Қазақстан Республикасындағы мұрагерлік қатынастарды реттеудің теориялық және заңнамалық мәселелері


«Қазақ гуманитарлық-заң университеті» АҚ
ӘОЖ 347. 65/68 (574) (043. 3) Қолжазба құқығында
Кудиярова Улбала Ерзатовна
Қазақстан Республикасындағы мұрагерлік қатынастарды реттеудің теориялық және заңнамалық мәселелері
12. 00. 03 - азаматтық құқық; кәсіпкерлік құқық; отбасы құқығы; халықаралық жеке құқық; азаматтық процесс; төрелік процесс.
Заң ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертация
Ғылыми жетекші
заң ғылымдарының докторы,
профессор Т. Е. Қаудыров
Қазақстан Республикасы
Астана 2010
Мазмұны
Белгілеулер мен қысқартулар . . . . . . 3
Кіріспе … . . . 4
1 Мұрагерлік құқықтың түсінігі және мұрагерлік құқықтық қатынас . . . 12
1. 1 Мұрагерлік құқық институтының пайда болуы мен дамуы . . . 12
1. 2 Мұрагерлік құқықтық қатынастың түсінігі және оның элементтері . . . 20
1. 3 Құқықтық мирасқорлықтың түсінігі мен мәні . . . 45
2 Мұрагерлік құқықтың түрлері . . . 55
2. 1 Өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерліктің ережелері мен ерекшеліктері . . . 55
2. 2 Өсиеттің нысаны. Құпия өсиет . . . 73
2. 3 Ұсыну құқығы бойынша мұрагерлік және мұрадағы міндетті үлес . . . 94
3 Мүліктің жеке түрлеріне мұра қалдырудың ерекшеліктері . . . 107
3. 1 Мүліктің жеке түрлерін мұраға қалдыру . . . 107
3. 2 Мұрагерлердің құқықтарының пайда болу мәселелері . . . 120
Қорытынды . . . 139
Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі . . . 143
БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР
АК - Азаматтық кодекс
Автореф. - Автореферат
АХАЖ - Азаматтық хал актілерін жазу
АІЖК - Азаматтық іс жүргізу кодексі
Ассоц - Ассоцация
Ауд. - аударған
БОАК - Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті
б. - бет
б. э. б. - біздің эрамыздан бұрын
Вып. - выпуск
г. - год, город
ғ. - ғасыр
дисс. - диссертация
д-ра - доктора
жж. - жылдар
изд. - издание
канд. - кандидат
КСРО - Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы
Қазақ КСР - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы
ҚР - Қазақстан Республикасы
Л. - Ленинград
Лит. - литература
М. - Москва
нем - немецского
Отв. ред. - ответственный редактор
Общ. - общей
Пер. - перевод
РСФСР - Ресей Советтік Федеративтік
Социалистік Республикасы
РФ - Ресей Федерациясы
ред. - редакция
сб - сборник
СПб - Санкт-Петербург
стереотип. - стереотипное
т. б. - тағы басқа
Т. - том
Учеб. - учебное
Ч. - часть
Юрид. - юридический
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс мұрагерлік құқықтық реттеудің теориялық және заңнамалық мәселелерін зерттеуге арналған. Мұрагерлік қатынастарды реттеу негізінде туындайтын көптеген теориялық және заңнамалық мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып анықталады. Жұмыста мұрагерлік құқық ережелеріне талдау жүргізіледі, сонымен қатар мұрагерлік қатынастарды реттеудің теориялық және заңнамалық мәселелер негізінде отандық заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар жасалған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстанда 1990 жылдардың басындағы экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайлардың күрт өзгеруі, құқықтық реттеулерге де әсерін тигізбей қоймады. Еліміздегі соңғы жылдардағы оқиғалар, бүтіндей тұтас құқықтық реттеулердің, соның ішінде мұрагерлік құқықтық реттеу қажеттілігінің әлдеқашан пісіп жетілгенін байқатты. Құқықтық мемлекетімізде және ашық демократиялық қоғамымызда, азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылар шеңберінің едәуір ұлғайғанын, сонымен қатар азаматтық-құқықтың жеке құқықтық институттарының көбейгенін, азаматтың жеке меншігінде болатын мүліктің саны мен құны шектелмейтінін (ҚР-ның АК-нің 191 бабының 1, 2 тармақтары) [1], сонымен қатар т. б. жағдайлардың көз алдымызда қарқынды түрде қалыптасуын байқаймыз. Осының барлығы күнделікті тіршілікте және заңда белгіленген ережелерге қарама-қайшылық туғызатыны сөзсіз.
Кез келген қайта құру түрі, ең алдымен идеологиялық, әлеуметтік, психологиялық тәсілдер мен қағидалардан көрініс табады және көптеген сұрақтардың туындауына алып келеді. Оның бірі әрі қарай дамудың жолы қалай болмақ, қоғамдық өмірдің қайта құруы қандай мақсатта жасалмақ деген мәселе бойынша қорытындыға келумен байланысты. Мұндай жағдайда әлеуметтік-экономикалық, саяси, құқықтық қатынастар, әдет-ғұрып, діни негіз дәстүрлері әсерінен қалыптасқан қоғам дамуының ерекшеліктерін ескерместен өмір сүре алмайды. Мемлекет экономиканы реформалау барысында монополиядан бас тартып, жеке меншікке ауысуы Қазақстанның экономикалық реформасының маңызды бағытына айналды және ол мұрагерлік құқық институтына әсерін тигізді.
Құқық нормаларының ескіруі құқық қолдану тәжірибесінде коллизияның пайда болуына әкеп соқтыратыны, сонымен қатар іс жүзінде азаматтардың мүдделерін толық көлемде жүзеге асырумен және оны қамтамасыз етуге кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Ұзақ уақыт қолданыста болған Қазақ КСР-нің АК-сі шаруашылық үрдістерді басқарудың тоталитарлық үлгісінен нарықтық үлгісіне ауысу жағдайында жаңа уақыт талабына жауап бермейтін дәрежеге жетті. Осыған орай, Конституциямызға және бүтіндей дерлік құқық салаларына, соның ішінде мұрагерлік құқықты реттейтін заңдарға да жаңа ережелер енгізілді. Айта кететін жағдай, егер Қазақ КСР-нің АК-нің VIII «Мұрагерлік право» бөлімі 35 баптан тұрса [2], қазіргі ҚР-ның АК-нің VI «Мұрагерлік құқық» бөлімі 48 бапты қамтиды [3] . Яғни, мұрагерлік құқық ережелеріне жаңа заман талабына сәйкес бірнеше жаңа баптар енгізілді.
Мұрагерлік мүліктік қатынастарды құқықтық реттеу конституциялық, азаматтық-құқықтық нормасы бойынша өзінің мұра қалдыру мүмкіндігін және азаматтың қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлкін өз ықтиярымен билік ету бойынша өсиет қалдыруы, не болмаса заңды мұрагерлік бойынша мұрагерліктің жүзеге асуы, сонымен қатар осы мәселелер бойынша өзге тұлғалардың мүлікке қол сұғуынан құқықтық қорғау тәсілдері бекітілген. ҚР-сы Конституциясының 26 бабына сәйкес: «1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады.
2. Меншікке, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі», - деп көрсетіліп, бекітілген [4, 10 б. ] . Яғни, азаматтардың мұрагерлік құқығы заң жүзінде танылады және сақталады.
Жалпы мұрагерлік құқықтың өсиет бойынша және заңды мұрагерлік құқық мәселелеріне арналған құқықтық нормалар заң шығарушылардан дәлділікті, ой-тұжырымдарының анықтығы мен айқындығын талап етеді. Бұл әрбір азаматтың басқа да мүдделерін қорғайтын мұрагерлік құқықтың ерекшелігімен байланысты.
Мұрагерлік институттың консервативтілігі соншалық, оған қандай да бір маңызды өзгерістерді қолдану мүмкін емес, себебі оны қайта қалпына келтіру қиынға соғады. Дегенмен де уақыт өз толықтыруларын енгізіп отыр, бұл өмірдің өзгеруімен, сондай-ақ адамдардың өз талаптарының өзгеруімен де байланысты. Мұндай жағдайда қоғамда болып жатқан өзгерістерге соқтықпайынша, мұрагерлік құқық институты өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Ол барлық құқық сияқты бүтіндей жаңа уақыттың және жаңа саясаттың талаптарына жауап беруі керек.
Аталған мәселелер теориялық деңгейде өңделмесе, мұрагерлік құқықтық қатынастарды реттейтін азаматтық заңдарды толық жетілдіру процесі қиындайды.
Жоғарыда айтылған мәселелер және теориядағы мұрагерлікке қатысты өзге де мәселелер, заңдар мен тәжірибелер ғылыми-теориялық зерттеулерге мұқтаж. Сонымен қатар мұрагерлік құқық институтында құқықтық реттеулерді толық жетілдіру бойынша, соның ішінде меншік құқығына ие болу және т. б. мұрагерлік құқық институтына қатысты өзге де мәселелерді өңдеу және оған баға беру керек. Мұрагерлік қатынастарды реттейтін негіздердің жүйесін дамыту мәселелерінің мәнін түсіну қажет, сонымен қатар нотариалды және сот тәжірибесінде азаматтардың мұрагерлік құқығын жүзеге асыру кезінде пайда болатын мәселелердің оңды жолдарын табу қажет.
Демек, зерттеу жұмысының өзектілігі мұрагерлік институтын жан-жақты және терең теориялық зерттеу қажеттілігінің алдын ала анықтау, сонымен қатар осы салада пайда болған құқықтық мәселелерді кешенді шешу болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мұрагерліктің теориялық мәселелеріне, сондай-ақ өсиет бойынша және заңды мұрагерлікті реттейтін құқықтық тәжірибелерге революциядан бұрынғы орыс, кеңес дәуірі тұсындағы және отандық заңгерлердің еңбектерінде көп көңіл бөлінген. Мұрагерлік құқық ғылымын дамытуға Д. И. Мейер, И. А. Покровский, Г. Ф. Шершеневич сияқты цивилистердің еңбектері ерекше үлес қосты. Олардың зерттеу жұмыстарында өсиет бойынша және заңды мұрагерлік институтының арақатынастарындағы көптеген аспектілерді өңдеу маңыздылығына назар аударылды. Аталған авторлардың мұрагерлік құқық, мұрагерлік құқықтық мирасқорлық, мұраның ашылу орны мен уақыты, туыстық жағдайлар, ұсыну құқығы бойынша және т. б. мұрагерлік құқық мәселелерге байланысты құнды пікірлері осы күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.
Осы зерттеу мәселелерінің ғылыми құндылығы бар концепциялар мен қорытындылар, төмендегі ғалымдардың маңызды еңбектерінде орын алған. Атап айтқанда: Г. Н. Амфитеатровтың, Б. С. Антимоновтың, М. Ю. Барщевскийдің, С. Н. Братусьтың, И. А. Брауденің, А. В. Венедиктовтың, Д. М. Генкиннің, А. Г. Гойхбаргтың, М. В. Гордонның, К. А. Гравенің, В. П. Грибановтың, Е. П. Даниловтың, Н. Д. Егоровтың, О. С. Иоффенің, С. М. Корнеевтің, М. И. Кулагиннің, П. С. Никитюктің, И. Б. Новицкийдің, А. М. Немковтың, И. С. Перетерскийдің, А. А. Рубановтың, В. А. Рязанцевтың, О. Н. Садиковтың, В. И. Серебровскийдің, Е. А. Сухановтың, Ю. К. Толстойдың, Р. О. Халфинаның, Б. Б. Черепахиннің және т. б.
Осы зерттеулердің жалғасы қазақстандық ғалымдардың: Х. А. Арғынбаевтың, Ю. Г. Басинның, Б. Б. Базарбаевтың, Ә. Е. Бектұрғановтың, А. И. Беспалованың, Э. Б. Бабыкованың, А. Г. Диденконың, С. З. Зимановтың, К. М. Ильясованың, У. К. Ихсановтың, Т. Е. Қаудыровтың, Н. И. Ляхтың, Н. Өсеровтың, Ғ. С. Сапарғалиевтың, С. Созақбаевтың, М. К. Сүлейменовтың, Ғ. И. Төлеуғалиевтың және т. б. ғалымдардың еңбектерінде орын алды.
Сонымен қатар, қазіргі қазақстандық зерттеушілердің, теоретиктер мен тәжірибелі заңгерлердің ғылыми мақалалары жарық көргенін айта кеткен жөн. Олардың қатарында М. Илизова, Х. Киримова, Х. С. Шарифбаева, З. Ш. Рашидова және тағы басқалар бар.
Қазақстан Республикасында 2003 жылы алғаш рет «Қазақстан Республикасында мұрагерлікті құқықтық реттеу» тақырыбында Э. Б. Бабыкова кандидаттық диссертация қорғады.
Э. Б. Бабыкова «Мұрагерлік құқық» ұғымын объективтік және субъективтік мәнінде ажыратуды; «мұрагерлік құқық мирасқорлықтың» және «мирасқорлық» ұғымдардың бірдей емес екені жайлы; мұраға алу құқығында пайдаланылатын «мүлік» ұғымының ҚР-ның АК-нің 115 бабында бекімін тапқан «мүлік» ұғымына қарағанда кең мағынада беретіні туралы; мұрагерді мұрагерлік құқықтық қатынастың субъектісі ретінде тану жөніндегі ережеге негіздеме жасаған, сонымен қатар ҚР-да банк салымдарын мұраға алудың ерекшеліктері анықтаған; шартты өсиеттер бойынша мұраға алудың ерекшеліктерін айқындаған; заңды мұрагерлік бойынша ҚР-ның АК-нің төртінші кезегінің ішінде мұрагерлікке шақыру кезектілігін ашқан; бесінші кезектерге толықтыру қосқан; сондай-ақ ҚР-ның АК-нің 1068 бабының 2 тармағында көрсетілген, екінші топтағы еңбекке жарамсыз асырауындағылардың қатарынан заң бойынша алтыншы кезектегі мұрагерлерді шығарып тастау керек екенін ұсынған [5] .
Алайда, бұл зерттеуден кейін де мұрагерлік құқыққа қатысты жаңа ережелер енді. Сонымен қатар, соттардың мұрагерлік жөніндегі қатынастарды реттеудің бұрынғы тәртібіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және осыған байланысты қазіргі қолданыстағы заңдар негізінде туындаған мәселелер де анықталынады. Мұрагерлік құқыққа қатысты әлі де ашылмаған теориялық және заңнамалық мәселелер зерттеуде қарастырылады. Сондықтан мұрагерлік құқықтық қатынастардың теориялық және заңнамалық мәселелерін жаңа заңдар бойынша зерттеу өзекті болуда.
Бұл зерттеу жұмысы ҚР-ның қолданыстағы заңнамалар негізінде орындалған. Еңбектің жазылу барысында шет мемлекеттердің нормативтік актілері қолданылды. Атап айтсақ, Ресей, Германия, Франция. Зерттеу барысында сот тәжірибесінің жария етілген материалдары да талдап, сарапталды.
Диссертациялық зерттеудің объектісі мен пәні. Зерттеудің объектісі мұрагерлік құқықтың негізі өсиет бойынша және заңды мұрагерлік бойынша туындайтын құқықтық қатынастардың ҚР-ның азаматтық құқық және мұрагерлік құқық туралы заңнамаларымен реттелуі болып табылады.
Зерттеудің пәні мұрагерлік құқықтық реттеудің бүгінгі жағдайы мен келешегі, мұра қалдырушы (өсиет қалдырушы) мен мұрагерлердің мәртебесін анықтау, мұрагерлік құқықтың негіздері өсиет бойынша және заңды мұрагерліктің құқықтық табиғатын айқындау және олардың теориялық және заңнамалық мәселелерінің мәнін зерттеу; өсиет бойынша және заңды мұрагерлікке байланысты пайда болатын қатынастарды анықтау мәселелері болып табылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Берілген тақырыптың маңыздылығы бойынша диссертациялық зерттеудің мақсаты мұрагерлік құқық институтының даму тенденциясын білу болып табылады, яғни қазіргі мемлекеттің даму кезеңі мен кеңес дәуіріндегі мұрагерлік туралы заңнамаларды салыстыру және мұрагерлік құқықтың өзекті мәселелері жан-жақты талдап зерттеледі.
Аталған мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер қойылады:
- мұрагерлік құқықтың тарихын зерттеу негізінде өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерліктің қалыптасуымен даму ерекшеліктеріне талдау жасап, олардың өзекті мәселелерін анықтау;
- кез келген қайтыс болған адам «мұра қалдырушы» болмайды, яғни азаматтың тірі кезінде оған тиесілі болған мүліктің мұрагерлеріне ауысуын қарастыру;
- мұрагерлік құқықта «өсиет қалдырушы», «қайтыс болған адам» және т. б. ұғымдарына қарағанда «мұра қалдырушы» ұғымының құқықтық табиғаты бойынша тектік мағынада екенін көрсету;
- мұрагерлік құқықтық қатынастың құрылымын саралау;
- ҚР-дағы мұрагерлік қатынастарды құқықтық реттеу бойынша ережелердегі кемшіліктермен, ондағы өзара қарама-қайшылықтарды анықтау, қазіргі қолданыстағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған негізгі ұсыныстарды тұжырымдау;
- мұрагерлік құқықтың негіздері өсиет бойынша және заңды мұрагерліктің ерекшеліктерін зерттеу және оның құқықтық реттелуінің теориялық және заңнамалық өзекті мәселелерін анықтап, олардың ұтымды шешу жолдарын ұсыну;
- өсиет қалдырушының өсиетті құруға байланысты пайда болатын мәселелеріне талдау жүргізу;
- мүліктің жеке түрлерін мұраға қалдыру ерекшеліктеріне талдау жүргізу;
- заңды мұрагерлік кезегінде қарастырылған тұлғалармен тең құқылы субъект ретінде азаматтың үшінші жұрты - қайын жұрттың құқықтық мәртебесін анықтау;
- ҚР-ның мұрагерлік құқық туралы қазіргі қолданыстағы заңнамалар бойынша сот тәжірибесіндегі істерді саралау және оны зерттеп білу.
Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі. Тақырыпты зерттеу барысында қоғамдық ғылымдарға ортақ жалпы ғылыми диалектикалық әдістермен қатар, тарихи, салыстырмалы құқықтану, жүйелі құрылымдық талдау сияқты жеке ғылыми мағлұматты тәсілдерді, индуктивті сияқты нақтыдан абстрактіге, абстрактіден нақтыға тәсілін жүйелеу, сондай-ақ сот тәжірибесінің материалдарын талдау әдістерін, нормативті, логикалық тәсілдері қолданылады.
Зерттеу жұмысының теориялық, нормативтік құқықтық және тәжірибелік негіздері. Жұмыстың теориялық негізін азаматтық құқық ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік ғалым-заңгерлердің мұрагерлік құқықты қамтитын теориялық және заңнамалық тәжірибелік еңбектері, бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы ғалымдардың мұрагерлік құқық саласы бойынша жазылған ғылыми еңбектері қалады.
Зерттеудің нормативтік құқықтық негізін мұрагерлік қатынастар ҚР-ның Конституциясымен, ҚР-ның АК-сімен (жалпы және ерекше бөлімдері), ҚР-ның «Нотариат туралы» заңымен, сонымен қатар мұрагерлік құқықты реттейтін өзге де заң актілерімен реттеледі.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақстанда мұрагерлік құқық ұзақ уақыт бойы құқықтық ғылыми зерттеудің белсенді, өзекті тақырыбы болмады, мұны жоғарыда тақырыптың зерттелу деңгейіне жасалған шолудан байқауға болады. Сондықтан, қазір Қазақстанда мұрагерлік құқық мәселелеріне қатысты монографиялардың аздығы және заңгерлер үшін мұндай жұмыстар тапшы болып отыр. Зерттеуде азаматтық құқықтың ғылыми позициясы тұрғысынан мұрагерлік құқықтың негізгі мәселелерінің тәжірибедегі орны, сонымен қатар оның пайда болу себептері мен кемшіліктерін түзету жолдары сарапталады. Атап айтқанда, мұраның құрамы, мұраның ашылу орны, мұрадан лайықсыз мұрагерлерді шеттету, сонымен қатар заңды мұрагерліктің кезегі, мұраны алу, мұраны сенімгерлікпен басқару, өсиет бойынша мұрагерлік, өсиеттік бас тарту және т. б. мәселелер қамтылады.
Жұмыста зерттеу мәселелерінің материалдық-құқықтық маңызын ашумен қатар, ҚР-ның мұрагерлік құқық терминологиясының орыс және қазақ тілдерінде берілген ережелері салыстырмалы түрде талдап көрсетілген. Яғни, олардың бір-бірімен сәйкес келмейтіндігіне мән беріледі, сонымен қатар мұрагерлік құқық терминдерінің мағынасына қарай дұрыс және нақты ұсыныстар көрсетілген.
Зерттеу жұмысының жаңалығы азаматтық құқық ғылымында ілгеріде қарастырылған кейбір аспектілерді талқылау, азаматтық заңнамалық нормаларының мұрагерлік құқық қатынастарының объектілер мен субъектілер жөніндегі кемшіліктермен байланысты. Бұл өз кезегінде ҚР-ның мұрагерлік институтында бірнеше өзекті мәселелерді айқындауға, қалыптастыруға және дамытуға алып келді.
Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, қорғауға мынандай нақтылы тұжырымдар ұсынылады:
- Мұрагерлік құқықтық қатынас субъектілерін және ҚР-ның АК-нің мұрагерлік құқыққа қатысты ережелерінде құқықтық статусын сипаттау барысында, ең алдымен олардың суъектілер атауы бірыңғай болып басталғаны жөн. ҚР-ның АК-нің мұрагерлік құқыққа арналған «меншік иесі мүлкінің мұрагерлік құқық бойынша ауысуы» термині әр бапта әртүрлі айтылады. Кейбір жерде - «қайтыс болған азамат» (ҚР-ның АК-нің 1038 бабы), кейбір жерде - «мұра қалдырушы» (ҚР-ның АК-нің 1040 бабы, 1042 бабы, 1043 бабы және т. б. ), кейбір жерде - «өсиет қалдырушы» (ҚР-ның АК-нің 1046 бабы және т. с. с. ) және т. б. Мұрагерлік құқықтық қатынастың субъектісі бір баптың өзінде екі түрлі атаумен де кездеседі, яғни, «өсиет қалдырушы» және «мұра қалдырушы» (ҚР-ның АК-нің 1046 бабы) .
Осыған орай, «Мұра қалдырушы» тектік ұғымда екенін, ал «өсиет қалдырушы», «қайтыс болған азамат» және т. с. с. түрлі ұғымдарда айтылғанын анықтау қажет.
2 ҚР-ның АК-нің 1067 бабының атауы мен мазмұны нақтылауды қажет етеді, өйткені ұсыну (өкілділік) құқығы бойынша мұрагерліктің болмысы ашылмаған және өзара сәйкес келмейді. Осыған орай, ҚР-ның АК-нің 1067 бабының «Ұсыну құқығы бойынша мұрагерлік» атауын «Өкілділік құқығы бойынша мұрагерлік» деп өзгерткен жөн, сонымен қатар ҚР-ның АК-нің 1067 бабының 1, 2 тармақтарындағы тұжырымдалған ой өзгертіліп, келесі редакцияда мазмұндалсын:
« 1. Мұра ашылғанға дейін қайтыс болған заңды мұрагердің үлесі осы Кодекстің 1061 бабының 2 тармағында, 1062 бабының 2 тармағында және 1063 бабының 2 тармағында көзделген жағдайларда өкілділік құқығы бойынша оның тиісті ұрпақтарына өтеді және өзара тең бөлінеді.
2. Мұра ашылғанға дейін қайтыс болған лайықсыз мұрагер осы Кодекстің 1045 бабына сәйкес мұра алу құқығын иелене алмайтын мұрагердің ұрпақтары өкілділік құқығы бойынша мұрагер болмайды ».
3 ҚР-ның азаматтық заңнамасында өсиет туралы жаңа нормаларының пайда болуы өсиет еркіндігі принципінің кеңеюіне айтарлықтай әсер етті. Өсиеттің жарамсыз болып танылуына жол бермеу мақсатында (сонда да тәжірибеде мұндай жағдайлар жиі кездеседі), ҚР-ның АК-нің 1050 бабының 3 тармағының 1 азат жолындағы тұжырымдалған ой өзгертіліп, келесі түрде мазмұндалсын: « Өсиет қалдырушы өсиетті өз қолымен жазып және қол қоюы керек . Өсиет қалдырушы өсиетті құру барысында және оған қосымша ретінде өсиеттік билік етуді өз еркімен аудио- немесе видео- таратушыға жазып қоюына рұқсат етіледі (кассета, диск және т. б. ) . Бұл мәлімет таратушылар өсиетпен бірге нотариуста сақталуы қажет ».
4 ҚР-ның мұрагерлік заңнамасының сарапталуымен келесі нәтиже шығарылды, мұра қалдырушы мен мұрагердің жеке басына тығыз байланысты заңға сәйкес мұрагерлер шеңбері анықталады - неке, туыстық, асырап алынған бала (қыз) және т. б. Сонымен қатар, әр адамның (ерлер, әйелдер) барлық туыстарын үш топқа бөлуге болады: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Мұра қалдырушының қайын жұрты мен нағашы жұртындағы туыстары да мұрагер бола алады. Осыған орай, ҚР-ның АК-нің 1064 баптың 3 тармағының 2 азат жолын толықтыру келесі түрде ұсынылады: « Егер алдыңғы кезектердегі мұрагерлер болмаса, сегізінші кезектегі мұрагерлер ретінде мұра қалдырушының зайыбына қатысты туыстары (еріне қатысты туыстары), соның ішінде зайыбының ата-анасы (қайын атасы, қайын енесі) немесе ерінің (атасы мен енесі), сонымен қатар зайыбының (ерінің) туған аға-інілері мен апа-қарындастары шақырылады ».
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz