Бесік жырының тәрбиелік мәні


КІРІСПЕ
Әдебиет - тәрбие құралы. Әуелі жеке дарындардың дуалы ауыздарынан шығып, кейін оны халық қалап, қастерлеп, жаттап, жадында қалдырып, ғасырлар бойы өңдеп, өркендетіп, қадірлеп қалыптастырып, асылым деп ақыл-санасына сіңірген ауыз әдебиетінің үкілі үлгілері-мәдени мұрамыздың ең құнды қазынасы. Ол - ұрпақ тәрбиесінің күн сәулесіндей әсерлі нұрымен от алатын ой тамызығы болып, жанды жалындататын, қиялды қияндататын, ақыл - сананың айшықты көріністерін бейнелейтін қасиетті, киелі мұра.
Бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, тақпақ, жырлар мен ертегілер, аңыз әңгімелер бәрі де тілді, ойды дамытып, тәлім-тәрбие беріп, дүние танытатын этнопедагогикалық ғаламат туындылар.
Бұл-халық педагогикасының үлкен бір саласы. Жалпы педагогика ғылымының негізі халық педагогикасында жатыр. Халық педагогикасының бұл саласын этнопедагогиканың және жалпы педагогиканың барлық салаларында ғылыми, іс - әрекеттік негізде пайдалануға болады. Ал, халықтың мақал - мәтелдері педагогикамен қатар, философиялық дәрістердің де түсініктемелеріне арқау бола алады.
1. БЕСІК ЖЫРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ. ТҰСАУКЕСЕР ЖЫРЛАРЫ. ЖАҢЫЛТПАШ - ТІЛ ШИРАТУ. САНАМАҚТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ. ЖҰМБАҚТЫҢ ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ, ТӘРБИЕЛІК МӘНІ.
1. 1 Бесік жырының тәрбиелік мәні.
Тұрмыс - салт әуендерімен айтылатын бесік жыры бөбекті жұбату үшін және оған тілек айту үшін ғана шығарылған емес. Ең әуелі ырғағы бесіктің тербелесіне сәйкес келетін сабырлы екпінде айтылатын қоңыржай әуен бөбектің сезім мүшелері арқылы оған сүйкімді, сүйсінерлік әсер етіп, жан - жүйесін жадыратады, яғни ұнамды, ұнасымды әсермен баланы жұбатады. Екіншіден, баланың келешегіне үміт артып, тілек айта отырып, оны жұбатушы ана болашақтың шамшырағы мен нұрсәулесінен қуат алғандай әсерленеді. Үшіншіден, ата-ана жатқа айтқан тілектерді тілі шыққан балдырғандар да жаттап, әрі тілі дамиды, әрі сол сөздермен тәлім алады.
Бесік жырларын мазмұнына қарай: шілдехана жыры, бесікке бөлеу жыры, жұбату және тілек айту деп топтауға болады.
Бесікке бөлеу жыры нәрестені бесікке салғанда, қуаныш - тілек ретінде, көбінесе көңілді, әуезді әуенімен айтылады:
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал - жаным:
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой
………. болсын есімің,
Құтты болсын бесігің.
Балғын бөбек бесік жырының жанға жайлы әуезді әуеніне жұбанып, рахатқа бөленеді. Мұның психологиялық, медициналық мәні де зор. Әуен (музыка) бөбек жанына дем береді.
Бесік жыры көбінесе тілек айту мәніне құрылады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөлінеді. Үміт тілек:
- Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып
Ұста болар ма екенсің?!
Бата тілек (cенім арту) :
Ала биең құлындап,
Алатауға сыймасын!
Қара биең құлындап,
Қара тауға сыймасын…
Ақылыңмен батыл бол,
Ағайынмен тату бол.
Бағаналы таудай бол,
Жағалалы көлдей бол!
Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.
Бөбектік отыруы. “Бөбек бес айда белгілі отырады, алты айда анық отырады” дейді халық. Баланың әке-шешесін, жақындарын анық танып, күлу, ренжу әрекеттерін көрсете бастауы, оның өздігінше қимыл әрекеттерін жасаумен ұштасады да, отыруға ыңғайлануы байқала бастайды.
Бөбек толық отырғанға дейін оның “талпыну” әрекетімен демеп, отыруына жағдай (сүйеніш, таяныш) жасалынады. Толық отырған бөбектің, алғашқы әрекеті орындалып, көңілі шаттанып, бойы сергектене береді. Миы қатаймаған, буындары “қатпаған” бөбектің еркін қимылдауына жағдай жасап, оның өз алды әрекетінің сәттілігіне бас көз болып отыру отбасындағы жанашырлардың бәрінің парыздық әрекеті болуға тиіс. Осы әрекет үстінде отбасындағылардың бөбекке деген мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық сезімдері дамиды.
Тұсау кесу. Бөбек туғаннан кейін жеті - сегіз айдан соң, әуелі еңбектеп (еңбектеудің де әр түрлісі бар) содан кейінірек қаз - қаз тұрып, қаз басып жүре бастайды. Бала тәй - тәй басып жүре бастаған кезде, тұсау кесу рәсімі жасалып, тұсау кесу жыры айтылады.
1. 2 Тұсаукесер жырлары.
Тұсау кесу - әдет - ғұрыптық, ырым - рәсімдік қуаныш мәжілісінде айтылатын жыр. Көбінесе, бір жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіріп, оның ата - анасы қуанышқа ортақ жақын адамдарды жинайды да, сыйлы адамға балбөбектің тұсауын кестіреді. Баланың тұсауы ала жіппен немесе қойдың тоқ ішегімен байланады да, тұсау кескен соң тұсау кесушіге сый - сыяпат көрсетіліп, сыйлық беріледі. Жағдайы келіп, жақсылыққа жайы мол әке - шеше бұл рәсімді кішігірім той - томалаққа айналдырып, баланың тұсауын жарыстан озып келген ең жүйрік азаматқа кестіреді. Тұсау кесілген соң баланы ақ жайма үстімен (ақ жол тілеп) немесе қалың кілем үстімен (жолы жұмсақ болсын деп) жүргізіп:
Қаз - қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы, тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз, балам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсың қадамың:
Алға қарай баса бер,
Асулардан аса бер! -
деп ата - ана қуаныш білдіріп, арман - тілегін айтады.
Тұсау кесу жырын балбөбекті күтушілер оның тұсауын кескенге дейін де айтып, оның тәй - тәй басып жүруіне қуаныш білдіріп, сүйеніш, жетекші іс - әрекет тәсілдерін қолданады. Тұсау кесу жырының бұл түрі “тәй - тәй” деп аталады:
Тәй - тәй, балам, тәй балғын,
Жүре қойшы жай балғын.
Қарыс сүйем Қаз бастың
Қадамыңнан айналдым.
Тәй - тәй - тәй!
Жүре ғой жай!
Қазақ балалар поэзиясында бірсыпыра ақындардың (Ж. Смақов, М. Әлімбаев т. б. ) тұсау кесуге арналған жырлары бар. Мысалы, ақын Жақан Смақов:
Тәй - тәй бас, құлама,
Құласаң жылама! -
деп баланы батылдыққа тәрбиелейді.
Отбасында балдырғандар “тәй - тәй”, тұсау кесу жырларын, әуенімен әсемдеп айту арқылы балдырғанның әрі бөбекке деген сүйіспеншілігі артады, әрі оның кішіге қамқорлық сезімі қалыптасып, іс - әрекетке ықыласы молаяды. Отбасында болатын тұсау кесімі рәсімі тәрбиеші балалар бақшасындағы қуыршақ ойыны арқылы да ұйымдастырлып, балаларды - халықтың әдет - ғұрпын құрметтеуге тәрбиелеуі тиіс. Бұл баланың әрі музыкаға қызығуына, сахнада ойнауға үйренуіне, сөз өнеріне бейімделуіне себепші болады.
1. 3 Жаңылтпаш - тіл ширату тәсілі.
Халық баланың тілін ширату үшін, оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында жаңылтпаштар ойлап шығарған.
Балбөбектің тілі шығып, балдырған жасында сөздік қоры молая бастаған кезде, кейбір дыбыстарды айта алмай немесе қинала айтады. Тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеу үшін, қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі - жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса, сөйлегенде де мүдірмей, өз ойын толық жеткізетін болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой - қиялы дамиды, тәлім алады.
Жаңылтпаштарды халық бала психологиясы мен тілінде болатын мүкістерге сәйкес шығарған. Тілі шыға бастаған жас бөбекпен, тілі шыққан балдырғандардың тілінде көбінесе “р” дыбысы мен “и” дыбысын, “ш” дыбысын “с” дыбысымен шатастыру байқалады. Әсіресе, тілдің алдыңғы (тілалды) дірілмен айтылатын “р” дыбысын айту алғаш көптеген бөбектерге қиын сияқты болып көрінеді. Сондықтан жаңылтпаштар да, көбінесе сол “р” дыбысы мен “и” дыбысын қатар айтуға құрылған:
- Дегенде, әй, Тайқарбай, әй, Тайқарбай,
Қойыңды май жусанға жай, Тайқарбай.
-Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр,
Әй, Тайқарбай, дегенің қай Тайқарбай?
Бала тіліндегі “ш” дыбысы мен “с” дыбысын шатастырып айтуды түзету үшін халық:
“Шымдай шытырмыш,
Ол шытырмышты
Мен шым - шытырмыштай
Кім шытырмыштайды, ”-
деген сияқты жаңылтпаштарды шығарған. Сол сияқты “қ - к”, “ж - ш”, “т - д”, “н - ң”, т. б. дыбыстарды шатыстырмай айтуға жаттықтыратын жаңылтпаштар бар.
Халық педагогикасының бұл саласын қазақ ақындары дамыта түсті. Олардың бір ерекшеліктері, ол жаңылтпаштар көбінесе әрі тіл ширату, әрі дүниеге таныту, әрі білім беру, тәрбиелеу.
Мысалы:
Тілалғыш Бек
-Тіл алғыш, - деп
Мақтасақ біз
Біз алғыс деп, -
білімділікке тәрбиелеп, бүлдіршінге сүйіспеншілік білдірсе:
Бөдене бедеде
Көбелек көдеде
Бедені - беде де,
Көдені - көде де, -
деген жаңылтпаш арқылы әрі “б”, “к”, “д” дыбыстарын айқын айтуға жаттықтырса, әрі “бөдене”, “беде”, “көбелек”, “көде” деген сөздердің мағынасын жақсы ұғындырады мақсат тұтады.
Кеспе, өссін тал,
Өссе өсімтал,
Өссе өссін тал
Кеспе, өссін тал, -
деген жаңылтпаш баланы табиғатты қорғауға тәрбиелейді, әрі “с”, “т” дыбыстарын айқын айтуға жаттықтырып, баланың тілін ширатады.
Отбасында балаға жаңылтпаш айтқызып жаттықтырудың бірнеше жолы бар: ең әуелі бала жаттықтырушының айтқан жаңылтпашын жаңылмай, тез - тез айтуға үйренуі керек.
Екіншіден, бірнеше баланың жаңылтпаш айтудағы жаңылмай айту қабілетімен қатар, қанша жаңылтпаш білетінін байқау үшін жаңылтпаш айтысуын ұйымдастыра білу керек. Жаңылтпаштарды жаңылмай айтудан, жаңылтпаштарды білуден озып шыққан баланы ынталандырып, мадақтап, сыйлық беріп мерейін арттыру қажет.
Балалар бақшасында тіл ширату, көркем сөз оқу, тақпақ айтуға балдырғандарды жаттықтыру үшін арнайы уақыт бөлініп, эстетикалық тәрбие жұмыстары жүргізіледі, мүмкіндігінше жаңылтпаштарды әнге қосып айтуға да болады.
Балалар бақшасында ұйымдастырылған жаңылтпаш айтысудың мәні зор. Ол үшін, тәрбиеші күні бұрын жоспар жасап, керекті жыңылтпаштарды топтай білу керек. Әрине, тілі өте мүкіс, көбінесе логопедиялық дәріс алып жүрген баланы ондайда ұятқа қалдырып, сағын сындырудан сақ болған дұрыс. Өйткені жаңылтпаш айтудың психологиялық әсері де ерекше. Әсіресе, жаңылтпаштық жаттығулар арқылы “р” дыбысына тілі келіп, сөзді мүдірмей айтуға үйренген баланың қуанышы қойнына сыймай, өмірдің өткелінен өткендей әсер алады.
Балалар бақшасында фольклорлық кеш өткізіп, онда жаңылтпаш айтысуға да тиісті орын беріп, айтқыш балалардың абыройын арттырып отыру керек.
Жаңылтпаштар тек жас балалардың тілін ширату үшін ғана қолданылмайды, сонымен қатар жаңылтпаш айтысып, тіл ұстартуды үлкендер де салтқа айналдырған болатын.
1. 4 Санамақтың тәрбиелік мәні.
Санамақтарды халық негізінен, жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Санамақтардың түрлері көп, оның үстіне жаңадан қосыла береді.
- Атау ұйқастырып санау арқылы бала әрі сан үйренеді, оның үстіне санға аты ұйқасқан заттарды танып біледі:
Бір дегенің - білеу,
Екі дегенің - егеу,
Үш дегенің - үскі,
Төрт дегенің - төсек,
Бес дегенің - бесік,
Алты дегенің - асық,
Жеті дегенің - желке,
Сегіз дегенің - серке,
Тоғыз дегенің - торқа
Он дегенің - оймақ
Он бір қара жұмбақ.
- Саусақ санау ойыны баланы сан үйренуге ынталандырады, көңілдендіреді.
Түйе, бота маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан.
Шұнақ құлын бес ешкі,
Қос - қос лақты қос ешкі,
Төрт қозылы екі қой,
Бәрін бірге ойлап қой.
- Санамақ айтыста бала санға ұқсас сөз табу арқылы, ақындық қабілетін байқайды. Егер ол ұйқас таба аламаса, айтыста жеңілген болып табылады. Бір!Бетің кір. Екі!Маңдайынан шекі. Үш!Мені жеңбек күш. Төрт!Төнбесін өрт. Бес!Белгілі жерден кес. Алты!Ата - ананың салты. Жеті!Жемтік қойдың еті. Сегіз!Қойын тапсын егіз. Тоғыз!Топас хайуан доңыз. Он!Оның кигені тон.
- Жаңылтпаш, жұмбақ санамақты айту арқылы бала әрі сан үйренеді, әрі жұмбақтың шешуін тауып, ойын дамытады, тілін ширатады:
Сырық - қырық.
Құрық - қырық.
Қанша болды
Құрық, сырық?
- Ойын санамақтарын балалар “Тоқтышақ”, “Жасырынбырақ” ойындары үшін пайдаланып, сан жобасын, тақ пен жұп белгілерін ажыратуды үйренеді:
Бірім - бірім,
Екім - екім,
Үшім - үшім,
Төртім - төртім,
Бесім - бесім,
Алтым - алтым:
Алты малтам,
Алтын балтам,
Сары ала қаз -
Саңқылдауық,
Қырман тауық -
Қырқылдауық
Сен тұр, -
Сен шық!
Отбасында санамақтың әрбір түрін балаға жаттатып, олармен бірге ойнай отырып, ойын дамыту - ата - ананың борышы. Ересек балаларға неғұрлым күрделі санамақтарды айтқызып, ол санамақтардың шешімін мүмкіндігінше, өлең ұйқасымдарымен айтуды талап ету керек.
Балалар бақшасында балдырғандарға санамақтардың сан алуан түрлерін үйретіп, оны айтқызу, санамақ шешімдерін дұрыс шешкендердің білімін бағалап, оларды мадақтай білу керек. Кейбір санамақтарды және олардың ұйқасты шешімдерін әнге қосып айтуға болады.
Мектепте (әсіресе бастауыш класта) күрделі санамақтарды айтып, олардың шешімдерін тез тапқан оқушыларға ұпай қою, баға беру ісі ұйымдастырылады. Күрделі санамақтарды “Өнерпаздар мен тапқыштар” клубының жарысына қатысушылар да өнер сайысының бір кезеңінде орынды пайдалана білуі тиіс. Мысалы:
“Алмас, Асан келісті,
Алма жинап, бөлісті.
Арасында бір алма
Айтыс болды бұларға:
Асан берсе, алмасы
Үштен бірі кем болар, -
Алмас берсе, алмасы
Асанның да тең болар.
Алма санап көріңдер
Екіге тең бөліңдер”-
деген санамақтың шешімін бірден табу оңай емес. Ол үшіін оқушы ойлануы керек. Ойын кезінде ойлануға кеткен уақыт та есептелінеді.
1. 5 Жұмбақтың дүниетанымдық, тәрбиелік мәні.
Нақты бір зат туралы тұспалдап, ұқсатып, бейнелеп айту арқылы баланы ойлату, танымдық, білімдік ұғымдар мен түсініктерді ой - қиял елегінен өткізіп, тұжырым жасап, шешімге келуде тапқырлық пен дүниетанымдық дәрежесін байқау үшін, халық ертеден - ақ жұмбақтардың алуан түрлерін шығарған. Ертедегі жұмбақтар:
Апаң, апаң -
Ескі шапан,
Иір қобыз,
Жарық жұлдыз (Түйе)
сияқты, көбінесе мал шаруашылығына байланысты және:
Сүмбіл теректі,
Жасыл желекті,
Ерден қалмайды,
Жауға керекті (Найза)
сияқты қару - жарақ, құрал - саймандар туралы болған.
Заман өзгерген сайын халық педагогикасы жаңа мазмұнды жұмбақтармен толыса берді. 19 - 20 ғасырларда бу машиналары, электротехника, радио, телеграф, самолет, ракета, космос кемелері т. б. техникалық, мәдени прогрестерге байланысты жұмбақтар туды.
Самұрық құс самғады,
Көктен өтіп,
Айға жетіп
Жеңілдеді салмағы (Ғарыш кемесі) .
Жолы - темір,
Жалы - темір
Шымыр атты
Зымыраттым (Трамвай) .
Көкшіл айна үйдегі
Көрсетеді киноны (Теледидар) .
Темір сияқты
Алып жирафты
Жұмсап көр енді
Үй сап береді (Көтергіш кран) .
Жұмбақтарды Аристотель “Жан - жақты жымдасқан метафора” дейді. Яғни затты бейнелеп, баламалап сипаттау арқылы ұқсас заттардың қасиеттері мен түріне, аумағына, көлеміне зер салып, жұмбақты шешуші жұмбақты шешеді, әрі заттарды салыстыра көз алдына елестетіп, дүниетанымдық қабілетін дамытады.
Жұмбақтар, көбінесе үйлесімді ұйқасы әсем де ырғақты өлеңмен құрылады. Қара сөзбен жасалған жұмбақтар да бар. “Отқа жанбас, суға батпас” (мұз) айтыс түрінде құрылған, яғни жұмбақ айтыстарын екі ақын шығарып бірі өлеңмен жұмбақ айтса, екіншісі сол жұмбақтың шешуін өлеңмен айтады. Авторы белгісіз ел аузында жатталып қалған жұмбақ айтыстар да кездеседі:
Айтушы:
Бір жәндік көрдім аласа,
Түрі басқа тамаша.
Ешбір жанға қосылмай,
Жүреді өзі жиырылып,
Тіктеп біреу қараса.
Ине мен біздей кірер еді
Жалымен тіктеп қадаса.
Шешуші:
Бұл айтқаның кірпі ғой,
Түктері біздей түрпі ғой.
Түгінің түрі - алаша,
Инедей кірер қадаса.
Өзі ұялшақ дегенің:
Кісі көрсе жиырылып,
Домаланып иіріліп.
Жатып алып, жүрмейді,
Арыстан, аю, жолбарыс,
Алуын оның білмейді.
Жұмбақтарды жаттап айтумен қатар, кез келген айтушы өз ойынан құрастырып та айта береді, тек жұмбақтың сөздік қисыны, өлеңдік үйлесімі болуға тиіс.
Жұмбақ айтушы неғұрлым көбірек, күрделірек жұмбақтарды тауып айтып, шешушіні жеңуге тырысады. Егер жұмбақ шешуші мүдірмей, айтылған жұмбақтарды дұрыс және толық шеше алса, оның өзі де жұмбақ айтып, жұмбақ айтыс жалғасып, айтушы мен шешуші өз білімдерін сараптайды. Кім көбірек жұмбақ айтып (көбінесе санап отырады), көбірек жұмбақ шешсе, сол жұмбақ айтысуда жеңіп шығып, білімділігін көрсетеді.
Жұмбақ айтысу мен жұмбақ айтысты ажырата білу керек. Жұмбақ айтыста жеңіп шығу ақындық дарынның, білімнің басымдылығына байланысты.
Отбасында балаларға жаңа жұмбақтар үйретіп, жұмбақ айтысуды ұйымдастырып, олардың тапқырлығын сынау, жұмбақ айтысуды жеңіп шыққан балаларды мадақтап отыру - бұрыннан қалыптасқан дәстүр болатын. Отбасында өтетін “туған күн”, “ұлыстың ұлы күні”, “мереке күні”, “думанды кеш” сияқты рәсімдік той - томалақ, тамашаларда ұйымдастырылатын түрлі ойындардың бір түрі - жұмбақ айтысу. Ондайда жұмбақ айтысудан үздік шыққандарға сыйлық беріледі.
Балалар бақшасында “қызықты кеш”, “өнерпаздар мен білгіштер жарысы” сияқты думандарды жоспарлы түрде ұйымдастыра білген тәрбиеші, жұмбақ айту, жұмбақ айтысу, жұмбақ айтыс дәстүрлерін қызықты өткізеді. Әрине, жұмбақ айтуды көбінесе тәрбиешінің өзі бастайды да, бұрыннан үйретілген жұмбақтар бойынша жұмбақ айтысу одан әрі жалғасады. Жұмбақты көп білген балдырғанға “білімпаз” деген атақ беріледі (оның 3 - 2 - 1 дәрежесі болу керек) . Білімпаз балдырған жұмбақ айтысуды басқаруға да ерікті болады.
Балалар бақшасында өтетін тақырыптық және мерекейлік, той - думандық кештердің бір кезеңінде жұмбақ айту мен жұмбақ айтысуды ұйымдастыра білу керек.
Мектеп бағдарламасына ауыз әдебиетінің бір бөлімі ретінде жұмбақтар бірінші кластан бастап оқулықтарға ендірілген. Әдеби кештерде, мерекелік кештерде, өнерпаздар мен ой тапқыштар жарысында жұмбақ айту, жұмбақ айтысу, жұмбақ айтыс ерекше орын алады. Пәндік кештерде сол пәндік кештердің тақырыптарына байланысты жаңа жұмбақтарды, көбінесе, оқушылардың өздері ойлап шығарады, әділ қазылар алқасы жаңадан шығарылған жұмбақтардың мәнін, маңызын, көркемдік сапасын жан - жақты бағалай білуге тиіс.
Пәндік сабақ өтерде (әсіресе биология сабақтарында) тақырыптарына сәйкес, сабақты жұмбақ айтудан бастау керек болады. Жоғары кластарда “жұмбақ айтысу” кешін ұйымдастырып, оны өнерпаздар думанымен жалғастыру қажет.
Жұмбақтардың дүниетанымдық, ой дамытарлық мәнімен қатар, тәрбиелік мәні де ерекше. Өйткені жұмбақ айтысу, жұмбақтарды жаттау кезінде тәрбиеленуші өзінің білімін дәрежесін байқап, көп білуге талпынады, ынта - жігері артады, жауапкершілікке бейімделіп, өнерге талпынушылығы артады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz