Қазақ тілі сабақтарында жазу теориясы терминдерін игерту жолдары


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ 2

1. ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН КОММУНИКАТИВТІК ӘЛЕУЕТІ . . . 4

1. 1Жазба тіл және оның ауызша тілден ерекшеліктері мен кодталу процесі4

1. 2Грамматологияның негізгі категориялары мен жаңа терминдік ұғымдарының маңызы10

2. ЖАЗУ ТЕОРИЯСЫНДАҒЫ ТЕРМИНДІК ҰҒЫМДАРДЫ МЕҢГЕРТУ ЖОЛДАРЫ17

2. 1 Қазіргі фонетиканың ережелері мен негізгі принциптерін оқушыларға оқыту әдістемесі17

2. 2 Қазақ тілі сабақтарында жазу теориясы терминдерін игерту жолдары21

ҚОРЫТЫНДЫ34

КІРІСПЕ

Жоба тақырыбының өзектілігі. Қазіргі таңда тілден асқан бағалы қазына жоқ. Ал сол тілдің құндылығын көтеріп, маңызын арттырып отырған - жазу. Дәлірек айтқанда, жазба тіл. Адамзат ғұмырында жазудың пайда болуы - ұлы жаңалық болса, жазба тіл - өркениеттің негізі, білімнің басты қайнар көзі екені анық. Сонау XX ғасырдың басында-ақ, қазақ халқының сауаттылығы екі пайызды ғана құрайды деген дәуірде, А. Байтұрсынұлы: “Біздің заман - жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман”, - деп жазудың маңыздылығын айтқан. Демек, қазіргі заман - жазба тілдің нағыз билік құрған, өз алдына дербестік алған заманы.

Тіліміздің тұғыры биік, мәртебесі жоғары болу үшін жазудың бүгіні мен тарихын, негізгі категориялық ұғымдарын, өзектілігін зерттеп отырудың маңызы зор. Грамматология немесе графикалық лингвистика - осы жазу ғылымын зерттейтін сала. Бұл ғылым саласы өз кезегінде жазба тілдің барлық категорияларын түгел қарастырады.

Тіл білімінде жазуға байланысты «грамматология» терминін ең алғаш Дж. Гелб қалыптастырды. Ғалым жазудың тек графикалық символ еместігін және жазудың дыбыстық қатынаспен бір еместігін, алайда жазу мен дыбыстың өзара байланыста болатын тілдің бүтін бір бөлшегі екендігін анықтады. Сол себепті де грамматология жазу мен дыбыстық қатынастың арасындағы жазба тілді қарастыратын сала екенін көрсетті.

Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап жазу теориясына қатысты көптеген зерттеулер жүргізілді. Атап айтар болсақ, қазақ тіл білімінің жазу теориясы мен тарихын алғашқылардың бірі болып зерттеген ғалымдардың ішінде А. Байтұрсынұлы көш бастап тұрды. Қазақ грамматологиясының негізін қалап, қазақ жазуының жүйесін алғаш жасаған ғалым сөздің мағынасын жаңғырту немесе өзгерту арқылы тілдік категорияны дәл атайтын термин ойлап тапты, яғни тілімізде осы күнге дейін қолданылып жүрген біршама терминдердің авторы. Сонымен қоса, Х. Досмұхамедұлы, Е. Омарұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Т. Шонанұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, М. Балақаев, Ә. Жүнісбек, Қ. Күдеринова, А. Ісмақова, Б. Момынова, А. Сейітбекова, Н. Әміржанова, О. Жұбаева, Н. Оралбаева сынды ғалымдар осы грамматология саласына ерен еңбек сіңірді. Мәселен, академик Рәбиға Сыздық қазақ орфографиясын толыққанды зерттесе, профессор Нұргелді Уәли қазақ әліпбиінің фонологиялық негіздерін анықтап, түсіндірмелі емле, уәждемесі бар сөздігін жарыққа шығарды. Осы еңбектердің нәтижесінде ҚР-ның ЖОО-нда «Қазақ тілінің тарихы мен жазуын оқыту әдістемесі», «Жазу сауаттылығы және сөйлеу техникасы», «Функционалды сауаттылықты дамыту әдістемесі» сынды пәндер оқытылып жатыр. Ғалым Қ. Күдеринованың «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» атты еңбегі қазақ грамматология саласына тың серпіліс болды.

Қазіргі уақытта қазақ тіл білімінде жазу теориясы термині әліпби, графика, орфография, жазба тіл сынды категорияларды зерттейтін сала ретінде қалыптасты. Жазу теориясының жаңа терминдік ұғымдары қазіргі грамматологияның басты назарында деуге келеді. Жазудың құрылымы мен жүйесі, тіл бірліктерін оқыту мәселесінің өзектілігі, оның объективті және практикалық қажеттілігі дипломдық жоба тақырыбын таңдауға түрткі болды.

Жобаның мақсаты. Қазіргі дыбыс тілі мен жазба тілді, олардың негізгі құрылымдық элементтерін (сөз дыбыстары, фонема, әріп, әліпбиді) өзара байланысты қарай отырып, қазіргі жазуымыздың фонологиялық негізін іздеу.

Жобаның міндеттер і:

  • Жазба тілдің ерекшеліктері мен кодталу процесін зерттеу;
  • Жазу теориясының негізгі категорияларын анықтау;
  • Жазудың құрылымы мен терминдік ұғымдарының қызметі мен маңызына талдау жүргізу;
  • Қазақ тілі сабақтарында грамматологияның жаңа терминдерін оқыту әдістерін әзірлеу.

Нысан. Жазу теориясына қатысты жаңа терминдік ұғымдар негізге алынды.

Пән. Қазақ тілі

Жобаның күтілетін нәтижелері.

  • Жазу мәселесінің өзектілігі қарастырылады;
  • Қазақ тілі сабақтарында жазу теориясының терминдерін тереңдете оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерімен жұмыстар жүргізіледі;
  • Жазу теориясының терминдік ұғымдарын меңгертуге арналған тапсырмалар құрастырылады.

Жобаның жаңалығы:

  • Зерттеу жұмысында жазу теориясының құрылымы мен жүйесіне зерттеу жүргізілді;
  • Қазақ тілі сабағында алғаш рет жазу теориясының фонема, графема терминдерін оқыту технологиясы қолданылды;
  • Жазу теориясындағы терминдік ұғымдарды меңгертуге арналған тапсырмалар жинағы шығарылды.

Жобаны дамыту перспективалары .

  • Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен жоғарғы оқу орнының филология факультеті студенттеріне «Қазақ тілі фонетикасы», «Қазақ тілінің тарихы мен жазуын оқыту әдістемесі», «Жазу сауаттылығы және сөйлеу техникасы», т. б. пәндерін оқытуда көмектеседі;
  • «Грамматологияны оқыту әдістемесі» тақырыбында арнайы курс, арнаулы семинарларға көмекші құрал бола алады.

Жоба құрылымының сипаттамасы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған дереккөздер тізімінен құралған.

  1. ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН КОММУНИКАТИВТІК ӘЛЕУЕТІЖазба тіл және оның ауызша тілден ерекшеліктері мен кодталу процесі

XX ғасырда халықтың жаппай сауаттануы жазу мәселесінің өзектілігін арттырды. Жазуы бар тілдің үстемдігі артып, сол тілдің жан-жақты зерттелуі жазудың демократиялануына әкелді. Жазба тілдің ауызша тілден айырмашылығын зерттеушілердің көш басында Ф. де Соссюр, Б. де Куртенэ, Л. В. Щерба тұрды. Жазудың әлемдік деңгейде зерттелуіне ғалым Фердинанд де Соссюрдің «Тіл және сөз» зерттеу еңбегі әсер етті. Бұл зерттеуден кейін тілдердің барлығы жазуы бар тіл және жазуы жоқ тіл деген үлкен екі топқа ажыратылды. Осы тұста жазуы жоқ тілдер мен жазуы бар өлі тілдердің сақталуы лингвистикада сұрақтар туындатты: тілдің өмір сүру формасы жазуға байланысты ма әлде жазу дербес тілдік жүйе ме? Осындай сұрақтарды негізге ала отырып, жазба тіл турасында көптеген зерттеулер жүргізіле келе, тіл білімінде жазуды екі түрлі бағытта, екі түрлі түсінікте зерттейтін бағыттар пайда болды.

Бодуэн де Куртенэнің «Об отношении русского письма к русскому языку», «Знаки препинания», «Буквы как таковой» атты жазу теориясына қатысты еңбектерінде жазудың психологиялық жағын зерттей отырып, оның маңыздылығын атап өтті. Ғалымның зерттеуінше, тіл мен жазу бір-бірімен сәйкеспейтін жүйе, оның себебі - дыбысты акустика қарастыратын болса, жазуды геометрия мен оптика салалары зерттейді. Жазу мен тіл құрылымын бұлай қарастыру олардың арасындағы байланыссыздықты тудырады, сондықтан жазуды психологиялық тұрғыдан зерттеу қажет.

Б. Куртэненің ізін жалғастырған шәкірті Л. В. Щерба лингвистиканың негізгі зерттеу объектісі ауызша тіл болу керектігін айтып, оның жазба тілден айырмашылығын ажыратып алудың маңызын көрсетті. Оның негізгі себебі ауызша тіл мен жазба тілдің арасындағы сәйкессіздік, яғни жазудың консервативтілігі ауызша тілге икемделмеуі болды. Жазба тілдегі морфологиялық бірліктер ауызша тілдің формалары еместігін анықтап, екеуінің арасындағы айырмашылық грамматикада анық байқалатындығын айтты. Сондықтан ғалым жазба тілдің грамматикасын терең зерттеу қажеттілігі туындайтынын дәлелдеді. [1, 33-б]

Тіл білімінде кейбір ғалымдар жазуды ауызша тілге көмекші құрал деп таниды. Атап айтар болсақ, Л. В. Зиндер, В. А. Истрин бастаған ғалымдар тобы жазба тілдің екіншілігі турасында тұжырымдар жасады. Белгілі ғалым Л. В. Зиндер жазудың нақты теориясын жасау керектігін алға тартып, тіл мен жазуды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайтынын, яғни «Жазу - тілдің бір бөлшегі», - деген пікір білдірді. [1, 34-б] Сонымен қатар, ол ауызша тілге морфонологиялық құбылыс тән болса, жазба тілге графонологиялық құбылыстың тән екенін және тілдегі септік жалғаулары екеуінде әртүрлі болатынын айқындады.

В. А. Истрин жазудың сөйлеуді таңбалайтын бірден-бір құрал екенін алға тартып, ауызша тілдің кемшіліктерін нақты айтып өтті. Ғылым мен техниканың дамуы жазудың рөлі мен қажеттілігін күшейтті. Ал И. Е. Гельб жазудың тарихын зерттеп, келесідей тұжырым жасаған: «Жазуды ауызша тілдің эквиваленті деп, көрінетін таңбалар арқылы сөйлеуді түсіретін тәсіл деп танитын лингвисттер жазудың тарихи дамуын дұрыс бағаламай отыр, олар бұл анықтамаларының жазудың алғашқы сатысына сәйкес емес екенін біле алмайды. Ол кездегі жазу тілдің ауызша формасын берген жоқ». [1, 34-б]

Аталмыш ғалымдардан соң, тіл білімінде жазудың алғашқылығы туралы зерттеулер Н. Я. Марр мен И. И. Мещанинов еңбектерінде жарық көре бастады. Бұл теория бойынша, ауызша тіл мен жазба тіл бірдей уақытта пайда болған, тіптен жазба тіл сөйлеуден бұрын қалыптасқан. Бұған дәлел ретінде алғаш адам пайда болған кезеңдегі олардың бір-бірімен тіл арқылы емес, ым-ишара арқылы түсініскенін алға тартты.

XIX ғасырдың соңына дейін жазудың дербестігі туралы зерттеулер жүргізілмеді, жазу тек ауызша тілдің көлеңкесінде, оның көшірмесі ретінде қарастырылып жүрді. Бұл ойымызға дәлел ретінде младограмматиктердің ертедегі жазба ескерткіштеріне жасаған пайымдауларын алуымызға болады. Олардың ойынша, жазба ескерткіштер сол қауымның тіліндегі дыбыстық құрамды анықтауға көмектеседі. Байқағанымыздай, бұл дәуірдің ғалымдары жазуды тілдің қосалқы бөлшегі, көмекші құралы ретінде қараған.

Өткен ғасырдың 30-40 ж. ж. А. Макинтош, Дж. Маклохлина, Ф. Хаусхальдер сынды лингвисттердің еңбектерінде алғаш рет жазудың дербестігі туралы ой қозғалды. Бұл ғалымдар тобы ауызша тіл мен жазба тілдің өзіндік ерекшелігін нақтылап, әрқайсысының өзіне тән мазмұн мен тұрпат межесі болатынын дәлелдеді. Ғалым Ф. Хаусхальдер «Әрбір әдеби тілдің дамуына жазба тіл негіз болады. Көптеген сөз жазылған қалпында айтылады, кейбір сөздер мәтін арқылы танылады. Жазба тіл - алғашқы, ауызша тілге әсер ететін «атажазба» тіл» [1, 36-б], - дей келе, ауызша тілдің ауызекі сөйлеу стиліне, ал жазба тілдің әдеби стильге жататынын саралады.

Жазудың дербестігі негізінде оны зерттейтін жеке сала қалыптасты. Жалпы, «грамматология» терминін ең алғаш ғылымға енгізген Дж. Гельб болды. Ол грамматологияның субграфемика, графемика, параграфемика атты үш бөлімін көрсетті.

Қазақ грамматологиясының негізін қалап, қазақ жазуының жүйесін алғаш жасаған А. Байтұрсынұлы болды. Ғалым сөздің мағынасын жаңғырту немесе өзгерту арқылы тілдік категорияны дәл атайтын термин ойлап тапқан, яғни тілімізде осы күнге дейін қолданылып жүрген біршама терминдердің авторы. [15, 33-б] Өзінің «Тіл - құрал», «Тіл тағылымы» атты еңбектерінде жазу теориясына қатысты терминдік мағыналар қолданған. Ең алғаш қазақ тіл білімінде дыбыс және оның түрлері, әріп, әліпби, емле ерекшеліктері мен буын, тасымал түсініктерін ғылыми тұрғыда қалыптастырған. Жазу, дауысты, дауыссыз, жарты дауысты, жуан, жіңішке, әліпби, белгі, харіф, әріп, нүкте, емле, әріп алмастыру, тіл дыбысы сынды терминдердің әрқайсысына анықтама беріп, ғылыми негізде дәйектеді. Сонымен қоса, қазақ лингвистикасындағы сингарможуан және сингарможіңішке дыбыстардың негізін қалады. Бұл атаулар келесідей тұжырым негізінде пайда болды: «Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстарға бағынады, дауысты дыбыстар жуан айтылса, дауыссыз дыбыстарда да жуан айтылады, дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, дауыссыз дыбыстар да сәйкесінше жіңішке айтылады». Осылайша, қазақ жазуының негізін практикалық тұрғыда мысалдар арқылы түсіндіріп, негізгі теориялық тұғырын қалыптастырды. «Тілдің міндеті - ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзе­генінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадірінше жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын… Сондықтан сөзден жасап, сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» деп, тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз. [2, 24-б]

Ғалымдардың пікірлерін топтай келе, жалпы тілді жазба тіл мен ауызша тіл оппозициясында топтастырамыз. Бұған себеп - біріншіден, тілдің өзіне сай графема мен фонема арқылы кодталуы болса, екіншіден, адам санасындағы жазбаша мен ауызша ойлау жүйесінің болуы. Жазба тіл:

  • жазба ауызекі тіл (хат, қолхат, интернет тілі)
  • жазба әдеби тіл (көркем әдебиет, публицистикалық, ғылыми, ресми іс-қағаздар стилі) болып бөлінеді.

Ал ауызша тіл болса, өз ішінде:

  • ауызекі сөйлеу тілі (отбасы, аула т. б. ) ;
  • бейтарап әдеби тіл (БАҚ тілі, шешендік сөз, дәріс, жиналыс) ;
  • ресми тіл (мектеп бағдарламасы, ғылыми конференция, жиналыс сөзі т. б. ) деп аталатын үш топқа бөлінеді.

Бұл топтағы ғалымдар ауызша тіл мен жазба тілдің арасындағы алшақтықты стильдер арқылы түсіндіреді. Мысалы, кез келген адам көркем әдебиет мәтінін тез қабылдайды, оның себебі көркем әдебиет мәтінінің эмоциялылығында, ерекше әсер сыйлауында болса керек. Сондықтан әрбір адам көркем әдебиет стилі мен публицистикалық стилдегі мәтінді жаза алмаса да Мұндай қабілет ғылыми стиль мен ресми іс-қағаздар стилінде жүзеге аспай қалады, оған себеп - мәтіннің күрделі болуы. Бұл стильдердің күнделікті сөйлеу процесіндегі мәтіннен құрылымы да, сөз қолданысы да тым бөлек әрі күрделі. Осы тұрғыда ауызша тіл мен жазба тілдің айырмашылығы байқалады.

Мұнымен жазба тіл мен ауызша тіл бір-бірімен байланыспайды демейміз, олар өзара алшақтығын, өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, бірін-бірі толықтырады, бір-біріне көмекші. Мысалы, жазба тіл арқылы ауызша тілді абстрактіліктен деректі дүниеге айналдырамыз. Жазба тілдің тағы бір артықшылығы - ол арқылы ауызша тілдің мазмұнын тыныс белгілермен, азатжол, көп нүкте, лепті, сұраулы белгілермен, ситуацияны баяндау арқылы жеткізуге болады. Жазу арқылы адам санасындағы пайымдаулар, пікірлер толыққанды жүйелі түрде жеткізіледі. Бұл қасиеті арқылы жазба тіл ауызша тілдің кемшіліктерін толықтырып отырады.

Сөйлеу процесінде түрлі қателіктер мен жүйесіздіктер, сөйлем құрылымының өзгеруі мен сөз қолданыстарының орынсыздығы байқалады. Ал жазба тіл, өз кезегінде, грамматикалық кемшіліктерден ада.

Жазба тіл мен ауызша тілдің кодталу процесі - қызықты әрі күрделі үдеріс. Ауызша тілге кодталу кезінде жазба тілдің өзіне ғана тән сипатын сақтап, кодталмайтын ерекшеліктері болады. Бұл ерекшеліктерді тіл білімінде мәтінді қабылдаудағы графикалық белгілер мен мәтін мазмұнын түсінуге қызмет ететін белгілер деп қарастырады. Жазба тілдің графикалық белгілеріне:

«- бір абзацтағы ой келесі абзацтағы оймен жалғасты болса да, көздің тыныс алуы үшін азатжолдан бастап жазу дағдысы;

- кітап тарауының үлкен ашық жол салынып, көз тынысымен басталуы;

- тарау аттарының үлкен, майлы бояулы әріптермен терілуі;

- нүктелі үтір белгісінің нақты бір тынысты немесе сөйлемнің бас-аяғынан хабар бермей, белгілі бір ұғым-ойды санамалау үшін, айтылған ой бір-біріне жалғас та емес, бір-бірінен алыс та емес дегенді білдіруі жатады». [1, 51-б]

Ал жазба тілдің екінші мәтін мазмұнын түсінуге қызмет ететін белгісі - тіл қолданысындағы сөздердің тырнақша ішіне уәжсіз алынуы. Жазба тілдің мәтін мазмұнын түсінуге қызмет ететін белгісіне бұдан бөлек жақша ішінде жазылатын сөз бен сөз тіркесі, ой мен ұғымды жатқызамыз. Бұл қатарда ауызша тілге кодталмайтын тағы бір ерекшелік - сөйлемдегі негізгі объектінің өзгеше қаріппен таңбалануы. Контексттегі сызықша белгісі де ауызша тілде берілмейді. Мысалы, «Ол - адам жүрегінің тазалығымен байланысты» сөйлеміндегі сызықша берілген есімдіктің түрін, яғни жіктеу есімдігі екенін анықтап тұр. Осындай сөйлемдердегі сызықша мен сөйлем ішіндегі жалқы есімдердің бас әріппен жазылуы ауызша тілге кодталынбайды, яғни бұл да бір жазба тілдің ерекшелігі. Осындай жазба тілдің өзіне тән белгілері мен ерекшеліктері жазуды дербес жүйе ретінде тануға мүмкіндік береді. Жазба тілдің ерекшелігіне: өзіне тән категориялары мен ұғымдар, өзіндік аудиториясының болуын жатқызамыз. Ауызша тіл мен жазба тілдің айырмашылығын танып, әр кодтың өзіндік ерекшелігі мен белгілерін ажырата алғанда ғана екеуін де өз деңгейінде орынды қолдана аламыз.

Осылайша екі тілдің айырмашылығын көрсету мақсатында тіл білімінде кодталу, қайта кодталу, кодталу мүмкіндігі деген жаңа ұғымдар пайда болды.

«Код», «кодталу» ұғымдары зерттеулерде «әртүрлі информация беруге, өңдеуге, әрі сақтауға арналған шартты белгілер жүйесі», «кейбір объектілерді конструктивті жүйе объектілеріне айналдыру», «өзара келісілген белгілі бір шартты таңбаларға қандай да бір мағынаны сыйдыру» [1, 58-б] деп түсіндіріледі.

Ғалым Қ. Күдеринованың зерттеуі бойынша, жазба тілдің ауызша тілге кодталу сатылары мынадай:

  1. «Ауызша тіл синтаксистік құрылымын, жазба тілдің синтаксистік құрылымына көшіруде грамматикалық тәсілдердің жүйеленуі, сөйлем мүшелері байланысының жүйеленуі, басы артық, ақпарат бермейтін бірліктерді қысқарту процестері орын алады.
  2. Сөйлемді таңбалау үшін дыбысты әріпке айналдыру процесі жүреді. Ол үшін:
  • дыбыстық құрақты әріп құрағына айналдыру, айтылған дыбыс түрленімінің негізгі реңкін тану - дыбысты фонемаға айналдыру;
  • фонеманың тілдік санадағы графикалық ассоциациясын - графемасын табу;
  • графеманың жазу контексіне сай әріп түрін жазу (баспа, жазба әріп, бас әріп, кіші әріп, идеографиялық сипат) ;
  • сөйлемнің прагматикалық сипатына сай әріптің майлы, ашық, курсив, бояулы түрін табу;
  • ауызша тілдің морфологиялық жүйесін жазба тілдің морфологиялық жүйесіне кодтау процесі жүреді». [1, 64-б]

Ауызша тілдің жазба тіліне кодталу сатылары барлық адамға бірдей түсінікті бола бермейді, бұл құбылысты тереңірек түсіну үшін тіл қолданушының жазу шеберлігі мықты болуы керек. Кодталу процесін ауызекі сөз => ауызша тіл => жазба сөз => жазба тіл [1] сатылары арқылы көрсетуге болады.

Келесі кезекте жазудың ауызша тілге кодталу сатысын көрсетейік:

  1. Ең алдымен мәтіннің оқылуы. Бұл екі түрлі сипатта болуы мүмкін: іштей оқу мен дауыстап оқу. Мәтінді оқу кезінде әріптің орнын дыбыс басады, таңба абстрактілік күйге енеді.
  2. Жазба тіл негізінде берілген мәтіннің мағынасына, мазмұнына мән беріледі. Адам санасында пайымдау мен ойлау арқылы берілген мәтіннің толық сипаты емес, негізгі мазмұны қалыптасады.
  3. Келесі кезекті мәтіннің негізгі мәнін ауызша тіл бірліктері арқылы сыртқа шығару. Бұл сатыда жазба тілдің графемдік құрылым жүйесі дыбыстық жүйеге, грамматикалық тіл бірліктерінің деңгейлері ауызша тілдің өзіндік жүйелерімен кодталады.
  4. Соңғы сатыда еркін және жазба тіл негізінде дыбыстық кодтау жүзеге асырылады. Ауызша тіл жүйесімен дыбыстық тілге кодтау орын алады.

Жазба тілдің синтаксистік құрылымында баяндаудың лексикалық, морфемдік деңгейін ауызша тілге кодтамау жаттанды әсер қалдырады, ақпарат әсер етпейді. Өйткені, әріп фонема арқылы танылып, дыбыс қорына айналғанымен, яғни ауызша тілдің орфоэпиялық нормасы сақталғанмен, жазба тілдің басқа деңгейлері ауызша тілдің тезіне салынған жоқ. Сондықтан, әр тілдің өз жүйесі мен бірліктерінде, нормасы мен заңдылықтарында берілмеген ой адресатына жетпейді. Ауызша тілде: дыбыс, үндесім, үйлесім заңы, тон, екпін, интонация, мимика, кідіріс, логикалық екпін; жазба тілде - әріп, бас әріп, кіші әріп, азатжол, босаралықсыз, босаралық, қосаралық, тыныс белгілер, графикалық, орфографиялық, орфоэпиялық ережелер әр жүйенің өзіндік коммуникация тәсілдері мен бірліктерін көрсетеді.

  1. Грамматологияның негізгі категориялары мен жаңа терминдік ұғымдарының маңызы

Графикалық лингвистика немесе грамматология - жазба тілдің ең кіші бөлшектерінен ірі категорияларына дейін қарастыратын, жазу теориясын зерттейтін тіл білімінің саласы.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілін орыс тілді аудиторияларда жаңаша жаңғыртып оқыту мәселесі
Бастауыш сыныптарда үндестік заңдылығын үйретудің жолдары
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ЕТІСТІКТІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА СИНТАКСИСТІ ОҚЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Оқушылардың сөздік қорын дамыту
МОРФОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІН ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУ ӘДІСТЕРІ
Тілдің негізгі элементі - сөздік қор
Қазақ әдебиетінен оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді жолдары (5-6 сыныптар)
Тіл мәдениетінің сипаты
Қазақ тілін кәсіби мамандыққа сәйкес оқыту
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz