Қарағанды облысындағы музей ісінің қалыптасуы


Қарағанды облысы музейлерінің: қалыптасуы және даму тарихы
Жоспар
1. Қарағанды облысындағы музей ісінің қалыптасуы
1. 1 Өлкедегі алғашқы музейлердің құрылуы
1. 2 Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі ашылған музейлер
2.
2. 1 Музейдегі ғылыми-зерттеу жұмысының ұйымдастырылуы
2. 2 Музейлер жұмысындағы өзгерістер және оның ерекшеліктері
2. 3 «Музей педагогикасы» пәні: бағдарламасы, мазмұны, нәтижелері.
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі:
Музей - тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Кеңестік кезеңде музейлер тек коммунистік идеологияның басты қаруы болып, экскурсия жүргізумен ғана шектелсе, қазіргі таңда музейлердің даму динамикасы да қоғамдық, ғылыми тарихи-мәдени процестерден қалып қоймай, үнемі үздіксіз жетіліп отыруы қажеттілігін көрсетті. Осы ретте қанша ескерткіштер ашылып, тарихымыз жаңа, тың деректермен толыға түскенмен, оларды музей экспозициясында көрсету, яғни, деректің тарихи маңызында жоғалтпай, дизайндік шеберлікті де ұштастыра отырып, халық назарына ұсыну мәселесі кемшін түсіп жатқаны да жасырын емес. Тағы бір ескеретін жайт қазіргі музейлердің сол ескі кеңестік қағидадан шыға алмай келе жатқаны.
Музейлерді зерттеу тақырыбының өзектілігі олардың мәдени мұраны сақтаудағы, білім берудегі, әлеуметтік саладағы, экономикадағы және тұрақты дамудағы көп қырлы рөлін зерттеу қажеттілігінде жатыр. Бұл зерттеу мұражайлардың болашақтың маңызды мәдени және білім беру мекемелері болып қалуына мүмкіндік беретін инновациялық тәжірибелер мен стратегияларды дамытуға ықпал етуі мүмкін.
Қарағанды облысы музейлерінің қалыптасуы және даму тарихы атты ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі аспектілерінің бірі тақырыптан ғылыми тұрғыда ауытқымай мемлекеттік идеология шеңберінде біріншіден облыс музейлерінің құрылу тарихын, осы уақыт ішіндегі атқарған жұмысын кешенді түрде зерттеу, екіншіден музей жұмыс арттырудың жолдарын ұсыну. Ол үшін Қарағанды облысы музейлерінің қалыптасу тарихы мен дамуын зерттей отырып, әр кезеңдегі музейлік проблемаларды анықтап, оны болашақта болдырмас үшін концепциялар жасау.
Диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттері : Қарағанды облысы музейлерінің қалыптасу тарихы мен дамуын кешенді түрде зертттеу.
Зерттеу нысаны: Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қарамағындағы мемлекеттік музейлер.
Зерттеу пәні:
Диссертациялық зерттеудің әдістері:
Музейлердің қалыптасуы мен дамуы аса маңызды мәселе болып табылады. Осы мәселе бойынша, мониторингтік жұмыстарын және сауалнама жүргізу. Қосымша анализдер мен анықтамалар қолдану. Облыс музейлері бойынша барлық материалдарды жинақтау, салыстыру , талдау.
Зерттеу жұмысының жаңашылдығы: Қарағанды облысы музейлерінің қалыптасу тарихы мен дамуын ғылыми тұрғыдан зерттеу осы уақытқа дейін белгісіз болып келген көптеген тың мәліметтер береді. Себебі зерттеу барысында музейлердің экспозицияларының тақырыптық-экспозиялық жоспарының қалай жасалғандығы анықталады, орналасқан ғимаратының заманауи талапқа сәйкестігі көрінеді, мамандардың біліктілігі ескеріледі. Бұл мәселелер материалдарды жинау және сараптау кезінде қаралуы тиіс. Музейлердің қоғамнан алатын орнын анықтау басты жаңалықтардың бірі болып табылады.
Музей - мәдени-тарихи құндылықтарды сақтайтын, жәдігерлер арқылы мәліметтерді жинақтап ата-бабамыздан қалған мұраларды зерделеп өскелең ұрпаққа мирас етiп қалдыратын, ескерткіштер арқылы білім беретiн, көп қырлы әлеуметтiк ақпараттар институты. Музейлер біздің ата-бабаларымыздан археологиялық бірегей ескерткіштер, ежелгі қоныстар, қалалар мен қорғандардың көптеген қалдықтары түрінде бізге жеткен материалдық және рухани мәдениетіміздің бай мұрасын басты сақтаушылар және насихаттаушылар болып табылады. Мәдениеттің ең маңызды элементі ретінде музейлерді дамыту заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады.
Мемлекетiмiз тәуелсіздік алғалы халқымыздың тарихын, мәдениетiн музей арқылы жаңа қырынан зерттейтін мүмкіндіктер туды. Тарихымызды қайта қарап оны экспозицияда жаңа тұрғыда көрсету, насихаттау музей саласына жана серпiлiстер әкелдi. Археологиялык және этнографиялык экспедициялардың жұмысы жанданып музей жәдігерлерi жаңа құнды тарихи деректермен толықтырылуда. Ол ұлтымыздың әлi де зерттелмеген тарихын ашуға мүмкіндік береді деген сөз.
Бүгінгі таңда музейлер қоғамдық және мәдени қайшылықтарды теңестіреді және тұрақтылық қалыптастырады. Сонымен қатар, келушілерге музейден тыс жерде алуға болмайтын ерекше атмосфера мен тәжірибе береді. Музеймен аймақтық өмір сүру тәсілдері өзгеруде. Өмір сүру жағдайларының, дүниетанымының өзгеруімен анықталады. Қазақстан тарихының өзіндік мәдени іздері бар. Олар туралы естеліктер музей кеңістігінде көрініс тапқан.
Бағытына, қор жұмысы мен нақты міндеттеріне байланысты музейлерді тарихи, этнографиялық, өлкетану және тағы басқа да түрлерге бөлуге болады.
Тарихи-өлкетану музейлер көне заманнан бүгінгі күнге дейін жеткен мәдени ескерткіштерді жинақтайды, сақтайды, зерттейді және экспозициялар мен көрмелерге қояды.
Өнер музейлері мүсін, кескіндеме, графика және т. б. туындыларын сақтайды және халыққа ұсынады.
Мемориалдық музейлер көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлердің, ғылым мен техника, өнер және әдебиет саласындағы көрнекті адамдардың өмірі мен қызметіне, маңызды тарихи оқиғаларға қатысты материалдарды сақтайды және көрмелерге, экспозицияларға қояды.
Музейдің негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
- тарихи-мәдени мұраның сақталуын және мұрагерлікті қамтамасыз ету;
- облыста тұратын қазақ халқының, барлық ұлттар мен ұлыстардың тарихи-мәдени мұрасын анықтау, зерттеу және насихаттау;
- музейлерді танымал ету, оны ғылыми және мәдени орталыққа айналдыру.
Музейлер қызметтік мазмұнына қарай әрі ғылыми-зерттеу әрі ғылыми-ағарту мекемелері болып табылады.
Ғылыми-зерттеу мекемелері ретінде музейлер мәдени ескерткіштерді жинақтайды, зерттейді және сақтайды.
Ғылыми-ағарту мекемелері ретінде музейлер өздерінің зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ғылыми - ағарту қызметінде - экспозицияларында және арнайы ғылыми басылымдарында пайдаланады.
Музейлер жұмысында ғылым мен техниканың жетістіктерін, қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық өзгерістерді және т. б. музей экспозициялары арқылы насихаттау маңызды орын алады.
Қарағанды облысы осы күнге дейін Қазақстанның ең ірі аймақтарының бірі болып келеді. Оның тарихи маңызы, экономикалық жағдайымен және ресурстармен байланысты. Ол құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін қарқынды даму үстінде. Облыс аумағы өзгермелі шекаралар мен атауларға қарамастан, Қазақстан және әлем деңгейінде материалдық және рухани мұралардың бірегей ескерткіштері шоғырланған мәдени кеңістік ретінде қалыптасты.
Айтылған пікірлердің дәлелі ретінде, біз келесі мәселелерге тоқталамыз. Біріншіден, ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін Қарағанды облысының аумағы бірегей саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени бірлестік ретінде қалыптасты.
Екіншіден, бұл аймақ тарихи-мәдени мұраға бай болғандықтан, оның дамуында музейлер үлкен рөл ойнайды. Аймақтағы музейлер ісінің қалыптасуы мен даму тарихын қарастыра отырып, әлеуметтік-мәдени бағыттағы заманауи музей жобаларының мазмұны мен нысандарын, жергілікті мұраны ұсыну, қорғау және насихаттау мәселесіне назар аудару керек .
Қарағанды облысы музейлерінің негізгі қызметі халықты, ең алдымен өскелең ұрпақты отандық мәдениеттің озық үлгілерінде азаматтық пен патриотизмге, эстетикалық тәрбиелеуге бағытталған.
Жалпы алғанда Қарағанды облысында 77 музей бар. Облыста кәсіпорындарда, жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде және т. б. қоғамдық негізде 64 музей жұмыс істейді.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қарамағында әр түрлі бейіндегі мемлекеттік музейлер саны 13: тарихи-өлкетану, археологиялық-этнографиялық, бейнелеу өнері, әдеби-мемориалдық және филиал ретінде 5 музей жұмыс істейді. 2024 жылғы 1 қаңтардағы есепке сәйкес облыстың мемлекеттік муейлерінің қорындағы экспонаттардың саны 305056 болды.
Тарихи процесс күрделі құбылыс, мұнда әрбір нақты оқиғаның өзінің тарихы болады, яғни бір емес, бірнеше бастауы бар және олардың қайсысын бірінші деп санауға болатынын анықтау қиын.
Ал, шын мәнінде біз «Қазақстандағы музей қызметі» қай кезден бастау алды деп санаймыз? Қазіргі таңдағы еліміздің ірі музейі - Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейінің (ҚР МОМ) қор жинақтарын құрап тұрған 1831 жылы Орынбор қаласында құрылған (ҚАССР-нің бірінші астанасы) музейді, немесе 1929 жыл - астана Алматыға көшкеннен кейін Қазақ Ұлттық музейінің құрылуы ресми түрде жарияланған кезді ме? әлде 1827 жылы Жәңгір ханның «Қару-жарақ бөлмесі» деп аталатын алғашқы музей жинақтарын айтамыз ба?
Қазақстандағы музей ісінің даму тарихын кезеңдеу Ресей империясының құрамына кіргеннен кейін қазақ қоғамы ұшыраған жаңғырту үдерісімен тығыз байланысты. Барлық жағынан бұл қазақ қоғамы қиын және ауыр дағдарысты бастан өткерген өтпелі кезең болды. Қазақстан Ресейдің отары ретінде әлеуметтік-экономикалық өзгерістерден тыс қала алмады. Ресейге бағыну саяси тәуелсіздіктен айырылу ғана емес, сонымен бірге, жаңа мәдени формаларды қабылдауды білдірді, әрине оның ішінде музей ісі болды.
Кеңес өкіметі орнаған кезде Қазақстан жерінде төрт ірі музей Орынбор (1831), Орал (1859), Жетісу (1898), Семей (1883) өз жұмыстарын жалғастырды. Алдында екі рет құлдырауды басынан кешірген Орынбор губерниялық музейін 1919 жылы көктемінде атаман Дутовтың әскері талқандап, құнды заттарын талан-таражға салды. 1919 жылдың наурызында Семей Кеңестерінің съезі шешімімен Семей тарихи-өлкетану музейі Орыс жағрафиялық бөлімшесінен алынып, Семей халық ағарту бөлімінің құзырына берілді. Орал тарихи-өлкетану музейінің жұмысы қайта жанданып, тарихи-өлкетану бағытында өз қызметін жалғастырды. 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариаты құрылып, оған басшылық ету белгілі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновқа жүктелді. Ағарту саласын басқару елде болып жатқан өте келеңсіз жағдайлармен тұс келгенімен, А. Байтұрсынов мәдени-ағарту саласында қордаланған мәселелерді шешуге тырысып, қазақ зиялыларын комиссариат жұмысына тартты. Мысалы, ғылым, білім, ағарту саласында маңызды мәселелерді талқылау барысында Е. Омаров, С. Сәдуақасов, Ә. Бөкейханов, Х. Болғанбаев, Т. Шонанов, Ж. Аймауытов сынды азаматтар болған. 1921 жылы 18 қаңтарда бірінші Бүкіл қазақстандық конференцияда республиканың халық ағарту жұмысының өзекті мәселелері қаралды. «Қырғыз (Қазақ) АКСР-сы Халық Ағарту Комиссариаты мен оның жергілікті халық ағарту бөлімдері туралы Ереже» бойынша оның құрамына бас архив және бас музей басқармалары енді. Республикада музей ісін ұйымдастыру және дамыту бағытындағы үкімет шаралары нәтижесіз қалған жоқ. Біртіндеп музейлер ашыла бастады. [1, 29 б. ]
Қарағанды облысында 1932-1991 жылдар аралығында 11 музей өз жұмысын бастаған.
Қарағанды облысында музей ісінің қалыптасу тарихы облыстың құрылу тарихымен сабақтас болып келеді. Себебі Қарағанды облысы БОАК-тің қаулысымен 1932 жылдың 20 наурызында құрылған болатын. Дәл сол жылы өлкеде алғашқы музей - облыстық музей құрылды.
Алғашқы музейдің құрылу тарихына тоқталмас бұрын музейлер тікелей бағынатын Қарағанды облысының мәдениет жүйесінің қалыптасу тарихына тоқталайық. Қарағанды облысының мәдениет жүйесінің қалыптасу тарихы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Осы кезеңде мәдениеттің құрылуы және мәдениет саласын басқару мәселелері 1920 жылы қазанда республиканың басқа да билік органдарымен бірге құрылған Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының құзырында болды. Ол республиканың ірі Халық комиссариаттарының бірі болып саналды. Білім беру мәселелерінен басқа, Халық Комиссариатының міндеттерінің тізіміне баспа ісінің жұмысын ұйымдастыру, музей құрылысы, өнер мекемелерінің қызметі, сондай-ақ мәдени-ағарту саласы үшін кадрлар даярлау кірді. Оған барлық оқу орындар, театр және өнер, ғылым және баспа ісі бағынып, республиканың мәдени-ағартушылық өмірінде маңызды рөл атқарды. Алғашқы басшылардың, оның ішінде бірінші Халық ағарту комиссары А. Байтұрсыновтың белсенді жұмысының арқасында республиканың барлық жерінде жаңа мектептер, оқу үйлері, педагогикалық курстар, сондай-ақ театрлар, кітапханалар, музейлер ашыла бастады. [11, 32 б. ]
ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Қарағанды облысының әлеуметтік-мәдени өмірінің маңызды құрамдас бөлігі театрлар, музейлер, мәдениет үйі, кітапханалар сынды шығармашылық ұжымдардың ашылуы мен құрылуы болды.
Қарағандыда алғашқы музейлер ХХ ғасырдың 30-жылдарында пайда болды. Қарағанды облысында музейлердің құрылу бастауында Р. Бекметов пен Л. Ф. Семенов тұр. 1932 жылы 26 қазанда Алматыда Қазақ АССР Ориалық музейінің ықпалымен шақырылған өлкетанулық конференция өтті. Конеренция жұмысына өлкетану ұйымдарының өкілдері, облылыстық, аудандық музейлердің қызметкерлері қатысты. Конференцияда жергілікті музей қызметкерлері Т. И. Шпотаның, В. И. Тишкованың, А. А. Адриановтың, Рафик Бекметовтың баяндамалары тыңдалды. «1932 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Орталық музейінің қызметкері Рафик Бекметов 3 айлық курсты аяқтағаннан кейін Қарағандыға политехникалық музейді ұйымдастыру үшін жіберілді» - деп Семенов өзінің «Вехи культурной жизни Караганды» еңбегінде жазады. РКФСР Көмір өнеркәсібі халық комиссариатының 1932 жылғы 11 ақпандағы бұйрығына сәйкес 1932 жылы 7 қарашада мектептік бейіндегі Политехникалық музей ашылды. Музейге Ескі қаладағы Шмидт көшесіндегі саманнан ғимарат бөлінді. Музейдің алғашқы басшысы Р. Бекметов болды. Музейді Мәскеу қаласының орталық политехникалық музейі мен халыққа білім беру музейі өз қарамақтарына алып, негізінен мектептерді политехникаландыру, мектептің өндірістік шеберханалары мен зертханаларының мазмұны мен әдістемесі бойынша безендірілген стендтер жіберді. Музей экспозициясы үшін қарапайым басқару элементтері бар шахтаның моделі жасалды - тұтқаны бұрасаңыз, забойшы көмірді қайламен ұра бастаса, вагондар қозғалады, тауға көтеріледі, қисаяды. Жергілікті суретші фанераға жаңа көмір бассейнінің бірнеше шахталарының суретін салды. Музей халықпен жаппай жұмыс жүргізе бастады. [МФ. Дф. 56 а ]
Бірақ Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, жаңа экономикалық саясат, жаппай ұжымдастыру, ашаршылық сынды бірнеше себептерге және кеңестік идеологиялық қысым байланысты музей өзіне тиісті беделді құра алмады, ары қарай жұмыс істеу құқығын жасай алмады. Музей бірнеше рет үй-жайдан үй-жайға ауыстырылды, соңында оның шағын мүлкі мен экспонаттары алдымен Пришахтинск ауылында саман ғимаратта, содан кейін бір жарым жыл бойы Жаңа Тихоновкада жатты. (1 сурет)
1936 жылы Қарағанды қаласы облыс орталығы болады. 1937 жылы Қарағанды жеріне белгілі өлкетанушы, музейолог, музей саласында тәжірибесі мол Л. Ф. Семенов қоныс аударады. Л. Ф. Семенов 1901 жылдың 14 сәуірінде Ақмолада приказчик Семенов Федор Тимофеевичтің отбасында дүниеге келген. Осы қалада үш класстық приходск училищесін оқып, 1912-1918 жылдар аралығында Петропавл қаласындағы училищені тәмамдаған. 1921 жылдан Сібірдегі №29-шы атқыштар дивизиясының кітапхана полкін басқарып, осы жылы Ақмола уездік халық ағарту бөлімінің кітапхана ісі инспекторы болып қызмет атқарады. 1922 жылы Халық үйі мекемесіндегі қалалық кітапхана меңгерушісі болған . 1923 жылы 1 мамырда Л. Ф. Семеновтың ықпалымен Ақмола уездік музейі ашылды. Осы жылдар аралығында Леонид Федорович музей ісі жұмыстарымен айналысады. 1925-1926 жылдары Петропавлда халық ағарту үйіндегі кітапхана жұмысшылары клубын ашады. 1927 жылы Л. Семенов Ақмолаға оралып кітапхана және музей ісімен қайта айналысады. Қазақ халқының бай мәдениеті мен тұрмысын зерттеу мақсатында музейде қызмет жасай жүріп Ақмола төңірегіндегі тарихи ескерткіштерді зерттеу мақсатында 1927 жылдың 11 маусымы мен 28-ші шілде аралығында экспедиция ұйымдастырады. Көп жылдық тәжирбесінің арқасында Қарағандыға келіп музей ісін қолға алып, 1937 жылы өлкетану музейін құрады. 1937 жылдың 15 қарашасында Қарағанды музейінің директоры болып тағайындалады. Музейге үлкен Михайловкада балалар үйі үшін салынған, құрылысы аяқталмаған бір қабатты ғимарат берілді. Облыстық халық ағарту бөлімі музейді қамтамасыз етуді 1937 жылдың сметасына енгізеді. 1938 жылы музейге облыстық мәртебесі берілді. Музейді ұйымдастыруда Жаңа Тихоновкада жатқан қолдануға келетін аз ғана нәрсе тасымалданып, музейдің экспозициясына орналастырылды. Ақмола музейі қазақ халқының тұрмыстық киімдерін, жайнамаз, сауыт, Қарағанды облысы территориясынан табылған жануарлар сүйектерін беріп көмек көрсетті.
1938 жылы 8 наурызда Қарағанды облыстық өлкетану музейі ресми түрде ашылады. (2 сурет) Ашылған уақытта музей 200 шаршы метр аумақты алып жатқан 3 залдан тұрды: табиғат, тарих және Кеңестік кезең. 120 орындық көрермен залы болды, онда музей қызметінің алғашқы жылдарында түрлі жиналыстар, дәрістер, киносеанстар өткізілді, сол кезде музейде жіңішке таспалы дыбыссыз киноқондырғылар болды. Директордың кабинеті мен кітапхана шағын бөлмеде орналасты. Ғимарат пеш арқылы жылытылды. Музей ашылғаннан кейін Л. Ф. Семенов орталық музейлердің жұмыс барысымен танысу мақсатында Мәскеу-Ленинградка ғылыми іссапарға жіберілді.
Ғимараттың сол жағында музеймен бірге бір мезгілде құрылған облыстық кітапхана орналасты. Онда 3 үлкен бөлме және 3 кіші бөлме болды және оның да кеңсе және кітапхана директорының кабинеті шағын бөлмеде орналасты. Музей кітапханаға терезе перделерін және дәлізге 3 метрлік төсеніш бөліп көмектесті. Кітапхана музей ғимаратында 1944 жылы Жаңа қалаға Ленин көшесіне көшірілгенге дейін болды. 9 жыл бойы музей мен кітапхана қызметкерлері тығыз байланыста жұмыс істеді, жаппай бұқаралық жұмыс жүргізді, ал музей ғимараты Үлкен Михайловкадағы қайнаған жұмыс орталығы болды. 1938 жылғы есепке сәйкес музейді қамтамасыз ету үшін 43600 рубль бөлінген. [МФ. Дф. 56 а ]
Музей жұмысындағы басты назар оны құру кезеңіндегі екі ең маңызды қызмет түріне - коллекцияны қалыптастыру мен мәдени-ағартушылық қызметке аударылды. Музейдің ғылыми-зерттеу жұмысы облыстың табиғаты, тарихы және социалистік құрылысы бойынша материалдар мен экспонаттарды жинау және өңдеуден тұрды. Қазып алынған жануарлардың сүйектері, көне ескерткіштер мен мәдениеттің таралуы бойынша екі картасы жасалып, облыстың геологиялық картасын жасауға материалдар іріктелді.
Музейдің экспонаттарын жинау бойынша алғашқы экспедиция 1938 жылы өтті. Бір атты арба үстіне арнайы кабина жабдықтаған экспедиция бағдарламасында қазақ халқы арасында екі тілде материалдар жинау, экспонаттар мен қазақтың тұрмыстық заттарын алу бойынша жаппай жұмыс жүргізілді.
1938 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау өтті. Музей қызметкерлері Қарағанды округінің 1 сайлау учаскесінің сайлаушыларына қызмет көрсетті. Музей қызметкерлерінен үгіт бригадасы құрылды. Музей қызметкерлері диапозитивтерді көрсете отырып, әртүрлі тақырыптарға 14 баяндама оқыды. Қарағанды сайлау округінің 7 сайлау учаскесінде 1116 адам қамтылды. Көрмелер жасалып, көрсетілді . «Қазақстан» кинотеатрында Амангелді картинасы жүріп жатқан уақытта, музей фойеге жергілікті материалдардан жинақталған «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» көрмесін құрды. Ұжым болып патефон тыңдады. Музей бір жарым ай бойы екі ауысымда таңғы 9-дан кешкі 11-ге дейін жұмыс істеді. 1938 жылы музей 10 стационарлық және жылжымалы көрме ұйымдастырды, 58 экскурсия, 21 түрлі баяндама, 5 киносеанс өткізді. 1938 жылдың ішінде музей 41868 адамға қызмет көрсетті.
1939 жылы музейге Қарағанды облысының оңтүстік аудандарын зерттеу барысында №4 орта мектептің геологиялық отрядының жазғы жұмысының нәтижесінде табылған 200-ден астам тау жыныстары үлгілерінің коллекциясын тапсырды. Музей кеңестік кезеңдегі бірқатар экспонаттармен толықты, олардың ішіндегі ең құндысы - еңбекшілер депутаттары қалалық Кеңес атқару комитеті музеге өткізген құны 40 мың рубльден асатын Қарағандының Жаңа қаласының макеті болды.
1940 жылы музей экспедициясы профессор С. В. Киселевтың басшылығымен Қарқаралы ауданы Бесоба мекенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстар барысында геометриялық өрнектері бар қырлы құмыра тәрізді ыдыстар, қола ойық білезіктер, сүйектен жасалған біз, паста моншақтары, бұрғыланған қабыршақтар, тістер, сондай-ақ адам мен үй жануарларының сүйектері сияқты Андронов кезеңіне тән заттар табылды. [МФ. Дф. 56 а ]
Фашистік Германияның КСРО-ға шабуылына байланысты музей өз жұмысын соғыс жағдайында қайта құрды. Соғыстың алғашқы күнінен ақ музейде ұжымдық радио тыңдау шарасы ұйымдастырылды. Түрлі көрмелер ұйымдастырылды. Музейде оқ ату, граната лақтыру - танктермен күрес, әуе қорнысы, әуе шабуылына қарсы және химияға қарсы қорғаныс бойынша материалдармен арнайы қорғаныс бөлімі ұйымдастырылды. Газсыздандырғыш заттар жиынтығы, газтұтқыш, өрт сөндіргіштер, зембілдер сынды экспонаттар алыды. Музей жанынан әуе шабуылына және химияға қарсы қорғаныс бойынша мектеп жұмыс істеді. Онда курсанттарға экспонаттардың көмегімен әуе шабуылына және химияға қарсы қорғаныс бойынша дәріс оқыды. Оның ішінде үй шаруасындағы әйелдер де бар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz