Қазіргі қазақ әдебиетін оқыту әдістемесімен Ахмет еңбегінің сабақтастығы


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Ⅰ. Ұлт ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлы . . . 5-9

1. 1 Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы . . . 5-7

1. 2 Ахмет Байтұрсынұлы- қазақ әдебиеттану ғылымының іргесін қалаушы . . . 8-9

Ⅱ. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін дамытудағы еңбектерін оқыту процесінде қолданудың маңыздылығы . . . 10-21

2. 1 «Әдебиет танытқыш» ғылыми маңызы және мазмұндық ерекшеліктері . . . 10-14

2. 2 Қазіргі қазақ әдебиетін оқыту әдістемесімен Ахмет еңбегінің сабақтастығы . . . 14-21

Ⅲ. Эксперимент бөлімі . . . 22-25

Қорытынды . . . 26

Ұсыныс . . . 26

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 27-28

Кіріспе

Зерттеу өзектілігі:

Тұтас буынның төл басы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы Ахмет Байтұрсынұлын біз ірі ғалым-лингвист, дарынды ақын-аудармашы ретінде ғана білудеміз. Ал оның әдебиетті оқыту әдістемесіне қосқан ұшан теңіз еңбектері әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Дәлірек айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет теориясы мен әдістемесіне қатысты өзі талдап-танытып берген мәселелері мен өзі ұсынған әдебиет категорияларының терминдері бүгінгі оқыту әдістемелерінде әртүрлі баспаларда әр қилы басылып жүр. А. Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын зерттеуде, танытуда жаңа белеске көтерілу қажет. Ғалым еңбек еткен, ғылыммен айналысқан тұстағы саяси, тарихи ахуалды негізге ала отырып, А. Байтұрсынұлының ғалым, қайраткер, ғылымды ұйымдастырушы т. с. с. ретіндегі ғылыми бейнесі жан-жақты зерттелуі керек. Осы мәселеге байланысты тұжырымдамаларды салыстыра келе, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінде ұсынылған алғашқы таным-білімнің бүгінгі қолданысы аясы мен өз бағасын ала алмауы өзекті мәселердің бірі.

Зерттеу мақсаты: Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіне қосқан еңбектерін саралай отырып, оның әдістемелік бағыттағы бірегейлігін, қосқан үлесін талдау және бүгінгі таңдағы қолданылысын зерттеу.

Зерттеу міндеттері:

  1. «Әдебиет танытқыштағы» теориялық мәселелерді, әдебиет категорияларының терминдерін қарастыра отырып, оқыту әдістемесінде қолданылуын зерттеу.
  2. Бүгінгі қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіндегі Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің сабақтастығын анықтау

Зерттеу объектісі: Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің үрдісінде Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесін зерттеу жолдары.

Зерттеу пәні: Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі

Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы: Зерттеудің нәтижелері оқытудың ғылымда бар тұжырымдамаларын, идеяларын толықтырады және дамытады; Қазақ әдебиеті, яғни сөз өнерін пән ретінде ғылыми жүйеде негіздеген ғалым-реформатор, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми талдап-талқылаған әдеби мұраларын, ұмытылған жәдігерлерін жаңамен қоян-қолтық қолдану- қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі үшін аса маңызды.

Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы: Осы курстық жұмыста сипатталған барлық әдіс-тәсілдер мен оқытудың немесе қолданудың тиімді жолдарын қазақ тілі мен қазақ әдебиет пәннің мұғалімдері және бастауыш сынып мұғалімдері тіл сабақтарында және өздерінің іс-тәжірибелерінде қолдана алады.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі: Тақырыпты зерттегеген авторлар ( Ж. Манкеева, Р. Сыздықова, Р. Нұрғалиев, А. Ісімақова, А. Ойсылбай, В. Қ. Кузембаева, Д. Ысқақұлы, Е. Қажыбек, Ж. Сейдуманов)

Зерттеу болжамы, гипотезасы: Егер қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі үрдісінде тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым Ахмет Байтұрсынұлының әдеби терминдері мен ұғымдарын, категорияларын кеңінен пайдалансақ, онда халқымызға тән танымдық және эстетикалық ойлау мен терминдер жүйесін байыта түсетін қазына қалыптасады.

Зерттеу әдістері:

  1. Зерттеу тақырыбына байланысты әдістемелік әдебиеттермен танысу.
  2. Зерттеу мәселесін іс-тәжірибеде пайдаланып, сынақтан өткізу.
  3. Жұмысты саралау, бақылау, диагностикалау, сараптау.

Зерттеу жұмысының базасы: Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназия

Курстық жұмыстың құрылымы: мазмұны, кіріспе, теориялық бөлім, практикалық бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Ⅰ. Ұлт ұстазы- Ахмет Байтұрсынұлы

1. 1 Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы

Ахмет Байтұрсынұлы - халқымыздың өткен тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан дара тұлға. Ол өзінің бар дарынын туған халқына арнаған, елін сүйген, үздіксіз еңбекпен шыңдалған қайсар да, қаһарман жан. ХХ ғасыр басында патша үкіметінің жүргізген озбыр саясатынан болашағына қауіп төнген қазақ жұртына жол көрсетіп, күрескен қоғам қайраткері, аса көрнекті ақын, «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушы, түркітанушы, қазақ тілі мен әдебиеттану лингвисті. Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны Ахмет Байтұрсынұлы қалыптасқан дәстүрлі зерттелген құжаттар бойынша, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сарытүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. [6] Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Алайда әділетсіз өмiрдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. 1885 жылдың қазан айының 12-сінде уезд басындағы полковник Яковлев Жаңғылдының бойында отырған Шошақ ауылына келіп, ағайынды Ақтас пен Байтұрсынды тұтқындамақ болады. Сол сәтте ауылда болмай шыққан Ақтасты «тауып бермедіңдер» деп елге ойран салады, әйел, бала-шағаға дейін сабап, бастарына қамшы үйіреді. Ояз бен оның әскерінің бұл бассыздығына шыдай алмаған Байтұрсын Яковлевтің өзін атынан аударып алып, қамшының астына алады, нөкерлерін ауылдан қуып шығады. Әрине, қарапайым, «жабайы киргиздің» бұл қылығы жауапсыз қалмайды. Көп ұзамай ауылға жазалаушы жасақ шығып, ауылды өртеп, мал-мүлкін талап, бала-шағаны шулатып, еркек біткенді ұрып-соғып, ағайынды Ақтас пен Байтұрсынды Қазаннан келген Әскери сот ұстап алып, соттайды. Солай Байтұрсын мен Ақтас бірқатар туыстарымен 15 жылға Сібірге каторгіге айдалады. Ал олардың балаларын Шошақтың үшінші ұлы Ерғазы қамқорлығына алады. Ерғазы 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне Ақтастың баласы Аспандияр мен Байтұрсынның баласы Ахметті оқытады. Кейін 1891 жылы оқу іздеп, Орынбордағы баяғы Ыбырай Алтынсарин салдырған мұғалімдік мектепте білім алады [6] . Бұл туралы М. Дулатұлы өз мақаласында «…Отбасы душар болған бақытсыздық, кейiн оның білімін жалғастыруға себеп болады» және « . . . төрт жыл бойы Орынборда оқу демалысы кездерінде жыл сайын оған елге барып-қайту оңайға соқпайды, бірақ табиғатынан төзімді Ахмет қара суға қанағат етіп, 1895-ші жылы оқуын аяқтайды» [12] дей отыра бiлiмге ұмтылған Ахметтiң келешекте діттеген мақсатына жету үшін басына түскен бар қиындыққа төзгенін туралы жазады.

Қазақ ҒА-ның академигi, профессор Рабиға Сыздықованың зерттеулеріне сүйенсек, 1895-1909 жылдарда А. Байтұрсынұлы Қостанай, Ақтөбе, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде бала оқытады, екі сыныптық училищелерде сабақ береді. 1910 жылдын 9 наурызында Орынборға келіп, ұлт ұстазы 1917 жылдың соңына дейін сонда қызмет етеді. Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарының, Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «қазақтың ерте оянған тобының» бастамасымен, елден қаражат жиналып, 1913 жылы «Қазақ» атты газет шығару ұйғарылады. Газеттің редакторлығына А. Байтұрсынұлын қалайды. Бес жылдай (1913-1918) уақыт өз қаражатымен, сол кезең үшiн үлкен тиражбен (8000 дана) шығып тұрған «Қазақ» газеті ең алдымен қазақ халқының ұлттық азаттығы мен мәдени-әлеуметтік дамуы үшін күрескен және қазақ коғамының мүдделерін көздейтін мәселелерді көтеріп, оларға әлеуметтік үн бере білген орган болды. Газеттен кеткен соң, 1919 жылдың наурызына дейін «Алаш» партиясының жұмысына араласады, «Алашорда» атты уақытша халық кеңесінің (үкіметінің) Оқулықтар жазу жөніндегі комиссиясының құрамында қызмет етеді. Ұлттық ұсақ-буржуазиялық идеологияны негізге алған бұл партияның алғашқы кезендегі платформасы ұлттық даму, ұлттық тең праволық үшін күрес болса, бұл идея сол теңдікке оқу-білім арқылы, халықтың мәдениетін көтеру арқылы жетуге болады деп танып, осы майданда ширек ғасырдай аянбай тер төгіп, еңбек етіп келе жаткан Байтұрсынұлы сияқты адамды елендетпей тұра алмады. Сондықтан Қазан революциясынан кейінгі «Алаш» партиясының автономшыл-ұлтшыл платформасы қазақ қоғамының әрі қарайғы дамуына қол емес екендігін түсініп, 1919 жылы өз қалауымен Кеңес үкіметі жағына шығады. Дәл сол жылдың 24 маусымында құрылған РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы сәйкес Ахмет Байтұсынұлы Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшесі болып жұмысқа кіріседі. Тіпті комитеттің шаруасымен В. И. Лениннің алдында болып, қазақ өлкесінің саяси және экономикалық жай-жапсарын баяндайды, ағартушылық жұмыстарындағы қиыншылықтарды айтады. [6] .

Жиырмасыншы жылдар басында А. Байтұрсынов ағартушылық және ғылыми жұмыстармен де айналысады. Бұған қоса мемлекеттік басқару-ұйымдастыру істерін де жүргізе береді: 1922-1925 жылдары ол Қазақстан Халық Ағарту Комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби комиссиянын төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті председателi болды. Кеңестердің Бүкілроссиялық 7-съезі мен 8-съезінің аралығында БОАК (ВЦИК) мүшесі және Кеңестердің Бүкілқазақстандық 1-съезіне дейін Кирвоенкомның мүшесі болып қызмет атқарды. 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР-ының Оқу-ағарту комиссары және қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, ал 1921-1922 жылдары Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы болды. [6] Бір қызығы қайраткер мемлекеттік басқару істерімен қоса, қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп, оқытушылық, ұстаздық қызметін де тоқтатпаған. 1926-1929 жылдары Қазақстан Академиялық Орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады. Бұдан біз Ахмет Байтұрсынұлы оқу-ағарту ісін өзінің азаматтық міндеті мен өмірінің мақсаты деп санағанын байқаймыз. Бұл мақсатын өз шығармашылығында бейнелі тілмен жақсы көрсетеді: «Ата жолдасы - надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айрылатын емес. Надандықтаң кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, бізде қиып айрылмай-ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз - бәрі надандық кесапаты» [11] деп тіпті батыра айтады. Оған мысал ретінде Ахмет Байтұрсынұлының 1909-шы жылғы «Қырық мысал» жинағын, 1911-ші жылғы «Маса» өлеңдер жинағын, осы жылғы «Айқап» журналында жарияланған «Қазақ әм түрлі мәселелер», «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп» [3] т. б. өзекті мақалаларын толық мақтанышпен айтуға болады. Және де қазақ халық үшін қазақтың төл әліпбиін жасауы да, өзінің "Оқу құралы" (1912), "Тіл құралы" (1914), «Әдебиет танытқыш» (1926), "Әліпби" (1924), "Жаңа әліпби" (1926) атты кітаптарында қазақ тілінің мәселелерін қарастыруы да, қазақ тілі мен әдебиет терминдер қалыптастыруға қосқан үлестері де - өзі діттеген ағартушылық мақсаты десек қателеспейміз.

Алайда қазақтың ақыл-ойы мен ар-ұятының символына айналып кеткен ғалымның төңерілістен кейін өмірі тым күрделі, әрі қайғылы еді. Қазақтардың сорына тарихымыздың қаралы беттерін толтырып кеткен Ф. И. Голощекиннің бұйрығымен «төңкеріс рухына кері əсерін тигізіп, кедергі жасап отырған байшыл-ұлтшыл «Алаш» партиясының бұрынғы көсемінің бірі бұрынғысын көксеп жүр» деген жаламен ақыры ол 1929 жылдың 4 маусымында 30 адаммен бірге қамауға алынады. Голощекин əлгіндей жаппай қыру саясатын емін-еркін жүргізу үшін халықтың санасын оятып, көсемдік көрсетіп жүрген осындай ірі тұлғалардың көзін алдымен жоюды көздеді. Ахмет Байтұрсынұлы1929 жылғы шілдеден 1931 жылдың қаңтарына дейін Мəскеудің бутыркасында отырады да содан соң Архангельск облысының барған адам жол басшысыз қайтып шыға алмас алыс түкпіріне жер аударылады. Бұдан ол «Қызыл крест» ұйымы арқылы (М. Горькийдің жұбайы Е. Пешкованың араласуымен) мерзімінен бұрын босап, 1934 жылы қайтып оралады. Бірақ бұл бостандық та қысқа болды. Небəрi үш жылға жетер-жетпес уақыттан кейін 1937 жыл 8 қазанда қайтадан қамауға алынып, ақыры атылады. [5]

1. 2 Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі

Қазақ әдебиеттануы - өз арнасы, ұлттық бастаулары бар ғылым саласы. Оның туу, жетілу, қалыптасу кезеңдері арнайы зерттеуді қажет етті. Ал әдебиеттану ғылымының тууын сөз еткенде бастаулары болып табылатын әдеби-теориялық пікірлердің қай кезден басталатынын ескерген дұрыс. Әдебиеттанушы профессор Бейсембай Кенжебаев зерттеуінше, ежелгі дәуір әдебиетінен нәр алған ⅩⅩ ғасырдың басына дейінгі мерзім қазақ әдебиеттануының бастау көзі болып табылады. Бірақ, тұңғыш нақты дәлелдейтін ғылыми деректердің зерттелуі мен кәсіби қалыптасуына 1926 жылы жазылған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» атты көлемді еңбегі бастау болды [1] . Аталмыш туынды - Aхмет Байтұрсынұлының ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап көрсететін күрделі де, жаңашыл еңбек. Қазақтың ұлттық әдебиеттануының методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған. Ахметтанушы Ө. Әбдиманұлының жазған «Өмірдерек» атты мұрағаттық құжатына сілтеме жасай отырып, онда ғалымның әдеби мұрасы Ташкентте 1926-шы жылы әдебиетке қатысты ой-пікірінің бастау көзін «Қазақтың бас ақынынан» басталып, сөз өнерін танудағы әйгілі еңбегі «Әдебиет танытқышқа» ұласты делінеді. [12]

Aхмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыштан» алды әдебиеттану ғылымына деген ағартушылық қызметі 1895 жылдан бастау алады. Бұған «Киргизская приметы и половицы» деген мақаласы куə [5] . Орынборда оқып жүргенде «Тургайская газета» атты басылымға «Қазақы ырымдар мен мақалдар» (Казахские приметы и пословицы) деген мақала беріп, ол жарияланады. Бұл оның газет бетінде басылған тұңғыш туындысы. Мұнда автор қазақ ырымдары мен мақал-мәтелдер төңірегінде ой қозғап, оларды халық тұрмысымен байланыстырған. Әлбетте, қазақ ұлтын дербес ел ретінде оның айналасындағы ірі державалар мойындай қоймаған тұста, Aхметтің ұлттық бітім-болмысымызды айқындайтын әдет-ғұрып тақырыбындағы танымдық мақала жариялауы батыл қадам еді. Оның үстіне мұның орыс тілді газетте басылуы да, сол тұстағы қоғами орта үшін үлкен жаңалық болатын. Осы тырнақалды еңбектің «Тургайская газетаның» 39-шы санында жарық көргендігі туралы әдебиетші-ғалым Шәмшиябану Сәтбаева 1989- шы жылғы басылымның алғысөзінде: « . . . орыс газеті бетіне басылуының өзі көңіл аударарлық нәрсе» екенін айырықша атап өткен [12] .

Әдебиетші Aхмет Байтұрсынұлының өнерпаздар мұрасының маңызды саласы ол жинап, реттеп, өңдеп бастырған -фольклор материалдары. Мұның бірі 1923 жылы Мәскеуде Күншығыс баспасында шыққан «Ер Сайын» жыры. Кітап Шоқанның досы, әйгілі орыс ғалымы Григорий Николаевич Потанинге тарту ретінде шығарылған. Ахмет Байтұрсынұлының ауыз әдебиет үлгілерін жинап бастыруды және жалпы насихаттауды маңызды іс деп санағанын Омбыдағы белігілі қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші А. Е. Aлекторовпен жүздесіп, танысуы және атақты ғалым Г. Н. Потонинге арнап өлең жазуының өзі дәлелдей түседі. [19] «Ер Сайынның» бірінші жолдары «Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда» деп басталады. Кеңес өкіметі орнаған уақытта мұндай кітапты басып шығару, әрине, батылдық пен мұсылмандықтың белгісі.

Әдебиетші А. Байтұрсынұлының реттеп, бір ізге түсіріп бастырған халық әдебиетінің тағы бір мұрасы - «23 жоқтау» атты жинақ. Бұл басылым да Мәскеуде 1926 жылы жарық көрген. Ондағы мақсатын автор өзі айтқандай: « . . . әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек, енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда, мұны естен шығармау керек» - деп жинақтың алғысөзінде жазған болатын. [11] Оған енген туындылар белгілі тарихи тұлғалардың өмірлері мен қызметтерінен хабар береді. Кітап «қазақ тарихының төрт жүз жылын алады. Жоқтаулардың басты кейіпкерлері: Қаз дауысты Қазыбек би, Мамай батыр, Нысанбай жыраудың Кенесары мен Наурызбайды жоқтауы, Қарпық Томбай Есмағамбет, Ерғазыны ақынның жоқтауы, Бұдабай ақындыкі деп жүрген Әйекені жоқтауы, Aбайдың Әбдірахман қайтқандағы аза өлеңдері, Нармамбеттің әкесі Ормамбетті жоқтауы, Әбдіғапар ханды жоқтау т. б [11]

Aхмет Байтұрсынұлы- қазақ әдебиетінің дамуына, әсіресе, әсері күшті болған Абaй шығармалары екенін, сындар дәуірдің басы Абайдан басталатынын кесіп-пішіп тиянақтайды. Алаш арысының ғылыми-шығармашылық мұрасында Абайдың алар орны бөлек болған. A. Байтұрсынұлы реформаторлық тұрғыдан мақаласының атына өзекті, өзінің замандастары ғана емес, бүгінгі ХХІ ғасырда мойындалып отырған тұжырым қояды, яғни, Абайдың «Қазақтың бас ақыны» екенін өзге жұртқа да, өзімізге де жете ұғындырады. Осы зерттеуінде классикалық мұраның кейінгі қазақ әдебиетіндегі орнын нақтылап берді. Бүгінгі абайтанушыларға сара жол нұсқап, Абай шығармашылығының өзіндік ерекшеліктерін, терең ғылыми негізге сүйене отырып, тұңғыш рет ашып көрсетті: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең… Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармап жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады». Мақалада А. Байтұрсынұлы сонау 1913 жылда-ақ «шығармашылық» категориясы ұғымына нақты теориялық анықтама берді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылдық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Aбайда осы үшеуі де болған», - деді деген ой қорытындысын жасайды. «Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Оған оқушы түсінбесе, ал Абайдың үздік, ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді. Абайды тегіс танып, тегіс білуі керек», - деп түйіндеген. [9] Aхмет Байтұрсынұлының әдебиеттану ғылымының негiзін салушы, тiл терминдерін жасаушы кемеңгер, фольклортанушы, ғалым екендігінің бiрден-бiр дәлелі- «Әдебиет танытқыш» теориялық еңбегі, «Ер Сайын», 23 толғау» жинақтары мен «Қазақтың бас ақыны» мақаласы.

Ⅱ. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін дамытудағы еңбектерін оқыту процесінде қолданудың маңыздылығы

2. 1 «Әдебиет танытқыш» ғылыми маңызы және мазмұндық ерекшеліктері

Ахмет Байтұрсынұлының «Əдебиет танытқыш» атты туындысы əдебиеттану ғылымының негізін қалаған іргелі еңбек болғаны ғылыми тұрғыдан дəлелденіп, əдебиетті оқыту жүйесіне дендеп орнықты. Ғалымның еңбекті жазудағы мақсаты - ауыз əдебиетінде қалыптасып, ежелгі дəуірді басынан кешіріп, тарихтан мəлімет беретін хандық дəуір əдебиетіне айналған, енді ғана классикалық деңгейге аяқ басып келе жатқан жалпы əдебиеттің теориялық негізін қалап, бір жүйеге келтіру, оқытудың тұрақты жосығын (бағдарын) жасау еді. [5] «Әдебиет танытқыш» деп атаудың да өзінде үлкен мағына бар. Әдебиет - сөз өнері болса, оны халыққа түсіндіріп, оның көркемдік ерекшеліктерін, адамгершілік, кісілік яғни имани, рухани сипаттарын таныту әдебиетшілердің, зерттеушілердің қасиетті парызы екенін А. Байтұрсынұлы осы екі сөзбен ғана түсіндіріп кетті. Әдебиет деген не? Бұл сауалға бүгін дайын жауап бар ма? Осы орайда академик З. Қабдолов былай деп жазған: «Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал, басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік . . . » дей келе, еңбектің қадiр-қасиетiн бүгiнгi күн тарапынан талғап-талдайды. [12]

Әлемдік ғылымда өнер түрлері: бейнелеу және сөз өнері деп жіктелсе, Ахмет Байтұрсынұлы осы жүйені өзінше айқындайды, яғни өнерді материалдық («жан сақтау») және рухани («жан қоштау») салаларға бөледі. Ғалым «Әдебиет танытқыштың» «Аңдатуында» өнердің түрлерін саралаудан бастайды: «айналамыздағы нәрселердің бәрі не табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе - табиғат дүниесі, адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе өнер дүниесі болады» [9] . Ғалым өнерді материалдық жағынан күн көру үшін жұмсалатын өнер - «Тірнек өнері» - үй салу, арық қазу, етік тігу, арба істеу, киіз басу, ыдыс жасау яғни «жан сақтау» және рухани жағынан көркемшілік үшін «Көрнек өнері» - әдемі ән, әсем күй, ажарлы сөз яғни «жан қоштау» деп бөледі. Көрнек өнері бес тараудан тұрады:

Бiрінші - тастан, кірпіштен, ағаштан, яки басқа заттан сәнін келтіріп, сәулелі сарайлар, мешіт, үй, там сияқты нәрселер салу өнері. Бұл сәулет өнері болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Озат педагогикалық тәжірибе. Инновация туралы ұғым, шығармашылық іс-әрекет
Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ тіл ғылымының атасы
Кітаби ақындар шығармашылығындағы сопылық ілімнің жырлануы. Автораферат
Озат педагогика ғалымдары
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Әуелбек Қоңыратбаев – әдебиет тарихшысы
Сопылық әдебиет
Әдебиет танытқыштың әлемдік әдебиеттану ғылым контексіндегі көрінісі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz