Қазақ халқының философиялық мұрасы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 432 бет
Таңдаулыға:   

Кітап палатасы

Философиялық

энциклопедияЛЫҚ СӨЗДІК

алматы, 2013

әож

кбж

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының

Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған

Бас редакторлар: З. К. Шәукенова, Ә. Н. Нысанбаев Құрастырушылар: Т. Х. Ғабитов пен С. Е. Нұрмұратов Сарапшылар: М. З. Изотов, Б. Аташ, Ғ. Қ. Құрманғалиева Редактор Ж. Б. Ошақбаева. Көркем бейнелеуші:

Философиялық энциклопедиялық сөздік. Алматы: Кітап палатасы, 2013. - 480 б.

ISBN -

«Философиялық энциклопедиялық сөздікте» алғашқы рет отандық және әлемдік философиялық әдебиетте қордаланған және рухани мәдениет салаларында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде ең маңызды философиялық ұғым-терминдер мен көрнекті философтар туралы мәліметтер жүйелі түрде қазақ тілінде берілген. Мемлекеттік тілдің қоғамымыздағы мәртебесін, руханияттағы әлеуетін көтеру үшін таңдалынып алынған маңызды терминдер зерделенген. Философия тарихындағы көрнекті тұлғалардың дүниетанымын ашып беру арқылы еліміздің жас ұрпағына жаңа қазақстандық отансүйгіштік сезімдерді және орнықты білімдік негіздерді қалыптастыруға игі ықпалын тигізеді. Философиялық энциклопедиялық сөздік философия пәні бойынша мектеп оқушылары мен студенттерге, магистранттар мен докторанттарға, оқытушылар мен ғалымдарға, философиямен және жалпы рухани мәдениетпен айналасушы мамандар мен жалпы оқырман қауымға арналған және «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында орындалып отыр.

Басылым «Ғылыми қазына (2012 - 2014 жж. ) » салааралық ғылыми бағдарлама аясында дайындалған.

Мақалалар авторлары : Г. К. Абдіғалиева, Л. Ә. Асқар, Ж. А. Алтаев, Қ. Ұ. Әлжан, Ә. Ш. Әлімжанова, Б. Қ. Бейсенов, Т. Х. Ғабитов, Ғарифолла Есім, Қ. Жамалов, Қ. А. Затов, З. Н. Исмағанбетова, Б. Көбекова, Ә. Қодар, З. М. Қодар, Ә. Құранбек, А. Т. Құлсариева, А. Д. Мейірманов, Ж. Ж. Молдабеков, Н. Р. Мұсаева, Қ. Мұханбетәлиев, С. Мырзалы, Ә. Наурызбаева, С. Е. Нұрмұратов, Г. Ж. Нұрышева, Ә. Н. Нысанбаев, Ә. Өмірбекова, Ж. Б. Ошақбаева, Д. С. Раев, А. Рыскиева, А. Сағиқызы, М. Сәбит, Б. М. Сатершинов, С. Тұрғанбеков және т. б.

ISBN -

ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА

Энциклопедияда мақалалар әліпби тәртібімен орналасқан. Ұғым-терминдер қою бояулы бас әріптермен берілді. Бір мағынадағы ұғымдардың қатар қолданылып жүрген бірнеше атаулары болса, алдымен ғылымда қолданылып жүрген негізгі атауы берілді де, екінші атауы жанына курсив әріптермен жазылды. Мыс., ТАБУ, тыйым салу. Энциклопедияда қамтылған ұғым-терминнің аты, нақты бір мақаланың ішінде аталса, ол курсивпен терілді. Энциклопедияда жиі қайталаналатын сөздерге қысқарту жүйесі қолданылды. Энциклопедияда мақала атауы сол мақаланың ішінде қайталанған сайын тек басқы әріптермен берілді. Мыс., Мәдениет - М., Мәдениеттен - М-тен, Шешендік өнер - Ш. ө.

НЕГІЗГІ ҚЫСҚАРТУЛАР

археол. - археологиялық мемл. - мемлекеттік

архит. - архитектуралық мыс. - мысалы

әдеб. - әдебиеттер нем. - немісше

әлеум. - әлеуметтік парс. - парсыша

б. з. - біздің заманымыздың проф. - профессор

б. з. д. - біздің заманымызға дейінгі псих. - психологиялық

грек. - грекше т. б. - тағы басқа

ғ. - ғасыр ун-т - университет

ғыл. - ғылыми филол. - филологиялық

ж. - жылы филос. - философиялық

ин-т - институт франц. - французша

исп. - испанша ф-т - факультет

корр. -мүшесі - корроспондент-мүшесі Шығ. - Шығармалар

лат. - латынша эстетик. -эстетикалық

АЛҒЫ СӨЗ

«Философиялық энциклопедиялық сөздік» деп аталатын бұл туындының мақсаты - еліміздің 21 жылдан артық тәуелсіз кезеңі тарихында қалыптасқан көпэтносты қазақстандық қоғамдағы ұлттық мемлекеттілікті нығайтушы ұлттық рухани мәдениеттегі философиялық дәстүрлерді кешенді зерттеу арқылы әдіснамалық талаптарға сай энциклопедияны дайындау. Бұл еңбек Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ұйымдастыруымен жүзеге асып отырған «Ғылыми қазына» салааралық бағдарламасы ауқымында орындалып отыр.

Ұлттық философия - сол халықтың дәстүрлі дүниетанымын, тарихи-мәдени және эстетика-этикалық ұстанымын, тілі мен ділін, болмыс-бітімін айғақтап, әлемдік өркенниеттегі орнын айқындайтын рухани құндылықтар мәйегі. Әбу Насыр әл-Фараби мен Махмұт Қашқари, Ахмет Иасауи мен Абай Құнанбайұлы сияқты даналар шыққан ұлы дала ұрпақтарының мәдениеті - тұтас бір өркениет жемісі ретінде бұрын арнайы қарастырылмайтын. Тек қана еліміз тәуелсіздік алған соңғы жиырма жылда ғана Қазақстанның философиялық мұрасына арнайы назар аударыла бастады.

Қазіргі тарихи кезеңдегі Қазақстанның тәуелсіздігі философия ғылымына жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Қазақ халқының рухани қайта өркендеуі өзінің шынайы тарихын пайымдау арқылы, төлтума мәдениеті пен ұлттық философиясын қайта түлету арқылы жүзеге асырылады. Бұл еліміздің қоғамдық-гуманитарлық білім саласына, оның ішінде ұлттық философиясы, мәдениеттану және саясаттану ғылымдарына келелі міндеттер жүктейді. Қолға алынып отырған бұл энциклопедияның да ғылыми өзектілігі осында.

Жалпы аталған еңбек Қазақстан халқын біріктіруші ұлттық идеясын пайымдаудағы сипаты көпэтносты халқымыздың ынтымақта өмір сүруіне, еліміздегі рухани және әлеуметтік кеңістікті жаңғыртуға өз үлесін қосатындығына сенімдіміз. Жоғарыдағы қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер шешілуі тиіс: әлемдік классикалық және қазіргі заманғы философиялық ойдың негізгі ұғымдарына түсіндірме беру; гуманитарлық ғылым саласы ретіндегі философия терминдерінің мәнін ашып, жан-жақты түсініктеме беру; қазақтың және басқа этнос өкілдерінің философиялық ұғым-түсініктерін сипаттап, олардың мәндік-мағыналық негіздерін зерделеуден өткізу; қазіргі және дәстүрлі қазақ қоғамындағы негізгі философиялық ұғымдардың мәнін ашу.

Бұл еңбек мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Практикалық жағынан алғанда қазақ тіліндегі философия бойынша энциклопедиялардың, сөздіктердің, анықтамалықтардың тапшылығын ескерсек, бұл кітап осы олқылықтың орнын толтыра алады деген үміттеміз. Еңбек Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Шығарма елімізде қазіргі кезеңдегі отан тарихын ежелгі заманнан тәуелсіздікке дейін және жаңаша тарихы қайта зерделеуден өткізіп жатқан дәуірде қалыптастырылды. Ол ұғымдық түсініктемелер тұрғысынан маңызды ғылыми және философиялық әдістемелік бағдар ретінде өзіндік қызметін атқарады деген ойдамыз.

Энциклопедиялық сөздік философия саласындағы көптеген зерттеулерге ықпалын тигізері сөзсіз. Жұмыстың нәтижелерін философия, мәдениеттану және саясаттану ғылымдарына арналған кешенді зерттеулерге, пәнаралық жобаларға, жалпы ағартушылық және тәрбиелік бағдарламаларға енгізуге болады.

Энциклопедиялық сөздіктің теориялық және қолданбалы нәтижелерін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің барлық мекемелері қолдана алады. Оқушылар, студенттер, магистранттар, докторанттар және ғылыми қызметкерлер кітап түріндегі бұл еңбекті күнделікті пайдалана алатын кітабына айналдыруына болады. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасының қауіпсіздік Кеңесіне, Ұлттық-мәдени орталықтарға, әкімшіліктерге, Үкімет органдарына пайдасын тигізеді деген үміттеміз.

Білім мен ғылымның әртүрлі салаларына қатысты энциклопедиялық сөздіктер мен анықтамалықтарды жариялау жағынан бізбен көршілес Ресейдің анағұрлым алда екені күмән туғызбайды. Ал біздің елімізде бұл бағыттағы жұмыстардың енді ғана қарқын алып келе жатқаны белгілі. Негізінен мұндай жинақтардың пайда болуына «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы мұрындық болып келді. Гуманитарлық білім салаларына қатысты қазақ тіліндегі осындай еңбектердің зәрулігі байқалады.

Елімізде жазылған жұмыстардың көпшілігі нағыз ғылыми сипатта емес және қолданбалы тұстары аздау. Сондықтан осы ғылым салаларының негізгі ұғымдарын тарихи-философиялық зерттеу мәдени-тарихи ахуал мен рухани жағдайды қайта қалпына келтіруге септігін тигізіп қана қоймай, оның сабақтарын қазіргі Қазақстандағы қоғамдық ойды дамытуға да пайдалануға болады. Осы себептерге байланысты бұл энциклопедияның күтілетін ғылыми нәтижелері бәсекеге толықтай қабілетті бола алады, сонымен қатар, олар ұлттың ұйысуы мен қоғамның бірігуі үшін қазіргі әлеуметтік саланың модернизациялануы кезеңінде үлкен маңызға ие болары анық.

Авторлар философияның дәстүрлі кезеңі мен қазіргі жаһандану процестері арасындағы сабақтастық идеясын терминдерге жеткілікті деңгейде түсіндірмелер беру арқылы айқындайды. Әрбір ұлттың, ұлттық мәдениеттің философиялық салалар бойынша жеткілікті деңгейдегі энциклопедиялық сөздігі болуы керек, ол тек тілдік қорды ғана нығайтып қана қоймай, сонымен қатар жалпы дүниетанымдық көкжиекті кеңейтеді, қазақ тілінің рухани ауқымын да барынша кеңейтеді, сонымен қатар практикалық жағынан алғанда қоғамда ұлтаралық қатынастардың келісімдене түсуіне өз үлесін қосады.

АБАЙ ( Ибраһим ) Құнанбаев [29. 7(10. 8) . 1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы - 23. 6(6. 7) . 1904, сонда, Балашақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда) ] - ақын, философ, ағартушы гуманист.

А-дың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі - “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”. Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. Ескі филос. еңбектерде табиғат өлсе де, адам өлмейді деп, осы екеуін біріне-бірін қарама-қарсы қою кездеседі. Мыс., Сократ адамды табиғатқа қарсы қойып, әділдік, ізгілік секілді адамның жақсы қасиеттерін зерттеу қажет те, ал табиғатты зерттеу деген көңіл бөлуге тұрмайды деп санаған. Табиғат өзгереді, құриды, мәңгі өзгермейтін жаратушы бір Алла ғана деген ұғым бар. Жақсы адамның өзі өлсе де, жаны өлмейді деген пікірді философтар да айтқан.

А. әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік филос. түйіндері бар ғұлама. Ақынның рухани, даналық мұрасы - терең мағыналы филос. идеяларға толы. Ол күллі Шығыста филос-ның негізгі мәні болып табылатын “жетілген адамды” өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеум. рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді.

Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. А-ды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экон., саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады.

“Әрбір ғалым-хакім емес, әрбір хакім-ғалым”, “Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді” - деген пікір ғұламаның филос. көзқарасы. Жалпы, А-дың философиялық, көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. А-дың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын А-дың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. А. өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп, көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. А-дың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды.

А-ға дейінгі қазақ ақындары мен жырауларының дүниетанымдық айшықтарына көркем филос. тән. А-дың шығармашылық келбетін, дүниеге деген көзқарасын айқындаған үш қайнар көз туралы сонау отызыншы жылдардың өзінде-ақ М. О. Әуезов «Абай Құнанбаев қазақ халқының ұлы ақыны» атты еңбегінде белгілі бір жүйелі пікір қалыптастырғаны белгілі. Ол «Ұлттық және бүкіладамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның творчестволық ісіне азық болды. А. қазақ елiнiң ұлттық рухы мен менталитетiн, оның көкейтестi арманы мен данагөй ойларын абыздық көрегендiкпен өлеңмен өрнектеудi қазақ эпосынан үйренді. Сондай-ақ А-дың жүйелі ойларының үлкен бiр арнасын қалыптастыруына Шығыстың рухани қазынасының да ықпал-әсерiнiң аз болмағандығы сөзсiз. Өйткенi, ол күллi араб пен парсының батырлық жырларын, Шығыстың атағы жер жүзiне мәшhүр классик ақындарын, ат-Табари, Рабғузи, Рашид-әд-Дин, Захиреддин Бабыр, Әбiлғазы Баhадур ханның тарихи еңбектерiн, сондай-ақ логика ғылымының негiздерi мен мұсылмандық құқ, Шығыстың шариғат қағидаларын ұғындырар ғұламаларының еңбектерiн жетiк меңгерген-дi. Сол еңбектердi түпнұсқасында оқитын жан-жақты бiлiмдар, ғұлама бoлaтын-ды. Барлық Шығыс ойшылдары секiлдi ақынның «Адам бол!» дейтiн үндеуден өрiс алатын, оның бүкiл творчествосының өзегiне айналған, адамды адамгершiлiк тұрғысынан жетiлдiруге, сол арқылы қоғамды сындарлы кейiпке жеткiзуге ниет ететiн ақындық негiзгi мұрат бұл тұрғыда оның ежелгi алып ой өкiлдерiмен рухани туыстығына куәлiк бередi.

A. aдaмгepшiлік идеясын өмiр бойы ту қылып көтерiп өткен. Ол азаматты шыққан тегi, атқарып жүрген қызмет-мансабы, атақ-даңқы мен дәулетiне қарай емес, оның жан дүниесiне, өз елiне, халқына көрсетер қызметіне қарай құрметтеуге үндейдi. Fылым, философия, бiлiм, тарих, әдебиет пен өнер барлық мүмкiншiлiктерiн жұмсай отырып, мемлекетке ықпал етуге, ондағы адамдардың адамгершiлiк тұрғысынан жетiлуiне көмектесуге тиiс деп бiлдi қазақ данасы. Оның философиялық-этикалық концепциясының, жалпы дүниетаным жүйесiнiң негiзгi мәнi, мiне, осында. А. - қазақ философиясы мен әдебиетiнiң классигi ретiнде қазақтың күллi рухани өмiрiнiң тұтастығының тұғырнамасы, барша шығармаларында бүкiл адамзаттық мұрат пен арман-мүдделердi жыр еткен бiр ұлттың әлемдiк деңгейдегi терең ойлы асқақ философ-ақыны. Ол өзiнiң бүкiл творчестволық қажыр-қайратын адамгершiлiктің биiк мақсаттарын, нағыз кiсiлiктiң, салауатты халық болудың жолдарын iздеуге және оларды iске асыруға, сөйтiп, тұлғаның адамгершiлiк тұрғысынан биiктерге көтерiлуiн насихаттай отырып, ол өмiр мен өлiм туралы кең мағыналы қорытындылар жасайды. Соның арқасында ол тек бiр халықтың даньшшан философ-ойшылы ғана болмай, бүкiл әлемдік мәдениеттiң көрнектi өкiлiне айналды.

АБСОЛЮТ (лат. absolutus - сөзсіз) - еркін, «өздігінен жеткілікті», аяқталған, өзге ешнәрсеге тәуелді емес, дербес, тіршілік атаулының бәрін өз бойында қамтып, сақтайтын және әлемнің жалпы негізі болып табылатын, мәңгі, шексіз, кәміл жетілдірілген және өзгермейтін болмыстың толықтығын белгілейтін философиялық категория. А. барлық жаратылыстың шығармашылық бастамасы және субъект пен объектінің үйлесімді тұтастығы ретінде түсіндіріледі. А. - объективті, мәңгі, шексіз, өзіне-өзі тең болатын, біртұтас жаратылыс және кез-келген салыстырмалылыққа әрі шартты тіршілікке қарама-қарсы құбылыс. А. - дүниенің басы мен аяғы. А. терминін философиялық айналымға ХVІІІ ғ. соңында М. Мендельсон мен Ф. Якоби Б. Спинозаның табиғатты (тұлғасыз Құдайды) пантеистік түсіндіруіне балама ретінде енгізген. Содан кейін Шеллинг пен Гегельдің философиялық жүйелері арқылы А. «біртұтас», «апейрон», «нус», «логос», «дао», «барлық», «субстанция», «жалпыға бірдей субстрат», «өлшеусіз», «тануға болмайтын», «түпсіз болмыс», «кәміл», «максимум» және «минимум» сияқты барынша жалпы ұғымдарды жинақтап қорытындылайтын категорияға айналды. Көне заманғы «пратхи», «ци», «брахма», «бос кеңістік», «реттілік», «морфа» және т. б. идеялар мағынасы жағынан А. ұғымына жақын. Гегель философиясында дүниелік парасат (абс. рух) А. рөлін атқарады; Шопенгауэр философиясында - ерік, Бергсон ілімінде - түйсік, Франк ілімінде - «игерілмейтін», Тейяр де Шарденде - ақылмен қол жеткізілетін «Альфа» мен «Омега» тұтастығы нүктесі, метафизикалық орталық, қайнар көз және түпкі мақсат. Олар А. ұғымының шексіз кәмілдігінен оның өзгермейтіндігі және өзіне-өзі тепе-тең болатындығы туралы түсінікті өрбітеді. Интуицияны бірінші орынға қоятын философтар А-ті образдық білім, ұғым және таңба формасында игеру мүмкін емес, бірақ тікелей біздің ар-ұжданда, интуицияда, наным-сенімде болатын құбылыс ретінде онымен нақты күй кешуге болады деп есептейді.

АБСОЛЮТТІ және салыстырмалы ақиқат - классикалық философияның таным теориясы категориясы, таным үдерісінің даму өрісін сипаттайды. Жалпы ақиқаттың классикалық теориясы бойынша, ақиқатқа мынандай ұстанымдар тән: 1) шындық білімге тәуелді болмайды; 2) адам ойы мен шындық арасында түбегейлі сәйкестік орнатуға болады; 3) ой мен шындық сәйкестігін анықтау өлшемі бар; 4) сәйкес келу теориясының өзі логикалық тұрғыда қайшы келмейді. Ақиқаттың өзі объективті, нақты және процесс. Осыдан келіп ақиқаттың абсолюттілігі мен салыстырмалылығы келіп туындайды. А. және С. а. ұғымы таным жүйесін белгілі бір уақыт пен кеңістікте болып отыратын тарихи жағдаймен байланысты үдеріс ретінде түсінумен байланысты. Ол: 1) бұдан бұрын танылған және ғылым дамуының бұдан былайғы үдерісінде танылатын заттар мен құбылыстар арасындағы; 2) ғылымның бұдан кейінгі дамуы барысында біздің біліміміздің құрамында өзгеруі, дәлелденуі, теріске шығарылуы мүмкін білім мен теріске шығарылмаған күйінде қалатын білім арасындағы арақатынасты ашып көрсетеді.

АБСОЛЮТТІК ИДЕАЛИЗМ - идеализмнің негізгі түрлерінің бірі. Рухтың алғашқылығын және материяның одан кейінгілігін, туындылығын мойындай отырып, А. и. субъективті идеализм сияқты дүниедегі барлық нәрселердің негізі жеке, адамдық сана деп емес, қайдағы бір объективті о дуниелік сана - «абсолютті рух», «дуниежүзілік парасат» және т. с. деп біледі. Ойды материалдық заттармен салыстырғанда алғашқы деп қарастырып, А. и. олардың арасындағы шын мәніндегі байланыстарды түсіндіруде әулиелікке келіп соғады. Мысалы Платон жалпы ғылымдарды «идеялар дүниесінде» мәңгі өмір сүреді, ал материалдық заттар осы идеялардың солғын көлеңкесі деп есептеген. Гегельдің «абсолютті рухы», шын мәнінде, материядан бөлек алынған, оған қарама қарсы қойылған, абсолюттендірілген ұғымнан басқа ештеңе де емес. А. и. дәл ұғына білудің кейбір жақтарын абсолюттендірумен қатар «парасатсыз жетілгендікті» де бастпқы негіз ретінде мойындайды, (Шопенгауэр, Э. Гартман) . Қазіргі заманғы батыс философияда А. и. персонализм және басқа да мектептер түрінде көрінеді. А. и. әдетте теологиямен бірігіп кетеді де, діннің өзіндік бағыт алған философиялық негізі болып кетеді.

Әдебиет: Философиялық энциклопедиялық сөздік. М, 1983.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Байырғы түркі жазба ескерткіштеріндегі әлеуметтік- саяси рәміздер және оның Қазақстанның өркениеттік дамуымен сабақтастығы
Студенттердің эстетикалық мәдениетін қазақ халқының мәдени мұрасы арқылы қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздері
Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасы
Қожа Ахмет Ясауи өмірі
Ғасырлар тоғысындағы Мұхтар Әуезовтың рухани мұрасы мен қазақтың қоғамдық ойы
Зерттеудің негізгі кезеңдері
Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан
Философия мен дүниетаным
Мәдени мұра саласындағы проблеманың қазiргі жай-күйiн талдау
Абай мен Шәкәрімнің әдеби мол мұрасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz