Байбарыс сұлтан және ислам өркениеті


ҚАЙРАТ СӘКИ
Байбарыс сұлтан және ислам өркениеті
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті
Байбарыстану орталығы
Сәки, Қайрат Ұзақұлы
Байбарыс сұлтан және ислам өркениеті. Монография, - Алматы, «Нұр-Мүбарак» баспасы, 2023. - 000 бет + 00 бет түрлі-түсті жапсырма сурет.
Пікір жазғандар: Шамшәдин Керім, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ықтияр Палтөре, (PhD) докторы.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Байбарыстану орталығы тарапынан Байбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орайластырыла дайындалған зерттеуде 1250-1382 жылдар арасында Египет, Сирия және Хиджаз жерін қамтыған түркі мемлекетiн 132 жыл басқарған Қыпшақ династиясының негiзiн қалаған Байбарыс әл-Бундуқдари ат-Түркидің (1223-1277) дін жолындағы күресі сөз болады.
Мемлекетті түрлі салаларда дамытып, ішкі және сыртқы жауларға қарсы жеңімпаз тойтарыс берген қыпшақ мәмлүктер сол жетістіктерге иман мен жауынгерлік шеберлік арқасында қол жеткізді. Ата-бабаларынан қан арқылы келген жауынгерлік рух пен дін негіздерін саналы түрде игеру оларды тарихтың даңқты парақтарында мәңгіге қалдырды.
Кітап оқушы, студент жастарға, оқытушылар, зерттеушілерге, жалпы қалың оқырман қауымға арналған.
КIРIСПЕ
Жерорта теңізінің шығыс жағалауын басып алып, үстемдіктерін орнатқан крестшілермен 150 жыл алысып келген Халифат өзінің орасан зор демографиялық, экономикалық, әскери мүмкіндіктеріне қарамастан 1258 жылы Хулагу ханның әскеріне төтеп бере алмай жеңіліс тапты.
Осындай шешуші тарихи кезеңде Байбарыс бастаған түркі мәмлүктер Египет жерінде билік басына келді және мұсылман әлемінің маңызды бір бөлігінде Хулагу хан бастаған көшпелілердің жойқын шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, Жерорта теңізінің жағалауындағы крестшілердің ірілі-ұсақты мемлекеттерін жоспарлы түрде жоя бастады.
Қыпшақ мәмлүктердің сырт жауларға қарсы ымырасыз күресі олардың мұсылмандар алдындағы беделін көтерді, ал Байбарыс сұлтанның 1261 жылы Халифатты қайта қалпына келтіріп, Каирде халифаны таққа отырғызуы мәмлүк қыпшақ билігін заңдылық тұрғысынан бекітті, яғни тұрғындар өздері үшін міндетті болатын шешімдерді қабылдау өкілеттігін өз еріктерімен қыпшақ мәмлүктерге берді.
Байбарыс әділетті мұсылман басшы, жеңімпаз қолбасшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көріне білді. Ол түркі еріксіздерінен мұсылман әскерін жасақтауға ерекше көңіл бөлді. Жастай әкелінген түркі бозбалалары қатаң әскери мектепте тәрбиеленіп, дін жолында жанпида етуге дайын жауынгерлерге айналды. Діни және әскери дайындықтан өткен мәмлүк әскері мұздай қаруланған крестшілерді де, бұрын ешкімге дес бермеген Хулагу қосындарын да талқандады. Мәмлүк әскері орасан зор жеңістерге қол жеткізіп, мұсылман әлемінде даңққа бөленді.
Жалпы алғанда қыпшақ сұлтандары тұсында ерекше гүлденіп, саяси, әскери және экономикалық дамуды бастан кешіп отырған Египетке құлдырауға ұшыраған мұсылман иеліктерінен ғалымдар мен білім іздегендердің жиналуы Каир қаласын мұсылман әлемінің мәдениет, ғылым мен өнер орталығына айналдырады. Ислам ілімін тарату мақсатында көптеген медреселер соғылып, әл-Азһар мешітінің қайта қалпына келтірілуі дүниежүзіндегі алғашқы жоғары оқу орындарының бірі саналатын осы университетке мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен білім іздеушілердің ағылып келе бастауына жол ашты.
Осы мемлекеттің негізін қалаған Байбарыс салып кеткен мемлекеттік саяси, сауда-экономикалық жүйе өзінің өміршеңдігін көрсетіп, 1382-1517 жылдар аралығындағы келесі бурджи династиясының тұсында да өз жалғасын тапты.
1250-1382 жылдар арасында Египет пен Сирияда өмір сүрген қыпшақ түркі мемлекеті діни құндылықтарға негізделген саяси құрылым екендігіне қарамастан оны басқарушы қыпшақ сұлтандары мемлекетке, оның атрибуттары мен протоколдық іс-шараларына барынша түркілік сипат беруге тырысты. Өздерінің тарихи отаны - Дешті Қыпшақпен байланыстарды жолға қойып, жауынгерлік Дала дәстүрлеріне, ана тілдеріне адалдықтарынан танбады.
Египет пен Сириядағы түркі мемлекетінің негізін қалаушы Байбарыс бастаған мәмлүктердің өмiр жолы, барлық iсi Алланың ризалығы үшін жанқиярлық әрекеттерге толы болды. Ислам тарихында тіркелген ұлы жетістіктерге алдымен Байбарыс бастаған мәмлүк бектері мен жауынгерлері қол жеткізді.
Ортағасырлық тарихшылардың шығармалары осы монографияның дереккөз негіздері болып табылады. Байбарыс және оның дәуірі туралы жазған тек ортағасырлық тарихшылардың саны отыздан асады. Солардың ішінде, Байбарыс заманында өмiр сүрiп сұлтанның өмiрбаянын жазған, мемлекеттiк жүйеде, Байбарыстың қол астында қызмет еткен Ибн Абдузаһир, Ибн Шаддад және Ибн Уасил жазған шығармалар ол туралы құнды мәліметтер берді.
Зерттеу бес тараудан тұрады.
«Дін тірегі болған қылыш иелері» деген бастапқы тарауда сол кездегі дін және мемлекет туралы түсінік, Байбарыс және дін адамдары, тәуелсіз шейхтер, жас мәмлүктерді дін жолындағы күреске дайындау, мәмлүк тәртібі, мемлекеттік жүйе, Халифатты қайта қалпына келтіру және мәмлүк ақсүйек ұрпағы туралы сөз болады.
«Әбу Ханифа жолымен» деп аталатын екінші тарауда Байбарыстың төрт мәзһабты теңестіруі, сопылық, шиға, басқа діндегілердің жағдайы, Каир қаласының мәдениет пен ғылым орталығына айналуы, түркістандық ғұламалардың мәмлүк иеліктеріне келуі, Каирдегі қыпшақ діни мекемелері, Байбарыс ашқан уақыптар туралы баяндалады.
«Байбарыс және діни мүдделер» деген үшінші тарауды Байбарыс мемлекетінің сыртқы саясаты, Хиджаз, Алтын Орда, христиан және елхан иеліктерімен саяси-дипломатиялық және әскери қатынастары айтылады.
«Байбарыстың ислам тарихындағы орны» деген айдарлы төртінші тарауда Байбарыстың қаза табуы, ортағасырлық тарихшылардың оған берген бағасы, ислам тарихындағы орны көрсетіледі.
«Байбарыстың мұрасы» деген бесінші тарауда оның мұрасы, Каирдегі мешіті, Дамаскідегі мазары, Қазақстанның оларды жөндеу жұмыстарына қатысуы туралы ақпарат беріледі.
«Қорытынды орнына: Байбарыс туралы аңыз бен ақиқат» монографияны тамамдайды.
- ДІН ТІРЕГІ БОЛҒАН ҚЫЛЫШ ИЕЛЕРІ
Мемлекет туралы түсінік
Мәмлүк қыпшақ сұлтандары, бектері мен жауынгерлері барлық істерінде жаратушыға тәуекел еткен. Олар патшалық, көл-көсір байлық, құдіретті билік - Алладан, одан ғана қорыққан, оның ұлылығына бас иген, барлық істерінде Аллаға ғана тәуекел еткен, Алланың күшіне ғана арқа сүйеген, шайқаста жеңіс тек Алладан деп білген.
Мұсылмандардың түсінігі бойынша, билік - ғаламды, жерді жаратқан және онда адамдарды мекендеткен Аллаға тиесілі. Ол сондай-ақ адамдардың осы дүниеде бейбітшілік пен үйлесімділікке және болашақ өмірде мәңгілік жұмаққа жетуі үшін қажет заңдарды белгілеген. Өз кезегінде, ел басшылары жаратушының заңдарын өмірге енгізуі тиіс адамдар. Билік - Алланың заңдарын адамдар арасында орнатушы құрал ғана.
Ал мемлекеттің басты міндеті мұсылмандар өздерінің діни және дүнияуи қажеттіліктерін орындай алуы үшін қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету болып табылады. Халифа - дін мен халық қызметіндегі билеуші.
Мұсылман әлеміндегі мемлекет туралы түсініктің қалыптасуына көбіне әл-Мауарди (974-1058) деген ойшылдың еңбектері ықпал етті. Оның бұл саладағы ең танымал жұмыстарының қатарына «Әл-Ахкам ас-султания» (Сұлтандық ережелері), «Қанун әл-уазара» (Уәзірлер заңы) және «Китаб насихат әл-мулук» (Патшаларға насихат кітабы) жатады.
Әл-Мауардидің пікірінше, жаратушы Алла - билік көзі. Ол жердегі билеушілерге басқару құқығын берген. Тиісінше, аумақтың белгілі бір басшысының қызметіне тек жаратушы ғана баға бере алады. Тұрғындар өз билеушісін сынамай оған бағынуы керек. Ниса сүресінің «Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» деген аяты осыны талап етеді.
Идеал билеуші, әл-Мауардидің көзқарасы бойынша, іс жүзінде тұрғындардың көпшілігінің мүдделерін қорғайтын саясаткер болып саналады. Ол «Әл-Ахкам ас-султания» еңбегінде биліктің діни және дүнияуи бөлінуін мойындамайды және мемлекет басшысы осы екі тармақты да біріктіруі керек деп есептейді(1) . Әл-Мауарди өз еңбектерінде тұрақтылықтың кепілі болып табылатын армияның жауынгерлік дайындығын сақтау қажеттілігіне көп көңіл бөлді. Ондағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін билеуші бірқатар шарттарды ұстануы керек. Біріншіден, жауынгерлерге жалақыларын уақтылы төлеу керек, сондай-ақ ерекше жағдайларда, шайқас, соғыс нәтижесі бойынша оларға қосымша сыйақылар бөлінуі қажет.
Әл-Мауарди орта ғасырлардағы саясаттану және ислам тарихы саласындағы ең танымал ойшылдардың бірі болып саналады. Оның ерекше еңбектері кейінірек Ибн Халдунның осы пәнді әлеуеметтану ғылымының бір саласы ретінде үйлестіре дамытуына әсер етті.
Билікке бағыну мұсылман үмбетінің тұтастығын сақтайды, бөлінуге жол бермейді, мемлекет негіздерін нығайтады, әділ билеуші тұрғындарды біртұтас халыққа айналдырады деп саналған. Билеуші бір шешім қабылдаған кезде өз ойымен оқшауланбай салихалы, тәжірибелі мемлекеттік жауапты адамдармен ақылдасуы, кеңесуі оған қойылатын бірден-бір шарт еді. Ислам мемлекеті Халифаттың бастауында сахабалар, халифалар және солардың жолын ұстанғандар саяси шешімдерді сол кеңесу, яғни шура арқылы қабылдаған.
Бірақ Халифаттың жер жағынан ұлғаюы, жеке дара билік иелері, деспоттардың пайда болуына әкелді. Ғұламалар мен ғалымдар билік мәжілістерінен аластатылып, фақиһтердің бар міндеті майда-шүйде сұрақтарды шешуге ауды.
Жалпы биліктің адами түсініктерден жоғары бастауы бар деген пайым болған. Тарихшы Халил бин Шаһин: «Сұлтандықтың құдаи құпиялардың бірі екенін біл. Онымен мақсат-мұратқа жетеді, іріп-шіруге жол берілмейді. Онымен ел, халық сақталады. Оның мақтаулы жақтарына - тұрғындарға қамқорлығы, басшылық саясаты, сұлтанның елін және дінін қорғауы жатады» (2) , - деп көрсетеді.
Тарихи тұрғыдан алғанда Египет халқы мемлекет пен дінді бөліп қарай білген. Оның себебі билік пен дінге ондай көзқарас олардың өткен заман барысында жинаған тәжірибесінің қорытындысы деп бағаласа болады. Мысалы, Египеттегі фатимидтер билігі тұрғындардың көпшілігі сүннит екендігіне қарамастан шиға билігі болған. Сүнниттердің шиғаға қатысты көзқарасы белгілі. Ал Тулун, Ихшид, аюбидтер билігі жат жұрттық түркі билігі болды. Осындай тәжірибеден тұрғындар мемлекет пен дін ұғымын бір-бірінен бөлек алып қарайтын.
Тарих сахнасына қыпшақ-бахри деген атпен шыққан түркі жауынгерлері құрған мемлекеті де мұсылман қоғамында бұрын қабылданған түсініктерге сай келмеді. Қыпшақ мәмлүктердің билігі олардың, әсіресе, бәдеуилер мен шиғалардың шымбайларына батты. Қыпшақ мәмлүктердің жауынгерлік қабілеттері, басшыларының лидерлік, сардарлық қасиеттеріне қарамастан жергілікті кейбір дін адамдары «қыпшақтар бұрын құлдық қамытын кигендіктен» мұсылман халқын басқаруға заңды құқықтары жоқ деп санады. Жатжұрттықтарды күштері жетсе төңкеріп-ақ тастағылары келді.
Жасырып керегі жоқ, араб тарихнамасында мәмлүктерге қатысты екі түрлі көзқарас болған және әлі де бар. Оның біріншісі бойынша - мәмлүктер ислам әлеміне Шығыстан және Батыстан төнген қауіпті тоқтатқан ержүрек топ, екіншісі бойынша - билікті күшпен тартып алған озбыр топ, құлдар.
Жергілікті оқығандар мәмүк қыпшақтар туралы төмендегі сарында ойлады: «Барлық мәмлүктер қорлық пен құлдықты, билік пен үстемдікті көрді. Олардың бойында жасөспірім кезінде бастан өткерген қысым сезімі мен ержеткендегі жетістіктерге деген мақтаныш сезімі қатар өмір сүреді. Мұның бәрі оларды балалық шағында құл етіп әкелген адамдарға, сол елге, ұлтқа деген жеккөрушілік пен тәкаппарлықты тудырды. Олар билікке келгенде өздерінің жеке және этникалық, түркілік айырмашылықтарын көрсетіп, ана тілдеріне, отбасылық дәстүрлеріне адалдықтарын сақтап қалды. Жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас жасамады, араласпады, сенбеді. Олар «қос өмір салтын» ұстанды, бірақ көпшілік алдында өздерін дінді қорғаушылар ретінде көрсетуге тырысты; олар мешіттер мен мектептер салды, қайырымдылық, діни және мәдени қайырымдылықтарды көбейтті, екі қасиетті мешітке сыйлықтармен, ақшамен және Қағбаға арналған кисуамен үлкен шерулер жіберді».
Көріп отырғанымыздай, жергілікті қоғам мен бөтендер арасында бастапқыдан жаймашуақ қатынастар болмаған. Еріксіз болып келген түркілер дін жолында төккен қан мен тер арқасында бедел-абыройға қол жеткізгенше оларды «бұрынғы құлдар» деп қабылдаған.
Қыпшақ мәмлүктердің бұрынғы құқықтық статусы мәмлүктер билікке келмей тұрып, 1230 жылдары ауық-ауық көтерілетін өткір сұрақ болатын. Әсіресе, имам әл-Изз бин Абдусаламның аты осымен шыққан еді. Бұл жөнінде тиісті жерінде сөз етеміз.
Сондықтан қыпшақ сұлтандары, біріншіден, тұрғындардың діни сезімдеріне әсер ету арқылы биліктерін заңдастыра алатындықтарын тез түсінді. Ғұламалар, шейхтер, сопылар, жалпы дін өкілдеріне байсалды көзқараспен қарау билікті заңдастыруға септігін тигізеді деп есептеді.
Екіншіден, қыпшақ мәмлүктер заманы көшпелі түркі атының дүркіреп тұрған дәуірі болатын. Жеме-жемге келгенде көшпелілер 1258 жылы Халифат астанасы Бағдат қаласын күшпен алып, халифаны кілемге орап, тепкілеп өлтіріп, ешқандай заңдастырусыз өз биліктерін орнатқан еді.
Оның үстіне Алдыңғы Азия мен Шам, Мессопотамияға түркі тайпаларының толқын-толқын көштері, түркілерге қарсы крест жорықтарының басталуы, көшпелілердің соққысынан көпұлтты Халифаттың ыдырауы бұл аймақта бұрын болып көрмеген саяси, діни, әлеуметтік, демографиялық сілкіністер мен өзгерістерге әкелді. Ф. Кардини бұл жөнінде: «Ислам әлеміндегі үстемдік арабтардан түркілерге көшкен еді. Араб тілі ислам дінінің қасиетті тілі ретінде қала берді, бірақ кейбір функцияларын парсы тіліне беруге мәжбүр болды. Құнарлы жерлердегі қалаларда тұратын саны шектеулі арабтар мен көшпелі тайпалар есепке алынбайтын. «Араб» сөзі «бәдеуи» сөзінің синониміне айналған еді» (3) , - деп көрсетеді.
Мәмлүк қыпшақ сұлтандары заманында Египет пен Сирия халқының түрлі әлеуметтік топтары мен таптары саяси жағынан сұлтанға, діни жағынан халифаның сөзіне қарап тұрды (4) . Сол кездегі түсінік бойынша сұлтан мен халифа жоғары тапқа, мәмлүк бектері мен әскері екінші тапқа, урбан (көшпелі араб) деген атаумен бәдеуи тайпалары үшінші тапқа жатқызылған. Тіпті кейбір мұсылман ойшылдары мұсылман қоғамы ғұламалар мен әмірлерден тұрады және сол қоғам осы екеуінің күшімен орныққан деп санады. Әмірлер - мемлекет адамдары, ғұламалар - дін адамдары. Осы екі топтың қарым-қатынасы қоғам мен адамдар арасындағы қалыпты байланыстардың кепілі болып табылды.
Байбарыс (5) және дін адамдары
Мәмлүк сұлтаны - мемлекет басшысы, саяси тұлға, ал дін адамдары, қазылар қасиетті Құраннан, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен бастау алатын шариғат өкілдері. Сұлтан бастаған, негізінен әскери іспен айналысатын әлеуметтік топты қылыш иелері , ал діни, әкімшілік істермен шұғылданатындарды қалам иелері немесе сәлде кигендер деп атайтын.
Түркі қыпшақ мемлекеті деген атпен белгілі болған мемлекеттік құрылым 1250-1382 жылдар аралығында 132 жыл өмір сүрді. Бұл мемлекетті тарихтан лайықты орын алған бір топ дарынды сұлтандар басқарды. Құтыз сұлтан 1260 жылы Айн-Джалут шайқасында Хулагу хан әскерін талқандап, мұсылман туын жықпай ұстап қалса, Байбарыс сол дәстүрді жалғастырып, 1292 жылға қарай крестшілердің мемлекеттерінің жойылуын, өздерінің теңіз асып қашуын қамтамасыз етіп кетті. Египет мәмлүк қыпшақ империясының тоғыз жолдың торабында жатқан басты аумағына, ал Каир соның басты қаласына айналады.
Қылыш иелері жергілікті халықтың оқыған бөлігін мемлекеттік басқаруға тартып, оларға діни мансаптарды толығымен дерлік, ал әкімшілік мансаптарды ішінара бергенімен қыпшақтар жалпы халықпен арласып кетуге, қыз алуға бармайтын. Бастапқыда халық, оқығаны бар, сауатсызы бар «құлдық қамыты тиген» деп қыпшақ билеуші тобын сырттай мойындамайтын, билік пен байлықты олардан қызғанатын. Осындай тығырықтан шығуда дін адамдары, қазылар, имамдар, шейхтер өздерінің пәтуалары, шариғат үкімдері, уағыздары, құтпалары арқылы екі тараптың ортақ консенсуске келуіне септігін тигізді.
Уақыт өте келе қыпшақ мәмлүк сұлтандары өздерінің әскери күші, бектері, жауынгерлеріне және дін өкілдерінің мызғымас беделі мен шариғатқа арқа сүйеді. Халифат туын қайта көтеру олардың осы екінші діни факторға үлкен мән бергендігін көрсетеді. Байбарыстың (6) 1260 жылғы бұл қадамы дін ғұламалары мен шариғат заңгерлері тарапынан қызу қолдауға ие болған еді. Оның үстіне қыпшақ сұлтандары кезіндегі діни құрылыс саласындағы бұрын-соңды болмаған дүмпудің жергілікті мұсылман қауымында рухани әсері өте күшті болды.
Дін өкілдерінің қыпшақ сұлтандары кезіндегі орны мен ықпалы туралы айтқанда олар мұсылман қоғамының мінез-құлқы, жан дүниесіне қатысты рухани, діни, моральдық жағын тәрбиелеу, түзу жолға салу, әділет орнату, зұлымдыққа жол бермеуге қатысты сұрақтарға сөзбен де іспен де жауап берулері тиіс болатын. Сол заманда айбатты қыпшақ сұлтандары алдында ақиқатты қаймықпай айта алатын санаулы дін өкілдерінің болуы дін мен билік арасындағы үйлесімді халық пайдасына орай қамтамасыз етті.
Ғұламалар мемлекеттік құрылымның жоғары діни мансаптарына көтеріліп, жергілікті қоғамда ерекше орын алған. Сұлтандар саяси шешімдерін шариғатпен үйлесуін қамтамасыз ету үшін дін адамдарына жүгінетін. Сәлделілер деп аталған осы дін адамдары шариғат талаптарының мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын. Мәмлүк қоғамында жазу, есеп, шариғатты білетіндер қалам иелері қатарына өте алатын.
Хатшылық диуанында (кеңсесінде) маңызды мансаптардың қатарына құпия хатшы жұмысы жататын. Тарихшы Ибн Халдун: «Құпия хатшы мансабын түркі мемлекетінде дін адамдары иеленетін. Түркі дауадар ( сұлтан кеңсесiнiң меңгерушiсi ) арабшаға жетік, есепке жүйрік дін өкіліне мұқтаж еді» (7) , - деп көрсетеді.
Байбарыстың өмір жолы туралы шығармалар жазған Ибн Абдузаһир, әл-Омари, Ибн Шаддад және Ибн Уасилдер оның құпия хатшысы қызметін атқарған.
Египеттік христиандар копттар хатшылық, есеп істерінде мұсылмандарға бәсекелес бола алды. Олардың көпшілігі сұлтан диуандарында ұзақ жыл қызмет істеп, өз діндерінен бас тартқан жоқ.
Ал қазылық, шариғатқа сәйкес хисба (дау-тартысты шешу), уақып, қаржы басқару, пәтуа шығару, медреседе оқытушылық, құтпа айту, мешіттерде имамдық, сопы үйлерінде машайых секілді діни істерге қатысты мансаптарға тек діни білімі барлар тағайындалатын.
Дін адамдары үшін ол кезде ең құрметті мансап қазылық жасау, әділ төрелік ету болатын. Бас қазыны сұлтан тағайындайтын. Қазы шариғат негіздерін терең білетін, асқан әділет сезімі бар, сұрақты жан-жақты қарастыра алатын, шындыққа жеткенше сабыр сақтайтын, шешімдерінде ақиқатты басшылыққа алатын, сенімді, жеке пайдаға ұмтылмайтын, Алладан қорқатын адам болуы керек.
Байбарысқа дейін бұл мансапқа шафиғи қазылары ғана тағайындалатын. Енді мәмлүк империясының түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде әр мұсылманға өзінің мәзһабының қазысына жүгіне алатын мүмкіндік туды.
Бас қазыдан кейінгі мансап әскер қазысы мансабы саналатын. Бұл қазы сұлтанның Әділет үйіндегі мәжілістеріне қатысып, сұлтан сапар шеккенде оған еріп шығатын. Әр мәзһабтың, ханбалиден басқа, әскери қазылары болатын.
Дін өкілдері үшін құрметті үшінші мансап Әділет үйінде пәтуа шығару еді. Әр мәзһабтың қазысы өздерінің құқықтық мектептерінің ерекшеліктеріне қарай пәтуа беретін болған.
Маңызы зор, құрметті мансапқа Қаржы үйінің өкілдігі мансабы жататын. Бұл төртінші мансапқа терең білімді, иманы кемел ғұламалар тағайындалатын. Бұл мансап иесі Қаржы үйінің сатып алу, сату, келісімге отыру секілді зор қаржы көлемімен жұмыс істейтін.
Бесінші мансап хисба деп аталатын. Хисба - исламдық саяси-құқықтық доктрина, жанжалдарды, соның ішінде адам құқықтары саласындағы жанжалдарды шешудің әкімшілік тәсілі болып табылады. Хисба - құқық жанжалдарын әкімшілік шешу жөніндегі ведомствоаралық орган. Хисба - мемлекеттік билік мекемесі, ведомствоаралық орын, өз құзыреті бойынша әкімшілік жанжалдарды шешу жөніндегі түпкілікті инстанция, әдеп саласындағы полицияның қадағалау органы. Құрамына әкімшілік сот трибуналдар жүйесі кіреді.
Қорытып айтқанда мұсылмандардың күнделікті өмірінде шариғат талаптарын орындау, « Амр би-л-маруф уа наһи ани-л-мункар » , яғни ізгі іске үндеу, жаманнан аулақ болуға шақыру принципін қолданысқа енгізу еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz