Абай поэтикасының Абай жолы эпопеясында әлеуметтік, теңсіздік мәселелері


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   
ЖШС «Academy of Golden Kids» Ғылыми жоба тақырыбы : «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Жоба авторы Пердебек Іңкәр

Сыныбы 7-сынып

Ғылыми бағыты: «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және

болашақ дамуы бар саяхат маршруттары»

Секция: Қазақ әдебиет

Жетекшісі Оңалбекқызы Лайлә

Ғылыми кеңесшісі п. ғ. к Баймыш Лаура Құрманәліқызы

«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Кіріспе . . . 5

2 «Абай жолы» роман-эпопеясындағы образдардың жасалу жолдары . . . 9

2. 1 «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «шығармашылық тұлға» бейнесі . . . 9

2. 2 Ақынның сөз образдарын жасауда жазушының шеберлік бейнесі . . . 21

Қорытынды . . . 30

Пайдаланылған әдебиеттер тізбесі . . . 33

КІРІСПЕ

Абай шығармашылығы - адамзат даналығының таусылмас қазынасы. Бұл қазынаны ақтарған сайын тың жаңалықтар көзін тауып, сонау бағзы замандағы қазақ даласы мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқын әлемдік мәдениетке жеткізу жолындағы рухани бастаушыны танитынымыз анық. Оның даналығы мен парасаттылығы, озық идеялары - Қазақстанды әлемдегі дамыған елдер кеңістігіне апарар лайықты жолға жөн сілтейді. Абай - бүгінгі дәуір тұлғасы.

Эпопеяның алғашқы кітаптарының көптеген тарауларында жазушы Абайдың шығыс, батыс әдебиетімен қалай танысқандығы және ақынның белгілі бір шығармаларының қандай жағдайда, қалайша туғандығымен де мол таныстырады. Бұл бағыт соңғы кітапқа дейін жалғасын тапқан. Абайдың ақындығын бейнелейтін, оның шығармашылығының психологиясын ашатын эпизодтар “Абай жолы” эпопеясының төрт кітабында да ұшырасады.

Абай мен Әуезов мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, маңызын жоймайтын зерттеудің қайнар көзі. Бұл күндері Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің есімдері ұлттық сана-сезімде мәңгі аталатын ұлы тұлғаларға айналды. Дана Абайды қазақ халқының рухани ұстазы ретінде тануымыз ұлы ақынның өз мұрасы арқылы ғана емес, сонымен бірге әлемдік көркем ойдың алтын қазынасына айналған М. Әуезовтің тарихи эпопеясы арқылы жүзеге асты. Бұл ретте ең бірінші тілге тиек етеріміз - Мұхтар әлемінің Абай әлемімен рухани сабақтастық мәселесі. “Бүгін біздің назарымызды көбірек аударуға тиіс нәрсе Мұхтар Әуезовтің ұлы Абаймен рухани жақындық-жалғастығы. Мұның өзі дүниежүзі әдебиетіндегі айрықша құбылыс . . . Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Мұхтар Әуезовтің дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді”, - деп академик З. Ахметов Абай мен Мұхтардың рухани сабақтастығының дүниежүзі әдебиеті үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді [1, 32 б. ] .

Абай шығармалары - қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің, ақын өмір сүрген дәуір шындығының, халық өмірінің, қайғылы тағдырының шежіресі. Абайдың терең мағыналы, жан тебіренткен өлең-жырлары қазақтың саналы адамдарының қабырғасын қайыстырған рушылдық тартысты, надандықты әшкерелеуге арналды. М. Әуезов Абайдың орындалмаған арманын айшықты түрде суреттеп берді. Ұлы ақынның даналығы, халықтың тұрмыс жайы, арпалысқан күресі «Абай жолы» эпопеясының негізгі арқауына айналған.

Зерттеу жұмысының нысаны. Абай мұрасы - қазақ әдебиетінің көп зерттелген әлі де небір құпиясы мол және әр қырынан бұдан да тереңірек зерттеуді қажет ететін ғылыми салаға айналып отыр. Абай мен Әуезовтің рухани сабақтастығы, көркемдік бітім тұтастығы, дүниетанымдық ортақ көзқарастары әлі де кеңінен зерттеуді қажет етеді.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Абай шығармашылығының қайнар көздері Шығыс және Батыс әдебиетімен, өзіне дейінгі ақындармен үндесу құбылысы аракідік болса да қозғалды. М. Әуезовтің жазушылық дарынына әсер еткен әлем әдебиетінің озық үлгілері де кеңестік дәуір кезінде саясаттың үдесінен шығу тұрғысынан айтылды. Ал Абай мұрасының Әуезовтің жазушылық құдіретіне, ғұламалық шеберлігіне игі әсері туралы ғылыми еңбектерде ішінара мақала көлемінде айтылып жүргені болмаса, жеке-дара арнайы зерттеу нысанасына алынбағаны белгілі. Сол себепті Әуезовтің тұтас шығармашылығындағы, яғни көсемсөздеріндегі, драмалық шығармаларындағы, әңгіме, повестеріндегі Абай дәстүрін анықтап, ақын мұрасының көрініс тапқан қырларын зерттеуге ұмтылдық.

Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай мен Әуезов шығармашылығы арасындағы рухани үндестік мәселесі арнайы зерттеу нысанасына алынбағанымен, аракідік болса да мақалалар мен ғылыми еңбектерде сөз болып отырған дедік. Мұхтар Әуезовтің туғанына 70 жыл толуы қарсаңында академик Р. Нұрғали 1967 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған “Тақырыппен табысу” атты мақаласында, “Трагедия табиғаты” (1968) атты монографиясында, “Әуезов және Алаш”, “Сөз өнерінің эстетикасы” [7] атты еңбектерінде Абай мұрасының Әуезовке тигізген әсері жөнінде тоқталып өтеді. Абай шығармашылығын, поэзиядағы Абай дәстүрін зерттеген ғалым А. Нұрқатовтың “Жалғасқан дәстүр” (1980) атты еңбегінің “Ел өмірінің айнасы” бөлімінде М. Әуезовтің “Абай жолы” романындағы Абайдың ақындығы мәселесі қарастырылып, ақын шығармаларының туған сәті жайында айтылады [8] .

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Абай мұрасын ғылыми-шығармашылылық тұрғыдан зерттеп, абайтану ғылымын қалыптастыру жолындағы М. Әуезовтің көп жылғы қажырлы еңбегі туралы профессор М. Мырзахметұлы “М. Әуезов және абайтану проблемалары” (1992), “Абай және Әуезов” (1997) атты зерттеулерінде арнайы қарастырады [13] . Философия ғылымдарының докторы А. Тайжановтың зерттеу еңбегінде М. Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектеріне Абайдың рухани ұстаз болғаны аталады [14] . М. Әуезов шығармашылығындағы Абай дәстүрі жайлы профессор Ж. Дәдебаев [15], профессор Т. Жұртбай [16] еңбектерінде де кеңінен сөз болады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Абай мұрасы мен М. Әуезов шығармашылығы арасындағы сабақтастықтың сан сала бағыттары, арналары мол. Соның ішінде, Абай мен Мұхтар әлеміндегі сабақтастық, ортақ гуманистік, қоғамдық, ойшылдық дүниетанымдарындағы үндестік пен көркем сөз иелерінің сөйлеу тіліндегі тұтастық, суреткерлік шеберлік сырларын зерттеу жұмыстың өзектілігі болып саналады.

Романға байланысты жүргізілген жұмыс түрлеріне арналған бірқатар мақалаларында Әуезов өзінің, басқа романшылармен салыстырғанда, тарихи тұлғаны танытуда кездескен қиыншылықтары туралы айтады. Шынында да, мемуарлардың, басылған мағлұматтардың жоқтығын Абайды білген адамдардың естеліктері толықтырды. Бірақ мұның да өз қиындықтары болды.

Негізгі бөлім

АБАЙ ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ

Абай поэтикасының «Абай жолы» эпопеясында әлеуметтік, теңсіздік мәселелері

Әдебиет пен мәдениеттің даму жолына көз жіберетін болсақ, әрбір қаламгердің өзінің шығармашылық өмір жолында аса ықыласпен зер салып оқып, танып, зерттеп, оны санасында мәңгі аялап, тербетіп келетін сүйікті тақырыптары болады. Бұндай айтулы тақырыптар үшін жазушының көп жылдар тынымсыз еңбек етіп, өзінің саналы өмірін арнайтын да кездері бар. Кейде бұл тақырыптар қаламгердің өмірлік мұраты мен тағдырының бір бөлігіне айналып та жатады. Осындай белгілі бір тақырыбына ғұмыр бойы ынтық болып, өзінің арманы мен аңсарына айналдырып, оған қалтқысыз берік әрі тұрақты болған жазушы М. Әуезовті ерекше атап айтуға болады. Бұндай құбылыс әдебиетте сирек кездеседі.

М. Әуезовтің осындай тынымсыз іздеп-зерттеген, ұзақ уақыт бойына шұғылданған тақырыптарының ең бастысы, негізгісі - халқымыздың ұлы ақыны Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы және ақындық қызметі. Бұл тақырып оның шығармашылық өмірінің басты мақсатына айналды. Абай тақырыбы жазушының шығармашылығының биік шыңы болды. «Абай менің өмірлік тақырыбым болды», - деген М. Әуезовтің өз сөзі Алматы қаласындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында алтын әріптермен жазылып, жазушының қолы қойылып, көпшілік қауымға мәлімет беріп тұрғанын көруге болады.

Абай тақырыбы М. Әуезов үшін қаншалықты маңызды екені академик С. Қирабаев еңбегінде де айтылады. Мәселен: «Әр жазушының өзіндік бір етене тақырыбы болады. Мұхтар Омарханұлы үшін Абай тақырыбы осындай еді. Ақын өмірін, оның өмір сүрген дәуірін, одан қалған тарих сабағын Мұхаң тым жақсы білді, оны айтпай, жазбай тұра алмайтын дәрежеге жетті. Абай жазушы өмірінің мән-мағынасына айналды. Сондықтан да ақын туралы еңбекке бүкіл өмірін арнады. Оның шығармаларын жинап бастырды, зерттеулер жасады, жоғары оқу орындарында ақын өмірі мен творчествосынан лекция оқыды, пьеса, киносценарий жазды. Ең соңында төрт томдық ұлы эпопеясын тудырды», - делінген [17, 51 б. ] . Ғалым М. Әуезовке Абай тақырыбы өте жақын екенін айта келіп, ол тақырыпты одан артық ешкім жақсы білмейтінін аңғартады. Ақын өмір сүрген дәуірді, оның әдеби мұрасын жазушының өте жақсы білетінін, сол білгендерін айтпай-жазбай тұра алмайтын әрекетін де түсіндіреді.

Ұлы Абай шыққан ортада тәрбиеленіп, жастайынан өлеңдерін жаттап, санасына сіңіріп өсуі - М. Әуезовтің биік белестерге көтерілуіне айрықша ықпал еткен асыл арналардың бірі. Абай өскен өлкенің тіршілік болмысын, тарихын, ертегі-аңызын, қисса-дастанын жетік біліп, бұл байлықты болашақ шығармаларына арқау етті. М. Әуезов Абай өлеңдерінен нәр алып, мол мұрасына қанығып, ақын рухымен тербеліп, тал бесікте өсті. Жазушының ақын өмірге келген ортада туып, жасынан көп дүниені көзбен көріп, өз үйі, ел арасы айтатын өткендегі шежірелі әңгіме-аңыздарға қанығып өсуінің де шешуші мәні болған. Сондықтан М. Әуезов барлық өмірін тұтас дерлік ұлы ақын ғұмырнамасы мен шығармаларын жинап зерттеуге, насихаттап бастыруға арнады. Оның жазушылық лабораториясында бір ғана көркемдік идея - ұлы Абай тағдыры асқақ міндет ретінде оның бүкіл өмірінде құлшынысына қанат берді де, өзінің өзекті тақырыбы да Абай болды, шығармашылық өмір жолының басталуында Абай тұрса, ғылыми қызметінде де Абай тұлғасы басты зерттеу нысаны болды. Яғни М. Әуезов Абай тұлғасын әдебиетте екі жақты ғылыми әрі көркемдік тұрғыдан сомдап жасады. Абайды алдымен ғылыми тұрғыдан зерттесе, кейіннен ақынға арнап көркем туындылар «Абай» трагедиясы мен «Абай жолы» роман-эпопеясын жазды. Осы мәселе туралы айтқан ғалым Д. Ысқақұлының пікіріне зер салсақ: «Оның қазақтың ұлы ақыны Абай туралы зерттеулері «Абайтану» ілімінің негізін қалады. Ол Абайға арнап үлкенді-кішілі мақалалары, монографиялары бар - барлығы елуден аса ғылыми еңбек жазыпты. Абай туралы зерттеулер М. Әуезовтің бүкіл шығармашылық өмірінің биік нысанасына айналып, үлкен көркем жинақтауларға ұласты; «Абай» трагедиясы жазылып, төрт томдық «Абай жолы» эпопеясы әлемдік әдебиеттің асыл қазынасына қосылды», - дейді [1, 344 б. ] . Ғалымның пікірінен М. Әуезовтің Абайға арналған елуден артық ғылыми зерттеулер жазып, абайтанудың негізін салудағы еңбегінің өлшеусіз екенін танып білеміз.

«Абай жолы» - қазақ халқын әлемге танытқан ұлы шығарма. Халқымыздың дана ойшылы, кемеңгер ұлы, классик ақыны Абай Құнанбаевтың ақындық, гуманистік, демократтық, қайраткерлік тұлғасын сомдай отырып, қазақ елінің жарты ғасырлық тарихын, өмір болмысын, тыныс-тіршілігін, салт дәстүрін кең құлашпен суреттеп берген дәуірлік туындысы. Мұхтар Әуезовтің атын әлемге жайған, әлем әдебиетінде суреткерлік қолтаңбасын қалдырған бас кітабы. Роман-эпопея мәңгілік тақырыпты қозғаған әр заманда да өзекті болып келетін, сан ғасырлар адам баласының сүйіп оқи берер, рухани нәр берер байлығы болып қалады.

М. Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясында негізінен көтерілетін мәселе -Абайдың ақындығы мен даналығы. Бізге мәлім тарихтағы Абай - ең алдымен ақын, ойшыл, философ, сазгер. Абайдың қоғамдық-гуманистік еңбегін оның ақындық қызметінен бөліп алып қарауға болмайды. Өйткені Абайдың “надан зұлымға кектеніп, шиыршық атып толғанғанда”, халқын прогресс пен өнер-білімге үндегенде негізгі құрал еткені - поэзия, яғни ақынның өз тілімен айтқанда “улы сия, ащы тіл”. Сондықтан да “Абай жолы” эпопеясында оның ақындығы жайындағы тақырыптың көрнекті орын алуы мейлінше табиғи әрі заңды.

«Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың кемеңгер ақын болып қалыптасуы қалай жазылғанын академик-сыншы М. Қаратаев былай сипаттайды: « . . . Ұлы ақынның кейбір өлеңдері мен әндерінің туу процесіндегі өнерпаздық актыларын, оның философиялық толғануларын сондай шеберлікпен қайта тірілткен. Абайдың ішкі дүниесін суреттегенде Әуезов еш жерде де оның мейлінше нәзік ақын жанының байлығын, сол жанның кереметтей сарындары мен құлпырған құбылыстарын көрсетуге сараңдық, іштарлық қылмайды» [3, 310 б. ] .

“М. Әуезов “Абай жолы” эпопеясында ұлы ақын бейнесін жасау үшін, оның поэтикалық шығармасына сүйенген. Өйткені ақынның бүкіл жан толғанысы оның өлең жолдарында екенін ғалым Т. Ақшолақов дәл тауып айтқан болатын. Жазушы эпопеясының бас кейіпкері Абайдың өмірімен қоса, оның әдеби мұрасымен, әр шығармасының дүниеге келу, туу жолымен де таныстырады. Абай ақындығының нәр алып, тамыр тартқан тереңімен, халық ауыз әдебиетіне, шығыс пен батыс әдебиетіне қатысынан мәлімет береді. Филология ғылымдарының докторы М. Атымовтың «Абай жолы» эпопеясының поэтикасы» атты еңбегінде: «Сөйтіп эпопеяның әр жерінде келтірілген үзінді өлеңдердің өзінен де шығыс пен орыс әдебиетінен үлгі, өнеге алып, оны қазақ топырағында дамытқан, өлеңге өнер, асыл еңбек деп қараған, надандықпен күн кешкен қазақ халқының өміріне күйіне де күйзеле қарап, мол наданның арасында мыңмен жалғыз алысқан, өз дәуірінің реалист философ ақыны Абай бейнесін көргендей боламыз. Осылайша сөз арқылы сурет салудың тамаша шебері М. Әуезов эпопеяға енген өлең жолдары арқылы да ақын Абай бейнесін көркемдікпен жасап бере білген», - делінген [6, 49 б. ] . Ғалымның айтуы бойынша, М. Әуезов эпопеяға ақын өлеңдерін енгізу арқылы Абай бейнесін сомдап, тамаша көркемдік шеберлікпен танылады. Эпопеяның алғашқы кітаптарының көптеген тарауларында жазушы Абайдың шығыс, батыс әдебиетімен қалай танысқандығы және ақынның белгілі бір шығармаларының қандай жағдайда, қалайша туғандығымен де мол таныстырады. Бұл бағыт соңғы кітапқа дейін жалғасын тапқан. Абайдың ақындығын бейнелейтін, оның шығармашылығының психологиясын ашатын эпизодтар “Абай жолы” эпопеясының төрт кітабында да ұшырасады.

Бірінші кітапта Абайдың бұдан басқа өлеңдері кездеспейді. Оның орнына Абайдың көбінесе халқының ауыз әдебиетінің інжу-маржандарымен танысқандығы, шығыстың асыл жауһарларын оқып білгендігі жайында көптен-көп сөз болады. Барлас ақын мен Байкөкшенің жайлауға келіп, ән мен жырға, халық даналығына толы терме толғауларымен Абайдың құлақ құрышын қандырғаны баяндалады. Жазушы осы оқиға тұсында Барластың айтқан өлеңдерінен бірнеше үзінділер беріп, Абайға берген батасынан мысал келтіреді. Ары қарай Абайдың Қарқаралыға барғанда Шөже ақынды көріп, өлеңдерін тыңдауы сипатталады. Сонымен қатар Балта ақынның да жырын нөсерлетіп береді. Бірінші кітапта жазушы Абайдың ақындық қуатының басталу тамыры тереңде жатқанын көрсетеді.

Ал екінші кітапта жазушы Абайдың ақындық қалыптасуының арналарымен таныстырады. Осы жөнінде айтқан ғалым А. Нұрқатовтың мынадай пікірі еске түседі: «Романның бүкіл өн бойына біз Абайдың творчествосын нәрлендірген және оны тудырған себептерді, ақынның белгілі бір шығармаларының қандай жағдайда, қалайша жасалғанын біліп отырмыз» [8, 120 б. ] . Ғалымның айтуы бойынша, эпопеядан Абай өлеңдерінің қандай жағдайда қалайша туғандығымен де танысып отырамыз. Сонымен қатар, бұл кітапта халық әндері, өлең-толғаулар, жыр дастандар, мақал-мәтелдер, яғни ел арасында айтылатын халқымыздың інжу маржандарының небір тамаша үлгілері де кеңінен орын алған. Жазушы халқының әдет салтымен қоса, оның рухани бар қазына байлығын: бай ауыз әдебиетін, шешендік импровизациялық өнерін терең білетіндігін танытады. Бұл туралы Б. Шалабаев еңбегінде былай делінген: «Эпопеяның екiншi кiтабы да стилистикалық жағынан аса шебер жазылған, баяндау жағы да өте тартымды, бедерлi. Ол халық әндерiмен, өлеңдерiмен, мақал-мәтелдерiмен, бейнелi, өткiр сөйлемдермен көркем безендiрiлген. Абайдың өз халқының тағдыры туралы күйiнiшке, шерге толы өлеңдерi орынды қиюластырылып пайдаланылған» [30, 102 б. ] . Б. Шалабаев пікірінде жазушы екінші кітапта Абайдың халық тағдыры туралы шерлі өлеңдерін қиюластырып орынды пайдаланғанын айтады.

“Абай жолы” эпопеясының «Тарауда» атты бөлімінде Абайдың «Болыс болдым мінеки» өлеңі орын алған. Бұл өлеңді жазушы Балқыбек сиязындағы болыс-билердің қылығын суреттейтін кезіне орайлы қолданады. Балқыбек сиязы туралы мәліметтер, сиязға келген ұлықтар мен ояздар, болыстыққа таласқан атқамінерлердің іс-әрекеттерін жазушы өте нанымды етіп суреттейді. Ұлық үйлерінің айналасында сабылып, сапырылып жүрген болыс, тілмаштарды көргенде, Абайдың аузына әзіл өлең үйірілгенін көруге болады.

Атшабар келді лепілдеп,

Ояз шықты, сияз бар,

“Ылау!” деп, “Үй!” деп дікілдеп,

Сасып қалдым күн тығыз,

Жүрек кетті лүпілдеп…

Ұлықтың есігін аңдып топталып жүрген болыстардың әрекетіне кекесін үнмен осы ащы сайқымазақ өлеңін айтқанын жазушы дәл тауып келтіреді. Абайдың кешеден бергі ішкі ызасы бүгін өлеңмен келіп шыққанын жазушы ары қарай жалғастырып береді.

. . . Қайраттанып халқыма,

Сөз айтып жүрмін күпілдеп,

«Құдай қосса жұртымның

Ақтармын осы жол сүтін» деп,

Қайраттысып, қамқорсып,

Сайманымды бүтіндеп,

Оңашада оязға,

Мақтамаймын елімді,

Өз еліме айтамын,

«Бергенім жоқ» деп белімді», - [56, 535 б. ] .

Абай өлеңінде айтылатын шындықты, өткір сыналатын болыстардың қылықтарын М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында басты дерек етіп отырғанын байқауға болады. Өйткені Абай поэзиясында ащы сыналатын болыс сайлауы, яғни сайлау алдындағы қарсылыстық, бақталастық пен бәсекелестік, парақорлық; ал сайлау қарсаңындағы патша ұлықтарының алдындағы жағымпаздық, екіжүзділік, сатқындық «Абай жолы» эпопеясында нақты образдар арқылы, сюжеттер арқылы қатар-қатар тізіліп өтіп жатады.

“Абай жолы” эпопеясында жазушының тарихи деректерді басты тірек етіп алғанын Л. М. Әуезова атап көрсетеді де: «Абай жолы» роман-эпопеясында өз творчествосында Абай жинақтаған, өмірде болған фактілерді пайдалана отырып, М. О. Әуезов ақын образын жасауда оның творчествосының психологиясын неғұрлым мотивті де шын етіп беруге, оның поэзиясының өмірден алған көздерін табуға тырысты» [79, 216 б. ] . М. Әуезовтің ақын образын жасауда оның поэзиясының өмірден алған көздерін табуға тырысқанын, сол арқылы ақын шығармашылығының психологиясын шынайы етіп берген жазушы әрекетін ғалым айтып түсіндіреді.

Осы өлең арқылы жазушы Абайдың жастарды адамгершілікке, адамшылық түзу жолға шақырған ұстаздық, даналық тұлғасын танытады.

Ары қарай эпопеяның “Кек жолында” тарауында М. Әуезов Абайдың “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” өлеңінің шығу тарихымен оқырманды жете таныстырады. Тәкежан ауылына ел ісінің бір суыт жұмысымен арнайы келген Абай қатал бай мен сараң бәйбіше төңірегіндегі жоқ-жітік, малшы-жалшылардың төмен тұрмысын көріп ыза болғанда, өзінің әйгілі өлеңін табан жолда қағазға түсірген. Келгеннен бері байқаған жайды аңғарып отырған Абай бар шындықты тапжылтпай шаншыла өлеңмен жайып салады.

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай,

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай,

«Ерте барсам жерімді жеп қоям» - деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай! - [44, 63 б. ] .

деп, Ербол, Дәрмендердің алдында Қаражанға қарата оқыта бастайды. Қаражанның сараң мінездері де өлең жолына түседі. Мәселен:

Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,

Бала шықса асынан үзіп-жұлып,

Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,

Үйген жүктің күн жағын орын қылып!

Әкесі мен шешесі баланы аңдыр

Ол да өзіңдей ит болсын азғыр-азғыр!

Асын жөндеп іше алмай қысылады,

Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр [44, 63 б. ] .

деп шүйілген жолдармен дүрсілдете жөнеледі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абай ойларының қара сөздеріндегі өрнектері
Әуезов және Абай
Шешендік сөздер жайында
Абай жолы эпопеясындағы көркем уақыт пен тарихи шындық
Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы тарихи шындық
Мұхтар омарханұлы әуезов – ұлы жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым
Біріккен сөздердің қазақ тіл біліміндегі зерттелуі
Ғасырлық туынды – «абай жолы»
Абай жолы шығармасы тілінің лексикологиялық ерекшелігі
Біріккен сөз - күрделі құрамды сөз
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz