Ғұмар Қараштың өмір жолын көрсету


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ

СЕКЦИЯ: Қазақ әдебиеті

Тақырыбы:

Ақтөбе қаласы, №2 ЖОББМГ, 10 «Ә» сынып оқушылары: Төреханова Инкар, Сагындыкова Акнур

Жетекшісі: Якупова Роза Тубасовна

№2 ЖОББМГ қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ақтөбе қаласы, 2023 жыл

Мазмұны

Аннотация

  1. Кіріспе
  2. Негізгі бөлімҒұмар Қараштың қоғамдық-саяси және құқықтық көзқарастарының қалыптасуыҒұмар Қараштың өмірі мен қызметі. Ақын шығармашылығындағы тарихи кезеңАқынның қоғамдық-саяси ойлары

Зерттеу бөлімі

Қарашева Надежда Бұрханқызы - Ғұмар Қараштың туған немересі

3. Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

ХХ ғасырдың басы - қазақ қоғамындағы, қоғамдық-саяси ой-пікірлердің жаңғыру, жаңару кезеңі болды. Қазақ халқының ояну дәуірі болып саналатын осы уақыт кезеңінде қалыптасқан қоғамдық-саяси ой-пікірлер еуропалық даму жолын көздеген қазақ зиялыларының пайда болуына игі әсер етіп, өз жұртын соңынан ерткен көрнекті саяси қайраткерлерді тарих сахнасына шығарды.

Сонымен бірге ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясында кең орын алған қоғамдық-экономикалық қатынастардағы өзгерістер қазақ қоғамына да зор әсерін тигізіп, ұлттық интеллигенцияның өкілдері әртүрлі салада пайда болды. Алайда түркі халықтарының ұлттық интеллигенциясының өсіп өркендеуі қиын жағдайда жүрді. Себебі бір жағынан уақыт өткен сайын қоғамдық қатынастар аяқтан тартып, екінші жағынан халықтың дәстүрлі ұлттық мәдени құндылықтарының сақталуына және дамуына қауіп төнді.

Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімде ғұмыр кешкен ұлы ойшылдардың еңбектерін оқуға, зерттеуге тыйым салынады, тіпті есімдерін атаудың өзі қылмыс санатына жатқызылды. Еңбектері еш, өмірлері сор, өшіп барып, қайта халыққа оралған қайраткерлерді зерттеу, насихаттау - тәуелсіздіктің басты міндеттерінің бірі.

Тақырыптың өзектілігі.

Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі Алаш қозғалысы, оған қатысқан қазақ зиялыларының өмірімен тығыз байланысты қаратыруды қажет етеді. Өйткені ХХ ғасырдың басында ұлт азаттық қозғалысқа қатысқан интеллигенция өкілдерінің дені ұлттық мәселені шешуді бірінші орынға қойған еді. Осы мақсатта бүкіл қазақтың зиялылары мүмкіндіктерінше құлшыныс жасады.

Ғылыми жобаның мақсаты мен міндеттері. Қазақ рухани мәдениетінде өзіндік орны бар ақын Ғұмар Қараштың әдеби мұрасына талдау жасау мен шығармашылығындағы қоғамдық-саяси ойларын анықтау жұмыстың мақсаты. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылды:

  • Ғұмар Қараштың өмір жолын көрсету;
  • Ақын шығармашылығына талдау жасау;
  • Ғұмар Қараш еңбектеріндегі оқу ағарту ісінің дамуы мәселелерін зерттеу;
  • Ақын шығармашылығындағы теңсіздік мәселесіне талдау жасау.

Ғ. Қараштың өмірін насихаттау ісіне өз үлесімді қоссам деген ойдың жетегінде аталмыш тақырыптағы зерттеу жұмысын қолға алдым.

Ғылыми жобаның зерттелу деңгейі.

Ғұмар Қараштың шығармашылығын зерттеуге, тіпті атын атауға Кеңес өкіметі барлық Алаш Орда қайраткерлеріне сияқты қатаң тыйым салды. Ақын туралы зерттеулер тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрді.

Ғұмар Қараш қоғамдық-саяси және құқықтық көзқарастарының қалыптасуы жайында еңбек қалдырған Қ. Аллабергеннің «Отарлау саясатының ойрандары»[1],

Жалпы Алаш қозғалысы тақырыбы бойынша жаңа әдістемелік және теориялық деңгейде ой-тұжырымдар жасаған көрнекті ғалым К. Нүрпейісов «Алаш һәм Алашорда»[2] көрсеткендей, 1930 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың соңына дейін отандық тарихнамада Алаш қозғалысына байланысты зерттеулер жүргізілмеді. Осының әсерінен жарты ғасыр бойы Ғ. Қараштың аты аталса, тек идеологиялық жау тұрғысынан ғана аталуы тиіс болды. Қ. Ә. Жиренчин «Политическое развитие Казахстана в ХІХ - начале ХХ веков»[3] . Бұл еңбектерде ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси өзгерістер сипатталған.

Ғұмар Қараш тұлғасымен таныстыру мақсатында Қабибола Сыдиықұлының «Халқымен қайта табысқан»[4] еңбегі жазылған. Бұл мақалада автор көбіне адамдардың естеліктері арқылы жазуға тырысқан. Мақалада ақынның өмір жолы сипатталады.

С. Өзбекұлының 1998 жылы жарық көрген «Арыстары Алаштың»[5] еңбегінде «Ғұмар Қараш Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы дамуы кезеңінде қоғамдық-саяси және құқықтық ой-пікірге ерекше, молынан үлес қосып, артына өшпес із қалдырған ірі тұлға» деп бағалайды, М. Тұрғынбайдың «Ғұмар Қарашұлы»[6] еңбектерінде ақынның өмір жолы баяндалған. Және де көптеген әдебиеттерде Ғұмар Қараштың дүниеге келген уақытын осы еңбектегідей 1876 жыл деп белгіленеді.

С. Мұқановтың «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті»[7] еңбегінде Ғұмар Қарашқа үлкен орын берілген. Бірақ бұл еңбекте Сәбит Мұқанов ақынның шығармалары мен ой-пікіріне сын көзбен қараған.

Ө. Әбдиманұлы «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті»[8],

А. Исмайлов пен С. Өзбекұлының «Ғұмар Қараштың қоғамдық-саяси және құқықтық көзқарастары»[9], С. Жұмағұл «Ғасырына өң берген Ғұмар Қараш»[10] .

Соңғы жылдары ұлт қайраткерінің ақындығы, өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектермен қатар Ғұмар Қараштың саяси-құқықтық көзқарасы жөнінде ғылыми тұжырымды пікірлер жазылған ғылыми зерттеулер жарық көрді. Бұл орайда әдебиеттанушы ғалым М. Тәжімұратовтың «Ғұмар Қараш»[11], «Біз білмейтін Ғұмар Қараш»[12] еңбектерінде ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуде үлкен үлес қосты. Ә. Дербісәлин «Қазақтың октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті»[13], Б. Аташ пен Қ. Әлжан «Ғұмар Қараш»[14], И. Кенжалиев «Ғұмар Қарашұлы туралы жаңа деректер»[15] С. Ысмағұлова «Қиын да сұлу тағдыр»[16] И. Нәсекенұлы «Арысымызды ардақтай білген абырой болар»[17]

И. Мадановтың «Кіші жүз шежіресі»[18] еңбегінде ақын тамырының қалай таралғаны көрсетілген. В. Викторин «Бөкей ордасына көшіп келген рулар»[19] еңбегінде Ғұмар Қараш шыққан ноғайқазақ руының қысқаша тарихы жазылған.

Р. Жанғожин, Р. Созақбаев жазған «Қайраткер Ғұмар Қарашев»[20] мақалада ХХ ғасырдың бас кезіндегі оқу-ағарту ісіне Ғ. Қараштың атсалысып, атқарған еңбегі баяндалады.

Сонымен қатар ақын жайында американдық ғалым Т. Виннер «Устное творчество и литература казахов Русской Центральной Азии»[21] еңбегінде мәліметтер келтірілген.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылған бірқатар ғылыми еңбектерде зерттеушілердің Ғ. Қараштың қоғамдық-әлеуметтік қызметіне көңіл аударғаны байқалады. Мәселен, С. Зимановтың кеңестік ұлт мәселелеріне байланысты зерттеулерінде, «В. И. Ленин и советская национальная государственность в Казахстане»[22] атты еңбегінде ХХ ғасырдың 20 жылдары Ғ. Қараштың қызметін сипаттайды.

С. Өзбекұлы «Абай және адам құқы»[23] еңбегінде Ғұмар Қараштың шығармашылығын, ХІХ ғасырдың ғұламасы - Абаймен салыстырып, екеуінің ойлары бір жерден шығатынын көрсетеді.

Ғұмар Қараштың қоғамдық көзқарастарының қалыптасуында ерекше әсер еткен 1905-1907 жылғы революция И. Кенжалиев «Батыс Қазақстанның қасіретті жылдары»[24] еңбегінде сипатталады. Осы төңкерістен кейінгі Ғ. Қараштың өміріндегі өзгерістер осы еңбекте орын алды.

Ғ. Қараштың өмірі мен шығармашылығына қатысты мол дерек қорын қалдырған - зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов. «Ғұмар Қараш»[25] еңбегіндегі деректерді Москва, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы, Астрахань, Алматы қалаларындағы мұрағат қорларынан жинақтады. Зерттеуші Е. Ысмайлов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті»[26] еңбегінде «Ғұмар Қараш көзі ашық және әртүрлі саланы оңай меңгереді» деген пікір қалдырған.

Ғұмар Қараштың дүниеге келуі құпияға толы, сонымен қатар оның өлімі жайында И. Кенжалиев «Ғұмар Қарашты кім өлтірді»[27] еңбегінде өз ойымен бөліседі.

Ғылыми жоба құрылымы. кіріспеден, негізгі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

2. Негізгі бөлім

Ғұмар Қараштың қоғамдық-саяси және құқықтық көзқарастарының қалыптасуы

  1. Ғұмар Қараштың өмірі мен қызметі.

Бізге жеткен деректерге қарағанда, Ғұмар Қараш 1876 (кейбір деректерде 1875 жыл) жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасының Қырқұдық ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген[4, 3б. ] . Ғұмар Қараш жайындағы зерттеулерге негіз болған С. Мұқановтың «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» деген еңбегі[7] . Себебі ең алғаш ақынның өмірі мен шығармашылығы сол кітапта қысқаша жазылған. Ал ол туралы мәліметтер қайдан, қашан алынғаны көрсетілмеген. Сол мәліметтердің сипатына қарағанда елден естіген ауызекі әңгіме болу керек. Ақынның туған жылының әртүрлі келтірілуі осы себептен болар. Мақсат Тәжімұратов бір мақаласында «Біз Ғұмар Қарашты әлі күнге шейін жөнді білмейміз. Тіпті туған жылын да дәл айта алмай жүрміз»[12, 8б. ] - деуінде мән бар. Осы күнге дейін ақынның туған жылы әр деректе әртүрлі айтылып келеді.

Шежіре бойынша, Ғұмардың руы - Кіші жүз құрамына кіретін ноғайқазақ. Кіші жүз шежіресін түзуші, тарихшы Х. Мадановтың пікірінше: «Кіші жүзде Әлімұлы, Байұлы, Жетіруға кірмейтін Ноғайқазақ руы бар. Ол ертедегі ноғайлы елінен бөлініп қалған Орақ Мамай, Қазтуғанның тұқымдары»[18, 14б. ] .

Осы Ноғайқазақтар басым орналасқан аймақ, яғни Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылының тұрғындары арасында Еділ-Жайық бойындағы ұлттар тарихын зерттеуші ғалым В. Викториннің жүргізген зерттеу нәтижесінде: «Ноғайқазақтар өздерін біз таза қазақпыз, бабаларымыз ғана ноғай болған»[19, 32б. ] , - деп санаған.

Ғұмар Қараштың немересі Нәдия Қарашева жасаған ата-тек кестесі бойынша зерттеуші М. Тәжімұратов Ғұмар тегін былайша тарқатады: «Ноғайқазақ іштей: Қояс, Қазанқұлақ, Қостаңбалы, Үйсін дейтін 4 арысқа бөлінеді. Ғұмар соның ішіндегі Қоясы. Қоястан - Оразақай, Қонай, Жолай, Әжі туады. Оразақайдан - Нияз, Жылмамбет, Бозай. Нияздан - Жәңгір ханның он екі биінің бірі, Исатай мен Махамбет көтерілісі кезінде ханды құтқарып қалған делінетін Шомбал туады. Бозай тоғыз ұл көрген. Соның үлкені Наурызәліден, Қараш, Жанарыстан, Биарыстан, Қабан туған. Қараштан 5 бала - Арыстанбек Рақила, Оспан, Ғұмар, Сыдық»[11, 58б. ] .

Ал Батыс Қазақстан облысына қарасты Жалпақтал ауданы, Көктерек ауылының тұрғыны, ноғайқазақ, белгілі мұғалім Темірболат Жұнысовтың қолжазбасында Ғұмар Қараш тегін біраз басқаша жазады. Шежірешінің жазуынша, Қоястан Құдайберді, Қара, Әлдей, Арқай, Оразақай, Бозай, Наурызғали туады. Наурызғалидан Биарыстан, Жанарыстан, Қараш. Жанарыстаннан Әубәкір, Ықсан, Қадырғали. Қараштан - Ғұмар[20, 32б. ] .

Ғұмар Қарашты көп зерттеушілер 1876 жылы туған деп көрсетсе, Исатай Кенжалиев өз мақаласында ақынның туған жылын 1874 жылы деп көрсетеді[15, 3б. ] . Оған дәлел ретінде 1946 жылы Қалижан Бекхожинның бастауымен айтыс болып, онда Ғұмар Қараштың баласы Бұрқан: «Әкем 47 жасында қазақ болды», -деген сөзін негіз етіп алады. Егер ақын 1921 жылы дүниеден өтсе онда ақынның 1874 жылы туылғаны дау туғызбайды. Мақсат Тәжімұратов та өз зерттеулерінде Ғұмар Қарашты туылған жылын осы шамада көрсетеді. Одан әрі біз ақынның өмір жолына шолу жасайық. Ғұмардың ағайыны, көп жыл жанында жүрген Ысқақ Жанасыровтың айтуынша, болашақ ақын жеті жасында әкеден жетім қалады. Әуелі ауыл молдасынан хат таныған Ғұмар, оқуды указной молда Ғұмар Жазықовтың қолында, сәл кейінірек Ысмағұл Қашғари мектебінде жалғастырады. Кейін Жалпақтал қаласында мешіт, медресе ұстаған Ғұбайдолла Ғаликеев хазіретке шәкірт болады. Медресені ойдағыдай аяқтаған Ғұмар Қарашев ендігі уақытта өзі алған білімнің негізінде, 1902-1910 жылдары аралығында Тіленшісай деген жерде жадитшілік негізінде шәкірттерді оқыту ісін қолға алады. Ол оқу процесін тек қана Құран, иманшарт сияқты исламның діни догмаларын оқып үйренуден басқа оқушыларға қазақша, орысша және татарша оқуды үйретіп, жағрафия, тарих сияқты ғылымдардан мағлұмат берген. Қазақ қайраткерінің мұндай «жағымсыз» әрекеттеріне жергілікті дін өкілдері қарсы болып «ислам дінін бұзып, қазақ балаларын орыс қылды» деген айып тағып, байбалам салады[5, 51б. ] . Молдалардың Ғұмар Қарашев туралы қоғамдық пікір туғызғанына қарамастан, халық оның бастаған ісіне әділ бағасын береді, оқытуды жалғастыра беруін қалайды. 1921 жылы Ғұмар Қарашевтың жаңаша оқу саласында жасаған реформаторлық әрекеттері туралы М. Тұрғынбай деген қайраткер былай деп жазды: «Ғұмар бірінші адам қызметінде қазақ елін қате сезім, нашар әдеттен құтқармақ болып, имам, шайқы соқыр молдалардың жолдары, істері қате екенін, әулиелік деген сөз, дене азып, жан қиналған соң пайда болған қияли дерт екенін, осы күндегі мұсылманның ісін пайғамбар заманындағы мұсылмандыққа жақын келмейтінін сол «Өрнек» кітабында айтып шығанды»[6, 101б. ] .

Бірнеше тілді еркін меңгерген дарын иесі өз шығармаларын бастауды халық ауыз әдебиетінен, сондай-ақ, шығыс, батыс, орыс әдебиетінен де алады. Ақын өлеңдерінде Абай, Махамбет, Мұрат әсері мол болғандығын, Бұқар Дулат, Шәңгерей өнегесінің ізін жалғастырғанын көруге болады. Әсіресе, «Замана жайынан» толғауынан ежелгі жыраулық дәстүр айқын аңғарылады.

Асқар, асқар, асқар тау

Асқар таудан жоғары

Асыл елдің ер қазақ.

Жортуылдай жорытып,

Ор қояндай орғытып,

Жер шетіне аяғың

Басып едің ер қазақ[28, 51б. ] !, - деп келетін шумақтар көз алдымызға көркем ауыз әдебиетінің үлгісін алып келмей ме? Өз бойындағы табиғи дарыны мен өзіне дейінгі ғұламалардың шығармаларын сусындауы оның жақсы әдебиетші ретінде қалыптасуына жол ашты. Ғұмар өздігінен әр саладағы орыс тіліндегі кітаптарды оқитын дәрежеге жетеді. Бұған куә - оның А. Некрасовтың «Соғыс қаһары» өлеңін аударуы, Л. Толстой философиясымен таныстығы сияқты жайлар.

Жасынан өлең жырға ынтық Ғ. Қараш өлеңдер шығарып, ел аузындағы әдеби мұраларды жинастырады. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласына тарайтын арабша, түрікше татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман, дәуір жайын аңғара бастайды, іздеп жүріп, әдеби, тарихи пәлсафалық кітаптарды оқиды. Сөйтіп, ислам діні қағидаларын жетік білген Ғұмардың енді дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұматы болады.

1911-1913 жылдарда Ғұмар Қарашев Е. Бұйрын, Б. Қаратаев, Ш. Төкеев, С. Меңдешев, М. Шомбалов сияқты озық-ойлы қазақ зиялылармен бірге жалпыұлттық, демократиялық және ағартушылық-реформаторлық, ал кейбір тұстарымен төңкерістік бағыт танытқан “Қазақстан” газетін шығаруды қолға алады. Газеттің ресми редакторы, қайраткер Елеусін Бұйрын болғанымен, Ғұмар Қарашев қазақша басылатын материалдарды сараптаушы болғанын және оған басшылық жасағанын аңғарамыз.

1913 жылы Ғұмар Қарашев Ахмет Байтұрсыновтың басшылық етуімен шығарған “Қазақ” газетін аса қуанышен қабылдап, оның қазақ халқының ұлттық санасының оянуына және саяси мәселелерді бағалауда орасан зор роль атқаратына сеніммен қарап, бұл басылымның бүкіл қазақ жұртына идеология болатынына ерекше ілтипат білдіреді. Осы мазмұндағы саяси көзқарасын ол «Сүйінші» деп аталатын өлеңінде білдіріп, былайша баяндайды:

Көңіл мерген, жүрек сұм, -

Бір жақсылық біліп тұр.

Ақшыл тісі ақсиып,

Келген жерден күліп тұр.

Киіз ойлы қазаққа -

«Қазақ» атты ұл туды.

Сүйінші, қазақ сүйінші!

Ием тірек беріп тұр.

Ием берсе кем бермес -

Кем беруді жол көрмес.

Мол бермесе ұл бермес,

Жүрек сезіп, сеніп тұр.

Өмір-бауын берік етіп,

Ел ұлтын көрік етіп,

Мұрадан “нәмпе” “ерік” етіп -

Берер кезі келіп тұр.

Тарыққанда тапқаның,

Зарыққанда татқаның,

Аспандағы айқын нұр,

Алабыңа еніп тұр.

Алатау мен Ыстық көл.

Сарыарқа мынау жазық шөл,

Еділ, Жайық арасы

Аралап хабар беріп тұр.

Ұран салып, үй тігіп,

Бас қосуға шақырып,

Болашақ кеше болғанда,

Құлағын салып, түріп тұр.

«Қазақ» атты ұл туды,

Түндік ашты күн туды.

Сүйінші, қазақ сүйінші!

Міне көзің көріп тұр[28, 132б. ] .

Сонымен Ғұмар Қараштың газет жабылған 1913 жыл мен 1917 жыл аралығындағы өмірі туралы дерек аса көп емес. Бұрынғыдай топырлап көп кітабы да шыққан жоқ. Кейбір деректерге қарағанда 1919 жылы «Мұғалім» журналында жариялаған «Педагогика» атты еңбегі 1917-1918 жылдары Уфада жазылған. Осындан кейін қолжазба күйінде жоғалып кеткен «Қан мен тер» дейтін кітабы «Тәнсіз жан жоқ» дейтін мақаласының алғашқы үлгісі болатын.

Ізденіс барысында біз Семей губерниялық революциялық комитеті шығып тұрған газеттен, оның 1917 жылдарда Уфа қаласында діни қызмет атқарғанын аңғарамыз, сол газетте мынадай мәлімет бар: «Ғұмар 17-ші жылда Уфадағы муфтидің бір қазысы болып тұрды. Жалшы қазақ тобына Ғұмар баяндама жасап, дін мекемесі қазаққа айрықша көрілуіне лайықтауы. Сол жалпы қазақ тобынан кейін Уфадан өз еліне қайтты»[16, 36б. ] .

1917 жылы революция басталар кезде Ғұмар Қараш Уфада болатын. Ол сонда муфтидің төртінші бөлімін басқарады. Бөлім міндеті - медресе шәкірттері мен жетім, жоқ-жітік балаларға жәрдем беру, оларды оқыту шараларын ұйымдастыру еді. Әрі Ғұмар Қараш муфтидің қазиы болып сайланды. Қазақ жеріне ақын 1917 жылдың мамыр айында оралады. Орда қаласында совет үкіметін орнатуға қатысқан Шафхат Бекмұхамедов өз естелігінде: «1917 жылы мамырда Бөкейліктің орталығы Ордада Бөкей қазақтарының жалпы съезі болып өтті. Ғұмар да бұл съезге бір аудан өкілі болып сайланған еді . . . Ғұмарды көтеріп, оны Москвада болатын Ресей мұсылмандарының жалпы съезіне өкіл етіп жіберді», -дейді [16, 42б. ] .

Ғұмар Қарашев 1917 жылғы ақпан төңкерісін жылы шыраймен қабылдап, ақ патшаның тақтан құлағанын барлық қазақ зиялылары сияқты қуаныпен қарсы алды. Демократия, ұлттық ояну, бостандық, теңдік идеясы - отар болып келген Қазақстанды азаттық жолына толық шығаруына сеніммен қарады. Дегенмен де Ғұмар Қарашев осы аралықта пайда болған қос өкіметтің саясатын жете түсінбейді. Қазақ қоғамының барлық озық-ойлы азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймаутов сияқты ірі тұлғаларды «Алаш» туының астына бірігуін қолдаған[5, 53б. ] .

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған азамат ақын 1918 жылы 24-ші қыркүйекте Бөкей губерниялық съезіне қатысады. Съезде халық ағарту мәселесі бойынша Мұхамедияр Тунгачин баяндама жасады. Ғабдолғазиз Мұсағалиев төрағалық етеді. Съезд бір ауыздан Ғ. Қарашты оқу ісін ұйымдастыру және оған қаржы сметасын жасау комиссиясының төрағасы етіп сайлайды. Ғұмар Қараш 1918 жылы сәуірде өткен Бөкей облыстық бірінші кеңестер съезінің, сол жылғы қыркүйек екінші, 1919 жылғы мамырдағы үшінші, 1920 жылғы мамырдағы төртінші съездің дилегаты болады. Соңғы съезд ұлт мәселесі жөнінде қызу айтыс туғанда, өткір де салауатты сөз айтқан Ғұмар Қараш өз сөзінде: «Біз бүгін бұл жерде бір-бірімізге сын тағып, айыптауға келгеніміз жоқ . . . Ұлт мәселесі мемлекетіміздің бір немесе бірнеше жылда шешіліп кетеді деп айту өте қиын. Алда әлі талай жатқан белестер тұр. Халықтар достығының мызғымас болуы бір ұлттың аяққа таптауымен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Ғасырлар бойындағы ұлттық езгінің тепкісін көріп, отарлық саясаттың салдарынан мешеу қалған қазақ елі өзінің жарқын болашағын ынтымақтастықпен тікелей байланыстырды», -деп пікірін ашық айтты. Сондай-ақ, Ғұмар Қараш тіл туралы жазған бір мақаласында: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Ұлт білімі болмаса, онда тарихтың болмайтындығын өзінен-өзі белгілі. Тарихы жоқ ұлт, болашағы да болмайды», -деп жазды[32, 13б. ] .

Осы күнге дейін ғылымға беймәлім болып келген мәселе - Ғұмар Қараштың Орда қаласында тұңғыш болып Қазақстан жазушылар одағын құрудың негізін қалағандығы, жаңа құрылтай одаққа қалам қайраткерлерін тарту мақсатында Бөкей губерниялық партия комитеті арнайы анкеталар толтыру арқылы ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан. Сол кезде толтырылған анкеталардың бірі Нұғман Манаевтың атына жазылған екен. Анкетада Н. Манаев 1917 жылдың сәуір айынан бастап “Ұран” газетінің хатшысы екенін жазған. Бұл мәлімет Батыс Қазақстан облысының архивінен табылды[9, 23б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғұмар Қараштың өмірі мен қызметі
Қоғамдық-саяси ой-пікірлерінің қалыптасуы
Ғұмар Қараш өмірі
Ш.Жәңгіровтың өмірі мен шығармашылығы (ғылыми мақала). Ғ.Қараштың ізденіс жылдары
Ғұмар Қараштың педагогикалық көзқарастары
Ш.Жәңгіровтың мен Ғ.Қараштың өмірі мен шығармашылығы туралы
Ш.Жәңгіровтың өмірі мен шығармашылығы (ғылыми мақала)
Ғұмар Қараш өлеңдеріндегі ой-таным
Ш. Жәңгіровтың өмірі мен шығармашылығы
Қазақ философиясындағы дәстүр мен жаңашылдық туралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz