Мақал-мәтелдер құрамындағы сан есімдердің этнолингвистикалық сипаты


Мақал-мәтелдер құрамындағы сан есімдердің этнолингвистикалық сипаты
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
5В011700 мамандығы - « Қазақ тілі мен әдебиеті»
МАЗМҰНЫ:
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы . Қазіргі заманғы зерттеулерде кез келген халықтың ұлттық тілі қарым-қатынас құралы ретінде адамның коммуникативтік әрекетінің компоненті және қоғамдық-әлеуметтік жүйенің басты көрсеткіші, қоғамды жаңаша құрудың, ақпараттық байланыс пен тұлға аралық келісімді оңтайластырудың құралы, әлеуметтік қатынастарды бекітудің амалы тұрғысынан сарапталуда. Сондай-ақ лингвомәдени қауымдастықтың ұжымдық тәжірибесін жинақтаушы, сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы құрал ретінде тіл - мәдениеттің құрамдас бөлігі, ал мәдениет - қоғам дамуына қажет ақпараттарды өңдейтін және таңбалайтын жүйе ретінде тілдің құрамдас бөлігі тұрғысынан зерттелуде.
ХХ ғасырдың соңғы жылдарынан қазақ ұлтының этникалық төлтума болмысын танытушы тілдік дереккөз қызметінде жұмсалатын тілдік бірліктерді (сөздер, сөз-бейнелер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер) , когнитивтік лингвистикалық, этнолингвистикалық, паралингвистикалық, лингвогносеологиялық бағыттарда зерттеу ісі қазақ тіл білімінде жан-жақты қолға алына бастады. В. Гумбольдт, Ф. Боас, Э. Сепир, Б. Л. Уорф, Ф. де Соссюр, В. Штейнталь, Л. Вайсбергер т. б. шетелдік және Ф. И. Буслаев, А. Н. Афанасьев, А. А. Потебня, Р. Якобсон, Н. И. Толстой, Н. Топоров, В. В. Иванов, В. А. Аврорин, В. Н. Телия, В. В. Воробьев, А. Вежбицкая, Е. М. Верещагин, В. Г. Костоморов, Ю. С. Степанов, А. Д. Арутюнова, В. Маслова т. б. орыс ғалымдарының іргелі еңбектері, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов т. б. қазақ тіл білімі көшбасшыларының, Ғ. Мусабаев, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Ә. Болғанбаев, Т. Жанұзақов, Э. Сулейменова, Б. Хасанов, К. Хұсайынов т. б. қазақ лингвистерінің тіл мен ойлау, тіл мен таным, тіл мен қоғам, тіл мен мәдениет сабақтастығы туралы тұжырымдарын теориялық-методологиялық тұғырнама еткен зерттеулер негінде ХХІ ғасыр қазақ тіл білімінде ғылыми зерттеудің антропоцентристік моделі қалыптасуда.
Мақал-мәтелдер - «зердемізді ашып, ұлттық санамызды саралау, ментальдық қасиетіміз бен ғасырлық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды терең біліп, дүниетанымымызды кеңейте түсудегі маңызы айрықша халық даналығының қоры, көненің көзіндей «ескі дүниелер» мен «замана талабына сай жаңа ұғым-түсініктермен» толығып, толысып отыратын, екі жақты тілдік процестердің ұйтқысы, өмірлік тәжірибе мен қордаланған білім жиынтығының нәтижесі»[1, 31-б. ] . Демек әрбір этностың адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени рөлін, рухани болмысы мен ментальдық ерекшелігін танығанда, бағамдап бағалағанда оның даналық қорында жинақталған мақал-мәтелдерді «тілдегі адам факторын» басты ұстанымға алатын антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің нысаны ету - зерттеудің өзектілігін көрсетеді.
ХХІ ғасыр лингвистикасында «мақал-мәтелдер, яғни паремиялар предикативтік типтегі кешенді сөйлесімдік құрылымдар ретінде фразеологияның шеңберінде емес, тілтанымдық дербес пән - паремиологияның зерттеу объектісі ретінде қарастырылуы қажеттігі» [2, 144-б. ] ғылыми зерттеудің күн тәртібіне қойылып, қазақ паремиологиясы өзінің жеке дара пәндік сипатын айқындай бастаған тұста «мақал-мәтелдерді мағыналық жіктелу принциптеріне қарай (ММ-дің құрамындағы тірек сөздердің мағынасына қарай жіктелуі, ММ-дің тура мағынасына қарай жіктелуі және ММ-дің ауыс мағынасына қарай жіктелуі) саралай зерттеудің маңызы зор» [3, 10-б. ] .
Жалпы сан есім негізінде қалыптасқан тұрақты тілдік орамдар (фразеологизмдер, мақал-мәтелдер) қазақ фразеологиясы шеңберінде фрагментарлы түрде сөз етілгені болмаса, ММ-дің құрамындағы тірек сөздердің мағынасына қарай жіктелу принципін басшылыққа ала отырып, сан компонентті мақал-мәтелдерді қазақ паремиологиясының жеке дара объектісі ретінде арнайы зерттеу қолға алына қойған жоқ. Олар тіл иесінің күллі әлем туралы жинақтаған білімінің, яғни дүние бейнесінің сандық фрагментін түзетін тілдік модельдер ретінде де ХХІ ғасыр лингвистикасындағы антропоцентристік бағыттағы жаңа салалардың зерттеу нысанына алынбай келеді. Олай болса сан компонентті мақал-мәтелдерді этникалық мәдениеттің архаикалық элементтерін жаңғыртатын тілдік код ретінде лингвомәдениетанымдық тұрғыдан зерттеу таңдалынып алынған тақырыптың сонылығын танытып, өзектілігін дәйектейді.
Зерттеу нысаны. Қазақ тіліндегі сан компонентті мақал-мәтелдердің ұлттық - мәдени негізі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты - қазақ тіліндегі сандарға негізделген мақал-мәтелдерде жинақталған білім құрылымын зерделей отырып, сан компонентті мақал-мәтелдердің тілдік этномәдени жүйенің сандық коды қызметінде жұмсалу ерекшелігін танытып, ұлттық-мәдени негізін айқындау. Осы мақсатқа орай мынадай міндеттерді шешу мүддесі көзделеді:
- Мақал-мәтелдердің зерттелу тарихына шолу жасай отырып, сан компонентті мақал-мәтелдердің құрылымдық-мағыналық ерекшелігін айқындау;
- Сан компонентті мақал-мәтелдер құрамындағы бір санының өзіндік ерекшелігі мен «Жалғыз» концептісін зерделеу;
- Мақал-мәтел құрамында реттік, есептік, жинақтық сан есімдердің тағанаралық контрастивтік мағыналық қатынаста «антитезалық» немесе «антонимдік» жұп түзу ерекшелігін көрсету;
- Мақал-мәтелдер құрамындағы киелі сандар мен дәстүрлі сандардың этномәдени жүйенің сандық коды қызметінде жұмсалуын зерделеу;
- Сан компонентті мақал-мәтелдердің ұлттық мәдениет пен этникалық танымды, ділдік тұғырды бейнелеудегі рөлін анықтау;
- Сан компонентті мақал-мәтелдер «Адам - Табиғат - Қоғам» үштігі шеңберінде паремиологиялық білім континуумын қалыптастыратын тілдік моделдер екенін көрсету.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында нақты міндеттерге байланысты салыстыру, жүйелеу әдістері, сондай-ақ тіл дамуының танымдық және ұлттық-мәдени үдерісін айқындайтын сөз мағынасына компоненттік, мәтіндік, когнитивтік-концептуалдық талдау тәсілдері қолданылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Сан компонентті мақал-мәтелдердің өмірлік нақты жағдаятты таңбалайтын және сол жағдаятқа қатысты қорытынды пайымды құрастыратын конструктивтік тілдік модель, ұлттық рухты жеткізуші тілдік құрал, көркем сөз өнерінің көрікті өрнегі және ұлт ұлағатын ұрпаққа дарытушы линвогдидактикалық феномен;
- Сан компонентті мақал-мәтелдер тілдік - этномәдени жүйенің сандық коды қызметін атқаратындығымен ерекшеленеді. Мұнда тілдік этномәдени жүйе дегеніміз этникалық мәдениетті репрезентациялайтын тілдік бірліктердің мазмұндық - құрылымдық жүйесі;
- Сан компонентті мақал-мәтелдер дүниенің паремиологиялық бейнесінің сандық фрагментін түзетін тілдік модельдер ретінде тіл иесінің табиғи және қоғамдық ортаны игеру барысындағы өмірлік тәжірибесін білім қоры түрінде жинақтауға қатысады. Мұнда мақал-мәтелдерді жасауға «ұйтқы», тірек болатын сандар дүниенің тілдік бейнесі мен концептуалдық бейнесін жалғастырушы категориялық белгі, тілдік этномәдени жүйенің сандық коды қызметін атқаратындығымен ерекшеленеді;
- Этникалық мәдениетті репрезентациялайтын тілдік бірліктердің мазмұндық - құрылымдық жүйесінде аксиологиялық мән арқалайтын реттік, есептік, жинақтық сан есімдер мақал-мәтелдер құрамында өзара контрастивтік мағыналық қатынасқа түсіп, тағанаралық «антитезалық» немесе «антонимдік» жұптарды түзеді. Осылайша дәстүрлі және киелі сандар дүние бейнесінің бинаралық оппозициясымен байланысқа түседі;
- Сан компонентті мақал-мәтелдердің тілдік дүние бейнесіндегі конструктивтік және модельдеуші қызметтері олардың синтаксистік құрылымынан, паремиологиялық жиынтық мағынасынан, образдық-фондық негізінен айқын көрініс береді.
- Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР ҚҰРАМЫНДАҒЫ САН ЕСІМДЕРДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІСІ
- Қазақ тіліндегі сан компонентті мақал-мәтелдердің зерттелуі
Халық шығармашылығының төл жемісі, ауыз әдебиетінің көне жанрларының бірі, ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз жеткен философиялық әрі шешендік тұжырымдар, аз сөзбен көп мағына беретін тілдік қорымызды байытар асыл қазынамыз-мақал-мәтелдер құрамында сандар жиі кездеседі. Қазақ мақал-мәтелдерінің табиғатын сөз етуден бұрын жалпы мақал-мәтелдерге қатысты зерттеулерді қысқаша шолып өту артық емес. Бұл құбылысты арнайы зерттеуге байланысты ғылымда қалыптасқан пәнді паремиология деп атайды. Көп жағдайда бұл сала әдебиет құзырында қарастырылды.
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерге қатысты материалдарға шолу жасар болсақ, оларды жинау, жариялау ісі екі кезеңнен тұратынын байқаймыз: бірінші кезең - ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Кеңес дәуірінің 1948 жылдарына дейін мақал-мәтелдерді тек халық аузынан жинақтап, қағаз бетіне түсіріп, жеке басылым ретінде шығару жұмыстары жүргізілген болса, екінші кезең мақал-мәтелдерді тілдік тұрғыдан зерттеулердің пайда болуымен сипатталады. Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым - Ш. Уәлиханов. Ш. Уәлиханов пен Н. Н. Березин архивтерінде ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтелдер сақталған. Сондай-ақ, қазақ ауыз әдебиетінің басқа үлгілерімен бірге қазақ мақалдары мен мәтелдерін де жинақтап, жеке жинақтар шығарып, қазақ тілі мен әдебиетінің, тіл ғылымының, мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, В. Радлов, Ш. Ибрагимов, М. Терентьев, Я. Лютш, Ф. Катанов, В. В. Катаринский, П. М. Мелиоранский, Н. Н. Пантусов, А. Е. Алекторов т. б. ағартушы, ғалымдардың еңбегі ерекше. Осы мәселе жөнінде көрнекті жазушы М. Әуезов: «Белгілі түркітанушыларды қазақ мақал-мәтелдерінің молдығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық мән-мағынасы зор осындай тамаша үздік шығармалар тудырған қазақ халқының өзінің де асқан ақындық дарыны, оның сарқылмас даналығы қызықтырған еді», - дейді.
Қазақ мақал-мәтелдерін жинақтап, баспадан шығару ісі хронологиялық жүйе тұрғысынан алғанда, 1874 жылдардан бастау алады. Алғашқы жинақ Ш. Ибрагимовтың құрастыруымен 1874 жылы жарық көрсе, Ы. Алтынсарин 1879 жылғы «Қырғыз хрестоматиясы» атты еңбегіне ел аузынан жинаған қазақтың алпыс жеті мақалын кіргізіп, 1906 жылы Орынборда жарық көрген хрестоматияның екінші басылымына, ел аузынан жинаған қазақ мақал-мәтелдерінің ең таңдаулы екі жүз он үш нұсқасын он бір тақырыптық топқа бөліп жариялады .
А. Васильев 1892 жылы, В. Катаринский «Киргизские пословицы» жинағын 1898 жылы Семейде және 1899 жылы Орынборда, Ф. Плотников Омбыда, Мелиоранский 1893 жылы археология қоғамының Шығыс бөлімінің еңбектерінде жариялады.
Халық мұрасын жүйеге келтіру, насихаттауда зор үлес қосқан танымал ғалым - Ә. Диваев. Ғалым халық арасынан жинаған мақал-мәтелдерін 1900 жылы жеке кітапша етіп, В. И. Ильиннің баспаханасынан типолотографиялық әдіспен жариялатқан. Сондай-ақ, ғалым жинақталаған материалдың барлық нұсқасын толық қамтуды көздей отырып, өз топтамаларын 1891-1927 жылдар аралығында «Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области», «Этнографические материалы» жинақтарының, «Туркестанские ведомства» газетінің басылымдарында жариялады. Ал, 1927 жылы Ә. Диваевтың құрастыруымен қазақ мақал-мәтелдерінің толық жинағы жарық көрді.
Сондай-ақ, 1900 жылы Қазан қаласында жариялаған Н. Н. Пантусовтың «Киргизские пословицы, записанные в Копальском уезде Семиреченской области» деген топтамасын ерекше атап өткеніміз жөн.
Сөздік құрамның негізгі қаттауын құрайтын мақал-мәтелдерді жинақтау, жүйелеу, жариялау жұмыстары әр уақыт кезеңіне орай жалғасын тапты. Мысалы, 1914 жылы М. Ысқақовтың, 1923 жылы А. Байтұрсыновтың, 1935 жылы Ө. Тұрманжановтың, 1950 жылы Б. Ақмұқанованың, 1990 жылы М. Аққозинның жинақтары т. б. оқырман қолына тиді [27] .
Халық шеберлігі мен шешендігінің куәсі іспеттес жалпыхалықтық қорды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде Ө. Тұрманжановтың қосқан үлесі мол. Ол баспасөз беттерінде, жинақ, кітапшаларда бұрын-соңды жарияланған және әдеби-тарихи мұражайларда қолжазба күйінде сақталған халық мақалдары мен мәтелдерін сұрыптап, жүйеге келтіріп, 1935-1990 жылдар аралығында үнемі жариялап келді [28] .
Қазақ мақал-мәтелдерінің ғылыми тұрғыдан зерттелуіне келер болсақ, оларға арналған іргелі монографиялық зерттеулер де, мақалалар да баршылық. Солардың ішінде зерттеу нысанына тікелей қатыстыларына тоқтала кетейік. Ғалым Б. Шалабаев алғашқылардың бірі болып 1948 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты очеркінде аталмыш тұрақты тіркестер тобын арнайы қарастырып, малшылық, аңшылық, егіншілік жөніндегі мақал-мәтелдер деп негізгі үш мағыналық топқа бөліп, олардың жанрлық ерекшеліктерін айқындады және мақал-мәтелге байланысты өз пайымдауларын ұсынды [29] .
М. Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген еңбегінде қазақ халқының шаруашылығын, кәсібін, тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын мақал-мәтелдердің өмір танытқыштық мәні мен қызметіне тоқталады. Автор өнер-білімді, ерлік-еңбекті, бірлік-ынтымақты уағыздайтын мақал-мәтелдердің мағынасын ашып, олардың әдеби-эстетикалық мәнін айқындай түседі. Сондай-ақ қазақ халқының малшылық, аңшылық, диханшылық кәсіптерін көрсететін мақал-мәтелдерден мысалдар келтіре отырып, олардың өмір танытқыштық мәні мен қызметін кеңінен ашып көрсетті [30] .
С. Нұрышев «Қазақтың халық мақалдарының даму тарихынан» атты 1959 жылы басылып шыққан еңбегінде малшылық жайлы мақалдарды «Россияға қосылғанға дейінгі», егіншілік жайлы мақалдарды «Россияға қосылғаннан кейінгі, » - деп екі топқа бөліп, мақалдардың даму тарихы жайлы өз пікірін білдіреді [31] .
Кеңес үкіметі дәуірінде мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің ерекше поэтикалық жанры ретінде зерттеліп, біршама проблемалық тың пікірлер айтылды. Қазақ мақалдары мен мәтелдерінің 1952, 1957, 1959 жылдары бірнеше жинақтары шығарылды. Бұл кезеңде қазақ мақал-мәтелдері туралы айтылған жекелеген құнды пікірлер де жоқ емес. Академик С. К. Кеңесбаев қазақ фразеологиясы жайындағы еңбектерінде мақалдар мен мәтелдерді жалпы фразеологиялық бірліктер қатарына қоса келіп, олардың бір-бірінен басты айырмашылықтарын көрсетеді. Сонымен бірге автор өзінің жалпы фразеологиялық тіркестердің құрылысы жайлы жазған еңбегінде мақалдар мен мәтелдердің де лексика-стилистикалық ерекшеліктері жайында бағалы пікірлер айтты [32] .
Қазақ мақал-мәтелдеріне қатысты ерекше орны бар зерттеулердің бірі -Р. Сәрсенбаевтың «Қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясы [33] . Диссертацияның негізгі зерттеу материалы ретінде ғалым Қазан револоюциясынан бұрын басылып шыққан жинақтар, атап айтқанда, В. Катаринскийдің 1899 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Сборник киргизских пословиц» атты еңбегі, 1898 жылы Семейде «Туркестанские ведомости» газетінде жарық көрген Ә. Диваевтың «Киргизские пословицы» атты еңбегі мен 1906 және 1952, 1959 жылдарда жариялаған қазақ мақал-мәтелдерін пайдаланған. Қазақ мақал-мәтелдерінің губерниялық газет, журналдарда және кітапша болып шыққандары біршама болса да, бұлардың көбін зерттеуші идеялық жағынан ұстамсыз деп танып, жұмыстың негізгі материалы етіп Ө. Тұрманжановтың құрастыруымен 1959 жылы басылған қазақ мақалдары мен мәтелдерін алады.
М. Әлімбаевтың «Өрнекті сөз - ортақ қазына» атты зерттеуі аударма мәселесіне арналған [34] . Қазақ мақал-мәтелдерінің шығу тарихы, өмір танытқыштық мәні, қолданылуы және жаңа мақал-мәтелдердің жасалу жолдары жайында бағалы пікірлерін айта келіп, аталмыш тіркестерді орыс тілінен қазақ тіліне аударудағы өз тәжірибелерін ұсынды. Поэтикалық аудармаға бой ұру басымдылығына қарамастан, бұл - қазақ мақал-мәтелдерін зерттеуде өзіндік орны, елеулі үлесі бар еңбек. Сондай-ақ М. Әлімбаев- « мақал мен мәтел» [35], «Мақал-сөздің мәйегі» атты мақал-мәтелдер жинақтарының авторы [36] .
Б. Адамбаевтың «Халық даналығы» атты монографиясы «Мақал-мәтелдер» және «Шешендік сөздер» деген өзара байланысты екі бөлімнен тұрады. І тарауды мақал-мәтелдерге арнап, олардың шығу төркіні, қалыптасу жолдары, зерттелуі, мағыналық топтары, құрылымы мен поэтикасы туралы өз ойларын ортаға салады [37] . Еңбекте халық мақал-мәтелдері мен шешендік сөздердің жанрлық табиғаты, тәрбиелік, өмір танытқыштық мәні, олардың қалыптасу, даму жолдары анықталып, әдеби-көркемдік ерекшеліктері, құрылысы мен қалыптасу кезеңдері нақтыланады. Негізінен ғалым пікірлерімен келісе отырып, филология ғылымының докторы, профессор Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаняев көрсеткендей, мұнда мақал-мәтелдердің логика-семантикалық топтарының мүлде аз көрсетілгенін айта кеткіміз келеді. Ал аталған автор қазақ паремияларын алғаш қағаз бетіне түсірген Ш. Уәлихановтың топтамасы туралы құнды пікір айта отырып, бұл қазынаны аудару ісіне «ұлттық калорит, бейнелілік, тілге жеңілдік» сақталуы аса зәру қажеттілік екеніне назар аударады [38, 46-51-б. ] .
А. Нұрмахановтың «В. В. Радлов еңбектерінде түркі мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық сипаты» атты кандидаттық диссертациясында түркі мақал-мәтелдерінің өзара сәйкес тұстары мен кейбір өзгешеліктері, дауысты, дауыссыз дыбыстардың түркілік тектестігін білдіретін фонетикалық заңдылықтары, мақал-мәтелдердің лексикалық, грамматикалық құрылымы зерттеліп, кейбір семантикалық даму ерекшеліктері анықталған [39] .
Ғ. Тұрабаеваның «Окказиональные преобразования пословиц и поговорок в казахском языке» атты кандидаттық диссертациясында қазақ мақал-мәтелдерінің окказионалды өзгерістері мен қолданылуы, мағыналық топтары, варианттары, олардың құрылымдық-семантикалық модификациясы, контекстік варианттары зерттелді [41] .
С. Кенжемұратованың «Мақал-мәтелдердің синтаксисі» атты кандидаттық диссертациясында мақал-мәтелдердің даму, қалыптасу ерекшелігіне, жалпы лингвистикалық мәселелеріне көңіл бөлінеді. Зерттеу барысында мақал-мәтелдердің синтаксистік белгілері, даралық сипаты, мән-маңызы және тіл білімінде алатын орны анықталады. Жұмыс мақал-мәтелдер синтаксисіне байланысты мәселелерді қамти отырып, оларға байланысты қазақ тіл біліміндегі бұдан бұрынғы еңбектерге сүйену барысында, сол зерттеулерде бар теориялық мәселелерді пайдалана отырып, одан әрі дамытады. Автор мақал-мәтелдердің қолданыста жай және құрмалас сөйлем түрінде келуі, инверсиялануы, ықшамдалуының теориялық негізі мен кейбір пунктуациялық ерекшеліктерін зерттеу жұмысының негізгі мақсаты ретінде алып, аталған мәселелерді шешуді көздейді. Мақал-мәтелдердің құрылымы мен ерекшеліктері, шығу төркіні, түрлері, ұқсас тұрақты тұлғалармен ара қатынасы сипатталған, сондай-ақ, олардың сөйлемдерге қатысы, хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлем түрлері анықталған. Мақал-мәтелдердің құрмалас сөйлем қызметін атқаруы, олардың құрамындағы тармақтардың бір-бірімен салаласа, сабақтаса байланысуы, инверсия құбылысының ерекшеліктері, мақал-мәтелдердің табиғатына байланысты одағай, еліктеуіш сөздердің қолданылмауы анықталып, олардың кейбір пунктуациялық белгілеріне қысқаша талдау жасады [42] .
Зерттеу барысында жоғарыда көрсетілген еңбектерде мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық астары түбегейлі зерттелмегені анықталады. «Қазақ мақал-мәтелдері: 1) фразеологизмдерге кейбір ұқсастығына қарай-фразеология нысаны, құрамы мен құрылымы тұрғысынан-жалпы лексикология нысаны, қолданыс, тілдік норма тұрғысынан-стилистика нысаны болып отыр» [43, ] . Біздің пайымдауымызша, мақал-мәтелдердің о бастағы жасалу уәжіне (мотивіне) тереңірек үңіліп, олардың этнолингвистикалық қыр-сырын ашу - бүгінгі тіл біліміндегі өзекті мәселелердің, негізгі талаптардың бірі.
А. Донбаеваның «Араб және қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясында араб және қазақ тілдеріндегі мақал-мәтелдерді салғастырмалы әдіс арқылы зерттей отырып, екі тілдегі мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық, құрылымды-грамматикалық, лексика-семантикалық ерекшеліктерін ашу мақсатында бұрынырақ жарық көрген мақал-мәтелдерге арналған ғылыми еңбектерге сүйене отырып, олардың фразеологиямен қарым-қатынасын, сипатын айқындап, мағыналық-тақырыптық топтарға жіктейді [44] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz