Ағылшын, қазақ мақал-мәтелдерін салыстырмалы түрде зерттеу (еңбекке баулу тақырыбы).


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Көркем сөз өнерінде халықтың тарихы, саяси өмірі, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, рухани және материалдық қазынасы, сан саладағы мәдениеті жан-жақты көрініс тапқан. Әр ұлттың философиясы оның мақал- мәтелдерінде десек, қателесе қоймаспыз. Сондықтан біздің тақырыбымыз терең ойды аядай қалыпқа сыйғызған халық даналығын, шешендігі мен асқан шеберлігін танытатын да осы ұлттық сипатқа ие тұрақты орамдар жайында болмақ. Әрбір халықтың тарихи даму кезеңдеріндегі сан алуан өзгерістер тілдің лексикалық-грамматикалық жүйесіне ықпал етіп, өзіндік із қалдырып отырғаны сөзсіз, алайда жұмыс барысында мақал-мәтелдер тұлғалық және мағыналық біртұтастығын сақтап қалған бірден-бір тілдік бірліктер ретінде белгілі екендігіне куә болдық. Аталмыш тілдік бірліктер арқылы ата-бабамыз жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге, білім алуға, адал, кішіпейіл болуға үндеп, жалқаулық, өсек-өтірік, мақтаншақтық тәрізді қасиеттерден бойын аулақ салуға тәрбиелей білген.
Шет тілін үйренуші ол тілдің сөздік қорын игеріп, грамматика ережелерін меңгеріп, мәтіндерді дұрыс аудара алу қабілетіне жетіп қана қоймай, сол тілді тудырған халықтың мәдениетін өз халқының мәдениетінен кем білмеуге тырысу қажет. Мәдениет деген ұғымға халықтың өнер-білімі ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру стилі, ойлау ерекшелігі, ұлттық салт- дәстүрі, тұрмысы, өмірге деген көзқарасы да кіреді. Мақал-мәтелдер - осы ұғымдарды айқын көрсететіні анық. Ұлттық-мәдениеттік семантика ағылшын халқының мақал-мәтелдеріне де тән. Ағылшын мақал-мәтелдері мың жылдан астам тарихы бар халықтың өсіп-өнуінің нәтижесі. Оларды тек көркем сөз құралы демей, ағылшын қоғамынан хабардар ететін білім қайнары деп те қараған жөн. Дипломдық жұмысымыздың тақырыбы: Ағылшын қазақ мақал-мәтелдерін салыстырмалы түрде зерттеу. Осы тақырыпты зерттеуді қолға алған кезде біздің алға қойған мақсатымыз ағылшын тіліндегі мақал- мәтелдерді қазақ тіліне аударудың мүмкіншіліктерін, жолдарын және ерекшеліктерін қарастыру болды. Олардың ішінде нақты еңбекке баулу тақырыбындағы мақал-мәтелдерді салыстыра зерттеу, олардың баламаларын табуға тырысу.
Мақал-мәтелдер - сөздік құрамның халық өміріндегі әрқилы кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыстарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды шебер де ұғымды жеткізетін, қысқа да нұсқа тұжырым жасайтын, мән-мазмұнға бай бөлігі. Мақал-мәтелдердің қазақ және ағылшын тілдерінде зерттелуіне тоқталмас бұрын отандық және әлемдік тіл мамандары арасында пікірталас туғызған, олардың қай салаға қатыстылығы жөнінде айтылған тұжырымдарды атай кеткен жөн. Мысалға айтатын болсақ, фразеология саласының қалыптасуына, дамуына өзіндік үлес қосқан В. В. Виноградов, Н. М. Шанский, В. Н. Телия, М. Чернышева, М. М. Копыленко, А. В. Кунин, И. В. Арнольд, І. Кеңесбаев, Ә. Т. Қайдар, Б. Манасбаев т. б. сынды ғалымдар мақал-мәтелдерді фразеология саласының еншісіне тиесілі деген ғылыми негіздемелер ұсынады. Жоғарыда аталған тұжырымға қарсы пікірді ұстанушы белгілі ғалымдар - Н. Н. Амосова, А. М. Бабкин, В. П. Жухов, М. Нагиев, М. А. Филипповская, А. Н. Кожин т. б. Мақал-мәтелдерді фразеология саласынан тыс қарайтын ғалымдардың көпшілігі оларды ауыз әдебиетінің зерттеу нысаны қатарына жатқызады.
Мақал-мәтелдерді жинақтап, сұрыптап, белгілі бір жүйеге келтіруде, тілдік бірлестіктер табиғатының кейбір қырларын айқындауда зор еңбек сіңірген ғалым Г. Л. Пермяков аталмыш тұрақты тұлғалардың тілші ғалымдар тарапынан да, әдебиетші мамандар тарапынан да зерттелуі қажеттігін ескертеді.
Осы келтірілген ой-пікірлерге және өзіндік зерттеу нәтижелеріне сүйенер болсақ, мақал-мәтелдердің тұлға тұрақтылығы, тіркес тиянақтылығы, мағына тұтастығы, қолдануға даярлығы тәрізді сипаттары оларды фразеологазмдер қатарына қосып, осы салада зерттеуге толық мүмкіндік береді [1] .
Зерттеу жұмысының өзектілігі . Ұлттық болмысымызды танытатын бай мұраларымыздың бірі -мақал-мәтелдерді (бұдан былай қысқарған түрде ММ-дер) жан-жақты зерттеп, танып-білуге, олардың мән-маңызын бағалауға бағытталған терең зерттеулердің өзекті екені даусыз. Ұлтымыздың мәдени дүниесін танытатын ММ-дердің тілдік табиғатын тану үшін кешенді, жүйелі түрде жаңа бағыттағы зерттеу жұмысын жүргізудің қажеттігі қазіргі таңдағы тіл ғылымының мақсат-мұраты - тілдік құбылыстардың сырын тану жолында күрделі де кешенді үрдісті дамытумен тығыз байланысты.
Қазақстан Республикасының егеменді ел болып, халықаралық қатынастар субъектісі болуына және қазақ тілінің ұлттық мәртебе алуына байланысты, Республиканың, мемлекеттің тілі ретінде оның халықаралық қатынастар деңгейіндегі қатысымда қолданылу ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Өзара қарым-қатынастың нығаюы, тіларалық байланыстардың, ағылшын - қазақ қосттілділігінің жандануы, дамуы, осыған орай, классикалық, көркем әдеби шығармалардың, саяси ақпараттардың, халықаралық зор мәнділікке ие құжаттардың аралық тіл (язык посредник) ықпалынсыз тікелей қазақ тіліне аударылуы таяу болашақта өрістей түседі. Ал шет тілін үйретуде және аударма жұмысында аса бір қиындық туғызатын тілдік бірліктер - фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер. Еліміздің басшысы Н. Назарбаевтың “Үш тұғырлы тіл” бағдарламасы бойынша әр бір азамат қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерулері тиіс. Осы жоба барысында туыс емес тілдердің әдебиетін, тарихын, салт-дәстүрлерін зерттейтін ғылыми жобалардың өзектілігі даусыз.
Зерттеудің пәні. Генетикалық және типологиялық құрылымы жағынан әр түрлі қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдерді салыстыра зерттеу арқылы тілдегі алатын орнын, тілдік табиғатын, өзге тұрақты тұлғалармен сәйкес жақтарын, өзгешеліктерін анықтау және этнолингвистикалық төркінін ашу. Сонымен қоса еңбекке баулу тақырыбы бойынша ағылшын қазақ мақал-мәтелдерін салыстырмалы түрде зерттеу, олардың баламаларын табу.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері . Жұмыстың негізгі мақсаты - қазақ-ағылшын мақал-мәтелдерін салыстыра зерттей отырып, олардың мазмұн межесіндегі ұқсастықтары мен ұлттық сипатын ашу болып табылады. Аталған тілдік бірліктердің семантикалық құрамындағы ортақ тұстары мен ерекшеліктерін және олардың себеп-салдарын айқындау.
Сонымен бірге ММ-дердің тілдік табиғатын зерттеу негізінде олардың құрылымында ұлттық болмыс мазмұнын қалыптастыратын тетіктерді зерттеу - жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады. Осы мақсаттың мүддесінен шығу үшін жұмыста мынадай нақты міндеттерді шешу көзделеді:
- фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдердің арақатысын айқындау;
- мақал мен мәтелдің ұқсастықтары мен өзара айырмашылықтарын көрсету;
- ММ-дер мен нақыл сөздердің арақатысын бақылау;
- ММ-дердің жасалуындағы этнолингвистикалык уәждерді, көрсету;
- ММ-дердің практикалық қызметіне байланысты ММ-дердің мәтіндік мағынасын, варианттылығын талдау;
Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде қазақ тілінен Ө. Тұрманжановтың, М. Аққозиннің, Б. Ақмұқанованың, Ә. Диваевтың, П. Пантусовтың әр жылдары жарық көрген мақал-мәтелдер жинақтары, ағылшын тілінен Smith W. C, Cowie A. P., Mackin Rand Mc. Caig I. K., Taylor A., Whiting B. J., Seidl J,, Me Mordie W., Ridout R. and Witting C, Apperson
G. L., Linda and Roger Flavell, A. B. Куниннің сөздіктері мен көркем әдеби шығармалар алынды. Сондай-ақ, тақырыпқа қатысты қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі әдебиеттер, ғылыми еңбектер мүмкіндігінше қамтылды. Олардың ішінде фольклорға, тарихқа, этнографияға, этнолингвистикаға қатысты зерттеу жұмыстары мен ішінара ел аузынан жазылып алынған деректер бар.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы мен нәтижелері . Тілдік құрылымы жағынан әртектес тілдер топтарына жататын қазақ-ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдер салыстырмалы негізде алғаш рет арнайы зерттеліп, олардың қолданыс аясы, тақырыптық топтары айқындалды. Туыс емес екі тіл тұрақты бірліктерінің мазмұн-межесі бір-бірімен салғастырыла зерттелді.
Мақал-мәтелдердің құрамы мен құрылымы, мағынасы және тілде қалыптасуы тұрғысынан өзара айырмашылықтары мен ұқсастықтары көрсетілді; тіл-тілдің көркем бейнелер жүйесінде орын алатын сәйкестіктері және олардың себеп-салдары айқындалды. Жұмыста рухани және материалдық мәдениеті әр басқа екі ұлт танымдарындағы ортақ және ерекше ұйымға ұйытқы болған мақал-мәтелдерге мәтін арқылы этнолингвистикалық талдау жасалынды.
Жұмыста барлығы 200-ден астам ағылшын-қазақ мақал-мәтелдері қамтылды. Олардың 160-тан астамы еңбекке баулу тақырыбы бойынша. Дипломдық жұмысының барысында туыс емес екі тілдің мақал-мәтелдерінде құрылымдық, мағыналық ұқсастықтары бар екені белгілі болды. Осылайша біз білім атты теңізге тамшыдай болса да өз үлесімізді қостық деп үміттенеміз. Дипломдық жобамызды жазу барысында біздің "Қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдердің құрылымдық және мағыналық ерекшеліктері мен ұқсастықтары" атты мақаламыз жарық көрді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі және Қарағанды "Болашақ" университеті ұйымдастырған "Жастар және Қазіргі Заманғы әлемдік мәселелері" атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысып үздік жұмыс үшін марапатталдық. Сонымен қатар «Үздіксіз білім берудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында мақаламыз жарық көрді.
Диплом жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады.
БӨЛІМ 1. АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІНІҢ АУДАРЫЛУ ЖОЛДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің пайда болу, қалыптасу жолдары
Мақал-мәтелдер(қысқаша-ММ) -әрбір халықтың көне де байырғы рухани қазынасы. Ол-өз бастауын адам баласының тым ертедегі саналы қоғам құраған балаң кезінен алып, ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, толассыз толығып келе жатқан жанды құбылыс, халық даналығының қорланып жиналған қоры, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан рухани қазынасы.
Қазақ тіліндегі ММ қатысты материалдарға шолу жасау барысында оларды зерттеу, жинақтау, сұрыптау, жүйелеу жұмысы екі кезеңнен тұратыны анықталды, олардың біріншісі- ХІХ ғасырдың екіншісі бөлігі. Кеңес дәуірінің 1948 жылына дейінгі уақытта ММ-ді тек халық аузынан жинап, жеке басылым ретінде шығару жұмыстары жүргізілген болса, ал екінші кезеңде-оларды тілдік тұрғыдан зерттеумен сипатталды.
Мақал-мәтелдердің пайда болып, қалыптасуы үлкен екі түрлі объективті факторға байланысты. Оның біреуі және негізгісі - ішкі фактор да, екіншісі - сыртқы фактор . Мақал-мәтелдердің ішкі факторға байланысты пайда болып, қалыптасуын әрбір этностық қауымның халық болып қалытасуының ұзақ тарихи процесіне, рухани өмірі мен мәдени-әлеуметтік жағдаятына, тіршілік-тірлігі мен күн көріс тәсілдеріне, өзіндік дүние танымы мен болмыстағы құндылықтарды бағалай білуіне байланысты деп білсек, сыртқы факторын сол этникалық қауымның бір табиғи ортада, географиялық аумақта (уақытша, не тұрақты) бірге жасап, біте қайнасып кеткен басқа халықтармен араласуының, бір-біріне тигізген рухани-мәдени әсеріне байланысты деп қараған жөн. Көрші отырған халықтардың өзара жан дүниесімен де, салт-дәстүрімен де араласуын қазақ атам «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» деп бекер айтпаса керек. Мақал-мәтелдердің ішкі факторларға байланысты пайда болуы мен қалыптасуының ең алғашқы себептері мен тәсілдері әр алуан. Солардың ең бастысы: біріншіден, саналы қауымның өзі өмір сүрген табиғи ортаны, табиғат құбылыстарын танып-білуіне, екіншіден, тіршілік көзі - еңбек процестерін, кәсіпшілікті меңгеруге, үшіншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың қыр-сырын терең ұғынуға байланысты болса керек.
Мақал-мәтел жанрының дүниеге келуінің екінші бір объективті себебі: табиғат құбылыстарының өзгеруі мен даму заңдылықтарын танып-білуден, тірлік-тіршілік көздерін меңгеруден, адамдар арасындағы сан алуан қарым-қатынастардың қыр-сырын терең ұғынудан туындаған ой-тұжырымын, тәжірибе-тағылымын көп сөзбен ұзақ баяндаудан гөрі, тұжырымдап, қорытып, қысқа да нұсқа түрінде айтып жеткізу мақсатына байланысты. Қазақтың «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деп ескертуі де, міне, осыдан туындаған мақал. Үлкендердің жас ұрпаққа айтатын өнеге-өсиеті, ғибрат сөздері, ақыл-кеңесі қанша ұзақ айтылса да, ұнамды, пайдалы, әсерлі болса да, бәрі бірдей толық есте сақталып, жадында жатталмауы мүмкін. Сондықтан да, ертедегі данышпан бабаларымыз жастарға, қалың жұртқа бағыштаған өсиет-өнегесін, ғибрат тағылымдарын қорыта келе, елдің есінде қалатындай етіп қысқа да нұсқа түрінде бір ауыз түйінін бейнелеп айтуға тырысқан.
Бұл әдет қазақ қауымында тым ертеде-ақ салт-дәстүрге айналып, даналықтың негізін салып, шешендік өнерін қалыптастырған. Басқа халықтарға қарағанда ММ-дің қазақ қауымында ділмар шешендер мен дана би, айтқыштар баяндаған рухани өмірдің ұйытқысы болып, кең етек жаюы да осыдан болса керек. Қазақ қауымында халық даналығы мен оның ұйытқысы - мақал-мәтелдердің толассыз дамып, толыға келе, бай қазына болып қалыптасуының тағы бір объективті себебі - ана тіліміздің мол рухани байлықты бойына сақтай білетін бейнелі де көркем табиғатына байланысты.
Міне, осы факторлардың негізінде қалыптасып, дамыған, бүгінде жалпы саны 15 мыңға жеткен қазақ мақал-мәтелдері көненің көзі, дананың сөзі ретінде қазақ халқының өзімен бірге жасап, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, елдің жадында сақталып келе жатқан асыл мұра болып саналады. Олар - ұрпақпен бірге мәңгі-бақи жасай беретін, ескірмейтін асыл қазына және замана талабына сай жаңғырып, жаңаланып отыратын жанды да өміршең құбылыс.
Мақал-мәтелдер - халықтың атамзаманғы өткен өмір-тіршілігі мен бүгінгі болмысын болашағымен жалғастыратын «алтын арқау»; олар - рухани, мәдени салт-дәстүрді жалғастырудың, адамдар санасында, қоғам жадында, тілінде, ділінде сақталуының бірден-бір кепілі. Бұл қазына-байлықтан айрылған этникалық қауым - өзінің өткен өмірінен айрылды деген сөз, ондай қауымның болашағы да жоқ.
Мақал-мәтелдер қорының толассыз толығып отыратын өміршең де жанды құбылыс, тіпті уақыт өлшемі екендігін дәлелдейтін бір мысал келтірейік. Мәселен, ел аузында «Тозға түспегеннің бәрі тарих емес» деген мәтел бар. Ол қаза қауымында әлі қағаз пайда бола қоймаған, ел өз ойын, тарихын таңба-белгілерін тасқа қашап, кесек бетіне бәдіздеп, теріге батырып, матаға кестелеп, қайың қабығы - тозға ойып жазған есте жоқ ескі кездерді елестетіп отыр. Мағынасы «тозға жазылған хат қана ұзақ сақталатын тарих болып саналады», яғни «хатқа түспей, ауызша айтыған әңгіменің бәрі тарих емес» дегенді аңғартып тұр. Мақал өз заманының ұғым-түсінігін баяндап тұрса да, оның ауыс мағынасы бүгінгі ұрпаққа да түсінікті: «хатқа түспегеннің бәрі шынайы тарих емес».
Енді жаңа дәуірде пайда болған, жаңа нарықтық қатынастың, яғни шағын кәсіпшілердің шығуына байланысты, кеше ғана (2003 жылдың басында) дүниеге келген: «Шағын кәсіп - елге нәсіп» деген, авторы да белгілі [2] жап-жаңа мақалды алатын болсақ, ол замана талабына сәйкес елбасының қолдауымен елімізде кең дами бастаған шағын кәсіпшілердің іс-әрекетін дәріптеуден туындап отыр. Мұндай мақал-мәтелдер де даналық қорына енуі ықтимал.
Міне, осылай пайда болып, еленіп-екшеліп, халық жадында сақталып, өзінше қорланып, даналықтың ұйытқысына айналған қазақ мақал-мәтелдерінің құрамдық-құрылымдық, мазмұн-мағыналық табиғаты да күрделі, қолданыс ауқымы да кең, іштей жіктеліп, сан алуан нысанды қамтитын тақырыптық-материалдық, логикалық-семантикалық топтары да көп. Мақал-мәтелдер - о баста тура мағыналары негізінде қалыптасып, одан абстракциялану арқылы ауыс мағыналарға ие болатын күрделі құбылыс.
Бұл тарауда ММ-дердің пайда болуы мен қалыптасуына қатысты кейбір мәселелер қарастырылды. Қазақ ММ-ін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым-Ш. Уәлиханов. Ш. Уәлиханов пен Н. Н. Березин архивтерінде ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алған екі жүзден аса ММ жиналған. сонымен қатар осы салада зор еңбек еткен Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, В. Радлов, Щ. Ибрагимов сынды ғалымдарды атап өту қажет.
Мақал-мәтелдердің шығу төркіні, тілде қалыптасуы деген ережеге келер болсақ, оның күрделілігі де, түпдеректі қалтқысыз жабудың қиындығы да түсінікті. Дегенмен, қазақ халқының рухани қазынасын, сөз маржандарын қалыпқа келтіру барысында елеулі еңбек сіңірген Б. Адамбаевтың "мақал-мәтелдер әуелде аузы дуалы жеке кісінің аузынан шыққанымен, біреуден біреуге, ұрпақтан-ұрпаққа ауыса жүріп өңделген, өзгерген, бүкіл елге тарап, оны халық ақиқат деп таныған қағидаға, тіпті ережеге - заңға айналған" деген ой тұжырымымен толық келісуге болады [3, 4] . Тарихи деректер, ғылыми ізденістердің нәтижелері, танымал ғалымдардың пайымдаулары да жоғарыда айтылған пікірмен өзектес. Себебі, кез-келген сөз ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ақиқат ретінде таныла бермесі хақ. Өз дәуірінің озық ойлы кемеңгерлерінің халықтың көкейінен шығатын, ұтқыр ойы, бейнелі, өткір сөзі ғана кеңінен таралып, танымал болуы мүмкін. Халықтың дана билері мен шешендерінің бір кезде аузынан шығып, кейіннен ел аузында мақал-мәтел ретінде қолданысқа енген сөздерінен бірер мысал келтірейік. Майқы би:
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Даналығымен, шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен жастайынан елді аузына қаратқан Төле би сөздерінің де ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, халық арасында мақал-мәтел ретінде кең қолданыс тапқаны байқалды:
Жаңбыр жаумаса, жер жетім,
Басшысы болмаса, -ел жетім.
Сондай-ақ, халықтық мақал-мәтелге айналып, жиі қолданылып жүрген "Көпті қорлаған көмусіз қалады" тіркесінің Әйтеке бидің, ал "Бұлақ көрсең көзін аш" Бәйдібек бидің дуалы ұзынан шыққан тілдік бірліктер деген деректер бар, мұндай мысалдарды әрі қарай тізбектеп, қатарын көбейте беруге болады.
Зерттеу барысында ертегі, аңыз әңгімелер негізінде, аңыз әңгімелер негізінде мақал-мәтелдердің де аз еместігі байқалды. Мысалы: Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты; Қайда барса да Қорқыттың көрі; Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл т. б.
Рухы биік, ойы көркем, тілі шұрайлы, мән-мазмұны терең кесек туындыларымен ерекшеленетін дарынды ақылы жазушылардың, дара тұлғалардың көңіл түпкірінен шыққан пікір-пайымдаулары да жалпы халықтық қорға еніп, тұрақты қолданысқа, мақал-мәтелдік сипатқа ие болуы мүмкін. Мысалы: Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей; Азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың (Ыбырай) ; Берекені көктен тілеме, өткен сиректен тиіс (М. Әуезов) ; Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары жоқ (Ғ. Мұстафин) т. б. Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің басым көпшілігі тарихтың терең қат-қабат қаттауларынан көрініс беретін оқиға, аңыз, әңгіме, ертегілердің және көрнекті ақын-жазушылар шығармалары негізінде қалыптасқан.
1. 2 Мақал - мәтелдердің қазақ тілінде зерттелуі
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz