Абай шығармашылығы - адамзат даналығының таусылмас қазынасы



Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 16 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар
І Кіріспе бөлім
1. Абай шығармашылығы - адамзат даналығының таусылмас қазынасы.

ІІ. Негізгі бөлім
1. Ақын өмір сүрген дәуір болмысының М.Әуезов туындыларында бейнеленуі
2. Қарасөздердегі дүниетанымдық ой-түйіндер М.Әуезов көсемсөздерінде жалғасуы
3. Әдеби үндестік пен рухани сабақтастық
4. Абайдың сөз образдарын М.Әуезовтің түрлентіп, жаңартып беру тәсілі

ІІІ. Қорытынды
1. Абайдан М.Әуезовті, М.Әуезовтен Абайды бөліп айту мүмкін емес
IV . Пайдаланылған әдебиеттер

Абай мен М.Әуезов шығармаларындағы рухани сабақтастық
Кіріспе
Абай шығармашылығы - адамзат даналығының таусылмас қазынасы. Бұл қазынаны ақтарған сайын тың жаңалықтар көзін тауып, сөз өнері бағзы заманнан іркіліссіз жалғасқан қазақ елін әлемдік мәдениетке жеткізу жолындағы рухани бастаушыны танитынымыз анық. Оның даналығы мен парасаттылығы, озық идеялары - халқымызды дамыған елдер кеңістігіне апарар лайықты жолға жөн сілтейді.
Абай мен М.Әуезов мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, маңызын жоймайтын зерттеудің қайнар көзі. Бұл күндері қос ғұлама есімі ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаларға айналды. Дана Абайдың қазақ халқының рухани ұстазы ретінде танылып, әлемдік көркем ойдың алтын қазынасына айналуы - оның өз мұрасы ғана емес, сонымен бірге М.Әуезовтің Абай жолы эпопеясы арқылы жүзеге асты. Бұл ретте ең бірінші тілге тиек етеріміз - Мұхтар әлемінің Абай әлемімен рухани сабақтастық мәселесі. Бүгін біздің назарымызды көбірек аударуға тиіс нәрсе Мұхтар Әуезовтің ұлы Абаймен рухани жақындық-жалғастығы. Осы жайында академик З.Ахметов: Мұның өзі дүниежүзі әдебиетіндегі айрықша құбылыс. ...Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Мұхтар Әуезовтің дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді деп, Абай мен Мұхтардың рухани сабақтастығының дүниежүзі әдебиетіндегі маңызын айрықша атап көрсетсе, М.Әуезовтің өміртанымын, көзқарасын сөз еткенде ұлы Абайдың рухани дәстүрінсіз талдау мүмкін емес. Онсыз Мұхтар тұлғасы толық ашылмайды, деп ескертеді ғалым Т.Жұртбай . Демек, М.Әуезовтің көркемдік-эстетикалық нысанасы, суреткерлік тұрғысы, шығармашылық ойлау даралығының Абайдың көркемдік үлгі-өнегелерінен бастау алатыны сөзсіз.
Ғылыми жұмыста Абай мұрасының М.Әуезовтің шығармашылығына тигізген игі ықпалы, атап айтқанда ақын мұрасының жазушының көркем туындыларына еніп, эстетикалық танымдағы сөз қолданыстарын меңгергендігі мен шығармашылық тұрғыдан жетілдіргенін айқындайтын нақты талдаулар жасалды. Еңбекте қазақ әдебиетінің қос заңғары Абай мен М.Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық, көркемдік тұтастық, дәстүр мен жаңашылдық, табиғи тамырластық мәселесін салыстыра отырып саралау көзделді.
Ғылыми жобаның өзектілігі. Абай мұрасы қазақ әдебиетінің көп зерттелген әлі де сыры мол және әр қырынан бұдан да тереңірек зерттеуді қажет ететін ғылыми салаға айналып отыр. Сол сияқты М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналып жазылған еңбектер, ғылыми жобалық зерттеулер легі де жыл өткен сайын молайып келеді. Абай шығармашылығының қайнар көздері Шығыс және Батыс әдебиетімен, өзіне дейінгі ақындармен үндесу құбылысы аракідік болса да қозғалса, М.Әуезовтің жазушылық дарынына әсер еткен әлем әдебиетінің озық үлгілері де кеңестік дәуір кезінде саясаттың үдесінен шығу тұрғысынан айтылды. Сонымен қатар Абай мен М.Әуезов шығармашылығы дербес ғылыми сала ретінде бүгінгі уақытқа дейін зерттеліп келгенімен, олардың рухани сабақтастығы, көркемдік бітім тұтастығы, дүниетанымдық ортақ көзқарастары әлі де кеңінен зерттеуді қажет етеді. Өйткені Абай мұрасының М.Әуезовтің жазушылық құдіретіне, ғұламалық шеберлігіне игі әсері туралы ғылыми еңбектерде ішінара мақала көлемінде айтылып жүргені болмаса, жеке-дара арнайы зерттеу нысанына алынған емес. Абай мұрасы Әуезов шығармашылығында Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясын жеке қарастырсақ, енді сол мақсатымызды жалғастырып, Әуезовтің тұтас шығармашылығындағы, яғни көсемсөздеріндегі, драмалық шығармаларындағы, әңгіме, повестеріндегі Абай дәстүрін анықтап, ақын мұрасының көрініс тапқан қырларын зерттеуге ұмтылдық.
Жазушының ақынның бай тілін меңгеруі, рухани мұраның қалыптасуындағы Абайды зерттеп тануы бүгінгі таңда Әуезовтану саласының қалыптасуына жол ашты. М.Әуезовтің бүкіл ғылыми-шығармашылық ғұмырында Абай тақырыбының басты орын алатыны белгілі. М.Әуезов жазушы болғанымен, оның ұлы ақынды идеал ретінде де, пір тұтар рухани ұстазы ретінде жүрек түкпірінде жақын балайтыны кез келген шығармасынан аңғарылады. М.Әуезов өз сөзінде оны нақтылы атап көрсетіп: Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан деп жазды. Осы орайда академик Р.Нұрғали да: Әрине бойындағы табиғи дарынымен Әуезов Қазақстанның қай бұрышында туса да жазушы болып шығатыны сөзсіз еді, бірақ оның Шыңғыстауда, Тобықты арасында тууы, ұлы Абаймен жерлес болуы - творчестволық тағдырына айрықша қызмет атқарған фактордың бірі деп, Абай мен Мұхтар шығармашылығындағы үндестіктің сырын тереңінен қозғайды.
М.Әуезов шығармашылығы мен Абай мұрасы арасындағы сабақтастықтың сан сала бағыттары мен арналары жетерлік. Соның ішінде, екі ғұламаның дүниетанымдарындағы ортақ гуманистік, қоғамдық, ойшылдық үндестік пен сөйлеу тіліндегі тұтастық, суреткерлік шеберлік сырларын зерттеу - жұмыстың өзектілігін құрайды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты - Абай мұрасының М.Әуезов шығармашылығына ықпалы, ақын мен жазушы шығармашылығы арасындағы рухани сабақтастық, әдеби жалғастық мәселесін айқындай отырып, М.Әуезов шығармашылығындағы Абай дәстүрінің іздерін саралап, ақын мұрасының жазушы туындыларындағы көрінісін, жалғастық тапқан қырларын ашу болып табылады. Осы мақсаттан мынадай нақты міндеттер туындайды:
- Абай дәстүріне қатысты ғылыми тұжырымдарды нақтылап, Алаш әдебиетінің Абай дәстүрімен сабақтастығын пайымдау;
- Абай өмір сүрген дәуір болмысының жазушы шығармашылығындағы көрінісін: ел билеу мен әкімшілік жүйенің сипатын ашу;
- қос қаламгер шығармашылығының рухани нәр алған бастау көздерін анықтау;
- қос алыптың дүниетанымындағы қоғамдық, азаматтық ортақ ой сарындарын түйіндеу;
- екі классиктің дүниетанымындағы ағартушылық, сыршылдық, сыншылдық таным ортақтығын атап көрсету;
- сөз зергерлерінің көркем тіл кестесіндегі эстетикалық суреткерлік қырларын саралау;
- қос қаламгердің ойшылдық, гуманистік, адамгершілік мұраттарындағы рухани сабақтастық мәселесін ашып көрсету;
- Абайдың толық адам туралы танымы мен жазушы идеясының бірлік табуын зерделеу;
- Абай поэзиясы мотивтерінің М.Әуезовтің көсемсөздері, драмалық шығармалары, әңгіме-повестерінде колданыс табуын анықтау;
- Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінің жазушы туындыларында үйлесімді көрініс табуын жүйелі талдаулар арқылы дәлелдеу;
- М.Әуезов туындыларындағы Абай сөздерінің шеберлікпен қолданысқа түсуін салыстыру арқылы айқындау.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Ғылыми жобаның соңғы сараптамалары мен тың ізденістері, жаңа пайымдаулары мынадай нәтижелерден байқалды:
- қазақ әдебиетінің қос заңғары Абай мен М.Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық мәселесін әр қырынан салыстыра дәлелдеу арқылы жасалған тұжырымдар - осы еңбектің басты ғылыми жаңалығы ретінде ұсынылады.
- Абай мұрасының М.Әуезовтің шығармашылығына тигізген игі әсері жайындағы қазақ әдебиеті тарихының абайтану және мұхтартану саласындағы зерттеулер толық қарастырылып, олардың ғылыми құндылықтары саралана келе, тың тұжырымдармен толықтырылды.
- Абай шығармашылығының ұлы қайнар бұлақтарынан Әуезовтің де нәр алғаны, сонымен қатар білім алып, тәлім көрген ортасына сай жазушының басқа да үлкен арналардан сусындағаны айқындалды.
- Абай дәстүрінің Алаш әдебиетінің өкілдері шығармашылығындағы жалғастығы арнайы зерттеліп, С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев поэзиясымен салыстырылды.
- М.Әуезов шығармашылығындағы Абай өмір сүрген дәуір болмысының сипаты сөз болып, Абай заманындағы ел билеу жүйесі, халық тағдыры, болыс-билердің мінезін сомдаудағы ақын поэзиясының сарыны айқындалды.
- Ақын мен жазушының азаматтық, қоғамдық, гуманистік, эстетикалық ортақ пікірлерінің үндестігі айқындалды.
- Абай мен М.Әуезов әлемінің рухани сабақтастығы мен адамгершілік мұраттарының бірлік тауып, ақынның толық адам танымының Абай жолы эпопеясында көркемдік сипатпен гуманистік идеяға ұласқандығы жан-жақты талданып дәлелденді.
- Абайдың дінге қатысты ой-толғамдарының Абай жолы эпопеясында көркемдік тұрғыдан дамуы пайымдалды.
- Көркем сөз иелерінің рухани сабақтастығының бастауы сөйлеу тіліндегі рухани тұтастықта жатқандығы мәтіндік талдаулар негізінде анықталды.
- Абай шығармашылығындағы сөздік қордың М.Әуезовтің сөздік қоры шеңберінен табылатыны, сонымен қатар оның жазушы прозасында құрғақ қайталанбай, жаңарып, кестеленіп барып қолданысқа түсетіндігі салыстырыла отырып дәлелденді.
- Ақын өлеңдерін, қарасөздерін, аудармаларын Абай жолы эпопеясының сюжеттік желісіне сай автордың идеялық мақсатта пайдаланғаны, шығармашылық еркіндіктерге барғаны нақты талдаулар арқылы айқындалды.
Ақын өмір сүрген дәуір болмысының М.Әуезов туындыларында бейнеленуі
Абайдың ғылыми өмірбаяны, ғұмыр кешкен дәуір сипаты түгелдей дерлік кеңес өкіметі тұсында, таптық көзқарас үстемдік етіп тұрған шақта жазылды. Қатал саясаттың құрсауында жазылған ақын өмірбаянына қатысты кейбір деректер бір жақты, үстірт қарастырылып, ал кейбіреулері мүлде бұрмаланып та берілді. Абай шығармаларында қозғалатын мәселелерді түсіну үшін ақын өмір сүрген дәуір болмысы мен сол ортаның саяси ахуалын білу шарт. Ақын ғұмыр кешкен заманның жағдайын білу үшін ХІХ ғасырдағы Қазақстанның тарихын еске алу керектігін М.Әуезов ескертеді де: ХІХ ғасырдың орта кезі, екінші жартысында Абай кезінде болған жағдайларды білу үшін сол кездегі жалпы Қазақстанның тарихи халін еске алу керек. ХІХ ғасырда қазақ халқы мемлекеттік тәуелсіздігінен айрылып, Ресей империясының отар еліне айналды. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы қазақ қауымының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өміріндегі түбегейлі өзгерістерімен сипатталады.
Абай - Ресей патшалығының отарлау саясатының белең алып, елді билей бастаған кезінде өмірге келіп, бейбіт елдің езгіге түскен кезінде тіршілік кешті. Абай өмірбаянына қатысты кейбір беймәлім мәліметтерді тауып, жұртшылыққа ғылыми тұрғыдан танытқан ғалым Б.Байғалиев Абайдың ел басқару ісіне араласып, сол ортада 12 жыл үздіксіз болыс болғанын, одан кейін 6 жыл би болғанын архив қорларын ақтару нәтижесінде дәлелдеді.
Патша өкіметінің әкімшілік аппараты бірді бірге айдап салып, кеңқолтық бейқам қазақтар арасынан парақорлар-пәлеқорлардың жағымпаз бен жандайшаптардың қаптап кетуіне жол ашты. Абайдың бүкіл саналы өмірі, шығармашылық әрекеті осындай ерекшелігі бар тарихи қоғамдық өмірдің ортасында өтіп жатты. Осындай жағдай Абайдай алыпты өмірге әкелді, оны "мыңмен жалғыз алысуға" мәжбүр етті.
Ресей империясы енгізген болыстық ел билеу жүйесінің болмысын Мұхтар Әуезов тарихты зерттеушілерден де гөрі бұрынырақ түсінген еді. Осы тұста тарих ғылымының докторы Л.М.Әуезованың пікірін басшылыққа алатын болсақ: ...Сонымен қатар жазушы кей жағдайларда бұл проблемаларды терең зерттеуге енді-енді ғана бой ұра бастаған тарихшылардың өздерін факт жүзіндегі деректер жинау тұрғысынан да, сондай-ақ суреттеліп отырған құбылыстарды жинақтап, ой елегінен өткізе қорыту тұрғысынан да таң қалдырғанын айта кету артық емес, дегені көп нәрсенің жайын аңғартады. М.Әуезов қазақтардың өткен ғасырдағы тарихи өмірін, Абай заманындағы ел билеу жүйесінің түп төркінін жақсы білді. Сол жағдайларды Абай жолы роман-эпопеясында бейнелеп, дәуір болмысының шынайы картинасын жасады.
Абай жолы роман-эпопеясын Л.М.Әуезова мен Е.Лизунова тарихи роман ретінде зерттеп, Ю.Тыняновтың тарихи романдарымен салыстырады. Әуезов эпопеяны жазуға кіріскен уақытта, кеңес әдебиетінде бұқара халықтың күресі, халықтың шығармашыл даналары, оны тудырушы күш туралы шығармалар туындап жатты. 1936 жылы Петр Бірінші, Пушкин романдары, 1939 жылы Сергеев-Ценскийдің Севастопольская страда атты патриоттық эпопеясы шықты. А.Толстой Хмурое утро шығармасы бойынша жұмысын бастады, В.Шишиковтың Емельян Пугачев сияқты туындылары жазылды.
М.Әуезовтің өзі де роман жайлы мынадай мәлімет береді: ... менің ұлы ақынды, ақын өмір сүрген дәуірдің тарихи шындығын көрсету мақсатындағы творчестволық ісімнің бірқатар сырын Абай романының маңында айтар пікірімнен де аңғаруға болады. ...Алдымен, мынаны ескерген жөн: Абай, Абай жолы да - тарихи романдар. Бірақ, жұртқа мәлім Петр Бірінші, Емельян Пугачев немесе Степан Разин сияқты романдардан менің романдарымның өзіне тән кейбір өзгешеліктері бар. Тынянов тарихи құжаттардың түпнұсқасымен, замандастар мемуарларымен, олардың хаттарымен, мемлекеттік архивпен жұмыс істеді. Ал Әуезовтің қолында тек қана Абай шығармалары, тарихи таным, хатқа түспеген ауызша халықтың естеліктері ғана болған. Абайды білген, көзі тірі санаулы ғана куәгерлер қалған. 1930 жылдан кейін Абай туралы роман жазбақ боп саналы түрде материал іздегенімде бірақ өкіндім: көп нәрсені аңдамай өткізіп алыппын деп жазады Әуезов.
Абай өмір сүрген заманның шындығын М.Әуезов өзінің туындыларында көркемдік шешіммен бедерлеп көрсетеді. Әсіресе, қазақ сахарасындағы саяси жағдайдың ерекше көрінген тұсы - болыстық сайлауды Абай жолы роман-эпопеясында өте әсерлі суреттейді. Мәселен: Алда екі, үш айдан соң болатын сайлауға шейін бүкіл Шыңғыс елін Құнанбайларға түгел қарсы әзірлейді. Партияның тартысына ат пен пұлды астыртын беріп, елу басы атаулының барлығын осындай құпия батамен, қатты сертпен тартады. Малды да, сырды да көпке жаймайды. Барлық пара мен пұлды болыс болудың жолына даярлап, сол үшін әлек болып жатқан атқамінерлерді жазушы осылай бейнелейді.
Абайдың Күлембайға, Мәз болады болысың, Көжекбайға, Мұқыр болысы Дүтбайға арналған, Антпенен тарқайды атты өлеңдеріндегі болыс-билердің арасында жүріп жататын дау-шар, сатқындық, парақорлық, болыс сайлауы алдындағы қарсыластарына жабылған жала, шектен тыс жасалған озбырлық, жемқорлық, халыққа көрсеткен зорлық, әсіресе, сайлау қарсаңында патша чиновниктері алдындағы шексіз жағымпаздық Абай жолы эпопеясында қаз қалпында суреттеліп, өлтіре сыналған. Бұл дерттің түпкі негізі Абай поэзиясында сөз болатынын ғалым Б.Майтанов атап көрсетеді: "Ол пенде атаулының көбінде кездесетін жанаярлық, өзімшілдік, опасыздық сырын айтады. Абай күресетін қырқаяқ қауымының жүз құбылған зымиян сұрқы белгі тастайды".
Абайдың болыстық сайлау жайынан мәлімет беретін Антпенен тарқайды атты өлеңіндегі жайт Абай жолы эпопеясында нақты көрініс тапқан. Мәселен: ... Мыналар да сондай ұялас, қанды ауыз дәніккен бөрілер. Алыстан жемін аңдып алып, бас қосқанда анттасып, баталасып бірін-бірі қайрайды. Жауыздыққа, жаулыққа баталасады. Жазығы жоқ жақынды, жалғыз бен жалқыны желі етуге анттасады. Сол үшін өздеріндей бүліктен, бұзықтан көмек жияды. Біреуді еліктіріп алады, біреуді қорқытып ертеді.
Түйіндей келе, М.Әуезов Абай ғұмыр кешкен әлеуметтік ортада жасап, ақын өмір сүрген дәуір болмысын көзімен көріп, іштей сезініп өсті. Сол кезеңнің саяси көрінісін, патша өкіметінің қазақ даласына жүргізген отаршылық езгісін, ел басқару жүйесін, тарихи дамудың жалпы көрінісін Абай жолы роман-эпопеясында идеялық-көркемдік тұрғыдан суреттеп берді.
Қарасөздердегі дүниетанымдық ой-түйіндер М.Әуезов көсемсөздерінде жалғасуы М.Әуезовтің таланты көсемсөздерден ерекше байқалады. Жазушының тұңғыш жарық көрген тырнақалды туындысы Адамдық негізі - әйел (1917) деген мақаласын оқып отырғанда өзінің рухани ұстазы Абайдың ойын сабақтай түскені байқалады. Бұл мақалада Абайдың қарасөздеріндегі сияқты тәрбие, дін, мораль, адамгершілік мәселесі көтерілген. Мысалы: Неліктен? Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі - тіршілік қамы, бірі - адамшылық қамы. Барша дүниедегі пайда-мақтан әуел басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл - инсаният, яғни адамдық жолы. Абайдың жетінші қарасөзінде айтатын адам баласының екі түрлі мінезбен туатын - жан мен тән деген қасиетін, жазушы түсінікті ұғыммен тіршілік пен адамдық қылық деп береді. Ұлы ұстазы айтқанды қайталап, М.Әуезов тіршілік қамын - хайуани салахият, адамдық жолын - инсаният дейді. Абай толық инсаният деп, өз шығармаларында негізгі арқау болатын толық адамды айтады.
М.Әуезов бұл мақаласында өзінің ұстазының 37-ші сөзінен мысал келтіреді: Бұлар бұрынғы Толстой сықылды хакимдердің айтуында екінші марқұм әкеміз Абайдың: "Әкесінің баласы - адамның дұшпаны, адамның баласы - бауырың" деген нақыл сөзі һәм пайғамбар ғалаис саламның: "Адамның жақсысы адамға пайдасын тигізген деген хадисі де көрсетеді. Осы мысалдан жазушыға Абай қарасөздерінің әсері мол болғанын анық аңғаруға болады.
М.Әуезов халықтың сусап тұрғаны, тұрмыстағы ең қажеттісі ғылым екенін ескертеді. Қайсысын қолданамыз? деген мақаласында Әуезов халықты ағартудың, қазақ арасына ғылым, білімді таратудың нақты мәселелерін арнайы сөз етеді. Ал Абай оныншы сөзінде: Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды делінген.
Абай қарасөзіндегі толғағы жеткен ой М.Әуезовтің "Ескеру керек" атты мақаласында жалғасын тапқан. "...Жуан ауыл - қырдағы бұзық мінездің ұясы. Ел ішіне күшті, әділ үкімет орнатып, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айырып әлсіретуге тырысу керек", - дейді. Жазушының әлеуметтік бұл көзқарасы Абайдың жиырма екінші қарасөзіндегі айтылған ойды еске түсіреді: "...Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан "Ырыс баққан, дау бақпас" деген мақалменен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды алмасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым" .
Осы тарауда М.Әуезовтің "Қайсысын қолданамыз?", "Ескеру керек", "Қазақ қызметкерлерінің міндеті", "Оқудағы құрбыларыма", "Философия жайынан", "Оқу ісі", "Ғылым тілі", "Ғылым", Қазақтың өзгеше мінездері атты көсемсөздерінен Абай қарасөздерінің іздерін тауып, оларға талдау жасалды. Абай қарасөздеріндегі даналық ойлардың М.Әуезов көсемсөздерімен идеялық тұрғыдан сабақтастығына ерекше көңіл бөлінді.
Әдеби үндестік пен рухани сабақтастық , Шығармашылық қайнар көздер деген тарауында ақын мен жазушы шығармашылығының қайнар бұлақтары жөнінде сөз болады.
Дәстүр мен жаңашылдық категориясы - ежелден келе жатқан барлық халықтың әдебиеті мен өнеріне тән дамып жалғаса беретін үрдіс. Қазақ әдебиетінде бұтағын кеңге жайып, үлкен сала болып қалыптасқан Абай дәстүрі сияқты, орыс әдебиетінде Пушкин дәстүрі бар. Қазақ әдебиетінде Абай және Шәкәрім, Абай және Әуезов, Абай және Мағжан деген кең ауқымдағы тақырыптар сияқты орыс әдебиетінде де Пушкин и Лермонтов, Пушкин и Державин, Гоголь и Пушкин деген тақырыптар арнайы ғылыми зерттеу объектісіне айналған дәстүрлі тақырыптар. Лермонтов пен Пушкиннің тарихи әдебиеттегі талғамын әуелде Белинский қалаған, сонымен қатар бұл мәселенің әрбір қыры жайында жазылған жүздеген ғылыми басылымдар да жарық көрді.
Әлем әдебиетінің алыптары арасындағы ұқсастықты бақылап тексеріп отырғанда байқағанымыз, әр суреткерге тән изоморфизмдік тәсіл мынадай болып келеді: әсер ету, үлгі алу, ұстаз тұту, дәстүрлер ұласу, көркемдік тәсілдер алмасу, әдеби жалғастық табу, жаңа сапаға көтеру, өзіндік қырынан жаңалық әкелу. Осы заңдылық қазақ әдебиетінің классиктері Абай мен Әуезов әлеміне де зор қатысы бар мәселе.
Абайдың асқан ақындық және данышпандық қасиетке жетуіне себепші болған оның мол қайнар бұлақтары мен бастаулары еді. Абай шығармашылығының нәр алған қайнар бұлақтары жайлы тұңғыш рет тың пікірді М.Әуезов Абай ақындығының айналасы деген 1934 жылы жазған ғылыми-теориялық мақаласында қозғаған еді. Яғни Абай шығармашылығына рухани азық болған, оның нәр алып сусындаған арналары: халқымыздың ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Онегиннің мінездемесі
Абай өлеңдері
Қазақ философиясындағы дәстүр мен жаңшылдық
Зар заман ақындарының философиялық көзқарастары
Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығындағы ұлттық болмыс, халықтың салт-дәстүрлері мен нақыл сөздері
Қазақ әдебиет
Абай табиғат жыршысы
Абайдың табиғат тақырыбындағы өлеңдерін насихаттау
Халықтық педагогика - тәрбие бастауы
Абай өлеңдерідегі плеоназмдар мен оксюморондар
Пәндер