Диуани хикметтің тілі қай түрік тілінде


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Дипломдық жобаның жаңалығы мен өзектілігі. Араб халифатынан шеткері орналасқандығына қарамастан Яссауи туып өскен аймақ түркі мәдениетінің негізгі ошағына айналды. Оның рухани дүниетанымдық көзқарасы және құрған сопылық қауымдастығының бағытын зерттеу маңыздылығы күн санап, уақыт өткен сайын артып келеді. Ақынның әлденеше ғасыр бойы әдебиетімізге тигізген игі әсері әлі тұтас қарастырылып үлгерген жоқ. Шығармаларын іріктеп, жаңаша қайта бағалап, ішкі мән-маңызына барынша тереңдей еніп, табиғатын әр қырынан ашып беру қажеттілігі бүгінгі уақытта өткір де зәру мәселе болып қойылып отыр. Үш ғасырдан астам уақыт бойы ғылым сопылық жолды зерттеумен келеді. М. Е. Массон, В. Гордлевский, В. В. Бартольд, Ж. С. Тримингэм, Е. Бертельс, Н. К. Зейбек, К. Ераслан, М. Ф. Көпрүлу сынды т. б. белгілі шет ел ғалымдарының, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, К. Х. Тәжікова, Н. Келімбетов, Х. Сүйіншәлиев, С. Дәуітұлы, Р. Сыздық, Р. Бердібаев, М. Жармухамедұлы, Ә. Дербісәлиев, М. Шафиловтардың зерттеп, қалам тартып жүргендеріне қарамастан, бұл саланың әлі де болса өзіндік құпия-сыры толық ашылмай келеді. Яссауидің өмірі мен мұрасы көптеген мақалалар мен монографияларға арқау болып, отандық және шет елдік ғалымдардың зерттеу нысанасына алынған болатын. Бірақ қаншама еңбектер жарыққа шығып, қанша мақалалар жарияланғанымен сопылық ілім карапайым оқырмандар үшін ғана емес сол саламен айналысушылар үшін де кұпия күйінде қалып отыр. Себеп не? Бірінші себеп мынада: «Диуани хикметтің» тілі қай түрік тілінде? Күллі зерттеушілердің ортақ пікірге келе алмай отырған мәселелерінің бірі осы. Екіншіден, қолда бар «Диуани хикметтің» ең көне нұскасының Яссауи өмір сүрген кезеңнен бірнеше жүз жыл кейінгі кезеңге тән болуы. Қаралған нұсқалардың ең көнесі XVII ғасырдың соңында жазылуы хикметтердің тілі жайында туындаған көптеген сұрақтарды жауапсыз қалдыруда. Үшіншіден, «Диуани хикмет» нұсқаларының мазмұн жағынан да көптеген айырмашылықтарының болуы. Хикметтердің Ыстамбұл, Қазан, Ташкент сияқты түркі елдерінің түрлі тілінде сөйлейтін орталықтарда оқылып, басылуы шығарманың тіліне барынша әсер еткен. Қоқан диалектісінде жазылғандығы, аралас әдеби қыпшақ-оғыз тілінде жазылғандығы немесе оғыз тіл элементтері араласқан қарлұқ диалектісінде жазылғандығы туралы әртүрлі пікірлердің пайда болуына себеп болған. Яссауидің өмірі мен онын хикметтерін зерттеу барысында жиі-жиі жіберілген қателіктердің бірі - хикметтерді әркімнің өз жағына тартуы.

Яссауи мұрасына қатысты өзекті мәселелердің бірі - Яссауи мұрасының жалпы түркі тілдеріне аударылуы және хикметтердің аудармаларын сөз еткенде ескерілуі тиіс мынадай жайттар бар:

  • түркі халықтар әдебиетінде сопылық дүниетанымды зерттеу күні бүгінге дейін түрлі бағытта дамуы;
  • деректері аз, тапшы салаға аударма жасау қиындығы;
  • транскрипциялар мен аудармаларда көптеген қателіктердің болуы;
  • аударма барысында жіберілген қателіктерді саралап, жүйелеп, артықшылығы мен жетістіктерін бағалауда үлкен табандылық пен терең білімді талап етуі.

Дипломдық жобаның мақсаты: Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің түркі тілдеріне аударылған нұсқаларды салыстыра зерттеу. Аударма барысында жіберілген қателіктер мен жетістіктерді анықтау. Түрлі аудармалардың өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтарын саралау.

Дипломдық жобаның міндеттері: Қожа Ахмет Яссауи хикметтерін түркі тілдеріне аударудағы мәселелерді анықтау үшін мынадай міндеттер қойылды:

- отандық және шетелдік әдебиеттану ғылымындағы Яссауи поэзиясын аудармаларын зерттеу мен шешімін таппаған мәселелерін айқындау;

- «Диуани Хикметтің» түркі тіліндегі аудармаларын саралап, аударма жұмыстарының басым бағыттарын анықтау;

- Яссауи хикметтерінің түркі тіліндегі аудармаларының ерекшеліктерін талдап-таразылау;

- Яссауи хикметтерінің аудармаларының ортақ сипаттарын талдау;

- Яссауи хикметтерінің түркі жұртына әсерін саралау.

Күтілетін нәтиже:

- Қожа Ахмет Яссауи өмірі мен шығармашылығы және түркі халықтары мәдениетінің дамуындағы рөлі зерттелді;

- Яссауи хикметтерінің философиялық негіздері мен сопылық дүниетаным ерекшеліктері сараланды;

- Хикметтердің тақырыптық алуандығы, идеялық-көркемдік ерекшелігі және аударма мәселелері қарастырылды;

- Яссауи хикметтерінің түркі тілдеріне аударылу ерекшеліктері зерттелді.

Мазмұны: Ұсынылып отырған жоба Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің түркі тілдеріне аударылу мәселелеріне байланысты. Жұмыста Қожа Ахмет Яссауи тұлғасы, шығармашылығы және оның түркі халықтары мәдениетінің дамуындағы рөлі сипатталады. Яссауи хикметтерінің философиялық негіздері мен сопылық ерекшеліктері зерттеледі. Яссауи хикметтерінің тақырыптық алуан түрлілігін, идеялық-көркемдік ерекшеліктері және аударма мәселелері қарастырылады.

Топ (команда) мүшелерінің нақты бөлімдер бойынша жауаптылығы туралы сипаттама:

Ұсынылып отырған жоба жұмысының мүшелері Маженова Ә. А., Муминова Ж. А. төмендегі бөлімдеріне жауапты болды.

Маженова Әйгерім Асылханқызы

Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің түркі тілдеріне аударылу тарихы және мәселелері туралы мәліметтерді зерттеді, қорытынды жасады;

Муминова Жәмилә Ахлиддинқызы:

Қожа Ахмет Яссауи өмірі мен шығармашылығын зерттеді, аударма нұсқаларын талдады.

Топтың әр мүшесі жұмыстың практикалық бөліміндегі мысалдарды жинақтауға ат салысты.

Жобаны жүзеге асыру этаптары. Жоба жұмысы үш кезеңнен тұрады:

Бірінші кезеңде жұмыстың тақырыбы таңдалып, бекітілді. Жұмысты орындау тәртібін анықтап, негізгі мақсаты мен міндеттері айқындалды. Яссауи өмірбаяны мен «Диуани хикмет» еңбегіне қатысты аудармалар, жазылған еңбектерді сұрыптау, талдау жұмыстары жасалды.

Екінші кезеңде салыстыру, сипаттама, жинақтау әдістері бойынша Яссауи хикметтерінің аудармалары жиналып, жүйеленді.

Үшінші кезеңде жоба жұмысының тұжырымдарын жүйелеу, нақтылау бойынша қорытынды жұмыстар жасалды. Мәліметтер өңделді. Жұмысты қорытындылап, оны рәсімдеу және безендіру іске асырылды.

Жобаның перспективасы мен жүзеге асырылуы: Ұсынылып отырған дипломдық жоба нәтижелері мен тұжырымдамаларын жоғарғы оқу орындарында «Ежелгі дәуір әдебиеті» мен «Түркі халықтары әдебиетінің тарихын» оқытатын пәндерге, теориялық және арнайы курстарға қажет дерек көзі ретінде пайдалануға, оқулықтарға, қосымша оқу құралдары мен кезеңдік әдебиеттерді оқыту бағдарламаларына енгізуге болады.

Жоба жұмысы 2023-2024 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Филология институтында жүзеге асырылды.

I Қ. А. ЯССАУИДІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Дүниежүзілік әдебиет тарихының қазына қорын молайтқан таңдаулы туындылардың елеулі бөлігі сопылық әдебиет өкілдерінің қаламына тиесілі. Сопылық таным белгілері адамзат қоғамының алғашқы дәуірінен бастап байқалып, бірқатар өркениеттер тарихында өзіндік із қалдырған. Бұл құбылыстың ішкі-сыртқы ерекшеліктері айқындалып, бірегей жүйелі үлгісі қалыптасқан кезеңі б. д. VIII-IX ғасырларына сәйкес келеді. Сопылық ілім теориялық тұрғыдан толық негізделгенге дейін-ақ оның мән мазмұны ауызша және жазбаша әдеби шығармаларда көрініс тауып отырды. Аталмыш әдебиет тарихындағы бірегей ақындық мектептер араб-парсы және түркі сопылығына тән. Ал түркі сопылық поэзиясының көшбасшысы «Түркістан пірі», «Арифтердің сұлтаны» деген аттармен әйгілі Қожа Ахмет Яссауи болатын.

Қожа Ахмет Яссауи ХІІ ғасырда өмір сүрген Түркі әлемінің сопылық дүниетанымының негізін қалаушы, ақын, ойшыл, ұстаз, ағартушы, ғұлама. Ғалымның толық аты-жөні: Ахмет бин Ибраһим бин Иляс және тарихта «Пір Түркістан», «Хазірет Сұлтан», «Қожа Ахмет», «Құл Ахмет Қажы» есімдерімен қалған. Орта Азия түркі халықтарының пірі болған Қожа Ахмет Яссауи, қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихынды айрықша орны бар ұлы тұлға.

Ахмет Яссауи - өз шығармаларын оғыз-қыпшақ диалектінде жазған тұңғыш дарынды түркі ақыны. Ұлы ойшыл, данышпан ақын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың діни уағыз, ғибрат өлеңдер жинағы «Диуани Хикмет» деп аталады (Еңбек қазақ тіліне «Даналық кітабы», «Даналық сөздер», «Ақыл кітабы», «Данышандық жинағы», «Парасат жинағы» деп әр түрлі аталып жүр) . Бұлай аталуы XVI ғасырдан беріде ғана екен. Әуелде «Құдай жолының әдебі» деп аталыпты. Ақын аскетизмге, сыртқы дүниеден бас тартуға, шыдамдылыққа шақырады, мұның өзі адамдарға әділдік, адалдық, мейірімділік сыйлайды деп сендіреді [1, 10] .

Қ. А. Яссауидің өміріне, қызметіне қатысты деректер мен ауызша жеткен мәліметтер, аңыздар көп. «Осындай қат-қабат мәліметтер арасынан ақиқатын табудың өзі қиын», дейді белгілі йасауитанушы Намық Кемал Зейбек [2, 82] .

Қ. А. Яссауи Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам (Исфиджаб) қаласында дүниеге келді. Туылған жылы белгісіз. «Қ. А. Йасауи - шыққан тегі жағынан түрік. Әкесі Исфиджабта атақ-даңққа бөленген әулие Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибрахим екендігі белгілі. Анасы Мұса шейхтің қызы Айша (қазақтар Қарашаш ана дейді) . Мұса шейх та Исфиджабта әулиелік кереметімен танылған адам болған. Тарихи деректерде Ибрахим шейхтің Ахмет және Гауһар атты екі перзенті болғандығы туралы мәліметтер басым» [3, 425] .

Қ. А. Яссауи алғашқы рухани тәрбиенің алғашқы сабақтарын өзінің әкесінен алады. Әке-шешесі дүниеден өткен соң, Арыстан бабтан аманат-ілімді қабылдаған болашақ Түркістан пірі біршама уақыт Яссы (Түркістан) қаласын мекен етеді. Есейе келе ілім іздеп, өз хикметтерінде айтылғандай, «Хорасан, Шам, Иракқа сапар шеккен» Яссауидің өмір жолын бірқатар деректер Бұхаралық атақты сопы Жүсіп Хамаданимен байланыстырады. Өз дәуірінің көрнекті ғұламаларымен, мәшһүр сопыларымен сұхбаттас болған, сопылық тәжірибесін жетілдіріп, рухани кемелдену сатыларын өткерген ақын толысқан шақта Яссыға оралады. Сонда тұрақтан, тариқат ілімін таратады, өзінің ғибратты хикметтерімен мәшһүр болады. Өмірін Алла жолына арнаған, сансыз көп шәкірт тәрбиелеп, рухани кемелдікке жеткізген Яссауи 63 жасқа келгенде жер астындагы құлшылық мекеніне қылуетке түседі. Сопы ақын өмірінің неше жылға созылғаны бәймәлім, бұл жайында тек аңыздарда келтірілетін Яссауидің өзі айтты делінген: «Жер бетінде неше жыл өмір сүрсем, жер астында да сонша жыл өмір сүремін» деген сөзі мен «Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым» деген хикмет жолдары ғана сақталған [4, 50] .

Қ. А. Йасауи Мұхаммед пайғамбардың (с. ғ. с. ) сүндеттерін парыз деп біліп, ол сүндеттерді өмір бойы мүлтіксіз орындап өткен ғұлама. Жасы 63-ке толып, пайғамбар жасына жеткеннен кейін, жарық дүниені тәрк етіп, қылуетханаға түсіп кетеді. 1897 жылы Ыстамбұлда басылған нұсқаның 22-хикметінде мынадай шумақ бар:

Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,

Алпыс үште сүндет деді, естіп білдім.

Жер астында (бар) жаныммен құлдық қылдым,

Естіп, ұғып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.

«Диуани Хикметте» «сол себептен алпыс үште кірдім жерге» деген өлең жолдары бірнеше рет кездеседі. Осы деректерге сүйенген кейбір зерттеушілер оның 63 жастан кейін жер астына түскен кезін өлгенге санайды. Қазақстандық йасауитанушы Мұхамедрахым Жармұхамедұлы «1166-67 жылдар ақынның қайтыс болған жылы емес, жер астына түскен 63 жасы болса керек. Ұлы ақын 1103 жылы туып, 1228 жылы қайтыс болады. Хикметінде айтылғандай, 125 жыл өмір сүрді» деп, оған дәлел ретінде «Хикметтен» мына жолдарды келтіреді:

Ерәнләрдан фаиз уа футух алалмадым,

Йуз йігірмә бешкә кірдім білалмадым.

Хақ тағала тағатларын қылалмадым,

Ешітіб, укуб йергә кірді Қул Қожа Ахмет [5, 10] .

Аудармасы:

Ерендерден шабыт пен сыр ала алмадым,

Жүз жиырма бес жасқа келдім, біле алмадым.

Хақ тағала тағаттарын қыла алмадым,

Естіп, ұғып жерге кірді Құл Қожа Ахмет.

Тарихшы Зікірия Жандарбек «Насаб-нама» шежіресіндегі дерекке сүйене отырып: «Қожа Ахмет Йасауи ұзақ ғұмыр кешіп, 1080 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1200 жылдар шамасында қайтыс болған болу керек», - дейді [6, 141] .

Соңғы екі болжам бір-бірінен онша алыс кетпейді. Қалай болғанда да Яссауи бабамыздың ұзақ өмір сүріп, келер ұрпаққа мол мұра қалдырып кеткені аян.

Қ. А. Яссауидің неше хикмет жазғаны да белгісіз. Бір хикметінде 40 екені айтылған:

Кул Хожа Ахмад hәр бір сезін дордга дерман,

Талибларга байан қылсам қалмас арман.

Төрт мың төрт йүз хикмәт айдым Хакдың фарман,

Фарман болса өлгүнчә сөзләсәм мен.

(Казан, 1896, 209-б. )

Аудармасы:

Құл Қожа Ахмет әрбір сөзің дертке дәрмен,

Шәкірттерге байан қылсам қалмас арман.

Төрт мың төрт жүз хикмет айттым Хактан пәрмен,

Пәрмен болса өлгенше сөйлесем мен .

Түрік ғалымы Кемал Ераслан бұған күмән келтіреді. Шындықтан гөрі аңызға жақын. Қ. А. Яссауидің өзі емес, ізбасарларының бірі айтқан болу керек дегенді айтады [7, 245] . Өзбек ғалымы Ибраһим Хаққулов та осы пікірді қуаттайды [8] . Қ. Ерасланның көрсетуінше, Қ. А. Яссауидін казіргі қолда бар қолжазба нұсқалары мен басылымдарындағы хикметтерінің саны 250-ден аспайды [7, 48] . Сондықтан хикметтердің саны туралы бұндай болжам айту заңды да. «Диуани Хикметтің» әзірге белгісіз қолжазбалары, тіпті түпнұсқасы да келешекте табылып қалуы мүмкін деген үміт те жоқ емес. Ондай мүмкіндік болып жатса, хикметтердің саны толыға түсері сөзсіз. Өлеңдер жинағында:

Менің хикметімнің саны йоқдүр,

Йамма талиблар оқыр имкани йоқдүр , - деген жолдар бар екен. Бір хикметінде 99 мың хикмет айттым деген дерек те кездеседі:

Кул Кожа Ахмад гауһар йаңлығ хикмәт айды.

Ерәнләргә қызмет қылып назар тапты.

Тоқсан тоғыз мың хикмәт айтып дастан қылды.

Дастан кылып, бустан ічрә (ішінде) йүрмәк үчүн.

(Қазан, 1893, 114-хикмет)

Ұлт әдебиетіне «Диуани хикмет» сынды өміршең мұра қалдырған Яссауи өз есімімен аталған түркі сопылық тариқатының (йасауийа) негізін салуымен де танымал. Сопылық ілімді насихаттап, Жаратушыға деген махаббатты арқау еткен ақын хикметтері өз кезегінде көркем әдебиет туындысына қойылатын негізгі талаптарға сай көлемді де кең өрісті поэзиялық шығарма болып табылады. «Диуани хикмет» арқылы автор түркі әдебиетіндегі көп өлшемді, күрделі симбиоз жанр - хикмет жанрының іргетасын қалады. Ғасырлар бойы жалғасын тапқан аталмыш жанрда көптеген әдеби туындылар дүниеге келді. Яссауидің поэтикалық мектебінен нәр алған ақындар негізінен хикмет дәстүрін жалғастырып, осы жанрда жырлады [9, 4] .

Фуад Көпрүлү: «Диуани Хикмет» - ислам түркі әдебиетінің «Құтадғу білігтен» кейінгі ең ескі ескерткіш. Араб және парсы тілдерінің дәуірлеп тұрған шақтарында әдебиет, тіл үлгілерінің аз болғанына қарамастан жазылған бұл еңбектің бағасы өте жоғары. Көне әдебиетіміздің ислам дініндегі үлгілерінің ең үздігі. Диуани хикметтің ұрпақтарға берері мол қазына, ұшы-қиыры жоқ білім көзі», - деп жазды [10, 121] .

Қ. А. Яссауидің келесі еңбегі «Пақырнама және Мүнажатнама». Бұл шығармаларға ден қойып сараламасақ та, бұл еңбектердің де көптеген елдердің тіліне аударылып, оқылғанын естен шығармау керек. «Пақыр» сөзінің сөздіктегі мәні - «пақырлық», «кедейлік» дегенді білдіруімен қатар, тасаууф мәдениеті мен әдебиетінде астарлы түрде «Аллаға ғашықтық, Хақтың разылығын табуды мақсат-мұраты ету, дәруіштік, сопылық, тақуалық, Алла тағалаға мұқтаж екендігін терең түйсіну» тәрізді мағыналарда да қолданылатын Ислам дініндегі ең жоғарғы мақам деуге болады. Бұл еңбегі Швецияның Упсала деген қаласындағы бір университеттің кітапханасының қолжазбалар қорынан табылды. Түркияда 2000 жылдары жарық көрген.

Қожа Ахмет Яссауидің келесі бір еңбегі «Мират - ул Қулуб». Бұл еңбек алдыңғы сопылық ілімін негіз еткен ілімнің жалғасы сынды. Мұнда да негізінен Иассахан негізіндегі шариғаттың, мағрифаттың, тариқаттың, ақиқаттың мәселелерін ашып көрсетеді. Шығарманың атауының өзі қызық әрі адам баласын өзіне тартып тұрады. Шығарманың бұл аталуы оның ішкі мазмұнына байланысты болмақ. Аталған еңбекті кімде-кім оқып шығар болса, қателіктерге бой алдырмай өзінің күнәларын танитын болады делінген.

Заман ауыскан сайын әдеби мұраларға деген бағалау жүйесі өзгеріп, зерттеу әдістемесі жетілдіріліп отыратыны белгілі. Кеңестік кезеңде біржақты бағаланған сопылық әдебиет тақырыбын зерттеп-зерделеуде тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде біршама ілгерілеулер бар. Дегенмен жоғарыда айтылғандай, барша түркі халықтарының әдебиет тарихында айрықша із қалдырған ойшыл акынның поэзиялық мұрасы төл әдебиеттануымыздың қазіргі даму деңгейіне сай талаптармен тереңдете қарастыруды қажет етеді. Өзекті тақырыптағы ізденістер нәтижелеріне бүгінгі ғылым салалары да мүдделілік танытып отыр.

Қожа Ахмет Яссауи поэзиясының жанрлық және көркемдік ерекшеліктерін саралап, әдеби туынды ретіндегі лайықты бағасын беру үшін қолга алынған зерттеу жұмысымызда біз алғашқы кезекте отандық және шетелдік әдебиеттану ғылымындағы Яссауи поэзиясын зерттеудің нәтижелері мен шешімін таптаған мәселелерін айқындап, «Диуани хикметтің» түркі тілдеріндегі аудармаларын саралауға, аударма жұмыстарының басым бағыттарын анықтауға тырыстық.

Яссауи есімін тарихта қалдырған оның “Диуани хикмет" атты поэзиялық туындысы болғандықтан, отандық ғылымда ақын шығармашылығы өзге қырынан гөрі әдеби тұрғыдан көбірек зерттелді. Қазақ қаламгерлері арасында Қ. А. Яссауи жайлы зерттеулердің алғашқы бастамасы Мәшһүр Жүсіп Копейұлы шығармашылығынан байқалады [11] . Көрнекті ақын өз тұсында Яссауи жайлы көптеген аңыз-әңгімелерді жинақтаган. Кеңестік кезең саясаты Яссауидің ақындық тұлғасына терең бойлап, лайықты пікір білдіруге мумкіндік бермегенімен, Жүсіпбек Аймауытов [12], Міржақып Дулатов [13] секілді көрнекті қаламгерлер өздерінің танымдық мақалалары арқылы сопы ақын есімінің ұлт жадынан өшпеуіне өзіндік үлес қосты.

Яссауи шығармашылығына қатысты алғашқы толымды зерттеуді Х. Сүйіншәлиев жасаған болатын. 1967 ж. оның “Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері туралы” атты мақаласы жарық көрді [14] . Мақалада Яссауи шығармашылығының алғаш рет толыққанды әдеби зерттеуге арқау болып отырғанын ескерген автор, ақын өмір сүрген кезіңінің келбетін ашып, Яссауи ілімінің алғышарттарын айқындауға тырысқан. Зерттеуші Яссауи ілімін өз дәуірінің қоғамдық санасының жемісі ретінде бағалайды. Хикметтерге талдау жасай отырып, ғалымның туындыдағы моральдық мәселелерге, адамгершілік идеяларға, сыншыл көзқарастарға баса назар аудару арқылы Яссауи шығармашылығын өз қоғамының саясаты жағдайында құтқарып қана қоймай, әдебиет тарихында берік орнықтыруды көздегені аңғарылды.

Яссауи туралы алғашқы әдеби зерттеу жасаған - Ә. Қоңыратбаев [15] . 1987 ж. жарияланған «Қазақ эпосы және түркология» еңбегіндегі «Сопылық әдебиет» атты ой-түйінінде сопылық поэзияға шағын шолу жасады. Бірақ бұл мақаланы оқу барысында автордың пайдаланған мәліметтердің қайшылыққа толы екендігі бірден көзге түседі. Мысалы: сопы ақынның тұрақтанған мекені Түркістанды Шәуілдермен шендестіруі, оның түпкі тегі тірелетін Фатиманы Мұхаммед пайғамбардың қызы емес, Рум елімен болған қақтығыстарда танылған күрескер ретінде көрсетілуі, Яссауидің надан молдаларға арнаған хикметтің Бағдат сопыларына арнаған деп келтіруі [15, 95] және т. б. Яссауи хикметтерін талдау барысында автор ақынның сыншыл идеялары мен отансүйгіштік сезімнен туындаған мақсатты іс-әрекетіне - өз туындысын түркі тілінде, «халықтық поэзиядағы өлең өлшеуімен» жазғанынна баса мән береді. Яссауидің әдебиет тарихындағы орнын осы ерекшеліктер арқылы айқындауға күш салды.

Яссауи мұрасының зерттелуі мен аудармасында ұзақ және нәтижелі еңбек жазған - М. Жармұхамедұлы. 1993 жылы М. Жармұхамедұлы, С. Дәуітұлы, М. Шафиғи бірлесіп хикметтердің аудармасын дайындады [5] . Бұл аударма екі рет Қазақстанда [5-17], бір рет Тегеранда [18] басылды. 2002 жылы М. Жармұхамедұлының дайындауымен Ұлттық Кітапхана қорында сақталған қолжазба негізінде «Хазірет Сұлтан Ахмет Иасауи» атты жаңа аударма шықты [19] .

Яссауи мен қазақ әдебиетінің сабақтастық мәселелері бойынша жазылған диссертациялық жұмыс бар. Бұл жұмыстың авторы С. Дәуітұлы. «Диуани хикмет хақында» атты зертеуі жарық көрген [20] . Бұл еңбектегі ойларды терең зерттеп, ол 2001 жылы өзінің «Диуани хикмет және қазақ поэзиясы» атты монографиясын шығарады [21] . Яссауи поэзиясын зерттеп, болмысын ашып талдаған Дәуітұлы Яссауи дәстүрлерінің екі жолмен дамығанын көрсетті: бірі - ақын-жыраулар шығармасына тән дастан-толғауларда орын алуы (Асан Қайғы Марабай Құлжабайұлы), екіншісі - жазба ақындар мұрасында дамытылуы (Көпейұлы, Абай, Шортанбай, Албан Асан, Ақылбек) .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
АҚЫЛ ҚІТАБЫ
Диуани Хикмет еңбегі
Қожа ахмет иассауи хикметтерінің орыс тіліне аударылу мәселелері
Қожа Ахмет Яссауидің өмірі
Қожа Ахмет Йасауи поэзиясының түркі әдебиетіндегі орны мен маңызы
Қожа Ахмед Яссауий кесенесі
Ахмет Яссауидің құран түсінігі және оған деген қызметі
Ахмет Ясауидің Диуани Хикмет шығармасы
Қожа Ахмет Яссауидің шығармалары туралы жалпы түсінік
Қ. Жұбанов - Яссауйтанушы ғалым
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz