Қазақ тіліндегі көсемшелер


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Е. А. БӨКЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
Қазақ тіл білімі кафедрасы
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы
КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ КӨСЕМШЕЛЕР
Орындаған: КО-21 тобының студенті А. Көзтай
Тексерген: аға оқытушы Э. Н. Ажарбекова
Қарағанды - 2013
Жоспар
Кіріспе
І тарау: Көсемшелердің құрылымы мен қызметі
1. 1 Көсемшелердің құрылымы
1. 2 Көсемшелердің қызметі
ІІ тарау: Көсемшелердің шақтық мәні және өзара байланысу қасиеттері
2. 1 Көсемшелердің шақтық мәнде жұмсалуы
2. 2 Көсемшелердің өзара байланысу қасиеттері
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Бір іс екінші іске байланысты болатыны тәрізді, бір етістік екінші бір етістікке қатысты болады. Мәселен, Асан жүгіріп келе жатыр дегенде келе жатыр белгілі бір істің қалпына байланысты. Мұндағы келе жату тіркесі негізгі ұғымды білдірсе, жүгіру негізгі мағыналы етістіктің белгісі, тәсілі қалай іске асу амалын білдірген.
Негізгі және туынды түбірлі етістікке, оның ішінде етіс формаларына белгілі қосымшалар (аффикстер) қосылып, етістіктің көсемше түрі жасалады. Ондай көсемше формаларының мағынасы-негізгі іс-қимыл процесіне жанама болады.
Көсемшенің жанамалық қасиетін дұрыс байқаған тюркологтың бірі - М. П. Мелиоранский. Ғалым орыс тіліндегі көсемше сияқты негізгі іске қосарланып, жанама айтылатынын дұрыс, дәл анықтаған. Есімшенің есім сөздерге ұқсас болатыны сияқты көсемшенің де үстеуге ұқсастық жағы бар. Көсемшенің мұндай қасиетін орыс тілін зерттеуші ғалымдар да айтқан болатын.
Көсемшенің жанамалық мағынасынан туатын қызметі, олардың үстеуге айналып кететіндігінен: іле-шала, тұра-сала, өйтіп, әдейілеп сияқты сөздер етістіктен гөрі үстеуге жақын.
Істің амалын, мақсатын және басқа да қасиеттерін көсемшелі етістіктер жанамалап көрсетеді. Мәселен, ол алып, ол оқығалы, ол ала сияқты сөздерді көмекші етістікпен тіркестірмей жеке алсақ, оның жанама категория екендігі айқындала түседі. Егер көсемшені көмекші етістікпен тіркестіріп айтсақ, ол алып келді, ол оқығалы келді, ол ала келді болып тиянақты, тұжырымды ойды білдіреді де, белгілі бір шақта тұрады. [10, 84б]
Курстық жұмыстың мақсаты: Етістіктің тиянақсыз түрі - көсемше жайында жан-жақты зерттеу жүргізіп, оның құрылымымен, қызметімен, қасиеттерімен тереңірек танысу. Жиналған ақпараттардың басын қосып, жүйелеп, курстық жұмысты жазу.
Курстық жұмыстың міндеттері:
-Көсемшелердің құрылымымен таныстыру;
-Көсемшелердің қызметімен таныстыру;
-Көсемшелердің шақтық мәнде жұмсалуына тереңірек үңілдіру;
-Көсемшелердің өзара байланысу қасиеттерін ашып көрсету.
Көсемшелердің құрылымы мен қызметі
1. 1. Көсемшелердің құрылымы
Көсемше - етістіктің ең тиянақсыз түрлерінің бірі. Оның сөйлемдегі негізгі функциясы мен мағынасы - басқа етістік арқылы білінетін іс-әрекеттің қалай болғанын, сындық сипатын, оның болу-болмауының себеп-салдарын, болған мезгілін айқындап ашып тұру. Көсемшенің тиянақсыз, басқа бір сөзге сүйеншек болуының себебі де оның осы айтылған функциясына байланысты. Бірақ көсемше әрдайым осы айтылғандай мәнде болып тұрмайды, ол бірде басқа бір етістік жетегінде айтылып, оған тәуелді болып тұрса, енді бірде өзінің бастапқы мағынасын сақтап, негізгі етістік мәнінде тұрады. Соған қарай оның синтаксистік қызметі де өзгереді [1, 57] .
Көсемшелердің мағыналары мен синтаксистік қызметтеріндегі бұл тәріздес кұбылыстар олардың сөйлемдегі қолданылу орнына, контекске байланысты. Қолдану жағдайына, контекске қарай көсемше негізгі екі түрлі синтаксистік қызмет атқарады: оның бірі - пысықтауыштық қызмет те, екіншісі - баяндауыштық қызмет. Осылармен қатар көсемшенің күрделі сөздер (етістіктер) кұрамында тұрып, соңғы көмекші сөздің тұлғалық құбылыстарына қарай соның әуеніне еріп, басқа да түрлі мүшелер құрайтыны кездеседі. Бірақ мұндай жағдайда шешуші мән көсемшеде болмайды, ол тіркесіп тұрған сөзде болады.
Көсемшелер пысықтауыш мүше қызметінде қолданылғанда, көбінесе, екінші бір етістікке тіркесе айтылады да, сол етістіктің мағынасы арқылы білінетін іс-әрекет, жай-күйдің, қимыл-қозғалыстың болу амалын, қашан болған мезгілін немесе болу-болмау мақсат-себептерін білдіреді. Мұндай функцияда қолданылған көсемшеден кейін, егер ол бірыңғай болып келмесе, ешқандай кідіріс, интонациялық тоқталыс болмайды. Олар өздері пысықтайтын мүшемен бір ырғақта, кідіріссіз бір-ақ айтылып кетеді. Бұл жағдайлар пысықтауыш болып тұрған көсемшені баяндауыш функциясындағы көсемшеден бөліп тануға біраз септігін тигізеді. Мысалы: 1) Сахабалар ардақты елшінің нұрлы жүзіне көз алмай тамсана қарап , мүбәрак аузынан маржандай тізіліп төгілген сөздерін тапжылмай , кірпік қақпай отырып тыңдайтын. 2) Мойындау керек, жер басқалы бері адам баласы пендешіліктің шекпенін ысыра шешіп тастауға қауқарсыз. Мысалдағы курсивпен терілген көсемшелердің барлығы да пысықтауыш мүше болып тұр. [2]
Көсемшелердің екінші синтаксистік қызметі - баяндауыштық қызмет. Көсемшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы рөлі де олардың осы баяндауыштық қызметіне байланысты. Бірақ баяндауыш қызметінде қолданылған көсемшелердін барлығы бірдей сабақтас құрмалас сөйлем жасай бермейді. Көсемшелердің кейде бір субъектінің әр түрлі әрекетін білдіріп, бірыңғай баяндауыштық функцияда қолданылатыны да болады. Ондай жағдайда олар бағыныңқы компоненттің баяндауышы болып есептелмейді. Мысалы: 1) «Отан» деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып , суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз . [2] Бұл сөйлем құрылымы жағынан жай сөйлем. Сөйлемдегі курсивпен берілген көсемшелер бірыңғай пысықтауыштар. 2) Сізді сыйлаймын, құрметтеймін. [2] Бұл жай сөйлемдегі көсемшелер баяндауыш қызметін атқарып тұр.
Көсемше етістіктердің, әсіресе -ып, -iп, -п жұрнақты көсемшенің бұл айтылған синтаксистік қызметі - өте көне заманнан бері қарай келе жатқан қызмет. Көсемшенің бұл функциясын көне замандағы оның бірден-бір функциясы деуге де болады. Көне түркі тілдері жазу ескерткіштерінде -п формалы көсемше бір субъектінің әр түрлі әрекетін баяндап, жай сөйлемнің бірыңғай баяндауышы ғана болғаны болмаса, өзіндік дербес бастауышы бар жай сөйлемдерді кұрмаластыру функциясында қолданылмаған.
Өткен шақтық көсемшенің бұл тәріздес синтаксистік қызметі фольклорлық шығармаларда да жиі ұшырайды. Бұл жағынан алғанда, -ып, -iп -п жұрнақты көсемшені бір субъектінің істеген іс-әрекет, қимыл-қозғалыстарын бір-бірімен ұштастырып, іргелестіріп беруде ең икемді және өте ерте заманнан бері қарай келе жатқан ең көне категория деуге болады. Тіл фактілеріне қарағанда, көсемшенін, бұл функциясының оның екі жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру функциясынан бұрын пайда болғандығы байқалады [3, 25-29] .
Қазақ халқының ауыз әдебиетіне жататын шығармалары кенжелеп жиналып, кеш басылды. Сондықтан шығармалар тіліміздің кене заманғы грамматикалық кұрылысын ашуға мардымды кемегін тигізе алмайды. Олардың басым көпшілігі қазіргі тілімізге өте жақын, тіпті айтарлықтай өзгешеліктері жоқ деуге болады. Дегенмен, үңіле қараған адам олардан кейбір тілдік категориялардың басып өткен соқпағын байқағандай. Біз сөз етіп отырған көсемше көне түркі жазуында өзіне тән дербес бастауышы бар бағыныңқы сөйлем баяндауышы қызметінде қолданылмаған болса немесе ілуде біреу ғана кездессе, қазақтың ауыз әдебиетіне жататын шығармаларда ол жоғарыдағыдай бірыңғай баяндауыш қызметінде де, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы компонентінің баяндауышы қызметінде де қолданылады. Бірақ бастапкы функцияда өте жиі, соңғы функцияда өте сирек кездеседі. Мысалы: 1) Саманидтер мемлекеті (999) қолынан билік кеткенге дейін өз ғалымдарын ұдайы қорғап, қолдап отырды. 2) Халифа Мәймун 833 жылы мұғтазила ағымын мемлекеттік ұстаным етіп жариялап , бұл ағымның одан әрі қанат жайып , өркендеуіне жол ашып берді. [2]
Бұлар тәріздес, көсемше арқылы жасалатын жайылыңқы сөйлемдер көне замандарға тән ертегі, әңгімелерде өте жиі кездеседі. Тіпті кейде көптеген сөйлемдердің, әсіресе төл сөз бен автор сөзі аралас келетін диалогты сөйлемдердің көсемшеге аяқталатыны да жиі ұшырайды. Соған қарағанда, -ып, -iп, -п жұрнақты көсемше көнерек заманда қазіргіден гөрі тиянақтырақ мәнде болмады ма екен деген ой туады. Қалай болған күнде де, көсемшенің бұл түрін жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру үшін қолданылған ең көне категорияның бірі деуге болады.
Тіліміздің қазіргі даму сатысында көсемшелер - етістіктің ең бір тиянақсыз түрі. Бұлар құрмалас сөйлемнің өздері баяндауышы болып келген бөлшегін оның екінші бөлшегіне бағындыра, соған тәуелді ете байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір компоненттің баяндауышы көсемшеден болған құрмалас сөйлемдерде жай сейлемдерді бір-бірімен қарым-қатынасқа келтіретін қосымша тәсілдердің, формалардың керегі болмайды. Өйткені ондай функцияны жай сөйлем баяндауышы болып келген көсемше етістік формасының өзі-ақ атқарады. Сөйтіп, көсемшелер әрі баяндауыштық, әрі сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыратын дәнекерлік қызмет атқарады. Мұндай қызметте көсемшенің қай-қай түрі болса да қолданылады. Оны мына мысалдардан көруге болады:
1) Имамның ұлтын да тарихшылар дөп басып дәл айта алмайды . 2) Көптеген адамдар оның білімін айтып , мақтағалы бері өте танымал болды. 3) Иманды адам өз Отанын сыйлап , қастерлей алады. [2]
Құрмалас құрамына енетін жай сөйлемдерді құрмаластыруда көсемшенің үш түрінің үшеуі де қолданылады, бірақ олардың колданылу дәрежесі және мағыналық құбылыстары біркелкі болмайды, Көсемшелер ішінде сабақтас құрмаластың бағыныңқы компонентінің баяндауышы қызметінде жиі қолданылатын да және өзі баяндауышы болып келген компонентті тиянақты компонентпен неше алуан мағыналық қатынаста құрмаластыратыны да -ып, -iп, -п жұрнақты түрі. Тағы бір ескеретін нәрсе - баяндауышы келер шақтық (-қалы, -ғалы, -келі, -гелі жұрнақты), ауыспалы шақтық (-а, -е, -й жұрнақты) көсемшелерден болған бағыныңқы компонент әрдайым кейінгі тиянақты компонентке мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да бағына, соның бір мүшесіне меңгеріле байланысады да, жай сөйлемдегі қалыпты пысықтауыш тәрізденіп тұрады. Ал өткен шақтық көсемше (-ып, -iп, -п жұрнақты) олай емес: ол өзі баяндауышы болып келген компонентті кейінгі тиянақты компонентке мағыналық жағынан меңгерте де, меңгертпей, теңдік қатынаста да құрмаластырады. Мысалы: 1) Жүрекке жылу ұялатып , санаға сәуле құйған сырлы уағызға елітіп , өмірдің ағы мен қарасын, шындығы мен жалғанын барлап , ақиқаттың өлшемін салмақтап терең ойға шоматын. 2) Алда-жалда жанашыры яки иманды жан кездесіп , ақылын айтып , дұрыс кеңес бермесе, өмірін тұтастай ғапылдықта өткізіп алуы да ғажап емес. [2] Мұндағы бірінші, екінші сөйлемдердегі көсемшелер басыңқы сыңарларына меңгеріле бағынып тұр.
Өткен шақтық көсемшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдердің бір сыпыраларында тиянақсыз компонент тиянақты компонентке тек тұлғалық жағынан ғана тәуелді болғаны болмаса, мағыналық жағынан өз дербестігін сақтап, басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, онымен жарыса, салаласа айтылады. Мысалы: 1) Яғни, ол сол кезеңде туындаған сенімдік мәселелерге орнықты жауап беріп , Исламға қарсы ұйымдастырылған шабуылдарға тойтарыс беріп отыратын. 2) Алда-жалда жанашыры яки иманды жан кездесіп , ақылын айтып , дұрыс кеңес бермесе, өмірін тұтастай ғапылдықта өткізіп алуы да ғажап емес. [2]
Мысалдағы тиянақсыз компоненттердің ешқайсысы да басыңқы сөйлемнің белгілі бір мүшесіне тәуелді болып, оған меңгеріліп тұрған жоқ. Мағыналық жағынан олардың барлығы да тиянақты компонентпен тең.
Көсемшенің жай сөйлемдерді құрмаластырудағы осындай құбылыстарынан да болу керек, синтаксиске арналған біраз еңбектерде өткен шақтық көсемшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын құрмалас сөйлем салалас сөйлемге жатқызылса, екінші біреулерінде ол мағынасына қарай бірде салалас құрмаласқа, бірде сабақтас құрмаласқа жатқызылып жүрді.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру қызметінде ауыспалы шақтық деп аталатын -а, -е, -й жұрнақты көсемше де қолданылады. Көсемшенің бұл түрі жоғарыда сөз болған -ып, -iп, -п жұрнақты көсемшеден гөpi де әлдеқайда тиянақсыз. Сондықтан да баяндауышы ауыспалы шақтық көсемшеден болған бағыныңқы компонент, негізінде, тек тұлғалық жағынан ғана емес, сонымен бірге, мағыналық жағынан да да тиянақсыз болады. Ол басыңқы сөйлемдегі белгілі бір мүшеге меңгеріліп, соны түрлі жағынан сипаттап, пысықтауышқа койылатын бір сұрауға жауап болып, онымен қалыпты тұрлаусыз мүше тәрізді қатынаста тұрады [4, 44] . Мысалы: 1) Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай, ұзақ қарап тұрып :
- Уаллаһи, сен жербетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. 2) Ақыл бойлай алмайтын, адам ойлай алмайтын жайттарды мойындады. [2]
Келтірген мысалдың бірінші сөйлемінде бағыныңқы компонент басыңқы сөйлемдегі баяндауыштың жетегінде айтылып, неліктен, не себептен деген сұрауға жауап болып, ұзақ қарауының себебін білдіріп тұр. Соңғы сөйлемдегі бірыңғай бағыныңқылар басыңқының баяндауыштарына меңгеріліп, қалай? деген сұрауға жауап болып, басыңқы компонентпен амалдық қатынаста тұр. Басқаша айтқанда, мұндағы бағыныңқы компоненттердің барлығы да басыңқыға әрі тұлғалық жағынан, әрі мағыңалық жағынан меңгеріледі. Этимологиялық жағынан алғанда көсемшенің бұл түрі түркі тілдерінің көне жазу нұсқаларында дәл қазіргідей формада кездеспейді. Қазақтың ауыз әдебиетіне жататын шығармаларында кездескенімен қолданылу аясы өткен шақтық көсемшеге қарағанда әлдеқайда тар. Бұл - өткен шақтық көсемше сияқты бірыңғай баяндауыштық, бірыңғай пысықтауыштық функцияда да кездеспейді. Мұның жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясы да тым мардымсыз. Мұндай функцияны ол көбінесе поэзиялық шығармаларда, болымсыз түрде айтылғанда атқарады. Ал фольклордың прозалық түрлерінде жай сөйлемдерді құрмаластыру қызметінде тіпті кездеспейді деуге боларлық.
Ауыспалы шақтық көсемшенің жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясы қазіргі әдеби тілімізде де онша өpic ала қойған жоқ. Дегенмен оның бұл функциясы өткен замандар жазу нұсқаларымен салыстырғанда казірде поэзияда болсын, проза жанрында болсын кездесіп отырады.
Қазіргі әдеби тілімізде баяндауышы ауыспалы шақтық көсемшеден болған бағыныңқы компоненттер өз басыңқысымен мезгілдік, себептік, амалдық, шартты, қарсылықты мағыналық қатынастарда тұрады [5, 38] .
Жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру функциясында -қалы, -ғалы -келі, -гелі жұрнақты көсемше де қолданылады. Білдіретін мағынасына қарай, көсемшенің бұл түрі түркітану әдебиеттерінде бірде мақсатты көсемше, бірде келер шақтық көсемше деп аталады [6, 10-23] .
1. 2. Көсемшелердің қызметі
Етістік негіздерінен арнаулы қосымшалар арқылы жасалып, тиісті дәрежеде шақтық, модальдық және басқа мәндерді білдіретін ерекше формалар көсемшелер категориясы деп аталады.
Көсемшелер етістіктің жалаң және күрделі негіздеріне, қимыл атауларына, есімшелерге, рай формаларына, көсемшелердің өздеріне басқа ешбір дәнекерсіз-ақ еркін тіркесіп, олардың белгілерін, сипаттарын білдіреді де, сөйлемде көбінесе динамикалы адвербиал (етістіктен болған пысықтауыш) болып қызмет атқарады. Көсемшелердің осы қасиеті оларды етістіктің өзге формаларынан (категорияларынан) ерекшелендіріп отыратын негізгі жалпы грамматикалық (категориялық) сипаты болады. Мысалы: Ол күліп сөйледі; күле сөйледі; күліп (күліп) сөйлесті; күле (күліп) сөйлескенше,
күліп (күле) сөйлескендей; күліп (күле) сөйлесе ме екен; күле сөйлесіп отырды т. б. [21]
Мұнымен қатар, көсемшелердің барлық түрлері де бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы бола береді, бірақ олардың ішінен тек жіктелетін түрлері (-ып, -іп, -п; -а, -е, -й) ғана басыңқы сөйлемнің баяндауышы болады. Мысалы: 1) Сүнниттік ақида мен кәләм мектебін құрушы екі мектеп те алдымен нақылға (аят пен хадис) сүйеніп , одан кейін ақылға мән береді. 2) Жан-жақты байыптай келгенде, бұл мәселелердің қай-қайсысы да оңай шаруалар емес. [21]
Көсемшелер жеке-дара сөз есебінде қолданылмайды, морфологиялық жағынан түрленбейді, демек, көптік, тәуелдік, септік қосымшалары қосылмайды, тек әредік қана жіктеледі, пысықтауыш және баяндауыш қана болады. Көсемшелер тек етістік негіздерімен, олардан өрбіген етістік формаларымен ғана тіркесетіндіктен субстансивтік, адъетивтік қызмет атқармайды, тек пысықтауыш, баяндауыш болады және күрделі етістік компоненттерінің құрамында негізгі я жетекші сыңар есебінде қызмет етеді. Осыған орай, көсемшелердің әбден қалыптасқан дағдылы қызметі етістіктің белгісін білдіру болады. Рас, үстеудегі де етістіктің белгісін білдіреді, бірақ үстеулер ол белгіні сөздің лексикалық семантикасы (ертең, бүгін, кеше, бұрын, кейін, соңыра . . . ) арқылы білдірсе, көсемшелер ол үшін өздерінің қосымшаларын дәнекер етеді және көсемшелердің осы семантикасында сәл де болса, шақтық мән я оның нышанасы болады. Көсемшенің шақтық қасиеті оның пысықтауыштық қызметінде көмескі де болуы мүмкін, бірақ баяндауыш болғанда, шақтық мәні айқын көрінеді. Мысалы: мен барып сөйлесейін; мен бара сөйлесйеін; мен баратынмын деген сөйлемдердегі бар етістігінен туған көсемшелердің мағыналарын салыстырып көріңіздер.
Сонымен, көсемшенің жалпы грамматикалық (категориялық) қызметі етістік айналасына байлаулы болса, мағынасы етістікке қатысты белгімен байланысты болады. Осы себептен де көсемшелер етістіктің негізгі бір категориясы саналады.
Бұл категорияның арнаулы формалары бар. Олар мыналар: 1) -ып, -іп,
-п; 2) -а, -е, -й; (бұл екеуі жіктеледі) ; 3) -ғалы, -гелі, - қалы, -келі; 4) -ғанша, -генше, -қанша, -кенше (бұлар жіктелмейді) .
Көсемшелердің шақтық мәні және өзара байланысу қасиеттері
2. 1. Көсемшелердің шақтық мәнде жұмсалуы
Жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне орай, шаққа қатысына қарай, көсемшелерге төмендегідей қысқаша сипаттама беріледі.
І. Өткен шақ көсемше етістік негізіне -ып (-іп, -п) ; -ғалы (-гелі, -қалы, -келі) ; -ғанша (-генше, -қанша, -кенше) жұрнақтары жалғану арқылы жасалады.
Өткен көсемшенің бірінші түрінің мағынасы да, қызметі де орасан көп. Олардың кейбір негізгі сыр-сипаттары мынадай:
Бұл форма дара түрде де (айтып; көріп), қаталанып та (айтып-айтып, көріп-көріп), қосарланып та (келіп-кетіп, көріп-біліп), бірінен соң бірі тізіліп те (мен бәрін көріп, біліп, түсініп, байыптап отырмын), аналитикалық етістіктің жетекші компоненттері ретінде де (айтып жібер; сүрініп кетіп жүрме) және жіктеліп те (айтыппын, көріпсің) жұмсала береді. Осындай ситуацияларда көсемше, біріншіден, сөйлемде амалдың белгісін, бейнесін, мезгілін, тәсілін, себебін және басқа сипатын білдіретін дара я күрделі пысықтауыш болады (м: Мен интитутқа оқуды аңсап келіп түстім; Ол мектепті жұмыс істей жүріп бітірді; Олар кино көрейін деп кетті; Айтып-айтып шаршадық т. б. ) ; екіншіден, бағыныңқы сөйлемнің де, басыңқы сөйлемнің де баяндауышы болады (м: Үйдегі шам сөніп, қараңғы түсіпті; Қозы маңырап, бұзау мөңіреп, қора у-шу болды; Біз келсек, сендер кетіп қалыпсыңдар т. б. ) ; үшіншіден, күрделі (аналитикалық) етістіктің жетекші компоненті болып қызмет етеді (м: Шөлдеп кеттім; Ұйықтап қала жаздады; айқайлап жіберді т. б. ) ; төртіншіден, бұл форма жедел бірінен соң бірі, бірімен-бірі жалғаса, бірімен-бірі жарыса-қабаттаса істелген бірнеше амалдың не бейнесін, не бірнеше амалдың өзін білдіретін бірыңғай мүше бола береді (м: мен ерте тұрып, жуынып, тамақ ішіп, газет-журналдарды қарап шығып, киініп жұмысқа кеттім) . [7, 305-310 б. ]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz