Тауарих хамсада тарихи - этнографиялық деректердің орын алғанын, қазақ халқының күнтізбесіне байланысты мәліметтердің кездесетінін



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан тарихына қатысты жазба деректерді назардан тыс қалдырмай қазақ тіліне аудару, сараптау, талдау, құндылығын көтеру, деректер ішіндегі орнын белгілеу өзекті. Аталған шаралардың өзектілігін Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2007 жылдың 13 ақпанында Мәдени мұра 2004-2006 жж. мемлекеттік бағдарламасының іске асуына байланысты Қоғамдық кеңестің тарих, археология, этнология және т.б. салаларындағы жетекші ғалымдармен бас қосқан отырысында айтқан болатын.
Осыған байланысты, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қызмет еткен, жергілікті оқымысты Құрбанғали Халидтың шағатай тілінде жазылған Тауарих хамса [1] атты еңбегі, 1992 жылы қазақ тіліне аударылып, жарық көрумен ғана шектелді. Еңбек мазмұнындағы қазақ тарихын беретін мәліметтерді іріктеп, тарих айналымына қосу уақыты жетті. Қ. Халид сынды шығыстану саласының өрбуімен қатар қызмет еткен жергілікті тарихшылардың есімдері мен еңбектері Отандық тарихнамада әртүрлі классификациялық топтар құрамында айтылып немесе мүлдем аталмай, дерек ретінде пайдаланылмай келді. Мұның себептері әртүрлі болды, біріншіден дәл ХІХ ғ. соңында Қ. Халид сынды, елден шыққан шығыстанушылар санаулы болды, екіншіден жергілікті тарихшылар еш зерттеу ұйымдарына тіркеусіз өз еріктерімен қызмет етті, үшіншіден жергілікті тарихшылардың еңбектері ескі тілде жазылды, төртіншіден тарихты жазуда еркін стиль пайдаланылды, бесіншіден жергілікті тарихшылар, оның ішінде Қ. Халид сол замандағы Ресей әкімшілігінің Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан территорияларына жүргізген саяси әрекеттерін еркін сынады. Осындай жағдайлар мен заман талаптары жергілікті шығыстанушылардың еңбектерінің дер уақытында аударылмай, ғылымдағы орнына ие болуына кедергі болды. Тауарих хамсаны бірең-саран қолданушылар еңбекте кездесетін мәліметтерге салыстыру, сараптау, талдау жұмыстарын тиісті дәрежеде жүргізбеді.
Ендігі кезекте жергілікті авторлардың еңбектерін аударып қана қоймай, мәліметтер ретін деректанулық талдаулардан өткізіп, тарихты толықтыру Тауарих хамсаны зерттеу объектісіне айналдырудағы өзектіліктің мәнін аша түседі.
Сондай-ақ, Отан тарихын беретін жекелеген деректік еңбектерді бөліп алып, жан-жақты зерттеу, Қазақстан деректану саласы құрылымының нығайуына үлкен септігін тигізеді. Осы тұрғыдан Тауарих хамса ішінде берілген мәліметтерді қосалқы деректермен салыстыра отырып, біріншіден Қазақстан тарихын толықтыру болса, екіншіден деректану саласына құнды дерек ретінде енуіне жол ашу. Аталған шаралардың атқарылуы зерттеу жұмысының өзектілік аясын кеңейте түседі.
Сондай-ақ, Қ. Халидтың заманы мен қызмет еткен ортасын зерттеу өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл мәселені қарастыру бірнеше тарихнамалық сұрақтардың басын ашып берген болар еді, мысалы:
- Қ. Халид сынды түрік-татар тобынан шыққан, жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек тарихшыларының есімдері мен еңбектерін тану;
- түрік-татар тобынан шыққан жергілікті тарихшылардың зерттеулерінен жаңа мәліметтер алу;
- жергілікті тарихшылар мен Ресей шығыстанушылар арасындағы байланыстар мен айырмашылықтарды және өзара ықпалдарын көру.
Тауарих хамса түпнұсқа күйінен 1992 жылы аударылғаннан кейін, тиісті дәрежеде пайдаланылмай келуі, еңбектің сараптау жұмыстарына тәуелді болғанын айғақтайды. Еңбекті аудару бөлек атқарылған шара болса, оны талдау құндылығы мен қажеттілігі мәселесін шешкен болар еді. Еңбекте кездесетін мәліметтерді қосалқы деректермен талдап беру, пайдаланушыларға күдіктенбей қарауға жол ашады. Себебі, еңбек мазмұнында кездесетін кейбір мәліметтерге оң көзбен қарамау, оның авторынан күдіктену, бірең-сараң авторлар тарапынан байқалған. Ал, талдау жұмыстары осы сияқты ойларды сейілдірген болар еді.
Деректерді сараптау мәселесі, Елбасының нұсқауы бойынша Мәдени мұра бағдарламасының алдағы үш жылға созылуына себеп болды. Ондағы негізгі мақсаттың бірі жиналып, аударылған жазба деректерді сараптап, талдап, пайдалану болып отыр. Осыған байланысты, Елбасы Н.Ә. Назарбаев: Келешекте мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламаларын Мәдени мұра кітаптары негізінде қайта қарап, толықтыру мәселесі де ойластырылуы қажет [2, 1 б.] деп көрсетті. Ал, ғалымдар тіпті осы тарихи-жазба деректер негізінде Қазақстан тарихын қайта жазуды мақсат тұтып отыр, мысалы Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, т.ғ.д., профессор: Меруерт Әбусейітова, жаңадан жарық көрген еңбектердегі барлық мәліметтерді жүйелеп, Қазақстанның толық тарихын жазып шығу міндеті тұр [2, 2 б.] деген болатын.
Тақырыптың зерттелу деңгейі (тарихнамасы). Қ. Халидтың Тауарих хамса еңбегі 1910 жылы Қазан қаласында, Өрнек [3] баспасында жарық көргеннен кейін, алғаш рет еңбекке деген пікір 1908-1917 жж. аралығында Орынборда екі айда бір рет шығып тұрған Шуро [4] журналының, 1913 жылғы 6 санында [5], редактор Ризаддин Фахрединовтың [7] мақаласында берілді. Р. Фахрединов автордың қайтыс болғанына жазған некрологында: 1910 жылы Қазан қаласында баспадан автордың Шығыс түріктеріне (еңбек мазмұнына дұрыс анықтама берілмеген) арналған екінші көлемді (себебі, Қ. Халидтың Китаб тарихи жарида жэдида атты 1889 жылы жарыққа шыққан бірінші еңбегі бар [6, 90 б.]) тарихы Тауарих хамса (мақалада Тауарих-и хамса-йи шарқи деп берілген) деген атаумен шықты, деп хабарлаған. Еңбекке: Книга, это если исключить отдельные элементы, относящиеся к области мифологии и суеверии, поистине прекрасный труд. В ней много весьма полезных и нигде больше не встречающихся сведений. Книга свидетельствует об учености и достоинствах автора, о чистоте и свободе его мысли и разума [5, 104 б.] деп баға берген.
Екінші рет, Қ. Халидқа және Тауарих хамсаға арнайы мақала жазған Кеңес шығыстанушысы Дж. Х. Кармышева болды. Мақала, 1971 жылы Казахстанский историк-краевед и этнограф Курбангали Халиди [5] деген атаумен жарық көрді. Дж. Х. Кармышеваның басты қозғаған мәселесі Э. Масановтың Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР [7] атты тарихнамалық еңбегінде Тауарих хамсаның назардан тыс қалуына байланысты болды.
Дж.Х. Кармышеваның мақаласы Қ. Халидтың шығармашылығы мен өміріне қатысты таныстырмалық тұрғыдан берілген алғашқы ғылыми еңбек болды. Автор, Тауарих хамса еңбегін түпнұсқа күйінде пайдаланып, мазмұнына қысқартылған түрде сипаттама берген. Сондай-ақ, Қ. Халидтың тікелей жеке өміріне қатысты біршама толық мәліметтер мен мақаланың бірінші бетінде фото суретін жариялаған. Мұндай деректердің алынған жеріне байланысты: Ряд фактов, дополняющих и уточняющих биографию этого ученого, был любезно сообщен нам тестем его внука Масуда Халиди Мухамеджан Юсуповым. Он же подарил нам сохранившуюся у него фотографию К. Халиди [5, 100 б.] деп жазған.
Сондай-ақ, Кеңес заманында еңбекке және оның авторына деген, келесі оң пікірді Е. Бекмаханов өзінің Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында [8] атты еңбегінде: Қазақстан мен Орта Азия тарихы жөнінде шығыс тілдерінде жазылған әдебиетінің ішінен Кәрі [9] - Құрбан-Әли-Қажы-Халид-оғлының (ұлы деген мағына береді) түрік-татар тілдерінде жазылған қызғылықты еңбегін айту қажет. Автордың араб, түрік және парсы тілдерінде көп-көп деректер келтіруіне қарағанда, бұл кісі шығыс елдері тарихының білгірі болса керек [9, 17 б.] деп жазады. Автор, біріншіден Тауарих хамса жөнінде айтып отыр, екіншіден мазмұнымен тікелей таныс болғанға ұқсайды, себебі берілген сипаттама еңбектің қысқаша мазмұнын жеткізіп тұр.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары еңбек, өзінің құндылығын этнографиялық тұрғыдан танытып, яғни қазақ этнографиясына арналған алғашқы зерттеулердің бірі, Х. Арғынбаевтың 1973 жылы жарық көрген Қазақ халқындағы семья және неке [10] атты еңбегінде пайдаланылған. Тарихшы-этнограф Тауарих хамсаны түпнұсқа күйінде, оның ішінде қазақ халқының ас беру салтының шығу тегі мен атқарылуына, салыстырмалы дерек ретінде кеңінен қолданған. Автор: Қ. Халид деректері бойынша, ас беру әдеті хиджраның 1300 жылынан (Х. Арғынбаев, шамамен ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басы деп көрсеткен; қазіргі жыл санау бойынша, нақты 1883 жыл) кейін арғын, алшын, найман тайпаларында жойылған көрінеді [10, 141 б.] деп, Қ. Халид ұсынған деректі тікелей ақиқат ретінде пайдаланған.
Кеңес үкіметі заманында Тауарих хамса тарихшы-зерттеушілер еңбектерінде түпнұсқа күйінде қолданылған. Еңбек алғаш рет қазақ тілінде 1992 жылы Б. Төтенаев және А. Жолдасовтардың [11] аударуларымен жарық көрді. Тауарих хамсаның қазақ тіліндегі көшірмесі еңбектің түпнұсқалық мазмұнын жойған жоқ, керісінше, өте түсінікті де, толық аударылған еңбектердің бірі болды. Алғашқыда, көшірме негізінен қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші филолог ғалымдардың зерттеулерінде жиі пайдаланылды. Мұндай еңбектерде Тауарих хамса мәліметтері салыстырмалы дерек ретінде пайдаланылып, еңбектің өзіне және авторына деген ақпараттық мәліметтер назардан тыс қалып отырды. Мысалы, 1992 ж. жарық көрген М. Мағауиннің Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет [12] атты еңбегінде, Асан Қайғы және қазақ хандығы дәуіріндегі Ақтамберді жырау, Бөгембай батыр, Бұхар жырау сынды тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты тұстарында Тауарих хамсаны пайдаланып, кейде Қ. Халид тұжырымдарына қарсы шығып отырған. Мысалы, Асан Қайғының шығу тегіне байланысты Тауарих хамсаның авторының Асан Қайғыны кім деп білесіз деген сауалына Құдабай ақын мынадай жауап қайтарыпты ... [12, 24 б.] деп, немесе Тауарих хамсаның авторы, өзі діндар Құрбанғали Асанның Қайғы аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл - халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды [12, 34 б.] деп жазған.
Сондай-ақ, екінші этнографиялық мазмұндағы, 1992 жылы жарық көрген Ш. Керімовтың Күйеу келтір, қыз ұзат [13] атты еңбегінің құда түсу, қалың мал, киіт кигізу және т.б. осы сияқты үйлену тойының атқарылуы керек элеметтеріне қатысты тұстарында Тауарих хамса кеңінен пайдаланылған. Тауарих хамсаның жоғарыда аталған этнографиялық еңбектерде жиі ұшырасуының себебі, еңбекте қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері біршама толық баяндалғанының белгісі. Сонымен қатар, осы мазмұндағы бірнеше әдеби еңбектерде [14] пайдаланылған.
1993 жылдардан бастап, яғни Тауарих хамса қазақ тіліне аударылғаннан кейін, көшірмесі көлемді зерттеулердің ішінде профессор Ж.О. Артықбаевтың 1993 жылы жарық көрген, ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік және шаруашылық-мәдени құрылымына арналған Казахское общество: традиции и инновации; 1995 жылы жарық көреген, ХVІІІ ғасырдағы қазақ елінің этникалық және әлеуметтік өмірін зерттеуге арналған Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам, ХVІІІ ғ. [15-16] атты монографиялық зерттеулерінде ішнара қолданылған.
ХХ ғ. 90-шы жылдарының орта шенінен бастап, Тауарих хамса бірнеше зерттеу жұмыстарында көрініс тапты. Көбінесе, диссертациялық зерттеу жұмыстарында пайдаланылып, дерек ретіндегі орны, нақты ашылмады. Мысалы, 90-шы жылдардың соңы қорғалған диссертациялық жұмыстарда [17-18] Тауарих хамса шежіренің жазба нұсқасын жеткізуші немесе шығыстық дәстүрде жазылған дерек ретінде көсетілген. Қ. Халидтың өзіндік тарихшы ретіндегі қызметі мен орны үстірт көрсетілген. Түптеп келгенде, мұндай кемшіліктер Тауарих хамсаның дерек ретіндегі орны мен Қ. Халидтың тарихшы ретіндегі қызметінің деректанулық талдаудан өтпеуінің салдарынан туды.
Зерттеу тақырыбының деректік негізі:
- біріншіден, ортағасырлық грек-рим, шығыс (араб, парсы, түрік, қытай) авторларының еңбектері;
- екіншіден, Патшалы Ресей империясының ғылыми зерттеу бөлімдерінің және экспедицияларының жинаған мәліметтері;
- мұрағат қорлары;
- жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек, қазақ авторларының еңбектері;
- жергілікті ақын-жырау шығармалары пайдаланылды.
Ерте ортағасырлық деректік шығармалар тобынан гот тарихшысы Иорданның ежелгі Шығыс Европа тарихынан готтар және оларға көршілес халықтар (ғұндар) жөнінде VІ ғ. жататын тарихи-географиялық, этнографиялық мәліметтері бар О происхождении и деяниях гетов [19] атты еңбегі Тауарих хамсадағы қазақ халқының ас беру рәсімінің шығу тегін көне ғұндардың ғұрыптарымен байланыстыру тұрғысынан, сондай-ақ ғұн атауына берген этимологиялық түсіндірмесін анықтау мақсатында римдік А. Марцеллиннің [20, 29 б.] жазбалары салыстыру тұрғысынан пайдаланылды.
Византиялық тарихшы Менандрдың Тарих атты жазбасында, б.з. 558-582 жж. батыс түрік қағанатында болып қайтқан византиялық елшілердің [21, 416-417 бб.], қағанат басында Тобо хан титулымен отырған Арслан хан резиденциясына барғанда көрген білгендері [22, 58 б.], яғни түріктердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен саяси, экономикалық тарихы баяндалған. Тауарих хамсада Тобо хан - Тобық хан заманы [1, 223 б.] деп орын алған. Осы замандағы тарихты анықтау тұрғысынан еңбектердегі мәліметтерге салыстыру жұмыстары жүргізілді.
Фирдоусидің Шах-наме [23] атты шығармасы көне түрік халықтарының тарихын баяндайтын еңбектердің бірі болып табылады. Еңбек парсы, кейін түрік тілдеріне көшіріліп [22, 83-84бб.], жалпы түрік топтарының шығу тегі мен қағанаттардың тарихын беретін бірнеше араб авторларының еңбектерімен салыстырылып [22, 83б], деректік құндылығы жағынан жоғары бағаланған. Сондай-ақ, еңбекке Л.Н. Гумилев: Повествование Фирдоуси сверено со многими другими источниками: Табари, Саалиби, Балами, Мирхондом, Себесом, сирийским анонимом VІІ в. и персидским анонимом Х в., блогодаря чему установлено, что ... Фирдоуси есть детали. Упущенные другими авторами, но весьма для нас важные [22, 83 б.] деген баға берген. Фирдоусидің Шах-намесімен салыстырылған ат-Табари, Мирхонд еңбектері Қ. Халидтың Тауарих хамсаны жазуда пайдаланған деректері ретінде көрсетілген. Бірақ, Қ. Халид ат-Табаридің Тарих-и-Табари, Қожа Ахмет Яссауидің Дивани-и хикмен, Жүсіп Баласағұнның Құдатқу білік, Ибн Халдунның Усулы тауарих, Мирхондтың Раузат ас-сафа, Әбілғазы Баһадүр ханның Түрік шежіресін және Ибн-Хордабек, ал-Масуди, ал-Макдиси, ал-Бируни сияқты авторлардың еңбектерін қолданғаннын айтып кеткенмен, нақты пайдаланған жерлеріне сілтеме жасамағанын ескеру керек. Аталған еңбектердің ішінде аударылып немесе жартылай аударылып, Отандық тарих айналымында пайдаланылып келгендері Қожа Ахмет Яссауидің Дивани-и хикмен, Жүсіп Баласағұнның Құдатқу білік және соңғы ортағасырларда жазылған Әбілғазы Баһадүр ханның Түрік шежіресі. Көпшілігі В.В. Бартольдтың Шығармаларынан [24, 45-108 бб.] белгілі. В.В. Бартольдтың еңбегі бүгінгі күнге дейін Кеңес үкіметі заманында және Қазақстан тарихы ғылымындағы арап-парсы авторларының ежелгі түріктер жөніндегі еңбектерін біршама толық талдаған зерттеу болып есептеледі. Ал, Кеңес үкіметі заманы мен ТМД-дағы тарих ғылымынан кеңірек қарайтын болсақ, ортағасырлық араб-парсы деректерін түпнұсқа күйінде пайдаланғандар батыс тарихшылары Дегинь, К. Брокельман, К.Э. Захау, Н. Теодор [25] және т.б. Ал, В.В. Бартольд, өз кезегінде аталған батыс тарихшыларының араб-парсы авторларының еңбектерінің негізінде жазған зерттеулерін кеңінен пайдаланған. Сонымен, Фирдусидің Шах-намесі Тауарих хамса іші берілген ежелгі Тұран ханы Афрасияб және Татар хан ұрпағы Сүйініш хан замандарын анықтау тұрғысынан пайдаланылды.
Ерте ортағасырлық араб, парсы авторларының ішінде, Қ. Халид қандай еңбектерді пайдалануы мүмкін деген сұрақпен, авторларды өмір сүрген жылдарына қарай жүйелеп тоқталатын болсақ, араб ғылымының даму кезеңінде өмір сүріп, қызмет еткен шығу тегі ирандық, шамамен 820 ж. дүниеге келген Абу-л-Касим Убейдаллах ибн Абдаллах ибн Хордадбектің Китаб ал-месалик ва-л-мемалик атты жалғыз сақталған, географиялық еңбегін (Книга путей и государств) [21, 17 б.] пайдалану мүмкін. Себебі, автор түріктерге қараған керуен жолдарының маршруттары және қыпшақ, қимақ тайпалары [21, 17 б.; 26, 51 б.] жөнінде құнды мәліметтер берген, ал Тауарих хамсада түріктер қағандарының жорық жүргізген аудандары мен қыпшақ тайпасының этногенездік тарихы біршама баяндалған. Аталған еңбекті Қ. Халид көрсеткен авторлардан ал-Макаддиси, ал-Масуди шығармаларына негіз болған.
Абу-Джафар Мухаммед ибн Джерир ат-Табари, 839 ж. Табаристанның Амул атты қаласында дүниеге келген (923 ж. қ.б.). Оның осы күнге келіп жеткен Тарих ар-русул ва-л-мулук (История пророков и царей) [27, 22 б.] атты бүкіләлемдік тарихи мәні бар еңбегінде жер бетінде адамзаттың, ежелгі басты мәдени орталықтардың және інжілдік патриархтар мен пайғамбарлардың тарихын еврейлік және христиандық аңыз деректер негізінде жазған. Рим және византия императорларының тарихын христиандық деректер негізінде, ежелгі Иран тарихын ирандық эпикалық дәстүрде баяндалған. Орта Азия және Хорасан тарихын өзіне дейін өмір сүрген Мухаммед ибн Исак (768 ж. қ.б.), ал-Вакыди (823 ж. қ.б.), Абу-л-Хасан Али ибн Мухаммед ал-Мадаини (753 ж. д.к.) [26, 22 б.] шығармалары негізінде жазған. Еңбек арабтық тарихнаманың алғаш дами бастаған кезеңдерінде жазылған, әрі өзінен кейінгі авторларға дерек болған. Әсіресі, жер бетінде адамзаттың пайда болуы жөніндегі мәліметтері, Рашид-ад-Диннің Жами ат-Тауарих, кейін Әбілғазының Түрік шежіресіне және т.б. ортағасырлық шығыс авторларының еңбектеріне негіз болуы мүмкін, ал аталған шығармалардың Тауарих хамсада қолданылғаны белгілі. Жер бетінде адамзаттың пайда болуын жер қыртысынан жаратылған Адам Атадан тарату Ш. Құдайбердіұлының айтуынша Таураттан алған шығыс авторларының ұстанатын дәстүрі. Бұл, дәстүрдің ат-Табари арқылы қалыптасуы мүмкін деген жорамалын анықтайды.
Тарихшы, әрі географ Абу-л-Хасан Али ибн ал-Хусейн ал-Масуди шығу тегі араб, Бағдатта дүниеге келген. Мурудж аз-захаб ва маадин ал-джавахир (Золотые луга и россыли самоцветов) атты жинағы және Китаб ат-тенбих ва-л-шираф (Книга наставления и убеждения) [26, 25 б.] атты еңбектері келіп жеткен. Соңғысында түріктерге қатысты құнды тарихи-этнографиялық [21, 18 б.] мәліметтер берілген. Автор еңбекті жазуда Ибн-Хордадбектің шығармасын пайдаланған [26, 25 б.] деген мәлімет бар.
Аталған авторлардың ішінде Вали ад-дин Абд ар-Рахман Абу Зайда ал-Малик ал-Хадрами ибн Халдунның (1406 ж. қ.б.), кейін 1867-1868 жж. Булакта VІІІ том болып жарық көрген, жалпы тарихи Китаб ал-ибар ва-диван ал-мубтада ва-л-хабар фи аййат ал-араб ва-л-аджам ва-л-барбар (Книга назидательных примеров и сборник подлежащего и сказуемого по части истории Арабов, иноземцев и Берберов) [25, 268 б.] атты еңбегінің V томының аудармасы пайдаланылды. Нақты, томда Алтын Орда жөнінде мәліметтер берілген. Тауарих хамсаның Алтын Орда және оның ыдырау заманына байланысты мәліметтері [27, 269-278 бб.] ибн Халдунның жазған баяндауларымен сәйкес келеме, деген тұрғыдан еңбектер аралық тексеріс жұмыстары жүргізілді.
Шыңғыс хан және оның заманы мен ұрпақтарына қатысты құнды дерек болып табылатын Рашид ад-диннің Жами ат-тауарих (Жылнамалар жинағы) [28, 39б.] атты еңбегі, Тауарих хамсаның Алтын Орда заманы және оның ыдырауына байланысты тұстарында пайдаланылды.
Әбілғазы Бахадүр ханның Түрік шежіресі [29] Қ. Халид тарапынан ежелгі, ерте ортағасырлар және ортағасырларды жазу барысында жиі пайдаланылған еңбектің бірі. Тауарих хамса мен салыстыру жұмыстары сөзбе-сөз қайталауларды, сондай-ақ айырмашылықтарды да көрсетті.
Ортағасырлық қытай деректерінің ішінде Юань ши [30, 30-42 бб.] атты деректің аудармасы, Алтын Орда хандарының генеологиялық тарихын анықтау тұрғысынан пайдаланылды. Юань ши Қытайдағы монғол билеушілерінің заманын сипаттайтын дерек. Еңбектің 1368 ж. Юань (монғол династиясы) орнына келген Минь династиясының басшысы Чжу Юань-Чжанның жарғысымен аз уақыт ішінде, яғни 1670 ж. жазылған. Еңбекте кеткен кемшіліктерді салыстыру жұмыстары негізінде көруге болады. Аудармадан үзінділер Алтын Орда хандарының генеологиясын салыстыру тұрғысынан пайдалы болды.
Патшалы Ресейдің ғылыми зерттеу бөлімдері жүргізген жұмыстарының нәтижелерінде жарық көрген мәліметтер қазақ хандығы, отаршылық заман дәуірін, этнографиялық мәліметтерді дәлелдеу тұрғысынан тиімділік танытты.
Қазақ хандығы дәуірі, оның ішінде қазақ-қалмақ жаугершілігі заманына байланысты кейбір оқиғалар ұмыт болып немесе тарихтағы орны, хронологиясы, нақты белгіленбей айтылып жүр. Кейбір оқиғалар тарихи маңыздылығына қарамастан, көлемді зерттеулер мазмұнында айтылмаған. Мәселен, қазақ-қалмақ аралық ірі саяси келісімдердің бірі Қанды жап бітімі сирек еңбектерде кездескенмен, осы аралыққа қатысты жазылған зерттеулерде келтірілмеген. Бітімнің бас аяғы Тауарих хамсада біршама толық баяндалған. Оқиға деректанулық талапқа сай, шыншылдығы сынға алынып, қосалқы деректермен талдаудан өтті. Оқиғаның болған жері ескеріліп, Семей облысы Зайсан уезі, Манрақай жеріне Б. Байбуловтың [31] жүргізген жазбалары салыстырмалық тұрғыдан пайдаланылды.
Қазақ хандығың жойылу мәселесіне, қазақ, қалмақ, башқұрт, Ресей, Қытай мемлекеттері аралық саяси жағдайларға байланысты, Абылай хан заманы мен оның төңірегінде өрбіген тарихи оқиғаларға байланысты Көтеш ақын мен Бұқар жырау шығармашылықтары [32] кеңінен пайдаланылды.
Тауарих хамсада отаршылдық дәуірдің алғашқы кезеңдері Сібір ханы Көшім хандығының құлауымен, ондағы казак басшысы Ермактың алған орнымен байланыста баяндалған. Осы оқиғадағы Ермактың атқарған саяси рөліне байланысты, Ресей тарихшылары (ХІХ-ХХ ғ. басында) екі түрлі көзқарас ұстанып, ортақ тұжырымға келе алмағаны белгілі. Осыған байланысты, Қ. Халидтың ұстанған көзқарасы ақиқатқа жақын екені дәлелденді.
Тауарих хамсада Орта жүздегі дәстүрлі хандық биліктің жойылып, аға сұлтан мансабы төңірегіндегі жағдайлар, Аягөз жеріндегі Солтабайұлы Барақ сұлтан есімін жаңғырту тұрғысынан, осы жерде қызмет еткен аға сұлтандардың есімдері сақталған ісқағаз құжаттары қосалқы дерек ретінде іске асты. Осы мәселелерге байланысты, поляк саяхатшысы А. Янушкевичтің [33] жазбалары мен қазақ ақын-жыраулары Д. Бабатайұлы мен Ж. Сағындықұлының шығармалары пайдалы болды [34-36].
Қ. Халид қазақ халқындағы отбасын құруда некелесу ішінде орындалатын дәстүрлер мен ғұрыптарды кезекпе-кезек, біршама толық баяндаған. Мәліметтер, ел іші жүріп жиылған және тікелей баяндаушы, білгір азаматтардың ақпарраттарынан құралған. Мәліметтерді дәлелдеу үшін, Ресейлік шығыстанушылары: Н.И. Гордековтың, А.А. Диваевтың, Н.М. Бекимовтың, Л. Баллюзектің, Гедин Свеннің [48] еңбектері салыстырмалық тұрғыдан қажет болды. Некелесу процессінің ішінде орындалатын қалың мал беру, киіт кигізу, жиһаз жинау сияқты дәстүрлердің орындалуында берілетін мал басы сандарының өлшемдері, аталған деректерде көрсетілген көрсеткіштермен салыстырылып, Тауарих хамсада берілген көрсеткіштердің шыншылдығын анықтайды.
ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басында қызмет еткен Ресейлік шығыстанушылардың шығармашылықтары мен еңбектері диссертация бойы жиі пайдаланылды. Әсіресе, Ресейдегі шығыстану ғылымының дамуы мен Ресей иелігіне қараған еділ татарлары, башқұрт, азербайжан, өзбек, қазақ халықтарынан шығып қызмет еткендер аралық байланыстар мен айырмашылықтарды көрсету тұрғысынан В.В. Григорьев, И.Н. Березин, В.Г. Тизенгаузен, Н.М. Ядренцев, А.Ю. Якубовский, Н.А. Аристов, Н.Н. Балкашин, Н.Ф. Катанов, А.А. Диваев, В.В. Радлов, Б.Я. Владимирцов, В.В. Бартольд, венгерлік батыс ориенталисті Г. Вамбери өмірлері мен қызметтеріне байланысты мәліметтер пайдаланылды.
Жергілікті татар, башқұр, азербайжан, өзбек, қазақ авторларының еңбектерінен Ш. Марджани, Р. Фахрутдин, К. Насыри, Г. Губайдуллин, А. Губайдуллин, А-К. Бакиханов, Ш. Құдайбердиев, М.Ж. Көпеев еңбектері пайдаланылды. Жалпы, жоғарыда аталған деректер диплом жұмысының мақсат-міндеттерін, тақырыптың мәнін ашу жолында тимділік танытып, көптеген мәселелердің басын ашуда қызмет етті.
Диплом жұмысының нысаны. Зерттеу жұмысы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген шежіреші, қазақ тарихын және түркі тілдес бірнеше туысқан халықтардың тарихы жазған Құрбанғали Халидтың өмірі мен құнды шығармасы Тауарих хамсаға тоқталады. Осы арқылы қазақ тарихының кейбір тұстарын жете түсінуге, қалпына келтіруге мүмкіндік туады.
Диплом жұмысының пәні. Диплом жұмысының тақырыбы Құрбанғали Халид және оның тарихи еңбегіне арналған.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты Тауарих хамса еңбегінің және оның авторының Қазақстан тарихы, деректануы, тарихнамасы салаларындағы алатын орнын анықтау. Сонымен қатар:
- ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы шығыстану, оны ішінде түріктану саласының батыста, негізінен Ресейде даму процессін анықтау;
- ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы түрік-татар тарихшыларының, оның ішінде Қ. Халидтың түріктану саласындағы орнын анықтау;
- Тауарих хамса Қазақстан тарихының алғашқы концептуалды нұсқасы ретіндегі орнын анықтау;
- Тауарих хамсаның Қазақстанның ежелгі және ерте ортағасырлар тарихына құнды дерек болып табылатынын;
- Тауарих хамсаның Алтын Орда және оның ыдырау салдарынан Орталық Азия аймағында қалыптасқан жағдайларға дерек болып табылатынын;
- Тауарих хамсаның қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ-қалмақ қатынастарына дерек болып табылатынын;
- Тауарих хамсаның отаршылдық дәуірге құнды деректер қорын ұсынатынын;
- Тауарих хамсада тарихи-этнографиялық деректердің орын алғанын, қазақ халқының күнтізбесіне байланысты мәліметтердің кездесетінін;
- қазақ халқының отбасы және неке мәселелеріне мәліметтердің кездесетінін;
- қазақ халқының өмір-тіршілігінде орын алған, кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге дерек болып табылатынын көрсету міндеттерінен тұрады.
Зерттеудің теориялық-методологиялық негізі. Тауарих хамсаның дерек ретіндегі құндылығын және оның мазмұнындағы мәліметтермен жұмыс жүргізуде, жалпы деректанудың, қосалқы тарихи пәндердің әдіс-тәсілдері және герменевтикалық талдау кеңінен қолданылды.
Деректанулық әдістер ішінде, ақпараттарға сын көзбен қарау, сілтемесіз берілген мәліметтер шыншылдығын анықтау үшін қолданылды. Деректерді деректанулық сыннан өткізу, жалпы Тауарих хамсаның ғылыми құндылығын көтеруге, оны өңдеуге, әдіс-тәсілдерді таңдауға пайдалы болды.
Тарихи-салыстырмалық әдіс, Тауарих хамса мазмұнындағы ақпараттарды қосалқы деректермен салыстыру мақсатында, бүкіл зерттеу жұмысы бойы қолданылды.
Сондай-ақ, еңбектің жазылу мақсатын анықтау барысында, автордың заманы мен ортасы зерттелді. Осы мәселені көтеруде объективтік принціп қағидасы Тауарих хамсаның пайда болған ортасын, ол ортаға әсер еткен ағымдардың шығу тегін қарастыруда пайдаланылды.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері. Қазақстанның ежелгі дәуірінің алғашқы адам пайда болған кезеңінен бастап б.з. ХХ ғасырына дейінгі уақыт аралығын қамтиды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысының басты жаңалығы Қ. Халидтың Тауарих хамса еңбегіне, алғаш рет деректанулық талдау жасалып, нәтижесінде Қазақстан тарихының әрбір қоғамдық кезеңдеріне, жекелеген оқиғаларға байланысты жаңа деректер реті ұсынылып, мәліметтер тексеріс жұмыстарынан өтіп, тарихтың зерттеу айналымына еніп отыр. Сондай-ақ, Тауарих хамса қазақ тарихына арналған дерек ретінде хронологиялық тұрғыдан бір жүйеге келтіріліп, Қазақстан тарихын ұсынатын еңбек ретінде танылып отыр.
Сонымен қатар, Тауарих хамсада кездесетін қосалқы деректер сараптау жұмысынан өтіп, бір жүйеге келтіріліп: қазақ халқының күнтізбесі, отбасы және некесі, кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері деп көрсетілді. Қосалқы деректер деректанулық талдау жұмыстарынан өтіп, қазақ қоғамындағы атқарған қызметтері мен маңызы сөз етілді.
Сондай-ақ, Қ. Халидтың жергілікті шығыстанушы зерттеуші ретіндегі орнын анықтау мақсатында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы аралығындағы, өзі қатарлас түрік-татар тобынан шыққан татар, башқұрт, өзбек, азербайжан жергілікті шығыстанушыларының қызметтері қарастырылды. Нәтижесінде, Қ. Халидтың сол қоғамдағы жергілікті шығыстанушы зерттеуші ретіндегі орны дәлелденді.
Зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығы. Қазақстан деректануы, Қазақстан тарихының ежелгі, ортағасырлар, жаңа заман тарихына, сонымен қатар шығыстану саласына қосымша толықтырулар беретін еңбек ретінде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1 Қазақстан тарихы елеулі толықтырулар мен өзгерту жұмыстарын қажет етеді, сондықтанда барлық деректер қорын жинақтап, алдымен деректанулық талдау жұмыстарынан өткізу міндет. Осы тұрғыдан, қазақ тарихының барлық кезеңдеріне құнды деректер ретін беретін, бірақ тұтастай деректанулық сыннан өтпеген Қ. Халидтың Тауарих хамса еңбегін тарих ғылымының айналымына, ресми түрде қосу зерттеу жұмысының басты мәселесі болып табылады.
2 ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басы аралығында түрік-татар өкілдерінен шығыстану саласында еңбек еткен тарихшылардың қызметін Ресей шығыстану мектебімен байланыстыру. Осы мақсатта, Құрбанғали Халидтың тарих ғылымы саласындағы атқарған қызметін көрсете отырып, қоғамдағы азаматтық орнын белгілеу.
3 Тауарих хамса мазмұнындағы мәліметтерді, жалпы салаларға қарай жіктеп, тарихи деректерді бөліп алып, Қазақстан тарихи кезеңдеріне орай топтастырып, дәуірлер тарихын бірегей құнды мәліметтермен толықтыру.
4 Тауарих хамса мазмұнындағы тарихи-этнографиялық мәліметтерді түрлеріне қарай жіктеп, сараптап, деректанулық талдау жұмыстарынан өткізіп, шыншылдықтарын анықтап қазақ этнографиясы, қазақтың рухани мұра, қазақтың материалдық мәдениеті, сондай-ақ тарихи антропология, этнология салаларына қатысты құнды болып табылатынын көрсету.
5 Қ. Халид сынды жергілікті, түрік-татар өкілдерінен шығып, қызмет еткен шығыстанушылардың еңбектерін Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеудегі ғылыми еңбектерде пайдалануды әдетке айналдыру.
6 Тауарих хамса еңбегін, зерттеу барысында Мәдени мұра бағдарламасының мақсат, міндеттерімен сабақсатығын көрсетіп, қарастыру.
7 Тауарих хамса еңбегінде Орталық Азия халықтарының тарихы мен этнографиясына қатысты мол деректер қорының және де аз көлемде Европа мәдениетіне де қатысты мәліметтердің кездесетінін ескеріп, осы жұмыс арқылы дүниежүзілік тарихнамадағы орнын белгілеуге жол ашу.
Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу анықтамадан, қысқартудан, кіріспеден, үш тараудан, негізгі бөлімдерден, қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімінен, қосымшалардан тұрады.

1 ҚҰРБАНҒАЛИ ХАЛИДТЫҢ ТАУАРИХ ХАМСА (БЕС ТАРИХ) ЕҢБЕГІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫ
0.1 ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы қазақ шежіресі

Ұлттық тарихнамада және тарих ойлаудың дамуын бағалауда жазба дәстүрлердің қалыптаса бастаған ХІХ соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихнамасы ерекше орын алады және аса ыждихатты көзқарасты қажет етеді. Өкінішке орай қазақ шежіресінің жазба дәстүрлерінің негізін салған таңдаулы өкілдерінің мұрасын зерттеу бағытындағы жұмыстар жаңа ғана басталып келеді. Бүгінгі күні көптеген қолжазба қорларында қазақ авторларының біздің ғылымға әлі танылмаған көптеген шығармалары жатыр, оларды ғылыми айналымға қосу және халыққа жеткізу қазіргі тарихшылардың азамтатық борышы.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихшыларының санасында қазақ тарихы фольклордық-мифтік сипатта таңбаланды. Олар көшпелілік дәстүрлерімен аңыздарымен өмір сүрді және өткенді түсінуге де осы жол бстама болды. Бұл әлеуметтік-психологиялық феномен ғылыми тарихнаға қадам басқан көптеген халықтардың басында бар дүние. Дәстүрлі тарихтанудың күшті әсері тіпті ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін жалғасты (М.Тынышбаев, М.Дулатов, Ж.Ақпаев және басқалары.)
Басқаша болуы да мүмкін емес еді. Ұлы далада бірнеше мыңжылдықтар Батыстан да, Шығыстан да ерекшеленетін тарих дәстүрлері үстемдік етті. Біздің ойымызша көшпелілерде тарихтың анық эмпиракалық суреті болған жоқ, себебі далалық тарихнаманың негізгі қағидасы идеалды моделді, мысалды, үлгіні қалыптастыру еді. Көшпелілердің мифтік-тарихи сюжеттерінде кеңістікте және уақыт нақтылы өлем бірліктері сирек. Қазақтың эпикалық ескерткіштерінде мифтік уақыт этностың біртұтас кезеңіне, қаһарлы хандар мен сайыпқыран батырлардың батырлық дәуірге айналады. Генеалогиялық аңыздарда ұлы түпкі аталар, тотемдік аталар, таңғажайып оқиғалар мен қиял ғажайып оқиғалар баяндалады. Қазақтың мифтік тарихы синкретті болды, себебі онда шынайы тарихи оқиғалардың, аңғыздық сюжеттер, мен мифтік түсініктер, философия, дін ұғымдар, ,рационалды білдім ұштасты. Шежерені білу оның иелеріне өз әлеуметтік статусын ұстауға, немесе оны биікке көтеріуге мүмкіндік берді. Олардың іші ндегі Ұлы даланың өткен тарихын жетік білетін ең көрнектілері өз тусытарының алдында керемет бедел мен құрметке ие болды.
Біз жоғарыда атап өткендей қазақ шежіресінің жазба нұсқалары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында пайда бола бастады және оның бастауында далалық элитаның жоғары білімді өкілдері тұрды.
Мысалы Шәкәрім Құдайбердіұлы Тобықты руының көсемдерінің отбасынан шықты. Оның тәрбиесіне белгің ру басы өзінің атасы Құнанбай тәрбиесінде болды, шығармашылығына және тұлға болып қалыптасуына немере ағасы Абай Құнанбаев ат салысты. Құрбанғали Халид өз заманындағы аса білімді әулеттің от басында өсті және бала кезінен белгілі дінтаушылар, саяхатшылар мен саудагерлердің араласты. Шежірелік білімді ол Найман тайпасының шежірешілері нен үйренді. Шежіренің тағы бір білгірі Нұржан Наушабаев қазақ шежіресінің білгірі, ақын, көсем сөз иесі Шал Құлекеның жиен немересі болды.Кезінде Ш.Уәлиханов Шал өзінің жырында қазақтың шығу тегіне қатысты бүкіл аңыздарды жинақтап қазақ хандарының, ру басыларының, Алаштан тараған тайпалардың толық шығу тегін жасаған еді...біздің қолымызда бұл эпос жоқ болып тұр... деп өкінішпен жазған еді [38]
М.Ж.Көпейұлының өскен өртасы да аса қолайлы болды. Оның қабілетін бала жасында дала элитасының таңдаулы өкілдерінің бірі Мұса Шорманұлы байқады. Бұдан әрі М.Ж.Көпейұлы даланың атақты адамдарының тарапынан қашанда қолдау көріп отырды.
Қоғамдық өмірде осы дәуірдің өзге де тарихшыларының аты аз белгіл болы деп айтуға болмайды. Бұл кзеңде Батыс Қазақстан өңірінен ноғайды дәуірінен басталып қазақтың ру-тайпаық сюжеттеріне дейінгі қамтьығывн шеджіре жазған Мақаш әкім Бекмухамедов аты белгілі. Шығыстанушылар арасында Ұлы жүздің Диқанбай батыры жазған шежіре кең қолданыста болды. Қазақтың ру - тайпалық құрамы туралы алғашқы толымды еңбьек жазған адамдардың бірі Н.А.Аристов Диқанбай шежіресіне көп сүйенеді: Қазақ ішінде осындай насаб-намалар жазба түрінде де сирек кездеспейді. Бір жолы менің қолыма осындай насаб-нама сауатты адамдардың өздері құрастыратын, арасында дұғалар, Темір мен Шыңғыс хан туралы романтикалық аңыздар, батырлар туралы ертегілер мен жұмбақтар т.б. бар қолжазба жинақтың ішінен ұшырасты. Бұл насаб-намалар көп және әр рудың тарихына, далының әр жерінің жағдайына байланысты бір бірінен айырмашылықтары да бар. Бұл жерде мен 1876 жылы қайтыс болған ботпай руының биі Диқанбай батырдың жасаған насаб-намасын келтіремін... [39].
Г.Н.Потанин өзінің Естеліктерінде атап көрсеткендей ХІХ ғасырдың 50 жылдарында Диқанбай батыр Іле бойы қазақтарының басшыларының бірі ретінде орыстарды қару ұстап немесе құшақ жая қарсы аламыз ба деген мәселені жауап берді. Диқанбай өзінің жақстастарымен бірге осы мәселенің бейбіт шешілуіне мүдделі болды. Оны қазақтар еркелете-құрметтей Дикеке деп атаушы еді деп жазады Г.Н.Потанин [40].
Біздің ойымызша осы аталған шежірешердің ішінде ресейлік (батыстық) мектептің әсер күшті сіңіргені Ш.Кұдайбердіұлының Түрік, қырғыз - қазақ һәм ханлар шежіресі еңбегі. Бұл еңбек Шежіре аталғанымен де оның ішінде қазақ атауының орнына - қырғыз-қазақ атауының өзі де ресейлыік тарихнаманың сол кездегі қабылданған ережелеріне сәйкес жасалды деп айтуға мүмкіндік береді.
Шәкәрім қазақтың аызша дәстүріне материалдарына аса сенімділік білдіре қоймай, нумизматикалық, жазба еңбектерді, эпитафия мен таңғбаларды көбірек пайдалануды ұсынады. Онан соңғы шежірелер біреуден біреу естіп жүрген ертегі сықылды сөздерден шыққан. Оның ішінде кейбіреу білімді атану үшін, кейбіреу жақсы атаның нәсілі болмаққа, кейбіреу жаңылыс ұққаннан өтірік яки қата айтылғаны көп бо ысалы, біздің қазақтың Ғақаша Сахабаның нәсіліміз дегені сықылды сөздер. Бергі заманда шыққан білімділер сол ертегі сықылды сөздердің қисынына қарап, кісілерінің, жерлерінің атының мағынасына қарап және онан беріректегі халықтың жайын әзірлеген. Ескі заманда патшалы болған халықтардың ескі жазулары, ақша-теңгедегі жазу һәм моланың басына қойған тастағы жазулардан қарап біліп және сөйлеген сөз, әдет-ғұрып, таңба белгілерінің ретіне қарап қай ел қай елмен тұқымдас, қай уақытта қай жерде жүргенін, кім деген ел атанып, қай ханға қарағанын анықтап тапқан соң бұрынғы ертегі сықылды сөздердің көбі қата екені мағұлым болған дейді тарихшы [41].
Бірақ авторға қазақтың ұлттық тарихының ертегі сықылды сюжеттерінен біржолата алыстау мүмкін болған жоқ. Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресі басынан бастап аяғына дейін біз Шәкәрім шежіресіне ұлттық калорит пен ерекшелік беретін қазақтың аңыздары мен әңгімелерін кездестіріз. Бұдан да әрі анықтай айтсақ қазақ материалдары кітаптың ең құнды бөлігін құүрайды. Соның ішінде қазақ хандығыынң құрылуына қатысты арғындар мен қыпшақтар арасындағы оқиға, қазақ-қалмақ соғыстары, Абылай бейнесі және оның сепаратистік ауандағы ру басшыларымен күресі.
Шәкәрім Шежіресіндегі бір жаңалық еуразия көшпелілерінің тарихын кезең-кезеңімен жазуға мүмкіндік берген еуропалық бір түзу бойындағы жылсанаудың қолданылуы. Шәкәрім еңбектерінде іске асқан тарихи материалдарды жүйелеу тәжірибесі одан кейінгі тарихшылар мен ізбасарларына да (М. Тынышбаев, С. Асфендияров, С. Сейфуллин и др.) жақсы үлгі болды.
Осылайша қазақ тарихнамасында дәстүрлі ауызша тарихтануды Батыстың тарихнамалық дәстүрімен ұштастырған жаңа бағыт дүниеге келді. Бірақ бұл бағыттың алғашқы үлгісін жасаған Шәкәрім Шежіресінің бірнеше кемшіліктерін атап өткен жөн. Алдымен көзге түсетіні кітап мәтініне Н.А. Аристова, В.В. Радлова, Орталық Азия тарихының көне және ортағасырлық кезеңдеріне қатысты жазлыған еңбектерінің тұтас тарауларынынң еніп кетуі. Кей жағдайда Шәкәрім Ресей материалдарын мұсылман зерттеушілерінің еңбектерімен салыстыра қарайды. Екіншіден тарихшы қазақтың аңыздары мен мифтік сюжеттерінің бір қатарына теріс көзқараста болды. Солардың ішінде автор Алаша ханға арналған қазақтың тарихи аңыздарының тұтас циклын ойдан шығарылған ертегі сықылды сөз деп маңызын ескермеді: Кіші жүз қазағының ертегі сықылды сөзі: Алашы хан деген хан тұсында алапес бала туса, далаға апарып тастапты. Бір күні өзінің де бір қатыны алапес бала тапқан соң, оны да шешесінің қасына қырық қыз қосып апарып тастап, қырғыздар (қазақтар - Ж.А.) сонан тарапты. Алшын сол нәсілден дейді. Мүнысы өтірік [41, 52 б.]. Шәкәрімнің осы сияқты қателіктері туралы оның замандасы М.Ж,Көпейұлы да сынға алды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихшыларының құдіретті тобының талантты өкілінінң бірі Құрбанғали Халид. Ол 1846 жылы Аягөз қласында шала-қазақ ішінен шыққан ірі көпестің отбасында дүниеге келді. Ол жергілікті медреседе оқып жүрген кезінде-ақ өзінің ерекше зерек қабілеттерімен көзге түсті. Кәмелетке толған жасында Құрбанғали бірнеше тілді жетік біліп, Құранды жатқа оқитын дәрежеге жетті. Кейіннен осы жас кезінде жинақталған білім оған Шәуешек қаласында ірі мешіттерінің бірінде имам және қаланың мұсылман бөлігінің қазиы қызметін атқаруға мүмкіндік берді.
Құрбанғалидың тарихи еңбектерінің ішінен бізге белгілері 1889 жарияланған Тарих - и джарида - йи джадида (Жаңа тарихи жазбалар) және Таварих - и хамсе - йи шархи (Шығыстың бес елінің тарихы). Соңғы кітап Казани в 1910 жылы жарияланды да революцияға дейінгі кезеңде қызмет атқарған тарихшылар арасында өте беллгілі болды. Құрбанғали Халид кітабында бірнеше қызықты мәтінге М.Ж. Көпеевте сілтеме жасады (бұл әсіресе қазақ жүздерінің құрылу тарихына, қазақтың ру-тайпалық құрылымы мен жол тәртібіне қатысты).
К. Халидтың өзінің жазбаларына қарағанда Тауарих хамса тарихи-этнографиялық деректердің жинағы болуы керек еді. Бірақ тарихи материалды жинақтау және жүйелеу барысында автор негізгі тақырыптарға тереңдеп, тарихи-этнографиялық материалдарды тәпсірлеуге бел шешіп кірісіп кетеді. Таң қалдыратыны автордың зияткерлік көкжиегі мен көтерілген мәселелерге байланысты қолданылатын зерттеушілік әдістері. Қазақ тарихына арналған тарауының кіріспесінде (бұл бөлімде Қазақтың хал-ахуалдары, Қазақ атауының деректері, Қазақ бабасы т.б. бірнеше тараулар бар) Құрбанғали оқырманға осы кітапты жазуға жетеелеген себептерді жария қылады: Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен, мен бар-күш-қайратымды жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт бұл тарихқа қатысты ақпарлар мен жазба деректерді жинап, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде
«Жәми ат-тауарих» шығармасындағы Орта және Кіші жүз негізін құраған ХІ-ХІІІ ғғ. түркі тайпаларының тарихы
ҚАЗАҚ РУ - ТАЙПАЛАРЫНЫҢ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ - МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МƏСЕЛЕЛЕРІ
Асан қайғының шығармаларының зерттелуі
Қазақ қоғамның әлеуметтік құрылымы
Шежірелердің Қазақстан тарихындағы деректік орнын көрсету
ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫМЫ (ХV ғасырдың ортасы ХІХ ғасырдың соңы)
Түркі халықтарының күнтізбесі, астрономиялық ілім-білімдері
Кузеевтің шежіретануға қосқан үлесі
Қазақ хандығының құрылуы және оның маңызы
Пәндер