Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың қызметі


Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында қазіргі қазақ тіліндегі демеулік шылауларды белгілі сөйлемнің немесе бүтіндей бір мәтіннің құрамында келіп, тілдің мазмұндық жағын толықтыруы сөз болады. Тілідің, мәтіннің мазмұн өрісі және мазмұнды жеткізу өрісіне демеулік шылаулардың қатысы нақты мысалдармен дәлелденеді. Соның нәтижесінде әрбір демеуліктің белгілі бір синтаксистік қоршауда келіп, сан алуан мағыналық реңктерге бөлінетіні арнайы зерттеледі. Демеуліктер функционалды грамматика мәтін лингвистикасы тұрғысына жан-жақты қарастырылады. Сондай-ақ олардың фонологиялық, лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік сипаттамасы сөз болды. Демеулік шылаулардың мәтіннің жалпы мазмұнын толықтырудағы қызметі ашылды. Демеуліктердің функционалдық қызметін тану демеуліктердің даму, қалыптасу жолдарымен байланысты болғандықтан кейбір демеуліктердің шығу тарихына қатысты да зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі қазақ тілінде сөз таптарының арасында ең аз қарастырылғаны шылаулар, соның ішінде - демеуліктер. Олардың өздері жалғанаған сөздерге қосымша мән үстейтіндігі және мағыналық топтарының аты аталып, санын айтумен шектеліп, функционалыдық, концептуалдылық сипаттарына жете назар аударылмады. Демеулік шылаулардың атаушы сөздерге үстейтін қосымша мәндерінің үнемі тұрақты болмай, өздері жалғанаған сөздердің мағынасына орайласып өзгеріп отыруы олардың сөйлем құрамында атқаратын қызметі және мәтіннің жалпы мазмұнына қосатын үлесі т. б. сияқты көптеген сұрақтар да өз шешімін таппаған. Сондықтан демеулік шылауларды мәтін лингвистикасы тұрғысынан зерттеу өзекті мәселелердің бірі.
Мәтін лингвистикасының нормативті лингвистикадан түбегейлі өзгешеліктері бар. Ең әуелі, нормативті лингвистикада тілдік бірліктердің (дыбыс, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) өзіндік ерекшеліктері ашылып, олардың сөйлем құраудағы рөлі айқындалса, мәтін лингвистикасында тілдік бірліктер мәтіннің мазмұн өрісін құраудағы рөлі жағынан зерттеледі. Нормативтік грамматиканың құрамында демеулік шылаулар лексикалық мағынасының солғындылығымен, сөйлем мүшесі болуға қабілетсіздігімен сипатталып, көмекші сөздердің құрамында ғана сөз болады. Ал мәтін лингвистикасында демеулік шылаулар мәтіннің мазмұн өрісін құрайтын басты лингвистикалық бірліктердің қатарында қарастырылады.
Мәтін лингвистикасына тән заңдылықтарды функционалды грамматика ғылымы зерттейді. Функционалды грамматика саласы соңғы жылдарда зерттеушілердің ғылыми зерттеу жұмыстарының өзегіне айналып жүр. Орыс тіл білімінде бұл туралы тіл ғалымдарының еңбектері жүйеленген, ал қазақ филологиясында мәселе енді ғана қолға алынып жүр. Бұл - мәселенің өзектілігін арттыра түседі.
Демеуліктер тілдегі белгілі бір грамматикалық категориялардың жасалуында маңызды рөл ойнаса, екінші жағынан модальдық мән беруге қажетті элемент болып саналады. Сондықтан демеуліктер лексикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да концептуалды зерттеуді қажет етеді.
Демеулік шылаулардың атқаратын қызметтерінде де өзіндік ерекшеліктер бар. Сондықтан олардың қолданыстағы қызметі, яғни танымдық жағынан өзгешеліктерін де арнайы қарастыруы қажет. Әсіресе, соңғы кездерде жалпы тілі білімінде қолға алынып жүрген функционалды грамматика тұрғысынан қарастыру мақсатымызды айшықтай түседі. Демек, қазіргі қазақ тіліндегі демеулік шылаулар туралы шешімін тапқан мәселелерге қарағанда, өз шешімін таппаған мәселелер көп болып отыр. Жоғарыдағы сұрақтардың барлығын функционалды грамматиканың аясында қарастырудың маңызы бар деп есептейміз.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың даму, қалыптасу жолдары, мәтін ішіндегі әр жақты қызметі мен танымдық сипаты - зерттеудің басты нысаны.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты - қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың мәтін мазмұнын құраудағы рөлін, оның қолданыстағы мағынасы мен қызметін, танымдық сипатын айқындау болып табылады.
Зерттеу мақсатын орындау үшін төмендегідей міндеттердің шешімін табу көзделеді:
- шылау сөздердің, соның ішіндегі демеулік шылаулардың қолданыстағы мағынасы мен қызметінің өзіндік ерекшеліктерін анықтау және осы мақсатта олардың даму, қалыптасу тарихына тоқталу;
- демеулік шылауларды топтарға бөлудің негізгі принциптерін айқындап функционалдық-семантикалық топтарға бөлу;
- мәтін лингвистикасы тұрғысынан жүйе мен ортаның арақатысын анықтау;
- мағыналық бөлшектеу негізінде демеулік шылаулардың бүтіндей бір мәтіннің жалпы мазмұн өрісіне қосатын үлесін анақтау;
- көмекші сөздердің кейбір негізгі белгілерін атаушы сөзге қойылатын белгілермен салыстыру;
- демеулік шылаулардың айтылым деңгейіндегі және бүтіндей мәтін деңгейіндегі қызметтерін басқа сөз формаларының қызметтерімен салыстыру.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы.
- қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың даму, қалыптасу жолдарымен байланысты көп қырлы зерттеу мүмкіндіктері анықталды:
- қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік, функционалдық ерекшеліктеріне орай олардың қолданыстағы мағынасы мен қызметі айқындалды;
- демеулік шылаулар көп функционалдық сипатына қарай топтарға бөлініп, сөйлеу мазмұнының қайнар көздері белгіленеді;
- мәтін лингвистикасындағы жүйе мен ортаның демеулік шылаулармен байланысы айқындалды;
- демеулік шылауларды топтарға бөлу принциптері анықталып, функционалдылық қабілет, функционалдылық атқару, функционалдылық талдау ұғымдарының мәні нақты мысалдармен ашылды.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысымыздың барысында сипаттау, салыстыру, жинақтау, талдау, жүйелеу, тарихи-салыстырмалы әдістер қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ең алдымен, таңдап алынған тақырыптың өзектілігін айтуға болады. Өзектілігі - шылаудың танымдық қырынан қарастырылуы. Осының негізінде қол жеткізген ғылыми жаңалықтар қатарына мыналарды жатқыздық:
5
- шылаулардың тіркес жасау қызметін анықтауда жаңа мағыналық қатынасты тіркестерді енгіздік, яғни көлемдік, мекендік, мезгілдік мағыналық қатынастарымен қатар салыстыру, қатыстық, дүркінділік, шектеулік сынды жаңа мағыналық қатынастары айқындалды. Түйдекті тіркес жасаудағы шылаудың бірнеше түрін көрсеттік;
- шылау түрлерін жүйелі тәртіпке келтіру ұсынылып, ара жігі анықталды;
- ауызекі сөйлеу тілі нәтижесінде пайда болған шылаулардың стильдік қызметтері мен жай, құрмалас сөйлемдерді жасаудағы шылаудың түрлі қызметтері сараланды;
- мәтінде қолданудың ерекшеліктері талданды. Шылаудың мәтіндегі байланыстырушылық, түйіндеушілік, сөйлемаралық қызметтері ашылды.
Зерттеудің теориялық маңызы. Тілдегі шылауларды морфосинтаксистік тұрғыдан қарастыру бұл мәселеге жаңаша теориялық көзқараспен қарауға септігін тигізеді. Осы күнге дейін морфология деңгейінде ғана қарастырылып келген шылауды синтаксис саласында да қарастыру функционалды грамматиканың қарқынды дамуына игілікті әсер тигізеді. Шылаудың мәтін құрылымындағы қызметін белгілеу мәтін лингвистикасын жеке ілім ретінде дамуына, толығуына көмегін тигізеді.
Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеу барысында алынған нәтижелер мен қол жеткізген теориялық тұжырымдар тіл біліміне кіріспе, қазақ тілі грамматикасы пәндерін жаңа деректермен толықтырары сөзсіз. Жоғарғы оқу орындарында, колледж қабырғаларында морфология, синтаксис салаларын тереңдей қарастыруда қосымша ақпарат ретінде қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- шылау сөздердің тілдегі грамматикалық ұғымдар ішіндегі ең күрделі категория екендігі. Күрделілігі демеулік шылау түрлерінің түрлі қызмет атқаруы;
- ауызекі сөйлеу тілі салдарынан кейбір сөздердің шылаудың қатарын толықтыруы, олардың түрлі стильдік қызметтері шылау сөздердің ауқымын кеңейте түседі;
- тіркес жасаудағы шылаудың түрлі мағыналық қатынас түзуі, түйдекті тіркес құрудағы белсенділігі;
- сөйлем құруда да шылаудың түрлі қызмет пен мағына тудыруы;
- мәтін түзудегі шылаудың байланыстырушылық қызметі;
- демеулік шылаулардың мәтіндегі сөйлемаралық қызметі.
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
1. Демеулік шылаулардың зерттелуі мен қалыптасу жолдары
Қазақ тіл білімінде қарастырылатын күрделі мәселелердің бірі шылауларға байланысты екендігі дау туғызбайды. Қазақ тілінің зерттелу тарихында шылаулар туралы айтылған пікірлер соңғы уақыттарға дейін тек оларға сипаттама беру немесе топтарға бөліп, санамалап шығумен ғана шектеліп, демеуліктер шылау сөздердің бір тобы болып қарастырылып жүр. Сондықтан демеуліктер туралы сөзді шылаулар туралы зерттеулерден бастаған жөн. Өйткені шылау сөздердің толық жіктелуі оның құрамындағы әрбір сөздер тобының заңдылықтарын ашудың негізінде жасалады. Оның үстіне, қазақ тіліне қатысты алғашқы оқулықтарда шылаулар казіргі кездегідей, жалғаулық, септеулік, демеулік болып топтастырылмаған. Алғашқы оқулықтарда шылаудың құрамында демеуліктің де, септеуліктің де, жалғаулықтардың да аралас келуі байқалады. Айталық, 1950 жылы жарық көрген «Қазақ тілі грамматикасында» шылаулар демеулік, жалғаулық үстеулік болып бөлінеді. Демеуліктердің қатарына қазіргі кезде септеулік деп аталып жүрген дейін, шейін, соң, кейін т. б сөздер жатқызылған. Тіпті қазіргі кезде көмекші есім деп аталатын іші, асты, үсті т. б сөздер де демеулік шылау деп берілген. (1, 193 б)
Қазақ тілінің морфологиясын қарастырған ғалымдар шылау сөздерге міндетті түрде тоқталғанмен, олардың түрлі қырын жете ашуға көңіл бөлмеген. Әсіресе, шылау сөздердің қолданыстағы мағынасы мен қызметі туралы толық мағлұмат беретін еңбектер жоқ деуге болады. Сондықтан сөз таптарының ішіндегі көбірек сөз болғаны және пікір алшақтығы орын алған категориялардың қатарына шылаулар жатады. Тек соңғы жылдарда ғана жалпы шылаулардың тарихына, олардың кейбір функциялық ерекшеліктеріне тоқталған бірді-екілі еңбектер жарық көрді. Мысалы, Қ. К Молғаждаров шылау сөздердің зерттелу тарихына кеңірек тоқталған. Бірақ онда жалпы шылаулардың тарихы мақсат етілген.
Шылауларды қазіргі тіл зерттеулерінде жаңа қырынан қарастыра бастады. Шылаулардың жеке сөз, сөйлемдегі емес, мәтіндегі қызметі ғалымдар назарын аудара бастады. Сондай жаңа зерттеулердің бірі - ғалым Ж. Жақып еңбектері. Ж. Жақыптың «Сөйлеу синтаксисінің сипаттары» атты еңбегінде мәтіндегі қызмет мәселесі сөз болады. Мәселен, осы күнге дейін
шылауларды морфология объектісі ретінде қарап, синтаксистік қызметі тек жүрдім-бардым сөз етіліп жүрді. Ғалым бұл еңбегінде басқа сөз таптарымен
қатар, шылаулардың да сөйлем синсемантикасын жасау қызметін көрсетеді. « Синсемантика дегеніміз - белгілі бір мағынаның өзі сияқты басқа бір мағынамен ұштасуы, ықпалдасуы, өзара тәуелді болатынын білдіретін аталым» [14, 48] . Еңбектегі негізгі нысана - контекст (мәнмәтін) ықпалында қарастыру. Яғни бір сөйлемнің мағына-мазмұнының келесі бір сөйлемнің мағына-мазмұнына әсерін қарастыру міндеті шығады. Еңбекте негізгі сөз таптарымен қатар шылаулардың да сөйлемнің синсемантикасының тәуелді екенін көрсетудегі қызметін ашады. Шылаулардың ішінде жалғаулықтар мен демеуліктердің мәтіндегі қызметін көрсетеді. Мәселен, жалғаулықтар сөйлемді байланыстыру қызметімен бірге, өздері құрамында тұрған сөйлемді контекстке тәуелді етіп тұрады. Ал демеуліктер жайлы грамматикалық еңбектерде өзі тіркескен сөздерге қосымша мән үстейтіні ғана сөз болып, олардың синтаксистік қызметіне мән берілмей келді. Ғалым Ж. Жақып демеуліктердің синсемантикалық сипатын оның мағыналық түрлерінен де көруге болатынын көрсетті. Мысалға, сұраулық демеуліктер қатысқан сөйлемдер жауапты талап етеді, шектік, тежеу мағынасындағылар зат, құбылыс, оқиғаның толық аяқталған күйін айтуды да қажет етсе, сол сияқты күдік-күмән мәнді демеуліктер тиянақталу үшін шындықты іздеуді керексінеді, даралау, күшейту мәнділері ненің ішінен дараланып тұрғанын айтуды қажет ететінін көруге болады [14, 52] . Яғни демеуліктер контекстегі екі сөйлемді бір-бірімен байланыстырып тұрады.
Жалпы қазақ лингвистикасында бұл функционалды грамматика төңірегінде, яғни мәтіндегі қызмет туралы жұмыстар Ж. Жакупов, Т. Жөкеев және Г. Сәрсеке жұмыстарында жалғасын табуда.
Көмекші сөздердің сөйлем мүшесі қызметін атқара алу қабілеті Қ. Қадашеваның мақаласында сөз болады. Сөйлем мүшесі қызметін атқару атауыш сөздерге ғана тән емес екен. Алғаш Т. Сауранбаев өзінің «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» деген еңбегінде сөз таптарымен бірге фразеологиялық топтар, жеке дыбыстар, қысқарған сөздер, зат есім мен есімдікті тіркестер, сан, сын, есімшелі тіркес, негіз сөз бен көмекші сөзді тіркестер де бастауыш қызметін атқаратынын көрсетеді. Ғалым бастауыштарды құрамы жағынан сөз еткен, яғни күрделі бастауыштар дербес мағынасы бар сөздер арқылы, дербес мағыналы сөз бен көмекші сөздер арқылы, тұрақты тіркес арқылы жасалатынын көрсетеді. Осы бағытты негізге ала отырып Қ. Қадашева шылаулы сөзбен келген бастауыштардың жасалуы туралы сөз қозғайды. «Шылаулы бастауыш - барыс жалғаулы сөзге шылаудың түйдектесуі арқылы
жасалады» [15, 28], - деп, шылаулы бастауыштың төрт түрлі жасалу жолын көрсетіп, мысалдармен дәлелдейді. Олар:
- Барыс жалғаулы зат есім + дейін, шейін. Жұрттың пейілі тарылған, өмірге келген жас сәбиіне дейін жұдырығын түйіп емес, алақанын аша туады ғой.
- Күрделі бастауыштың негізгі сыңары қосарлы зат есімнен келеді. Коммунизм орнаған кезде қант дегеніңізді мынадай құмшекер емес, кесек-кесек шақпақ қантты бала-шағаға дейін қалтасына салып жүріп жейді.
- Сирек болса да жалғаулы есімше тұлғалы «де» көмекші етістігінедейіншылауы түйдектеледі. Тіпті ырсиып піскен бас тісі қағылмай қонақ алдына келмесін дегенге дейін сөз болды.
- Қосымшасы арқылы қайталанған барыс жалғаулы есімге тіркеседі. Ара екеш араға дейін жау.
А. Бексейітованың «А. Байтұрсыновтың шылау сөздері жайлы ілімі» атты мақаласында қазіргі тіл біліміндегі шылаулардың әр кездегі ғалымдар еңбегіндегі зерттелмей, зерттеулердің бір арнаға түсу тарихы баяндалады. Қазақ ғалымдарының көш басшысы А. Байтұрсынов еңбегінен бастап қарала бастаған шылаулардың бұл күнге дейінгі тарихы сөз болады. А. Байтұрсынов шылауларды үстеумен қатар қарастырған, оларды демеу шылаулар деп көрсеткен. Үстеу құрамындағы септеуліктерді Қ. Жұбанов алғаш үстеуден бөліп, шылауға қосқан. Және осы мақалада А. Байтұрсыновтың демеу деп көрсеткен шылаулары қазіргі тілде қосымша реңк үстейтін ( немесе, әйтсе де, үйткені, сүйтсе де ) шылаулар емес, олардың қазір жалғаулықтар құрамына енгенін көрсетеді. Мұнда шылаулардың сонау А. Байтұрсыновтан бастап бүгінгі күнге шейін зерттеліп, тарихи жолмен дамыған кезеңдеріне шолу жасап өтеді [16, 54] .
Көмекші сөздердің тіркес жасаудағы қызметі, көмекші сөздердің қосарлана жұмсалуы туралы Қ. Қадашеваның «Көмекші сөзді сөйлем мүшелері» атты кандидаттық диссертациясында сөз болады. Мұнда бір немесе екі кейде үш көмекші сөз басқа сөздермен түйдектеліп келіп, көмекшілік қызметте жұмсалу арқылы барлық сөйлем мүшесін жасауға қатыса алатынын, әрі олардың өзара бірлікте жұмсалу деңгейі бір қалыпты емес екенін айтады [17, 53] . Мұндағы көмекші сөздер құрамына көмекші есім, көмекші етістік, шылау, модаль сөздерді жатқызады. Мысалға мынадай сөйлемдерді келтіреді: Ол ауылдан ұзап, бұлақтың бас жағына қарай аяңдады. Үлкен кісі сияқты боп отырған шәкіртті, мына бала бір сәтте кішкене балаша алыстырып, арпалыстырып жіберді. Роман жарық көріп, пьесасы сахынаға, киносы экранға шыққанға дейін Тоқаш есімі ешкімге танымал емес еді.
Шылаулардың түйдекті тіркес құрау қызметі Ж. Жампейісова жұмыстарында да сөз болады. Ж. Жампейісова өз мақаласында өзіне дейінгі зерттеген ғалымдардың шылау туралы еңбектерінен сөз қозғайды. Бұл салада А. Әбілқаевтың «Үшін, қарай, дейін, шейін септеулік шылауларының семантико-грамматикалық ерекшеліктері» (1989), С. Исаевтың «Үшін септеулігі қазақтың мерзімді баспасөзінде» атты еңбектерінде септеуліктердің толық мағыналы сөздермен тіркесуінің алуан түрлі тұлғалық түрін көрсететінін, бірақ бұл еңбектерде шылаудың қандай сөз таптарымен түйдекті тіркес құрайтыны сөз болмайтынын айта келіп, Ж. Жампейісова
14
үшін шылауының сөз таптарымен тіркесу қабілетін көрсетеді. Оларды мынадай топтарға: а) зат есім +үшін, ә) сын есім + үшін, б) сан есім + үшін,
в) есімдік + үшін, г) етістік +үшін, ғ) тұйық етістік + үшін бөледі. Бұл зерттеушінің еңбектерінде септеулік шылаулар түйдекті тіркес жасаудың бірден-бір материалы ретінде қаралады. Септеуліктердің ішінде үшін шылауының түйдек жасау қызметін қарастыра келіп, үшін шылауы сөз таптарының ішінде көбіне етістіктермен түйдекке түсетінін айтады [18, 176] .
Ж. Жампейісованың «Көмекші сөздердің морфологиялық өзгеруі» атты мақаласында көмекші сөздердің морфологиялық тұрғыдан өзгеріске ұшырайтыны айтылады. Көмекші сөздердің бірі түрленсе, енді бірі түрленбейді екен. Осы тұрғыда ғалымдардың пікірлері де екі жақты. Мысалы, Ф. Зейналов, Н. Дыренков т. б ғалымдар көмекші сөздер өзгермейді десе, Н. Дмитриев, М. Балақаев, А. Ысқақов, М. Оразов т. б ғалымдар көмекші сөздердің кейбіреулері сөз түрлендіруші қосымша қабылдайтынын көрсетеді. Ж. Жампейісова көмекші есім, көмекші етістік, модаль сөздер, септеулік шылаулар морфологиялық қосымшалар қабылдайтынын мысалдармен дәлелдейді. Кеңістік мен мезгілді білдіретін септеуліктер -ғы, -гі, -рақ, -рек, -лау, -леу қосымшаларын қабылдап, тұлғалық өзгеріске түсе алады дейді. Септеулік шылау ішінде өзгеріске ұшырайтындар: соң, кейін, дейін, шейін, бұрын, таман, жуық, басқа болса; қосымша қабылдамайтын септеуліктер - үшін, гөрі, арқылы, туралы, тарта, бірге.
Дейінгі, шейінгі септеуліктері барыс жалғаулы сөзді есім сөздермен байланысқа түсіреді. Мұндай сөз тіркесі мезгілдің, кеңістіктегі заттың шегін білдіреді. Өйткені бұған дейінгі ойхой дәурені енді оралмастай боп өкіндіреді.
Кейінгі, соңғы, бергі тұлғасындағы септеулік шылаулар шығыс жалғаулы сөзді есімдермен байланыстыру үстінде белгілі бір мезгілден кейінгі заттық сапаны, субъектінің уақиғаны хабарлап тұрған кезіне дейінгі затты, нәрсені білдіреді. Абайдың әжесіндегі тартымды салқындық шешесінде де көптен бергі мінезі болған. Қажы содан кейінгі сөздерін жүре айтты. Содан соңғы алысқан алғашқы хаттары осы еді [19, 90] .
Бұл көмекші сөздер морфологиялық тұлғаларды қабылдағанына қарамастан, дербес мағыналы сөздер сияқты толық грамматикалық қасиетке ие бола алмайды. Көмекші сөздер түрлі тұлғалық өзгеріске түскенде көмекшілік қызметін жоғалтпайтынын осы мақаладан көруге болады.
А. Ноғаевтың «Демеуліктердің грамматикалануы» атты мақаласында демеуліктерді мынадай принциптерге сүйене қарастырады:
1) семантикалық; 2) морфологиялық; 3) синтаксистік-функциялық [20, 174] . Демеуліктерді белгілі топтарға бөлуде осындай семантикалық реңктердің негізге алатыны демеуліктердің практикалық маңызымен байланыстылығы. Қазақ тіліндегі демеулік шылаулар - өте жиі қолданылатын сөздер, олар сөздерді, сөйлемдерді мағынасы жағынан толықтыру үшін қолданылады және бұл шылау түрі түркі тілдер тарихының бір кезеңдерінде жеке дербес сөз болып қолданылғанын тілге тиек етеді.
Бұл жоғарыда көрсетілген зерттеулер, еңбектер, оқулықтар негізінен шылаулардың осы күнге дейінгі даму, өсу жолы немесе қазақ тіл біліміндегі
шылаулардың бір арнаға түскен тілдік бірлік екенін көрсететін тарихи зеттелу жолы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz