Конституциялық құқық пәнінен дәрістер


Пән: Құқық, Криминалистика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 58 бет
Таңдаулыға:   

Тақырып № 1: ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ - ҰЛТТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖЕТЕКШI САЛАСЫ.

ҚР конституциялық құқығы құқық саласы, ғылым саласы және оқу тәртібі ретінде ұғынылады.

Құқық саласы ретінде конституциялы қ құқық - бұл қоғам мен ммелекеттің құрылысының негіздерін, атап айтсақ ҚР-ң конституциялық құрылыс негіздерін, жеке адамның құқықтық жағдайының негіздерін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін реттеп, бекітетін нормалардың жиынтығын білдіретін ұлттық құқықтың бір саласы.

Конституциялық құқық саласының пәні болып оның нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар ұғынылады. Олай болса, конституциялық құқықтың реттеу пәні болып келесі қоғамдық қатынастар жиынтығы табылады: ҚР конституциялық құрылысының негіздері, жеке адамның құқықтық жағдайының негіздері, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметі, сайлау құқығы мен сайлау жүйесі, әкімшілік-аумақтық құрылысы, жергілікті өзін-өзі басқарудың негіздері табылады.

Конституциялық құқықтың реттеу тәсілдері - бұл конституциялық құқық нормаларының конституциялық құқықтың пәні болып табылатын қатынастарды реттеп, бекітетін амал, әдістері: тану тәсілі, құқық беру тәсілі, міндеттеу және тиым салу тәсілдері.

Конституциялық құқықтың ұлттық құқық жүйесінде алатын орны ерекше. Ол жетекші, фундаменттік құқық саласы ретінде анықталады. Себебі, 1-ден, ол қоғамның барлық салаларына (экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени т. б. ) әсер етеді, ал өзге құқық салалары тек бір салаға ғана әсер етеді, 2-ден, конституциялық құқық сол салалардың барлық қатынастарын емес, тек негізгі, басты қатынастарын ғана реттеп, бекітеді. Басқа құқық салалары үшін негіз болатын нормалар белгілейді.

Жоғарыда атап кеткеніміздей конституциялық құқық тиісті қоғамдық қатынастарға конституциялық құқықтық нормалар арқылы әсер етеді. Конституциялық құқықтық норма - бұл конституциялық құқықтың пәні болып табылатын қатынастарды реттеп, бекітетін жүріс-тұрыс ережесі. Ол конституциялық құқықтық қатынасқа қатысушылардың жүріс-тұрысын анықтайды. Конституциялық құқықтық нормалардың негізгі нышандары болып келесілер табылады:

  • Конституциялық құқықтық норма - жалпыға міндетті ереже, яғни ол тұлғалар мен түрлі ұйымдарға қоса мемлекеттің өзі үшін де орындалуы міндетті болып табылады.
  • Конституциялық құқықтық норма - нысанды анықталған ереже, яғни олар белгілі бір актінің нысанында шығарылады (мысалы, жарлық, қаулы, заң т. б. ) .
  • Конституциялық құқықтық норма - нақты анықталған жүріс-тұрыс ереже. Бұл оның нақты құқықтар мен міндеттерді, жүріс-тұрысты белгілейтіндігін анықтайды.
  • Конституциялық құқықтық норма - мәжбүрлі ереже, яғни оның орындалуы мемлекеттің ықпалымен, мәжбүр ету күшімен қамтамасыз етіледі.

Конституциялық құқықтық нормалардың өзге құқықтық нормалардан ерекшеліктері:

  • конституциялық құқықтық нормалардың негізінде белгілі бір құқықтық қатынастардың түрі пайда болады.
  • конституциялық құқықтық нормалар реттеу пәні бойынша ерекшеленеді. Яғни, конституциялық құқықтың нормалары ерекше сипаттағы, негізгі, фундаменталдық қатынастарды реттейді.
  • қайнар көздері (бастаулары) бойынша ерекшелінеді, яғни конституциялық құқықтық нормалар басқа құқықтық нормаларға қарағанда мемлекеттің негізгі заңы - Конституцияда көбірек белгіленген. Тиісінше заңи күші де көбінесе жоғарырақ болып келеді;
  • конституциялық құқықтық нормалар бірнеше бағытты қамтуға арналған.
  • конституциялық құқықтық нормалар құрылымына қарай ерекшеленеді. Нақты айтсақ, конституциялық құқықтық нормаларда өзге құқықтық нормаларға қарағанда санкция өте сирек кездеседі.
  • конституциялық құқықтық нормалар көбіне нақты реттеушілік емес, жалпы реттеушілік сипатта болады. Мұнда мақсат, міндет, анықтама, мәртебе, қағида нормалары көп болады.
  • конституциялық құқықтық нормаларға құрылтайшылық немесе ұйымдастырушылық сипат тән.
  • Конституциялық құқықтық нормалардың түрлері:
  1. мазмұны немесе пәні бойынша:
  • конституциялық құрылыс негіздерін бекітетін нормалар;
  • жеке адамның құқықтық жағдайының негіздерін бекітетін нормалар;
  • мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын бекітетін нормалар;
  • жергілікті өзін-өзі басқарудың ұйымдастырылуы негіздерін бекітетін нормалар.
  1. заңи күші бойынша:
  • конституциялық - конституцияда көрініс тапқан нормалар
  • субконституциялық - конституциядан өзге актілерде, яғни заңдарда, Президенттің жарлықтарында, Парламенттің қаулыларында, Үкіметтің актілерінде, орталық және жергілікті атқарушы органдардың актілерінде, маслихаттың шешімдерінде, Конституциялық Кеңестің қаулыларында және т. б. көрініс тапқан нормалар.
  1. әрекет ету аумағы бойынша:
  • республикалық - республиканың бүкіл аумағында әрекет ететін нормалар;
  • жергілікті - республиканың белгілі бір аумағының шегінде әрекет ететін нормалар.
  1. құрамында көрсетілген ережелердің сипатына байланысты:
  • өкілеттік (құқық) беруші нормалар - субъектіге (мемлекеттік органға, қоғамдық бірлестікке, азаматтарға) қандай да бір жағымды әрекет жасауға құқық беретін нормалар;
  • міндет жүктеуші нормалар - адамдардың, қоғамдық бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың белгілі бір жағымды әрекеттер жасау жауапкершілігін, міндеттілігін белгілейтін нормалар;
  • тиым салушы нормалар - қандай да бір әрекеттерді жасауға болмайтындығын белгілейтін нормалар.
  1. құрамындағы көрсетілген ережелердің анықталғандық, нақтылық дәрежесіне байланысты:
  • императивтік нормалар;
  • диспозитивтік нормалар;

Императивтік нормаларға өте бір қатаңдық, өктемдік тән, оның орындалуы біржақты өктем болып келеді. Мысалы, заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады /35бап/. Ал, диспозитивтік нормаларда құқықтық қатынасқа түсушілерге белгілі дәрежеде еркіндіктер беріледі.

  1. құқықтық реттеу механизміндегі атқаратын рөлі бойынша:
  • жалпы - анықтама, қағида, мақсат, міндет нормалары;
  • материалдық - мемлекеттік органдардың және басқа да субъектілердің қызметтерінің негіздерін, олардың құқықтық мәртебелерін, құзыреттерін, құқықтарын т. б. жағдайларын айқындайтын нормалар;
  • процессуалдық - материалдық норманың жүзеге асырылу процедурасын белгілейтін нормалар

Конституциялық құқықтық нормалар конституциялық құқықтың пәні болып табылатын қоғамдық қатынастарды реттейді. Конституциялық құқықтық нормалардың тиісті қоғамдық қатынастарға әсер етуінің нәтижесінде конституциялық құқықтық қатынастар пайда болады. Олай болса, конституциялық құқықтық қатынастар - бұл конституциялық құқықтық нормалармен реттелетін қоғамдық қатынастар.

Конституциялық құқықтық қатынастардың өзге құқықтық қатынастармен ұқсас жалпы белгілері:

  • кез-келген құқықтық қатынас - бұл құқықтық нормалардың қоғамдық қатынастарды реттеуінің нәтижесі;
  • реттеу нәтижесінде тиісті субъектілер арасында заңи байланыс пайда болады;
  • қоғамдық қатынастар арқылы ғана құқық нормалары пайда болады, таратылады.

Конституциялық құқықтық қатынастардың өзіндік ерекшеліктері:

  1. өз мазмұнымен ерекшелінеді, яғни конституциялық құқықтың пәнін құрайтын қатынастар саласында пайда болады, қоғам құрылысы мен мемлекет құрылысының негіздерін білдіреді;
  2. басқа құқықтық қатынастардың негізі болып табылады;
  3. қоғам өмірінің барлық жақтарында болады, тиісінше қоғамдық қатынастардың алуан түрлілігінің көптігімен ерекшеленеді;
  4. кейбір субъектілері ерекше келеді (мемлекет, халық, ұлт т. б. )

Конституциялық-құқықтық қатынастың мазмұны болып субъектілері арасындағы өзара құқық пен міндет нысанындағы заң байланыс табылады. Олай болса, конституциялық құқықтық қатынастардың мазмұнына келесі элементтер кіреді: 1. субъектісі - конституциялық құқықтық қатынасқа қатысушылар (мемлекет, халық, мемлекеттік органдар, ұлттар, әкімшілік аумақтық бірліктер, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, азаматтар, депутаттар, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар) ;

2. объектісі - (мемлекеттік билік, мемлекеттің аумағы, материалдық игіліктер, құнды заттар, мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың әрекеттері, адамдардың жүріс-тұрысы, азаматтардың мүліктік емес құқықтары және т. б. ) ;

3. субъективтік құқықтар мен заңи міндеттер.

Конституциялық құқықтың қайнар көздері дегеніміз конституциялық құқықтық нормалардан тұратын актілер. Кеңірек ашып қарастырар болсақ, конституциялық құқықтың қайнар көздері болып конституциялық құрылыс негіздерін, жеке адамдардың құқықтық жағдайының негіздерін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын, жергілікті ммелекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін реттеп, бекітетін нормалардан тұратын актілер. Олардың екі түрі бар: ішкі қайнар көздер және сыртқы қайнар көздер. Сыртқы қайнар көздерге конституциялық құқықтық нормалардан тұратын Қазақстан Республикасы бекіткен актілер кіреді (халықаралық келісімдер, шарттар, пактілер т. б. ) Ішкі қайнар көздерге конституциялық құқықтық нормалардан тұратын ҚР халқымен, мемлекеттік органдарымен және лауазымды тұлғаларымен қабылданған нормативтік құқықтық актілер табылады. Олар:

  • Конституция;
  • Заңдар: конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізетін заңдар, конституциялық заңдар және жай заңдар
  • Президенттің жарлықтары: конституциялық заң күші бар жарлық, жай заң күші бар жарлық, нормативтік жарлық;
  • Парламенттің және оның палаталарының қаулылары;
  • Үкіметтің қаулылары;
  • Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулылары;
  • Орталық атқарушы органдардың басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
  • Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың нормативтік актілері;
  • Декларация, регламенттер, ережелер . . .

ҚР Конституциясы конституциялық құқықтың негізгі қайнар көзі болып табылады. Ол келесі жағдайлармен түсіндіріледі:

  1. Конституцияда барлық басқа қайнар көздер үшін бастапқы болып табылатын жалпы сипаттағы құқықтық нормалар бекітіледі. Басқа қайнар көздер Конституция нормаларынан туындалады, оның ережелерін нактылайды.
  2. Конституция - онда белгіленген нормалардың мазмұнының кеңдігімен сипатталады. Конституция нормалары қоғам өмірінің барлық салаларына әсер етеді. Ал, басқа қайнар көздер қатынастардың қандай да белгілі бір саласын реттейді;
  3. Конституция басқа қайнар көздерге қарағанда жоғары заңи күшке ие, Қазақстанның бүкіл аумағында тікелей қолданылады;
  4. Конституцияда құқық саласы қайнар көздерінің басқа да көптеген түрлері анықталады. Онда құқықтық актілердің аты, олардың заңдылық күші, қабылдану, күшін жою және жариялау тәртібі белгіленеді;
  5. Конституцияда бекітілген нормалар халықтың мемлекеттік еркін жүзеге асыру нысаны ретінде болады;
  6. Конституция жоғары құқықтық мәні, жоғары қоғамдық маңызы бар акт болып табылады. Оның нормалары әрбір азаматқа, қоғамдық қызметтің барлық субъектілеріне бағытталған.

Тақырып №2 : ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ - ЗАҢИ ҒЫЛЫМ

Конституциялық құқық құқықтық ғылымның бір саласы ретінде оқытылады. Құқық саласы ретінде конституциялық құқық белгілі бір қоғамдық қатынастар тобын, нақты айтсақ ҚР-ң конституциялық құрылыс негіздерін, жеке адамның құқықтық жағдайының негіздерін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін реттеп, бекітсе, ғылым ретінде ол сол бір қатынастарды, олардың реттелу жай-күйін, реттеу тәсілдері мен амалдарын, тарихи даму өзгешеліктерін зерттейді, оларды жетілдіру, дамыту жөнінде ұсыныстар береді.

Ғылым ретінде конституциялық құқықка өз пәні, өз бастаулары, оны оқып-үйренуге өзіндік бағыт-бағдар тән. Конституциялық құқық ғылымы конституциялық кұқықтың қалыптасу, даму, қызмет ету зандылығын зерттеуге бағытталған, конституциялық заңдылыкқа сүйенетін негізгі үғымдар мен санаттарды қалыптастырады және конституциялық құкықтың құқықтық ғылым жүйесіндегі орны мен рөлін анықтайды.

Конституциялық құқық ғылымы жоғарыда айтқандай мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу және қызмеету негіздерін, қағидаларын, мемлекеттік басқару және мемлекеттік құрылыс нысандарын, Қазақстан мемлекеті тетігін (механизмін), мемлекеттік органдардың өзара карым-қатынасының нысандарын, әдістері мен тәсілдерін зерттейді. Мұнымен шектлемей конституциялық құқық ғылымы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары жүйесін де, сайлау жүйесін де зерделеп, саралайды. Сайлау мен референдум мәселелеріне конституциялық құқық ғылымы демократияның қайнар көзі ретінде ерекше назар аударады.

Жеке адамның конституциялық құқықтық жағдайы конституциялық құқық ғылымының өзекті ауқымды мәселесі болып табылады. Адам мен азаматтың құқы, шетел азаматтары, конституциялық нормалардың адам құқының халықаралық құқық нормаларымен өзара байланысы проблемаларын зерттеуге ғылымда айрықша назар бөлінеді.

Зерттеу нәтижесінде конституциялық құқық ғылымы аталмыш мәселелерді жетілдіру, дамыту, тиімділігін көтеру жөнінде ұсыныстар береді. Тиісті қоғамдық қатынастарды зерттеп қана қоймай конституциялық құқық ғылымы оларды реттейтін нормалардың жай-күйін, кемшін тұстары мен олардың тиімділігін де зерттейді. Зерттеу нәтижесі жаңа құқықтық қатынастардың пайда болуына, өзгеруіне немесе жойылуына әсер етуі мүмкін. Конституциялық құқық бүкіл құқық жүйесінің жетекші, фундаменттік саласы болғандықтан жаңа конституциялық-құқықтық қатынастардың, жаңа конституциялық-құқықтық нормалардың пайда болуы басқа құқық салаларына да өзгерістер алып келуі ықтимал. Сондықтан конституциялық құқық ғылымы тиісті мәселелерді басқа құқық салаларымен салыстырмалы, байланысты жағдайда зерттейді деп айтуға болады. Жоғарыда айтқанымыздай зерттеу нәтижесі бойынша ғылым ұсыныстар береді, халық өкілдігі ұлттық, халықтық және мемлекеттік егемендік, мемлекеттік басқару мен құрылым, әкімшілік-аймақтық бөлініс нысандары т. б. сияқты кешенді проблемалардың тұжырымдамасын жасайды.

Жоғарыда аталғандарды қорыта келе, конституциялық құқық ғылымының зерттеу пәні болып конституциялық құқық саласы табылады деп айтуға болады. Олай болса, бір ауыз сөзбен айтқанда ғылым ретіндегі конституциялық құқық - бұл конституциялық құқық саласын зерттейтін ғылыми ережелердің жиынтығы. Ал, конституциялық құқық ғылымының зерттеу тәсілдері - бұл жоғарыда аталған мәселелерді зерттеудің амал, әдістері. Конституциялық құқық ғылымының зерттеу әдiстеріне келесі әдістер кіреді: тарихи, қисындық, статистикалық, философиялық, салыстыру, талдау, синтез, анализ, дедукция, индукция, т. б.

Конституциялық құқық ғылымының қайнар көздері. Теориялық қорытындылар бере отырып конституциялық құқық ғылымы қайнар көздердің кең көлеміне сүйенеді. Ғылымның қайнар көзі ретінде ғылыми тану негіздерін құрайтын факторлар ұғынылады. Мұндай қайнар көздерге конститциялық құқықтық нормалардан тұратын нормативтік құқықтық актілер, ғылыми еңбектер, . . . жатады. Ғылым "конституциялык, құқык" деп аталғандықтан, оның негізгі қайнар көзі болып Конституция табылады. Ол Конституцияның негізінде езінің басты теориялық ережелерін қалыптастырады. Сонымен қоса өзге актілер де конституциялық құқық ғылымының қайнар көздері болып табылады. Бұл - конституциялык, құқық ғылымының нормативтік құқықтық қайнарлары.

Конституциялық құқық ғылымының келесі бір қайнар көзі - отандық, сондай-ак, шетелдік ғалымдардың конституциялық құрылыстың философиялық, зандық, саяси, әлеуметтік және басқа мәселелеріне арналған, осы салаға тікелей немесе жанамалай катысты еңбектері.

Конституциялық құқық ғылымының басқа бір қайнар көзі - практика, яғни конституциялық құқықтық нормалар мен институттардың әрекет етуі негізінде өмірде болып жатқан процесстер. Ғылыми танудың қайнар көзі болып практика табылмаса, ғылым қажетті шамада өзінің міндеттерін орындау алмас еді. Сондықтан, ғылымның қайнар көзі ретінде мемлекеттік органдардың, конституциялық құқықтық қатынастың басқа да субъектілерінің нақты практикалық қызметі, бүкіл қоғамдық-саяси қызмет саналады.

Тақырып №3. ҚР КОНСТИТУЦИЯСЫ - МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ ЗАҢЫ.

Конституция - бұл мемлекет өмірінің негізгі бастауларын - мемлекеттің құрылысын, саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесінің негіздерін бекітетін, адамның қоғамдағы алатын орнын байқататын мемлекеттің негізгі заңы.

Конституцияда адам мен азаматтың табиғи және ажырамас құқықтары байқалады және бекітіледі. Олардың негізінде мемлекеттің құрылымы мен нысаны, билік тәртібі орнығады.

Конституцияның негізгі мәні мынада:

- Конституция ағымдағы заңнаманың заңи базасын құрайды, яғни Конституцияның заңи жоғарылығы танылады. Бұл дегеніміз, жаңа Конституция қабылданған жағдайда өзге барлық заңнама оған сәйкестендіріледі. Барлық құқықтық актілер оған сәйкес болуы тиіс, ал мұндай талапқа жауап бермейтін барлық актілер заңсыз деп танылады және қолдануға жатпайды;

- сондай-ақ, Конституция - бұл қоғамның барлық топтарының мүдделерін қамтамасыз ететін заң, себебі, Конституция таптан (таптардың мүддесінен) жоғары тұратын, қоғамның барлық мүшелері үшін теңдей міндеттеме белгілейтін құжат болып табылады. Конституция - бұл заңдар үшін заң болып табылады.

Конституция - конституциялық құқықтың негізгі қайнар көзі болып табылады. Конституцияның келесідей белгілері оны өзге құқықтық актілерден айырады:

- ерекше жолмен қабылданылуы. Конституция - халықтың тікелей ерік білдіруінің көрінісі, ол референдум арқылы Қазақстан халқымен қабылданған бірден-бір акт болып табылады.

- ерекше тәртіппен қорғалуы. Конституция ерекше қорғалатын акт болып табылады. Конституция бойынша оны қорғау Конституцияның мызғымастығының кепілі ретінде Президентке, конституциялық қадағалау органы - Конституциялық Кеңеске жүктелген. Сонымен қатар, Республика Конституциясын сақтау әркімнің конституциялық міндеті болып табылады.

- қоғамның барлық субъектілеріне бағытталуы. Конституция бірмезетте қоғамның барлық субъектілерінің жүріс-тұрысын реттейді, ал өзге құқықтық актілер қоғамның нақты бір субъектілеріне арналып шығарылады. Мысалы, сайлау туралы заң, азаматтық туралы заң т. б.

- конституциялық реттеу пәнінің ерекшелігі. Конституция қоғамның ең негізгі, фундаменттік қатынастарын реттейді. Ол қатынастарға жалпы қамтушылық сипат тән.

  • күрделендірілген тәртіпте өзгерістер мен толықтырулар енгізу. ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу ерекше күрделі тәртіпте жүзеге асырылады. Ол екі түрлі жолмен жүргізілуі мүмкін: Парламентпен және республикалық референдум арқылы. Парламент Конституцияға өзгертулер мен толықтыруларды Президенттің бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен енгiзедi. Конституцияға өзгертулер мен толықтыруларды референдум арқылы енгізу тәртібі Конституцияның 91 бабында реттелген.
  • Конституцияға құрылтайшылық сипат тән. Конституцияда басқа актілердің көптеген түрлері анықталады. Онда құқықтық актілердің аты, олардың заңдылық күші, қабылдану, күшін жою және жариялау тәртібі белгіленеді;
  • заңи қасиеттері:

1. Конституцияның жоғарылығы - оның нормаларына, қағидаларына бүкіл мемелкеттік, қоғамдық құрылымның, азаматтардың қоғамның барлық салаларындағы қызметтері сай келуі тиіс. ;

2. жоғары заңи күші - мемлекетте қабылданған барлық заңдар мен өзге нормативтік актілер Конституцияға қайшы келмеуі керек;

3. тікелей қолданылуы. Бұл Конституцияның негізінде қандай да бір мәселелер бойынша нақты салалық нормалардың шығарылғанына немесе шығарылмағанына қарамастан оның нормаларының тікелей қолданыла беретінін білдіреді.

4. бүкіл құқықтық жүйенің ядросы болып табылатындығы - Конституция бүкіл құқық жүйесінің ядросын құрайтын нормаларды белгілейді, оның нормалары ағымдағы заңнаманың барлығы үшін бағыт беруші, фундаменттік рөл атқарады;

5. базалық мәні, яғни Конституция ағымдағы заңнама, заң шығару қызметі үшін база болып табылады, заңдар және басқа нормативтік актілер Конституцияның негізінде қабылданады, өзгертіледі және күшін жояды.

Конституцияның функциялары:

Құрылтайшылық функция. Бұл функция Негізгі заңымыздың мемлекеттің конституциялық құрылысының, саясатының негізгі қағидаларын және бастауларын бекітетінін көрсетеді. Конституция азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін бекітеді, сондай-ақ біздің қоғамымызға тән меншік нысандарын бекітеді. Қоғамдағы барлық құқықтық қатынастар реті Конституциямен анықтылады және одан туындалады. ҚР-ң негізгі заңының құрылтайшылық функциясын осыдан байқауға болады.

Ұйымдастырушылық функция. Конституция барлық мемлекеттік органдардың жүйесін, басты функцияларын және қызметінің нысандарын бекітеді, яғни Конституция бүкіл мемлекеттік механизмнің жергілікті өзін-өзі басқарумен үйлесімдікте тиімді, ұйымдық түрде қызмет етуінің негіздерін қалайды.

Құқықтық функция. Конституция бүкіл құқықтық жүйенің ядросы ретінде болады, түрлі құқық салалары үшін негіз болып табылатын маңызды қағидаларды заңи белгілейді, түрлі құқық салаларын біртұтас құқықтық жүйеге біріктіреді.

Сыртқы саяси функция. Ол Конституцияның мемлекеттің сыртқы саяси қызметінің де фундаменті ретінде болатындығын білдіреді, Конституция Қазақстанның сыртқы қатынаста ұстанатын негізгі қағидаларын белгілейді.

Конституцияның негізгі түрлері:

1. Нысаны бойынша: жазылған - мазмұны әріптермен, басқа да белгілермен жазылған мемлекеттің негізгі заңы. Өз кезегінде олар кодификацияланған немесе заңдар жинағы түрінде болуы мүмкін. Жазылмаға н - бір құжатқа жинақталмаған, мазмұны жазбашамен қоса ауызша сипаттағы ережелерден де құралған Конституция.

2. Конституцияларды өзгерту және жою әдістеріне қарай: қатты Конституция - ерекше күрделендірілген тәртіппен өзгертіліп, толықтырылатын конституция, жұмсақ Конституция - жай заң қабылдау тәртібінде өзгертіліп, толықтырылатын конституция;

3. Қабылдау тәртібі бойынша:

1) октроированная - сыйғы тартылған конституция,

2) халықтық: референдумда қабылданған конституция; өкілді органмен (Парламентпен) қабылданған конституция; арнайы құрылған органмен қабылданған конституция.

4. Мәні бойынша : шынайы - нормалары өмірде жүзеге асатын, шындыққа сай келетін конституция, шынайы емес - шындықпен үйлеспейтін, ережелері тек жазылған күйде ғана қалатын конституция;

5. Әрекет ету мерзімі бойынша: тұрақты - әрекет етуі шексіз ұзақ мерзімге есептелген конституция, уақытша - әрекеті нақты мерзімге есетелген конституция, т. б.

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясының дамуы бірнеше кезеңнен өтті. Оның келесідей 3 кезеңін көрсетуге болады:

1. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан 28 қантар 1993 жылға дейінгі Қазақ ССР Конституциясы кезеңі;

2. 28 қантар 1993 жылдан 30 тамыз 1995 жылға дейінгі аралықты қамтитын тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы кезеңі;

3. 1995 жылдың 30 тамызынан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның екінші Конституциясы.

1993 жылғы Конституцияның қабылдану себептері:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Болашақ мұғалімдерді мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беруге даярлау
Құқық норманың негізгі сипаты
Батыс Европа және АҚШ - тағы саяси - құқықтық iлiмдер
Саяси жүйе теориясының авторы
Мемлекеттік опасыздық
Электрондық оқу-әдістемелік кешендері
Үкіметтің саяси жауапкершілігі тек парламент алдында
«Мемлекеттік құқық теориясы» пәні бойынша дәріс сабақтарының контактілік мәліметтері
ҚҰҚЫҚ ТАРИХЫНЫҢ ДАМУ МЕН ҚАЛЫПТАСУЫ
Демократиялық саяси режим белгілері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz