Қазақ-ағылшын тілдеріндегі гендерлік сипаттағы коммуникативтік бірліктер


КІРІСПЕ
Ғасырлар тоғысындағы жаһандану дүние жүзі халықтарын ортақ жүйе, ортақ модельге тоғыстыру үрдісі қазіргі заманда өмір сүріп отырған әр этностың ұлттық мәдениеті мен тілдік ерекшеліктерін сақтап қалу мәселесін тудырып отыр. Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа тең құқылы ел болып енуі - әлем жұртшылығының өзіміздің ұлттық тіліміз, тарихымыз бен мәдениетіміз бар екенін мойындағанының айғағы. Бұл - ұлттық мәдениетіміз бен тілімізді жан-жақты зерттеп, өшкенін жандандырып, дамытып келесі ұрпаққа табыстау, рухани қазынамызбен дүние жүзі халықтарын таныстыруды міндеттейтіні де белгілі.
Тақырыптың өзектілігі . Бүкіл рухани қазынасын жинақтап сақтайтын ұлттық тілді халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой танымымен, жан ілімімен бірлікте қарау мәселесі тіл ғылымында өзіндік өріс алып келе жатқан этнолингвистика, психолингвистика, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану, гендерлік лингвистика ғылымдарының пайда болуына негіз болды. Бұл ғылымдардың тығыз қарым-қатынаста болуы тілдің құрылымдық, функционалдық жүйесінің кешенді үлгілерін айқындауды мақсат етеді.
Қазіргі тіл білімінде осы бағыттағы зерттеулер кешенді сипатта антропоцентрлік және когнитивтік лингвистиканың “әлемнің тілдік бейнесі” теориясының негізінде жүргізілуде. Өйткені тілді зерттеудің танымдық (когнитивтік) парадигмасы “дүниені тіл әлемінде тану” қағидасына сай бағытта жүргізілуі - тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі.
Адамның жас ерекшелігі мен жынысына байланысты атаулар мен сол атауларға қатысты тілдік бірліктер кез келген тілдің сөздік қорының қомақты бір саласы. Бұлар - әрбір халықтың жанына жақын, рухани мәдениетінің сипатын дәл көрсететін лексика-семантикалық топ. Мұндай атаулар өмірде жиі қолданылатыны белгілі. Солай бола тұрса да, лексикалық қорымыздың бұл тобы, әсіресе, қазақ тіл білімінде күні бүгінгі дейін жеке лексика-семантикалық топ ретінде арнайы зерттелінген жоқ. Оның үстіне бұл тақырып этнолингвистикалық тұрғыдан да, гендерлік тұрғыдан да арнайы зерттеу нысаны болған емес.
Адамның жас ерекшелігіне, жынысына байланысты атаулар мен солар арқылы жасалған тілдік бірліктер - тіліміздің ең байырғы бірліктері ретінде лексикалық қорымызды байытып қана қойған жоқ, сонымен бірге олар халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухани өмірін, дүние танымын, философиясын, психологиясын, өз бойына жинақтап жүрген құнды да құнарлы лексикалық бірліктер. Оларды жан-жақты зерттеу сол байлықты (мейлі ол тілдік байлық болсын, мейлі ол рухани, мәдени байлық болсын) ашып, оны халқымыздың игілігіне жарату болып табылады. Ендеше қазақ және ағылшын тілдеріндегі әйел мен ер азаматқа байланысты тілдік бірліктердің қызметін тілдік тұрғыдан жан-жақты ашып көрсеткен зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі дау тудырмаса керек. Зерттеу тақырыбы әлемнің тілдік бейнесін гендерлік сипаттағы коммуникативті бірліктер арқылы көрсетуімен, оған жаңаша қолданыстық, танымдық сипат бере білуімен ұштасып жатқандығымен де өзекті дей аламыз.
Зерттеудің нысаны . Ұлттық мәдениеттің тілде бейнеленген көрінісі, яғни әлемнің тілдік бейнесі болып табылады. Әлемнің тілдік бейнесін құрайтын гендерлік сипаттағы коммникативтік бірліктер, концептілер, этномәдени бірліктер, ұлттық реңктегі тұрақты тіркестер, мәдени реалийлер.
Зерттеудің пәнін қазақ және ағылшын тілдеріндегі әйел мен ер адамды сипаттайтын гендерлік сипаттағы тілдік бірліктер құрайды.
Диплом жұмысының мақсаты . Диплом жұмысының негізгі мақсаты - өзіміз нысан етіп алып отырған атаулар мен сол атауларға қатысты тілдік бірліктерді жинап, оларды тіл білімі тұрғысынан әрі этнолингвистикалық тұрғыдан жан-жақты қарастыру, әр атаудың, әрбір тілдік бірліктің мағыналарын ашу, сөйтіп сол мағыналардың астарында жатқан ұлттық ерекшеліктерді, яғни қазақ халқы мен ағылшын халқына тән ой-сананы, дүниетанымды, наным-сенімдерді, мінез-құлықты, психологияны, философияны, салт-дәстүрді, бір сөзбен айтқанда, екі ұлттың рухани байлығы мен мәдениетін, тарихын айқындау.
Диплом жұмысының міндеттері . Жоғарыдағы мақсатқа жету жолында өзімізге мынадай міндеттер жүктедік:
- адамның жас ерекшелігіне, жынысына байланысты атаулар мен тұрақты тіркестерді жинап, оларды жүйелеу;
- жиналған тілдік бірліктерді тақырыптарына, мағыналарына қарай түрлі лексика-семантикалық топтарға топтастыру;
- әр лексика-семантикалық топқа жататын атаулар мен тұрақты тіркестердің мағыналарын ашу және оларды саралау;
- әрбір тілдік біріктің астарында жатқан мағынаны айқындау, яғни сол атаулар мен тұрақты тіркестердің жасалу уәждері мен түсініктерін ашу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы . Адамның жас ерекшелігіне, жынысына байланысты қазақ және ағылшын тілдеріндегі коммуникативтік тілдік бірліктер бұрын-соңды арнайы зерттеу нысаны болған емес, сондықтан ол жан-жақты әрі түбегейлі зерттелініп отыр. Бұлар жай ғана тілдік тұрғыдан ғана зерттелінген жоқ, сонымен бірге этнолингвистикалық тұрғыдан да зерттелінді. Ол үшін алдымен тиісті атаулар мен тұрақты тіркестер, оның ішінде фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер жиналып алынды. Айқындалған этнолингвистикалық мән-мағыналар мүмкіндігінше толық сараланды және олар диплом жұмысында жеке-жеке аталып көрсетілді. Сараланған этнолингвистикалық ерекшеліктер фразеологизмдер мен паремиялар арқылы дәйектеліп отырды. Міне, бұлардың бәрі жұмыстың ғылыми жаңалықтары болып есептелінеді.
Диплом жұмысының теориялық маңызы . Жалпы тіл теориясының антропоцентрлік парадигма ұстанымдары негізінде жаңадан дамып келе жатқан гендерлік лингвистика ғылымының басты теориялық ұстанымдары, терминдік жүйесі нақтыланып, жаңа әдістемелер қолданылды. Тіл мен мәдениеттің арақатынасы мәселесі когнитивтік лингвистика ұстанымдары негізінде түсіндіріліп, жалпы гендерлік лингвистика саласының дамуына үлес қосылды.
Диплом жұмысының практикалық маңызы . Зерттеудің нәтижелерін жалпы тіл теориясы, лингвомәдениеттану, тіл мен мәдениет арақатынасы мәселелері бойынша арнайы курстарда, семинарларда теориялық материал ретінде пайдалануға болады.
Диплом жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.
І. ТІЛДІК БІРЛІКТЕРДІ ГЕНДЕРЛІК ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗДЕРІ
1. 1 Тілдік бірліктерді лингвокогнитивтік тұрғыдан зерттеудің жай-күйі
Бүгінгі таңдағы лингвистика ғылымының жаңа бағыттарының зерттеу нәтижелері негізінде тілдік деректер мен ғылыми теориялардың біртұтас сипатта топтасуы тілдің табиғатын анықтаудың жүйелі үрдісін қалыптастыруда.
Бұл үрдістің негізін қалаған В. фон Гумбольдт тіл мен рух, тіл мен ойлау, тіл мен сана, тілдік бейнелеу мен таңбаның өзара байланысына баса назар аударып, соның негізінде тілдің қызметі мен қолданысын сипаттайтын өзінің «ішкі форма» туралы ғылыми теориясын, тілді жүйелі зерттеу туралы тұжырымдамасын ұсынады. Ғалымның лингвистика ғылымындағы бұл тұжырымдамасы бүгінгі таңда антропоцентристік бағытта зерттеу жүргізушілердің тарапынан кеңінен қолдау табуда. Демек, ішкі форма В. фон Гумбольдттың пайымдауынша - ойлау материясының элементтерін белгілі бір тілдің онтологиясына сай ұйымдастыру тәсілі, модификациясы, яғни құрылымдық жүйесі [1, 103] . А. А. Потебня да «тілді анықтайтын, негізінен, ішкі форма, яғни тілдің мазмұндық жағы» де қарайды [2, 47] .
Ал И. А. Бодуэн де Куртенэ сыртқы форманы бірінші кезекке қойып, бірақ оны ішкі мазмұнмен тығыз сабақтастырады. Демек, тіл бірліктері мен оларды өзара байланыстыратын қатынастарын тілдің құрылымы түрінде анықтайды және фонема, морфема, синтагма ұғымдарын ғылыми айналымға енгізеді. Бірақ ғалым тілдің иерархиялық құрылымдық қатынастарын ассоциативті-психологиялық негізде қарастырады. Сөйтіп В. Гумбольдт ұсынған ғылыми теорияны одан әрі жалғастырып дамытқан А. А. Потебня, И. А. Бодуэн де Куртенэ, Э. Бенвенист еңбектері тарихи өзгермелі форма арқылы ойдың дамуын көрсететін тілдің таңбалық табиғатының ерешелігі мен өзіндік болмысын аша түседі. Дәлірек айтқанда, біртұтас зерттеулерде тілдің бейнелеушілік мәніне ерекше назар аударылатын болса, ал Ф. де Соссюр, Л. Ельмслевтің еңбектерінде тілдің құрылымдық қатынастары, бағыныңқы байланыстары негізге алынады. Бодуэн де Куртенэнің көзқарасы бойынша, тілдің толық жүйелі болмысын оның синтаксистік, морфологиялық және түбірдің фонологиялық деңгейлеріндегі құрылымдық элементтер мен модельдердің байланысы, қарым-қатынастары құрайды [3, 65] . Яғни бұл арадағы тіл табиғатының тұтастық сипатына мән беру тіл мен ойлау мәселесіне келіп тіреледі. Осымен байланысты генеративтік лингвистиканың көрнекті өкілі, американдық ғалым Н. Хомский: «тілдің құрылымын зерттеу адамның ойлау қызметі негізінде тілді еркін және шығармашылық түрде қолдану арқылы көрінетін ақыл-ойға тән қасиеттерді ашуға көмектеседі» деп есептейді [4, 7] .
Осымен байланысты назар аударатын жағдай: тілді зерттеудің когнитивтік парадигмасы тіл мен ойлаудың арасына теңдік қоймайды, керісінше, тілдің ойды ұйымдастырушылық қызметін атап көрсетеді. Осы байланыстың негізінде тілдің таңбалық жүйесі арқылы грамматикалық байланыстар, категориялар және модельдер түрінде тұтас тілдік құрылым түзіледі.
Лингвистикада грамматикалық формалардың категориялық мағыналарының әмбебаптығы, лексиканың идиоэтникалық сипаты маңызды болып табылады. Ол халықтардың ат қою немесе таңбалауда байқалатын тұрмыс-салттың, әдет-ғұрытың, көзқарастардың, дүниетанымның әсерімен түсіндіріледі. Тілдің болмысын анықтаудың когнитивтік парадигмасында оның мазмұндық жағы грамматикалық құрылыммен тікелей байланыстырылады. Осы тұрғыдан түсіндірілетін ғаламның тілдік бейнесі мифтік танымнан поэтикалық ойға дейін жетілген ой мазмұнын, тілдік модельдердің сандық және сапалық қатынастарын бойына сіңіретін даму үстіндегі жүйе болып табылады.
Лингвистика ғылымының даму тарихында бүгінгі күні дәстүрлі үш түрлі ғылыми парадигма анықталып отыр. Олар: салыстырмалы-тарихи, жүйелі-құрылымдық және антропоцентрлік.
ХІХ ғасыр тіл білімінің алғашқы ғылыми парадигмасы ретінде тілді зерттеудің салыстырмалы-тарихи әдісі сипатталса (Ф. Бопп, А. Мейе, Р. Раск т. б. ), ХХ ғасырда жүйелі-құрылымдық парадигмаға сай сөзге, атауға таңбалық жүйе ретінде ерекше көңіл бөлініп, соның негізінде тілдің әртүрлі деңгейіндегі парадигмалық және синтагмалық қатынастарын, қызметін анықтайтын іргелі зерттеулер, оқулықтар және академиялық грамматикалар жазылды да, тілді зерттеудің арқа сүйер негізгі идеяларына айналды (Ф. Фортунатов, Бодуэн де Куртенэ, Ф. де Соссюр, А. Мартине, Э. Бенвенист, А. Реформатский т. б. ) .
ХХІ ғасырда жаңа теориялық танымдық әдістемеге сәйкес тілді «өз ішінде және өзі үшін» қарастыратын имманентті зерттеу жеткіліксіз болып табылды да, оны ой-санамен, мәдениетпен және адамның тұрмысымен, танымымен, пәлсапасымен, дінімен, ділімен тығыз байланыста қарастыру қажеттілігі туды. Осы қажеттілік лингвистикадағы жаңа ғылыми бағыттың және соның негізінде қалыптасқан антропоцентрлік парадигманың дамуын талап етті. Демек, бұл тілді зерттеу үрдісін объектіден субъектіге аудару, яғни адамды тіл арқылы және керісінше, тілді адам арқылы анықтау болып табылады. Бұл, бір қарағанда, тіл білімі зерттеулерінің дамуы барысында жаңа бағытқа қатысты туған жаңа көзқарас сияқты көрінгенімен, оның бастау көзі тереңде екенін тіл ғылымындағы лингвистикалық мектептердің өмірге әкелген еңбектерінен көруге болады.
Нақтырақ айтқанда, Қазан лигвистикалық мектебінің негізгі жетістіктерінің бірі - ассоциативті-психологиялық негізде айқындалатын теориялық тұжырымдар болып табылады. Осы жаңа құрылымдық лингвистиканың көрнекті өкілі Бодуэн де Куртенэнің өзі кез келген тілдік бірлікті зерттеуде оның сыртқы (дыбыстық) және ішкі (психикалық) жақтарының байланысына ерекше көңіл бөледі. Ішкі жақтағы психикалық мазмұнды ол семасиологиялық құрылыммен, ал оның көрінісін морфологиямен байланыстырады да, былай деп анықтайды: «Язык существует только в индивидуальных мозгах, только в душах, только в психике индивидов или особей, составляющих данное языковое общество» [3, 85] .
ХХІ ғасыр тіл біліміне тілді құрылымдық, жүйелік парадигмамен сабақтастықта, жалғастықта және тілді ұлттық рухани-мәдени білімдердің жинақталған коды ретінде қарастыратын антропоцентрлік бағыт тән болып табылады. Оның іргетасы В. Гумбольдт, И. Гердер, Г, Штейнталь, А. Потебня сияқты ғалымдардың теориялық еңбектері арқылы қаланғаны белгілі. Олардың еңбектеріне сәйкес адам өзінің парасаттылық, рухани, әлеуметтік талаптарын қанағаттандыратын ұғымдар (концепт) әлемін жасау үшін ақпараттарды тілдік арна арқылы ғана алады. Сол себептен де кез келген ұлт тілінің табиғатында сол ұлттың қанша ғасырлық терең сырға толы қазынасы, ділі, мәдениетінің қайнар көзі жатады. Бірақ тіл жалпы шындықты емес, адамдардың белгілі бір ұжымы өмір сүретін ортаның шындығын жай көрсетіп емес, суреттеп береді және бұл арада тіл дүниені тікелей, тура суреттемейтінін атап өткен маңызды. Тілде адамның дүниені қалай қабылдайтыны, түсінетіні көрініс табады. Сондықтан да В. фон Гумбольдт: «Разные языки - это отнюдь не различные обозначение одной и той же вещи, а различные видения ее», - деп тұжырымдайды [1, 77] . Тіл - ойды туғызушы тетік, сондықтан сөз - заттың тура таңбасы емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық үдеріс нәтижесінде туған бейнесі. Сол себепті жаңа ғылыми парадигмаға сәйкес тілді зерттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылды, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Яғни антропоцентрлік парадигма бірінші орынға адамды (тілдік тұлғаны) шығарады да, ал тіл адам танымын құрастырушы сипатта қарастырылады. В. фон Гумбольдт, А. А. Потебня, М. Хайдеггер тілді рухпен, шығармашылық қызметпен байланыстырады. Яғни тіл - ойды туғызушы тетік, сондықтан сөз заттың тура таңбасы емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі. Сол себепті жаңа ғылыми парадигмаға сәйкес тілді зерттеуде негізгі назар тілдік тұлғаға аударылды, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, метатілдік теориялық негіздер қалыптаса бастады. Атап айтқанда, антропоцентрлік парадигма бірінші орынға адамды шығарады да, ал тіл адам танымын құрастырушы сипатта қарастырылады (Л. Леви-Брюль, Б. Малиновский, К. Леви-Стросс, Ю. Н. Караулов, В. Н. Телия, Г. В. Колшанский, Ю. Д. Апресян т. б. ) .
Жалпы адам баласына тән бұл әмбебеп танымдық үлгілер (модельдер) - тілдің «терең құрылымындарында» туатын тілдің күрделі когнитивтік қызметінің жемісі. Бұл арада когнитивтік модельдер адамның ойы мен санасының арасындағы аралық бейнені көрсетеді. Яғни қабылданатын ақпарат когнитивтік модельдерде «кодталады».
Тіл мен ойлау, тіл мен таным бірлігінің өзіндік ерекше қасиеттерін тіл білімінің дәстүрлі тілдік саласы шеңберінде зерттеу мүмкін емес. Оған қажет ғылыми парадигма - когнитивтік лингвистика, онымен сабақтас этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика, гендерлік лингвистика т. б. байланысуы қажет. Осы байланыс адам санасы қалай құрылған, адам дүниені қалай таниды, қабылданған мәліметтер қалай танымға айналады, ментальдық кеңістіктер қалай жасалады деген сұрақтарға жауапты тілдің терең құрылымдарын зерттеу арқылы анықтайды да, бұл мәселелер этнолингвистикалық аспектіде (В. Гумбольдт, Ф. Боас, Э. Сепир, Б. Уорф, А. Потебня, Н. Толстой, Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов т. б. ), психолингвистикалық тұрғыда (К. Юнг, А. Н. Леонтьев, А. Шахнарович т. б. ), сипатта (Э. Тейлор, Э. Маркарян, Ю. Лотман, Ю. С. Степанов, Н. Д. Арутюнова, Е. М. Верещагин, В. Г. Костомаров т. б. ), гендерлік сипатта (Р. Лакофф, Л. Пуш, С. Тремель-Плетц, А. В. Кирилина, Е. Горошко, Е. Д. Назарова, А. Н. Махмутова, А. А. Харьковская, З. А. Биктагирова т. б. ) зерттеуді қажет етеді. Тілді зерттеудің бұл бағыттары философиялық, психологиялық, этностық, лингвистикалық теориялардың жүйесі дүниені тұтас танудың теориясы шеңберінде тіл қызметінің когнитивтік негіздерін анықтайды.
Тіл біліміндегі «когнитивтік лингвистика» деген термин ХХ ғасырдың 80 жылдары М. Бирвиштің еңбегінде сөз болған. Әйтсе де, тілдік құбылысты когнитивтік тұрғыдан зерттеудің жалпы үрдісі 60-70 жылдары американдық Н. Хомский, Дж. Лакофф, т. б. ғалымдардың еңбектерінде айтылған болатын. Негізінде бұл бағыт өз бастауын В. фон Гумбольдттың лингвистикалық философияға қатысты зерттеулерінен алады деген тұжырым бүгінгі күнгі лингвистика ғылымында әбден орнықты. Аталмыш жаңа лингвистикалық теорияның шын мәніндегі концептуалдық қағидаларының негізделуі соңғы жылдары қарқынды зерттелу үстінде.
Когнитивтік ғылымның негізгі ерекшеліктеріне, зерттеу нысанына, бағыттары мен ұғымдарына алғаш рет көңіл бөлген шетелдік ғалымдар болатын. Дж. Миллер когнитивтік лингвистиканы «ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында дүниеге келген ақпараттар теориясының симпозиумы» деп бағаласа, 1960 жылы Гарвард университетінде американдық профессор Дж. Бруннер Дж. Миллермен бірге когнитивтік зерттеу орталығын ашады. Аталған орталық когнитивтік лингвистика ғылымының негізін қалауға айтарлықтай үлес қосады.
ХХ ғасырдың ортасында когнитивтік лингвистика қазіргі антропоцентрлік парадигмадағы негізгі ілім ретінде қарастырылады. Осы бағытта көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осының нәтижесінде Еуропада ХХ ғасырдың соңына қарай когнитивтік ғылымның теориялық бағыттары жетіліп, тамырын тереңнен тартып, терең зерттеліп, қанатын кеңге жая түсті. Осы тұста Дж. Лакофф, Р. Лангакер, Т. А. ван Дейк, Дж. Хэйман, Л. Витгенштейн, Г. Н. Кент сияқты шетелдік ғалымдардың когнитология саласына қатысты зерттеу еңбектері жарық көреді. Зерттеушілер танымдық ғылымдар аясында тілдің «әлемнің тілдік бейнесін» сипаттаудағы қызметіне айрықша назар аударады.
Когнитивтік лингвистиканың өзектілігі мен оның күрделі мәселелерін шешу ресейлік ғалымдардың да назарынан тыс қалған емес. Орыс тілі білімінде когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселелері Ю. А. Сорокин, Е. С. Яковлева, Е. С. Кубрякова, В. Н. Телия, А. Вежбицкая, А. П. Бабушкин, Н. Д. Арутюнова, Ю. Н. Караулов, В. А. Маслова сияқты зерттеушілердің еңбектерінде көрініс табады. Бұл еңбектерден танымдық ғылымдар ішінде тілдің атқаратын қызметінің жоғары екендігін көруге болады.
Жалпы тіл біліміндегі ғылымдар арасындағы интеграция үдерісінің негізінде туындаған когнитивтік лингвистика ғылымы соңғы жылдары қазақ тіл білімін зерттеуші ғалымдардың да назарын өзіне аударуда. Әрине, қазақ когнитивтік лингвистикасының бастауында А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжоловтар тұр. А. Байтұрсынұлының сөз өнері туралы айтқан пікірлерінің тоғысында тілтану мәселелері когнитивтік лингвистика негізінде қарастырылады. Ғалым «сөз айтудың» ерекшелігін пайымдауда да зейін, пайым, пікір, ақыл, қиял сияқты психологиялық ұғымдарды басшылыққа ала отырып, сөйлеудің психолингвистикалық мәніне көңіл бөледі.
Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік теорияның өрістеп дамуы Қ. Жұбановтың зерттеулерімен тығыз байланысты. Ол «сөз деген - зат біткеннің бәрінің аты емес, әр елдің өзінің білген затының, білген құбылысының аты ғана. Ел-елдің білгені де, білмегені де толып жатыр. Мәселен, шөптер мен жәндіктердің көбісінің аты тілімізде жоқ. Өйткені олар бізге аса көп кездеспеген, кездестірсек те елемегенбіз . . . Айталық, шөптердің ішінде мал жейтіндерін, отын болатынын, бояу болатынын, ем болатынын, не у болатындарын біледі де, соларға ғана ат қояды. Танымаған кісінің атын білмегеніміз сияқты, білмеген нәрсенің аты да тілімізде болмайды» деп сөздің атауыштық, танымдық және қатысымдық қасиеттеріне құндылық бағдары тұрғысынан нақты лингвогносеологиялық анықтама береді [5, 50] .
Дегенмен, қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеулер соңғы он жылдықта ғана мықтап қолға алына бастады. Академик Ә. Қайдардың этнолингвистика саласына қатысты ойлары қазақ тіл біліміндегі жаңа ғылыми бағыттардың қалыптасуына негіз болды. Бұл салаға соңғы кездері Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Г. Гиздатов, Қ. Жаманбаева, Ж. Манкеева, Э. Сүлейменова, А. Салқынбай, Э. Оразалиева т. б. ғалымдардың ерекше көңіл бөліп, зерттеу нысанына айналдарғанын атап өтуге болады.
Сонымен когнитивтік лингвистикаға « . . . адамзат тілін жалпы хабарды ұсынуға, оны бір күйден екінші күйге ауыстыруға мүмкіндік беретін таңбалар жүйесі, таным тетігі әрі құралы ретінде қарастыратын лингвистика саласы» (Когнитивті терминдердің қысқаша сөздігі) деген анықтама берілсе, таным дегеніміз - дүниені, өмірді танып-білу қабілеттілігі (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 8-том) болып шығады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz