Нұрпейіс Байғанин - халық ақыны


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
Курстық жұмыс
Тақырыбы: Нұрпейіс Байғанин - халық ақыны
Орындаған: КО - 31 тобының студенті
Ибрагимова З.
Тексерген: оқытушы Бейсентай А.
Қарағанды 2014
Жоспар:
Кіріспе
Негізгі бөлім
- Нұрпейіс Байғанин өмірі
- Шығармашылығы
- Шығармаларының тілі мен көркемдік ерекшеліктері
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Курстық жұмыс тақырыбының маңыздылығы . Қазақ совет поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевпен ақындық дарындылығы жағынан болсын, жас жағынан болсын тетелес келетін ақын - Нұрпейіс Байғанин. Ол өзінің 85-тен аса жыл жасаған өмірінің 70-ке жақын уақытын халыққа қызмет етумен өткізді, халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырлады.
Қуанып сол дауылды қарсы алғанмын,
Дауылдың жаршысы боп жар салғанмын.
Күй шертіп, ән шырқаған, өлең айтқан
Заманның жаршысы боп саналғанмын.
Нұрпейіс көп жасаған, көп жырлаған ақын. Ол өзінің революциядан бұрынғы елу жылдан аса өмірінде де, совет тұсындағы отыз жылдық өнер жолында да неше алуан жыр-дастандар шығарады. Үкімет Нұрпейістің көп жылғы ақындық еңбегін өте жоғары бағалап, 1939 жылы Нұрпейіс Байғанинге «Қазақ ССР-ның исскуствоға еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ береді және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының грамотасымен марапаттайды.
Нұрпейіс Байғанин - ерекше көркем, айрықша әсерлі, аса өнімді шығармашылық иесі, жыраулық дәстүр мен жазба әдебиет арасындағы алтын көпір іспетті сөз зергерлерінің бірі. Екі кезең әдебиетін ұштастырудағы маңызды орын осы ақын шығармашылығына тиесілі. Ол қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығының ең белсенді үдерісін жасаушылардың қатарынан саналады.
2010 жылы белгілі ақын, бірегей шығармашылық тұлға Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 150 жыл толды. Осы айтулы мерейтой қарсаңында академик С. Қасқабасов басқаратын Әдебиет және өнер институты Н. Байғанин шығармаларының 5 томдық толық жинағын дайындады (құрастырған - осы жолдардың авторы) . 1956 жылдан бергі жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ақын шығармаларының толық жинағы жарық көрмегенін ескерсек, бұл шараның ғылыми маңызы қаншалықты зор екенін ұғынуға болады. Жинақтың дайындалу барысына Н. Байғаниннің немересі Ерболат Момынұлы Байғанин басқаратын “Қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы қор” ұжымы қаржылай қолдау көрсетті.
Н. Байғанин шығармаларының І-томында ақынның бұған дейінгі басылымдарда жарық көрген барлық өлеңдерін толық қамтуға талпыныс жасалды. Сонымен қатар бабаның бұрын еш жерде жарияланбаған бірнеше өлеңі (“Окопқа”, “Кектің даусы”, “Еңбекші елім, құлақ сал”, “Отан туралы жыр”, “Мұғалімге”, т. б. ) академияның қолжазба қорларынан алынып, жинаққа енгізілді. Жекелеген өлеңдер мерзімді басылымдардан алынып, ақын шығармаларының жинағына алғаш рет жіберілді. ІІ-томда ақынның толғаулары мен дастандары, айтыстары мен сөз қағыстырулары, жоқтаулары мен нақыл-термелері қамтылды. Қолжазба қорларында сақталған нұсқалар негізінде дайындалған “Ел тілегі”, “Өткен күн”, “Даңқты жиырма сегіз” секілді көлемді толғау-дастандар, “Нақыл терме”, “Жұмбақ өлеңдер”, “Жоқтаулар” секілді әртүрлі жанрдағы бірқатар туындылар, ақынның арнау-тілектері мен бірнеше сөз қағыстырулары осы томда алғаш рет баспа жүзін көріп отыр.
Н. Байғанин шығармаларының ІІІ және ІV-томдары батырлық жырлардың ақын жырлаған нұсқаларын қамтиды. ІІІ-томға “Алпамыс батыр” және “Қобыланды батыр” жырларының баба жырлаған нұсқасы енгізілсе, ІV-томға “Құбығұл”, “Төрехан”, “Қарасай-Қази” дастандары жіберілді. ІV-томның кіріспесі ретінде Нұрпейіс ақынның батырлар жырын жырлар алдында айтатын атақты “Желісі” берілді. “Желінің” оншақты жолдан тұратын шағын үзіндісін белгілі әдебиет зерттеушісі Е. Ысмайылов 1940 жылы жарық көрген “Ақын шабыты” жинағының алғысөзінде келтірген болатын. Сонымен қатар осы томға “Қарасай-Қази” дастанының құрамдас бөлігі іспетті “Қараүлектің Мамайды жоқтағаны” атты толғаудың Н. Байғанин жырлаған нұсқасы енгізілді. “Естеліктер. Зерттеулер. Арнаулар” деген атпен дайындалған V-томға ғылыми еңбектерден, мерзімді басылымдардан және қолжазба қорларынан алынған Н. Байғанин туралы естеліктер, ақын шығармашылығы туралы зерттеулер және бабаға арналған өлеңдер іріктеліп, топтастырылды. Бұл томда қамтылған материалдардың бірқатары қолжазба күйінде сақталып келген, осы жинақта алғаш рет баспаға жіберіліп отыр.
Ұлт тарихының маңызды белестерін халықпен бірге өткерген, жетпіс жыл жырлап, өз дәуіріндегі азаматтық тарихтың көркем шежіресін жасаған Нұрпейіс ақынның әрбір өлеңінен оның бойындағы сарқылмас күш-қуат, қажымас қайсарлық, риясыз шынайылық, терең парасат, мызғымас сенімділік төгіліп тұрады. Жырларындағы осы қасиет Нұрпейіс ақынды өмірінің өн бойында халықтың арқа сүйер азаматы ретінде танытты. Өлеңдерінің асқақ рухты мазмұнына көңіл сүйсінтер көркемдігі мен көз тойдырар кемел құрылымы астасқан ақын шығармашылығы төл әдебиетіміздің тарихына шын мәніндегі дара құбылыстардың бірі ретінде енді. Сол дара құбылыстың бірегей бейнесін толық әрі түпнұсқа қалпында айшықтай көрсету жолында жасалған біздің осы еңбегіміз ел игілігіне қызмет етсе, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
Курстық жұмыстың нысаны. Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы.
Курстық жұмыстың мақсаты:
- Нұрпейіс Байғанин шығармашылығын қарастыру;
- халық ақыны екендігін дәлелдеу.
Курстық жұмыстың міндеттері:
- Нұрпейіс Байғанин шығармашылығын зерттеу;
- шығармаларының тілі мен көркемдік ерекшелігіне тоқталу;
- ғалымдардың пікірлеріне шолу.
Курстық жұмыстың әдістері. Курстық жұмыста талдау, сараптау, салыстыру, қорытындылау әдістері пайдаланылды.
Негізгі бөлім
Көрнекті халық ақыны, атақты жыршы әрі жырау бұл бабамыз 1860 жылы Орал губерниясы, Темір уезі, Қалмаққырған болысының №2 ауылында дүниеге келген. Әкесі Байғана жалшылықпен күнелткен, шаруасы төмен адам болған. Ақынның анасы - атақты Бұқарбай жыраудың қызы Үміт күміс көмей әнші әрі суырып салма ақын екен. Ірі айтыстарға қатыспағанымен, орайы келген жерде қатар-құрбы, замандас қайныларының мінез-құлқын әзілдеп өлеңге қосып, тапқырлығымен көзге түсіп отырған.
Анадан қасиет дарыған болашақ ақынның өлең-жырға, домбыраға құмарлығы балаң сәби кезінен басталыпты. 13 жасынан бастап ақындыққа анық бет бұрған Нұрпейіс “бала жырау”, “жаяу жыршы” атанып, елге таныла бастайды. Жас кезінде-ақ Әбубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Марабай Құлжабайұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Шернияз Жарылғасұлы секілді дүлдүлдермен жолдас болып, солардың ақындық өнегесінен тәлім алады. Белгілі жыршы-жыраулардан үйренген жыр-дастандарын да ақын жастайынан жырлаған. Өзі туып-өскен өңірдің той-жиыны Нұрпейіссіз өтпейтін болған. Тұрмыс тауқыметі өнерлі ананың өз талантын жарыққа шығаруына мүмкіндік бермегенімен жаңа жаңа жалын атып, талпынып келе жатқан баласы болашақ ақынның көңіліне жарық нұр құюына себепші болады.
Нұрпейіс ақын ел арасында асқан жыршылық өнерімен де кеңінен танылады. Ақынның таңнан-таңға жалықпай жырлаған телегей-теңіз жыр-дастандарының қатарында “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Орақ-Мамай”, “Қарасай-Қази”, “Жас Еділ”, “Төрехан”, “Құбығұл”, “Ер Тарғын”, “Күлше қыз”, тағы басқа көптеген айтулы жырлар болған. Олардың бірқатары - атақты “Қырымның қырық батыры” жырының салалары болып келеді. Көзкөргендердің айтуынша, Нұрпейіс ақын “Қырымның қырық батырын” тұтастай да жырлаған көрінеді. Осындай кең қарымға ие жыршы өзі көрген, естіген оқиғалары негізінде “Ақкенже”, “Нарқыз” секілді төлтума дастандарын да дүниеге келтірген.
1938 жыл - Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылық ғұмырындағы ең елеулі жыл болды. Алыс Ақтөбеде, астанадан шалғайда жатқан ақын дарыны Жамбыл Жабаев шығармашылығының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында әдебиетші қауым назарына ілікті. Жазушылар одағының тапсырмасымен Жәкең тойына дайындық ретінде Ақтөбеде ақындар слетін өткізуге келген ақын Дихан Әбілов осы сапар барысында Нұрпейіс ақынмен танысады. Дарынның дариядай тасып-төгілген жырларын тыңдап, таңғажайып талантына тәнті болған Дыхаң Ақтөбеде болған күндерінде Нұрпейіс өлеңдерін алғаш рет облыстық “Социалды жол” газетінде жариялатады, радио арқылы ақын жырларын республика жұртшылығына тыңдатады. Облыс басшылығы Нұрпейіс ақынды Жамбыл тойына жіберуге бірауыздан шешім қабылдап, оған хатшы етіп жас ақын, журналист Мәселе Жаңабаевты тағайындайды. Осы кезеңнен бастап Нұрпейіс Байғанин өлеңдері мерзімді баспасөзде жиі жарияланып, атағы бүкіл Қазақстанға мәлім бола бастайды.
1938 жылдың мамыр айында Алматыда өткен Жамбыл тойы Нұрпейістің ақындық талантын даралай танытқан жыр бәйгесі іспетті болды. Ақын Жәкеңе бірнеше жыр-шашумен келеді.
Мерейтойдан кейін Жазушылар одағы ақынға көңіл бөліп, шығармашылығына жағдай туғызады. Бабаның әдеби хатшысы болып Ақтөбе облысына белгілі ақын, журналист Ахмет Ескендіров тағайындалады. Өзі хатшылық қызмет атқарған 1938-1941 жылдар аралығында А. Ескендіров Нұрпейіс атамыздың айтуынан оның көптеген өлеңдерін, жыр-толғауларын, “Ақкенже”, “Нарқыз”, “Қарасай-Қази”, “Қобыланды батыр” секілді ірі дастандарын хатқа түсіреді.
Ақын шығармашылығының өзіне етене жақын эпикалық арнаға ойысуына Жазушылар одағының да ықпалы болған тәрізді. Бұл ұйым басқармасының жауапты хатшысы Дихан Әбілов пен Халық ақындары секциясының жетекшісі Қасым Аманжоловтың 1938 жылдың 10 шілдесінде Нұрпейіс Байғанинге жолдаған хатында: “Оқиғалы ірі поэма беру сіздің қолыңыздан келеді деп санаймыз. Ұзақ өлеңдермен қатар ірі шығарма берсеңіз өте жақсы болар еді… Жұртшылық сіздей ақыннан көптеген жақсы өлеңдерді құмарта күтеді. Сіз бұл тілекті ақтайды деп сенеміз”, делінген.
Нұрпейіс баба шығармашылығының тақырыптық жағынан түрлене түсуіне сол кездегі қоғамдық өмірге белсене араласуы тікелей әсер етті. 1939 жылы ақын қазақ совет жазушыларының ІІ съезіне делегат болады. Съезден кейін ол кісі талантты ақын-жазушылар қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, республикалық слетке қатысады. Сол жылдың 16 тамызында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне барған ақын көрмеден алған әсерімен “Өңімдегі жұмақ” атты өлеңін шығарады. Бұл шығарма іле-шала орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан оқылады. Нұрпейіс ақынның КСРО көлемінде танылуы осылай басталады.
1940 жылы Нұрпейіс Байғаниннің қоғамдық еңбегі лайықты бағаланып, “Құрмет белгісі” орденімен марапатталады. “Ақын шабыты” атты Н. Байғаниннің таңдамалы жинағы осы жылы жарық көреді. Оның алғысөзін жазған көрнекті әдебиет зерттеушісі Е. Ысмайылов “Нұрпейіс ақын” мақаласында бабаның өмірі мен шығармашылығына кең көлемді шолу жасап, құнды ғылыми мәліметтер келтірген, Нұрпейіс ақын талантының барлық қырларына тереңдей тоқталып, оның бірегей шығармашылық портретін сомдаған.
Нұрпейіс ақын шығармашылығының соңғы кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдарына тұстас келді. Ақын бойындағы мұқалмас қайрат, сөнбес сенім, асқақ отаншылдық рух оның соғыс жылдарында жазылған жырларында ерекше көрініс тапты. Өзі жетпіс жылға жуық жырлаған “Батырлар жырының” бар асылын ақын осы жауынгерлік жырларына сыйғыза білген. Отан соғысы кезінде де ақын сексеннен асқан жасына қарамай, үнемі ел арасында болып, майданға көмек жинады, жеңіске деген сенімге толы жырларымен жұртшылықты жігерлендіріп, еселей еңбек етуге шақырды. Майдандағы жауынгерлерге елден жолданған азық-түлік, киім-кешекпен бірге Нұрпейіс ақынның жалынды жырлары да үздіксіз жетіп жатты. Бабамыздың көптеген өршіл өлеңдері, “Даңқты жиырма сегіз”, “Ер туралы жыр”, “Жиырма бес” атты поэмалары осы кезеңде дүниеге келді. “Қазақстан - майданға” өлеңі бойынша сол тұста деректі киноочерк жасалды. Батыстағы әрбір жақсы хабарға қуанышпен жыр арнап, жеңіс сағатын тағатсыздана тосқан, ауру меңдеп, төсек тартып жатқан соңғы сәтіне дейін “Мен өлмеймін, өрлеймін” деп жігерлене жыр жазған ақын 9 мамырға бір ай қалғанда - 1945 жылдың 9 сәуірінде көз жұмады.
Н. Байғаниннің өмірбаяны өте бай. Басқасын айтпағанда, 1916 жылғы көтеріліске де қатысқан. Жаратылыс оған әншілік пен жыршылықты, ақындық пен кісілікті сыйлаған. Ол домбыра мен қобызда ойнаған. Алғырлығы, тапқырлығынан жырдан дауыл тұрғызған, тілі мірдің оғындай, әрі төкпе айтыс ақыны болған. Ол Ақтан, Қазақбай, Нұрым сияқты ақындармен айтысып, жеңіске жеткен. Әсіресе, ақынның өлеңдері сымға тартқан күмістей сыңғырлап тұрады. Мәселен, “Қарасай-Қази” жырындағы Тәтті көлді: “Шортаны қара бақандай, бақасы шөккен атандай, жапырақтың жалпағы, ерлер киген шапандай” деп сипаттаса, еңсесі биік елдің болмысын: “Жас бүркіттей қайраттым, айдаһардай айбаттым” деп бейнелейді. Ал өзінің ақындық тұлғасын: “Жарқырып атқан таңдаймын, асусыз биік таудаймын. Сөз тиегін ағытсам, тәкаппар соққан желдеймін…”, - деп көрсетеді.
Қазақтың халық поэзиясы тарихында импровизатор-ақын, даңқты эпикалық жырларды біздің заманымызға жеткізген жыршы Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы деректілік, тарихилық, көркемдік-рухани құндылықтармен қымбат. Нұрпейістің әдеби ортасының сипаты, шеберлік мектебінің іргетасы, жыраулық, жыршылық эпикалық дәстүрдің тамыры қаншалықты жан-жақты, терең екендігін айтар болсақ, Н. Байғанин “Қарасай-Қази”, “Орақ-Мамай”, “Едіге”, “Ер Тарғын”, “Қобыланды”, “Алпамыс”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Құбығұл”, “Төрехан”, “Қырымның қырық батыры”, “Ақкенже”, “Нарқыз”, “Ақын”, “Ер туралы жыр”, “Күлше қыз”, “Жиырма бес”, т. б. күрделі сюжетке құрылған жырларды толқыта жырлады. Негізінде, “Қырымның қырық батырын” арғы заманда Сыпыра жырау жырлап, сонан соң Абыл, Қарасай, Қалнияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Мұрындар жаңғыртса, Нұрпейіс өнерпаздықпен жұтынтып жырлаған, - дей келе ғалым, шайырды жыр тұйғындарының жауһар мұрасы, тағылым мектебі, ақындық, даналық сабақтары екендігіне екпін түсіре жеткізді. Сондай-ақ, баяндамашы Сәбит Мұқановтың “Есею жылдарындағы” Нұрпейіске қатысты мына жайды еске сала кетті. Отан соғысы жылдарында орыс әдебиетінің марқасқалары Алматыда болғанда Сәбит Мұқанов А. Н. Толстой (әйелімен), Михаил Зощенко және Нұрпейіс Байғанин, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндерді үйіне шақырады. “Жасы сексенді алқымдағанмен, Нұрпейістің денесі тік, беті қанды сұлу кісі еді. Қуатты дауысымен Нұрпейіс жырлап жібергенде үн екпініне, жыр ырғағына қайран қалған Алексей Николаевич: “Шын ақынды жаңа көрдім ғой! - деді шаттанған кескінмен, - қазақ тілін білмесем де, не айтқанына түсініп отырғандай болдым. Бұл шынында да жырдың пайғамбары екен!. . ” - деді”.
Оның соғыс жылдарындағы шығармашылығы табысты болды. Бұл кезеңдегі ақынның шығармалары еркін әрі тамаша өмір үшін күреске арналған. Ол эпостардағы халықтық қаһармандықты көрсете отырып, жеке батырлар мен майдандағы оқиғалар жөнінде өлеңдер мен дастандар шығарады. Бұл кезеңдегі шығармаларының белгілілері - «Батыр туралы жыр», «Батыр ұлға», «Жеңіс үшін», «Қазақстан - майданға»және басқалар.
Нұрпейіс Байғанин қиын кезеңде халықты тек жырымен демеп қоймай, үгіт бригадасының құрамында республиканы аралап, елдегі еңбекшілердің жауынгерлік рухын көтерген. 1944 жылы маусымда өзінің еңбектегі ерліктерімен белгілі болған Шығанақ Берсиевке қоштасу әнұранын арнаған.
Нұрпейіс Байғанин жеңіс күніне дәл бір ай жетпей дүние салды. Ақынның шығармаларын Мәриям Хакімжанова, Қуандық Шаңғытбаев, Ержан Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған.
Ақтөбе облысындағы ауданға, туған ауылына, Ақтөбе және тағы басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген.
Совет өкіметі жылдарында Нұрпейіс Байғанин шығармалары тек газет- журнал беттерінде ғана емес, өз алдына жеке жинақ болып та жарияланып тұрды. Бұған: «Өрістеген өмір»(1939), «Ақын шабыты»(1940), «Таңдамалы шығармалары»(1945), «Избранные произведения»(1945), «Шығармаларының жинағы» (1950, 1956) сияқты әр жылдарда шыққан кітаптары дәлел[1, 62] . Нұрпейістің шығармашылығы туралы алғашқы зерттеу мақалалар жылдан бастап жариялана бастады. Оның шығармашылығын сөз еткенде оның революциядан бұрынғы бай репертуарына тоқталмай кетуге болмайды. Нұрпейіс өзінің 85 жыл жасаған өмірінің елу жылдан аса уақытын Октябрь революциясынан бұрын өткізді дедік. Ақынның алғашқы үйрену, іздену, ақындық өнерді игеру дәуірі де сол шақ.
Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы жан-жақты. Оның басқа ақын, жыршылардан айрықша көзге түсетін бір ерекшелігі, - ол әрі асқан шебер жырау-орындаушы да, әрі талантты үлкен импровизатор эпик ақын. Оның революцияға дейінгі репертуары - негізінен халық арасында ертеден жырланып келе жатқан эпостық жырлардaн тұрады [1, 62] .
Басқа ақын, жыршылар сияқты Нұрпейіс те үйрену, іздену кезеңдерін өтеді. Ол кездегі ақын-жыршылардың ертеден ұстаған дәстүрі - халық сүйіп тыңдайтын батырлықты, адамгершілік, адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан жырларды жаттап алып, оны жұрт алдында әрлендіре, жандандыра жырлау болса, Нұрпейіс те осы дәстүрді қатты ұстаған.
Нұрпейіс қазақтың батырлық жырын өте көп білген, көп жырлаған ақын. Бірақ, соншалықты мол қазына ақынның өз айтуынан кезінде түгел жазылып алынбаған. Нұрпейіс жырлаған халық жырларынан қазір қолымызда бары: «Құбығұл», «Қобыланды», «Төрехан», т. б. жырлар. Ал, Нұрпейіс жырлады дейтін «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман Шолпан» т. б. жырлардың жазылмай қалғаны өкінішті іс.
Нұрпейіс жырлаған «Қобыланды батыр» жыры осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан барлық нұсқасынан көлемі жағынан болсын, оқиғасының байлығы жағынан болсын ең мол, ең мазмұндысы деуге сыяды.
Көлемі он мың жолдық бұл эпостық шығарма Нұрпейіс тұстас ақындардың біразына тараған. Мазмұны жағынан қарақалпақтың халық жыры «Қобланмен» көп жерде үндес. Жырдың негізгі идеясы қыпшақ-қазақ жерін шетел шабуылынан қорғау, батырлықты, ерлікті, достықты, адалдықты дәріптеу.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz