Есімдіктердің мағыналық топтары


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

Ж о с п а р

Кіріспе . . . 3

І ТАРАУ. Қазақ тіліндегі есімдіктердің зерттелу тарихы . . . 6

1. 1. Есімдіктердің пайда болуы туралы ғалымдардың пікірі . . . 6

1. 2. Есімдіктердің мағыналық топтарының пайда болу тарихы . . . 14

ІІ ТАРАУ. Есімдіктердің мағыналық топтарының ерекшеліктері . . . 21

2. 1. Жіктеу есімдіктері . . . 21

2. 2. Сілтеу есімдіктері . . . 25

2. 3. Сұрау есімдіктері . . . 31

2. 4. Өздік есімдіктері . . . 34

2. 5. Жалпылау есімдіктері . . . 36

2. 6. Белгісіздік есімдіктері . . . 37

2. 7. Болымсыздық есімдіктері . . . 39

Қорытынды . . . 43

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 45

Кіріспе

Есімдер табына жататын сөз табының бірі - есімдіктер. Есімдіктер заттың атын, сынын, санын, я олардың аттарын білдірмейді, бірақ солардың (зат есім, сын есім, сан есімдердің) орнына жұмсалады. Есімдіктер белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде мегзеу арқылы білдіреді. Есімждіктердің нақтылы мағыналары өздерінен бұрын айтылған сөйлемге немесе жалпы сөйлеу аңғарына қарай айқындалады. Мысалы: Ол Прутковтың барлық афоризмін білетін (С. Ерубаев) ; сен қымсынба, артыңда біз бармыз (М. Әуезов) дегендердегі есімдіктердің қайсысының болса да мағынасы нақтылы емес. Өйткені бірінші сөйлемдегі ол деген сөзден тек бір адамның Прутковтың барлық афоризмін білетінін ғана аңғарғанымыз болмаса, ол адам кім? - Бейсенбай ма, әлде Мұрат па? Жоқ, тіпті біз білмейтін басқа бір адам ба? Әйтеуір, оның кім екенін бірден айқын біле алмаймыз. Екінші сөйлемдегі сен, біз дегендердің де мағыналары нақтылы емес, олар жалпылама түрде ғана айтылған. Ондай болатын себебі: Ол деген сөз мен және сен деген ұғымнан басқаның бәрін білдіреді, демек, көзбе-көз я бетпе-бет сөйлесіп тұрған екі адамнан басқаның бәрі ( адам ба, зат па - бәрі бір) - ол болады. Ал, мен тек бірінші жақ (сөйлеуші я айтушы) болады да, сен - тыңдап (сөйлесіп) тұрған адам, демек, сөйлеушімен (менімен) әңгімелесіп отырған адам болып шығады. Сонымен, жоғарыдағыдай дара тұрған сөйлемдердегі есімдіктердің дәлді мағыналары бірден айқын болмайды.

Есімдіктердің дәлді мағыналары, егер екі я одан да көп адам сөйлесіп отырған жағдайда (диалогта) қолданылса, сол сөйлемдерден бұрын айтылып, я аталып өткен сөйлемдермен байланысты аңғарылады. Ал егер ондай есімдіктер монолог түрінде айтылған я жазылған сөйлемдерде қолданылса, олардың дәлді мағыналары, яғни олар туралы мәлімет, сол сөйлемдерден бұрын айтылған я жазылған сөйлемдермен байланысты тыңдаушы мен айтушыға (оқушыға) ғана белгілі болады. Демек, есімдіктердің дәлді мағыналары бұрын айтылған я жазылған сөйлемдермен байланысты анықталады. Мысалы: мен жаратпаған атшыға қарап едім, ол «тек отыр» дегендей басын шайқап, ернін тістей қойды (С. Көбеев) деген мысалды алсақ, сөйлемдегі ол деген сөздің дәл кім екенін бірінші сөйлемдегі атшы деген сөзден аңғарамыз. Сол сияқты, кімді айтса, сол келеді деген мақалдағы кімді, сол деген есімдіктердің де кімді нақтылы білдіріп тұрғанын, яғни дәлді мағыналарын бұрынғы сөйлемде аталған адамға қарап барып аңғарамыз. Шынында, ол, мен деген есімдіктерді алсақ, әркім я әр адам ол да, мен де бола алады.

Есімдіктердің мағыналары қаншама жалпы болғанымен, олар (есімдіктер) қандай сөздердің орнына қолданылуына қарай, сол сөздердің негізгі мағыналарына сәйкес (заттық, сындық, сандық т. б. ) зат немесе заттық белгімен байланысты ұғымдарға ұштасып жатады. Мысал үшін сен, ол жіктеу есімдіктерін, бұл, сол сілтеу есімдіктерін, кім, не, қай сұрау есімдіктерін алайық. Егер осы есімдіктердің негізгі мағыналарын саралап қарайтын болсақ, қандай сөздердің орнына қолданылуына байланысты, біріншіден, заттық ұғымды білдіретін сөздердің орнына қолданылатын есімдіктер, екіншіден, заттың белгісін білдіретін сөздердің орнына жұмсалатын есімдіктер болып іштей екі жікке бөлінеді. Сонда сен, ол кім? не? есімдіктері заттық ұғымды білдіретін сөздердің, бұл, сол, қай? есімдіктері белгі атауларының орынбасарлары болып шығады. Осындай екі жік сөздерді, біріншіден, заттық ұғымды білдіретін сөздердің орынбасарлары - субстантивтік есімдіктер, екіншіден, заттың белгісін білдіретін сөздердің орынбасарлары - атрибутивтік есімдіктер деген екі салаға бөлінеді.

Морфологиялық жағынан есімдіктер түрленетін сөздердің тобына қосылады. Ал олардың тәуелденуінде, жалпы алғанда, есімдерге ұқсастықтар болмағанымен, өздеріне тән ерекшеліктері де бар. Мысалы, субстантивтік есімдіктер қолданылу ретіне қарай зат есімдер сияқты көртеліп те, тәуелденіп те, септеліп те, жіктеліп те қолданыла беретін болса, атрибутивтік есімдіктер дәл өз мағынасында, нағыз сын есімдер ретінде қолданылып тұрғанда грамматикалық жағынан түрленбейді, демек, грамматикалық формаларының ешбірін де қабылдамайды.

Есімдіктердің бәріне де тән, бәріне де ортақ деп есептерліктей я танырлықтай белгілі бір жүйелі формалары немесе өзгеру тәсілдері жоқ. Бұл ерекшелік негізінде есімдіктердің іштей субстантивтік және атрибутивтік болып мағыналық екі жікке бөлінуімен байланысты.

Курстық жұмыстың мақсаты : Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихынан, есімдіктердің пайда болуы туралы ғалымдардың пікірінен мағлұмат алу және есімдіктердің мағыналық топтарының пайда болуы тарихын жан-жақты зерттеп, терең меңгеру.

Курстық жұмыстың міндеттері. Жоғарыда көрсетілген курстық жұмыс мақсатына байланысты мынадай міндеттер туындайды:

  • Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихын зерттеу
  • Есімдіктердің пайда болуы туралы ғалымдардың пікірлерін қарастыру
  • Есімдіктердің мағыналық топтарының пайда тарихын зерттеу
  • Есімдіктердің мағыналық топтарын қарастыру
  • Жіктеу есімдіктерін қарастыру
  • Сілтеу есімдіктерін қарастыру
  • Сұрау есімдіктерін қарастыру
  • Өздік есімдіктерін қарастыру
  • Жалпылау есімдіктерін қарастыру
  • Белгісіздік есімдіктерін қарастыру
  • Болымсыздық есімдіктерін қарастыру

Дәйектеме: Есімдер табына жататын сөз табының бірі - есімдіктер. Есімдіктер өзінің құрамдық ерекшеліктерінің айрықша көзге түсуі негізінде ғалымдар зейінін ерте кезден бастап-ақ өзіне тартқан. Сондықтан есімдіктерге тән жалпы қасиеттер мен заңдылықтарды зерттеуге, олардың тарихы мен қалыптасу жүйесін анықтауға арналған еңбектердің саны аз емес. Еңбектердің бәрінде де жеке авторлардың есімдіктер тарихы және олардың құрамы мен қалыптасу жүйесі т. б. мәселелер жайында айтқан өзіндік пікірлер көп. Есімдіктердің мағыналық топтары: жіктеу есімдіктері, сілтеу есімдіктері, сұрау есімдіктері, өздік есімдіктері, жалпылау есімдіктері, белгісіздік есімдіктері және болымсыздық есімдіктерін бір-бірінен ажыратып талдау - күрделі мәселердің бірі. Оның үстіне қазақ тіл білімінде бұл сияқты күрделі мәселелерді түсіндіруде әр түрлі пікірлер де жоқ емес. Сонымен қатар олар қазіргі қазақ тіліндегі есімдіктердің ғана емес, жалпы сөз таптары бойынша құрамдық ерекшеліктерін игеруге мүмкіндік алады.

І ТАРАУ. Қазақ тіліндегі есімдіктердің зерттелу тарихы

  1. Есімдіктердің пайда болуы туралы ғалымдардың пікірі

Есімдіктер өзінің құрамдық ерекшеліктерінің айрықша көзге түсуі негізінде ғалымдар зейінін ерте кезден бастап-ақ өзіне тартқан. Сондықтан есімдіктерге тән жалпы қасиеттер мен заңдылықтарды зерттеуге, олардың тарихы мен қалыптасу жүйесін анықтауға арналған еңбектердің саны аз емес. Ондай еңбектер алға қойған мақсаттары мен қамтитын мәселелерінің көлеміне байланысты кейде есімдіктерді өте кең түрде, яғни алтай тілі тұрғысынан зерттеген, кейде түркі, моңғол не манжұр-тұңғыс тілдері тұрғысынан, кейде жеке тілдердегі есімдіктер немесе сол есімдіктердің жеке топтары мен жеке сөздеріне тән заңдылықтар мен ерекшеліктер тұрғысынан жазылған еңбектер болып келеді. Оларды өте қысқа түрде атап өтетін болсақ, мына сияқты еңбектер мен олардың авторларын еске алуға болар еді.

Қазіргі қазақ тілінде есімдік дербес сөз табы ретінде қарастырылып жүр. Ал орыс тілінде бұл мәселеде екі түрлі көзқарас болды. Ғалымдардың біразы есімдікті есім сөздермен бірге қарау керек десе, кейбір ғалымдар есімдік өз алдына жеке сөз табы болу керек деп санайды. Есімдіктерді есім сөз таптарымен бірлікте қарау керек дейтін пікір ұстанушы ғалымдардан А. А. Шахматов, А. М. Пешковский, А. Н. Гвоздевті атауға болады. Ал есімдікті жеке сөз табы деген көзқарасты дәлелдеушілер: В. В. Виноградов, Е. Н. Сидоренко т. б.

Қазақ тіл білімінде есімдіктер мәселесі А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, А. Ысқақов, А. Ибатов, А. Төлеуов еңбектерінен орын алған. Аталған ғалымдардың қай-қайсы да есімдіктерді орынбасар сөздер ретінде қарастырады. Мәселен, А. Байтұрсынлв есімдікке былайша анықтама береді: «Есімдік дегеніміз - есімдердің, яғни зат есімнің, сын есімнің, сан есімнің орнына жүретін сөздер». Ғалым есімдікке осылайша анықтама бере отырып, есімдікті мағыналық жағынан бес топқа бөледі. Олар: 1) жіктеу есімдігі, 2) сілтеу есімдігі, 3) сұрау есімдігі, 4) жіктеу есімдігі, 5) танықтық есімдігі. Көріп отырғанымыздай, есімдіктердің саны да, атауы да қазіргіден басқаша. сондай-ақ ғалым «жіктеу есімдігі» деген атауды екі рет қолданып, біріншісіне қазіргі мен, сен (сіз), ол деген жіктеу есімдіктерін жатқызса, екіншісіне бәрі, барша деген қазір жалпылау есімдіктері аталып жүрген есімдіктер тобын кіргізеді.

Профессор Қ. Жұбанов есімдікке: «Орындасар есім (есімдік) деп түбірдің де, қосалқы шылаулардың да орындарында жүре беретін түбірлерді айтамыз» - деген анықтама береді. Қ. Жұбанов есімдікке мынадай сөздерді жатқызады: мен, сен, ол (зат есім орнына), бұл, сол, ол (зат пен сын орнына), мұндай, сондай (сын есім орнына), сонша, мұнша (бұ да), олай, бұлай (бұ да), өйтіп, сөйтеді (етістік орнына), өйткені онда (жалғауыш орнына), т. т. Ғалым есімдік деп таныған сөздердің ішінде есімдіктер де, есімдіктен басқа сөз таптарына қатысты сөздер де араласып жүр.

А. Ысқақов есімдіктер: «заттың белгісін білдеретін сөздердің орынбасарлары» - деп сипаттайды.

Ғалым Ә. Төлеуов: «Жіктеу, сілтеу, сұрау есімдіктері өзінен бұрын айтылған есім сөздердің орынбасары болып саналады» - деп, орынбасарлық қызметті есімдіктің белгілі бір топтарына ғана жатқызады.

Есімдіктерді арнайы зерттеген - ғалым А. Ибатов. Ғалым А. Ибатов есімдіктердің сөз табы ретіндегі тұлғасын, олардың мағыналық топтарын жеке-жеке сөз етеді. Ғалым: «Қазақ тіліндегі есімдіктер өзге де сөз таптары сияқты сөздердің топтастырудың белгілі жүйеге түсіп қалыптасқан негізгі үш принципіне сай лексика-семантикалық мағынасына, морфологиялық белгілеріне және синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке бір дербес сөз табы болып бөлінеді» - деп, « . . . оларға 1) мағыналары тым жалпы, 2) контексте қолданылу мақсатына қарай әр қилы нақтылы мағыналарға ие болып отыратын сөз табы, 3) әрқашан субъективті қатынаста қолданылатын сөздер» - деген түсінік береді [4; 288] .

Ал алтай тілдеріндегі есімдіктерді зерттеу жұмысын алғаш рет қолға алушы әйгілі ғалым Кастрен болды. Оның 1850 жылы Гельсингфорсте жарияланған «Die affixis personalibus linguarum altaicarum» атты еңбегі осы алтай тілдеріндегі есімдіктер жайын сөз етуге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу болған еді. Бұдан соң алтай тілі жайындағы құнды еңбек О. Бётлингктің «Uber die Sprache der Jakuten Altajische studien» атты Санкпетербургте басылып шыққан еңбегі болды. Онда жалпы алтай жіне моңғол, түрік туыстас тілдер жайында да өте құнды пікірлер айтылған еді. Ол пікірлердің дені кейінгі зерттеуші ғалымдардың көбінің ойынан шыққан нағыз қажетті пікірге айналған. Бұларға жуық В. Шотт урал-алтай тілдеріндегі есімдіктерге байланысты көптеген зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде «Altajische Studien» атты еңбегін баса айтуға болады. Кейінірек Б. Мункачи зерттеулерінде де урал-алтай тілдеріндегі есімдіктердің салыстырма зерттеу әдісі кеңінен орын алды. Артынша В. Радловтың, Г. Рамстедттің, В. Бангтың, Ж. Денидің, В. Богородскийдің, К. Грёнбектің жалпы түрік тілдеріндегі есімдіктер мен кейбір жұрнақтар және сұрау есімдіктеріне арналған көлемді еңбектері пайда болды.

Бұлардан соң алтай тіліндегі есімдіктерді талдауға түсірген құнды еңбектің бірі В. Кoтвичтің «Les pronoms dans les Langues Altaiques» атты жұмысы болды. Түрік туыстас тілдердің есімдіктер жүйесін зерттеуге А. П. Поцелуевскийдің «Происхождение личных и указательных местоимений» және Н. А. Баскаковтың «О соотношении значений личных и указательных местоимений», Ф. Г. Исхаковтың «Местоимения», Ф. Д. Ашниннің «Указательные частицы в тюркских языках» сияқты еңбектері арналды.

Жеке тілдерге тән есімдіктер жүйесі мен ондағы есімдіктердің жеке топтарын сөз етуге арналған зерттеулер қатарында: Н. К. Дмитриевтің «Указательные местоимение в османском языке», «Об указательных местоимениях в башкирском языке», Ф. Д. Ашниннің «Принципы дифференциации туркменских указательных местоимений», «Принципы дифференциации турецких указательных местоимений»; Н. Сауранбаевтың «Есімдіктер», Ш. Сарыбаевтың «К вопросу о местоимении в казахском языке», «О местоимениях ту, тунеу », А. Төлеуовтың «Қазақ тіліндегі есімдіктер», С. Құдайбергеновтың «Қырғыз тіліндегі есімдіктер», А. Ибатовтың «Қазақ тіліндегі есімдіктер», А. Боржаковтың «Түрікмен тіліндегі есімдіктер» деген сияқты еңбектерін атауға болады [3; 5] .

Бұл келтірілген еңбектердің бәрінде де жеке авторлардың есімдіктер тарихы және олардың құрамы мен қалыптасу жүйесі т. б. мәселелер жайында айтқан өзіндік пікірлер көп.

Есімдіктердің қай кезде, қай замандарда пайда болғанын дәлелдеп айту қиын. Бірақ ғалымдар арасында кең тараған пікірлер бойынша, есімдіктер өте көне заманда пайда болған сөздер қатарына жатқызылады.

Есімдіктердің ерте заманда пайда болуы, ең алдымен, олардың мағыналарының жоғары дәрежеде абстракциялануынан, яғни мағыналарының тым жалпылама түрде келуінен көрінсе, екіншіден, олардың түбір сөздері мен қосымшаларында кездесетін өте көне формалардың сақталып қалуынан да айқын көрінеді. Сонымен қатар есімдік сөздердің әр тілдің өзіндік ерекшеліктеріне қарай аздаған өзгешеліктері болмаса, барлық түрік тілдерінде бірыңғай сөздер болып келуінен де білінеді. Мысалы, қазақ тіліндегі мен, сен есімдіктері өзге түрік тілдерінде, айталық, түрікмен, құмық қарачай, қарақалпақ, өзбек, ойрот, шор, қырғыз, алтай тілдерінде мен, сен; гагауз, караим, ноғай тілдерінде бән, сән; азербайжан, ұйғыр, тува тілдерінде мән, сән; түрік тілінде бен, сен; татар, хакасс тілдерінде мин, син; башқыр тілінде мин, һин болып қолданылады. Бұл сөздер жеке тілдердің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты, кейбір фонетикалық өзгешеліктерімен ажырасатыны болмаса, барлық түрік туыстас тілдерде бір түбірге тән сөздер екені өте анық байқалады. Сол сияқты, көптеген есімдік сөздер белгілі бір грамматикалық көрсеткіштер арқылы немесе қолдану мақсаттарына қарай өзге сөз таптарына және грамматикалық көрсеткіштер (қосымшалар) қатарына да айналып кеткені байқалады. Есімдіктердің бір кездерде өзге категорияларға, яғни қосымшалар мен грамматикалық көрсеткіштерге ауысу қабілеті өте күшті болғаны ерекше көзге түседі. Бұл жағдай негізінде жіктеу есімдіктерінде кездеседі. Мысалы: мен, сен, ол жіктеу есімдіктерінен -мын, -мін, -сың, -сің сияқты жіктік жалғаулары және -м, -ң, -ы сияқты тәуелдік жалғаулары; біз, сіз жіктеу есімдіктерінен -мыз, -міз, -сыз, -сіз сияқты көптік, сыпайылық мәндегі жіктік жалғаулары және тәуелдік жалғаулары жасалған.

Есімдіктер - түгел дерлік туынды сөздер. Олардың қайсы бірі біріккен сөздер болса, кейбірі қосымшалар арқылы жасалынған, кейбірі сөздердің синтаксистік тұрақты тіркестері арқылы жасалынған сөздер. Есімдіктердің бұлай болып келуі дербес сөздер тіркесінен бастап ол тіркестегі сөздердің кейбірінің мағыналық солғындауы, тіпті аффикстер дәрежесіне көшуіне дейінгі процестердің бәрін де бастан кешірген. Сонда оларды қалыптасу процесіне қарай ежелгі (байырғы, көне) есімдіктер және бертінде пайда болған (кейінгі, жаңа) есімдіктер деп күрделі екі топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа: а) бір кездерде дербес сөз не қосымшалар есебінде қолданылған, қазіргі кезде есімдік сөздердің белгілі бір дыбыстық құрамы сияқты боп кеткен -н, -м, -з элементтері арқылы жасалынған мен, сен, ол (<он//ан), біз (<бі-сі), сіз (<сі-сі), қай (<қан), кім (<кі-м) сияқты және -дә элементі арқылы жасалынған дәнеңе (<дә-неңе <дым-неңе) сияқты сөздер; ә) байырғы сілтеу мәнді тұлғалардың бірігуі арқылы жасалынған бұл (<б-ол), міне (<мін-е), мына (<мын-а), әне (<ән-е), ана (<ан-а), осы (<ош-бу), сол (<ош-ол), қане (<қан-і) сияқты көне тұлғалы сөздер жатады.

Екінші топқа жататын сөздер іштей екі саладан құралады.

1) Лексикалық тәсіл арқылы пайда болған сөздер. Бұған а) өзге сөз таптарынан ауысқан бар, бүкіл, бір, біреу, түк, дым сияқты есімдіктер; ә) басқа тілдерден ауысқан күллі, тамам, әлде, әр, пәлен, еш сияқты сөздер жатады.

2) Грамматикалық тәсіл арқылы пайда болған есімдіктер. Бұған а) көне есімдік тұлғалардың кейбір сілтеу, сұрау есімдіктерімен бірігіп айтылуы арқылы жасалынған мынау (<мына-у), анау (<ана-у) сияқты сөздер; ә) кейбір сілтеу және сұрау есімдіктерінің бірігіп айтылуы арқылы жасалынған осынау (осы-анау), сонау (сол-анау), қайсы (қай-сол) сияқты сөздер; б) әр қилы қосымшалар арқылы жасалынған бәрі, барлық, барша, қанша? неше? қандай? т. б. сияқты сөздер және; в) сөз тіркестерінен пайда болған бір де бірде-бір сияқты сөздер жатады.

Біз бұл жерде Ф. Энгельстің: «Материя и форма родного языка только тогда могут быть поняты, когда прослеживают его возноикновение и постепенное развитие, а это невозможно, если оставлять без внимания, во-первых, его собственные омертвевшие формы, во-вторых, родственные живые и мертвые языки» - деген қағидасын негізге ала отырып, осы күрделі екі жікке бөліне көрсетілген есімдік сөздердің тұлғалық құрамдары мен олардың шығу тегі жайында біраз ойлар ұсынбақпыз.

Есімдіктердің шығу тегі дегенде, ең алдымен, көзге түсетін және ерте кезден бастап-ақ зерттеушілердің көңілін аударған мәселе - жіктеу есімжіктері мен сілтеу есімдіктерінің генетикалық байланысы. Сілтеу есімдіктері мен жіктеу есімдіктерінің арасындағы генетикалық байланыс туралы пікір алғаш рет О. Бётлингктен басталады. Кейіннен В. Радлов бан, сан сөздерінің ба (бі) және са (сі) сияқты таза түбірлерін бөліп алып қарауынан бастап, бұл мәселе біраз зерттеушілердің негізгі зерттеу объектілерінің біріне айналады. Мысалы, В. Банг «Vom Kokturkischen zu osmanischen» деген еңбегінде beru, beri, biri сөздерін барыс септігінің көне формасындағы І жақ жекеше be-, bi- есімдіктері деп түсіндіреді. Сөйтіп бұған қарама-қарсы мағынадағы сөз есебінде барыс септігінің көне формасындағы arь сөзін алып, оны ІІІ жақ жекеше а жіктеу есімдігі деп көрсетеді. Бұл сияқты сілтеу есімдіктері мен жіктеу есімдіктерінің ұқсастығы жөніндегі пікірді Мункачи, Немет, И. Дени, А. Зайончковскийдің еңбектері мен В. Котвичтің «Алтай тіліндегі есімдіктер» деген еңбегінен, Н. К. Дмитриевтің «Башқыр тіліндегі сілтеу есімдіктері туралы» деген еңбегінен де кездестіреміз. Н. К. Дмитриев осы еңбегінде: «В тюркских языках генезис указательных местоимений надледит рассматривать в связи с личными местоимениями», - деп көрсеткен болатын.

Сілтеу есімдіктері мен жіктеу есімдіктерінің генетикалық байланыстары жөнінде арнайы жазылған екі мақала бар. Олардың бірі - А. П. Поцелуевскийдің «Жіктеу және сілтеу есімдіктерінің тегі» деген мақаласы да, бірі - Н. А. Баскаковтың «Түрік тіліндегі жіктеу және сілтеу есімдіктерінің мағыналық байланыстары жөнінде» деген мақаласы.

А. П. Поцелуевскийдің І және ІІ жақ жіктеу есімдіктерінің шығу тегі жағынан бу (<му) және шу сілтеу есімдіктерінің морфологиялық құрамдарымен бірдей болып келетінін ескерте келе, мынадай үлгіні ұсынған:

«б-ен<м-ен<м-ин : м-ун<м-ын<м-ин

c-ен<с-ин : ш-ун<ш-ын<ш-ин - ».

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Есімдіктер туралы
Есімдіктер - мағынасы тым жалпы сөздер
Есімдік сөз табының ғылыми негізі
Қазақ тіліндегі есімдіктердің пайда мен есімдіктердің даму тарихы туралы ғалымдардың пікірінен мағлұмат беру және есімдіктердің өзіндік ерекшелігін танытудың жолдарын айқындау
Қазақ поэзиясындағы есімдіктер
Қазақ тіліндегі есімдіктердің зерттелу тарихы
Есімдік сөз табы
Есімдіктің граматикалық ерекшелігі мен мағыналық тобы
Етіс түрлеріне қатысты ұстанымдар
Есімдіктің мағыналық топтары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz