықтық құбылыстарды зерттеудің әдістемелік іліміне сүйене отырып орындалды. Зерттеу үрдісінде формалдық логиканың ережелері талдау мен қорыту, салыстырмалы құқықтық және статистикалық нақтылы-әлеуметтік әдістер пайдаланылды.

Дипломдық жұмыстың теориялық негіздері. Зерттеу жұмысының негізгі теориялық мәселелерін айқындау барысында еліміздің белгілі заңгер-ғалымдары C. К. Абсаметов, А. П. Алехин, А. Т. Ащеулов, С. Т. Әлібеков, М. Т. Баймаханов, С. З. Зиманов. Е. І. Қайыржанов, С. Н. Қойбақов, Ө. Қ. Қопабаев, Г. С. Сапарғалиев, С. С. Сартаев, С. А. Табанов, Б. Т. Тұрғараев және басқалардың зерттеу еңбектері басшылыққа алынды.

Дипломдық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Жұмыстың құрылымы мен көлемі зерттеудің негізгі мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестендірілген және қойылатын талаптарға толықтай жауап береді. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, алты бөлімшеден, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ПРИНЦИПТЕРІ

1. 1 Қылмыстық іс жүргізу принциптерінің жалпы ұғымы, мәнісі мен маңызы

Жалпы түсінігінде құқықтың мәнісін анықтап білдіретін, оның негізгі бастаушы идеяларын құқықтың принциптері немесе қағидалары атау қалыптасқан. Принциптер латын тілінен аударғанда кез-келген құбылыстың бастауы, негізі деген мағына береді [1, 151., 2, 151 б. ] .

Олар қоғамдық дамудың заңдылығын берілген қоғамның қажеттігін білдіреді. Осыдан олардың әлеуметтік шарттылығы, өмір жағдайларына тәуелділігі айқын көрініс табады. Құқық принциптері заңгерлердің немесе ғалымдардың жеке көзқарастарының нәтижесі емес, құқықтың әлеуметтік құбылыс ретідегі табиғатынан туындайтын өзіне тән сапасы болып табылады. Құқық теориясында құқық принциптерін жалпы құқықтық принциптер, сала аралық құқық принциптері және салалық принциптер етіп бөлу қалыптасқан. Жалпы немесе негізгі құқықтық принциптерге әділдік, құқық теңдігі, гуманизм, демократия, құқық және міндет бірлігі, көз жеткізу мен мәжбүрлеудің үйесімділігі жатқызылады. Әлеуметтік әділеттілік принципі деген өзінің жалпы мазмұнында «құқықтық реттеу» дегеніміз әлеуметтік қатынастарды әділеттілік негізінде реттеу деп түсінуді білдіреді. Әділеттілік көпқырлы, көп компонентті категория ретінде қоғам өмірінің барлық өрісінде көрініс береді. Ол өзіне экономикалық, саяси, өнегелілік, құқықтық және рухани аспектілерді кірістіреді.

Әртүрлі жеке тұлғалардың жағдайымен олардың қоғамдағы маңызының, еңбектің және оның бағалануының, әрекеттің және оның өтеуінің арасындағы сәйкестікті талап етеді. Заң әділеттілігінің ерекшелігі, оның құқық өрісіндегі барынша айқын формалды-анықтылық мәнінде және ол көп жағдайда мемлекеттік мәжбүрлеумен байланысты. Тұтастай алғандағы құқықтық жүйе әділеттіліктің сақшысы болып, оны білдіру мен бекітудің, күзету мен қорғаудың құралы ретінде қызмет атқарады. Осыдан кейін жалпы алғанда, әділеттілік ұғымы өзінің көлемі бойынша да, маңызы бойынша да заңдылық ұғымынан әлдеқайда кең және маңыздырақ екендігін айқын аңғаруға болатындай.

Әділеттілік принципі нормативті-бағалаушылық мәнге ие, ол құқықта және міндеттемелерде, ынталандыруда және жазалауда өзінің көрінісін табады. Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және басқа да заң салаларының барлығы да өздері реттейтін қоғамдық қатынастарда әділеттілікті орнықтыруға жұмылдырылады. Әділеттілік әрдайым өзінің жұптық категориясы әділетсізідікпен қатар жүреді. Әділетсіздікке жол бермеу, оны жою өз кезегінде әділеттілікті орнатудың құралы, тәсілі болып табылады. әділетсіздіктің орын алуының алдын алу зжаң ғылымының маңызды болжамдық функциясы және мемлкеттің қызметі де осыған бағытталуы тиіс.

Азаматтардың құқық теңдігі әділеттілік принципінің дамытылуы мен демократияға тән қасиет болып табылады. Заң және сот алдындағы теңдікпен қатар құқық теңдігі принципі адамның және азаматтың құқығы мен бостандығының теңдігін сонымен қатар, еркек пен әйелдің құқығы мен бостандығының теңдігін білдіреді. Құқықтың жалпы принциптерінің келесі бір түрі ол - құқық пен міндет бірілігі принципі. Азаматқа берілген құқықтар мен бостандықтар оның қоғам алдындағы міндеттерімен сәйкестендіріледі. Кез келген тараптың құқығы екінші тараптың өз міндетін атқаруы арқылы жүзеге асырылады. Егер бір тарап тек құқықтарға ие болып, екіншісіне тек міндеттер жүктелген жағдайда қоғамның тұтастығының болуы мүмкін емес. Құқықтың келесі маңызды принциптерінің бірі ол - гуманизм принципі ол кең мағынасында қоғамға және адамға деген тарихи өзгерістерге ұшырап отырған көзқарастар жүйесін білдіреді. Демократиялық қоғамның барлық құқықтық жүйесі, заң шығармашылығы, құқық қолдану және құқық қорғау қызметінің өне бойына гуманизм идеялары арқау болуы тиіс. Аталған қағида қоғамның және жеке тұлғаның өзара қатыстылығын көрсетеді, мемлекеттің заңдылық, сот әділдігі, қылмыстық және қылмыстық атқару саясатының ажырамас қасиеті болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында . . . адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына ретінде бекітілген [3, 8 б. ] .

Гуманизм өзінің дұрыс түсінігінде заңды өрескел бұзушыларға қатаң жазалау шараларын қолдануды қарастырады. Құқықтағы көз жеткізу мен мәжбүрлеудің үйлесіміділігі демократизмнің, гуманизмнің және әділеттіліктің көрініс табуының аса маңызды нысаны саналады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген заңдылық принципі заңдардың және соларға сәйкес актілердің сақталуының жалпыға бірдей екендігін білдіреді, заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі және содан туындайтын құқықты бұзған кел келген тұлғаның заң алдындағы жауаптылығы құқықтың әрекет етуінің өн бойына тән болады.

Заңдылық қағидасының мысалында құқықтың жалпы принциптері мен оның сала аралық және салалық принциптерінің арасындағы байланыс барынша айқын көрініс табытындай олардың әрқайсысы белгілі бір дәрежедегі дербестігіне ие бола отырып, олар жалпы құқықтық принциптерден бастау алады және жке салаларға қатысты түрде жалпы принциптерді дамытады және нақтылайды. Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 10 бабының екінші бөлімінде соттардың адам мен азаматтың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ екендігі бекітілген. Егер сот, қолдануға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп ұйғарса, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және сол актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті деп бекітілген [4, 7 б. ] .

Жоғарыда аталып өтілген жалпы мәселелерден кейін біздің дипломдық жұмысымыздың тақырыбы болып табылатын қылмыстық іс жіргізу құқығының принциптері ұғымы, мәнісі мен мазмұнына қатысты мәселелерді талдауға көшкен дұрысболар.

Қылмыстық іс жүргізу ғылымында принциптер ретінде қылмыстық іс жүргізу сүйенетін негіз және жеке сипаттағы ережелерді қалыптастыратын негізігі бастаулар, басшылыққа алынатын барынша жалпылама құқықтық ережелер қарастырылады.

1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде отандық қылмыстық іс жүргізу заңнамасында алғашқы рет «Қылмыстық процестің міндеттері мен прициптері» - деп аталатын арнайы тарау енгізіліп, онда қылмыстық іс жүргізу принциптерінің маңызы айқындалып, олардың жүйесі бекітіліп, әрбір принциптің негізгі мазмұны тұжырымдалды. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне іс жүргізудің міндеттеріне ғана емес, сонымен қатар қылмыстық сот өндірісіне қатысушы барлық тұлғалар үшін міндетті талаптар және ережелер ретінде оның принциптеріне де арналған арнайы тараудың енгізілуі қылмыстық іс жүргізу құқығын дамытудағы, оны Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық-құқықтық саясатының талаптарына сәйкестендірудегі маңызды кезең болып табылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген қылмыстық іс жүргізудің барлық принциптері ҚР Конституциясының тиісті нормаларына сүйенеді немесе олардың мазмұнынан бастау алады. Бұл принциптер құқық құорғау органдарының аталған қызметке қатысуын реттейтін өзге де заңнамалық және нормативтік актілерде белгілі бір шамада көріністерін тауып, нақтыланған. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 9-бабында айқындалған қылмыстық іс жүргізу принциптерінің маңызы мынада: аталған принциптерді бұзу оның сипаты мен мәніне қарай, іс бойынша орын алған іс жүргізуді жарамсыз деп тануға, осындай іс жүргізудің барысында шығарылған шешімдерді бұзуға немесе осы бағытта жиналған материалдарды дәлелдеу күші жоқ деп тануға әкеліп соғатындығынан көрініс табады. Қылмыстық процестің принциптерін бұзғаны үшін заңмен қарастырылған құқықтық салдардың барынша жауаптылығы, қылмыстық істер бойынша өндірісті жүзеге асырушы органдардан аталған принциптерді қатаң сақтауды, олардың талаптарынан ешқандай ауытқымауды талап етеді.

Қылмыстық іс жүргізу принциптерінің маңызын барынша кеңірек талдай отырып, төмендегідей тұжырымдарды жасақтауға болады:

1) қылмыстық іс жүргізу жүйесінде принциптер орталық, бастапқы орынға ие болады;

2) олар өзара тығыз және үйлесімді байланыстағы негізгі, бастаушы нормалар болып табылады;

3) әдетте принциптер құқықтық ережелер түрінде қалыптасады және нормативтік сипатқа ие болады;

4) олар қылмыстық процестің әлеуметтік мәнісін, оның табиғатын және жүйесін түсінудің тетігі ретінде қызмет атақарады;

5) принциптер процесуалдық құқықтың негізігі бағыттарын даму перспективаларын айқындайды;

6) олар әрекет етуші заңнамаға енгізілетін өзгертулер мен толықтырылуларға байланысты ұсыныстаордың негізділігін айқындаудағы басты негіздеме сапасында орын алады;

7) принциптер құқық шығармашылығы қызметіндегі әлеуметтік бағдарлаушы функциясын атақарады;

8) принциптер процессуалдық нормаларды дұрыс түсіндіруге ықпал жасайды.

1. 2 Қылмыстық іс жүргізу принциптерінің жүйесі

Қылмыстық сот өндірісі принциптері ең алдымен, өзара байланысты элементтердің жүйесі болып табылады. Принциптерге қатысты түрде айтқанда жүйе құраушы факторлар қатарына мыналарды кіргіземіз; 1) принциптердің мақсат пен міндеттердің ортақтығымен байланыстылығы; 2) ішкі қайшылықтардың болмауы; 3) объективтік және субъективтік бастаулардың бірлігі; 4) өзара шартылығы және бір мезгілде дербес түрінде де, жиынтықты түрінде де ықпал етушілік қасиеті;

Процессуалдық формаға қатысты түрде принциптерді үш топқа бөлуге болады; 1) сот өндірісінің тәртібіне, оның нысандарына қатысты талаптарды білдіретіндер; 2) сот өндірісінің тәртібіне, оның формаларына қатысты талаптарды және тергеу мен сот қызметіне тікелей талаптарды біріктіретін принциптер; 3) тергеу және сот қызметіне, оның мазмұнына тікелей қатысты талаптарды білдіретін принциптер.

Қылмыстық сот өндірісі принциптерінің маңыздылығын олардың Қазақстан Конституциясында арнайы бекітілуінен байқауға болады. мәселен, Конституцияның 77 бабының 3 пункті мазмұнынан қылмыстық процесте мынадай принциптердің бар екендігін байқауға болады:

-кінәсіздік презумпциясы;

-бір құқық бұзушылық үшін қайталап қылмыстық жауаптылыққа тартуға тыйым салу;

-өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімінің өзгертуіне болмауы;

-жағдайды нашарлататын заңды қолдануға тыйым салынуы;

-айыпталушының өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге мідетті емес екендігі;

-сотта әркімнің өз сөзін тыңдатуға құқылы екендігі;

-куәлік етуден босату;

-кінәлі екендігі туралы кез келген күдіктің айыпталушының пайдасына қарастырылуы;

-алынған айғақтардың заңды жолмен алынуы;

-қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға тыйым салынуы.

Конституцияда белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.

Қылмыстық іс жүргізу құқығы теориясында принциптерді тұжырымдауға, түсіндіруге байланысты мәселелерді зерттеп дайындауға екі тенденция тән болды. Бір жағынан - принциптер ретінде тануға ұсынылған ережелер тым ұлғайтылды. Екінші жағынан-осы ережелер шеңбері орынсыз тарылтылды. Екі тенденция да тұйыққа апарып тірейді. Осы қайшылықты жүйе құрайтын факторлар табылған жағдайда ғана жоюға болады. Қылмыстық сот ісін жүргізу принциптері - ең алдымен өзара байланысты элементтер жүйесі. Аталған элементтердін мәні мен орны жүйе құрайтын факторлар негізінде елеулі ықтималдықпен анықталады.

Даулы факторлар қатарына принциптерді деңгейлерге саралау туралы мәселенін шешімі жатады. Атап айтқанда, А. С. Кобликов, А. М. Ларин, Ю. И. Стецовский Конституцияда баянды етілген барлық принциптер конституциялық деңгейге, ал басқа құқық көздерінде баянды етілген өзге принциптер конституциялық емес деңгейге жатады және жеке қолданбалы сипатта болады деп санайды [5, 18-20., 6, 12-14 бб. ] . Т. Н. Добровольская, П. С. Элькинд сияқты зерттеушілер принциптерді конституциялық; және конституциялық емес деңгейлерге бөлу "принцип" ұғымының мазмұнына жалпы қайшы келетіні туралы көзқарасты негіздеген [7, 14-21 бб. ] .

Мыналар:

а) қылмыстық іс жүргізудің барлық принциптерінің бірдей дәрежеде маңызды деп танылуы;

ә) субъективті негіздердің принциптерге түрліше ықпал етуіне байланысты олардың түрлі дәрежеде маңызды деп танылуы осы мәселенің шешіміне байланысты.

"Принциптер" категориясының мәніне жасалған талдау қылмыстық іс жүргізудің барлық принциптерінің бірдей дәрежеде маңызды деп танылуы қылмыстық іс жүргізу құқығы теориясының қазіргі жетістіктеріне неғұрлым толық сай келеді деуге мүмкіндік береді.

Сөйтіп, қылмыстық іс жүргізу принциптерін конституциялық және конституциялық емес деңгейлерге бөлудің өзі қате, сондай-ақ әдістемелік сипаттағы бірқатар жалған қорытындылар жасауға әкеліп соғады.

Қылмыстық сот ісін жүргізу принциптерін тең шамалы және тең маңызды деп тану керек екенінің мынадай дәлелдері бар.

1. Барлық заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, конституциялық заңдарға толық сәйкес әзірленеді. Демек, принциптерді конституциялық және конституциялық емес деңгейге бөлу олардың (принциптердің) нақты құқық көзінде орналастырылуы тұрғысынан ғана дұрыс: егер принцип Қазақстан Республикасының Конституциясында немесе конституциялық заңда орнықтырылған болса, ол конституциялық принциптерге жатады; барлық өзге құқық көздерінде орнықтыру оны өзінен өзі конституциялық емес принциптерге жатқызады. Бірақ мұндай көзқарас механистілік және құқық қисынына қайшы келеді. Мән-маңыз тұрғысынан алғанда принциптердің конституциялық және конституциялық емес принциптерге бөлінуі олардың заңды (конституциялық) және заңсыз (конституциялық емес) болып саралануын білдіреді.

Осыған байланысты Т. Н. Добровольскаяның пікірі өте орынды сияқты: «Егер қылмыстық сот ісін жүргізу принциптері бір-бірімен байланысты болып, өзара әсер ететін болса, қылмыстық процестің демократиялық мәнін анықтау мен қылмыстық істер бойынша сот ісін нақты жүзеге асыруда заңдылықты нығайту үшін олардың бәрі бірдей маңызды, сондықтан қай заң актісінде (КСРО Конституциясында ма, әлде салалық заңда ма) орнықтырылғанына қарамастан оларды категорияларға бөлуге болмайды. Қылмыстық процесс принциптерін . . . конституциялық және конституциялық емес деп бөлу теория тұрғысынан да, практика тұрғысынан да дұрыс емес» [7, 19 б. ] .

2. Принциптерді конституциялық және конституциялық емес деп бөлудің механистік жолы принциптердің маңыздылау және маңызы аздау, басты және екінші дәрежелі деп бөлінуіне өзінен өзі әкеліп соғады. Принциптердің маңыздылық дәрежесі бойынша саралануы оларды қамтамасыз ету құралдарының да тиімділеу және тиімділігі кемдеу деп бөлінуіне әкеліп соғуы мүмкін, оның қылмыстық сот ісін жүргізуде заңдылық талаптарын сақтауға байланысты елеулі зардаптары болуы ықтимал. Сонымен қатар «принцип» ұғымының негіз қалаушы, түйінді деген мәнінің өзі саралау кезінде құқықтық реттеу механизміндегі міндетті элемент рөлін емес, жай ғана тілек рөлін атқарады.

Т. Н. Добровольская бұл жөніңде былай деп жазды: "Бұл принциптер жүйесін өзара байланысты және маңызы бірдей, бір қатарда тұрған ережелердің біртұтас тізбегі деп тану" жүйе құрайтын факторлардың барлық талаптарына сай келеді және принциптерді институттық категория ретінде көрсетеді [7, 76 б. ] .

3. Принциптерді конституциялық және конституциялық емес деп бөлу анықтау, тергеу, прокуратура және сот органдарында «конституциялық» принциптердің бұзылуына жол бермеу және"конституциялық емес" принциптерді елемеуге болатыны туралы қате пікір қалыптастырып, олардың құқық қолдану қызметінде тәртіп бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қылмыстық процесс принциптері
Істерді алқалы түрде қарау принципінің сот қызметін ұйымдастыру принциптерінің арасында алатын орны мен мәні
Заңдылық принципі
Қылмыстық процестік құқық пен қылмыстық процестің тәрбиелік алдын алушылық маңызы
Сот төрелігін тек соттың ғана жүзеге асыруының принципі
Дәлелдемелерді жинақтау және зерттеуге бағытталған қылмыстық іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде тұрғын үйдің қол сұқпаушылығы жағдайлары
Қылмыстық процесс принциптерінің ұғымы мен мәні
Қылмыс құқығы ұғымы, міндеттері, принциптері
Азаматтық сот ісін жүргізудің функционалдық әдістері
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ПӘНІ, МІНДЕТТЕРI МЕН ПРИНЦИПТЕРІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz