Орыс Географиялық Қоғамы


Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 46 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе… . . . 3

  1. Орыс Географиялық Қоғамы . . . 8Қоғамның 1845-1861 жылдардағы қызметі . . . 8Қоғамның Орынбор бөлімшесінің құрылуы және қызметі . . . 22
  2. Қазақстан тарихын зерттеудегі Орыс Географиялық

Қоғамының дамуы . . . 27

  1. Орыс Географиялық Қоғамының Түркістан бөлімінің ғалымдары мен өлкетанушыларының Қазақстанның оңтүстігіндегі

халықты зерттеуі . . . 27

  1. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесінің құрылуы және Қазақстанның шығысын зерттеудегі рөлі . . . 34

Қорытынды . . . 45

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 47

Кіріспе

Жұмыстың өзектілігі. Халқымыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке жеткен қазіргі күні болашақтағы беріктігімізді іске асыруда өткен тарихымызды жеткілікті тұрғыда саралап, үлгі алар жақтарын жаңғыртып, кемшіліктерінен қорытынды шығара білу қазіргі басты керек талабы екендігі белгілі. Сол себептен еліміздің тарихының кейбір кем жерлерін әлі де тереңдей зерттеп, оны толтыруда XIX ғасырдың басында құрылған Орыс Географиялық Қоғамының үлесі айтарлықтай үлкен. Ғасыр бойында тынбай қыруар еңбек атқарған Қоғам мүшелерінің жұмыстары қазақ халқымыздың өткен тарихы мен этнографиясы туралы бай, әрі ғылым үшін құндылығы шексіз материалдар береді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанның өлкелері мен өңірлернің тарихын тың мәліметтермен, құнды мұрағат құжаттары арқылы зерттеп, оның өзіндік ерекшелігін айқындау, осы арқылы нақты шындыққа негізделген біртұтас ел тарихын жасауда бұл Қоғамның атқарған жұмысы зор. Әсіресе Қоғам мүшелері ғасыр бойында жинаған деректері, жазған еңбектері Шығыс өңірінің тарихынан терең сыр шертеді. Сонымен қатар Орынбор, Оңтүстік Қазақстан және еліміздің басқа өңірлерін этнографиялық, археологиялық, топографиялық, тарихи зерттеуде Орыс Географиялық Қоғамының мүшелері мен экспедицияларының жүргізген зерттеулері, сондай-ақ қазақ халқының арасынан шыққан зиялылардың ғылыми еңбектері, очерктері мен монографиялары, мақалалары мен альбомдарын көпшілікке таныстыру, еліміздің тарихы үшін құндысын алудың маңызы зор.

Жұмыстың зерттелу деңгейі. Орыс Географиялық Қоғамы XIX ғасырда құрылып, өзінің ғылыми зерттеу жұмысын әртүрлі салада және көптеген аймақтарда бастаған еді. Сондай аймақтар қатарына Қазақ даласы да кірген еді. Ресей империясының отарлық саясатының мүддесі бұл істе ең маңызды түрткі болған десек қате айтпаймыз. Сол уақытта Ресей үшін әлі тың, мүлде зерттелмеген қазақ жері, оны мекендеген халық қызығушылық тұғызды. Бұл халықтың тыныс-тіршілігін, мінезін, әдет ғұрпын, дінін, жерінің берер байлығын білу отарлық үкіметтің басты мақсаты болды. Сол себептен Қоғам қызметінің бастапқы кезенінде ұстанған позициясы осы сипатта болған еді. Алайда Қоғамның құрамында болған шенеуніктер мен ғалымдар ең алдымен ғылым үшін қызмет етті. Орыс Географиялық Қоғамы туралы зерттеулер ертеден-ақ басталған. Сондай зерттеу еңбегінің қатарына 1966 жылы жарық көрген Э. А. Масановтың «Очерк истории этнографического изучения казахского народа в ССР» кітабы жатады. Э. А. Масановтың бұл еңбегі Орыс Географиялық Қоғамының XIX ғасырда құрылу сәтінен бастап, дәлірек айтсақ 1845-1861 жылдар аралығындағы атқарған қызметі туралы мәлімет береді. Еңбек өте жоғары дәрежеде және автордың өзіндік сыни пікірімен жазылған. Бұны мысалы Қоғам мүшесі болған В. В. Григорьевтың атқарған еңбегіне байланысты кеңестік ғалымдардың пікрлерінің бір жерден шықпау мәселесінен көре аламыз. Масановтың этнография ғылымының шебер маманы А. И. Добромыслов пен А. Ю. Якубовксийдің Григорьев туралы өзі шынайы деп таныған пікірлерін келтіре кетіп, В. В. Григорьевтың қазақтардың тарихы мен тұрмысын зерттеуде үлкен еңбек сіңіргенін және қазақтарды басқарушы ретінде әділдігімен ерекшеленді деп өзінің қорытындысын берген [1. 139-б. ] . Сонымен қатар бұл еңбекте сол уақытта қазақ даласында болып өткен барлық экспедициялар, олардың жүргізген зерттеулерінің нәтижелері туралы толық, әрі құнды мәліметтер ала аламыз. Арал өңірінде жүріп өткен А. И. Бутаковпен пен А. И. Макшеевтың экспедициясы, 1850-1851 жылдары П. И. Небольсиннің Орынбор, Орал, Астрахань және көптеген қазақ ауылдарына жасаған сапарлары, 1856-1857 жылдары қазақ даласының оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарына П. П. Семенов Тянь-Шанскийдің сапары туралы Масанов терең сипаттама береді, сапар нәтижесінде жазылған ғылыми еңбектері жайлы айтады. Негізінен автор Географиялық Қоғамның қазақ даласын этнографиялық жағынан зерттеулері туралы неғұрлым көбірек жазады. Сонымен бірге Қоғам құрамында қазақ жерінде ашылған Орынбор, Түркістан, Семей бөлімшелерінің қызметі баяндалады. Автордың бұл еңбекті жазу барысында қазақ зиялыларының атқарған қызметі туралы шынайы мәлімет және әділ баға беруге тырысқандығын көре аламыз. Ол жағын Ш. Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Ш. Құдайбердіұлы, М. С. К. Бабаджанов еңбектері туралы баяндау кезінде көре аламыз. Әр бөлімнің атқарған қызметі, жергілікті өлкетанушылар мен зерттеушілердің жинақтаған мәліметтері сол жерді мекен еткен халақтың тарихы мен этнографиясы, археологиялық және сәулет өнерінің ескерткіштері жайлы құнды мәліметтер береді. Еңбектің ең соңында Масанов Орыс Географиялық Қоғамының жұмысына қорытынды береді және Ресейлік мекемелер қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын зерттеуде үлкен жұмыс атқарғанын, сондай-ақ сол уақыттағы прогрессивті орыс мәдениетін қазақ ауылдарына таратқаны туралы айтады.

Орыс Географиялық Қоғамы туралы мәлімет беретін келесі еңбек 1978 жылы баспадан шыққан В. З. Галиевтың «Ссыльные революционеры в Казахстане (вторая половина XIX века) » еңбегі. Бұл еңбек XIX ғасырда Ресей патшалығының саясатына кері әсер етуші деп танылған қазақ жеріне жер аударылған революционерлерге арналған. Олардың қатарына Е. П. Михаэлис, Г. Н. Потанин және тағы басқалары кіреді. Бұл адамдар өздерінің ауыр жағдайына қарамастан жергілікті халықпен тез араласып кетіп, оның тарихына, өміріне тұрмысына, табиғаты мен жеріне үлкен қызығушылық танытты. Бұл қызығушылықтарын өздерінің ізденістерінің жемісі болған ғылыми еңбектерінде баяндады. Олардың барлығын ортақ мақсат пен мүдде - ол ғылым жолында қызмет ету біріктірді.

Келесі сөзді А. С. Бейсенованың 1987 жылы шыққан «Первооткрыватели» кітабы туралы болмақ. Автор өз еңбегін қазақ даласына жасалған алғашқы экспедицияларға арнайды. Сонымен қатар басты назар осы экспедициялар жинақтаған материалдар мен тың жаңалықтарына аударылады. А. С. Бейсенованың осы төңірікте жазылған, 2001 жылы жарық көрген «Исторические основы географических исследований Казахстана» еңбегі жайлы айтатын болсақ, автордың бұл еңбегі алдыңғы еңбегінен өзгешелеу негізнен Қазақстан жерін географиялық жағынан зерттеуге көп көңіл бөледі. Сол салада Орыс Географиялық Қоғамының атқарған қызметі баяндалады.

Жұмыстың мақсаты. Курс жұмысының басты мақсаты осы таңда Орыс Географиялық Қоғамының Қазақстан тарихы үшін маңызды материалдарды бір жүйеге келтіру болып табылады.

Жұмыстың міндеттері . Жоғарыда аталған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер туындайды:

1. Орыс Географиялық Қоғамының 1845-1861 жылдарда атқарған қызметі туралы сипаттау;

2. Қоғамның Орынбор бөлімшесінің құрылуы мен жұмысына тоқталу;

3. Орыс Географиялық Қоғамының Түркістан бөлімінің ғалымдары мен өлкетанушыларының Қазақстанның оңтүстігіндегі халықты зерттеудегі жеістіктерін баяндау;

4. Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесінің құрылуы және Қазақстанның шығысын зерттеудегі орнын ашып көрсету.

Жұмыстың географиялық шеңбері. Қазақстанның қазіргі территориясының оңтүстігі мен оңтүстік-шығысын және Каспий мен Арал маңын, сондай-ақ шығысын қамтиды.

Жұмыстың хронологиясы. Жұмыс Орыс Географиялық Қоғамының 1845 жылдан бастап 1930 жылға дейінгі атқарған қызметі көрсетілген.

Жұмыстың әдістемелік негізі. Курс жұмысын жазу барысында келесі әдістер қолданылды:

1. Тарихи салыстырмалы

2. Тарихи типологиялық

3. Ретроспективті әдіс

4. Сан әдістер

Жұмыстың тәжірибелік маңызы. Курс жұмысының мәліметтерін гуманитарлық бағыттағы, соның ішінде тарих пәнінің мамандарын дайындауда пайдалануға болады. Сонымен қатар семинар, лекция сабақтарында, осы тақырыпта арнайы курс жүргізу кезінде қолдануға болады.

Жұмыстың құрылымы. Курс жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Жұмыстың қысқаша мазмұны. Жұмыстың бірінші бөлімі Орыс Географиялық Қоғамы деп аталады. Бұл бөлімде 1845 жылы Қоғамның құрылу сәтінен бастап 1861 жылға дейінгі қызметі жайлы айтылады. Бөлім Я. В. Ханыковтың Жетісу бассейнін зерттеуі мен М. И. Иваниннің Ішкі Бөкей Ордасы мен Маңғышлақты зерттеу жұмыстарынан басталады. Ары қарай А. И. Бутаков пен А. И. Макшеевтың, П. И. Небольсиннің, Г. В. Колмогоров пен П. П. Семенов Тянь-Шанский, В. В. Григорьев және тағы басқалардың қазақ жерін зерттеудегі жетістіктері туралы мәлімет беріледі. Бөлімде қазақтың бір туар ұлы, этнограф, ағартушы-демократ Ш. Ш. Уәлихановтың қызметі жайлы құнды мәліметтер келтірілген. Сонымен қатар бұл бөлімде Орыс Географиялық Қоғамының құрамында ашылған Орынбор бөлімшесінің қазақ жері мен халқын зерттеудегі орны жайлы айтылады. Орынбор өңірінде қызмет еткен орыс шенеуніктері мен өлкетанушылардың атқарған еңбегі өте зор екендігін көре аламыз.

Екінші бөлім Қазақстан тарихын зерттеудегі Орыс Географиялық Қоғамының дамуы деп аталады. Бұл бөлім толықтай Қоғамның құрамында қазақ жерінде ашылған Түркістан мен Семей бөлімшелерінің ғылыми ізденістері мен оның жемістері туралы айтылады. Түркістандық өлкетанушылар мен Семей өңіріндегі саяси жер аударылғандардың, сондай-ақ қазақ зиялыларының үлкен жұмысын осы бөлімде анық көре аламыз. Жалпы қорыта айтқанда, Орыс Географиялық Қоғамының қатарында болған мүшелерінің Қазақ тарихын зерттеудегі атқарған еңбегі өте зор. Сол уақытта жасалған зерттеулер бүгінгі тарихымыздың көптеген жақтарын оқып білуге мүмкіндік береді.

1. Орыс географиялық қоғамы

1. 1 Қоғамның 1845-1861 жылдардағы қызметі.

XIX ғасырдың ортасы орыс этнографиясы тарихында елеулі орын алады. 1845 жылы Ресейде Орыс географиялық қоғамы құрылады. Қоғам құрамында Этнография бөлімі ашылады. Бұл мекеменің 1845-1861 жылдардағы қызметі Ресейдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, орыс тарихнамасындағы буржуазиялық бағыттың және революциялық демократиялық ағымның дамуымен тығыз байланыста, реформа алдындағы жағдайда өтті (В. Г. Белинский, А. И. Герцен, Н. Г. Чернышевский, Н. А. Добролюбов) . Сол себептен осы жылдар Қоғамның және орыс этнографиясының тарихында ерекше кезең деп көрсетілді.

Орыс географиялық қоғамы өзінің қызметінің екі жылында орта азиялық Қос өзен аймағы мен Қазақ даласының географиялық және этнографиялық зерттелуіне үлкен көңіл бөлді. Сонымен қатар 1847-1861 жылдар аралығында ол қазақ халқы туралы көптеген материалдар мен зерттеулер нәтижелерін жариялады. Көбінде олардың авторлары Қоғам мүшелері және Қазақ даласында қызмет еткен шенеуніктер еді. Сондай-ақ бұл басылымдардың беттерінде алғаш рет XVIII ғасырдың аяғы және XIX ғасырдың басындағы орыс дипломаттары мен офицерлерінің кейбір еңбектері жарық көрді. 1846 жылы Орыс Географиялық Қоғамы Петербург және Орынбор мұрағаттарында сақталған материалдар бойынша Орта Азия географиясын құруға шешім қабылдады [1. 121-б. ] . Сол жылы Я. В. Ханыковтың ұсынысы бойынша Жалпы география бөлімі Қазақ даласының жаңа картасын жасауға кірісті. Орыс геграфиялық қоғамының қазақтар туралы жариялаған еңбектері ішінде Я. В. Ханыков пен М. И. Иваниннің мақалалары бар еді.

Я. В. Ханыков (1818-1862) талантты орыс географы және картографы, бес жыл бойында тек қана Қазақ даласының және Жетісудың бассейнінде жатқан елдердің географиясын зерттеуге арнады. 1839 жылы ол өзінің алғашқы «Географическое обозрение Оренбургского края» атты ғылыми жұмысын жазды. «Очерк состояния Внутренней киргизской орды в 1841 году» атты екінші жұмысы тарихи-этнографиялық бағытта жазылған және автордың өз ізденістерінің жемісі болып табылады. Бұл еңбекте Бөкей ордасының ішкі ру-тайпалық құрылымы, қысқы және жазғы тұрақтар орны, халық саны, саз және ағаш үйлердің саны, сауда жағдайы мен орда тарихы баяндалған. Сонымен қатар Ханыков «Карта земель киргизов Внутренней и Малой орды» (1845), «Карта Аральского моря и Хивинского ханства с их окрестностями» (1855) атты карталар жасады.

Орыс Географиялық Қоғамының келесі мүшесі М. И. Иванин (1801-1874) Орынбор аймағында кейбір үзілістермен 1835 жылдан 1855 жылға дейін қызмет етеді. Басында жергілікті корпустың офицері болып, кейін Ішкі Бөкей ордасының Уақытша кеңесінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Иванин жұмысының ең қызықтысы болып «Поездка на полуостров Мангышлак в 1846 году» атты мақаласы болып табылады [2. 156-б. ] . Мақалада сол уақытта аз зерттелген Кіші жүздің адай руы туралы этнографиялық мәліметтер беріледі. Автор Маңғышлақтың барлық бөліктерінде болып, суармалы жер өңдеуге және қазақтардың шөлді игеруіне көңіл бөледі. Иванинді қазақтардың рухани мәдениеті, қонақжайлылығы, ұлттық ойындары, болатын аурулары мен медециналық білімдері, діни сенімдері, ходжаларға табынуы қызықтырды.

Арал маңындағы қазақтар туралы қызықты және тың мәліметтерді 1848-1849 жылдары болған А. И. Бутаковтың (1816-1869) экспедициясы жинады. Бірақ бұл экспедицияны әскери ведомства ұйымдастырғанымен, ғылыми нәтижелерін Орыс Географиялық Қоғамы жариялады. А. И. Бутаков пен оның жол серігі А. И. Макшеев Арал маңының шығыс және оңтүстігіндегі қазақтар суармалы жер өңдеуге негізделген жартылай отырықшы, ал солтүстігінде - мал шаруашылығын жүргізумен өмір сүретінін анықтады. Олар Арал теңізінің тек қана Барса-Келмес аралын игерген еді. Бұл жерлердегі халықтың тұрмыс жағдайы өте нашар, кедейлік деңгейде екенін авторлар бірнеше рет атап көрсетеді. Табиғаттың сұрапыл жағдайы және хиуалықтардың үнемі болып отыратын шабуылдары жергілікті халықтың жағдайын одан бетер қиындатуда еді [1. 128-б. ] . Алайда, бұның барлығына қарамастан қазақтар саяхатшылардың хабарлауына қарағанда жер өңдеді, суармалы құрылғылар салды, өзендердің ескі салаларын тазартты, қолөнермен, саудамен айналысты.

Бутаковпен экспедиция құрамында болған Ұлы украиндық ақын Г. Г. Шевченко Арал теңізінің көріністері мен этнографиялық суреттер альбомын жасады. Қазіргі кезде Киев мұражайында сақталған ақынның суреттері келеселер: «Қазақ баласы пеш жағуда», «Қазақтар от алдында», «Қазақтар киіз үйде», «Қос-Аралдағы қазақ тұрағы», «Ат үстіндегі қазақ» [1. 130-б. ] .

А. И. Бутаков пен А. И, Макшеев еңбектері мен Г. Г. Шевченконың суреттерінің құндылығы болып мәліметтердің нақтылығы мен анықтылығында болып табылады. Бутаковтың ғылыми жұмысы өте құнды болып келеді. Ол Арал теңізінің нақты картасын жасады, Арал маңын табиғи -географиялық және этнографиялық сипатта зерттеді.

Қазақ даласына алғашқы ғылыми сапарды Орыс Географиялы Қоғамының қолдау көрсетуімен 1850 жылы этнограф П. И. Небольсин (1817-1893) жасады. 1850-1851 жылдарда ол Орынборда, Оралда, Астраханьда және көптеген қазақ ауылдарында болды. Саяхат барысынды Небольсин келешекте өзінің монографиялары мен ғылыми жұмыстарына негіз болған бай этнографиялық және статистикалық материалдар жинады. Солардың ішінде ең жоғары бағаға «Очерк торговли России с Средней Азией» еңбегі ие болды. Еңбектің «Караваны в степи» атты бір бөлімі қазақ халқының этнографиясына арналып, 1852 жылы жеке мақала болып басылып шықты. Сондай-ақ қазақтар туралы «Очерки волжского низовья», «Борьба у бухарцев, киргизов, башкир, и у калмыков», «Рассказы проезжого» (1854) еңбектері баяндайды [3. 214-б. ] . Өкінішке орай Небольсин өз материалдарын әр түрлі баспаларда жүйесіз түрде жариялаумен ғана шектелді.

XIX ғасырдың 50-жылдарында Орыс Географиялық Қоғамының қолдауы және қатысуымен Қазақ даласына бірнеше географиялық, статистикалық экспедициялар жіберілді. Жетісуда 1849 және 1851 жылдары қазақтардың тұрмысын, жерлеуін сипаттайтын материалдар жинақтаған тау инжинері А. Влангали саяхаттаған еді. Ертіс өзенінің бассейнінде болған С. И. Гуляев екі қызықты мақала жазып қалдырды. Біріншісі «О древностях, открываемых в Киргизкой степи» мақаласы. Бұл мақалада археологиялық ескерткіштер туралы болса, «Заметки об Иртыше и странах, им орашаемых» мақаласында географиялық және этнографиялық материалдар беріледі. Орал мен Алтайдың археологиялық ескерткіштерін 1853 жылы Э. И. Эйхвальд зерттеді. 1854 жылы Ішкі Бөкей ордасында Орыс Географиялық Қоғамының тапсырмасы бойынша этнографиялық материалдарды И. П. Корнилов жинады. «Статистическое обозрение Сибири» құнды еңбегін 1854 жылы Ю. А. Гагмейстер жарыққа шығарады [4. 115-б. ] .

Г. В. Кломогоров өзінің «О промшленности и торговле киргизских степях Сибирского ведомства» мақаласында (1855) қазақ үй тұрмысының және қолөнерін сипаттай отырып, алғаш рет қазақ қолөнершілерінің тұрмыс құрылымы, еңбек еңбек жағдайына көңіл аударады. Ол қазақтар арасында үш жыл болып, бұл сұрақтарды жақсы қарастырды. Алайда, өзі қонақта болған қазақ ақсүйектерінің мүддесіне орай Колмогоров таптық қайшылықтар өткірлігін және қазақ ауылдарындағы еңбекшілерді қанау жағдайын өз жұмысында үстірт баяндауға тырысты [1. 133-б. ] . Г. В. Колмогоровтың «О путях сообщения в киргизских степях Сибирского ведомства» (1859) еңбегі де маңызды болып табылады.

1856-1857 жылдары Қазақ даласының шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында атақты орыс ғалымы П. П. Семенов Тянь-Шанский (1827-1914) болып өтті. Оның басты мақсаты Тянь-Шаньды зерттеу еді. Семенов өзінің Тянь-Шаньдағы саяхаттары туралы толық есеп жазған жоқ болатын. Ол Географиялық Қоғамға бірнеше хаттармен және жазбалардың кейбір үзінділерін ғана жариялауға жіберген болатын. Бірақ елу жыл өткен соң өзінің мемуарларының екінші томында ол өзінің осы саяхатын толық баяндап береді. Семенов мәліметтерінің ішінде ерекше қызуғышылықты автордың өзі субарбитор болып қатысқан билер сотының сипаттаммасы туғызады. Саяхатшының сондай-ақ Жетсудың археологиялық ескерткіштері, Ұлы жүздің шығуы мен тарихы сияқты сұрақтар қызықтырады. Мысалы, ол албан мен дулаттар ежелгі Қытай жылнамасындағы үйсіндермен жақындастығы туралы болжам айтады [1. 133-б. ] . Тянь-Шаньға сапарының материалдарын және А. И. Левшиннің, П. И. Кепеннің, Е. В. Вельяминов-Зерновтың еңбектерін П. П. Семенов «Географическо-статистический словарь Российской империи» (1863-1885, 5 т. ) еңбегін жазуда кеңінен пайдаланады. Оның көп мақалалары қазақ халқына арналған еді («Киргиз-кайсаки и киргизы», «Большая орда», Внутренняя киргизская орда») .

Өкінішке орай біз қарастырып отырған жылдары Қазақ даласына арнайы этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылған жоқ. Ал географиялық экспедициялар этнография ғылымының талаптарын толық қанағаттандыра алмады. Сол себептен қалыптасқан жағдайды түзеу үшін Орыс Географиялық Қоғамы Түркістан аймағы мен Жетісуға және Орта Азияның этнографиялық тұрғыдан аз зерттелген аудандарына В. В. Радловты жібереді.

XIX ғасырдың ортасында Орынбор Петербургтен кейінгі Ресейде қазақ халқын этнографиялық зерттеулерінің екінші ірі орталығы болады. Көптеген орыс дипломатиялық сапарлар, әскери топографиялық отрядтар, ғылыми экспедициялар, сауда керуендері Шығысқа сапарларын осы жерден бастады. Белгілі болғандай патшалық шенеуніктер этнографиялық материалдарды қазақ даласын сәтті басқару үшін пайдаланып отырған. Мұрағаттарда жиналған бұл мәліметтер қазақтардың рулық-тайпалық құрылымы, олардың саны, мал шаруашылығы мен жер өңдеу туралы, дәстүрлері, жанұялық және құқықтық тәріптері, діни нанымдары туралы толық мәлімет береді.

Этнографиялық материалдар кей-кезде шенеуніктерімен тікелей ғылым үшін жиналды. 1857-1862 жылдар аралығында Орынборда Мәскеу және Қазандық мұражайлар үшін қазақ этнографиялық заттар жиналды [1. 135-б. ] . 1858 жылы 53-ші дистанциясының бастығы сұлтаны Сүлеймен Джигангерев Торғайдың бір ағысындағы ортағасырлық ғимараттың қирандаларына қазба жұмыстарын жүргізді. Орынборлық және Самар генерал-губернаторлығының шенеуніктерінің арасында өткен ғасырдың 50-жылдары жоғары білімді және ірі шығыстанушы ғалымдар болды. Солардың ішінде атақты орыс шығыстанушылары В. В Григорьев, В. В. Вильяминов-Зернов, Н. И. Ильминский, А. А. Бобровников бар еді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Орыс географиялық қоғамының тарихы
ИОГҚ мұражайының басшылары
Қазақстан және орыс зиялылары
Ш. Уәлиханов
Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды зерттеу қоғамы: құрылуы мен қызметінің тарихы (1920-1936 жж.)
Қазақстанда өлкетану тарихының дамуы
Зерттеу жұмысын жазу барысында соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі өзгерістерді негізге алдық
Елу жылда ел жаңа
Ғылыми мекемелер және қоғамдардың құрылуы
Қазақстанның оңтүстік-батыс өңірі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz