Әдебиет танытқыштың әлемдік әдебиеттану ғылым контексіндегі көрінісі


КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Бұл күндері жаңа Қазақстан құру жолында саяси жаңару мен жаңғыру мәселесі қоғамдық ортада жан-жақты қолдау табуда. Мемлекет басшысының Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру бастамалары мен идеялар тұжырымдамасының негіздері жалпы халықтың көңілінен шықты.
Қазақстан жұртын қатты қапаландырған «Қасіретті қаңтар» сабақтары қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың ортақ көзқарастарына, ұлт зиялыларының көшбастаушылық қызметі мен елтұтқа ерік-жігеріне де ауыр сын болғаны анық. Осындай қылкөпір жағдайда халықтың сөзін сөйлейтін ел серкелері мен жақсы-жайсаңдарын жан-жағымыздан алаңдап іздегеніміз рас.
Қоғамды тазарту арқылы әділетті қоғам құруда күрескерлік мінезі мен қайсарлық қасиеттері күшті, аузы дуалы адамдарға шынында да ауадай қажеттілік бар.
Ал мұндай текті жандар мен тегеурінді кісілер біздің қоғамда болған және олардың өмірлік өнегесі өшкен емес. Осындай ұлы тұлғалардың бірі болған, ұлт ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын әр қоғам талабы деңгейінде саралап, әсіресе, тәлімдік мақсатта қолданудың берері мол.
Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.
Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні - осы.
Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды.
Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.
Қазақстан - біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы - өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету - біздің перзенттік парызымыз.
Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын»[1], - деп, рухани бастауларымыздың маңыздылығын ерекше атаған болатын.
Ендеше қазіргі қоғам үшін «барды бағалай білетін, белсенді, жоғары моральды, әдепті де рухани байлығы мол адамдардың аса қажет»[2] болса, осы тұрғыда алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынов еңбектерін оқытудың өзектілігі тіпті тереңдей түседі.
Қай уақытта болмасын оқыту мен тәрбиелеу қатар жүруі қажеттігі уақыт тезінде дәлелденген. Ал, Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын кәсіби мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарында оқыту, болашақ мұғалімдерге педагогикалық ой-идеяларға жетелеу - келешектің үлесіндегі ең өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек.
Белгілі ақын, дарынды қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллиннің «Өзге оқыған қайраткерлер атақ қуып жүргенде, ұйқыдағы қара халықтың жоғын жоқтап, мұң-мұқтажына көңіл бөлген Патшалық Ресей заманында бір ғана тұлға болды, ол - Ахмет Байтұрсынұлы болатын» - деген пікірі, сол заманды көзімен көріп, көңіліне тоқыған адамның шын көңілінен шыққан ақиқат еді. Қилы заманның небір қитұрқы жауыздығы мен саясаттың құрбаны болған Ахмет Байтұрсынұлы - бүгінгі біздер, келер ұрпақ мақтаныш етер кемеңгер тұлға. Алаш ардақтысының әр салада істеген ісі, тәуекел әрекеттері, ұлтына деген қалтқысыз сүйіспеншіліктің куәсіндей болғаен еңбектері мен шығармашылық мұрасы - бүгінгі күн мен келешек қоғам ұрпақтарын тәрбиелейтін мәңгілік шамшырақ, үлкен аманат. Осы аманнатты көзіміздің қарашығындай қорғап, жан-жақты зерттеу - өзекті мәселелердің бірі.
Жаңа әлемге бет алған Жаңа Қазақстанымыз үшін дүлей заманның аласапыран дауылына қарамай, жеке мемлекет құрамыз, ұлт ретінде сақталамыз деген алаш арыстарының ұшан-теңіз еңбегі өте қажет. Бүгінгі көшбасшы ұландарымыз осындай арыстарымыздың рухында тәрбиеленуі тиіс. Сол кездің өзінде -ақ, Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақ зиялылары қазақтың шекарасын бекітіп, керегесін кеңейтіп, әдебиетінің іргесін қалады, ұлттық мәдениетін дамытты.
Ахмет Байтұрсынов - ұлты үшін құрбан болған ардақты тұлғалардың бірі, дарынды ақын, көрнекті ғалым, тілші, әдебиеттанушы, реформатор, қоғам қайраткері, педагог, қазақ терминологиясының негізін салушы. Осылардың ішінде, ұлттық әдебиеттануымыздың негізіне айналған «Әдебиет танытқыш» еңбегінің маңызы өте зор.
1926 жылы сол кездегі астана Қызылордада арнайы тексерістен өтіп, Ташкентте басылған «Әдебиет танытқыш» - ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы деңгейін көрсететін алғашқы әрі іргелі зерттеу болды. Зерттеудегі жазудағы мақсатын зиялының «Қазақта бай әдебиет бар, соның асыл мақсұтын таныту» деген пікірімен тұжырымдауға болады.
Ахмет Байтұрсынұлының бұл еңбегі де алаш зиялысының өзіндей тағдыр талқысына түсті. Кеңестік саясаттың қолына түскендері өртеліп, жыртылды. Дегенмен, сол уақыттағы қорқыныш-қатерге қарамай, келер ұрпақ үшін аса бағалы еңбекті сақтап қалғандар да болды. Соның нәтижесінде, бүгінде ұлттық әдебиеттануымыздың іргетасына саналатын еңбекпен қауышып отырмыз. Соңғы зерттеулерде «Әдебиет танытқыш» еңбегінде автордың кейбір ойлары аяқталмай қалған немесе еңбектің кейбір парақтары жыртылған десе де, бүгінгі әдебиеттануымыз үшін қымбат қазына болып отыр.
Ұлт ұстазының терең кемелдігі мен ақыл ойынан туған зерттеу еңбекте ұлттық әдебиеттану ғылымының түйткілді және ғылыми мәселелері жан-жақты түсіндіріледі. Автор көркем өнер туралы қисын-ережелермен қазақтың телегей-теңіз рухани мұрасын талдап бере алды. Ұлт әдебиеті ерекшелігін, сипатын, өрісін көрсете білді. Сол себепті бұл зерттеуді әлемдік құндылық деп бағалаймыз.
Әдебиет танытқышта автордың әлемдік теоретик-ғалымдарының, әсіресе Аристотель, Әл-Фараби, Лотман, М. Бахтин, т. б. тұлғалардың өнер, көркемсөз туралы ой-пайымдарымен, сондай-ақ, өзімен қатар көптеген орыс және шетелдік әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектерімен терең танысқандығын, озық идеяларымен жетілдіріп, ұлттық сипатта талдап бергендігін байқаймыз.
Осы тұрғыдан алғанда, Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын жоғары оқу орындарында оқытудың жаңаша әдістемесін көрсету, жалпы ұлттық әдебиеттанудың өзекті мәселелерін ғылыми негіздеп отыру мәселесі - бүгінгі күннің аса көкейкесті тақырыптарының бірі екені даусыз.
Өткен ғасырдың 20-30 жылдары ұлтымыз үшін қалтқысыз еңбек еткен Алаш зиялыларының ұлағаты мен өнегесіне деген қоғамның сұранысы зерттеу жұмысымыздың тақырыбын «Жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын оқыту» деп атауымызға негіз болды.
Зерттеу пәні. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегі.
Зерттеу болжамы. Егер жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов секілді алаш азаматтарының шығармашылығы кеңінен енгізіліп, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері негізінде оқытылып, жаңаша сұранысқа сай жетілдірілген жағдайда, студенттердің төл әдебиетінің құдіретін терең сезінуімен қатар, ұлттық құндылықтарды өз бойына сіңірген жеке тұлға ретінде қалыптасуына толыққанды жағдай жасалар еді.
Әрине, сөз өнері - өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, қанаттандырудың негізгі арнасы екендігі сөзсіз.
Зерттеу жұмысының мақсаты болып жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын оқытудың «Әдебиет танытқыш» еңбегі негізінде педагогикалық шарттарын анықтау алынды.
Зерттеу жұмысының міндеттері:
1. Әлемдік әдебиеттану ғылымына сипаттама беру, оның ішінде «Әдебиет танытқыш» еңбегінің ұлттық ғылымдағы маңызын зерделеу;
2. Ахмет Байтұрсыновтың әдебиеттанушы ғалым ретіндегі ғылыми жаңашылдығын негіздеу;
3. Жоғары оқу орындарында Ахмет шығармашылығын оқытудың педагогикалық тұғырларын сипаттау;
4. «Әдебиет танытқыш» еңбегі бойынша инфографиялық оқу құралдарын әзірлеу;
5. «Әдебиет танытқышты» оқытудың әдістемесі бойынша оқу-тәжірибелік жұмыстар жүргізу.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы :
Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын жоғары оқу орындарында оқыту арқылы студенттерді жан-жақты рухани қаруланған маман ретінде тәрбиелеудің теориялық негіздері айқындалды;
Жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын оқытудың ғылыми-әдістемелік негізі көрсетілді;
Жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын оқытудың тиімді педагогикалық қырлары айқындалды;
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңыздылығы. Ғылыми-зерттеу жұмысында тұжырымдалған жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын оқытудың педагогикалық шарттарын жаңа білім мазмұнын жетілдіруде, қазақ әдебиетінің ұлттық мазмұнын тереңдетіп, студенттер мен оқушының ұлттық тұрғыда тереңнен қанаттанып, рухтануын арттыру мақсатындағы әдебиет сабақтарында ескеруге болады.
Жұмыстың нәтижелері мен тұжырымдарын орта, арнайы, жоғары мектептерге оқулықтар, оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ жоғарғы оқу орындарында қазіргі әдебиетті оқыту процесінде, арнайы курстар мен семинарлар жүргізгенде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
Жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын оқытудың теориялық негіздері мен педагогикалық шарттары.
Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы - білім алушыларды ұлттық тәрбиемен қаруландыратын, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыратын мазмұндық-тәрбиелік құрылым.
Жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынов шығармашылығын оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері мен нәтижелері.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздерін айқындап, теориялық тұрғыда дәйектеуде көрнекті әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеулері мен көркем әдебиет пен ақын-жазушылар шығармашылығының тұлға қалыптастырудағы өзіндік үлесі дәйектелген монографиялық еңбектері, халық педагогикасындағы жетекші ұстанымдар мен оқытудың жаңаша идеялары басшылыққа алынды. Атап айтатын болсақ, әдебиеттану бағытындағы М. Әуезов [2], Қ. Жұмалиев [3], З. Қабдолов [4], Р. Бердібаев [5], М. Атымов [6], Т. Кәкішев [7], С. Қирабаев [8], Р. Нұрғали [9], Ж. Дәдебаев [10], Қ. Әбдезұлы [11], Б. Майтанов [12], З. Бисенғали [13], С. Негимов [14], А. Ісмақова [15], Т. Рахымжанов [16], Ә. Бөпежанова [17], тағы басқалардың зерттеулеріндегі ой-тұжырымдарға сүйенсек, педагогикада Т. Тәжібаев[18], Қ. Жарықбаев[19], Қ. Бөлеев[20], М. Көккөзова[21], А. Құдиярова[22], М. Ахметова[23], Қ. Ыбырайымжанов[24], Т. Әлсатов[25], С. Қалиев[26], С. Ұзақбаева[27], М. Абдукаримов [28], М. Елубаева[29], М. Түсіпбекова[30], Ж. Бекмағамбетов[31], М. Жұбанова [32], К. Құнантаева[33], Н. Абишева[34], т. б. зерттеулеріндегі басшылыққа алынған әдіс-тәсілдерінен үйрендік. Сондай-ақ, А. Байтұрсынұлының теоретиялық ұғым-түсініктерін әлемдік контексте талдауда алыс-жақын шетел ғалымдары, т. б. ой-пікірлері арқылы дәйектедік.
Зерттеу әдістері. Зерттеу тақырыбына қатысты ғылыми-теориялық, әдістемелік еңбектерді талдау, зерделеу, сараптау мен талдап-қорыту, озық іс-тәжірибелерді пайдалану, т. б. әдістері қолданылды.
Зерттеудің байқаудан, сыннан өтуі, тәжірибеге енгізілуі. Магистрлік диссертациялық жұмыстың теориялық мәні мен мазмұнының тұжырымдары республикалық журналда мақала түрінде жарияланып, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда тыңдалды.
Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспе, негізгі екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
- «ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ» ЕҢБЕГІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ«Әдебиет танытқыштың» әлемдік әдебиеттану ғылым контексіндегі көрінісі
Әдебиет - кең ұғым. Ол жазба мәтіндердің әртүрлі типтері мен жанрларын қамтиды. Әдебиеттану - көркем әдебиет, оның шығу тегі, мәні мен дамуы туралы ғылым. Қазіргі әдебиеттану - күрделі де қозғалмалы пәндер жүйесі. Әдебиеттанудың негізгі үш саласы бар. Әдебиет теориясы әдебиеттің құрылысы мен дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейді. Әдебиет тарихының пәні - ең алдымен әдебиеттің үдеріс ретіндегі өткені немесе осы процестің бір сәті ретінде. Әдебиет сынын әдебиеттің салыстырмалы түрде «бүгінгі» жағдайы қызықтырады. Сондай-ақ өткен дәуір әдебиетін қазіргі қоғамдық-көркемдік мәселелер тұрғысынан түсіндірумен айналысады.
Қазіргі әдебиеттануда Горбачевтің «жариялылық» және «қайта құру» дәуірінен басталған ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарындағы әдебиетті қалай атауға болады деген қажеттілік барған сайын күшейе түсуде. Әрине, оны шартты түрде Хрущевтің «жылымығы», Брежневтің «тоқырауы», идеологиялық серпіліс» деп атап жүрміз. Дегенмен, әдебиет пен онымен тығыз байланысты әдебиеттану үшін бұл, өте маңызды тарихи кезең болды. Жалпы ұлттық әдебиеттану үшін ең келелі зерттеулер жүргізілген, өзекті мәселелердің оң шешімін тапқан, бастысы ақтақтаңдар ашылып, арыстарымыздың оралған дәуірі болды.
Ал, әлемдік әдебиеттану әдебиеттану ғылымының өткен кезеңі туралы айтатын болсақ, антикалық заманнан бастау алады дегенімен де, әдебиеттанушы ғалым З. Қабдоловтың пікірінше: «Дұрысында адам баласының көркемдік талғамының алғашқы белгілері грек өркениетінен ондаған ғасыр бұрын, Нил мен Нигер, Хуанхэ мен Янцзы, Инд мен Ганг, Tигp мен Евфрат жағалауларын мекендеген көне халықтардың рухани өмірі мен өнерінен пайда болған.
Вавилон жұртының «Көрмегені жоқ кісі туралы» дастаны немесе көне үнді халқының «Ригведа», «Махабхарата», «Рамаяна» жырлары тәрізді еңбекші бұқараның жер бетінде тұңғыш туғызған әдеби ескерткіштерге бақсақ, адам баласының сөз өнері, соған сабақтас көркемдік пен көріксіздік, ерлік пен ездік, жақсылық пен жамандық» білімдарлық пен надандық туралы талаптары мен талғамдары тіпті б. э. б. 3-2 мыңыншы жылдарда туып, тұрлаулы ұғымға айнала бастағанын аңғарамыз»[35, 53б. ], - дейді.
Шындығында, әдебиет туралы ғылымның даму тарихы тым тереңде. Әдебиет тарихы, әдебиет теориясы мен әдебиет сыны деген негізгі үш және жанама салаларға бөлініп қарастырылатын сөз өнерінің теориялық қисындарының ғылыми негізделуінде бірқатар еңбектердің орны ерекше. Атап айтатын болсақ, бастауында грек ойшылдары Сократ пен Платонның еңбектері, Аристотельдің «Поэтикасы», әл-Фарабидің «Ырғақтарды топ-топқа бөлу», «Поэзия өнерінің канондары туралы, «Поэзия өнері туралы», т. б. трактаттары болса, орта ғасырда Д. Дидроның «Драмалық поэзия туралы», Г. Гегель «Эстетика», Г. Лессинг «Лаокон немесе бейнелеу өнері мен поэзияның шекарасы», Ю. Лотманның «Поэтикалық тексті талдау», «Көркем текст құрылымы», т. б.
Кез-келген халықтың болмасын сөз өнері оның рухани мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктерімен тығыз байланысып жатады. Сол себепті де, әдебиет пен эстетика, халықтың талғамы бір-бірінен көрініс тауып отыратыны ақиқат. Олай болса, әдеби теориялық дамуда А. Байтұрсыновтың «Әдебиет теориясы» еңбегі де әлемдік әдебиеттануда өзіндік орны бар зерттеу.
Оның ішінде, әдебиет теориясының негізін қалаушылар болып саналатын атақты Платон, Аристотельдің «Поэтикасы» мен әл-Фарабидің «Поэзия өнері туралы трактат» еңбектерімен салыстырмалы түрде қатар тұра алатын, әдебиеттің теориялық ұғым-түсініктері ғылыми негізделген еңбек деп бағалауға лайықты. Сөзіміз дәлелді болу үшін аталған еңбектерге қысқаша тоқтала өтсек.
Ғылыми тұрғыда түйіндейтін болсақ, әлемдік әдебиеттанудың, оның ішінде, теориялық тұжырымдардың бастауында Аристотель мен Әбу Наср әл-Фараби еңбектері тұр. Аристотельдің «Поэзия өнері туралы» трактатының, басқа да ежелгі дәуір эстетикасы туралы жазған еңбектерінің танымдық қуаты мол болып табылады. Әбу Наср әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактатының» жалпы әлемдік әдебиеттанудағы маңызы зор. Ал өткен ғасыр еншісіндегі әлемдік әдебиеттану ғылымына зер салсақ, Р. Уэллек пен О. Уорреннің «Әдебиет теориясын» (1949) ерекше атауға болады. Ал, орыс әдебиеттану ғылымында Б. В. Томашевский, Л. И. Тимофеев, Ю. Лотман, М. М. Бахтиннің еңбектері (1895-1975) ерекшеленеді.
Әдебиет теориясы туралы ой-пікір, көзқарастар ерте заманнан бері айтылып келеді. Көркем әдебиеттің өзіне тән ерекшеліктеріне, оның даму зандарына біздің жыл санауымызға дейінгі заманның ойшыл ғалымдары да көңіл аударып, кейбіреулері терең ғылыми пікірлер айтты. Әдебиеттің теориясы туралы ең алғашқы үздік еңбек ескі грек елінің философы Аристотельдің «Поэтика» кітабы болды (біздің жыл санауымыздан бұрынғы IV ғасырда) . Аристотель өзінен бұрынғы философ, теоретиктерден әдебиет мәселелеріне басқаша қарады. Әдебиеттің қоғам тіршілігіне керектігін жоққа шығарып, оны «мәңгілік идеяның» көлеңкесі деп түсіндіретін идеалистік көзқарастарға қарсы, әдебиет нақты өмір шындығының сәулесі, әдебиеттің басты мәселесі - адам және ол өмірді таныту, тәлім-тәрбие беруді негізгі нысанасы етеді деген тәрізді материалистік пікірді ұсынушы бірінші адам Аристотель болды. Ол искусствоның бір түрі поэзияның ерекшеліктерін көрсетуші де, оның ғылымнан айырмашылығын бірінші рет түсіндіруші де Аристотель. Ол поэзияның тегі: эпос, лирика, драмаға жалпылап болса да сипаттамалар берді. Драмалық жанрдың бір түрі трагедия, оның суреттеу үшін алған өмір құбылысы, қаһармандары және алға қоятын мақсат-міндеттері жөнінде айтқан терең пікірлерінің мәні зор. Әрине, Аристотельдің көзқарасында материализмді идеализммен шатастырып ала берушілік сықылды өзіне тән қайшылықтар да бар. Әйтсе де оның «Поэтика» атты кітабы өз дәуірінде әдебиетке теориялық негіз, әдебиетті зерттеу үшін болашаққа жол салған еңбек.
Көп уақыттар бойы Аристотельдің «Поэтикасы» әдеби-теориялық ой-пікірдің ең биігі саналды. Оның себебі Аристотельдің бұл еңбегі ескі грек елінің Гомер, Эсхил, Софокл, Эврипид, Аристофан тәрізді ұлы ақын, драматургтарының жазушылық тәжірибесіне негізделгендігінен, өзінің теориялық көзқарасын, талдауларын сол құнды әдеби материалдарға сүйенгендігінен еді. Ол жазушылардан қалған қымбат мұралар кейінгі ғасырларда да өзінің мәнін жоғалтпады. Бұл Аристотельдің, әдебиет теориясы жөніндегі еңбегін өте құнды еткен ең негізгі жайттың бірі болды.
XIII ғасырға дейін, 1256 жылы Герман Алеманн Аверроэс нұсқасын латын тіліне аударғанша, трактат туралы ешкім білген жоқ, бірақ бұл аударма нұсқасында шығарма көп өзгерістерге ұшырады. 1278 жылы М. Вильгельм трактатты латын тіліне аударды. 1498 жылы Джорджо Валл да өзінше латын тіліне аударды.
«Поэтиканың» грекше үлгісі 1508 жылы венециялық Альд Мануция баспа үйінде басылып шығады. 1537 жылы «Поэтика» мәтіні Венецияда грек пен латын тілінде қатар, Алессандро Пацци аударған нұсқада жұрт қолына тиеді.
Аталған еңбек 1508 жылы басылғаннан бастап, осы күнге дейін 160 рет басылып шықты. Ал, бұл зерттеу еңбегінің құндылығы мен ғылыми маңызы туралы зерттеулер мен мақалалардың саны 1000-нан асты. «Поэтика» европаның барлық тілдеріне аударылған. Бір орыс әдебиетінде «Поэтиканы» Б. И. Орда (1854), В. И. Захарова (1885) және В. Г. Аппелрот (1893) аударған. Алайда, біз бүгінгі таңда басшылыққа Н. И. Новосадтың аудармасын басшылыққа аламыз. 1978 жылы М. Л. Гаспаров аударса да, 1927 жылғы Н. И. Новосадтың аудармасының қолданыста болуы - түпнұсқаға өте жақын Аппелроттың нұсқасындағы кейбір түсініксіз жерлер осы Н. И. Новосадтың аудармасында толығымен жөнделді. Негізіне В. Кристаның нұсқасын алған Н. И. Новосад аудармасы Аристотельдің «Поэтикасының» бүгінгі ғылымдағы баламасы деп айтуға болатын еңбек[36] .
Негізінен алғанда, «Поэтика» - Аристотельдің өмірінің соңғы жылдарында оқыған дәрістері. Автордың оны өңдеуге уақыты болмаған. Сол себепті де, бұл еңбекте автор өздерінің ой-толғамдарын асығыс жазған, әрбір сөзді талғап беруге ұмтылмаған, қарапайым түсіндіруге тырысқан. Аристотельдің поэтикасы бізге бүлінген түрде ғана емес, толық емес түрде жеткен. Аристотель кітабының басында поэзияның түрлері туралы айтатындығын жеткізгенімен, трагедия мен эпос туралы ғана жазбалар бар, комедия жайлы тек бір-екілі ғана пікірлер ұшырасады. Ежелгі заман ойшылы Диоген Лаертес және басқа ежелгі авторлардың еңбектерінде көрсетілгендей, «Поэтика» тек бір кітаптан ғана емес, үш бөлімнен тұрған.
Аристотель өз кітабында шағын материалдардың өзін терең поэтикалық талдаулармен береді. Грек ауыз әдебиетінің үлгілерін талдай отырып, көрнекті ақындардың керемет таланты мен әлсіз дарындарды салыстыра отырып, теориялық түйіндеулер жасайды.
Аристотель теорияның алғашқы зерттеушісі болған жоқ, ол өзіне дейінгі ежелгі грек философтарының тұжырымдарына сүйенді. Ойшылдың ой-түйіндеулері өміршең сипатқа ие болды, өйткені, ол өзі сүйетін, жақсы білетін грек әдебиеті негізінде талдаулар жасады. Бұл оның құндылығын арттырды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz