Қазақ жауынгерлік қару-жарақ жүйелеу дәстүрі.


Кіріспе . . . 3

І-тарау. Қазақ жауынгерлік қару-жарақ жүйелеу дәстүрі . . . 11

ІІ-тарау. Дәстүрлі қару-жарақ жасау ісіне байланысты ғұрыптар мен наным-сенімдер . . . 25

ІІІ-тарау. Қару-жарақтың ғұрыптық қызметінің мифологиялық негізі . . . 34

ІV-тарау. Қару-жарақтың магиялық қызметі . . . 39

Қорытынды . . . 49

Пайдаланған әдебиеттер . . . 51

КІРІСПЕ

Еліміздің тәуелсіздік алуымен қазақтың өткен тарихына, әскери өнерінің, қару-жарағының тарихына деген қызығушылық арта түсуде. Бірақ бүгінде қазақтың дәстүрлі жауынгерлік қару-жарағы туралы жазылған еңбектерде, басылымдарда көптеген жаңсақтықтар мен шатастырулар, қате пікірлер мен түсініктер кездеседі. Бұл - қазақтың дәстүрлі қару-жарағының осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан тиянақты зерттелмей келгенінің салдары.

Қазақ халқының қару-жарағына қатысты алғашқы этнографиялық мәліметтер ХVІІІ-ХІХ ғасырларда әр түрлі мақсаттармен Қазақстанда болып, қазақтың тұрмыс салтын зерттеген орыс және еуропа зерттеушілері - Т. В. Аткинсонның, П. С. Палластың, И. Г. Георгидің, И. П. Фальктің [1, 2], Дж. Кэстльдің [3], П. И. Рычковтың, В. В. Радловтың [4], А. И. Левшиннің [5], С. Б. Броневскийдің [6], Б. Залесскийдің [7] және т. б. еңбектерінде жинақталды, бірақ бұл авторлар көбіне қазақтар қолданған қару-жарақ түрлерін жалпы сипаттаумен ғана шектелді.

Қазақ қаруын шын мәнісінде кешенді тұрғыдан алғашқы зерттеушілердің бірі қазақтың тұңғыш ғалымы III. Уәлиханов болатын. Оның еңбектерінде XVIII-XIX ғғ. қазақтың суық және от қаруының түрлері, олардың типтері, жасалу технологиясы, қазақ тіліндегі дәстүрлі кәсіби атаулары, олардың қолданылуы, қазақ халқының қару-жарақпен байланысты салттары, ырымдары туралы мәселелер көтерілді, сонымен бірге олардың бітімін, сыртқы ерекшелігін көрсететін, сол кездегі қолданыста болған нұсқалардан тікелей салынған суреттері де берілді [8, 9, 10, 11, 12] . Өкінішке орай бұл мәселелердің көпшілігінің зерттелуі ғылымда өз жалғасын таппай, қазақ қару-жарағы тек бір аспектіде ғана, тек бір бағытта ғана, атап айтқанда әскери істің бір бөлігі ретінде ғана қарастырылып келді. Тіпті этнографиялық сипаттағы еңбектерде де қару-жарақ тек соғыс құралы функциясы тұрғысынан ғана зерттелді.

Қазақстандық тарихнамада тікелей қазақтың ХVП-ХІХ ғғ. қару-жарағына қатысты мәселелер ең алғаш рет 1969 жылы шыққан Г. И. Семенюктің еңбегінде қарастырылды, бірақ онда қазақ қару-жарағының жекелеген түрлері ғана қысқаша сипатталды [13] . Бұл жылдары шыққан елеулі еңбек ретінде Санкт-Петербург қаласындағы Антропология және этнография музейінің (МАЭ) қорындағы қазақ қаруларының үлгілерін зерттеген В. П. Курылевтың еңбегін айтуға болады [14] . Ол аталған музей колллекциясындағы қазақ қару-жарағының түрлеріне типологиялық талдау жасап, жасалу әдістерін зерттеп, найзаның, жақтың, оқтың көшпелі халықтар мәдениетіндегі ғұрыптық және символдық мәні туралы да сөз қозғады.

Соңғы уақытта шыққан қазақстандық ғалымдардың Қазақстан тарихы, қазақтың әскери өнері тарихына қатысты еңбектерінде де қару-жараққа қатысты проблемалар қарастырылады. Бұл бағыттағы соңғы жылдары шыққан кең көлемді зерттеулердің ішінде А. Тасболатовтың, Қ. Р. Аманжоловтың, А. Ш. Кадырбаевтың, Т. К. Алланиязовтың, Ш. Қартаеваның, А. К. Көшкүмбаевтың еңбектерін атауға болады. Бірақ бұл аталған еңбектерде қазақ қару-жарағы қазақ халқының әскери ісі мәселелерінің шеңберінде ғана қарастырылып, осыған орай олардың кейбір түрлерінің қалыптасу тарихы, қолданылу ерекшелігі ғана қамтылған.

Қазақ халқының қолөнерін зерттеуге арналған Ә. Х. Марғұланның [15], Х. Арғынбаевтың [16], Т. К. Басеновтың [17, 18], С. Қасимановтың [19], Р. Н. Шойбековтың [20] еңбектерінде қолөнер түрлерінің әдістерімен жасалған заттар ретінде қазақтың қару-жарағының да жекелеген түрлерінің жасалу технологиясы, көркемдеу тәсілдері зерттеліп, оларға қатысты халықтық атау-терминдер айтылады. Сондай-ақ қазақтардың құлпытастарында қару-жарақтың бейнелену мәселелері Ж. М. Жетібаевтің [21], С. Е. Әжіғалидің еңбектерінде [22, 23] сөз болады.

XX ғасырдың 50-жылдарынан бастап Еуразиялық көшпелілердің әскери ісі мен қару-жарағын зерттеуге арналған еңбектер көптеп жариялана бастады. Орыс авторлары Е. В. Черненконың [24], А. И. Мелюкованың [25], К. Ф. Смирновтың [26], А. М. Хазановтың [27, 28, 29] және т. б. ғалымдардың еңбектерінде [30, 31, 32] археологиялық материалдардың негізінде скиф, сарматтардың қару-жарағы біраз тереңделіп зерттелсе, Сібірді мекен еткен түркі халықтарының орта ғасырдағы қаруы, қорғаныс жарақтары мен соғыс өнері туралы Ю. С. Худяковтың [33, 34, 35, 36, 37, 38], А. И. Соловьевтың [39] және т. б зерттеушілердің еңбектері басылып шықты. Көшпелі халықтардың қару-жарағын соңғы уақыттағы зерттеушілердің ішінде М. В. Горелик еңбектерін ерекше атап өту керек [40] . Ертедегі Қазақстан территориясын мекен еткен сақ, түркі, қыпшақ, қимақтардың қару-жарағы К. А. Акишевтің [43], М. К. Қадырбаевтың [44], Ю. А. Плотниковтың [45], Ф. Х. Арсланованың [41] еңбектерінде қарастырылады. Бұл зерттеулер қазақ қару-жарағының генезисін, тарихи дамуын, эволюциясын анықтауға ғылыми негіз қалыптастырды.

Қазақтың қару-жарағының қазақ этносының діни дүниетанымымен байланысын арқау еткен тікелей зерттеу жоқ. Бірақ көшпелі халықтарда қаруға табыну өте ертеден келе жатқан діни жосын-жоралардың бірі болғандықтан, сақтардың, скифтердің әскери және қару культтары С. С. Бессонованың [43, 44], Д. С. Раевскийдің [45, 46], А. К. Акишевтің [47, 48] және т. б. еңбектерінде [49] зерттелген. Қазақтардың діни ғұрып-салттары, тыйымдары, ырым-жораларына арналған Ә. Т. Төлеубаевтің [50], Ә. Қ. Ахметовтың [51] еңбектерінде тіршілік циклі салттарындағы қару-жарақтың да магиялық-ғұрыптық қолданысы айтылады. Этностың тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін зерттеуге арналған Н. Әлімбайдың еңбегі этникалық мәдениеттің бір компоненті ретінде қару-жарақтың этномәдени қызметін парықтауға көмектеседі [52] .

Қазақ батырларының қару-жарағын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеген Ә. Қайдаровтың, қазақ тіліндегі әскери лексиканы зерттеуге арналған Н. Уәлиевтің, Т. Байжановтың еңбектерінде қазақ тіліндегі қару-жарақ атауларының қалыптасуы, ерекшеліктері, семантикасы қарастырылған [53, 54, 55] .

Бұл қысқаша шолуды қорытындылайтын болсақ қазақ қару-жарағын кешенді түрде жан-жақты зерттеуге арналған тікелей еңбектер мүлде жоқ екенін көреміз. Қазақ қару-жарағына қатысты көптеген мәселелер әр түрлі бағыттағы ғылыми еңбектерде қосалқы мәселе түрінде шашыла қарастырылып келген, ал қару-жарақтың дәстүрлі мәдениеттегі басқа функциялары ғылыми проблема түрінде ешқашан көтерілмеген, қару-жарақты жеке этнографиялық зерттеудің объектісі ретінде алып қарастырған жұмыстар да жоқтың қасы.

Дәстүрлі қару-жарақ - ұлттық мәдениеттің ерекше феномені. Халықтың дәстүрлі түсінігінде қару-жарақ тек соғыс құралы ғана емес, қару-жарақтың барлық түрі этностың өмірі динамикасының айырылмас элементі, олар өздерінің түрлі тұрмыстық және әлеуметтік функциялары арқылы этностың өмір сүру процесіне кіріккен. Қазақ халқының қару-жарағын қазақтың дәстүрлі халықтық мәдениетінің контексінде қарастырып, этнографиялық болмыстың басқа құрамдас элементтерімен генетикалық, семантикалық, құрылымдық және функционалдық байланыстары мен қатынастардың тұтастығында қарастыру ғана этникалық мәдениеттің маңызды бір компоненті болған қару-жарақтың шынайы мағынасын аша алады.

Сондықтан бұл кітапта қазақтың дәстүрлі қару-жарақ жүйесін көшпелі қоғамда жан-жақты функциялар атқаратын, сол арқылы дәстүрлі мәдениеттің

өмір сүруіне қызмет ететін, этникалық мәдениет сияқты үлкен жүйенің бір құрамдас бөлігі ретінде көрсету мақсат етіп қойылды.

Тұңғыш рет бұл кітапта этникалық мәдениеттің компоненті ретінде қару-жарақтың дәстүрлі қоғамдағы түрлі функциясы, қару-жарақта этностың дәстүрлі дүниетанымының көрініс табуы, қару-жарақ жасау ісінің ғұрыптық аспектілері, одан туындайтын қару-жарақпен байланысты қазақ халқының дәстүрлі ырымдары, салттары қарастырылады. Қазақтардың қару-жарақ түрлерін жіктеудің қалыптасқан дәстүрлі жүйесі көрсетіліп, бұл жүйелеудің басты прициптері ашылып, қазақ қару-жарақтарының негізгі типтері мен үлгілері туралы сөз болады. Еңбекте қазақ қару-жарағының жасалу технологиясы, оларды жасауға қолданылған материалдар, дайындау, өңдеу әдістері, көркемдеп әшекейлеу, өлшемін анықтау тәсілдері туралы әңгімеленеді. Қазақ тіліндегі қару-жараққа қатысты дәстүрлі халықтық атау-терминдер қарастырылып, олардың тілдегі қалыптасу заңдылықтары ашылып көрсетілген.

Бұл кітап көпшіліктің қазақтың жауынгерлік қару-жарағы туралы танымы мен түсінігін кеңейтіп, бұған дейінгі кемшіліктер мен жаңсақтықтарды түзеуге дұрыс бағыт береді деп сенеміз.

Кітапта қазақтардың көне заманнан келе жатқан тек дәстүрлі суық қаруы, ату қаруы және қорғаныс жарақтары ғана қарастырылады. Ал от қаруы әскери қарудың жаңа жүйесін құрайтындықтан және өзіндік ерекшелігіне байланысты әскери істе жауынгерлік қаруды қолданудың жаңа сатысы болғандықтан, басқа зерттеудің тақырыбы ретінде бұл ғылыми еңбекте қарастырылмаған.

Кітап автордың әр түрлі сипаттағы деректемелерін, қазақ қару-жарағын көп жылғы зерттеудің нәтижелерінің, осы тақырыпта қорғалған ғылыми диссертацияның негізінде жазылды. Қазақ қару-жарағын зерттеуде негізгі материалдар - заттық ескерткіштер, еліміздің және басқа елдердің музейлерінде және жеке адамдардың қолдарында сақтаулы бізге жеткен қазақ қару-жарағының бұрынғы нұсқалары болды. Қазақтар қолданған қару-жарақтың генезисін, даму тарихын, қалыптасуын зерттеуде деректеме ретінде Қазақстан территориясында және онымен шегаралас аймақтардағы археологиялық қазбалардан табылып, ғылыми әдебиеттерде жарияланған археологиялық материалдар да тартылды.

Қолданылған дереккөздерінің келесі тобы - жазба ескерткіштер. Байырғы және орта ғасырлық көшпелілердің көшпелі түркі-монғол халықтары қолданған қару-жарақ түрлерін тануда басты деректемелер ретінде Геродоттың, Ксенофонттың, Анна Комнинаның еңбектері [56, 57, 58], Еуропа саяхатшылары Плано Карпини, Вилгельм де Рубрук, Марко Полоның еңбектері [59, 60], соңғы жылда қазақ тіліне түпнұсқадан аударылып басылып шыққан қытай жазба деректері [61, 62], көне түркі жазба әдеби ескерткіштері «Оғыз-наме», «Қорқыт ата кітабы» [63, 64] деректері пайдаланылды.

Кеңінен қолданылған дереккөздері ретінде араб, парсы, түркі тілді орта-ғасырлық шығыс авторлары - Махмұт Қашқаридің [65, 66], Рашид-ад-диннің [67, 68, 69, 70], Жүсіп Баласағұнның шығармаларын [71], Жошы ұлысы, Алтын орда, Әбілхайыр хандығы заманынан мәліметтер беретін ортағасырлық шығыс жазба тарихи шығармаларының аударылған жинақтарын [72, 73, 74], әсіресе Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы кезеңіне қатысты мол мағлұмат беретін Мұхаммед Хайдар Дулатидің [75[, Захир ад-дин Бабурдың [76], Фазладлах ибн Рузбиханның [77], Әбілғазының [78], Қадырғали Жалайридың [79], Құрбанғали Халидұлының еңбектерін [80] атау керек.

Тікелей қазақ қару-жарағына қатысты деректер ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс-қазақ қатынастарын айғақтайтын архивтік құжаттар, ҚР ОММ музейлік архивінде сақталған қазақ қару-жарағына қатысты музейлік және басқа сипаттағы түрлі құжаттық материалдарда да кездеседі [81, 82] .

Зерттеу барысында пайдаланылған деректемелердің келесі түрі - бейнелік материалдар. Бұл категориядағы дереккөздеріне XIX ғасырлардағы қазақ тұрмысын көрсететін, Орталық мемлекеттік архив пен ҚР ОММ қорында сақтаулы XIX ғасырдың аяғы - XX басында түсірілген фотолар, Батыс Қазақстанның XVIII-XIX ғғ. құлпытастары мен күмбезді тамдарындағы қару-жарақ суреттері [84, 85, 86, 87], ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Қазақстанда болған орыс, еуропа саяхатшылары, зерттеушілері И. Ю. Клапроттың, Т. В. Аткинсонның, Дж. Кестльдің, орыс суретшілері А. О. Орловскийдің, В. В. Верещагиннің, Е. А. Лансеренің, А. Ф. Чернышевтың, П. М. Кошаровтың және т. б әр түрлі музейлер қорларында сақтауды этнографиялық суреттері [88, 89, 90] жатады. Әсіресе бұл жерде қазақтың көрнекті ғалымы Ш. Уәлихановтың суреттерін ерекше атап өту керек [91] .

Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының тарихын, генезисін, формалары мен түрлерінің қалыптасу тарихын нақтауда көшпелі халықтардың өздері тудырған бейнелеу өнері ескерткіштері - балбал тастар мен әр замандағы тасқа салған петроглифтер, Қазақстанды мекен еткен көшпелі халықтармен әр заманда көршілес болған қытай, иран, орыс, түрік, монғол және т. б. халықтардың өнер туындылары да пайдаланылды [92, 93, 94, 95] .

Қару-жарақ туралы көп мәлімет беретін басты дереккөздерінің бір тобы - қазақтың және басқа түркі халықтарының халық ауыз әдебиеті және фольклорлық материалдары. Қазақ қару-жарағы туралы мол мағлұмат беретін ауыз әдебиетінің басты үлгісі - қазақтың қаһармандық эпосы. Қаһармандық эпостардың басты кейіпкері - батырлар, тақырыбы - олардың жауынгерлік өмірі мен ерліктері болғандықтан, бастауын қыпшақ-оғыз заманынан алатын «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» эпостарында [96, 97, 98, 99], Алтын Орда дәуірі мен Ноғайлы заманында туған «Тоқтамыс», «Ер Едіге», «Қырымның қырық батыры», «Ер Тарғын» қиссаларында [100, 101, 102], қазақ-жоңғар соғысы кезін жырлайтын «Абылай хан», «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр» және т. б. дастандар мен тарихи жырларда [103, 104] қару-жараққа қатысты деректердің мол кездесетіні заңдылық.

Қазақтың қару-жарағын зерттеуге дереккөзі болатын ауыз әдебиетінің қомақты тобы - жыраулар поэзиясы. Жыраулар өнері өздерін тудырған әлеуметтік жікпен - кәсіби әскерилер болған батырлар әлеуметтік жігімен тікелей байланысты болды. Әскери лексика жыраулардың поэтикалық тілінің негізгі көркемдік құралы болғандықтан осы күні ұмыт болған қару-жараққа қатысты көптеген атауларды, ұғым-түсініктерді солардың туындыларынан табамыз.

Тарихи дереккөзі ретінде қазақ халқының басқа да фольклорлық ескерткіштері - батырлық ертегілері, аңыздары, ғұрыптық фольклоры пайдаланылды [105, 106, 107, 108, 109] .

Автор көп жылғы зерттеулер барысында алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар негізінде көп уақыт бойы көшпелілердің қару-жарағының кейбір үлгілерінің ғылыми-реконструкциялау жұмысымен де айналысып келеді. 2001 жылы ҚР Президенттік мәдениет орталығының тапсырысы бойынша археологиялық материалдардың және басқа да деректердің негізінде, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, т. ғ. к. Н. Әлімбайдың ғылыми жетекшілігімен, автордың жобасы бойынша ғұн көсемінің киімі мен қару-жарағының ғылыми-көркемдік реконструкциясы жасалып, ҚР ОММ суретші-реставраторлары материалда орындап шықты. 1996 жылы жеке тапсырысқа байланысты жасалған автордың ғылыми-көркемдік реконструкциясының жобасы бойынша XIII ғасырдағы монғол ханының қаруы және қорғаныс жарағы комплекті кәсіби қару-жарақ жасаушы шеберлердің орындауында материалда жасалды. Қазір бұл тарихи реконструкция Қазақстандағы белгілі коллекционер А. Акимбектің жеке коллекциясында. 1998 жылы «Қазақфильм» киностудиясының тапсырысымен тарихи фильм үшін дайындаған автордың ғылыми-көркемдік жобасы бойынша қазақ батырларының қару-жарағының он комплектісін автордың жетекшілігімен «Шеберлер ауылының» кәсіби суретші-зергерлері материалда орындап шыққан болатын. Қазақтың дәстүрлі шабуыл қаруы мен қорғаныс жарағының бірнеше түрлерін қалпына келтіріп, олардың жасалу технологиясын, формаларын, өлшемдерін тәжірибе жүзінде тексеру нәтижелері де бұл кітап жазу барысында қолданылды.

Бұл еңбекті тарихи профильді музейлерде қазақ қаруын зерттеуде қару-жарақтың анықтауышы ретінде қолдануға, олардың ғылыми сипаттамасын жасауда, қазақтың қару-жарағын экспозицияда этнографиялық тұрғыдан көрсетуге методикалық құрал ретінде пайдалануға болады. Арнаулы жоғарғы оқу орындарында, орта мектептерде қазақ халқының қару-жарағының тарихын оқытуда оқу құралы ретінде қолданылуы да мүмкін. Қазақ тілінде әскери істің, әскери өнердің, музей ісінің ғылыми терминологиясын қалыптастыруда, терминологиялық сөздіктерді жасауда көмекші құрал бола алады.

І-тарау. Қазақ жауынгерлік қару-жарақ жүйелеу дәстүрі

Ер қаруының жүйеленуі. Батырлардың қарулануын білдіретін, «бес қаруын асынды», «бес қаруы бойында», «бес қаруын сайланған» деген сөз тіркестері тілімізде, ауыз әдебиетінде жиі қолданылады. Қазақтарда «ер -қаруы - бес қару» деген мақал сөз де бар. Бірақ бұл бір ауыз сөздің астарында не мағына жатқаны бұл күндері көпшілікке түсініксіз. «Ер қаруы» деген не? Олардың саны неге бесеу? Олардың қандай ерекшеліктері бар?

Қазақ тілінде адамға қатысты қолданылатын «ер» сөзінің екі түрлі мағынасы бар: 1) жалпы еркек жынысты адам; 2) батыр, қаһарман, ер жүрек, жауынгер кісі. Көне түркі тіліндегі руникалық жазба ескерткіштерде де, XIV ғасырдағы түркі тілдерінде де «ер, ерен» сөзі батыр, жауынгер деген мағынаны білдірді [110] . Қазақтың эпостық қаһармандары Ер Қосай, Ер Тарғын есімдерінде «ер» сөзі, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр есімдеріндегі сияқты, «батыр» сөзінің синонимі ретінде қолданылған. Түркі тілдерінде «батыр» («баатыр»/ «батур»/ «баһадур») сөзі қолданысқа кейін еніп, көнеден келе жатқан «ер», «алып» сөздерін ауыстырды. Ал «қару» - соғыста қолданылатын жауынгерлердің шабуыл құралының атауы. Соғысқа, әскери іске қатысты осы екі атау қосылып, «ер қаруы» деген сөз тіркесі, халықтық әскери термин ретінде, жай қару емес, соғыс қаруы, жауынгердің соғыста қолданатын жеке қаруы (қылыш, айбалта, найза т. б. ) деген ұгымды білдіреді. Бүл сөз тіркесінде ер қаруының басты екі ерекшелігі көрініс тапқан. Бірінші - жалпы еркек адам емес, тек жауынгер, әскери адам ғана ұстайтын құрал екендігі, екінші - күнделікті тұрмыста емес, тек соғысқа қолданатын құрал екендігі. Осы күндері әдебиет, баспасөз беттерінде әр түрлі авторлар «бес қаруға» бірнеше құралдарды, садақ, найза, мылтық, айбалта, қанжар, шоқпар, пышақ, қамшы т. б. жатқызып жүр. Енді осы аталған құралдардың бәрі де жоғарыда анықталған екі ерекшелікке сәйкес келе бере ме? Қамшыны батырлар ғана емес, атқа мінген әр адам (әйел, еркек, жас, кәрі) және мал баққандардың бәрі ұстанған. Қамшы әдетте малды және құл иеленуші қоғамда мал санатында есептелген құлдарды ұру үшін пайдаланды. Қазақтарда да, басқа халықтарда да қылмыс жасаған жанға қамшымен дүре соғылатын. Сондықтан көшпелі халықтарда, оның ішінде қазақтарда да біреуге қамшы жұмсау оны малға, құлға немесе қылмыскерге теңеумен бірдей болды. Қамшыны құлға, қылмыскерлерге жұмсалатын құрал ретінде түсіну ортағасырлық жазба деректерде де айтылады. Шайқы Шақиқ Балхи өзінен ақыл-кеңес сұраған халиф Харун ар-Рашидқа былай дейді: «О, мұсылмандардың әміршісі! . . . Ол [Алла тағала] саған халықты әділдікте ұстап отыру үшін үш зат берді: байлық, семсер және қамшы . Байлықпен сен кедейлікке тосқауыл қоюуың керек. Семсермен сен халықты езушілерді құртуға міндеттісің, ал күнахарларды қамшымен жазалауың тиіс . . . » [111] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарының этнографиясы
Қазақтардың ұлттық қару-жарақтары
Алматы қаласы музейлеріндегі ат әбзелдері мен қару-жарақ қоры коллекциялары
Көшпелілердің дәстүрлі әскери өнері өте күрделі өнер
Қобыланды батыр жырындағы этнографизмдердің құндылығы
Жетісу жеріндегі түркі дәуірі ескерткіштерінің зерттелуі
18 ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы
ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӨНЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Суық қарутану мен жарылғыштану. Суық қарутанудың түсінігі, түрлері
Далалық әскери жүйе және көшпелілердің әскери өнерінің спецификалық ерекшелігі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz