Шартты бағыныңқылы сабақтастар


Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   

14-лекция. Бағыныңқы сөйлемдердің топтастырылуы. (Шартты, мақсат, қарсылықты, бағыныңқылы сабақтастар)

Жоспар:

1. Сабақтас құрмалас сөйлемнің жеке түрлері, оның бағыныңқы компоненттер арқылы ажыратылуы.

2. Шартты бағыныңқылы сабақтас, ерекшеліктері.

3. Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас, жасалу жолдары

4. Мақсат бағыныңқылы сабақтас, жасалу жолдары.

5. Мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлем, ерекшеліктері.

6. Себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлем, жасалу жолдары.

7. Амал бағыныңқылы сабақтас сөйлем, жасалу жолдары.

8. Түсіндірмелі сабақтас сөйлем, жасалу жолдары.

9. Салыстырмалы сабақтас сөйлем, оның жасалу жолдары.

10. Үлестес (мезгілдес) сабақтас сөйлем, оның жасалу жолдары.

11. Аралас құрмалас сөйлем.

12. Құрмалас сөйлемнің зерттелу тарихы.

Сабақтас құрмалас сөйлемдерді Т. Қордабаев 7-ге бөледі: шартты, қарсы, салыстырмалы, мезгіл, себеп, сын, мақсат бағыныңқылы деп бөледі. Бұған Қ. Шәукенұлы бұған ыңғайлас, кезектес, болжамды, түсіндірмелі, көп бағыныңқылы сабақтастарды қосады. (192-193-б) .

Қ. Есенов Т. Қордабаевтың пікіріне салыстырмалы, түсіндірмелі, үлестес сабақтастарды қосып қарастырады (75-б) .

С. Аманжолов мынадай ірі салаға бөледі:

1. Шартты бағыныңқылы сабақтастар.

2. Қарсылықты бағыныңқылы сабақтастар

3. Пысықтауыш бағыныңқылы сабақтастар. Бұлардың ішінде айқын түрлері: 1) себеп-салдар пысықтауыш бағыныңқылы сабақтастар;

2) мезгіл пысықтауыш бағыныңқылы сабақтастар;

3) қимыл-сын пысықтауыш бағыныңқылы сабақтастар;

4) мақсат пысықтауыш бағыныңқылы сабақтастар; (200-б) .

Шартты бағыныңқылы сабақтас. Бұларда синтаксистік компоненттерде баяндалған оқиға-әрекеттердің орындалу барысы бір-біріне шарт мәнінде байланыса құрмаласады. Жасалу жолдары:

1. Бағыныңқы компоненттің баяндауышына шартты райдың -са, се жұрнағы жалғанып, одан кейін І-ІІ жақтық жекеше (-м, ң) көпше (-қ, к, -ңдер, ңдар, ыңыздар) қосымша қосылу арқылы басыңқыдағы іс-амал, әрекеттің белгілі бір орындалу не орындалмау шартын білдіреді. Аттан түсіп отырсаң, алыстан көрген бөрі онша елей қоймайды (С. Ж) .

2. Бағыныңқы мен басыңқы компоненттердің арасындағы шарттылық мағынаны білдіруде көсемшенің болымсыз түріне -й қосымшасының жалғануы кездеседі. Әр күннің қорытындысын қағазға түсірмей, ешкім үйіне кетпейді (М. М. ) .

3. Шартты бағыныңқының баяндауышы өткен шақтық есімшенің жатыс септігінде тұруы арқылы да құрмаласады. Киім қалың болғанда, дәл осы күйде болмаған болар едім (А. Тоқ. ) .

Шартты бағыныңқы мағыналық жақтан бірде үш түрге (реалды, ирреалды, болжалды) ажыратылса, енді бірде екіге бөлінеді (реалды, ирреалды) қарастырылады.

Реалды шарт бағыныңқы сөйлемдерде хабарланған оқиғаның мазмұнынан іс-әрекеттің орындалғаны не орындалатыны белгілі болып тұрады. Шартқа негізделген оқиғаға нәтиженің болмысы қайшы келмейді. Жақыптан құтылсаң, бұл колхозды бір-ақ жылда аспанға көтереміз . (Б. М. ) .

Ирреалды шарт бағыныңқыда шартқа негізделген оқиғаның нәтижесі іс жүзінде жүзеге аспайды. Көктемде мол жауын болмай, малға қалың от болмас (М. Ә. ) .

Болжалды шарт бағыныңқыда шарттың көрінісі реалды көрінеді де, оның орындалу не орындалмау нәтижесі ықтимал болжал түрінде беріледі. Егер мен шақырсам, ақының біздің үйге келер ме . . . (С. Е. ) .

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас, жасалу жолдары. Сабақтас құрмалас сөйлемдерді құраған жай сөйлемдердің өзара мағыналық жағынан бір-біріне қарсы, біріндегі ойды, амал-әрекетті, іс-қимылды теріске шығаратын кездері тілімізде жиі кездеседі. Мұндай мағыналық қайшылық жеке компоненттердің арасында әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі де, қайтсе де? не етсе де? қайткенмен? Не еткенше? сұрақтарының біріне жауап береді. (Қ. Шәукенұлы, 215-б) .

Жасалу жолдары:

1. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы бағыныңқыдағы ойға қарсы мағыналы болу үшін алғашқысына шартты райдың - са, се жұрнағы жалғанып, кейде оған тетелес -да, де шылауы келуі керек. Өзі қанша үмітсіз болса да, Есеней Ұлпанның көңіліне үмітсіздік ұяламаса екен дейді (Ғ. Мүс. ) .

2. Бағыныңқының баяндауышы өткен шақтық есімшеге көмектес септік жалғауы арқылы жасалады. Жүрегіне ол сөздер инедей қадалғанмен, Бүркітбай елемеген адамдай болып жүре беретін еді (А. С. ) .

3. -Ған формантты есімше барыс септік тұлғасында жұмсалып, ол қарамастан сөзінің тіркесуі арқылы да жасалады. Мақсат-мүдде айқын болғанына қарамастан, алда күтіп тұрған асулар жеңіл емес (М. Ә. ) .

4. Бағыныңқының өткен шақтық есімшелі баяндауышына -ша, -ше қосымшасы жалғанған уақытта да қарсылықты сабақтас құрмалас жасалады. Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда әр туысың болсын (Мақал) .

5. Бағыныңқының баяндауышына көсемшенің -а, е, й жұрнақтары жалғану арқылы. Мал жағынан көңілі хош бола тұра, бұл екеуі балаға мұқтаж еді ( М. Д) .

А. Байтұрсынұлы «ереуіл, қайшы» деп атаған.

Мақсат бағыныңқылы сабақтас, жасалу жолдары. Есім сөздердің сабақтастарды байланыстыру функциясы дегенде мына мәселеге басты назар аударған жөн: есімдер бағыныңқы баяндауышы қызметін дара атқарып тұра бермейді. Мұндайда есім сөзге тіркескен көмекші етістіктерді және осы көмекші етістікке жалғанған есімше, көсемше, шартты рай тұлғаларын ескергеніміз жөн. Бірақ көмекші етістіктер жеке тұрып бағыныңқы сөйлем баяндауышының қызметін атқара алмайтындықтан, құрама баяндауыш құрамындағы есім сөз басты семантикалық мәнге ие болады да, белгілі бір тұлғадағы көмекші етістікпен бірге өзі тұрған компонентті келесі компонентпен байланыстыру функциясын атқарады.

Басқа етістік формалары арқылы құрмаласатындар, негізінен, мақсат бағыныңқылар. Бағыныңқы компоненті басыңқы компоненттегі іс-әрекеттің мақсатын білдіретін сабақтасты мақсат бағыныңқылы сабақтас дейміз. Сұрақтары: не мақсатпен? Не етпек болып? Не үшін? Мақсат бағыныңқылы сабақтастардың синтаксистік компоненттерінде арнайы грамматкикалық бастауыштары болуы қажет, бұлай болмаған жағдайда сабақтас құрмалас сөйлем болмайды, күрделенген сөйлем болып табылады.

Жасалу жолдары:

1. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы -мақ, мек, пақ, бек жұрнақтарының бірі жалғанған етістік болып келеді де, оған бол көмекші етістігі көсемшелі (ып) түрінде жалғану арқылы жасалады. Өзі біреуден көрген қорлығын біреуден қайтармақ болып, Жұман биыл жарты жылқысын Қарқаралы жаққа қаракесек ішіне салып еді (Ғ. Мүс. ) .

2. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы -мақ, мек, пақ, бек жұрнақтарының бірі қосылады да, оған барыс септігі жалғанады. Өзі біреуден көрген қорлығын біреуден қайтармаққа, Жұман биыл жарты жылқысын Қарқаралы жаққа қаракесек ішіне салып еді (Ғ. Мүс. ) .

3. Бағыныңқылы баяндауышты тұйық райлы етістік болып, оған үшін шылау тіркесуі арқылы. Қыстың ызғары жетпеу үшін, қоңыз інді терең қазады (С. М. ) .

4. Бағыныңқы баяндауышы шарттық, бұйрық, қалау райларының бірінде тұрып, оған көсемшелі де етістігінің тіркесуі арқылы. Балбала қысылып қалмасын деп, Біржан да Базаралыны қостап іле жөнелді. (М. Ә. ) .

5. Деп көмекшісі -ар формантты есімшемен тіркес жасайды. Аяғының сырқырағаны басылар ма екен деп, ол тізесін отқа қыздырды (М. Ә. ) .

Мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлем, ерекшеліктері.

Бағыныңқы компоненті басыңқы компоненттегі іс-әрекеттің мезгілін білдіретін сабақтасты мегзіл бағыныңқылы сабақтас деп атаймыз. Мұның да әрқайсысының өзіндік дербес грамматикалық бастауыштары болуы қажет.

Жасалу жолдары:

1. Мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем өткен шақ есімшеге жатыс септігі жалғану арқылы жасалады. Оспан барып әжесінің қасына құлап түскенде, Смағұл да өз үйіне шешесін іздей жүгірді ( М. Ә. ) . Сәйгүліктер сапарға аттанарда, Сәду ауыл молдасынан бата алды (Б. Н. ) . Бұл жерде болжалды есімшенің ар, ер жұрнағынан кейін жатыс септігі жалғану арқылы жасалған.

2. Кезде, шақта, соң, сайын шылаулары атау формасындағы есімшелерді меңгереді. Шаруа біткен соң, Қарабас ертеңгі салқынмен қайтайық деп байлаған (М. Ә. ) .

3. Дейін, шейін шылаулары барыс септікті есімшені меңгере жұмсалады . Оспан кеткенге шейін, тонғанына қарамай соның қасында бәйек боп жүр (М. Ә. ) .

4. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы өткен шақтық есімшеге -ша, ше жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Құдайберді арғы шеткі көшеге жеткенше, Құнанбай қасына жиырма-отыз аттылар жиылып қалды . (М. Ә. ) .

5. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышына көсемшенің -ғалы, гелі, қалы, келі жұрнағы жалғанып, мезгіл бағыныңқылы сабақтас жасайды. Мағаштар жауыз зорлықтың бар көлемін ашқалы, Абай қатты қиналып тыныштық таба алмады . (М. Ә. ) .

6. -а, е, (ма+й тұлғалы көсемше: Ол екі сыйпаттың екеуіне де тосқауыл қойылмай, ешқандай имандылық орнамайды (қ. әд. ) .

7. -п тұлғалы көсемше 1582 жылы Түркістанға Бұқараның ханы Ғабдолла келіп, халық оған бағынғандығын білдірген (М. Д. ) .

8. Бағыныңқы сөйлемнің етістік баяндауышы үнемі -ысымен, ісімен жұрнағы арқылы: Олар үйден кетісімен, қаптаған халық та тарады.

9. Шартты рай тұлғасы арқылы: Қаражан тақап келсе де, Абай амандасқан жоқ (М. Ә. ) . Қаратай мен Абай үйге кірсе, Сүйіндік пен бәйбішесі биік төсекке жатып қалған екен (М. Ә. ) .

Мезгілдік мән берілуіне қарай олар бір мезгілдес және әр мезгілдес сабақтастар болып бөлінеді. Бір мезгілдес сабақтастардың компоненттерінде айтылған ой бір мезгілде, бірінен соң бірі орындалып жатады.

Әр мезгілдес сабақтастарда компоненттеріндегі оқиғалардың орындалу мерзімі әр түрлі дәрежеде болып орындалады.

Себеп бағыныңқылы сабақтас. Компонент хабарланған ой желісінің себебін білдіріп тұрса, осы себептің нәтижесінде басыңқыда оның салдары келіп шығатын сөйлем себеп бағыныңқылы сабақтас деп аталады. Сұрақтары нелікте? Не себепті? неге? Не деп? Күн сәулесі көшкендіктен, үйдің іші күңгірт еді (Ә. Ә. ) . Кей тұстарда себеп пен салдар ауысып кете береді. Бұлар бірнеше грамматикалық тәсілдермен жасалады.

1. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышына -дықтан, -діктен қосымшалары жалғанып, басыңқыдағы амал-әрекеттің себебін білдіреді. Қашқындар атшабардың басын жарып алып кеткендіктен, қайта жүрген сапарда бұл отряд момын елді шапты (М. Ә. ) .

2. -Ған формантты есімше соң шылауының меңгеруінде болады. Жауынгерлер ас-суға қайта-қайта шағым айта берген соң, ол бүгін асхананың жұмысын тексерді (Ә. Н. ) .

3. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышына -ып, іп, п жұрнақтары жалғанады. Бейімбет ұсталып, басымызға қара күн туды (Майлин) .

Мезгіл бағыныңқылы сөйлемдерді жасайтын есімше, көсемше жұрнақтары дәл сол қалпында тұрып-ақ, себеп бағыныңқылы сөйлемдерді жасай береді.

Амал бағыныңқылы сабақтас сөйлем, жасалу жолдары. Бағыныңқы компонент басыңқыда орындалатын іс-әрекеттің қалай, қайтіп болғандығы жайындағы амалдық тәсілін білдіріп тұрады. Кейбір еңбектерде «қимыл-сын бағыныңқылар» деп қаралады. Мұндай сөйлемдердің бағыныңқы компоненттері басыңқыдағы амал-әрекеттің әр түрлі өту сапасын білдіреді. Мысалы: Абайдың екі өкпесі аузына тығылғандай боп, жүрегі қатты соғып кетті (М. Ә. ) .

Жасалу жолдары:

1. -п, ып, іп тұлғалы көсемшелер арқылы: Дауысы ауылдың үстіндегі шуды, дыбыр-дүбірді басып, базаралы алғыр қырандай саңқылдайды (М. Ә. ) .

2. -а, е тұлғалы көсемше арқылы: Қалжыңы, күлкісі араласа, шай өте көңілді ішілді (М. Ә. ) .

3. - Өткен шақтық есімшеге -дай, дей қосымшаларының жалғануы арқылы: Бүкіл жұрттың атын ұмытып қалғандай, аузына ешкімнің аты да түспейді (М. Ә. ) .

Қ. Шәукенұлы «сын-қимыл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің компоненті шартты райлы етістік тұлғасында келе береді» дейді де, мынадай мысал келтіреді: Күні-түні тындай, әрдайым жапырақтары дірілдеп, шайқалған бұтақтарды айқара құшақтаса, теректер сан алуан үнге салып шулайды (Ш. А. ) . Осындағы шартты райлы тұлғада бағыныңқының баяндауышы боп, соңғы басыңқыдағы әрекеттің қалай болғанын білдіріп тұр. (213-б) .

Түсіндірмелі сабақтас сөйлем. Қ. Есенов: Түсіндірмелі сабақтаста айқындаушы, түсіндіруші қызмет басыңқының ұлесіне тиеді. Бағыныңқы компонентте белгілі бір жайт сөз болады да, соның мән-мағынасы, түсінігі басыңқыда айтылатын болады.

Жасалу жолдары:

1. Бағыныңқы компонентте сөз болған белгілі бір жайт басыңқының басында ол, бұл сілтеу есімдіктерінің бірімен қайталана беріледі де, содан кейін оның мазмұна ашылатын болады, түсіндірілетін болады. Сенің малың кетсе, ол - азаматтың құны ( М. Ә. ) .

2. Сөйлем құрылысы не десе (бағыныңқы), дер ем (басыңқы) түрінде қалыптасады. Нұр дегенің не десе, жарқыраған күн деуші ем (Ғ. Мұс. ) .

3. Басыңқы компоненттің құрылысы бір-ақ сөзбен беріледі. Оның өзінде де ол баяндауыштың қызметін атқаратын болады, бастауышы (ол) арнайы айтылмайды. Жақындаған шапқыншыға жұрт көзін тіксе - Байжан (С. М. ) . (99-100-б) .

Қ. Шәукенұлы да түсіндірмелі сабақтастың жасалу жолын арнайы санамалап айтуға келмейді, өйткені оның компоненттерінің құрамында өзге сабақтас құрмалас сөйлемдердің мағыналық байланысқа түсудегі грамматикалық тәсілдерінің қай-қайсысы да кездесе береді. (221-б) .

Түсіндірмелі сабақтас сөйлемдегі мағыналық байланыс ол неше жай сөйлемнен тұрса да, бірін-бірі түсіндірген күрделі ойға құрылады. Мұндай сөйлемдердің компоненттері өзара сабақтаса құрмаласқан күйде келе береді. (Қ. Шәу., 220-б) .

Қазірде де ала көлеңкеде кәрі әжесі байқап отыр: ән тоқтай қалса, кішкентай қыз қап-қара көздерін ашып алады (М. Ә. ) Қ. Шәукенұлы осы тәріздес мысалдар береді.

Салыстырмалы сабақтас сөйлем, оның жасалу жолдары. Бағыныңқы компонент пен басыңқы компоненттегі іс-әрекет салыстырыла берілетін сабақтасты салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас дейміз. Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтасты теңдес салыстырмалы және әр түрлі ыңғайдағы салыстырмалы сабақтас дейміз.

Салыстырмалы сабақтастың теңдестік дәрежесі құрамында жұптаса қолданылған қатыстық сөздердің табиғатынан шығып жатады.

А) Бағыныңқы компонентте қандай есімдігі қолданылса, басыңқыда сондай үстеуі қолданылады. Ел арасының өзге сөзі қандай болса, Түсіп үшін осы жайдың өзі сондай қиын еді (М. Ә. ) .

ә) Бағыныңқыдағы қалай есімдігі басыңқыда солай есімдігі Халқым қалай жүрсе, мен де солай жүремін ( Абай) .

Б) Бағыныңқыда қанша сұрау есімдігі де, басыңқыда сонша мөлшер үстеуі: (қаншылықты - соншалықты ) Сен іздеуден қаншалықты шаршасасаң, мен күтуден соншалықты шаршадым (Қ. Ж. ) . Еңбекті қанша істесең, табысты сонша аласың ( Мақал) .

Әр түрлі ыңғайдағы салыстырмалы сабақтастар:

А) Бағыныңқы және басыңқы сөйлемдер құрамында өзара салыстырыла жұмсалған сөздер болады.

Ә) Мағынасы жағынан бір-біріне қарама-қарсы жұмсалған сөздер қолданылады.

Б) Бағыныңқы компоненттің баяндауышы болса, сияқты түрінде аяқталып, келесі компоненттегі оймен салыстырылады.

Салыстырмалы бағыныңқылы сабақтас сөйлем, сондай-ақ бағыныңқы компоненттің баяндауышы қызметінде - дай, -дей жұрнақты өткен шақ есімше келу арқылы жасалады . Маңайына үйірілген балалардың бәрі де өзінен туғандай, Антонина Порфирьевна әрқайсысын жылы жүз, жұмсақ сөзбен еркелетеді (Мұқанов) . (ҚГ., 723-б) .

Салыстырыла айтылудың енді бір түрінда бағыныңқы компоненттегі салыстырудан басыңқының мәні артық, үстемелі дәрежеде түсіп жатады. Мұндай белгінің орын алуына басыңқының құрамында одан да тәріздес күшейткіш күшейткіш үстеуінің қолданылуы себеп болады: Стаханов жер жүзілік рекорд жасаса, Әкімдер одан да асты ( Мүсірепов) .

Үлестес (мезгілдес) сабақтас сөйлем, оның жасалу жолдары. С. Аманжолов: Кейбір бағыныңқы сөйлемдер басыңқыда айтылғанды айқындамайды. Өз алды, басыңқыдан басқа бір істің жайын білдіреді. Алайда бағыныңқы мен басыңқының өз алды бастауышы болып, әрқайсысындағы іс-әрекет, қимыл бөлек болғанмен, бұл сияқты сабақтастың басыңқылары өз алдына бөлек бөлініп кете алмайды. Мұнда бағыныңқы сөйлемдер көсемше арқылы басыңқы сөйлеммен байланысады да, әрқайсысы істі бөліп алған сияқты мәнде болады.

Осындай бағыныңқы жағы көсемшеге біткен, мағына жағынан тиянақты болғанмен, тұлға жағынан тиянақсыз болып келген сөйлемдерді үлестес сабақтас дейміз. (Мен кітап оқып, басқалар жазу жазды.

Үлестес сабақтас сөйлемнің жасалуы:

Көсемшенің -п түрі және шартты рай тұлғасы арқылы.

Құнанбай өз ойымен кетсе, Абай өз көңіліндегі түйінін аяқтата алмаған өз дағдарысымен кетіп еді (М. Ә. ) .

Әйелдері тамақ істеп, еркектері қора салып, қыз-келіншектері жүк жинап жүр (С. Е. ) .

Үлестес сабақтас сөйлемдердің басқа сабақтастардан елеулі айырмашылығы бар. Онда бағыныңқы компоент басыңқы компонентті мағыналық жағынан айқындап, соған тәуелді болып тұрмайды. Әр компонент өзінше дербес мағынаға ие болып тұрады. Ал басыңқыға бағыныңқының тәуелділігі тек алғашқы сөйлемнің баяндауыш тұлғасының тиянақсыздығынан ғана көрінеді. Сондықтан мұндай сөйлемдерге «бағыныңқы» деген термин тіркелмейді, тек формалық тиянақсыздығына байланысты «үлестес сабақтас сөйлем» деп қана аталады.

Мұндай сөйлемдерді сабақтастың басқа түрлерінен қалай ажырату керек екендігі жөнінде мынадай пікір бар: аталған сөйлемдерде, біріншіден, басқа сабақтастардағыдай себептестік, қарсылықты, шартты, амалдық, мақсаттық, салыстырмалық қатынастар болмайды, екіншіден, компоненттер арасындағы тәуелділік тек формалық жағынан болады, үшіншіден, мұндай сөйлемдер бір мезгіл ішінде бірінен кейін бірі іркес-тіркес жалғаса болған я болып жатқан, бір-біріне тәуелсіз іс-әрекетті, жай-күйлерді баяндайды, төртіншіден, олар тек көсемшенің -п формасы мен шартты рай тұлғасынан жасалады (ҚГ., 718-б) . Үлестес сабақтастарға тән бір ерекшелік - мұндай сөйлемдердің баяндауыштары ырықсыз етіс түрінде айтылады.

Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер . Бұлардың компоненттерінің бір-бірімен байланысу тәсілдеріне қарай түрлері: бірыңғай көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем, сатылы көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем.

Айтылатын ойдың көлемі сол ойға әсер еткен сыртқы ортаның күшіне және соны сөйлеуші жақтың қандай дәрежеде қабылдап, тыңдаушысына жеткізе білу деңгейіне байланысты болады. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі қазақ тілінің синтаксистік құрылымында көп бағыныңқылы құрылымдар жиі кездеседі. (Қ. Шәукенұлы «көп тармақты құрмалас сөйлем» деп қарастырады) .

Құрамында бір басыңқы екі немесе одан да көп бағыныңқы жай сөйлемдері бар құрмаластар көп бағыныңқылы сабақтас сөйлем деп аталады. Олар кем дегенде үш жай сөйлемнен тұрады. Көп бағыныңқылы сабақтас сөйлем құрамындағы бағыныңқы компоненттер түрлі мағыналық қатынастарды білдіреді. Енді ең соңғы құран оқылып болған соң, жиын тегіс тысқа шығып тұрғанда, тұлданған екі ат келді (М. Ә. ) .

Көп бағыныңқылы сабақтастың өзі екі түрлі: жарыспалы бағыныңқылы, сатылы бағыныңқылы сабақтас.

Бағыныңқы сөйлемдердің әрқайсысы басыңқы сөйлеммен тікелей байланысқан сабақтас жарыспалы көп бағыныңқылы сабақтас деп аталады. Тікелей бағынатын бағыныңқы сөйлемдердің әрқайсысы басыңқыдағы айтылған ойды өз беттерімен тура айқындайды. Екінші сөзбен айтқанда, бұлардың әрқайсысы өз беттерімен басыңқыға байланысып, оның бір мүшесін айқындайды. Ұрыс біткеннен кейін, Бөгенбай жігіттерімен кіші жүз еліне қонаққа барғанда, Бөгенбайдың батырлығына риза болған Әбілқайыр бұл секілді батырды өз жағына ұстауды жөн көріп, өзі Сақыпжамалды Бөгенбайға қосты (І. Е. ) .

Егер көп бағыныңқылы сабақтастың сөйлемдері басыңқымен тек бірыңғай мәндес, бір сипаттағы қатынаста (не шарт, не мезгіл т. б. ) ортақ бір сұраққа жауап беретін болса, ол бірыңғай жарыспалы сабақтас деп аталады. Есік ылғи ашық болса да, көктемгі күн көз қаратпай тұрса да, бұл жер күңгірт еді (Айбек) . Мал қораларында да су өзі келіп, сиыр өзі сауылып, бақылап басқарған бірен-саран адамдар ғана жүр (Ғ. Мұст. ) .

Егер бағыныңқы сөйлемдері әртүрлі мағыналық қарым-қатынаста байланысып, әр түрлі сұрақтарға жауап берсе, әр ыңғай алуан сабақтас деп аталады. Жел тынып, бағанағы қатты суық саябырлағанымен, айналаны болжай алмаған жүргіншілер көңілге үміт ала алмай келеді (М. Ә. ) .

Сатылы көп бағыныңқылы сабақтаста әрбір жеке бағыныңқы сөйлем өз бетімен тікелей тура басыңқы компонентпен байланыса алмайды. Басыңқымен мағыналық байланыстың болуы үшін алдыңғы бағыныңқы сөйлемдер бір-бірімен өзара сатылай жалғасуы (біріншісі екіншісімен, екіншісі үшіншісімен . . . ең соңғысы басыңқысымен) қажет. Бұлай болмаған күнде бағыныңқылардың өзара үйлесе айтылуы жүзеге аспай қалады.

Басқа ақсақал билер сөйлеп болып, Әбілмәмбет хан енді кезекті Қаз дауысты Қазыбекке бере бергенде, сабырлы Бөгенбай батыр бақандай екі қолын алдына созды (І. Е. ) .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі
Есімше тұлғаларыy барлық тіл деңгейлері тұрғысынан қарастыру
Есімшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы қызметі
Құрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолы
Түсіндірмелі салалас сөйлем құрмалас сөйлемнің бір түрі ретінде
Құрмалас сөйлемнің зерттелуі
Нығмет Сауранбаев туралы
Жүсіпбек Аймауытовтың "Ақбілек" романындағы құрмалас сөйлемдер
Құрмалас сөйлемнің түрлері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz