Бастауыш сыныптарда грамматика сабақтарында оқушыларды байланыстырып сөйлеуге үйрету


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   

Жоспар

Кіріспе . . . 3

I. Бастауыш сыныптарда грамматика сабақтарында оқушыларды байланыстырып сөйлеуге үйрету . . . 6

1. 1. Мәтін - жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің негізі . . . 6

1. 2. Жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің философиялық және психологиялық мәселелері . . . 10

1. 3. Жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің педагогикалық ұстанымдары мен тәрбиелік маңызы . . . 13

II. Негізгі бөлім.

2. 1 Жазу жұмыстары арқылы сауаттылыққа үйрету және тіл дамытудың әдістемелік негіздері . . . 15

2. 2. Бастауыш сыныптарда грамматика сабақтарын оқытудың маңызы . . . 15

2. 3. Жазба жұмыстарына қойылатын талаптар. (диктант, шығарма, мазмұндама) . . . 24

III. Тәжірибелік бөлім . . . 37

IV. Қорытынды . . . 41

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 43

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінде оқыту үрдісін тың жаңалықтарға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Соның бірі - қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға қабілетті, өзіндік пікірін ауызша және жазба түрде тиянақты, анық, жүйелі жеткізе алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «бастауыш мектептің бағдарламасы баланың жеке тұлғасын қалыптастыруға, жеке қабілетін ашуға және дамытуға бағытталып, оның қарапайым тілдік қарым-қатынас тәжірибесін, шығармашылықпен өзін-өзі көрсетуін қалыптастыру қажеттігі» көрсетілді.

Тұжырымдамада көрсетілгендей, бастауыш сынып оқушыларына тілдік құралдарды өз тәжірибесінде пайдалана білудің ғылыми-әдістемелік жолдарын көрсетіп, ойын жүйелі түрде дұрыс айта және жаза алатындай етіп үйрету - бүгінгі заман талабы. Мұның себебі, біріншіден, тіл - адам мәдениетінің, интеллектісі мен жан-жақтылығының көрсеткіші болса, екіншіден, өз ойын байланыстырып айту және жазу баланың басқа адамдармен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Басқалармен қарым-қатынастың тартымды, сәтті болуы адамның өзінің ойын қаншалықты еркін, тиянақты, жүйелі түрде жеткізуіне байланысты. Бастауыш сынып оқушылары жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрену арқылы тілдің мағыналық, құрылымдық ерекшелігін тануға, көркемдік бейнелілігін ұғынуға, сөздік қорының кеңеюіне мүмкіндік алады.

Жазбаша байланыстырып сөйлеу әрекетінде оқушы сөйлемнің мәніне, мағынасына көңіл аудара отырып, ойлау әрекеті мен пайымдауы арқылы санасынан өткізеді де, өз ойын байланыстырып, жүйелі жазудың нәтижесінде жазбаша тілдік қатынасты жүзеге асырады.

Баланың мектепке келгенге дейінгі өзі игерген ауызша сөйлеуімен салыстырғанда, тілдік қатынастың күрделі түрі жазбаша сөйлеуге үйрету белгілі бір жасанды дағды негізінде қалыптасады. Сондықтан да бұл жұмыс мұғалім мен оқушы тарапынан көп көңіл бөлуді қажет етеді. .

А. Байтұрсыновтың жазуға үйрету әдісі жайлы « . . . сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай қажет болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек . . . Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында өзгеріп, қалайша бір-бірімен қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек», - дей отырып, сөйлеудің жазба түрінің күрделі екеніне көңіл бөліп, жазуға үйретуге ерекше мән берілуі тиіс екендігін айтады .

Жазбаша байланыстырып сөйлеу тілдік таңбаның мағыналық тұтастығынан тұратын, тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық тұлға мәтін құру арқылы жүргізіледі.

Зерттеу мақсаты - бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту үрдісінде ғылыми-теориялық тұрғыда негізделген тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларды жазбаша сөйлеуге үйретудің әдістемелік жүйесін негіздеу және тәжірбиеде қолдануға ұсыну.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

- философиялық, лингвистикалық, психологиялық әдебиеттерді оқып, тақырып тұрғысынан талдау жасай отырып, жүйелеу арқылы оқушыларды жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің лингвистикалық негіздерін айқындау;

- бастауыш сыныптардағы қазақ тілі пәніне арналған оқыту бағдарламалары мен оқулықтарды талдау арқылы оқушыны жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрететін білім мазмұны мен білік, дағдыларын қалыптастырудағы әдіс-тәсілдердің психологиялық, педагогикалық талаптарға сай келуін анықтау;

- анықтау эксперименті бойынша бастауыш сынып оқушыларының жазбаша байланыстырып сөйлеу деңгейлерінің қазіргі жайын саралау;

- оқушыларды жазбаша сөйлеуге үйретуге арналған жаттығулар мен тапсырмалардың (2-4 сынып бойынша) қолайлы мазмұнын, көлемін, әдістері мен құралдарын ұсыну;

- ұсынылған әдістемелік жүйенің, жаттығулар мен тапсырмалардың ұтымдылығын оқыту эксперименті арқылы дәлелдеу.

Бастауыш сынып оқушыларын жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің тиімділігі мынадай шарттар орындалған жағдайда артады: егер оқушыға берілетін мәтін жайлы теориялық білім мен қажетті білік, дағдылар нақтыланып, мәтін құрастырудың әдіс-тәсілдері саналы түрде меңгерілсе, оқушыларды жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысы жаңа технология талаптарына сай (аудио, визуальдық, компьютерлік және электрондық оқу құралы арқылы т. б. ) жүргізілсе, онда оқушылардың өзіндік әрекеттері мен шығармашылық белсенділігі қамтамасыз етіліп, ойын тиянақты түрде жазуға дағдыланады, өйткені оқушыны жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесі жүйелі сөйлеу мәдениеті мен логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге мүмкіндік ашады.

Зерттеудің жетекші идеясы. Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту үрдісінде оқушыларға мәтін туралы жан-жақты теориялық білім бере отырып, мәтін құрастырудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану олардың өз ойын дұрыс, жүйелі түрде жеткізуге үйретіп, жазбаша сөйлеу біліктері мен дағдыларын қалыптастырады.

Зерттеудің әдіснамалық негіздері және теориялық негіздері. Зерттеуге қатысты философиялық таным теориясы, психологиялық, лингвистикалық, ғылыми әдістемелік ой-тұжырымдарда қалыптасқан тұжырымдамалар алынды: оқыту және таным психологиясы, үйрету теориясы, әрекет теориясы, мәтін теориясы және оны оқыту әдістемесі, оқыту технологиясының жетістіктері мен тиімді әдістері.

Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу жұмысындағы тұжырымдарды оқулықтар мен оқу құралдарын құрастыру кезінде пайдалануына болады. Сондай-ақ зерттеу жұмысында құрған бағдарлама мен сол бойынша дайындалған жаттығулар кешенін мектеп мұғалімдері тіл дамыту сабақтарында қолдануына болады.

I. Бастауыш сыныптарда грамматика сабақтарында оқушыларды байланыстырып сөйлеуге үйрету

1. 1. Мәтін - жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің негізі

Сөйлеу әрекетінің бірде-бір жағын естен шығармау керек: дыбыстық-әріптік талдау, сөз құрамына жаттығу, сөз таптары бойынша, синтаксис және байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстары. Орфографиялық жаттығуларды (көшіру, диктант) сөйлеу жаттығуларымен (мазмұндама, шығарма) кезектестіріп өткізу.

Бастауыш сынып оқушылары сөйлеу сөйлемнен тұратынын біледі. Олар сөйлемді сөзге бөледі. Бір сөйлемде қанша сөз бар екенін анықтайды, өздері екі-үш сөзден сөйлем құрайды. Ертегіні қайталап айтқанда, әнгімелескенде олар сөйлеммен сөйлейді. Әрине, бұлар сөйлем туралы тек алғашқы мәліметтері, бұл мағлұматтары кейін грамматика сабақтарында нақтылана түседі.

Әліппе кезеңіндегі негізгі міндет - балаларды ауызша сөйлем құрауға үйрету. Әліппедегі картинкалардың, көпшілігі балаларды сөйлем құрауға үйретуді және олардың сөйлеу қателіктерін түзетуді көздейді.

Байланыстырып сөйлеуге үйрету сұрақ-жауап түрінде жүргізіледі. Ол (сұрау) әңгіменің жоспары іспеттес болуы керек.

Логикалық байланыстырып сөйлеуге үйрету үшін деформациялық мәтіндер алған жақсы.

Байланыстырып сөйлеуге үйретуде диафильм, мультфильм немесе балалардың ойыны, сондай-ақ мектептегі қандай да болмасын бір оқиға жөнінде де әңгімелесу тиімді нәтиже береді.

Сөйлеуге үйретуде дыбысты дұрыс айтып және оны дәл қабылдаудың маңызы зор. I сынып оқушыларының бірқатары дыбысты дұрыс айта алмайды (р, л, с, ш, з, ж, щ, ц) .

Дыбысты бұзып айту бірқатар жағдайда оны дәл қабылдай алмағандықтан болуы мүмкін. Мысалы, ұяң дауыссыздарды қаттылау айту, айтылуы ұқсас дауыссыздарды ажыратпай, түсініксіз айту (с-ш, ж-з, ч-щ, т. б. ) . Мұндай жағдайды балаға осы дыбыстардан қос буын құратып айтқызса, (па-ба, ба-па, ка-га, га-ка, жа-за, за-жа, жа-ша, ша-жа) оңай білуге болады.

Дыбыстарды бұзып айту сөзді дыбыстық талдау процесінде де көрінеді. (Мысалы, шаш, шана сөздерінен »ш» дыбысын бөліп көрсеткенде т. б. ) . Баланың сөйлеу кемшілігін жөндеу әрбір баламен үнемі жеке жұмыс жүргізуді талап етеді.

Егер баланың сөйлеуі анық болмаса және ол түзеле қоймаса, мұндай жағдайда оны маман мұғалімге - логопедке жіберу керек.

Тілдік таңбалардың мағыналық тұтастығынан тұратын мәтін бірлігі мен оның құрылымдық ерекшелігіне талдау жасалды. Өйткені жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретуде оқушыларға сөз бен сөз тіркесін білу жеткіліксіз. Олай дейтініміз, оқушының өз ойын байланыстырып жазу әрекеті жеке сөз бен сөйлемдерден тұрмайды, ол бір-бірімен логикалық және грамматикалық байланысқа түскен сөйлемдер бірлігі болып табылатын тұтас мәтіннен тұрады.

Мәтінді лингвистикалық білімнің жеке саласы тұрғысынан қарастыру ХХ-ғасырдың 60-70 жылдарынан қалыптаса бастады. Лингвистиканың зерттеу нысаны ретінде мәтінге берілген анықтамалар да жетерлік. Олардың бірқатарына тән ортақ пікір бойынша, мәтін дегеніміз аяқталған тұтас ойды білдіретін сөйлеудің басты бірлігі.

Мәтінді толығырақ тану үшін мәтін мен сөйлемдер арақатынасын анықтап алған жөн. Көптеген ғалымдар мәтінді бір ғана (жай немесе күрделі) сөйлемнен тұрады деп санайды.

Алайда жеке сөйлемнің мәтін белгісіне ие болу қасиеті өте сирек кездесетін құбылыс. Осы мәселе бойынша С. И. Гиндин мәтін құру заңдылығы мен сөйлем құру заңдылығын салыстырмалы түрде анықтағанда, олардың айырмашылығы мынада деп көрсетеді: «1-ден, сөйлем дайын формулаға сәйкес құрылады да, мәтін жалпы ұстаным бойынша құрылады; 2-ден, сөйлемнің негізгі белгісі оның грамматикалық құрылымында болса, мәтінде - мағыналық құрылымында; 3-ден, сөйлемді грамматикалық жағынан құрғанда қатаң ұстанымға негізделсе, мәтінді мағыналық жағынан ұйымдастыру, яғни сөз таптарының ішкі байланысы еркін (икемді) ұстанымға негізделеді».

Бастауыш сынып оқушыларына тілдегі көркемдегіш құралдарды пайдалана отырып (теңеу сөз, метафора, балама т. б), әдеби тіл, ғылыми тіл және ресми тіл стильдері бойынша мәтін құруға жаттықтыруда стилистика заңдылықтарын білудің маңызы зор.

Мәтін стилистикасы көркем шығармалардың жазылу ерекшелігіне байланысты сөйлеу түрлерін қарастырады. Демек, бастауыш сыныпта әдеби тілдің функциональдық типтері бойынша (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) мәтін құрастыру жолдары үйретіледі. Мәтіннің осы түрлерін құру арқылы оқушының ойлау үрдісі жүзеге асырылады, тілдік материалға реттеушілік сипат беріп, ойды жазбаша түрде жүйелі мазмұндау мәдениеті қалыптасады. Мысалы, әңгімелеу мәтінінде сөйлемнің құрылымы бір-бірімен мағыналық байланысы арқылы оқиға дамытылып, өрбіп отырады.

Жоғарыда көрсетілген мәтін белгілеріне сүйеніп, бастауыш сынып оқушыларын байланыстырып сөйлеуге үйретуде стилистика мәселесі де қамтылады. Мәтін стилистикасы көркем шығармалардың жазылу ерекшелігіне байланысты сөйлеу түрлерін қарастырады. Демек, бастауыш сыныпта әдеби тілдің функциональдық типтері бойынша (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) мәтін құрастыру жолдары үйретіледі.

Мәтіннің мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері жөнінде оқушыға берілетін білім:

- мәтіннің белгілі бір тақырыпқа қарай құрылатыны;

- мәтін тақырыбы мен негізгі ойдың байланысы;

- мәтін бөліктерінің арасында байланыс болатындығы;

- мәтін түрлері және олардың құрылымдық ерекшеліктері болатындығы;

- мәтіндегі сөйлемдер тілдік құралдар көмегімен байланысатындығы т. с. с.

Лингвистика ғылымында мәтін байланысының негізгі екі түрі бар: ішкі байланыс және сыртқы байланыс. Сыртқы байланыс грамматикалық және лексикалық құралдар арқылы іске асады. Ал осы құралдар арқылы мәтінді, ондағы сөздер мен сөйлемдердегі байланыстың мәнін түсіну ішкі байланыс болып табылады. Бұл оқушының мәтінді түсіну, қабылдау үрдісінде басты орын алады.

Лингвист С. И. Гиндин байланыс жасаудың мынадай механизмдерін анықтайды: 1) іліктіру - мәтінде қандай да бір арнайы байланыстырушы элементтің болуы; 2) қайталау - мәтіннің ішкі құрылымында бір-біріне ұқсас элементтің (сөздің) қайталанып келуі; 3) жалғасу - оқиғалардың бірінің артынан бірі жалғасып отыруы.

Бастауыш сынып оқушыларына мәтін құрамындағы сөйлемдердің байланысуынан ойдың дамуын, өрістеуін байқатуға болады. Ендеше, бастауыш сыныпта мәтін құрамындағы сөйлемдердің байланысу ерекшелігін анықтаудың, өзара көрші екі сөйлемнің қалай байланысып тұрғанын анықтауға үйретудің маңызы зор. Ішкі мәтіндік байланыс бір сөздің екінші сөйлемде қайталануы арқылы немесе біртүбірлі сөздер арқылы жасалады. 1-ші сөйлемде келесі сөйлемде айтылатын ойдың элементі жүреді, 2-ші сөйлемде 3-ші бір сөйлемде берілетін ойдың элементі жүреді. Сөйтіп, айтылмақ ой қашан біткенше бұл тізбек өзара байланысып, жалғаса береді.

Зерттеу жұмысында бастауыш сыныпта мәтіндегі сөйлемдер байланысының жасалу жолдары жайлы түсінік беріле отырып, оқушының алған білімін өз мәтінін байланыстырып құруда пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Осы мақсатта бағдарламада берілген «Мәтіндегі сөйлемдердің байланысы» тақырыбын оқытуда сөйлемдерді байланыстырудың қарапайым жолдарын үйрету ұсынылды.

Бастауыш сынып оқушыларын жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің лингвистикалық негіздерін анықтауда оқушының мәтін құрастыра алуы үшін, оларда мынадай білім, білік пен дағды қалыптастыру көзделді: мәтіннің түрлері және олардың құрылымдық ерекшелігі бойынша (сипаттау, хабарлау, пайымдау) мәлімет бере отырып, мәтін құрастыруға үйрету; мәтіннің мағыналық құрылым ерекшеліктері (тақырып, негізгі ой, тақырыпша, жоспар) бойынша мәтін құрастыруға дағдыландыру; мәтін құрастыру үшін оны құрайтын элементтердің, тілдік тұлғалардың (мәтін бөліктері, абзац, сөйлемдер байланысы, есімдіктер, синоним сөздер) ерекшелігін таныту; мәтін құрастыру білігі мен дағдысын өз ойын байланыстырып жазу шеберлігімен ұштастыру (жұмбақ құрастыру, өлең құрастыру, ертегі ойлап жазу, өз ойынан эссе, шығарма жазу) .

Демек, оқушыларды жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесі мәтіннің мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері бойынша мәтін құрастыра алу білігі мен дағдысына негізделе жүргізіледі.

1. 2. Жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің философиялық және психологиялық мәселелері

Жеке тұлғаның жазбаша байланыстырып сөйлеуін меңгеруі шындықты танумен тығыз байланысты. Адамның дүниені тану жолы екі деңгейде, теориялық және эмперикалық білім көздері болады. Теориялық таным барысында кез келген құбылыс ақыл-ой арқылы ұғынып түсіндірілсе, эмперикалық таным түйсіну, қабылдау, көріп сезу, елестетуге құрылады. Осымен байланысты мәтіннің ақпараттық мазмұнында да теориялық және эмперикалық таным іздері болады. Теориялық таным бастауыш сынып балаларына мәтін жайлы ұғымды саналы түрде қалыптастыруға, сол арқылы олардың теориялық ойлауын дамытуға негіз болады.

Әдіскер-ғалымдар арасында бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігі туралы «шындық болмыстың нақты, яғни сыртқы белгілерін ғана тани алады» деген түсінік қалыптасып, олар эмперикалық таным көздеріне сүйеніп келді. Эмперикалық ойлауда сөз-терминдер қызмет атқарып, бала сол терминдерді саналы түрде түсінбей-ақ қолдана береді. Ал теориялық ойлау оқушының ақыл-ой әрекеті (есі, ойлауы, қиялы) арқылы қалыптасады. Оқушының мәтін белгілерін саналы ұғынуы «зерттеу» әрекеттері арқылы іске асады.

В. В. Давыдовтың еңбектеріне оқу материалының тек сыртқы белгілерін ғана санамалап оқыту бастауыш сынып оқушыларының ақыл-ой даму қарқынын төмендетіп, өздігінен білім алу қабілетін қалыптастыруға кедергі келтіретіні жайлы пікірі бар. Дамыта оқыту теориясын жасаған В. В. Давыдов, Д. Б. Эльконин, Л. В. Занков т. б бастауыш сынып оқушыларының теориялық ойлауын дамытуға мүмкіндік бар екенін анықтады.

Оқушының мәтінді қабылдап, түсінуі мәтіннің сыртқы белгілерін, сосын ішкі құрылымын кең түрде талдау арқылы жүргізіледі, ерекшелігін сараптайды, жалпыдан жекеге немесе жекеден жалпыға жүру жолын таниды. Осындай кең түрдегі талдау барысында оқушының теориялық білімді меңгеруіне мүмкіндік ашылады.

Қабылдау түйсінулерге негізделеді (көру түйсігі, есту түйсігі, иіс сезу түйсігі т. б) . Есту және көру түйсігін жетілдіру үшін вербалдық (көргенін немесе естігенін сөзбен айту), вербалдық емес (сызбалар, диаграммалар, модульдер, суреттер т. б. ) тәсілді пайдаланған тиімді. Бейнелік-таңбалық сызбалар оқушының санасында бейнеленген ұғымдарды жүйелеп сыртқа шығаруға, ұғымнан туған ойды сөзбен байланыстырып айтуға мүмкіндік ашады.

Қазіргі кезде оқушының тілдік-қатысымдық дағдысын жетілдіруде оқытудың экрандық, аудио, визуальдық құралдары маңызды орын алады. Бала танымы жаңа деректер мен хабарлар арқылы қалыптасады. Сабақта түрлі аудиомәтіндерді тыңдату, сол мәтіндер бойынша шығармашылық тапсырмалар беру, интерактивтік тақта арқылы бейнефильмдер көрсету баланың өз ойын байланыстырып, жүйелі жазуға үйренуіне ықпал етеді.

Баланың үйрену механизмінің бастапқы негізі - айналасындағыларға ұқсаудан, өз тәжірбиесінде алған білімін сынап көріп, оны зерттеуден тұрады. Бұл оқу үрдісінде мұғалімнің баланы оқуға үйрету міндеті арқылы жүзеге асырылады.

Үйрету теориясының негізін салушы, атақты ағылшын ғалымы Э. Торндайк (Thorndikе, 1890 ж, ХІХ ғ) үйрету үрдісінің екі заңдылығын ашты: жаттықтыру мен тиімділік заңдылығы. Жаттықтыру заңдылығы бойынша индивидиум белгілі бір тосқауыл кездескен кезде мәселені шешудің қолайлы тәсілдерін қолданып, соның барысында әсері жоқ әрекеттерден бас тарта отырып, соңында мәселенің шешімін табады. Бұл заңдылық әрекеттің әсер ету заңы бойынша, яғни қандай да бір әрекет тілеген нәтижеге жеткізетін болса, онда оның қайталану мүмкіндігі артатындығын дәлелдейді.

«Нәтижені білмей өткізілген практика, қандай ұзақ мерзімде болмасын - қажетсіз практика» деп, Э. Торндайк нәтижелерге көп көңіл бөледі. Әрекет неғұрлым көп қайталанса, санаға соғұрлым терең сіңіріледі деп санайды.

«Істеп көру мен қателесу теориясын» сынаған гештальтпсихология өкілдерінің бірі К. Коффка бүтінді түсінуге, бүтіннің барлық бөліктерін, олардың ара қатынасын тұтас қабылдауға үйрету оқытудағы басты міндеттердің бірі деп түсіндіреді. Гештальтпсихология бойынша мәнсіз қайталау еш нәтиже бермейтінін, алдымен әрекеттің орындалу жолын, құрылымын түсіну қажет, содан соң барып әрекетті қайталау қажеттігін ұсынады. Оқыту үрдісін талдай келе, К. Коффка үлкен рөлді еліктеуге береді, « . . . еліктеу арқылы оқыту, жазу, сөйлеу сияқты дағдылар оңай әрі жеңіл меңгерілетінін» айтады.

Үйрету теориясының бихевиористік бағытын қолдайтын К. Халла көзқарасы бойынша, « . . . баланың қажетін қанағаттандыруды дағдыға, әдетке айналдырмайынша және әрбір алған білімді қуаттап отырмайынша үйрету мүмкін емес» деген көзқараста болды. Дағды мен қажеттілік болмайынша әрекет етуге себеп те болмайды» дейді.

Гештальтпсихология өкілдерінің пікіріне сүйеніп, мәнсіз қайталау еш нәтиже бермейтіндіктен, балаға алдымен әрекеттің орындалу жолын, құрылымын түсіндіру қажеттігіне көзіміз жетті. Оқушыны жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретуде мұғалім алдымен мәтін құрастырудың жолын өзі көрсетеді, сызба арқылы түсіндіреді, мәтіннің құрылымдық ерекшелігімен таныстырады. Оқушының білім деңгейін ескере отырып, нәтижеге бағытталған (Э. Торндайк теориясы бойынша), қызықты мазмұнға құрылған жаттығулар мен тапсырмалар орындатылады. Мәтінге байланысты жаттығулардың түрлендіріп берілуі баланың қажетін қанағаттандырып, дағдыға, әдетке айналдырады. Бұл К. Халла теориясы бойынша оқушының әрбір алған білімін қуаттап отырмайынша үйрету мүмкін емес деген пікіріне сәйкес келеді.

1. 3. Жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің педагогикалық ұстанымдары мен тәрбиелік маңызы

Оқыту мен тәрбиенің негізгі қағидалары мен тәрбиелеу жолдарына көңіл бөлінеді. Оқыту белгілі бір ұстанымдарға негізделетіні белгілі. Оқушыны жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретуде теориялық білім беру ұстанымын басшылыққа ала отырып, тұтас бір ойды білдіретін сөйлемдерді байланыстыру жолдарын теориялық мәліметтерге сүйеніп орындау көзделеді. Мәтіннің сөйлемнен айырмашылығы, оның бөліктерге жіктелуі, негізгі ой мен тақырып байланысы, мәтіндегі сөйлемдер байланысы т. б. теориялық білім беру мәтін құрастыру үрдісіндегі ерекше кезең болып табылады. Мәтінді мағыналық, құрылымдық жағынан теориялық талдау тілдік ерекшеліктерді танып білуге септеседі, мәтіннің ақпараттық бағытын түсінуге, мәтіндегі тұтастықты қамтамасыз ететін элементтердің арасындағы байланысты саналы түрде ұғынуға мүмкіндік ашады.

Ұжымдық рефлексияға құрылу ұстанымы бойынша оқушыға білім беру үрдісі білік пен дағды қалыптастыруды ғана емес, әр оқушының танымдық мүмкіншілігін ашу және оны қанағаттандыру үшін педагогикалық қолайлы жағдайларды анықтауды көздейді. Бұл сабақ үрдісінде жүзеге асырылады. Оқушының үйренген білімі мен білігі мұғаліммен, балалармен бірігіп орындаған жағдайда оның оқуға деген қызығушылығын арттырады. Сондықтан да қазақ тілі сабақтарында оқушының өз ойын байланыстырып жазуына толық жағдай жасайтын субъект-субъектілік қарым-қатынас ұстану негізге алынады. Жеке тұлғаның еркіндігі оқу әрекеті жағдайында субъектілер қарым-қатынасын жүзеге асыру арқылы орындалады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
“Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту теориясы мен технологиясы” пәнінен дәрістер
Сауат ашу кезінде оқушылардың үйренетін шеберліктері мен дағдыларының шеңбері
Cауат ашу әдістемесі пәнінен дәрістер
Грамматиканы тілдің басқа салаларымен байланыстыра оқыту
Әдебиеттік оқытудың тәрбиелік, дамытушылық мақсаты мен міндеттері
Бастауыш мектепте қазақ тілін оқытудың теориясы мен технологиясы
ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕРІ
Сөз тұлғасын оқу барысындағы жаттығулар
3-сыныптарда оқушылардың тілін дамыту
Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту теориясы мен технологиясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz