Қазақ әдебиетін оқыту тұжырымдамасы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 187 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

Филология факультеті

Қазақ әдебиеті кафедрасы

Рустемова Ж. А.

қауымдастырылған профессор

«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні бойынша

электронды дәрістер(15 дәріс)

6В02305 - «Филология»

Қарағанды 2023

Дәріс 1

Әдебиетті оқыту әдістемесі - ғылыми пән

Жоспар

1. Әдебиетті оқыту әдістемесі - дербес ғылым

2. Әдебиетті оқыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы

3. Әдебиет пәнінің өзіндік ерекшеліктері

4. Әдебиетті пән ретінде оқытудың мақсат-міндеттері

5. Әдебиет пәнінің тұлға қалыптастырушылық рөлі

6. Әдебиет пәні мұғалімінің міндеттері

Әдебиетті оқыту әдістемесінің өзіндік ерекшеліктері

Әдіс, метод (грекше methodes зерттеу, не таным жолы, бір нәрсеге жетудің жолы) - көздеген мақсатқа жетудің тәсілі, тәртіпке келтірілген қызмет жүйесі. Әдістеме (методика) ұғымы бірнеше терминдік мәнді топтастырады. Біріншіден, бұл - жоғары оқу орындарының оқу жоспарына енгізілетін оқу пәнінің атауы. Екіншіден, оқытушының өз жұмысында қолданатын әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы. Үшіншіден, оқытудың теориясын зерттейтін педагогикалық ғылым.

«Осыған дейін әдістемені жеке ғылым деп тануға деген көзқарас та жан-жақты болып келді. Әдістемені ғылым деп танудан көрі жеке дарын, өнер деп бағалаушы көзқарас үстемдік етіп келді. Әр пәнді оқытуда жоғары нәтижеге жету сол пәнді оқытушы мұғалімнің жеке дарынына, қабілетіне сол пәнді білу дәрежесі мен түсінуі, түйсінуі, жанымен сүюіне қатысты деп білді. Оқылатын білімнің өзін жете білмей тұрып, сол пәнді оқыту әдістемесімен бар істі тындыруға болмайды деп түсінді.

Бұл көзқарас негізсіз де емес. Себебі оқу процесінде мұғалімнің рөлі үлкен. Солай бола тұра, айтылған пікір бір жақты. Тек педагогикалық талант пен тәжірибе білімнің сапалы болуын қамтамасыз ете алмайды. Бір де бір мамандық тек талантқа ғана сүйеніп дамып, өркен жая алмайды. Бұл туралы әдіскер-ғалым А. С. Макаренко: /«Разве мы можем положиться на случайное распределение талантов? Сколько у нас таких особенно талантливых воспитателей? И почему должен страдать ребенок, каторый попал к неталантливому педагогу? Нет. Нужно говорить только о мастерстве, то есть о действительном знании воспитательного процесса, о воспитательном умении. Я на опыте пришел к убеждению, что решает вопрос мастерство, особенное на умении, на квалификации»/ 1 - деген ұтымды ой білдіреді».

«Әдебиетті оқыту әдістемесі - дербес ғылым. Кез келген ғылым саласы басқа ғылымдармен байланысты болғанымен өзінің негізгі табиғатын қарастыратын, зерттейтін, дамытатын өз нысанына қарай өзінің шекарасы, өз аймағы, зерттеу аясы болады. Оны мынадай шарттар белгілейді:

1. Өзі қарастырып, зерттейтін ғылым аясын бірде-бір басқа ғылым зерттей алмайды;

2. Сол ғылымның дамуына қоғамдық тұрғыдан қажеттіліктің болуы;

3. Ғылыми зерттеудің өзіне ғана тән әдіс-тәсілдер жүйесінің болуы.

Кез келген ғылыми пән ретінде әдебиетті оқыту әдістемесінің де өзінің зерттеу нысаны бар. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен әдебиет пәнінің қарастыратын оқу материалы бір көркем шығарма болғандықтан, әдістеме ғылымын көпке дейін әдебиеттану ғылымдарына жақын деген түсінік қалыптасты. Алайда әдебиеттану ғылымы мен әдебиетті оқыту әдістемесі ғылымының зерттеу нысандары бір-бірінен өзгеше.

Әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанына көркем әдебиет, әдебиеттің қоғамдық мәні, әдебиеттің тарихы, теориясы, сыны, әдеби процесс жататын болса, әдебиетті оқыту әдістемесінің зерттеу нысанына оқу процесі, оқушы мен мұғалімнің тұтасқан оқу-танымдық әрекеті, көркем шығарманы оқыту барысындағы танымдық, тәрбиелік мән-мазмұнға қол жеткізетін ісәрекеттер жүйесінің құрылымы қарастырылады».

Әдебиет әдістемесі - педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның объектісі, қарастыратын мәселелері - мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы. Әдебиет әдістемесі педагогика ғылымының жалпы қағида, ережелеріне сүйенеді. Бірақ педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмайды. Әдебиет әдістемесі оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін өз шеңберінде ғана алып баяндайды.

Қазақ әдебиетінің пән ретінде мектепте оқытыла бастау тәжірибесі әдебиетті оқытудың әдістемесін туғызып, қалыптастырды. Қазақ әдебиеті әдістемесінің ғылым ретінде дамып қалыптасуында ғылыми-әдістемелік зерттеулер қатарында әдеби білім тұжырымдамалары, мемлекеттік білім стандарттары, оқу бағдарламалары, оқулықтар, оларға жазылған әдістемелік құралдар да орын алады.

Әдебиетті оқыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы

Әдебиет әдістемесі басқа ғылымдардың әрқайсысымен тікелей шектеседі, олардың деректеріне жүгінеді, жетістіктеріне сүйенеді. «Әдебиетті оқыту әдістемесі - күрделі ғылым. Оқыту заңдылықтарын қарастыратын дидактикамен, адам әрекетінің психикалық заңдылықтарын қарастыратын психологиямен, көркем әдебиеттің даму заңдылықтарын қарастыратын әдебиеттану ғылымымен әдебиетті оқыту әдістемесі тікелей қатысады, жетістіктеріне сүйенеді, алайда өзіндік міндеттерін көздейді».

Әдебиетті оқыту әдістемесінің іргелес ғылымдармен өзара байланысы:

1) Әдебиеттану - көркем әдебиеттің ерекшеліктерін, оның дамуын оқытатын ғылым; Ол әдебиетті оқытудың әдістемесінің спецификалық мазмұнын анықтайды. «Әдебиет пәні мұғалімі әдебиеттану ғылымдарынан терең білім алу арқылы, сөз өнерін жете түсінуі, жете білуі арқылы өзі де сөз зергері, сөз шебері ретінде көркем шығарманы терең танып, талдай алады, әдеби ұғымдарды, шығармаларды, құбылыстарды, образдарды, детальдарды - жалпы айтқанда көркем шығарманыңбарлық компоненттері мен табиғатын салыстырып, саралап, салғастырып оқушысына да мазмұнды білім қалыптастыруға мүмкіндік алады. [ . . . ] Көркем шығарма тұтастай алғанда антропоцентристік құрылым болып танылады. Әр көркем шығарманың өзегінде тілдік құрылым өрнектелген. Бұл күрделі құрылымның негізінде мәдени құндылықтардың жүйесі, адам мен оның эстетикалық бағдары, адамгершілік тұғыры жатыр. Әдебиетті оқыту әдістемесі осы күрделі құрылымды әрекетке түсіруші, іске қосушы рөл атқарады. Әдебиетті оқыту әдістемесі де - антропоцентристік жүйе. Барлық іс-әрекет пен мақсат адамға бағытталған. Адамның адамгершілік, эстетикалық, танымдық әрекеттерін жүйелі ұйымдастыруға бағытталған».

  1. Тіл білімі тіл ерекшеліктерін зерттейді; Тіл мен әдебиет бағдарламаларында ауызша және жазбаша тілді дамытуға, жазбаша және ауызша түрдегі дағдыларды қолдана білуге арналған ортақ тақырыптар тоғысуы байқалады.
  2. Тарих - адамзат баласының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым. Әдебиет тарихи жағдай, әлеуметтік мәселелер туралы және қоғамның даму заңдары мен процесі туралы білімді қажет етеді.
  3. Педагогика - жүйелі тәрбие мен білім беру туралы ғылым. Әдебиет оқыту әдістемесі әдебиетті оқыту процесін педагогикалық сипаттағы фактілерді зерттеу негізінде қарастырады. «Негізінде әдебиетті оқыту әдістемесінің қалыптасуына негіз болған педагогика ғылымы. [ . . . ] . Әдебиетті оқыту әдістемесінің негізгі нысаны педагогикалық үдеріс бола отырып, педагогика ғылымдарының бір бөлігі ретінде зерттелмей, жеке ғылым саласы ретінде қарастырылады. Себебі педагогика ғылымы әр пәнді оқытуға байланысты ортақ тұжырымдар мен принциптерді белгілеп бергенімен, жеке ғылымдардың ішкі ерекшелігін толық аша бермейді. Педагогика ғылымының ауқымы кең. Мысалы, педагогика ғылымы баланың саясиәлеуметтік, адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесін, ақыл-ой тәрбиесін, Отанға, туған елге, адамдарға деген сүйіспеншілікке басқа да тәрбие бағыттарында оқушыға білім беру, жеке тұлға қалыптастыру міндеттерін қамтиды. Педагогика ғылымының түпкі мақсаты жан-жақты жетілген қоғам адамын, жеке тұлғаны қалыптастыру болса, аталған міндетті жеке пәндерді оқыту әдістемесі өзінің қарастыратын материалы негізінде жүзеге асырады. Әдебиетті оқыту әдістемесі көркем шығарма арқылы қоғамды, қоршаған ортаны, адамгершілік ұстанымдарды, сөз өнерінің эстетикалық күшін, адамдар әлемін таныту арқылы, адамды рухани байытуға, өзіндік көзқарастар қалыптастыруға, жан-жақты дамытуға күш салады».
  4. Дидактика. «Педагогика ғылымының дидактика саласы жекелеген пәндерді оқыту жолдарын қарастырады. Дидактика - гректің «dіdasko», яғни білім беру мен оқытудың теориясы деген мағынадағы сөзінен шыққан. Дидактика оқытудың мазмұнын, ұйымдастыру түрлерін, оқытудың басты ұстанымдарын және әдіс-амалдарын қарастырады. Жекелеген пәндерді оқыту жолдары дидактикалық негіздер мен ұстанымдарға сүйенеді. Әдістеме ғылымы әртүрлі пәндерді оқыту жолдарын жекежеке өз зерттеу аясына қарай қарастыратын болса, дидактика барлық пәндерді оқытудағы негізгі ортақ ұстанымдарды, заңдылықтарды белгілейді».
  5. Психология - психика дамуының заңдылықтарын оқытады. Әдебиетті оқыту әдістемесі оның мәліметтері мен түсініктеріне сүйенеді. «Әдістеменің психологиямен қатысы екі бағытта өрбиді. Біріншіден, бала жасы мен психологиясы ерекшелігіне қарай көркем туындыны қабылдаудағы шығармашылық әрекеті мен шығармашылық қабілеті, көркем қабылдауына қатыстылығы қарастырылады; екіншіден, оқыту психологиясы тұрғысынан, баланың жасына қарай ақыл-ой дәрежесі, адамгершілік дамуы, тәрбиесі мен дағдысы тұрғысынан қарастырылады».
  6. Философия - дүниеге көзқарастың бір түрі. Әдебиетті оқыту процесінде философиялық мәселелер қоса қарастырылады.
  7. Эстетика - әсемдікті және оның өнерде көрініс табуын зерттейтін ілім. Әдебиет музыка және бейнелеу өнері тәрізді пәндермен бірге эстетикалық цикл пәндеріне жатады.
  8. Этика ғылымының зерттеу нысаны мораль, адамның мінез-құлқы болып табылады. Сөз өнері арқылы берілетін этикалык тәрбие - имандылық тәрбиесінің бастауы.

Әдебиет пәнінің өзіндік ерекшеліктері

«Әдебиет пәнінің оқу пәні ретіндегі құрылымы күрделі болып саналады. Себебі оның ішкі мазмұнына көркем әдебиет шығармалары, олардың тарихы мен теориясына қатысты ұғымдар, әдебиеттен ауызша, жазбаша тіл дамыту жұмыстарының жүйесі, оқушының оқырмандық мәдениетін қалыптастыру мәселелері қоса қамтылады. Әдебиетті оқыту оқушының сұранысы мен қабілет, мүмкіндігіне қарай бірте-бірте дамып отырады. [ . . . ] «Әдебиет - өнердің бір саласы. Ол - сөз өнері. Белгілі әдіскер Қ. Бітібаева «Әдебиет - адам тану құралы» болса, әдебиет пәні - «адам тәрбиелеу құралы» деген пікір айтады. Ал Ленинградтық әдіскер ғалым Е. Н. Ильин «Әдебиет - адам қалыптастырушы құрал» деген әдебиет пәнін оқытудың жаңа жүйесін ұсынған. Әдебиет пәні арқылы оқушы адам болмысын тануды үйренеді, сол арқылы ө»зін-өзі тануға талпыныс жасайды. Қоршаған орта туралы ұғымдарын кеңейтеді, рухани дүниесі байиды, туған тілі мен еліне деген құрмет сезімі қалыптасады. Әдебиет пәні арқылы жасөспірімдер туған елінің тарихы мен ғасырлар қойнауындағы сөз маржанын оқып, сол арқылы туған елінің арманы мен қиялын, болашақтан күтер үміті мен сенімін көреді».

Әдебиет - мектептің оқу пәндерінің бірі. Ол филологиялық пәндер жүйесіне жатады. Оның білімдік, тәрбиелік және дамытушылық тәрізді мақсаттары мен міндеттері бар.

Әдебиет пәнінің мүмкіндігі де, маңызы да ерекше:

Әдебиет пәні - өнер пәні. Әдебиет пәні оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытады және өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы үйлесім мен әсемдікті танып ұға білуге үйретеді.

Әдебиет пәні - адам тәрбиелеу құралы. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді.

Әдебиет пәні - адамтану құралы.

Әдебиет пәні - қоғамтану құралы.

Әдебиет пәні - оқырман дайындау құралы. Ол көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті, ынта-ықыласты оята отырып, оқырмандық мәдениетті қалыптастырады.

Әдебиет пәні - жан-жақты ойланту пәні. Әдебиеттің басқа пәннен айырмашылығы - онда дәлелденген ешқандай заң жүйесі, формулалар, элементтер, бұлжымас, айнымас ережелер кездеспейді.

Әдебиет пәні - барлық пәннің анасы.

Әдебиет пәні мұғалімі үшін тек әдебиеттану ғылымын, әдебиет теориясын білу жеткіліксіз. Әдебиет өнер туындысы болғандықтан, эстетиканы, сөз өнері болғандықтан, лингвистиканы, сол сияқты әдебиеттің өз тарихын, психологияны білу шарт. Сондай жағдайда ғана мұғалім көркем шығарманың ішкі иірімдеріне, қатпарларына бара алады. Әдебиет пәні өнер пәні ретінде мұғалімнен көркем сөз оқу шебері, актер, әдебиетші болуды талап етеді. Мұғалім оқыту процесінде оқушыларды шығармаға ынталандыруды негізгі мақсат етуі керек.

Әдебиетті пән ретінде оқытудың мақсат-міндеттері

« . . . кез-келген мұғалім өзінің оқытатын пәнінің мақсат-міндеттерін жете түсініп, түйсінгенде ғана нәтижелі еңбекке бағыт алады. [ . . . ] «Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркем сөз сипатын ашатын заңдылықтарды білуі керек. Сондай-ақ көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелерін жетік меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс», - дейді белгілі әдіскер мұғалім Қ. Бітібаева. [ . . . ]

Әдебиет пәнін оқытуда мұғалімге бірнеше міндеттер жүктеледі.

Әдеби білімнің алғашқы сатысы бастауыштан басталады. Бастауыш сыныптарда оқитын ана тілі сабақтары көркем шығарманың танымдық бағытын негізге алады. Жыл мезгілдері, оның қоршаған орта табиғатына, адамдар тіршілігіне әкелетін өзгерістері, туған өлке табиғатының ерекшеліктері, ата-ана, адамдық ізгі қасиеттер т. б. ұғымдарды жас шәкірт санасына сіңіруде ақын, жазушылардың шығармалары оқу материалы ретінде жұмсалады да, әдеби-теориялық ұғымдарды қалыптастыру басты мақсат етілмейді.

Әдебиет жеке пән ретінде 5-сыныптан басталады. Яғни 5-9 сыныптар базалық негізгі білім мазмұнын құрайды. Бастауыш сыныпта оқу дағдысы қалыптасып келген көркем мәтіндерді жүргізіп, мақамдап оқуға дағдыланады.

Алғашқы міндет - көркем шығарманы оқушының оқуы мен эстетикалық тұрғыдан қабылдауын ұйымдастыру. Көркем әдебиет - адамзат қауымы ғасырлар бойы жасаған өнердің бір саласы. Сондықтан әдебиетті оқытудың басты міндетінің бірі - оқушының ой-танымына, сезіміне ықпал ету, сөз өнері туралы ұғымдарын қалыптастыру, өнердің басқа түрлерінің ішіндегі әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін таныту.

Көркем шығарманы оқу мен өзіндік таным-түсінік аясында жеткізуде бірнеше оқу міндеті қойылады: көркем шығарманы мәнерлеп оқу дағыларын қалыптастыру, бейнелі және зерделі ойлауға, ой-түсінігін жүйелі жеткізуге үйрету, авторлық көзқарас пен танымды терең түсіне білуге үйрету, оқушылардың жан әлемін рухани-адамгершілік құндылықтармен байыту, сөз мәдениетін жетілдіруге ұйытқы болу, оқушылардың көркем шығарманы өз бетімен оқуға деген қажеттілігін туғызу.

Осы міндеттерді айқындай отырып, қазақ әдебиетін оқыту өз алдына бірнеше мақсат қояды:

Танымдық мақсат: әдебиет пәні арқылы қоршаған орта сырлары, адамдық құндылықтар, адамгершілік, ізгілік, мінез-құлық, іс-әрекеттерді саралап тану, шығармадағы көтерілген басқы тақырып пен қамтитын жанама тақырыптарын, шығарманың негізгі ой-түйінін, авторлық ұстанымды таныту, көркем шығарма арқылы оқушының дүниетаным белсенділігін арттыру, оқушылардың сезімталдық, байқағыштық, аңғарымпаздық, сөйлеу, ойлау қабілеттерінің дамуына мүмкіндік жасау.

Тәрбиелік мақсаты: әдебиеттің тәрбиелік қызметі аса ауқымды. Әдебиет адамтану құралы ретінде оқушыларды жан-жақты тәрбиелеуге жол ашады. Әдебиет арқылы адамзаттық сананы, ізгілік дүниетанымды, елжандылық пен ұлтжандықты, отандық мәдениет пен имандылық, еңбексүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге болады. Туған халқының тілі, оның әдебиетіне деген ұлттық сезімдерін тәрбиелеуге, бүкіл адамзат қауымының тілі, әдебиетіне деген қызуғышылығын туғызуға, тіл мәдениетін қалыптастыруға болады. Әдебиет пәні арқылы тәрбие түрлерінің барлығын дерлік қамтуға мүмкіндік мол.

Дамытушылық мақсат: оқушының көркем шығарманы сезімталдықпен қабылдауын, образды ойлау жүйесі мен шығармашылық қиялдауды, логикалық ойлау жүйесін дамыту, оқырмандық мәдениетті қалыптастыра отырып, көркем шығарманы өз бетімен оқуға деген рухани қажеттілік пен сұранысын дамыту, жүйелі ойлау мен сөйлеу дағдыларын дамыта отырып, өзіндік дүниетаным мен көзқарасын қалыптастыру. Эстетикалық талғамын, қазақ әдеби тілін сауатты қолдана алу қабілетін, оқушының шығармашылық қабілетін, тіл мәдениеті мен сөздік қорын дамыту.

Дидактикалық мақсаттар аясында әдебиет пәнін оқытудың міндеттері де саралана түседі. Атап айтқанда:

  • Көркем шығарма мазмұны мен құрылысындағы көркем заңдылықтарды терең танып, өмірлік шындық пен көркем шындықтың ара жігін ажырата білуге үйрету;
  • Көркем шығарманың тақырыптық-идеялық бірлігін таныту, сюжеттегі, образ жасалуындағы типтік байланысты ұғындыру, әдебиеттану ғылымына кіріспе теориялық білім қалыптастыру;
  • Қазақ әдебиетінің ұлттық болмысын жан-жақты ұғынып, түрлі ұлттар әдебиетіндегі ұқсастықтарды ажырата білуге, басқа ел әдебиетінің көрнекі үлгілерімен салыстыра білуге үйрету, өзіндік талғамын қалыптастыру.
  • Қазақ әдебиетінің ғылыми негізі жайлы алғашқы түсінігін қалыптастыру; автордың көркем әлемін таныту, шығармашылық бейнелілікті, шығарманың көркем компоненттерін талдап таныту арқылы рухани-эстетикалық талғамын қалыптастыру.
  • Әдебиеттің өзіндік табиғатын даралай, саралай отырып, ондағы дәстүр мен жаңашылдық, әдеби кезеңдер, оның адамзат тарихымен тығыз байланысы туралы білімдерін қалыптастыру;
  • Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді танып, туған әдебиеттің ұлттық ерекшелігі, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасының көрінісін, жанрлық, стильдік ерекшеліктерін, көркем туындының идеялық-адамгершілік мәнін түсіндіру, адамзат әдебиеті мен мәдениетіндегі ұлттық әдебиеттің орны туралы ұғымдарын толықтыру, жетілдіру.
  • Әдебиеттану ғылымы, сыны, оның мақсаты, міндеті, әдебиеттің - тұлға қалыптастырудағы маңызы туралы білім беру.

Түптеп келгенде қазақ әдебиетін оқытудағы басты мақсат - жан әлемі жетілген, рухани түсінігі мол жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болмақ».

Әдебиет пәнінің тұлға қалыптастырушылық рөлі

«Көркем шығарманы қабылдаудың әртүрлі болуының бірнеше себебі бар: біріншіден, сол шығарманы қабылдау жолындағы оқушының ой, өресі, дүниетанымы, бұған дейінгі жинақтаған білім қоры, яғни әдебиеттану ғылымынан алған білімі ықпал етеді, екіншіден, әдебиетте сөздің қасиеті ақпарат жеткізуші қызметтен әлдеқайда терең мазмұнда, бірнеше функцияда танылады, сөз адамның сана-сезіміне әсер ете отырып, белгілі көңіл-күй, сезім, сурет, көрініс өмір бейнесін жасап, адамның эмоциялық қабылдауына түрткі болады. Эмоциялық қабылдау да әр адамда әр түрлі. Бір шығармадағы бір көріністің, бір сәттің өзін әр адам әр түрлі сезіммен қабылдайды. Әдебиеттанудан білім дәрежесі бірдей адамның өзінің сезімі мен түйсінуі әртүрлі. Бірнеше адамның оқуындағы бір ғана үзінді әр санада бірнеше сурет құрайды. Бұл адамның ішкі сезім мен сезіне білу мәдениетіне, қасиетіне байланысты. Үшіншіден, санадағы қабылдау мидың тек бір ғана бағыттағы жұмыс әрекеті ғана емес. Санаға берілетін білім тек миға еніп қана қоймай, сол санаға өзіндік сәулесін түсіреді. Көркем дүниенің осы қасиеті психолог, педагогтардың еңбектерінде айтылады.

Өнерді биік бағалған Абай:

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Дүниенің ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды - дейді.

Әр заманда адамдардың түсінігі мен көзқарастарына, әлеуметтік ортасы мен сенім, түсініктеріне байланысты да танып, түсіну әралуан болады. Себебі көркем шығармада бір ғана идея, бір ғана қасаң қағида болмайды».

«Оқушыныны көркем әдебиетті оқуға қызықтырудың тәсілдері көп: соның бірі, шығамадан үзінді оқып, үзіндінің қай шығармадан алынғанын тапқызу немесе кейіпкердің сөзін жасыру, сияқты сұрақ-тапсырмалар арқылы оқушының шығарманы оқығаноқымағанын анықтауға болады әрі оқуға деген ынтасын көтеруге болады. Шығарманы талдау да шығарма мазмұнына бойлауға, оны түсінуге жетелейді. Белгілі бір дәрежеде мазмұны танылған шығарманы тереңдеп талдау оқушыларды көптеген әрекеттерге жетелейді. Оқушының аналитикалық ойын дамытады. Көркем шығармадағы символ, деталь арқылы талдата отырып, болымсыз нәрседен ауқымды ұғымға жетелеу, шығарманың ішкі астарын ашу оқушыны іздендіреді, қызықтырады. Қалай болғанда да мұғалімнің шығарманы оқытуға деген ізденісі мен жүйелі еңбегі жеміс берері анық. Сондықтан әдебиет пәнін оқытуда табанды еңбек пен жүйелі жұмыс нәтижелі болады. Әдебиетті түсініп, түйсінетін ұстаздың оқытуы да сабақтың нәтижелі болуына әсер етеді».

Әдебиет пәні мұғалімінің міндеттері

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ЖОҒАРЫ СЫНЫПТАРДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХИ КУРСЫН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің зерттелуі
Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің алғашқы қадамдары
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Әдебиетті оқыту әдістемесі пән ретіндегі мақсаты
Әдебиетті оқыту әдістерінің топтары
Қазақ әдебиеті әдістемесінің басқа пәндермен байланысы
Қазақ әдебиетін оқытудың әдістемесі
Қазақ әдебиетінде халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту
Балабақшада мектепке даярлық тобындағы балаларды қазақ халық ауыз әдебиеті арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеу әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz