Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 31 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар

Кіріспе
І. Құрмалас сөйлем туралы түсінік
1.1 Құрмалас сөйлемнің зерттелуі
1.2 Сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлері
ІІ. Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары
2.1 Шартты рай тұлғасының тарихи-этимологиялық негіздері
2.2 Шартты рай формалы етістік қатысып алуан түрлі қатынасты білдіретін сабақтас құрмалас сөйлемдер
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Курстық жұмыстың өзектілігі: Қазіргі қазақ тілі синтаксисі функционалдық бағытта көп аспектілі ғылым ретінде даму үстінде. Бүгінде грамматика саласында қарастырылып келе жатқан еңбектерде жалпы құрмалас сөйлемнің түрлері ғана келтірілген, оның белгілі бір форма арқылы ғана жасалатын арнайы түрі кеңінен зерттеуді қажет етеді.
Курстық жұмыстың мақсаты: Шартты рай формаларының қатысуымен құралатын сабақтас құрмалас сөйлемдердің табиғаты мен мәнін айқындау.
Курстық жұмыстың міндеттері:
құрмалас сөйлемнің зерттелу тарихына шолу жасау;
шартты рай формаларының қатысуымен құрылған сабақтас құрмалас сөйлемдердің мағыналық қатынастарын көрсету.
шартты рай формаларының қатысуымен құрылған сабақтас құрмалас сөйлемдердің қазақ тілінің тіл - сөйлеу жүйесінде алатын орны мен атқарылатын қызметтерін сипаттап анықтау.
Курстық жұмыстың құрылымы: Курстық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

КІРІСПЕ
Құрмалас сөйлем - синтаксистің ауқымды да күрделі саласы. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем синтаксисі қазақ тіл ғылымында 1920 жылдардан бері қарай зерттеліп келеді. Құрмалас сөйлем синтаксисі туралы алғашқы пікірлерді отызыншы жылдар ішінде мектептерге арналып жазылған оқулықтардан, оқу бағдарламаларынан кездестіруге болады. Құрмалас деген термин сол кездерден бастап енген болатын. Бұл термин тіл ғылымында ғана қолданылады. Бұл атау - құра деген етістіктен жасалған туынды сөз. Терминнің мағынасы өзі атау болған категорияның мазмұнына сәйкес келеді. Өйткені құрмалас деген атаумен аталатын сөйлем - екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын құрамды категория.
Құрамы жағынан қарасақ, жай сөйлем жеке мүшелерден құралады да, құрмалас сөйлем жеке сөйлемдерден құралады, яғни, жай сөйлем жеке сөздерге ғана жіктеле алатын болса, құрмалас сөйлем жеке сөздерді өз ішіне алатын сөйлемдерге жіктеледі. Жай сөйлем жеке бір ғана ойды білдірсе, құрмалас сөйлем күрделі ойды білдіреді.
Құрылымдық және мағыналық сипаттары жағынан қарасақ, құрмалас сөйлемдер - екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемдер. Сөйлем құрмалас болу үшін өз ішінен сөйлемдік бөлшектерге бөлінуі шарт. Біз ғалымдар мен жас ізденушілердің зерттеу жұмыстарын негізге ала отырып, шартты рай тұлғалы сабақтас сөйлемдердің грамматикалық-стилистикалық табиғатына үңілеміз.


1.1 Құрмалас сөйлемнің зерттелуі
Құрмалас сөйлем - синтаксистің үлкен, арналы саласы. Бұл сала ішінара салалас жəне сабақтас сөйлемдерден құралып, көптеген синтаксистік категорияларды қамтиды. Осыған байланысты, құрмалас сөйлемдер жүйесі, оның ішінде салалас пен сабақтас құрмалас сөйлемдердің айырым белгілері сараланбай, тіпті сабақтас сөйлем мен жай сөйлемнің аралығында көптеген даулы мəселелер туындап, ширатыла келе өз шешімін тапқандай болды. Бірнеше жылдар бойы бірқатар тілші-ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нəтижесінде сол уақыттарда баспасөз беттерінде бір-біріне қарама-қайшы пікірлерге толы мақалалардың жарияланғаны бізге осы ғылым жайында жазылған еңбектерден белгілі. Құрмалас сөйлемдерді талдауда кездесетін қиындықтарды сөз еткенде, ойға ең алдымен сабақтас құрмалас сөйлем оралады. Оның өзіндік мəні де бар. Өйткені үлкен дау туғызып, маңайына мəселелерді көптеп шоғырландырумен келе жатқан да - осы сабақтас құрмалас сөйлем. Жоғарыда келтіргеніміздей, мұндай сөйлемдер жай сөйлемдермен біте қайнасып кеткендей қатар танылғандықтан, оның бағыныңқы компонентінде жеке сөйлемдік қасиет бар ма, бар болатын болса, негізгі белгісі қандай болуы керек деген тəрізді сұраулар көптеп етек алды да, синтаксистің түйіні шешілмеген саласы ретінде ғылымнан жауап тілеп, жұмбақ қалпында жатуымен өзіне зерттеушілердің назарын аудартумен келді. Алғашқы зерттеулерде кейбір жай сөйлемдер құрмалас деп танылып, осы саладағы еңбектерге енгізілген болатын. Сондай-ақ сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы компонентінің өз алдына дербес сөйлемдік қасиетінен гөрі, басыңқы компоненті айқындауыш мүше - сөйлем мүшесіне сəйкес қасиеті үстем, сондықтан оны жеке сөйлем ретінде қарастыруға келмейді деген күмəнды пікірлер де үнемі бой көрсетіп отырғаны мəлім. Кейін мұндай тиянақсыз көзқарастар бəсеңси келе өз арнасын тапқандай болды. Өйткені сабақтас сөйлемдерді жай сөйлемдерден ажырату үшін əр компонентінде өзіндік дербес бастауышы болуы керектігі ең басты критерий ретінде алғашқы орынға қойылған болатын. Осы тұжырымға келу жолында да есепсіз еңбек етілгені, оның көптеген қарсылықтарға кез болып, кей жағдайда қолдау таппай қалған сəттерінің болғаны ғылымдағы алуан көзқарастардан аян. Сабақтас құрмаластың сан қилы ерекшеліктеріне байланысты зерттелу тарихындағы қым-қиғаш іздеріне қарай отырып, бүгінгі күнде де түбегейлі айқындала қоймаған тұстарын байқауға болады. Көптеген танымал ғалымдар осы бағыттағы сан түрлі тұжырымдарды бір жүйеге келтіру үшін барын салғанымен, мəселе соңына түбегейлі нүкте қойылды деуге болмайды. Дегенмен, аталмыш тақырыптағы орасан еңбектері бойынша əрқайсысының алатын орны бөлек. Осынау ғалымдардың еңбектері шытырман қайшылықтарға толы болғанымен, негізгі бағыттары мен мақсат-мүдделері бір арнада тоғысып жатады. Бəріне де негіз болып, жол сілтеуші - қазақ тіл білімінің көшбасшысы, яғни құрмалас сөйлемдер табиғатын тұңғыш зерттеп, сарапқа салған ғалым А. Байтұрсыновтың еңбегі. Синтаксис ғылымының басқа да салалары сияқты құрмалас сөйлем синтаксисінің де зерттейтін өзіндік күрделі объектісі бар. Адамдар өзара тіл табысқанда бір-бірімен байланыспайтын жеке сөйлемдерді ғана айтпайды, бір-біріне жалғасып, өзара ұштасып жататын сөйлемдер тізбегін құрайды. Тізбек құрамындағы сөйлемдердің бір-бірімен жалғасуында қалыптасқан мағыналық жəне структуралық заңдылықтар бар. Құрмалас сөйлем синтаксисінің міндеті - сол заңдылықты айқындау. Басқаша айтқанда, құрмалас сөйлем синтаксисінің міндеті - жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара ұласып, күрделі бір сөйлемге айналып, сол арқылы бір ойды екінші ойға жалғастырып, күрделі бір ойды білдірудің жолдарын, амал-тəсілдерін зерттеу. Құрмалас сөйлем синтаксисі жай сөйлемдердің өзара бірігіп, күрделі ойды білдіретін бір сөйлем, яғни құрмалас сөйлем болуын зерттеумен ғана тынбайды, сонымен қатар бірнеше сөйлемдер тіркесінен құралатын синтаксистік күрделі бірлікті де қарастырады. Бұл тұрғыдан алғанда, құрмалас сөйлем синтаксисінің объектісін құрмалас сөйлем, синтаксистік күрделі бірлік деп екі топқа бөлуге болады. Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемнің кем дегенде екі жай сөйлемнен құралатынын, күрделі ойды білдіретінін ғалымдар бекер демейді. Құрмалас сөйлем дегеніміз не? деген сұрауға берген жауаптарында олардың барлығы да бұл екі белгіні негіз ретінде алады. Бірақ құрмалас сөйлем компоненттеріне қандай тіркес жатады, оған қойылатын басты критерий не? деген сұрауға келгенде, қазақ тілтанушыларының арасында соңғы уақытқа дейін бірауыздылық болмай келді. Тіл құралы деген атпен 1925 жылы қазақ тілінде шыққан А. Байтұрсынұлы оқулығында: Қазақ тілі сөйлемдері арасында екі түрлі жақындық болады: оның бірі - ішкі мағына жақындығы да, екіншісі - сыртқы қисын жақындығы дегенді айта келіп, жай сөйлемдер бір-бірімен бірігіп, бір құрмалас сөйлем болу үшін олардың арасында осы екі жақындық - ішкі мағына жақындығы мен сыртқы қисын жақындығыны болуы керек деген, яғни құрмалас сөйлем компоненттері бір-бірімен екіжақты əрі мағыналық, əрі тұлғалық байланыста болатыны көзделген. Бұл - құрмалас сөйлемнің синтаксисіне қатысты қазақ тілінде айтылған алғашқы пікір болатын, бірақ соған қарамастан компоненттер арасындағы бірлік, байланыс дұрыс көрсетілген. Құрмалас сөйлемнің құрамына енетін жай сөйлемдер арасында осы аталған екі түрлі байланыстың екеуі де болатынын құрмалас сөйлем синтаксисін кейін зерттеген ғалымдардың қай-қайсысы болсын жоққа шығармайды. Бірақ, А. Байтұрсынұлы оқулығында компоненттері арасында болатын тұлғалық байланыстың қандай тəсілдер арқылы көрінетіні, компоненттер құрамында негізгі мүшелердің болу қажетттігі туралы ештеңе айтылмаған. Сол сияқты аталған оқулықта салалас пен сабақтас құрмалас сөйлемнің бір-бірінен өзгешелігін де сөз еткен. Онда компоненттері өзара тең түрде байланысса, салалас болады да, тең емес, бірінен-бірі кем болып байланысса, сабақтас болады дегеннен басқа құрмалас сөйлемнің бұл екі түрін бір-бірінен ажырататын басқа белгілер айтылмаған. Тең байланыс, кем байланыс сынды ұғымлар толыққанды ашылмаған. Құрмалас сөйлем жөніндегі бұл пікірлер отызыншы жылдарға дейін өзгеріссіз қайталанып келді. Профессор Қ. Жұбанов құрмалас сөйлем болу үшін ең негізгі белгі, критерий - əр компонент құрамында бастауыш, баяндауыш боларлық сөздер қажет деп есептеді, ғалым: Сөйлемнің бір мүшесі тек жайылма болып қоймай, өзі бір сөйлем болып айтылса, өзін сөгіп алып ішін ақтарғанда бір бастауыш, бір баяндауыш болып шықса, ондай сөйлемді күрделі сөйлем дейміз деген анықтама берген. Мысалы: Ақылы көп бала жақсы оқиды: Бұл мысалды автор екі сөйлемнен құралған күрделі сөйлем оның бірінші сөйлемі - ақылы көп. Бұл екі сөз қосылып бір сөйлем болады да, сол сөйлем үтірімен барып, бала деген бастауышқа анықтауыш болады, - дейді. Қ. Жұбанов құрмалас сөйлем компоненттері арасында интонацияның болу-болмауына мəн бермейді. Өйткені бұл ғалым құрмалас сөйлем компонентін сөйлемнің жайылма мүшесінің бір түрі деп санайды. Сондықтан да кейініректе үйірлі мүше деген атқа ие болған тіркестердің барлығы да Қ. Жұбанов еңбегінде құрмаластың компоненті деп есептелген. С. Жиенбаев та құрмалас сөйлем компонентін айқындауда Қ.Жұбановтың бағытын ұстаған. Бірақ ол үйірлі мүшелерді баз-баяғы бағыныңқы сөйлем дей отыра, өзіндік интонациясы болмағандықтан, үйірлі мүшелі сөйлемдерді үйірлі мүшелі сабақтас деп атайды. Бірақ құрмалас сөйлемге қойылатын критерийді ашық-айқын тармақтап талдамаған. Құрмалас сөйлем компоненттерінің дербес айтылатын жай сөйлемдерін елеулі өзгешеліктері бар. Ең алдымен, құрмалас сөйлем компоненттерінде жай сөйлемге тəн дербестік жоқ, олар құрмалас деп аталатын бір бүтін сөйлемнің жеке бөлшегі ғана. Бүтіннің бір бөлшегі болғандықтан құрмалас сөйлем компоненттерінде мағыналық та, интонациялық та, кейбіреулерінде формалық та тиянақтылық болмайды. Ондай тиянақтылық мəнге құрмалас құрамындағы барлық компоненттер біріккен жағдайда ғана ие болады. Өйткені құрмалас сөйлем дегеніміз кез келген жай сөйлемдері кездейсоқ тіркесе салған тобы емес, оның компоненттері бір-бірімен органикалық байланыста, берік бірлікте тұрады жəне біріне-бірі бағынышты, өзара шарттас болып келетін мағыналық күрделі бір бүтін болып есептеледі. Егер компоненттердің бірлігі бұзылса, олар өздерінің бірлікте тұрғандағы мəндерін жояды. Мысалы: Бұлақты таудан арна ақса, теніз болар аяғы (Мақал). Профессор В. Богородицкий Орыс тілінің жалпы курсы деген еңбегінде: Құрмалас сөйлем компоненттерінің өзара байланысы бір бүтін екендігін айта келе, сөздің морфологиялық бөлшектерінің сөзден тысқары өмір сүре алмайтыны, тек сөзбен бірге ғана қолданылатыны сияқты, құрмалас сөйлемнің бөлшектерінде де дербестік болмайды, олар өзара бірлесіп, бір бүтін болып тұрады дейді. Бұл ретте, В. Виноградов: Құрмалас деп, сыртқы формалды грамматикалық құрылысы жағынан дербес жай сөйлемдерге сəл ұқсастығы бар бөлшектерден құралып, интонациялық жəне мағыналық жақтан бір бүтін болып тұратын сөйлемдерді айтады, - дейді. Құрмалас сөйлем компоненттерінің осы аталған ерекшеліктеріне қарап, орыс тілінің кейбір мамандары құрмалас сөйлем компоненттерін сөйлем компоненттерін сөйлем деп атамай, басқаша айту жағын қарастыру керектігін жеткізеді. Бірақ əңгіменің түйіні оны қалай атауда емес, жай сөйлем мен құрмалас сөйлем компоненттері арасындағы бірлік пен өзгешелікті айқындауда. Құрмалас сөйлемнің өзіндік сипатына байланысты айтылатын тағы бір жайт - құрмалас сөйлем мен жай сөйлемдердің функциялары. Атқаратын қоғамдық қызметі жағынан жай сөйлем мен құрмалас сөйлем бір: екеуі де (рас, бірі жалаң бір ойды, екіншісі жеке ойдан құралған күрделі ойды білдіреді) ойды жарыққа шығару, оны басқаларға білдіру, сол арқылы қоғам мүшелерінің өзара түсінісу қызметін атқарады. Сөйлемнің бұл екі түрінің бір-бірінен өзгешеліктері олардың сыртқы құрылыстары мен ішкі мазмұндарында. Құрамы жағынан алғанда жай сөйлем - жеке мүшелерден (сөздерден) құралады да, құрмалас сөйлем - сөйлемдерден құралады, басқаша айтқанда, жай сөйлем жеке сөздерге ғана (мүшелерге) жіктеле алатын болса, құрмалас сөйлем жеке сөздерді (мүшелерді) өз ішіне алатын сөйлемдерге жіктеледі. Сөйтіп, бірінің мүшесі - сөз, екіншісінің мүшесі - сөйлем. Жай сөйлемде бір ғана предикаттық орталық болса, құрмалас сөйлемде кем дегенде екеу болады. Бұл - жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-бірінен құрылысы, құрамы жағынан өзгешеліктері, ал бұл екі категорияның бір-бірінен мағыналық өзгешелігі - олардың бірінің (жай сөйлемнің) жеке бір ғана ойды білдіріп, екіншісінің (құрмаластың) күрделі ойды білдіруінде. Осы айтылған структуралық жəне мағыналық сипаттары жағынан алғанда, құрмалас сөйлемге екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, қүрделі бір ғана ойды білдіретін, интонациялық жағынан бір бүтін болып тұратын сөйлемдер жатады. Құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне қарай, құрмалас сөйлем əрдайым көлемді болады да, жай сөйлем оған қарағанда көлемсіз болады деген қорытынды шығармау керек. Сөйлемнің құрмалас болуы оның көлеміне байланысты емес, айтылмақшы ойдың ерекшелігіне қарай. Мысалы: Қажымұқанның мейлінше күнге күйіп, желге жарылған қара қайыс жүзі, уысына зорға сыярлық дөкір, ірі саусақтары, тарамыс, əлді денесі, етсіз шықшыты жайылып, езу тартқанда ақсита қалған аққаладай тістері, көзінің айналасындағы мəз болып жиырылған жұқа қыртысты, қалтқысыз шырайы Андреевтің көз алдына қырдың еңбегі еш, тұзы сор көп еңбекшісінің бала мінезді, батыл кейпін алып келгендей болды (Х. Есенжанов). Біз ауылға қайтамыз дейміз, ауыл бізге келеміз дейді (Ғ. Мүсірепов). Бұл екі сөйлемнің алдыңғысы соңғыдан жеті еседей көлемді, бірақ соған қарамастан ол жай сөйлем. Ал кейінгі алдыңғыдан əлдеқайда ықшамдылығына қарамастан құрмалас сөйлем. Өйткені алдыңғы қанша көлемді болғанмен сөйлемдік сипаты бар элементтерге, бөлшектерге жіктеле алмайды, ал соңғы ондай бөлшектерге жіктеле алады. Олай болатын болса, сөйлем құрмалас болу үшін өз ішінен сөйлемдік бөлшектерге бөлінуі шарт.

1.2 Сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлері
Сабақтас кұрмаластың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен, бір жағынан, бағыныңқы сөйлемнің баяндауыш тұлғасының тиянақсыз болып келуімен құрмаласса, екінші жағынан олардың өз ара мағыналық карым-катынасы арқылы да құрмаласады. Бағыныңқы сөйлем мен басыңқы сөйлемнің бір-бірімен мағыналық карым-катынасы әр түрлі болады. Сондықтан да басыңқы сөйлемнен бағыныңқы сөйлемге сұрақ коюга болады. Сабақтастың құрамындағы бағыныңкы сөйлем мен басыңқы сөйлемнің мағыналық карым-қатынасына қарай сабақтас құрмалас шартты бағыныңқылы, қимыл-сын бағыныңқылы, мезгіл бағыныңқылы, қарсылықты бағыныңқылы, себеп бағыныңқылы, мақсат бағыныңқылы сабақтас болып алты түрге бөлінеді.
Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас
Бағыныңқы сөйлем басқа сөйлемдегі ойдың болу шартын білдіретін сабақтастың түрін шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Шартты бағыныңқылы сөйлем қайтсе? не етсе? кайткенде? не еткенде? кайтпей? не етпей? қайтпейінше? не етпейінше? деген сұрақтарға жауап береді.
Шартты бағыныңқылы сөйлемнің баяндауыштары мынадай тұлғалардан жасалады:
1) етістіктің шартты рай түрінен болады. Мысалы: Осыңдай қалың жұрт батысқа қарай ағылып бара жатса, ол көптің бірі боп біз қандай оп-оңай араласып кетер едік (Ғ. Мүсірепов).
2) болымсыз етістіктің -й тұлғалы көсемше түрінен болады. Мысалы: Мойындары салбырап сүмірейіп тұрған өгіздер де шыдай алмай, мойынтұрықтарынан бұлқына тартынып шөпке қарай тұмсықтарын өзеурей созған (С. Мұратбеков).
3) жатыс септік тұлғасындағы есімшеден болады. Мысалы: Қара теке - Әзімбай болғанда, осы текенің әкесі - сары теке қатар тұр еді (М. Әуезов).
Қимыл сын бағыныңқылы сабақтас құрмалас
Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі ойдың қалай орындалғанын білдіретін сабақтастың түрін қимыл-сын бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Қимылсын бағыныңқылы сөйлем қалай? қайтіп? не етіп? деген сұрақтарға жауап береді.
Қимыл-сын бағыныңқылы сөйлемнің баяндауыштары мынадай тұлғалардан жасалады:
1) -а, -е, -й және -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшеден болады: Әпкем екеуміз күнделікті таңғы алагеуімнен тұрып, бірер сағаттан қол шалғымен бір ай бойы шауып едік (С. Мұратбеков).
2) есімше тұлғасына -дай, -дей жұрнағы жалғанып жасалады: Өзгелері қос атпен тартқандай, косалқы мүғалім жолдаумен ілігіп келеді (Ғ. Мүсірепов).
Мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас
Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі ойдың болу мезгілін білдіретін құрмалстың түрін мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Мезгіл баяғыныңқылы сөйлем қашан? қашаннан бері? қашанға шейін? деген сүрақтарға жауап береді. Мезгіл бағыныңқылы сөйлемнің баяндауыштары мынадай тұлғалардан жасалады:
1) жатыс септік тұлғасындағы есімшеден болады: Екеуі ымырт үйіріле үйден шыққанда, қонақтардың соңы әлі тараған жоқты (Ғ. Мүсірепов).
2) есімше тұлғалы етістік пен кезде, күнде, шақта, уақытта деген мезгіл мәнді сөздердің тіркесуінен болады: Күн ұясына төніп келген кезде, Аманкелдіге тағы он шақты адам кездеседі (Ғ. Мүсірепов).
3) барыс және шығыс септік тұлғасындағы есімше мен шейін, дейін және кейін, соң, бері, бұрын шылауларының тіркесінен болады: Сейіттің әке-шешесі даланың бір айналсоқ қырғыны обадан өлгеннен кейін, Игілік - қалған мал-мүлкін жинап алғысы кеп жетім баланы өз қолына алдырған (Ғ. Мүсірепов).
4) -ша, -ше тұлғалы есімшеден болады. Мысалы: Ол жұрт кейін мекенге қайтып, малын сұрағанша, қолдан-жолдан қосылған жеті мың жылқы таңбаланып та қалған еді (Ғ. Мүсірепов).
5) көсемшенің -ғалы, -гелі, -қалы, -келі тұлғасынан болады. Мысалы: Байсал Құнанбаймен араздасып кеткелі, Абай мен Жиреншенің кездескені осы (М. Әуезов).
6) етістіктің шартты райынан да болады: Мысалы: Осындай қарбалас күңдердің бірінде Ерлан түс ауа шеберханаға келсе, Жақып жігіттерімен жоқ (С. Бәкіров).
7) -ысымен (-ісімен) қосымшалы етістіктен болады. Мысалы: Қазір де трактор табанына қарғып қайта шыға салысымен; екі қолын кезек сермеп: - Қар - мұхит; трактор - кеме, үш батыр айқасқа шықты тілсіз жаумен, - деп елеуреп, тақпақтай жөнелді (О. Бөкей).
Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас
Басыңқы сөйлем білдіретін ой бағыныңқыда айтылған ойға немесе бағыныңқыдағы ой басыңқыдағы ойға қарсы қойыла айтылатын сабак,тастықтық түрін қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Қарсылықты бағыныңқылы сөйлем қайтсе де? не істесе де? қайткенмен? не еткенмен? қайтпесе? деген сұрақтарға жауап береді.
Қарсылықты бағыныңқылы сөйлемнің баяндауыштары мынадай тұлғалардан жасалады:
1) шартты райлы етістікке да, де шылауы тіркесінен болады. Мысалы: Мен қанша тесіле қарасам да, Маржан менің сағынышымды көктем хабаршысындай көре алмады (Ә. Тауасаров).
2) болымсыз тұлғадағы етістіктің шартты райынан болады. Мысалы: Мотор үні өшті демесең, екпіні басылмаған винт ақырын ғана айналып тұр (Ә. Әлімжанов).
3) көмектес септік тұлғасындағы есімшеден болады. Мысалы: Бұл атыраптың күні ыстық болғанмен, түні салқын (3. Қабдолов).
4) -ша, -ше тұлғалы есімшеден болады. Мысалы: Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл (мақал).
5) көсемше тұлғалы күрделі етістіктен болып, көмекші етістік тұра, тұрып сөзі болады. Мысалы: Патша қатесін мойнына алып кешірім сұрағанын біле тұрып, Рүстем батыр қаһарлы райынан қайтпады (М. Қаратаев).
6) шығыс септік тұлғасындағы болымсыз есімше түрінен болады. Мысалы: Алексей Мересьев аяқтары үсігеніне немесе мылжаланғанына қарамастан, орман мен балшықты аралап күндіз-түні еңбектеді (Б. Полевой).
Себеп бағыныңқы сабақтас құрмалас
Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемде айтылған ойдың себебін білдіретін сабақтастың түрін себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Себеп бағыныңқылы сөйлем неліктен? не себепті? неге? не деп? деген сұрақтарға жауап береді.
Себеп бағыныңқылы сөйлемнің баяндауыштары мынадай тұлғалардан жасалады:
1) -дықтан, -діктен қосымшасы үстелген есімшеден жасалады. Мысалы: Оқу құралдарымыз жоқ болғандықтан, Әнипа апай үйге берілген тапсырмаларды тегіс класс тақтасына жазатын да, біз көшіріп алатынбыз (С. Мұратбеков).
2) есімше тұлғалы етістікке соң шылауы тіркесіп жасалады. Мысалы: Балуан аяңға көшкен соң, қалғандары да тақым суыта бастады (Қазақ әдебиеті).
3) болымсыз етістіктің көсемше тұлғасынан болады. Мысалы: Ол өзін-өзі тоқтата алмай, мәуені тағы да жеуге кірісті (Б. Полевой).
Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас
Бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемдегі ойдың болу мақсатын білдіретін сабақтастық түрін мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас дейміз. Мақсат бағыныңқылы сөйлем не мақсатпен? не етпек болып? не үшін? неге? деген сұрақтарға жауап береді.
Мақсат бағыныңқылы сөйлемнің баяндауыштары мынадай тұлғалардан жасалады: 1) мақсатты келер шақ (-мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) етістік пен болып көмекші етістіктің тіркесінен болады: Бүгін бірер керек кітабын алып шықпақболып, өзі жалғыз кіріп еді (М. Әуезов).
2) тұйық етістік пен үшін шылауының тіркесінен болады: Төбені шытынатпай тұтас ұстау үшін, төбеге аркалықтар тегіс тиіп тұру керек (Ғ. Мұстафин).
3) шартты, бүйрық және қалау рай тұлғалы етістік пен деп көмекші етістік тіркесінен болады: Сол шаңқыл тына қалар ма екен деп, Көпей самауырды есік алдына қайта шығарды (Ғ. Мүсірепов).

2.1 Шартты рай тұлғасының тарихи-этимологиялық негіздері
Шарт қатынасының тілдік бейнеленуінің негізгі тілдік амалы ретінде көрінетін шартты рай тұлғасының пайда болуы мен оның мағынасы, қызмет ету аясы туралы мәселе аса маңызды болмақ. Қазіргі ғылымда шартты рай тұлғасының пайда болуы туралы қалыптасқан бірқатар пікірлер бар. Шартты рай тұлғалы етістік арқылы жасалған құрмалас сөйлемнің барлығы бірдей шарт қатынасындағы сөйлем бола алмайды. Сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауыштары бірдей -са, -се тұлғасы арқылы жасалса да, оның басыңқы сыңарымен мағыналық қатынасы әртүрлі болуы мүмкін. Соған сай құрмалас сөйлем бірде салыстырма мәнді сабақтас сөйлем, бірде қарсылық мәнді сабақтас, бірде мезгіл мәнді сабақтас сөйлем түрінде келеді. Олай болса, грамматикалық тұлға - біреу, ал мағыналық қатынас - әртүрлі деген пікірлер айтылады. Бірақ, шынымен де осы грамматикалық шартты рай тұлғасы деп жүргеніміз тек бір ғана тұлға ма?
Ғалым Т. Ермекова: Біздің ойымызша, қосымшалардың бір мезгілде бірнеше мән беруі, басқаша айтсақ, полисемиялы қолданыста болуы, бір жағынан, осы тұлға арқылы жасалған құрмаластардың бір негізден шыққандығын көрсетсе, екінші жағынан, сөйлемді контекстен бөліп қараудың салдарынан, - дейді. Шартты рай тұлғасын зерттеушілердің пікірінше, шартты рай формасының семантикалық даму жолын анықтаудың шешілмеген жайттары жоқ емес. Бұл тарихи тілдік фактілердің тапшылығынан көрінеді. Қазірде, - са, - се, - сар, - сер қосымшасының қалау мағынасы да, шақтық мағынасы да Орхон дәуірінде қалыптасқан деген пікір бар. Бірақ бұл да нақты дерек емес, болжам ғана. Орхонға дейін мұндай мағыналардың болған-болмағанын қайдан білеміз? Екіншіден, тіл білімінде әлі де болса жалпы грамматикалық мағыналардың даму заңдылықтары зерттелмеген, жолдары анықталмаған. Үшіншіден, грамматикалық категориялардың жеке формалары жеке дара өмір сүрмейді, бірімен бірі араласып, байланыста өмір сүреді. Сондықтан олардың қалыптасу жолдарын, даму заңдылықтарын, өз арасындағы шекараларын ажыратып тұрған межені, өлшемді белгілеу керек.
Қ. Есенов шартты бағыныңқының -сасе тұлғалы түрі тілімізден ерте кездің өзінде орын алғанын алға тарта отырып: Ол кездерде бұл тұлғалы баяндауыш мағыналық жақтан сараланбай, шарт, мезгіл мәндерінде жұмсалып отырған,-дейді де, қырғыз тілі маманы К. Сартбаев еңбегіне сілтеме жасайды. Одан әрі: Осы шарт, мезгіл мағыналарының - сасе тұлғасы арқылы берілуі қазіргі кезеңде де кездесіп қалып отырады. Бұл заңдылықты тіліміздің көне заманынан қалған құбылыс па деп ойлаймыз - деген жорамал айтады. Шартты рай тұлғасының тарихи қалыптасуы туралы М. Томанов былай дейді: Шартты рай түркі тілдерінде үш түрлі тұлға арқылы жасалады: - сар, - са, - сан. Бұлардың ішіндегі ең көнесі, байырғысы -сар тұлғасы - дей келіп, Орхон-Енисей жазбалары тілінде осы тұлғаның қолданылғанына мысалдар келтіреді. Ғалым көне түркі жазбаларындағы шартты райдың -сар тұлғасының жіктік жалғауын қабылдамайтындығына назар аударады. Мысалы: Ол йергеру барсар түрк бодун өлтечісен - Ол жерге барсаң - түрік жұрты, өлесің. Зерттеушілер -сар тұлғасын құранды тұлға деп қарайды: - са және - р; - са бөлігін санау, есептеу, солай болса деп ойлау етістігімен бірдей деп қарайды да, -р есімше тұлғасы, яғни алғашқы етістіктен есімше жасаған тұлға деп қарайды. Шындығында да -сар сол жазбалар тілінде есімше қызметінде қолданылған. Махмуд Қашқари эчсе, урса, алса, қачырса, сатса, келічсе, көрсе, барығса тәрізді етістіктердің құрамындағы - са қосымшасын са етістігімен бірыңғай деп қарайды. Ғалым М. Томанов осы жайларды айта келіп: Аталған қосымша мен көне түркілік са (қазіргі тілде сана) етістігі бір негізді, яғни қосымша дербес етістіктің өзгеше функциялық қолданысынан қалыптасқан - деген пікір түйеді. Г. Абдурахмановтың айтуынша, - са- сар түріндегі шартты рай тұлғасы Орхон ескерткіштерінде жеке сөйлемнің баяндауыш тұлғасы қызметінде келген. Бірақ, олар әлі жіктелмеген. Ал олардың жіктік жалғауларын қабылдауы, автордың айтуынша, ХVІІ ғасырдан басталады. Ол өзбек тіліндегі шартты рай тұлғасының жасалуы туралы: Форма - са- сар образовалась от основы глагола сади - желает, - дейді. Жалпы, түркі тілдері аумағында қарастырсақ, шартты рай тұлғасының нұсқалары, негізінен, бірыңғай болып келетінін көреміз. Кей авторлар түркімен тілінде етістіктің шарт формасы және шартты-қалау формасы деп ажыратылатындығын, ал морфологиялық формалары туыстас тілдерде көбіне бірізді болып келетінін айтады. Осы тұлғаның якут тіліндегі нұсқалары назар аударады. Якут тілінде шартты рай екі түрлі формада беріледі: алғашқысы - жалпытүркілік тар формасы болса, екіншісі - жеке бір тілге, якут тіліне ғана тән тах формасы. Екі форма да түрлі фонетикалық варианттармен үш жақта жіктеліп жұмсалады. Біздің ойымызша, аталған тарсар тұлғаларының құрамынан т с дыбыстық өзгерісін көруге болады және бұл екеуі де іс-әрекеттің орындалуы ұғымын бере алатын сөздер.
Көрнекті түрколог ғалым Н.А. Баскаков -са-се қосымшаларының шығу тарихына байланысты былай дейді: Етістіктің шарттылық тұлғасының аффиксі реальды мағына беретін тілек-қалау деген дербес сөздің мағынасын береді. Ол тұлға әуелі зат есіммен, кейін қимыл есіммен тіркесіп, модальдық мағына алған. Бұдан кейін тіркес бірте-бірте қалау тұлғасына, тіпті кейінірек етістіктің шарттылық тұлғасына айналған. Н.А. Баскаковтың бұл пікірінде де аталмыш тұлғаның (сасе тұлғасы) тілек-қалау мағынасынан бірте-бірте шарт мағынасына өтуінің нақты себептері көрсетілмей, болжалды түрде жалпылама ғана айтылады.
Белгілі түркологтар А. Серебренников пен Н. Гаджиева: Бұл тұлғаны көне қалау рай немесе оптатив көрсеткіштерімен байланыстыру ерекше назар аударуды қажет етеді. Шын мәнінде, түркі тілдерінде - са тұлғасының қалау мәнін беруі жиі кездеседі. Демек шартты райдың - са көрсеткіші оптативтің көне көріністерінің бірі ретінде қолданылып, кейінірек шарттылық мәнін беру үшін қолданыла бастаған, - дейді. Бұл автор да шартты рай тұлғасының қалау мәнін білдіретінін айта келіп, оның шарт мәніне ауысуының себептерін көрсетпеген.
Кез-келген грамматикалық тұлға алғашында толық мағыналы сөз болғаны қазірде күман тудырмайды. Дегенмен, бүгінгі күн тұрғысынан, олардың сол әуелгі сөздік мағыналарын түсіндіру үнемі мүмкін бола бермейтіні, дәлірек айтсақ, аса қиындық келтіретіні белгілі.
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Түсіндірмелі салалас сөйлем құрмалас сөйлемнің бір түрі ретінде
Қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдер
Құрмалас сөйлемнің зерттелуі
Мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмаластың қолданыстағы көріністері мен жасалу жолдары
Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі
Сабақтас құрмалас сөйлемдер
Қазақ және орыс тілдеріндегі салалас құрмалас сөйлемдер
Ағылшын тіліндегі құрмалас сөйлемдерді қолдану
Сабақтас құрмалас сөйлемді оқыту барысында жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану
Пәндер