Ахмет Байтұрсынов туралы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 22 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе.
XIX ғасырдың жарқын жұлдыздары - Шоқан, Ыбырай, Абай салған ағартушылық-демократтық бағытты ілгері жалғастырушы, жаңа буынның төл басы, дарынды ақын, ірі ғалым, әрі журналист Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 28 қаңтарда бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытұбек деген жерде дүниеге келген. Әкесі Байтұрсын Шошакұлы еліне беделді, намысқор, қайрат иесі болған. Өз тұсындағы әділетсіз ел билеушілердің зорлығына карсы тұрған. Ел-жұртына қиянат жасаған Торғай Яковлевті соққыға жыққан. Ақыры, іс насырға шауып, Байтұрсын інісі Ақтаспен Сібірге 15 жылға жер аударылады. Бұл оқиға 13 жасар Ахметтің жүрегіне үлкен жара салған.
Ауыл молдасынан хат таныған Ахмет 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық мектепте, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте оқиды. Одан әрі оқуды жалғастыруға мүмкіндігі болмай, өздігінен оқып білімін жетілдіреді. 1895-1909 жылдар арасында Ахмет Актөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі ауылдық, болыс-тық және екі сыныптық училищеде бала оқытады.
Осы кезде қазақ жеріне орыс шаруаларының көптен көшіп келуі жергілікті халықтың тілін, мәдениетін, елдігін сақтап қалу мәеелесін күн тәртібіне қояды. Тіл құрыса, халық та қүриды. Ұлт атымыз өшпесін десек, қазақ әдебиеті мен тілін өркендетуді колға алу керек деп ойлайды Ахмет. Осы ойын іске асыруға кіріседі.
Осы жолдағы ізденістерін ол 1896 жылы А. Алекторовқа жолығудан бастаған. Алекторов бұл кезде Омбыда отырып, Ақмола, Семей болыстарының оқу жүйесін басқарып тұрған болатын. Онымен Ахмет қазақ даласында бала оқыту жайы туралы кеңеседі. Ахмет орыс оқымыстыларының миссионерлік мақсатын, олардың қазақтарды орысша оқыту арқылы орыстандыру саясатын көздейтінін түсінеді. Осыдан секем алады. Қазақты өнер-білімге жетектеу өзгелердің емес, өзі тектес оқығандрдың парызы деп түйеді. Алекторовтан алған екінші әсері - Ахметтің білім мен өнер жолындағы ой-пікірінің кеңейе түсуі еді. Қазақ тарихы мен фольклорынан аса бағалы материал жинап, зерттеген Алекторов Ахметтің көп көмескі түсініктерін айқындап алуына, алдына жаңа мақсаттар қоюына елеулі әсерін тигізеді.
А. Байтұрсынов 1905 жылғы революцияны Қарқаралыда қарсы алады. Қарқаралыда тұрған жылдары А. Байтұрсыновтың саяси көзқарасы жан-жақты кеңейе түседі. Оның маңына қазақтың зиялылары топтала бастайды. Осы жылдары А. Байтұрсыновты ел мұңы, халық қамы, әділетсіздік жағдайлар қат-ты толғандырады. Әсіресе отаршылдық қыспақта күн кешкен қазақ халқының ауыр тұрмысы ашындыра түседі. Отаршылдық саясатты айыптаған өлеңдер жазады. Жер мәселесін әділетті шешу жөнінде патшаның атына бір топ қазақ оқығандарының хатын ұйымдастырады. Сол үшін айып тағылып, 1907 жылы Қарқаралы түрмесінде біраз отырып шығады. Бұл Ахметтің Қарқаралыда екі сыныпты училищенің меңгерушісі болып істеген кезі еді.
Бұдан былай Ахмет халық арасында насихат жұмысын астыртын жүргізеді. Бұл әрекеті полиция тыңшыларына сезіліп қалып, 1909 жылы шілдеде қайта ұсталып, сегіз ай бойы Семей абақтысына қамалады. Азаттық жолындағы күрес пен көрген азап оны ширықтыра түседі. 1910 жылдың 21 ақпанында Ахмет Орынбор қаласына жер аударылады.
Ағартушылық жолға түсіп, «қайтсем, халқыма пайдамды тигізем, қалай көзін ашам, ұйқысынан қалай оятам» деген мақсат Ахметті әдебиетке алып келеді. Ол әдебиетті халыққа ықпал етер күш санайды. Осы мақсатпен өлендер шығарады, И. А. Крылов мысалдарын аударып, сол үлгіде өзі де мысалдар жазады. Оның 1909 жылы Петербургте «Қырық мысал» деген кітабы, 1911 жылы Орынборда «Маса» деген өлендер жинағы басылады. Ахметтің Орынборға келгеннен кейінгі қызметі өте күрделі, әрі өнімді болған. Оның қоғамдық ой-пікірлері 1913 жылы 2 ақпанда шыға бастаған, өзі ұйым-дастырған «Қазақ» газетінде жариялана бастайды.

II. Негізгі бөлім

  1. Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны

Кезінде репрессияға ұшырап, мерт болған боздақтар қайта тірілді, сөнген жанып, жоғалған табылды. Алыптар қайта оралды. Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалыптасқан дәстүрлі құжаттар бойынша айтқанда, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Ахметтің “Өмірбаянында” көрсетуінше: мешін жылы, 1872 жылы туған, № 5 ауыл, Тосын болысы Торғай уезі. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық-зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты - дүние-мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылу. Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Кейін екі сыныптық мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың бедел-атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралыдағы екі сыныптық училищінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталып кетеді. 1913-1918 жылдар арасында “Қазақ” газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді. Алаш қозғалысы тұсында (1918-1919 жылдың басы) Ахмет Байтұрсынов жаңа өткел, соны өріс іздейді. Ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының бірі болады. Азапты толғаныс, күрес эволю­циясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интелли­генциясының кейбір өкілдерін өзімен бірге алып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етеді деген үмітпен Кеңес өкіметі жағына өтеді - Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық Коми­теттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Республика халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің мүшесі, Коммунистік партия мүшесі (1920-1926 жылдар), Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады, сөйтіп жаңа заман үшін күреске кіреді. Арман ақталмайды. Кеңес өкіметі патшаның отаршылық саясатын жалғас­тырады. Алаш зиялылары қуғынға түседі. Осылайша большевизм қылышынан қан тамған кезеңде Ахмет Байтұрсынов әуелі 1929 жылы бір ұсталып, абақтыға қамалып, лагерь тепкісіне түсіп, ұзақ азап көріп, 1936 жылы қайтып келгенмен, 1937 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылды. Ұлы жүректің ауыр тағдыры осындай, ал толық өмірбаянын жазу үшін көптеген архив деректері, замандас естеліктері, тарихи материалдарға сүйену қажет. Қазіргі қолда бар дүниелердің ішінде оның өзі орысша жазған “Жизнеописание” (1929, 8 наурыз), “Биография” (1929, 21 тамыз) деген материалдар айрықша бағалы. Бұлар Алматы университеті архивінде сақталған. Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше. Кезінде Ахмет Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары проф. А. Смайлович, Е. Поливанов бағалы пікірлер айтқан болатын. Ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткерінің өмірі, шығармашылығы, әлеуметтік қызметіне байланысты маңызды еңбектер, негізінен, оның туғанына елу жыл толу мерейтойы тұсында жарияланды. “Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы еңбектерінде” (Орынбор, 1922) орыс тілінде екі мақала басылды. М. Дулатовтың “Ахмет Байтұрсынұлы (биографиялық очерк) ” мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ақиқатқа жүгінгенде, бұдан кейінгі уақыттарда А. Байтұрсынов өмірбаяны туралы жазған авторлардың бәрі де осы еңбектің материалдарын пайдаланғанын көреміз. Мақалада тұңғыш рет ақын, ғалым, публицист, қоғам қайраткерінің туған уақыты, кіндік қаны тамған жері, ол ортаның басты сипаттары, білім алған ошақтары, қызмет еткен орындары, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарының өзгеруі, сан алуан эволюциясы жан-жақты ашылып берілген. Ал екінші мақалада А. Байтұр­сыновтың ғылыми еңбектерін, әсіресе тіл саласында ендірген жаңалықтарын саралауға арналған. Мәскеуде 1929 жылы “Коммунистік академия” баспасынан шыққан “Әдебиет энциклопедиясының” 1-томында А. Байтұрсынов: “Аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі . . . Ол - қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы” деп бағаланып, негізгі өмірбаяны беріледі, қоғамдық-әлеуметтік қызметі айтылады.

Өз уақытының аласапыран құбылыс­тарын бағалау, болашақ алыс өрістерді көруге келгенде жас Мұхтар Әуезов даналығына таң қалмасқа болмайды. Алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай, Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнына қатысты дәл бүгінгі күнмен үндес, орайлас пікір-тұжырымды жігіт-желең, 25-26-лардағы балғын ойшыл қалай тауып айтты екен деп таң қаласың: “Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, “Қырық мысал”, “Маса” еңбегі, “Қазақ” газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істелген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды”. (“Ақжол”, 1923, 4 ақпан), - деп жазады ол. Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы ерекшеліктерін өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі - Сәкен Сейфуллин. Ол “Еңбекші қазақ” газетіне (1923 жыл, 30 қаңтар) “Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: “А. Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды”. “Қырық мысал”, “Маса” кітаптарын, “Қазақ” газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан компартияға кіргенін түгел шолып айта келіп, мынандай түйін түйеді: “Қалай болса да жазушы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жырларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай . . . Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін”. Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің газеті “Ақжол” 1923 жылғы 4 ақпанында шыққан 270-санында: “Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді”, - деп жазылған. Бұдан кейінгі уақыттарда, әділет принциптері бұзылып, адамшылықты таптаған зұлмат жылдар, нәубет, селебе, қан қырғын - репрессиялар басталған кезде, көп нәрсе мүлде бұрмаланды, “байтал түгіл бас қайғы” дейтін күндер туған. Ол шақта Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі - қылмыс, азамат басын жұтатын, абақтыға апарар жолға айналды. Бірақ сонда да ескі газет-журналдарды, архивтерді ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла жандар алдынан тұтас тау сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді; көзі - қарақты, қайрат-жігерінен, азаматтығынан айырылмаған аға буынның кейбір есті өкілдері, кейде оңашада, алды-артына бір қарап қойып: “Ақаң былай деген ғой” деп суырыла жөнелер еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды жуас, момын көрінгенмен, іштей берік, қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи мектепті негіздеген батыр ойлы ғалым өз шәкірттерінің біріне: “Мынау Ақаң жазған “Әдебиет танытқыш”, әдебиет теориясы. Мен 40 жыл сақтадым. Сенің диссерта­цияңа байғазы болсын. Қалған уақытта сен сақта. Бірақ байқа. Уақыты жетпей айқайласаң, таяқ жейсің. Аруақтың киесі ұрып, кесапаты тиюі мүмкін. Шарапаты тиетін уақыт келер. Ол күнді мен көрмеспін. Сендер көресіңдер. Мықты жерге тығып қой” деген екен. Жас, өр кеуде, тұяғына тас тимеген шәкірт өмірде талай теперіш көріп, таяқ жеген, дана ұстаз тілін алды дейсіз бе. Ақаң кітабы, ондағы пікір-байлам, ой-тұжырым, жаңалық - табыс туралы айтып та, жазып та жіберген. Жұрт білмей ме, көрмей ме, көрсетпей ме, білген, көрген, көрсеткен. Сонда тұмсығы тасқа тиген шәкіртіне ұстазы айтқан сөз: “Ескерттім ғой, - болмадың. Енді оқасы жоқ. Шыда! Мұндайда еңбек етсең ғана еңсең көтеріледі”. Қазақстанда Байтұрсынов есімін ауызға алуға да, жазуға да тыйым салынған уақыттарда түркологтар тарапынан оқта-текте ол туралы бірен-саран пікірлер айтылып қалып жүрді. Әсіресе академик А. Кононов еңбегі қалың көпшілікті елең еткізді. Аты шартарапқа мәлім, беделді тілші ғалымның редакциясымен және алғысөзімен Мәскеуден 1974 жылы шыққан “Отандық түркологтардың библиографиялық сөздігі” кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, ата-бабасы, білім алған мектептері, қызмет еткен орындары, әлеуметтік-қоғамдық қызметі, басты еңбектері нақты айтылып, ол “араб алфавиті негізінде жетілдірілген қазақ әліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды” деп тарихи тұрғыдан әділ көрсетілді. Кейбір қазақтың “қырағы” оқымыстылары бұл пікірлермен келіспей өз ұлтшылымызды өзіміз әшкерелейміз” деген пікір айтты. Қазақстан азаттық алғанға дейінгі Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған пікірлердің сілемі осындай. Күрделі тұлғаның өмірі, ғылыми, әдеби мұрасы жайлы тілшілер - Ә. Қайдаров, Т. Қор­дабаев, Р. Сыздықова, С. Кеңесбаев, әдебиетшілер - Қ. Мұқамедқанов, Р. Нұрғалиев, тарихшылар - К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиев, С. Өзбеков, жас ғалымдар - А. Мектепов, Ғ. Әнесов, Б. Байғалиев т. б. еңбектері шыға бастады. Бір томдық шығармалары, үлкен көлемді “Ақ жол” (құрастырған Р. Нұрғали), “Тіл тағылымы” (құрастырған Р. Сыздықова) кітаптары басылды.

2. Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары

Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы - жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ахмет Байтұрсыновтың мұраларының ғылыми-педагогикалық негіздері
Ахмет Байтұрсынов - әдіскер ғалым
Ахмет Байтұрсыновтың поэзиясы
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ – ТІЛШІ
Қазақ газетінің редакторы
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны
Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі
Қазақ тіл ғылымының атасы
Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938 жыл)
Ахмет Байтұрсынов әдебиет әлемінде
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz