Қазақ тіліндегі көпмағыналы фразеологизмдер табиғаты


Қазақ тіліндегі көпмағыналы фразеологизмдер табиғаты
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
5В011700 мамандығы - « Қазақ тілі мен әдебиеті»
МАЗМҰНЫ:
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Тіл - өз халқының өркениетін, мәдениетін, әлеуметтік құрылысын, дүниетанымын бейнелеумен қатар, келешек ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруда маңызды және шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тіл білімінде соңғы жылдары басты назарда болып отырған антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің нәтижелері арқылы этностың өткендегі өмір сүру тәжірибесі мен қазіргі болмысының және табиғи, рухани, мәдени құндылықтарының тілдегі көріністері түрлі салаларда, әсіресе, лексикалық және фразеологиялық құбылыстарда кездесетіні дәлелденіп отыр. Сонымен қатар тіл біліміндегі антропоцентристік фактор тілді талдау жүйесінің аспектілерін, тілдік және сөйлеу категорияларының арақатынасын, қызметін жаңаша қарастыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте ұлттық болмыстың, ұлттық дүниетанымның тілдегі нақты көрінісі болып табылатын фразеологизмдердегі көпмағыналылық құбылысы да ескерілуі тиіс.
Сондықтан қазіргі жаһандану кезеңінде қазақ тілінің болашағы жайлы түрлі тақырыптар қозғалып жүрген уақытта тіліміздің аса бай саласы фразеологизмдердегі көпмағыналылық құбылысын зерттеуді бүгінгі күн талабынан туған міндетті жағдай деп тануға болады.
Бүгінгі күнге дейін фразеологизмдер саласында жазылған еңбектер мен тұжырым, пікірлер, семантикалық топтастырулар біршама екендігі байқалады. Алайда қазақ тіл білімінде тілдік бірліктердегі көпмағыналылық жайлы арнайы зерттеу жұмыстары жазылғанмен, көпмағыналы фразеологизмдер мәселесі - зерттеушілер назарынан тыс қалған тақырып. Фразеологизмдердегі көпмағыналылық туралы ой қазақ тіл білімінде алғаш фразеологиялық сөздіктің негізін қалаушы І. Кеңесбаевтың пікірінен бастау алады. Академик көпмағыналылық құбылысы негізінен тілдік бірліктерде кезедесетіндігі, сонымен қатар фразеологизмдерде де байқалатындығы, бірақ сөздерге қарағанда фразеологизмдерде көпмағыналылық аз кездесетіндігі туралы пікір білдіріп, мысал келтіріп өтеді. Ал орыс тіл білімінде аталған тақырып соңғы жылдары көптеп зерттелгендігі байқалады. Бұл туралы зерттеу жұмысымызда арнайы қарастырылады. Атап айтқанда: Л. Э. Биновичтің «О многозначности идиом» [1] мақаласы, В. П. Жуковтың «К вопросу о многозначности фразеологии» [2] еңбегі, Е. Ю. Федосованың «Полисемия русских фразеологизмов в когнитивном аспекте (на материале фразеосочетаний глагольного типа) » атты зерттеуі [3], І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» [4] мен Г. Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» [5] атты зерттеу жұмыстарында арнайы ізденуге ой салатын нақты пікірлер мен тұжырымдар айтылады. Аталған зерттеу деректеріне сүйену арқылы бұл зерттеу жұмысында көпмағыналы фразеологизмдердің тілімізде молынан кездесетіндігіне назар аударылады, олар түрлі ментальдық-семантикалық жағынан топтастырылып қана қоймай, олардың өзге де тілдік категориялармен байланысы, жасалу жолдары мен мәнмәтінде (контексте) берілу сипаты, стильдік қызметі мен прагматикасы анықталады. Тіліміз көпмағыналы фразеологизмдерге бай екендігін анықтау барысында көркем шығармалардан, сөздіктерден мысалдар жинақталып, талданды.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі кезеңде тіл біліміндегі көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипатты, ұлттық танымды, ұлттық рухты тануға, танытуға негізделген. Ұлттық мәдениеттің дерегі ретінде тілдегі фразеологизмдер түрлі қырынан қарастырылуда. Фразеологизмдерге де лексикалық бірліктер сияқты көпмағыналылық құбылысы тән. Көпмағыналы фразеологизмдердің туындауына о баста пайда болған еркін тіркестің тұрақтануымен қатар қоғамдық даму заңдылықтарындағы факторлар әсер етеді. Өйткені тіл түрлі даму жағдайларынан тыс қалса, этнос тілінің жұтаңдығын тудырып, тілдік қор аясын тарылтады. Зерттеу нысанымыздың тірегіне айналған көпмағыналылық құбылысын анықтау, қазақ этносының сөздік қорының молдығын, тілдік байлығын, сол арқылы қазақ фразеологиялық қорының толығу, өсу сатысының бар екендігін нақтылау зерттеу өзектілігі болып табылады.
Зерттеу нысаны . Қазақ тіл білімінде осы уақытқа дейін көпмағыналық құбылысы лексика саласында, яғни лексикалық бірліктердің аясында қарастырылып келді. Ал фразеологизмдердің мағыналық түрлері, семантикалық өзгешеліктері, танымдық бейнесі, узуалды, окказионалды қолданысы, фразеологизмдерді топтастырудың этнолингвистикалық принциптері жеке зерттеу жұмыстарын жазуға негіз болғанымен, фразеологизмдердің мәнмәтінішілік семантикалық өзгерісі, көпмағыналық құбылысының пайда болу жолдары, жалпы фразеологизмдерде көпмағыналық бар ма деген арнайы мәселелер пікірлер аясында ғана қозғалғанымен, ғылыми тұрғыдан зерттеліп, айқындала қойған жоқ. Сондықтан да бұл мәселе дипломдық жұмыстың зерттеу нысаны етіп алынып, арнайы қарастырылып отыр.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Негізгі деректік материалдар І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (1977), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1-10 т., 1974-1986), «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (1-4 т., 2006), М. Белбаеваның «Қазақ тілінің омонимдер сөздігі» (1988), Г. Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдер сөздігі» (2002), Б. Момынова, С. Бейсембаеваның «Қазақ тіліндегі ым мен мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» (2003) және тағы басқа түрлі ауыз әдебиеті мәтіндерінен, көркем шығармалардан алынды, сонымен қатар мерзімді баспасөз беттерінен жинақталған көпмағыналы фразеологиялық бірліктер пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Зерттеу жұмысының мақсаты - қазақ тіліндегі фразеологизмдердің көпмағыналылығын айқындау. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттердің шешілуі көзделді:
- фразеологизмдердегі көпмағыналылық құбылысының зерттелу жайы мен сөздіктерде берілу жолын айқындау;
- фразеологиялық омонимиядан фразеологиялық көпмағыналықты ажырату белгілерін саралау;
- қарсы мәнді және мағыналас фразеологизмдердің көпмағыналылыққа қатысын саралау;
- көпмағыналы фразеологизмдердің семантикалық топтарын айқындау;
- фразеологизмдердің лексика-грамматикалық сипатының көпмағыналы фразеологизм жасаудағы маңыздылығын көрсету;
- фразеологизмдердегі көпмағыналылық құбылысының стильдік қызметін анықтау.
Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:
көпмағыналы фразеологизмдер лексикалық бірлік сияқты үнемі толығу үстінде болмағанымен, қолдану аясына қарай өрісі кеңейе түсетін құбылыс;
- көпмағыналы фразеологизмдер омонимдерден бұрын туындаған ментальдық ұғымдар, сондықтан олар омоним жасауға негіз бола алады;
- фразеологизмдердегі көпмағыналылық антоним, синоним сияқты парадигматикалық қатынастарды құрайды;
- фразеологизмдердің пайда болуының негізгі өзегі болып табылатын этнотіркестер мен діни тіркестердегі, сондай-ақ фразеологизмдердің басым бөлігіндегі тақырыптық құрамға енетін соматизмдердегі көпмағыналылық қоғамдық өзгерістердің ерекшеліктерін сипаттайды;
- көпмағыналылық жасауда фразеологизмдердің грамматикалық құрылымы маңызды рөл атқарады;
- авторлық қолданыста көпмағыналы фразеологизмдер белгілі стильдік қызмет атқарып, фразеологизм мағынасының сапалық сипатын байыту арқылы фразеопрагматикалық мәнге ие болады.
Зерттеу жұмысының теориялық мәні. Зерттеуде алынған нәтижелер, айқындалған тұжырымдар қазақ тіл білімі ғылымының лексикология, лексикография, прагмалингвистика, этнолингвистика, функционалдық грамматика салаларының одан әрі дамуына септігін тигізеді. Сонымен бірге фразеологизмдердің көпмағыналылығы ұлттық тіл табиғатын танытуда ерекше маңыз атқара келе, тілдік жұмсалымда мәтіннің прагматикалық ықпалын тереңдете түседі. Көпмағыналы фразеологизмдердің саны мен сапасы, олардың лексика-грамматикалық, семантикалық ерекшеліктері фразеологияның парадигматикалық қатынастарының теориялық жақтарын кеңейтуге өз үлесін қосады.
Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеу материалдары мен нәтижелерін жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде тіл білімінің «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы», «Қазақ тілінің стилистикасы», «Көркем мәтін лингвистикасы», «Этнолингвистика», «Лингвомәдениеттану» пәндері бойынша дәрістер мен семинар сабақтарында, электив курстарын оқытуда, сөздік түзуде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер. Тақырыпты зерттеу барысында фразеологиялық материалдарды салыстыра отырып, жүйелеу, талдау, баяндау, сипаттама, құрылымдық, лексика-семантикалық, прагматикалық әдістер қолданылды.
Зерттеудің құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 КӨПМАҒЫНАЛЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІ ТАНУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Фразеологизмдердегі көпмағыналылық /полисемия/ құбылысы
Тіл білімінің негізгі қолдану құралы - сөз және сөздік қор. Осы бірліктердің молдығы белгілі бір тілдің байлығын, тілдік қуатын, танымдық өрісін бағалауға негіз болады. « . . . Құбылыс - көп, сөз - аз» деп белгілі ғалым Қ. Жұбанов атап көрсеткендей, тілдік деректер адамның қатысымдық әрекетін және ойлау жүйесін анықтау мақсатында талданады. Тілдегі сөздік құрам қабаттарында қоғамның даму барысында үнемі жаңа ұғымдар пайда болып отыратындықтан, табылған жаңа ұғымға жаңа атаулар үстей беру тілді түсініксіздікке ұшыратып, сөз атаулының мәні жойылар еді. Осы орайда бұрыннан тілде бар сөзге даму нәтижесінде пайда болған соны ұғымның атауын беру сөзбен қатар тілдік мағынаның да дамуына негіз болады. Өйткені, тілдік тұрғыдан алғанда даму дегеніміздің өзі - жаңа ұғым пайда болу және оған атау беру немесе бар атауды қатар қолдану. Ал қоғамда кездесетін барлық заттар мен құбылыстарды, іс-әрекеттерді жеке-жеке сөздермен атау тілді оралымсыздыққа, шамадан тыс күрделілікке әкелер еді. Нақты бір тілдегі сөздердің бәрін бірдей меңгеріп алудың өзі сол тілде сөйлеуші халыққа қиындық әкелері сөзсіз. «Сондықтан жаңа бір ұғымды сөзбен атаудың екі түрлі жолы бар. Бірі, ол ұғымдарды жаңа бір сөзбен атау, сөйтіп сөздік құрамды байыту, яғни оған жаңа сөз ретінде ену. Екіншісі, тілімізде бұрыннан бар сөздермен атау» [6, 29 б. ] . «Біздің ойымыз жаңа ұғымдармен толығады. Сөздің, лексиканың саны жаңа сөздерді жасап шығарғаннан ғана емес, сонымен қатар бұрынырақ өліп қалған сөз мағынасының қайта жаңарған мағыналарының пайда болуымен де көбейеді. Бұл дегеніміз лексикадағы сапалық та, сандық та өзгеріске әкеледі», - деп, сөздердің көпмағыналылыққа жетуі тарихи даму процесі негізінде жүзеге асады, оған адам тарихының өзгеруі әсер етеді деген оймен қорытады. Тіл жаңа сөз тудыра бермейді, бұрыннан бар сөздердің мағынасын кеңейту арқылы, жаңа мағыналар жасайды. Сондай-ақ көпмағыналылықты тілдік тұрғыдан қарағанда, сөздер ауыспалы мағына жасауға икем, егер заттар арасында ортақ белгілер болса, атау ауыса беруі мүмкін екендігі айтылады [7, 111 б. ] .
Осы тұрғыдан алғанда тілдің өмір сүру мүмкіндігі оның аясындағы тілдік бірліктің, яғни сөздік қорының молдығымен анықталады. Әрбір сөздегі мағына өзіндік сипатқа ие болып, айналадағы, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды ойша топшылап, оның мән-мазмұнын түсінуге жетелейді. Сөзге мағына берудің өзі қоғамдық тәжірибеге, өмірге, дәстүрге байланысты. Заттар мен қимыл-әрекеттің түр, түс, әрекет, т. б. ұқсастықтары мен байланыстарына, бірлігіне қарай олардың атаулары екіншісіне атау болып ауыса береді. Сондықтан да сөздің көпмағыналылығы - тіл-тілдің бәріне тән қасиет болғандықтан ол күллі тілдердің бәрінде бар. Өйткені тіл-тілдің сөздік құрамында бір емес, бірнеше лексикалық мағынасы бар сөздер жиі ұшырасады. Тіл білімінде әртүрлі мағынасы бар сөздер көпмағыналы сөз, ал көпмағыналық құбылысы полисемия деп аталатыны белгілі. Полисемия грек тілінің poli «көп» және sema - «белгі» деген сөздерінен жасалып, көпмағыналылық дегенді білдіреді.
Сөздердің көпмағыналылығы туралы тілші-ғалымдардың ой-пікірлері жан-жақты талданып, теориялық тұжырымдар жазылып бітті деуге болмайды. Лингвистика саласында көпмағыналылық құбылысы біршама зерттеу жұмыстарында қарастырылған. Сондай-ақ бұл мәселе қазақ тіл білімінде де лексика саласындағы зерттеу жұмыстарының тақырыбына арқау болған. Атап айтқанда Р. Садықбековтың «Қазақ тіліндегі сөздердің көпмағыналылығы» [8], Ғ. Резуанованың «Қазақ тіліндегі көпмағыналы сөздерден жасалған синонимдік, омонимдік, антонимдік қатарлар» [6] сияқты еңбектердің негізгі зерттеу еңбектері болуымен қатар, бірқатар анықтамалар мен тұжырымдар К. Аханов [9], Ә. Болғанбаев [10], М. Белбаева [11], Ғ. Мұсабаев [12], Р. Барлыбаев [13], М. Оразов [14] т. б. еңбектерінде көрініс тапты. Бұдан орыс тіл білімінде де, қазақ тіл білімінде де көпмағыналылық құбылысы лексика саласында, сөздік қор аясында зерттелгенін байқауға болады. Ал біздің зерттеу тақырыбымыздың өзегі болып отырған фразеологизмдердегі көпмағыналылық құбылысы туралы көзқарастар орыс зерттеушілері Л. Э. Бинович [1], И. Краморенко [15], И. И. Чернышева [16], В. И. Зимин, А. В. Никитин [17], А. В. Кабыш [18], В. А. Губанова [19], Е. Н. Ермакова [20], А. А. Зализняк [21], Л. Н. Корнилова [22], Г. А. Лилич [23], қазақ ғалымдары І. Кеңесбаев [4], Ә Болғанбаев [10], Ғ. Мұсабаев [12], К. Аханов [9], Г. Смағұлова [5] сияқты ғалымдардың еңбектерінде тұжырым, ұсыныс, пікірлермен беріледі. Әрі аталған еңбектерде негізгі мәселе сөздерде көпмағыналылық бар екені дау тудырмайтындықтан, фразеологизмдерде көпмағыналылық құбылысы бар ма, жоқ па деген мәселелердің аясында өрбиді. Бұл қазіргі кезде антропоцентристік таным арқылы ұлттың тілдік бейнесін білуге ерекше назар аударылып отырған уақытта фразеологизмдердің семантикалық қырын жан-жақты саралау, бірнеше мағынада қолданылу аясын теориялық әдістерге сүйене отырып талдау, сол арқылы тіл білімінде аса маңызды орын алатын фразеологизмдер саласы арқылы қазақ этносының тілдік байлығының өлшемін таныту болып табылады.
Фразеологизмдердегі көпмағыналылықты тереңірек зерттеу ең алдымен жеке лексикалық бірліктердегі көпмағыналылықты зерттеуден бастау алады. Өйткені, ең алғаш көпмағыналылық жайлы сөз қозғалғанда, фразеологизмдерден бұрын тілдік бірліктердің өзінде көпмағыналылық бар ма деген сұрақтар шетел ғалымдары мен отандық ғалымдар еңбектерінде дау тудырған мәселе болатын. Бұл сөздің көпмағыналылығы туралы тілші ғалымдардың арасында екі түрлі көзқарастың қалыптасуына алып келді.
Орыс ғалымы Ф. А. Литвин көпмағыналылықты тілдік және сөйлеу тілінің көпмағыналылығы деп бөлген. Ол оны тек сөзден емес, түбірден, қосымшадан, негізден және контекстен де іздейді [27, с. 12] .
Сөздің көпмағыналылығы деп бір сөзде бар тура мағына мен бірнеше қатысы жағынан өзара ауыспалы мағынасы бар сөзді айтуға болады», - дегенді айтқандар да болды [28, с. 13] .
Академик В. В. Виноградов: «Многозначность слова - это способность слова синхронический одновременно обладать разными значениями в языке», -дейді [29, с. 11] .
Қазақ тіл білімінде Ғ. Мұсабаев сөздің көпмағыналылығы тілдің тарихи даму процесінде пайда болған құбылыс деп көрсетеді [30, 47 б. ] . Ғ. Қалиев: «Тілдің байлығы мен даму дәрежесі сөздік құрамдағы сөздердің саны көп болуымен ғана өлшеніп, мөлшерленіп қоймайды, сонымен бірге ондағы сөздердің санымен де, сапасымен де өлшеніп отырады. Сөздің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден бір белгі - сөздің көпмағыналылығы» [12, 95 б. ], - дей келе сөздің көпмағыналылығының басты белгісі ретінде екі немесе одан да көп мағынаның болуын көрсетеді.
Көпмағыналылықтың пайда болу жолы ғалым Ғ. Қалиевтың айтуынша, алғашында сөздер аз мағыналы болады. Кейіннен меншікті бір мағынасының үстіне жаңадан бір я бірнеше қосымша туынды мағыналар жамалады. Әрбір жаңа мағына әр сөздің білдіретін айрықша қасиетінен, түрліше сыр-сипатынан келіп шығады. Сөз өзі білдіретін заттың барлық қасиетін толық қамтып, сипаттап бере алмайтындықтан да ауыспалы мағыналар пайда болатындығын атап өтеді. Сөздің мағына жағынан байып, қорлануына алғашқы мағына негіз болады.
Сөздің бірнеше мағынасы қайдан пайда болады деген мәселеге тіл маманы К. Аханов: «Адам баласы қоғамының дамуы барысында тіл де дамиды, оның лексикасы да дамиды. Өзгеру мен даму тілдің лексикасындағы сөздердің мағыналық жағына да қатысты болады. Адамдар өзін қоршаған дүниедегі заттар мен құбылыстарды, олардың алуан түрлі сырлары мен белгілерін, әрине, бірден танып білген емес. Заттар мен құбылыстар және олардың байланысы мен қатысы, әртүрлі белгілері мен сыр-сипаты, адам баласы қоғамының дамуы барысында біртіндеп танылып отырады. Жаңадан танылған заттар мен құбылыстардың тілде сөзбен аталу қажеттілігі әр уақытта жаңа сөздерді тудыра бермейді. Олар көбінесе тілдің сөздік қорында бұрыннан бар сөздермен аталады да, ол сөздердің бұрынғы қалыптасқан негізгі мағынасының үстіне қосымша мағына үстеледі. Сөздің мағыналық жақтан дамуы, мағыналық «жүк» жинауы бүтіндей тілдің дамуы сияқты, жаңа сапа элементтерінің біртіндеп қор жинау жолымен іске асады. Сөздің түрлі-түрлі мағынада қолданылуға икемділігі оның жалпылаушы қасиетімен тығыз байланысты. Сөздің жалпылаушы қасиеті оның бұрынғы негізгі мағынасының үстіне туынды жаңа мағыналардың қосылуына мүмкіндік береді. Мұнан әртүрлі мағынада қолданылуға икемділік сөздің өз табиғатында бар қасиет екені аңғарылады» [9, 96-97 бб. ], - деген тұжырымдама жасайды.
Ғалым Ғ. Мұсабаев: «Сөздің көпмағыналылығы тілдің тарихи даму процесінде пайда болған құбылыс», - деп көрсетеді. Әрине, сөз семантикалық алмасулар негізінде бір затты немесе объективті құбылысты атаумен бірге, басқа да қасиеттері мен белгілерінде ұқсастығы бар заттарды да атау үшін қолданылады. Бұл үрдіс бір мезетте жүзеге аса алмасы белгілі. Сондықтан уақытты талап етеді [12, 172 б. ] . Көпмағыналы сөздердің парадигмасында басты рөлді негізгі мағына атқаратындықтан, барлық қалған мағыналардың байланысы осы мағынаға қатысты шешіледі.
Зерттеуші А. Айғабылов көпмағыналы сөздердің сөйлемде қолданылғанда бір ғана мағынасы көрініс табатынын атап, сөздің көпмағыналылығының бірнеше ерекшелігін көрсетеді. Олар:
- көпмағыналылық ұзақ уақыт қолданылып, сол тілде сөйлеуші халықтың санасында қалыптасуы арқылы пайда болады. Сондықтан да басқа тілден жаңадан енген сөздерде, неологизмдерде көпмағыналылық болмайды.
- көпмағыналы сөздерді омонимдерден ажырата білу керек. Көпмағыналы сөздердің өзара ішкі байланысы (метафора, метонимия, синекдоха, қызмет ұқсастығы) анық байқалып тұрады, сондықтан олар қолданылуда тура мағынадан алшақ кете алмайды» [31, 120-122 бб. ] .
2008 жылы жарық көрген «Современный русский язык» атты жинақта көпмағыналылық туралы «Тілдің тарихи даму үрдісінде қоғам мен адамның таным табиғатындағы туындап жатқан өзгерістерден сөз көпмағыналылыққа ие болатындығы» айтылады [32, с. 241] . Бұл уақыт өткен сайын көпмағыналылық құбылысының аясы кеңіп, сөздік қор мен сөз тіркесінің мағыналық молаюына ерекше үлес қосып отыратын тілдік ұғым болуымен қатар тілдің қоғамдық даму бейнесі екендігін білдіреді.
Жоғарыда көпмағыналық құбылысына берілген пікірлер лексикалық бірліктер аясында өрбісе, біз қарастыратын зерттеу жұмысы фразеологизмдердегі көпмағыналылық құбылысының пайда болу, даму, таралу, қалыптасу жағдайларына арналмақ. Өйткені көпмағыналылық фразеологизмдер арасында да ұшырасатыны анық. Фразеологизмдердің мұндай семантикалық ерекшеліктері назар аударатын мәселе болғанымен де, тіл білімінде фразеологизмнен гөрі жеке сөздердің көпмағыналылығын зерттеу жұмыстары біршама көбірек екені жоғарыда айтылды.
Бірақ көп мағынаға ие болу құбылысы фразеологизмдерде де мәнмәтін ішінде айқын байқалатындықтан фразеологизмнің көпмағыналылыққа ие болу мүмкіндігі, себеп-салдары, түрлері туралы айтылған тұжырымдар тіл білімі ғылымының негізгі зерттеу нысанына нақты айналмаса да, оған қатысты теориялық бағытбағдар сілтейтін еңбектерді кездестіре аламыз. Фразеологизмдердің көпмағыналығы жеке пән ретінде қарастырылмағанмен, көптеген тілші-ғалымдардың фразеологияның әртүрлі мәселелері жайлы еңбектерінде көрініс тапты. Фразеологизмдердің көпмағыналылығы туралы мәселені неміс фразеологиясын зерттеуші ғалымдар Л. Э. Бинович [1], Г. И. Краморенко [15], И. И. Чернышевалар [16] өз еңбектерінде қарастырған. Кейінірек ғалымдар Х. Х. Езиев [33], А. Я. Бородулина [34] зерттеулерінде көпмағыналық мәселесіне талдаулар жасаған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz