Атаулы сөйлем


Жоспар:
- Кіріспе
- Атаулы сөйлем. Оның өзіндік ерекшеліктері.
- Негізгі бөлім
2. 1. Қазақ тілі грамматикасы оқулығы бойынша атаулы сөйлемнің жасалуы.
2. 2. Р. Әмірдің пікірі бойынша атаулы сөйлемнің жасалу жолдары.
- Қорытынды
- Атаулы сөйлемдерді қолданудағы басқа да ғалымдардың пікірлері.
IV. Қосымша
- Тақырыпқа сай тесттік тапсырма. Атаулы сөйлем. Оның өзіндік ерекшеліктері.
Құрылысы жағынан тұрлаулы мүшеге талданбайтын, мағынасы жағынан оқиғаны, құбылысты, болмысты тек атап қана көрсетіп, ол туралы баяндамайтын, өзіне тән айырым интонациясы бар жай сөйлемнің түрін атаулы сөйлем дейміз. [1; 131-б. ] Мысалы, Шілде. Жұма күні. Бүгін патша мұрагері келетін күн. Бұл анықтама қазақ тіл білімінде атаулы сөйлемге берілген басты сипаттама болып табылады.
Ғалым С. Аманжоловтың пікірінше атаулы сөйлем шығу тегі, яғни генетикасы жағынан алғаш пайда болған сөйлемдер қатарына жатады. Сол себепті де бұл сөйлем мифологиялық объектің көрінісі болып табылады. Сөйлемдер эволюциясының нәтижесінде, сондай-ақ сөйлем мүшелері айқындалып, көбейе бастаған кезде де бір-бірінен ажырамаған. Бұны біз бірінші ерекшелік деп танып отырмыз.
Ал екінші ерекшелігі атаулы сөйлем басқа да жай сөйлемдермен салыстырғанда ешқайсысына ұқсамайды. Нақтырақ айтсақ, оның мағыналық, әрі құрылыстық жақтары өзгешелеу. Мәселен:
а) аталған сөйлем тұрлаулы мүшелерге талданбайды, яғни сөйлемге тірек мүше болатын сөзді бастауыш я баяндауыш деп дөп басып айтуға келмейді. Дегенмен атау септігінде тұрып, зат есімнен болса, онда сөзді бастауыш ыңғайындағы тұрлаулы мүше дегендей пікірлер де жоқ емес. Себебі ол тек сыртқы формасына қатысты айтылып жүр.
ә) ең бастысы баяндау қасиеті болмайды. Солай бола тұрса да, сөйлемге сәйкес белгілері жетерлік. Олар:
- интонация,
- оқиғаның,
- құбылыстың шындыққа, шаққа қатыстығы.
Үшінші ерекшелігі атаулы сөйлем болу үшін мынадай шарттар бар:
- Сөздің не сөз тіркесінің сөз болып отырған оқиғаға, шындық болмысқа қатысы болуы керек;
- Өзінен кейінгі атаулы емес сөйлеммен сабақтас болуы керек;
- Бір негізді сөйлем болуы тиіс;
- Арнаулы коммуникативтік мақсаты болуы шарт.
Негізгі сөз бен көмекші сөздің байланысынан туған сөйлемде, бір сөзден тұратын атаулы сөйлемге қарағанда ой күрделірек болады. Ал сөз тіркесі арқылы жасалған сөйлемде бейнелік әсер күшті болады. Бұл төртінші ерекшелігі. Мысалы:
Наурыз.
Наурыз айы.
Наурыз айының басы.
Наурыз айының мерекеге толы бас кезі.
Бесінші ерекшелігі атаулы сөйлемнің бір негізді болып келуі. Бұл сөйлемдер арасында сирек құбылыс, өйткені басқа сөйлемдер көбінесе екі негізді болып келеді.
2. 1. Қазақ тілі грамматикасы оқулығы бойынша атаулы сөйлемнің жасалуы.
Жалпы атаулы сөйлемнің жасалуы жайлы сөз қозғалғанда, оның тірек мүшесіне басты назар аударғанымыз жөн. Сол себепті де аталған еңбекте ұйтқы сөз қай сөз табынан болатындығын анықтау керек.
1. Атаулы сөйлемге тірек мүше болатын сөз көбінесе зат есімнен жасалады. Дегенмен кез-келген атау тұлғалы зат есімдер аталған құрылым құра алмайды. Мекен, мезгіл, табиғат болмысы, бұйым атаулары атаулы сөйлем жасауға қатысады. Мысалы: Науан Хазірет мешіті. Видеозал. Толқыған көңіл. Мүминдер. Бұл мысалдар арқылы конкретті зат атаулары қолданылатынын көре аламыз.
2. Атаулы сөйлемнің арқау сөзі матаса байланысқан сөздермен тіркескен көмекші есімнен де болады. Бұл сөйлемдерде көбінесе бүтіннің бөлшегі ғана көрсетіледі. Мысалы: Май айы. Таң алды. Ауыл Нұра бойында. Осы мысалдағы «Таң алды» деген қолданыс белгілі бір мезгілдің жуық шамасын ғана білдіреді.
3. «Бір» деген белгісіздік есімдігінен де, матасу арқылы атаулы сөйлем жасалады. Мысалы: мамыр айы еді. Күн әлі жылына қоймаған күндердің бірі.
4. «Кейде атаулы сөйлем мезгіл мәнді үстеуден, шылаулы сөз тіркесінен де болады», - деп [2; 133-б. ], мынадай мысалдар келтірген: Қыстыгүні. Сақылдаған сары аяз. Бес төсектің иелері бәріміз де қазір үйдеміз.
Сонымен, атаулы сөйлемнің жасалу жолдарында қателеспеу үшін, негізінен басшылыққа алатын оқулығымыз академиялық грамматиканы баса назарда ұстауымыз керек. Дегенмен аталған жасалу жолдарынан басқа да жасалу жолы бар деуші ғалымдар да бар.
2. 2. Р. Әмір пікірі бойынша атаулы сөйлемнің жасалу жолдары.
Р. Әміров: «Атаулы сөйлемдерді біз негізгі мүшенің грамматикалық түр-тұрпатына қарай топтаймыз», - дей келе [3; 98-б. ], оларды былай бөледі:
1. негізгі мүшесі атау тұлғалы зат есімнен болған атаулы сөйлем;
2. негізгі мүшесі сын есімнен болған атаулы сөйлем;
3. негізгі мүшесі -ған, -ген, -тын, -тін тұлғалы есімшеден болған атаулы сөйлем;
4. негізгі мүшесі тұйық етістіктен болған атаулы сөйлем;
5. негізгі мүшесі табыс септіктегі сөзден (зат, сын есім, есімше, тұйық етістік) болған атаулы сөйлем.
Бұлай бөлуінің бірден-бір себебі сөйлемдердің құрамында атау негізінде жұмсалған тірек мүше болуы. Келтірген топшалаудың қай-қайсысын алсақ та, осы заңдылыққа сүйенген. Сондай-ақ бас мүше ретінде қолданған сөзбен қатар тұрып, бірақ тірек мүшеге бағыныңқылық қатынаста тұратын сөздер де қолданылады. Мысалы, Жаздың ыстығы-ай! Күтпеген жерде жолығуы-ай!
Жоғарыда келтірілген жасалу жолдарын саралайтын болсақ, кез-келгені белгілі бір мағынаға ие. Мәселен атау тұлғалы зат есімнен жасалған сөйлем өн бойында оқиғаны, бейнені қысқа, панорамды етіп хабарлауды мақсат етеді. Мысалы, Соғыс басталар жыл, нағыз қызыл балақ бозбаламыз.
Сонымен қатар затты, құбылысты эмоциялы атау үшін қолданылады. Мысалы, Шіркін, осы ауылдың жастары-ай! Ойын-сауық десе жанып кетеді (С. Мұрат) .
Ал тірек мүшесі сын есімнен жасалған атаулы сөйлемдер субъектіге тән сын, сапаны эмоция арқылы білдіру үшін қолданылады. Олардың жасалу жолын ішінара бірнеше топқа бөлуге болады:
- Негізгі мүшедегі сын есім тәуелдік формада жұмсалып, оның субъектілі мағыналы сөзбен, нақтырақ айтсақ, ілік септігі арқылы жасалған анықтауышпен байланысуы үшін қолданылады. Мысалы, Менің оқығаным-ай! Сенің келгішің-ай!
- Негізгі мүшесі -ғыр, -гір, -қыр, -кір жұрнағы арқылы жасалған атаулы сөйлем. Мысалы, Қыз болмай кеткір. Көзі жаңа ашылса да, жылтырға құмар. Бұндай сөйлемдер тілеу, сөгіс мәнді білдіру амалдары екенін автор орынды ескертеді. Себебі Р. Әміров атаулы сөйлемдерді жұмсалуына қарай үш топқа бөледі:бейнелеу мағыналы (Түн. Шалқығаны-ай) ; эмоциялы мағыналы (Келуін!) ; тілеу, сөгіс мәнді (Өркенің өскір, алтыным! Желкең қиылғыр!)
Іс-әрекет жайлы пікірді эмоциямен білдіру қажеттігінен туған атаулы сөйлемнің жасалу жолдары:
- Тірек мүшесі -ған, -ген, -тын, -тін тұлғалы есімшеден болған атаулы сөйлемдер эмоциямен байланысты. Мысалы, Күні бойы сарылып үйде отырғаны! Жай отырмайды гой, бірдеме жазып отырады.
- Дәл сондай мақсатта тұйық етістіктен де болады. Мысалы, Бастықсымақтың менменсіп кетуі-ай!
- Зат есім, сын есім, есімшенің табыс септігі арқылы түрленуінен жасалады. Мысалы, Мына жердің тауын-ай! Жүктің ауырын! Мүләйімсуін! Балаларға қорған болып, кісімсіп тұрғанын (М. Әуезов) .
Жоғарыда аталған материалдарды саралай келе, ғалымдар «айрықша құрылымды сөйлемдердің тағы бір түрі - субъект-предикаттық қатынасы ілік септігі мен тәуелді тұлғадағы сөз арқылы көрінетін генитив сөйлемдер» бар екендігін дәлелдейді. Дегенмен бұл сөйлемдер әлі де өз орнына ие бола алмай жүр. Мысалы: Мақтануын-ай! Білмей қалғаным-ай! Армандауы!, т. б.
Ғалым Ж. Ибраимова «Қазақ тіліндегі мүшеленбейтін сөйлемдер» атты авторефератында Р. Әмірдің «Сөйлемдер ылғи бастауыш-баяндауышты қатынасты құрамнан құрала бермейді. Тілімізде бұлардан грамматикалық ерекшелігі бар атаулы сөйлемдер деп аталатындары бар», - деген пікірі мен мысалдарын келтіреді (Жаздың ыстығы-ай! Күтпеген жерден жолығуы-ай!) . Осы ретте тілші-ғалым Ж. Жакупов қарсылығын білдіріп, генитив сөйлемде субъект-предикаттық қатынас болса, ол неге атаулы сөйлем болатындығын зерттейді. Мәселен, «Күні бойы сарылып үйде отырғаны! Жүгіріп зорға жеткенім!» сияқты сөйлемдерді семантикалық жағынан субъект пен оның іс-әрекетін білдіреді, сондай-ақ, екіқұрамды сөйлеммен ақпараттық тұрғыдан тең түсетіндігін де айтады. Сондықтан бұндай генитивтерді атаулы сөйлемдерден гөрі, бірқұрамды, нақтырақ айтқанда жақсыз сөйлемдер қатарында қарастырғаны жөн деп санайды. Мысалы: Күн суық. - күннің суығын-ай! Ойламаған жерден жел тұрды. - ойламаған жерден жел тұрғаны-ай.
Сондықтан Р. Әміровтың пікірі бойынша тірек мүшесі -ған, -ген, -тын, -тін тұлғалы есімшеден болған эмоциямен байланысты құрылымдар атаулы сөйлемдер болатындығына күмән туындайды.
3. Атаулы сөйлемдерді қолданудағы басқа да ғалымдардың пікірлері.
Ғалым . Ж. Ибраимова «Қазақ тіліндегі мүшеленбейтін сөйлемдер» атты авторефератында мүшеленбейтін сөйлемдер қатарына атаулы сөйлемдерді енгізіп, оған өзіндік талдау жасайды: « . . . біз жұмысымызда атаулы сөйлемдерді өз ішінде мынандай топқа саралауға болатынын байқадық», - дей келе[4; 12-б. ], мынадай топтарға бөледі:
- қалыпты атаулы сөйлемдер;
- сөйлем ретінде танылмай жүрген сөздер мен сөз тіркестері. Ол өз ішінен:түсінік атаулы; тақырып атаулы деп бөлінеді.
- Қалыпты атаулы сөйлем жоғарыда көрсетілген «Қазақ тілінің грамматикасы» 2-том, синтаксис. - Алматы, 1967 жылы шыққан оқулықтағымен пара-пар. Түсінік атаулы сөйлемнің бір ерекшелігі өзінен кейінгі сөйлемді атап қана қоймай, сонымен қатар оқырманға философиялық ой-толғау енгізуімен ерекшеленеді. Бұл сөйлем түрі сонысымен де құнды болып табылады. Мысалы: Көкшетау! Дүниеде мұндай әдемі жер бар ма екен?; . . . Қайран Шолпан! Қазақ қыздарынан шыққан бірінші ақын еді. Келтірілген мысалдар, ауызша айтылатын болса, қаратпа сөзге де ұқсап кететін жері бар, себебі интонациялық ұқсастық бар. Тақырып атаулы сөйлем жалпы тыңдаушы не оқырманды мәтін мазмұнымен таныстыру үшін қолданылады деуге болады. Нақтырақ айтқанда салмақты ақпараттық жүк көтеретін сөйлем болып келеді. Мысалы: Қаңғыбас балалар . . . Оларды қамқорлыққа кім алмақ?; Маскүнемдік . . . Онымен күресудің жолы қайсысы?
Жоғарыда көрсетілген атаулы сөйлемді топтау түрі соңғы жылдардың үлесіне тиген зерттеу жұмыстары негізінде пайда болды. Ал бұрынырақ жарық көрген пікірлер де жоқ емес.
«Атаулы құрамындағы ұйытқы сөз болған оқиғаны атап қана өтеді де, сол оқиғаға кіріспе ретінде қолданылады», - дейді М. Хасенов [5; 90-б. ] . Сондай-ақ аталған сөйлемге арқау болатын предикаттық негіздерді:
- әрдайым атау септігіндегі (кейде өздігінен атаулы сөйлем жасай алмайтын, басқа сөзбен тіркесіп, атаулы сөйлем жасай алмайтын) зат есімдер. Мысалы, Бұйрат. Май айы;
- басқа сөздермен матаса байланысып, тәуелдік формада тұратын көмекші есімдер. Мысалы, Таң алды. Мамыр айының басы;
- өзін анықтайтын сөзден не сөздерден кейін тұрып, тәуелдік формада қолданылатын «бір» белгісіздік есімдігі. Мысалы, Соғыстан кейінгі жылдардың бірі;
- Мезгіл мәнді үстеу, шылаулы сөз тіркесі», - деп таниды ғалым.
Атаулы сөйлемдердің семантикалық құрылысы белгілі бір жанды не жансыз заттың бар екендігін, күйін білдіреді.
Негізінен аталған сөйлемдер басқа жай сөйлемдерден ерекше десек те, оның толымсыз сөйлемдерге ұқсайтын жайлары бар: бірі - атаулы сөйлемнің предикаттық негізі қай сөз табына жататындығын ажырату шарт. Екіншісі - формалық ұқсастық. Оны мына диалог арқылы көруге болады:
- Қайдан келесің?
- Қаладан.
- Қашан бардың?
- Кеше.
Мұндағы соңғы сұрақтың жауабы атаулы сөйлемге ұқсайды. Себебі диалогтық қолданысқа сай баяндауышы түсіп қалғандықтан сөйлем сөйлеу тіліне сай ықшамдалған.
Атаулы сөйлем мен толымсыз сөйлемдерді айыру белгілері мынадай:
Толымсыз сөйлемнің айтылмаған не жазылмаған тұрлаулы мүшесінің орнын толтыруға болады, оның бірден-бір жолы сұрақ қою. Сондай-ақ, атаулы сөйлемге предикаттық белгі мен субъект мағынасы тірек сөз арқылы беріледі.
Ғалым С. Аманжоловтың атаулы сөйлемге қатысты зерттеуі бұл бір тосын дүние десе де болады. Оның пікірі көп ғалымдардың ойларына қарама-қарсы. Мәселен, «Атаулы сөйлем тұрлаулы мүшеге талданбайды, яғни сөйлемге тірек мүше болатын сөзді бастауыш я баяндауыш деп тап басып айтуға келмейді»[2; 130-б. ] . Бұл біздің нақты сүйенетін оқулығымыздан келтірілген үзінді болса, «атаулы сөйлемнің баяндауышы атау түріндегі зат есімнен болады да, басқа өз алдына ерекше бастауышы болмайды», - деген тұжырымды аталған автордан кездестіреміз [1; 171-б. ] .
Р. Әміров атаулы сөйлемдерді жұмсалуына қарай үш топқа бөлсе, С. Аманжолов оларды мағына мен құрылыс жағынан үш топқа бөледі:
- Жай зат атау. Мысалы, Көше. Қала. Касса.
- Меншікті атау (көбінесе газет, журнал және кітаптардың аттары) . Осы арада тағы бір қайшылық бар. Академиялық грамматикада: «мекеменің маңдайшасына жазылған атаулар, газет-журнал, кітап аттары сөйлем бола алмайды, өйткені бұларда хабарлау мақсаты көзделмейді, оқиғаға қатысты жағдай көрсетілмейді», - деген дәлелді пікір бар [2; 131-б. ] .
- Әліптемелі атау (суреттеу, зат атауы) [1; 171-172-б. ] . Мысалы, Егіс даласы. Қара бұйра жер, көк торғын аспан. Ұлы дүрмек. Ыстық күн. Қайнаған дала (Ғ. Мұстафин, «Миллионер») . Осы арада топшалауды үшке дейін созбай 1 мен 3 қосуға болушы еді. Себебі жай зат атаулы сөйлемде де суреттеу бар, соңғы пунктіде де дәл сол жағдай қайталанады. Бір айырмашылығы 3 топтағы сөйлем түрінің мағынасы тереңірек, мазмұндырақ болып келеді.
С. Аманжоловтың еңбектерін саралаудан өткізген ғалымдардың: «Қазіргі күні атаулы сөйлемнің табиғаты да шешілді дегенге келмейді. Шындығында, оның жай сөйлемнің құрамында келуі бірсыпыра талдаудан өтті де, құрмалас сөйлем құрамындағы ерекшелігі талдауға ілінбей жүр [6; 53-б. ] », - деген пікірі орынды. Бұл қазіргі қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі болары анық.
4. Тақырыпқа сай тесттік тапсырма
- Құрылысы жағынан тұрлаулы мүшеге талданбайтын, мағынасы жағынан оқиғаны, құбылысты, болмысты тек атап қана көрсетіп, ол туралы баяндамайтын, өзіне тән айырым интонациясы бар жай сөйлемнің түрін қалай атаймыз?
а) Жалаң сөйлем.
b) Жайылма сөйлем.
с) Толымды сөйлем.
d) Толымсыз сөйлем.
е) Атаулы сөйлем.
- Август айы. Есіл өзенінің бойы. Аталған сөйлемдегі шақтық мағына қалай берілген?
а) Нақ осы шақ.
b) Келер шақ.
с) Өткен шақ.
d) Синтаксистік шақ.
е) Морфологиялық шақ.
- Генетикалық шығу тегі жағынан бірінші пайда болған жай сөйлем түрін атаңыз.
а) Жақты сөйлем.
b) Жақсыз сөйлем.
с) Атаулы сөйлем.
d) Толымды сөйлем.
е) Толымсыз сөйлем.
- Атаулы сөйлем мағынасы жағынан қандай құрылысқа жақын?
а) Инкорпорациялық құрылыс.
b) Корпорациялық құрылыс.
с) Алғашқы қауымдық құрылыс.
d) Инкорпорптивтік құрылыс.
е) Бикорпорациялық құрылыс.
- Р. Әміровтың пікірі бойынша атаулы сөйлемді жұмсалуына қарай неше топқа бөлеміз?
а) 1.
b) 2.
с) 3.
d) 4.
е) 5.
- Р. Әміровтің пікірі бойынша, бұл сөйлем жұмсалуына қарай қандай сөйлем түріне жатады?
Өркенің өскір, алтыным!
а) Бейнелеу.
b) Эмоциялы.
с) Сөгіс, тілек мағыналы.
d) Суреттеу.
е) Екі негізді сөйлем.
- Атаулы сөйлемнің баяндауышы қандай сөз табынан жасалады?
а) Етістік.
b) Үстеу.
с) Есімдік.
d) Зат есім.
е) Сын есім.
- Қай сөйлемнің бейнелік әсері күштірек?
а) Наурыз.
b) Наурыздың ортасы.
с) Наурыз айы.
d) Наурыз айының басы.
е) Наурыз айының мерекеге толы бас кезі.
- Түн. Айлы емес, қараңғы түн, жаз түні.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz