«Қазақстан» және «Хабар» телеарналарындағы адамзатқа тән құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалардың шығармашылық сипаты


Пән: Журналистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

Жоспар

Кіріспе . . . 2 - 5

Негізгі бөлім . . . 6 - 43

І тарау

Тележурналистиканың интегративтік функциясы және руханият әлеміндегі көкейкесті мәселелері . . . 6 - 25

ІІ тарау

«Қазақстан» және «Хабар» телеарналарындағы адамзатқа тән құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалардың шығармашылық сипаты . . . 26 - 43

Қорытынды . . . 44 - 46

Сілтемелер тізбегі . . . 47 - 49

КІРІСПЕ

Қазір жер беті халқтарының телевизиялық өнімдерсіз өмір сүре алмайтындығы баршаға аян. Бүкіл әлемдегі телеарналардың қай-қайсысын алсаңыз да адамзат үшін аянбай қызмет ететін, мақсаты мен мүддесі айқын ғаламат идеологиялық күшке айналып барады. Сондықтан көгілдір экранның құпиясы көрерменін лезде елітіп, баурап алуға дайын тұрады десек, оны телевизиялық көрсетілімдердің әр қырынан саралап беру қиынға соқпайды. Бірақ біздің айтпағымыз, сол рухани өнімдердің сипаты қазіргі адам тәрбиелеу ісіне керісінше тойтарыс беріп отыр десе де болғандай. Батыстың шым-шытырық, айқай-шу мен анайылыққа негізделген, одан қалса адам нанғысыз айуандық сипатқа тән көрсетілімдері жайында бүгінгі БАҚ аз қозғап, бәсең айтып жүрген жоқ. Сол себепті «Адамзатқа тән құндылықтарды насихаттаудағы тележурналистиканың рөлі» атты тақырыпты бітіру жұмысымызға арқау етуіміз осыдан кейін өздігінен түсінікті болса керек-ті. Өйткені, тақырып бұрын-соңды айтылып жүрген мәселелерді қайта тізбелеп шығуға емес, көтерілген мәселелерге қатысты отандық телевизиямыздың дәл қазіргі күйінде қандай қадамдарға баруын зертеп көруге жетелейді. Олай болса бітіру жұмысының мақсаты мен міндеті де айқын: бүгінгі жаһандану дәуірінің көшімен қатар жылжып бара жатқан төріміздегі көгілдір экранымыздың ұлттың жан-дүниесіне әсер етер түрлі қауіп-қатерлерден сақтану жолын анықтап, нендей іс-қимылдар жасау керектігін ой елегімізден өткізу.

Күнделікті таңертеңнен қара кешке дейінгі өмірімізде талай ақпаратты қабылдап жатырмыз. Оның тең жартысынан астамы жадымызда берік жатталып та қалады. Солардың ішінде жаманы-жақсысы да, зияны-пайдалысы да аралас жүреді. Бір өкініштісі, сол ақпараттарды елеп-екшеп, артығын, яғни санамызға улысын ысырып тастау бізде жоқ әдет. Демек, қайтсек халқымыздың мақсат-мұратымен ұштасар, ұлттық құндылықтарын насихаттайтындай, адамзаттық санасына оң ықпал етер көрсетілімдерді талдап-таразылап, оны байытудың түрлі жолдарын қарастырамыз деген мәселе бітіру жұмысының өзектілігі болып табылады. Бұл ретте жұмыс барысында зерттелетін тараулардың бірі де «Тележурналистиканың интегративтік функциясы және руханият әлеміндегі көкейкесті мәселелерге» арналып, ал басты нысаны ретінде «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарындағы адамзатқа тән құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалар таңдалып алынды. Яғни, аталған телеарналардың а дамзатқа тән құндылықтарды насихаттаудағы шығармашылық сипаты сарапқа салынып, ондағы кемшін тұстарды дөп басып, алдын алудың амалдарын іздестіруге талпынып көрдік. Рас, соңғы кездері телеарналардан әлдеқандай «тосын» жаңалықты күтетін болып алдық. Теледидардың құдіреттілігі де осында жатыр. Ел ішіндегі елеулі жаңалықтар өте-мөте елене қоймай, керісінше әлемдегі апат, соғыс сияқты соңғы суыт хабарлар елең еткізетін жағдайға бой алып барамыз. Демек, теледидар өзінің аудиовизуалдық қасиеті арқылы адам санасын сиқырлап алуға дендеп барады. Мәселе, енді сол ақпараттардың адамзат баласына берер пайдасы мен мән-маңызында болып тұр. Ал отандық беткеұстар қос телеарнамыз - «Қазақстан» мен «Хабардың» қабілеті адам санасын дұрыс жолға бағыттап, өнегелі тәрбие көзіне айнала алып отыр ма?

Күнделікті эфир төрінен орын алып жатқан бағдарламаларды айтпағанда жұмыс барысында біз мынадай жайттарды да қаперімізге алдық. Біріншіден, аталған телеарналар жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауда танымдық деректі фильмдер легін дұрыс ұсына алып жатқан жоқ. Жалпы, деректі фильмнің ұлттық мәдениетті сомдап, саралап, таразылап, байытуға келгенде берері мол берекелі шығармашылық өнім екенін айтпасқа болмас. Ең бастысы оның халықты тәрбиелеуге қосатын үлесін айрықша деп түсіну керек. «Хабар» телеарналарындағы деректі фильмдердің берілуі әлі де болса мол шығармашылықты қажет етеді. Олай дейтініміз, арналардың эфиріндегі деректі сериалдардың басым көпшілігі шетелдік туындылармен келе жатқанын мойындауымыз керек. Оған бұған дейін «Хабар» арнасының эфирінен беріліп келген «Табиғат әлемі», «Еуропаның ғажайып қамалдары», «Расчищая джунгли» сияқты т. б. фильмдерді жатқызсақ болады. Сондай-ақ, бұлардың қатарына “Қазақстан” телеарнасындағы «Ғылым және өмір», «Адамның микроорганизмдері», «Хайуанаттар әлемі», «Жер жаһанға саяхат» деректі сериалдарын қосамыз. Қос телеарнадағы аталған өнімдердің, әрине, көрерменге аударма арқылы тарап жатқаны мәлім. Ал тура сондай форматтағы туындыларды осы арналардың өздерінің жасауына шамасы жетер еді. Дегенмен, бұл арналардағы деректі туындылардың барлығын жоққа шығаруға болмас. Мысалы, «Хабардағы» мерзімді беріліп тұратын «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Ел ағалары», «Сәулет сыры» сияқты деректі фильм жанрындағы көрсетілімдер үнемі көрермен назарында келеді. Ал бір кездері «Қазақстан» телеарнасының арнайы түсіріліміне ие болған деректі туынды - «Бір бала» қысқаметражды фильмінің өміршеңдік деңгейі әлдеқайда жоғары болды. Және бұған тағы бірнеше мысалдар келтіре беруге болады.

Қазір «Россия», «НТВ», «BBC» және Батыстың басқа да телараналарындағы арнайы деректі фильм жасаумен айналысатын шығармашыл топтар бүгінгі мен кешегі тарихтың беймәлім сырын, танымдық тәрбие әлемін ғажайып көк сандық арқылы көрсетуге көшкені қашан. Бұл ретте отандық телеарналардың экранды көркем кадрлермен өрнектей білуі дәл қазіргі күні ұлттық эфирімізге жетіспей тұрған мәселе.

Екіншіден, аталған арналардағы отандық киноның насихатталу жайы да ұлттық санамызды тәрбиелеуге орасан зор күш беретінін айтып өткіміз келеді. Өкініштісі, сол тағы да шетелдік сериалдар мен түрлі бағыттағы фильмдердің әлі де саябыр табатын емес. Ал қазіргі қазақ киносында жанрлық жан-жақтылық жетіспейді. Бізде басынан аяғына дейін деміңді ала алмай көретін детективтер, кейіпкерлерінің бастан кешкен хикаяларының өзі қызық шытырман оқиғалы экшн-туындылар, өмірге деген құштарлығыңды арттырып, кинозалдан шыға сала танымайтын адамдарыңа да әлдеқандай жақсылық жасауға ұмтылдыратын тамаша отбасылық-тұрмыстық мелодрамалар, күлдіре отырып ойландыратын лирикалық комедиялар, езу жиғызбайтын эксцентрика, сюжетіне ән-биі шебер қиюласқан мюзиклдер жоқ. Сол сияқты біздің фильмдерден қазақ даласының тамаша табиғатын да көре алмайсыз. Ал нағыз отаншылдықты оятар сезім - өз ұлтыңның керемет сұлулығын ұғыну мен өз жеріңнің ғажайып көрікті екеніне көз жеткізуде жатыр.

Үшіншіден, ж урналистика ұлттық идеологияны қалыптастырушы негізгі құрал десек, жас ұрпақтың бойына ұлттық рухтың дәнін себу үшін және жалпыадамзаттық құндылықтар негізіне баулуда бүгінгі жас бүлдіршіндердің, әсіресе қазақ балаларының рухани қажеттілігін қанағаттандыру мәселесі бізде әлі жүйесін таппай келеді. Ал балалар бағдарламасын тек ертегімен ғана елестететін кез әлдеқайдаға өткен сияқты. Иә, балаларға арналған хабарлардың жанры да бөлек. Маңыздылығы сол, ондай дүниені ересектер баланың көзімен жасай білуі тиіс. Балаларға арналған бағдарламаларды жасауда тәрбиелік пен көркемдік сипатқа аса мән берілуі шарт.

Міне, осы айтылған дүниелерді саралап, салмақтай келе түйткілдерді шешу жолында тың ұсыныстар ұсынып, қорытынды жасау бітіру жұмысының жаңалығын танытса керек. Ондай жаңалық өз кезегінде кез-келген БАҚ өкілі мен ұлтын сүйер болашақ журналист қауымы үшін таптырмас азық. Жұмыстың тәжірибелік құндылығы да осында жатыр. Ал бітіру жұмысының зерттеу әдісі салыстыру, сараптау және ұсыныс енгізуді қатар алып жүрді. Еңбектің құрылымы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланған сілтемелер мен әдебиеттер жиынтығын қамтыды.

І тарау

Тележурналистиканың интегративтік функциясы және руханият әлеміндегі проблемалар

Тележурналистика бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы, соның ішінде орасан зор мүмкіндіктерді иеленетін жүйе. ХХІ ғасыр адамзат игілігіне ұсынған ұлы жаңалығы адам баласының көзқарасына, ой - санасына тікелей әсер ететін идеологиялық құрал. Рухани нәр мен эстетикалық әсер беретін өнердің өзгеше бір түрі. Қазіргі таңдағы уақыт аясынан «ақпарат ғасыры» деген ұғымды иеленіп отырған кезеңде тележурналистиканың ақпарат кеңістігінен алатын орны айрықша.

Тележурналистің көпшілікпен сырласуы, өзімен - өзі кеңесетін шақтары қашанда қоғам, ел мүддесімен, адамзаттың көкейкесті арманымен ұштасып жатады. «Тележүргізуші жүрек түбінде өзін толғантқан сырын өзгеге айтады. Телехабарда автор тақырыбын тереңнен толғап, содан әлі өзгелер көрмеген шынайы көріністі табу жолында ізденіске түседі. Әңгімелеуші өз ойын, айтайын дегенін әңгімелеу кезінде сарықпай тынбауы тиіс. Хабар барысында жүргізушінің тақырып өзегінен шықпай, әңгіме көпшілікке мейлінше ұғынықты, ықшам айтылуы тиіс. Қосалқы сөз, артық тіркес болмауы, әңгімелеушінің айтамын дегенін жеріне жеткізіп, шағын көлемде шебер суреттелуі - парыз. Кадрдан тыс мәтін не жүргізушінің сөйлеуі көпке ұғынықты сөйлемдерге құрылғаны жөн. Бұл көрерменнің көрініс пен мәтінді есінде ұстап қалуына, әрі хабар туралы өзіндік пікір қалыптастыруына. Жүргізушінің аудиториямен жанды байланысында оның тілге жетіктігі мен майда биязы қоңыр үнді көрермендерді теледидар алдына көптеп тартады. Әрі хабарды жүргізу кезіндегі қонақтардың талғам таразысының қандай екендігінен жүргізушінің хабардарлығы да студияда жылы байланысқа негіз қалап отырады. »[1]

Көрермендерге экранда оқиғаны хабарлау кезінде фактілер мен теориялық тұжырымдар, салыстырулар мен дәлелдердің, көрнекі суреттердің мол болуы аудитория мен студия арасын жақындастыра түседі. Өйткені фактіні іріктеу, оны сөзбен суреттеу кезінде автордың тақырыпқа шын жетіктігі айқындалып, ашыла түседі. Көрермендер жылдар өткен сайын рухани жағынан өсіп - жетіліп, байыпты бола бастады.

Журналист адамдармен қарым - қатынас жасай жүріп, өмірдің таңғажайып сырларына қанығады, өзінің ой - түйсігін тереңдетеді. «Бұл журналисті байқағыштыққа тәрбиелейді, ойдан ой туғызуға көмектеседі, рухани әлемінді байытады. Маман ретінде басқа жұрттан ерекшелігіңді байқатады. Өзгелер аңғармағанды журналистің аңғаруына мүмкіндік береді». [2]

Қазіргі заманғы тележурналистикада әлеуметке ықпал ететін, көрермендерге бағыт бағдар сілтейтін мүмкіндіктер жеткілікті. Теледидар бағдарламаларындағы ықшамдылық, өткірлік, айқындылық, маңыздылық тележурналистикаға қойылар басты шарттар. «Қарапайым хабардың өзі телепублицистикалық үнмен естіледі, оқиғалық ақпарат қоғамдық пікірді қалыптастырады, информациялық заметка да публицистикада басқаша көрініспен танылады» - дейді, Е. Прохоров. [3] Минут, сағат сайын сан - саладан ағылып жатқан ақпараттар тасқынында өткір де маңызды идеялар мен пікірлер жетерлік. Бізде хабар авторы елеулі проблеманы алып, соны экранға шығарғанымен де, оны тиімді, әсерлі жеткізу жолдарын іздестіре бермейді. Шағын сюжет не көлемді хабар болсын, онда тақырып актуальді, тосын, тың, маңызды болып, қоғамның мәнді проблемасын өзек етсе, әрі ол автордың тақырыпты жан - жақты аша білуімен іштей қабысса, көрермен де одан сырт қалмайды.

Хабардың тақырыптық ауқымы мол, идеялық деңгейі биік, әлеуметтік философиялық мазмұны терең болуы шарт. Көркем жанрдың үлесі тек сыр шерту емес, сонымен қатар үлкен әлеуметтік, қоғамдық, тіпті бүкіл адамзаттық тақырып бойынша азаматтық үн көтеру, терең ой толғау, заман кеселін қозғау болуы керек - ті. Теледидарда «барлаушыға тән - тапқырлық, ғалымға тән - тереңдік, білгірлік, күрескерге тән - табандылық, істі ақырына дейін апара білетін алғырлық, батылдық болуға тиіс». [4] Автор мен редактор, жүргізуші мен режиссер - оператор түсірілмек тақырыпты егжей - тегжейлі танымақ керек. Ал қолына микрофон ұстаған тележүргізуші байқау да, байыбына бару да оңай, өтіп жатқан күнделікті өмір ғой деп ойлайды. Қазіргі заман оның кейіпін көріп, біліп қоюда ғана емес, ол ұшқыр қиялға нәр беретін, әр түрлі деректердің көзге көрінуге тиіс ішкі үндестігін тап басып тануда. Бүгінгі күннің тұтас көркем суретін көңілге таңбалау, оны ақыл - ой қазанында қайнатып, экран көзіне лайықтап, шынайы картина дәрежесіне жеткізу үшін өмір тұнығына терең бойлау керек.

«Сценарийде бейнелердің типтік мінездерін жасау кезінде автор өмір шындығын бұрмаламай, кездейсоқ емес, шыншыл құбылыстарды көре білуі керек. Шеберлік ең алдымен, осыдан басталады. Сценарийдегі нақты кейіпкерлер арқылы автор белгілі бір заманның, әлеуметтік ортаның жетекші ерекшеліктерін танытуы тиіс. Кейіпкерді өмірде кездесетін түрлі қиындықты жеңу үстінде көрсетсе, кей сәттерде өмірдің көлеңкелі жағын баса суреттеуге жол беріп жатады. Өмір шындығы - жаңа өмірді, жаңа көзқарасты, жаңа қарым - қатынасты орнықтыру тұрғысынан бейнеленеді. » [5]

Теледидар бағдарламаларының тақырыбы жағынан өте ұнамды, ал мазмұны жағынан көрермендерге мейлінше ұғынықты болуы - экран шарттылықтарының бірі. Тақырып өмірдің өзіндегі бар құбылыстар мен әрекеттерден туындайды. «Саяси мәні бар, кезең қойып отырған міндеттерге жауап беретін, жұрттың назарын аударатын тақырыпты таңдай білу аса қажетті шарт», - дейді профессор Т. Амандосов. [6]

Эфирдегі телехабардың берер тағылымы мол. Ұлттық діл, ұлттық сезім, ұлттық рух, ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық болмыс - бітім бойымызға ананың сүтімен, әженің тілімен, ата - бабамыздың салт - дәстүрімен қалыптасса, соны дүние жүзі халықтарына бар артықшылығымен танытуда телеэкранның атқаратын қызметі ұшаң - теңіз.

Аға ұрпақтың өкілдері атасы мен әжесінің аңыз - ертегілерін тыңдап, олардың сөз саптау, ой құрау мәнерін көріп, таза қазақы ортада өсті. Ал соңғы кездері ұлттық орта қалалық жерлерде жоқ деуге болады. Осы тұрғыдан, жас ұрпақтың мәңгүрттену бағдарының одан әрі жалғасуын тоқтату, оларды халқымыздың рухани дүниетаным негіздерінен ажырап қалмау ісінде ақпарат құралдарының, соның ішінде теледидардың атқарар рөлі зор. Теледидар кеше де, бүгін де шын мәніндегі «тәрбиешіге» айналып отыр. Тек, жастарымыздың ғана емес, ол күллі елдің тәрбиешісі болуда. Ақпарат құралдары арқылы халық санасына кез келген идеяны сіңіруге болатындығы дүниежүзілік тәжірибеде толық дәлелденді. Демек, қазақ халқының ұлттық қайта жаңғыруы, оның бірігуі, ұйысуы, мемлекеттігін нығайтуы сияқты аса күрделі құбылыстар ақпарат құралдары арқылы жете түсіндірілгені орынды. Осы бағытта теледидарға жүктелер мәдени - рухани шаралар ұшаң - теңіз. Соған орай, кезінде халық ықыласын өзіне еріксіз тартқан «Шаңырақ», «Алтын сақа» атты сауықтық - тағылымдық көрсетулердің бергені мол. Бұлар бір жағынан қызықты ойын - тамаша ретінде қабылданса, екіншіден ойын - сауық ретінде көпшілікке, соның ішінде жас толқынға халық тарихынан, оның салт - дәстүрлері мен ұлттық рухына тән ұғым - түсініктерінен маңызды деректер беріп, оны ұрпақ санасына сіңіру арқылы қыруар тәрбиелік жұмыстарды жүргізді. «Мұндай бағдарламалар еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін, үлкенді - кішіні толық қамтитын бағдарлама. Соңғы жылдары жас ұрпақтың белгілі бір бөлігінің ұлттық тәрбиелік ортадан тыс өмір сүруі, мәңгүрттенуі сияқты келеңсіз құбылыстармен қатар, қазақ отбасында халқымызға жат, жағымсыз құбылыстар жиі кездесетін болды» - дейді, Ш. Битаева. [7] Бүгінгі жас балдырған ертең еліміздің тұтқасын ұстайтын азамат болады.

Көгідір экран арқылы аудиторияға хабар таратудың маңыздылығы орасан зор. Жаңа ақпарат ғасыры кезеңінде жоғары дәрежеде дамыған технологияның көмегімен, қоғамдық көңіл - күйде, қарқынды түрде эволюциялық процесс жүріп жатыр. Сондықтан теледидар табиғаты, тележүргізушінің қызметі қандай деген мәселенің алдыңғы кезекке шығаруы заңды болып табылады. Жаңа ақпараттық ғасыр кезеңінде электрондық бұқаралық ақпарат құралдары көпшіліктің дүниетанымын, өзіндік көзқарасын қалыптастыруда ерекше белсенділік танытып отыр. Өйткені, бүгінде әлем тез өзгеріп, тез жаңаруда. Адамзат өркениетінің әлемдік даму эволюциясы жеке адамның сезіміне ақпараттың барлық түрімен әсер етуде.

«Теледидар өз бойына театр мен киноның, баспасөз бен радионың сан қырын тоғыстырған синкретті өнер түрі болғандықтан, оның табиғатының да күрделілігі өз - өзінен айқындала түседі. Ол тележурналистиканың негізгі бейнелеу элементтері жанды көрініс пен дыбыс, мәнерлі сөз арқылы аудиториямен байланыс орнатады. » [8]

Теледидарда көркемдік, публицистикалық сарын жалпы журналистиканың заңдылықтарынан туындайды. Телеэкрандағы хабарлардың көркемдік деңгейі, ішкі құрылымының қуаты, кіріспе сөздерден бастап шарықтау шегіне, шешім табуына дейінгі сыңарлар әрбір бағдарламаның өн бойынан көрініп отыруы тиіс. Мысалы, теледидардың әдеби - драмалық хабарларында әдебиетке тән көркемдік тәсілдер барынша еркін сақталып қолданылады. Эфирдегі көрініспен қатар естілетін не сөйленетін сөздің дыбыс мүмкіндіктеріне, дауыс ырғағына қарай құбылып, әсер, ықпалының арта түсетінін ескерсек, қойылымдардағы әдіс, тәсілдер сөздің реңін ашып, ойдың бейнелі түрде көрермендерге эстетикалық ләззат беріп, құлақтан кіріп, санаға сіңіп қалатындай көркем дүниелер ұсынуына мүмкіндік туғызады. Хабарлар тілінің шұрайлылығы, онда троптардың (эпитет, метафора, антитеза, теңеу, аллитерация, гипербола т. б) мол қолданылуы бір мезгілде көрермендердің санасына ғана емес, сезіміне де әсер етеді. Сондай - ақ, теледидардың акустика мен бейнеге қатар ие екендігін ескерсек, хабардың көрерменді әсемдік әлемімен бірге тәрбиелік қасиеттерге үндейтіні ақиқат.

«Тележурналисте тарих, мәдениет, ғылым туралы жүйелі ой, толымды пікір болмаса, мұның түйіні - теледидардың өз аудиториясын жоғалтуына әкеліп соғады. » [9] Радиолампаны ойлап табушы, американдық Ли де Форестаның сөзімен айтсам: « . . . Сіздер менің балаларыма не істедіңіздер. Ол қоғамның дамуы, әрі әсем музыка мен мәдениетті насихаттаудың өткір қаруы түрінде ойластырылған болатын. Сіздер, оларды көшеге шығарып, тобырдан ақша жинауға дейінгі дәрежеге дейін жеткіздіңіздер». [10] Осыған орай, бүгінде теледидардың қоғамдық тәрбиешілік әрі ағартушылық рөліндегі маңыздылығы баршамызды толғандырады.

Көрермен сезімінде әлдеқайда көркем фильмнің қабылдануы кинотеатрдағыдан өзгеше. Талғамдық жағынан теледидарда көңіл - күйге әсер етушілік кинодағыдан үстем. Ол репродукция, фильмнің ішкі құрылымын өзгерту, көркем полотно, симфония, эстрадалық концертті қабылдау үрдісі кезінде оны «қайта жасауға» тіптен құдіретті. Теледидардың комуникативтік міндеті, оның аудиториямен тікелей қатынас кезеңінде көрерменнің түрге деген қызығушылығын тудыратындығын осыдан байқауға болады. Олардың кейбіреулері мыналар: телеқабылдау кезеңінде көпсериялылықтың бұлдыр сағым түзуі; қабылдаудағы тұрақсыздығы; ұзақтығы; деректілігі; айдар тізбектің телефильмің әсер ету тетігіне сүйенуі. Айырмашылығы, тізбек әлде айдар тақырыбына біріккен кез келген хабарлама сюжеттік жағынан тұйық әрі шексіз мүмкіндікке ие. Тәжірибеде телетізбек не айдардың ұзақтығы тақырыптың мазмұнына да қатысты.

«В. Вильчек, А. Вартанов, Ю. Богомолов, Р. Копылова т. б зерттеушілер, теледидардың қайталампаздық әмбебаптығын, телехабарламаның өзіндік эстетикалық маңызды алғы шарты деп бағалап, әрі теледидарды өнердің өзінен бұрынғы түрлеріне мәнерлік әсерін сезінетіндігін мойындайды. » [11] Шын мәнінде, уақыт өткен сайын теледидар көпшілікпен бірте - бірте жақындасу сатысын бастан өткеруде. Сонымен бірге экранда көрермен, шығарма және суретшінің шынайы қатынасы іштей түсіністікке ұласып, ол өзара жымдаса түсуде. Осының нәтижесінде теледидардағы айшық әрбіріміздің сырбаздық сезімімізге күн сайын өзгеше бір айқындықпен әсер етуде.

«Телевизионная журналистика» оқулығында тележурналистиканың жеті түрлі функциясын атап көрсетеді. Олар: ақпараттық функция, қарым - қатынас жасау функциясы, тәрбиелеу функциясы, үгітшілдік, насихатшылдық, ұйымдастырушылық функциясы, интегративтік функциясы, мәдени - ағартушылық функциясы, рекреативтік функциясы. » [12]

Менің дипломдық жұмысымның негізгі өзегі тележурналистиканың интегративтік функциясы болып табылады. «Яғни, интегративтік функцияның атқаратын қызметі адамзатқа тән құндылықтарды адамзат баласының (адамға қатысы бар) бойына сіңіру, соның бәрінің кез келген адамға қатысы бар дүние екенін олардың әрқайсысына ұғындыру. Өмірдегі таңғажайып нәрселерге етене араласып одан ешкімді шет қалдырмау. Әлбетте, әр көрерменнің талғамы әр түрлі. Интегративтік (шоғырланған, бірлескен) функция теледидардағы хабарлардың барлық түрінде дерлік жасалады. Публицистика, көркем өнер, спорт және тағы басқа функциялармен тығыз байланысты. » [13]

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Электронды бақ және мәдени хабарлар
Ток - шоу тақырыптары
Қазақстан арналарындағы балалар бағдарламалары
Тележурналистиканың БАҚ саласындағы алатын орны
Теледидардың бала психологиясына әсері
Қазақстан ұлттық телеарнасы мен тәуелсіз КТК, НТК, 31 телеарналарындағы бағдарламалардың өзіндік ерекшеліктері
Экрандағы бейне мен сөздің үйлесімі, телеарналар ерекшелігі
Тіл халықтың жаны
Телехабар - теледидар бағдарламаларын құру және оларды эфирге тарату
ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz