Өнімнің бәсекелік қабілетін арттыру ЖОЛДАРЫ


Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы экономикалық даму кезеңінің жаңа белесіне аяқ басты. Нарықтық талаптардың ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттің ішкі экономикалық мүмкіндіктері мен өндірістік ахуалын одан ары жақсарту мақсатында жаңа бағыттар белгіленуде. Өндірісті жаңаша құрудың, шығарылатын өнімдердің
сұранысын арттырудың маңыздылығы да артуда.
Мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын қалыптастырудың негізгі бағыты ішкі өндірісті өркендету екені белгілі. Бұл тұрғыда, өнім өңдеудің түпкі кезеңіне дейінгі жұмыстарды қамтитын өндірістік кәсіпорындарға деген жауапкершілікте ұлғая түспек. Осы тектес кәсіпорындардың қатарына тамақ өнеркәсібіндегі өсімдік майларын өңдеумен айналысатын өндіріс орындарын жатқызуға болады. Аталған саланың ел экономикасындағы маңызы оның ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда, мемлекеттің экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуда, отандық өзара байланысты кәсіпорындардың тиімділігін арттыруда және олардың сыртқы өндірушілерге тәуелділігін төмендетуде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің мақсатты пайдалануда және бәсекеге қабілетті өнімдер шығару арқылы мемлекеттің әлемдік нарықтағы беделін арттыруда көрініс табады.
Отандық өсімдік майларын өңдеуші кәсіпорындардың дамуы соңғы он жылдықта үлкен өзгерістерге ұшырады. Кеңестік жүйедегі экономикалық байланыс тетіктерінің бұзылуы, нақты сектор мен қаржы саласының арасындағы алшақтық, өндірістерді дамытудың бірыңғай, арнайы мақсатты бағдарламаларының жоқтығы, өңдеуші салаларды ынталандыру тетіктерінің қалыптаспауы нарықтық қатынастардың алғашқы кезеңінде бұл сала кәсіпорындарының жетілуіне мүмкіндік бермеді. Осының нәтижесінде елімізде импорттық майларға тәуелділік арта түсті. Тек соңғы кездері нақты секторды дамыту бағытындағы басты міндеттер мен қолайлы ортаны қалыптастыру шараларының нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, халықтың тұтыну қажеттіліктерін қанағаттандыра бастады.
Әйтсе де, ғаламдық даму үдерімінің қазіргі кезеңінде қолда бар жетістіктерге қанағаттану жеткіліксіз. Тынымсыз ізденіс пен нәтижелі іс-әрекетті арқау еткен әлемдік нарық өндірушілері барынша жаңа нарықтарды игеруге, ондағы тұтынушыларды жаулауға белсене кірісуде. Нарықтың бұл қатал шарты отандық өнім өндірушілердің бәсекелік қауқарын нығайтуды, өнімдерінің бәсекелік қыспақтарға төтеп берерлік қабілетін арттыруды, ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысы жоғары өнім өндіруге тиімді әсері бар тетіктерді айқындауды және сол арқылы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешуді қажет етеді.
Бәсекеге қабілетті отандық өсімдік майларын қалыптастыруда озық тәжірибелері мен жетістіктері бар елдердің қолдануға тиімді нәтижелерін, осы салаға қатысты ғылыми-техникалық және инновациялық ізденістердің қолданысын пайымдай отырып, бәсекелік қабілеттің негізгі тетіктері ретінде өнімнің тұтынушылық қасиеттерін анықтайтын сапалық көрсеткіштерін, кәсіпорынның баға саясатын, өнімнің тартымдылығын жоғарылатуға ықпал ететін кәсіпорынның маркетингтік жүйесін және өндірістің өркендеуін ынталандыратын мемлекеттік қолдау саясатын өнімнің бәсекелік қабілетін арттыру механизмі ретінде қолдану қажеттілігін туындатады.
Осы орайда өсімдік майлары өнімдерінің бәсекелік қабілетін арттыру бойынша сараптаулар мен талдауларды, тиімді және тиімсіз факторларды, аталған тетіктерді қолдануға қатысты ұсыныстар мен пайымдауларды ғылыми негіздеудің маңызы да жетіле түспек. Бұл ерекшеліктер зерттеу тақырыбының өзектілігін айқындайды және оның ғылыми-тәжірибелік құндылығын арттырады.
Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Аталған мәселе бойынша ғылыми көзқарастарды теориялық және әдіснамалық тұрғыда көптеген ғалымдар өз еңбектерінде қарастырып өткен. Олардың қатарына батыстық А. Смит, Д. Рикардо, Й. Шумпетер, Б. Клейн, П. Самуэльсон, Ф. Хайек, Д. С. Милль, М. Портер сынды ғалымдарды жатқызуға болады.
ТМД елдерінде бәсекелік қабілетті арттыруға қатысты мәселелерді әртүрлі деңгейде талқылап, экономикалық маңыздылығын зерттеген ғалымдар да көптеп кездеседі. Мемлекеттің бәсекелік артықшылықтарын қалыптастыру жолдарынан өнімнің бәсекелік қабілетін арттыру тетіктеріне дейінгі пікірлер ресейлік ғалымдар Г. Л. Азоев, А. П. Челенков, А. Ю. Юданов, И. Н. Герчикова, Н. К. Моисеева, А. Трубилин, Р. М. Тихонов, Р. А. Фатхутдинов, Е. А. Горбашко, И. И. Дуданов, Г. Н. Бобровников, Т. М. Ахмадалиев және басқаларының еңбектерінде кездеседі.
Қазақстандағы экономикалық өзгерістерге сай мемлекеттің, саланың, өндірістің, өнімнің, қызметтің бәсекелік қабілетін арттыру бағыттары мен оларды іске асыруға ықпал ететін экономикалық, ғылыми-техникалық, өндірістік және басқа да маңызды тұтқалардың тиімділігі жайында елімізге белгілі ғалым-экономистер Р. А. Алшанов, А. Т. Әшімбаев, М. Б. Кенжегузин, Қ. Р. Нұрмағанбетов, Қ. А. Сағадиев, А. Қ. Қошанов, М. Қ. Мамыров, Қ. О. Оқаев, Н. К. Нұрланова, О. Б. Баймұратов, Р. К. Жоламан, С. Б. Ахметжанова, Қ. Қажымұрат, Н. Нұрсейіт және басқалары өз зерттеулерінде сөз қозғап, олардың қолданыс табуына өз үлестерін қосты.
Бәсекелік қабілетті зерттеу аясының кеңдігі әлі де болса көптеген мәселелері бойынша, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі салаларында, соның ішінде өсімдік майлары өндірісі мен оның өнімдеріне қатысты сұрақтарды терең зерттеуді, бұл сала өнімдерінің халықаралық сапа талаптарына сәйкестігін қалыптастыруды, кәсіпорынның нарық талаптарына тез икемделуін, ауыл шаруашылығымен өзара тығыз байланысын назарға ала отырып, екі жақты тиімді жүйе құруды жан-жақты сараптауды талап етеді. Сол сияқты, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан нарық талаптары соңғы ғылыми-техникалық, технологиялық, инновациялық жетістіктерді зерделей отырып, тұтынушылардың талғамынан шығатын өнім түрлерін өндіру жолдарын айқындауды міндеттейді. Сондықтан да, аталған мәселені теориялық және әдіснамалық тұрғыда саралау қажеттілігі диссертациялық зерттеудің мақсаты мен міндеттерін анықтауға түрткі болды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты - өсімдік майларын өңдеуші кәсіпорындардың қызметтерін жан-жақты сараптай отырып, олардың өнімдерінің бәсекелік қабілеттерін арттыру тетіктерін негіздеу және оларды қолдану бойынша нақты ұсыныстар жасау.
Белгіленген мақсатқа жету үшін диссертациялық жұмыста келесі міндеттерді шешу көзделді:
өнімнің бәсекелік қабілетіне қатысты анықтамаларды зерттеу және олардың мазмұнын ашу;
- нарық жағдайында бәсекелік қабілетке ықпал ететін факторларды анықтау және олардың әсер ету деңгейін бағамдау;
- өнімнің бәсекелік қабілетін тұтынушылық көзқарас негізінде бағалау әдістемесін дайындау;
- бәсекеге қабілетті өнімді қалыптастырудың маңызды тетіктерін айқындау және негіздеу;
- ҚР өсімдік майлары нарығының дамуын экономикалық бағалау және май өңдеуші кәсіпорындардың шаруашылық қызметтерін өзара салыстырмалы түрде талдау;
- ішкі нарықтағы отандық және шетелдік өсімдік майлары өнімдерінің бәсекелік қабілет деңгейлерін бағалау;
- өнімнің сапалық қасиеттерін жақсарту, кәсіпорынның баға саясатын, маркетингтік жүйесін жетілдіру және өндірісті мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша өсімдік майлары өнімдерінің бәсекелік қабілетін арттыру бағыттарын және оларды шешу жолдарын ұсыну.
Зерттеу объектісіне Қазақстан Республикасындағы өсімдік майларын өңдеуші кәсіпорындар жатады.
Зерттеу тақырыбына нарық жағдайында өнімнің бәсекелік қабілетін арттырумен байланысты экономикалық-ұйымдастырушылық қатынастар жиынтығы кіреді.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізіне отандық және шетелдік ғалым-экономистердің бәсекелік қабілетті арттыру аясындағы ақыл-ой еңбектері мен зерттеу нәтижелері алынды. Қазақстан Республикасының ұлттық экономиканың реттеу мен өркендетуге бағытталған заңдылықтары мен нормативтік-құқықытық құжаттары зерттелді және қолданылды. Зерттеудің мәліметтік базасы ретінде Қазақстан Республикасы статистикалық Агенттігінің және жергілікті статистика Басқармаларының мәліметтері, өсімдік майларын өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың есептік мәліметтері, тұтынушылардан анкеталық сұрау нәтижесінде алынған ақпараттар, май өңдеуші кәсіпорын дүкендерінің және көтерме-бөлшек сауда орындарының мәліметтері пайдаланылды. Диссертациялық жұмыста экономика-статистикалық және жалпы ғылыми зерттеу әдістері: салыстыру, маркетингтік талдау, эксперттік бағалау, топтау және басқа да түрлері қолданылды.
Диссертациялық зерттеуде алынған нәтижелердің ғылыми жаңалығы болып келесілер саналады:
өнімның бәсекелік қабілетін бағалау әдістері жүйеленіп, осының негізінде өсімдік майлары өнімдерін үш деңгейлі бағалаудың авторлық әдістемелік сипаты ұсынылды;
- өсімдік майлары өндірісінің ерекшеліктеріне орай, өнідерінің бәсекелік қабілетін арттыру механизміндегі негізгі тетіктер мен оларды жүзеге асыру бағыттары анықталды;
- еліміздегі өсімдік майлары нарығын талдау нәтижесінде отандық өнімдердің бәсекелік қабілет деңгейі мен ішкі нарықтың бәсекелік ахуалы айқындалоды;
- май өңдеуші саланы шикізатпен қамтамасыз етуде шетелдік майлы дақылдарға тәуелділіктің жоғарылау себептері белгіленді;
- өсімдік майларының сапалық қасиеттерін жетілдіруде ғылыми-техникалық және инновациялық жетістіктерді енгізудің, өнімнің жаңа түрлерін шығарудың қажеттілігі негізделді және нақты ұсыныстар жасалды;
- өсімдік майларын өңдеуші кәсіпорындарда үш бағытты маркетингтік бөлімді құрудың бәсекелік қабілетті арттырудағы тиімділігі көрсетлді және әрбір бағыттың атқаратын жұмыстары мен міндеттері ұсынылды;
- отандық өсімдік майлары өндірістерін мемлекеттік қолдаудың экономикалық тұтқалары нақтыланды және оларды қолдану шаралары ұсынылды.
Зерттеудің тәжірибелік маңызы өсімдік майлары өндірістерінде шығарылатын өнімдердің бәсекелік қабілетін арттыру бойынша нақты тетіктерді ұсыну мен оларды қолдану тиімділігін негіздеумен сипатталады. Сондықтан да, зерттеу нәтижелері өсімдік майларын өңдеу саласын қатысты кәсіпорындарды дамыту бағдарламаларын дайындауға негіз бола алады.
Зертеу нәтижелерінің апробациясы зерттеудің негізгі бағыттары мен нәтежелері келесі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциаларда баяндалады және талқыланды: «Өнімнің бәсекелік қабілетінің мазмұны және факторлары» «Отандық бәсекелі нарықтағы өсімдік майларын өндіруші кәсіпорындардың қызметін арттыруда кәсіпорынның қызметін экономикалық талдау»
1 Нарық жағдайында өнімнің бәсекелік қабілетін арттырудың теориялық және әдіснамалық мәселелері
- 1. 1 Өнімнің бәсекелік қабілетінің мазмұны және факторлары
Елімізде нарықтық экономиканың қалыптасуы отандық тауар өндірушілерге шығаратын өнімдерінің бәсекелік қабілетін арттыру мәселесін алдыңғы қатарға қойды. Бәсекелік ортаның дамуы шығарылатын өнімнің сапасын арттыруға, бағаны төмендетуге ықпалын тигізіп, тұтынушылардың кең көлемді сұранысын қанағаттандыруға итермелейді. Бәсекеге қабілетті өнім шығару кәсіпорынның, саланың дамуына ықпал ететін негізгі фактор екенін уақыттың өзі дәлелдеуде.
Өнімнің бәсекелік қабілетінің мазмұны «бәсеке» терминімен тікелей байланысты. Ежелгі латынның «concurrentia» сөзінен бастау алатын бұл сөз «қақтығысу», «тартыс» мағынасын білдіреді. Нарықтық экономиканы дамытудағы бәсекенің мәнін XVIII ғасырда ағылшынның кемеңгер экономисті Адам Смит әйгілі «көрінбейтін қол» қағидасында ашып көрсеткен. А. Смит бойынша бәсеке механизм іспеттес, сол арқылы жеке көзқарастар мен экономикалық тиімділік қалыптасады, салалар арасында игіліктердің тиімді бөлінуі жүзеге асады, пайда мөлшері теңеледі [1]
Бәсекенің көмегімен нарықты баға арқылы реттеу мағынасын ағылшын экономисті Давид Рекардо өзінің «Саяси экономия қағидалары және салық салу» (1817 ж) жұмысында айтып өткен: «Тұтыну заңы туралы, оның құны мен оны реттеу заңдылықтары жайында сөз қозғалса, әр уақытта да бәсеке ықпал ететін тауардың түрін айтады» [2]
Джон Стюарт Милльдің көзқарасы бойынша экономиканы дамытуда бәсеке реттеуші рөлін атқарады. : «Бәсекенің бағаны, еңбек ақыны, рентаны реттейтін бірден-бір құрал екенін ескерсек, онда ол өзінен-өзі заң болып шығады. Сол арқылы осы реттеулер жүзеге асады. »[3]
Құн заңы бойынша К. Маркс былайша пайымдайды: «Бәсеке, ең алдымен, бір өндіріс сферасы барысында, әрбір жеке тауар құнынан бірыңғай нарықтық құн мен нарықтық баға қалыптастырады. »[4]
Бәсекені «жаңалық процедурасы » ретінде белгілі батыс экономисті
Ф. Хайек көрсетіп өткен. Ф. Хайектің анықтамасы былайша сипатталады: « . . . мен бәсекені жаңа дәлелдерді ашатын ол дәлелдерсіз ешкімге танымал болмайтын немесе пайдаланылмайтын процедура ретінде қарастыруды ұсынамын, бәсеке зерттеу процесі ретінде маңызды, сол арқылы ізденушілерге пайдаланылмай тұрған мүмкіндіктерді пайдалануына жағдай туады . . . » [5]
Қазіргі ғалым экономистер өз еңбектерінде бәсекеге қатысты көзқарастарын жаңа ойлармен сиапттап, бәсеке теориясының дамуына үлестерін қосуда.
Гарвард бизнес мектебінің профессоры М. Портер өзінің «Халықаралық бәсеке» кітабында бәсекені - әр кез жаңа тауарлар, маркетингтің жаңа жолдары, жаңа өндірістік процестер мен жаңа нарықтық сегменттер пайда болатын белсенді және дамушы процесс, үздіксіз өзгеріп отыратын ландшафт деп көрсетеді. [6]
Ресейлік ғалым А. Ю. Юдановтың пікірінше «нарықтық бәсеке - нарық сегментінің тиісті бөлігінде, тұтынушылардың шектеулі көлемдегі төлем қабілетті сұраныс үшін фирмалар арсындағы тартыс» [7, б. 12]
Г. Л. Азоев пен А. П. Челенкоев «бәсеке - белгілі бір мақсатқа жету үшін заңды немесе жеке тұлғалар (бәсекелестер) арасында болатын тартысты бейнелейді» - деп көрсетеді. [8, б. 13]
Бәсеке тақырыбында өзінің елеулі еңбектерімен ерекшеленген ресейлік ғалым-экономист Р. А. Фатхутдиновтың негіздеуінше: «бәсеке - бұл субъектінің объективті немесе субъективті қажеттіліктерін заңдылық шеңберінде, не қалыпты жағдайда қанағаттандыру үшін бәсекелестерментартыс барысында жеңіске немесе басқа да мақсаттарға жетуде өзінің бәсекелік артықшылықтарымен басқару процесі» [9, б. 9]
М. И. Кныш өз еңбегінде бәсекені «қандай да бір қызмет аясында жақсы нәтижелерге жету үшін болатын экономикалық жарыс, тауар өндірушілердің тиімді шаруашылық жағдайы үшін, мол пайда алуға бағытталған күресі» - деп жазады. [10, б. 10]
Осы тектес мағынаны қазақстандық ғалым Р. С. Каренов өзің сөздігінде келтірген: «Бәсеке - нарықтағы тартыс. Тауар мен қызмет өндірушілер арасындағы тиімді өндіріс пен өнімді өткізу арқылы мол пайда алу жолындағы күрес» [11]
Тағы бір топ қазақстандық ғалымдар И. Я. Петренко мен С. Б. Есмұратов бәсекені «бизнесмендер арасындағы тартыс және күрес» - деп көрсетумен қатар, бәсекенің ынталандырушы рөлін сипаттайды: «Бәсеке бизнесмендерді «тұтынушыларға бетімен қарауға» ықпал ететін, сол арқылы, еңбек өнімділігін арттыратын, өндірісті кеңейтетін, өнімнің сапасын арттыратын, оның шығындылығын төмендететін қозғаушы күш » [12]
Г. Ә. Қалиев және Е. Темірұлы «Нарықтық экономиканың анықтамалығында» (1993) бәсекеге келесідей анықтама берген: «бәсеке деп жеке өнім өндірушілер, жұмыс істеушілер, қызмет көрсетушілер арасында өз мүддесі жолындағы бәсекені айтады. Нарықтық экономикада бәсекелестік негізгі реттеуші қызмет атқарады. Оның күш-қуаты стихиялы сипатқа ие, сондықтан егер басқа механизмдермен түзетіліп отырмаса экономиалық, әлеуметтік, экологиялық және басқа да қажетсіз зардаптарға ұрындыруы мүмкін. » [13]
ҚР «Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы» Заңында: «Бәсеке - рынок субъектілерінің өз бетімен жасаған іс -әрекеттері тиісті тауар рыногындағы тауарлар(жұмыстар, көрсетілген қызметтер) айналасының жалпы жағдайына олардың әрқайсысының біржақты ықпал ету мүмкіндігін тиімді шектейтін және тұтынушыларға қажетті тауарлар (жұмыстар, көрсетәлген қызметтер) өндіруді ынталандыратын жарыстастығы» деп көрсетілген. [14]
Жоғарыда келтірілген анықтамалардың барлығы да негізінен «бәсеке» терминінің мағынасын көрсетеді. Ал біздің зерттеуіміздегі өнімнің бәсекелік қабілетінің мазмұнына келесі анықтамалармен кеңірек тоқталып өтуге болады.
Отандық және шетелдік арнайы әдебиеттердің талдауы көрсеткеніндей, қазіргі уақытта өнімнің бәсекелік қабілетінің мағынасын толық ашып көрсететін бірыңғай тұрақты анықтама қалыптаспаған. Бұл мәселеге байланысты бірнеше көзқарас бар.
Көптеген авторлар бәсекелік қабілетті белгілі бір қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған өнімнің сапалық және құндық сипатымен немесе өнімнің нарықта өту мүмкіндігімен байланыстырады.
Мәселен, экономист А. А. Ваксманн бәсекелік қабілетті «өнімнің нарықтың белгілі бір кезеңіндегі қалыптасқан талаптарға сәйкестігімен» сипаттайды. [15]
Н. Моисеева мен Ю. Анискиннің пайымдауынша «өнімнің бәсекелік қабілеті тұтынушының сұранысын қанағаттандыруға және тауарды сатып алуға, әрі пайдалануға кетеін шығындарын ескере отырып, тауардың сапалық және құндық ерекшеліктерімен сипатталады » [16] . Сол сияқты, өнімнің бәсекелік қабілеті «тұтынушының қызығушылығын туғызатын және қажеттілігін қанағаттандыратын сипатымен ерекшеленеді. » [17] . Сол сияқты, А. Трубилин «өнімнің бәсекелік қабілетін нарықта жетістікке жеткізетін оның тұтынушылық және құндық сипаттарының жиынтығымен анықтайды. » [18, б. 41]
Алайда, мұнда өнімнің бәсекелік қабілетті белгілі бір тауарды басқасымен салыстыру арқылы анықталатыны ескерілмейді. Осы көзқарасты ұстанатындар өнімнің бәсекелік қабілеті, түпкі нәтижеде, тұтынушылар үшін қызығушылық тудыратын тауардың техника-экономикалық қасиеттеріне келіп тіреледі деген пікірде. Мысалы, А. Шуваловтың анықтауынша: «өнімнің бәсекелік қабілеті нарық жағдайындағы оның сапасы. » [19]
Бұл жерде сапа - өнімнің бәсекелік қабілетінің тек негізгі құраушыларының бірі ғана екенін ескере кеткен жөн.
Келесі бір топ ғалымдар өнімнің бәсекелік қабілетін тұтынушыға жағымдылық жағынан сипаттайды. Мәселен, профессор А. Ю. Юдановтың пікірінше: «өнімнің тұтынушы үшін тартымдылық деңгейі оның бәсекелік қабілетін көрсетеді. » [7, б. 39]
Ал, Г. Л. Лазоев және А. П. Челенков «өнімнің бәсекелік қабілеті оның нарыққа ұсынылған ұқсас тауарлармен салыстырғанда тұтынушылардың сұранысына толық жауап беруімен сипатталады. » [8, б. 61]
И. В. Сергеев «өнімнің бәсекелік қабілеті - тұтынушының қажетін өтейтін және сатып алу мүмкіндігіне сай келетін тауардың сапалық және құндылық көрсеткіштерінің жиынтығымен сипатталады және осы тектес бәсекелес өнімдерден ерекшеленеді » - деген пікір білдіреді. [20, б. 113]
И. Н. Герчикованың анықтауынша «бәсекелік қабілет деп тұтынушының жеке сұраныстарын қанағаттандыратын, бағасы жағынан тиімді және сапасы жоғары, ұқсас тауарлардан айырмашылығы артық тауардың жиынтық қасиетін айтуға болады » [21]
Р. А. Фатхутдиновтың пікірінше: «бәсекелік қабілет - объектінің нарықтағы ұқсас объектілемен салыстырғанда нақты қажеттілікті қанағаттандыру деңгейі » [9, б. 23]
Алайда, бәсекелік қабілет - салыстырмалы түсінік және белгілі бір жағдайлармен сипатталады, яғни ол нақты нарыққа, белгілі уақытқа сәйкес салаға және мемлекеттің, әрі әлемнің қоғамның еңбек жүйесіне тәуелді. Сондықтан, өнімнің бәсекелік қабілетін тек тұтынушыға жағымдылық жағынан сипаттау жеткіліксіз.
Өнімнің бәсекелік қабілетіне қатысты тағы бір топ көзқарас былайша анықталады: «бәсекелік қабілет деңгейі нарықтық жағдаймен сипатталады және өнімнің нақты нарықта сатылу қабілетімен бейнеленеді » [22, 23]
Мәселен, Р. М. Тихонов «өнімге немесе қызметке қатысты бәсекелік қабілет онеың бәсекеге төзімділігімен сипатталады, яғни басқа ұқсас тауарлардың ішінде сұранысқа ие болуы және сатылуы өнімнің бәсекелік қабілетін көрсетеді. Өнімнің бәсекелік қабілеті дегеніміз белгілі бір нарықта, нақыт бір уақыт аралығында нәтижелі сатылуы » деп тұжырымдайды. [24]
Осыған ұқсас бір анықтама былайша келтіріледі: «бәсекелік қабілет - бұл өткізу нарығының белгілі бөлігін иемденген және басқа ұқсас тауарлардың өткізілуіне шектеу жасайтын өнімнің қасиеті » [25] . Бұл көзқарастар өнімнің нарықтағы өтімділігін оның бәсекелік қабілетін сипаттауға бағытталған. Бұл анықтамалардағы негізі кемшілік ол өнімнің нарықтағы сұранысқа ие болуы оның тапшылығына да байланысты болатынын ескермеуінде.
Қазақстандық бір топ ғалымдар бәсекелік қабілетке төмендегідей анықтама береді: «бәсекелік қабілет - өнімнің нақты қоғамдық қажеттіліктерге сәйкестік деңгейімен, сондай-ақ оны қанағаттандыруға кеткен шығындармен бейнеленеді » [26] .
Профессор К. Р. Нұрмағамбетовтың Өнімнің бәсекелік қабілеті туралы топшылауында өзіндік маңыз бар: «бәсекелес кәсіпорын өндірген ұқсас өнімге ішкі және сыртқы нарықта қарсы тұру өнімнің бәсекелік қабілетін көрсетеді» [28] .
Өнімнің бәсекелік қабілетін өның бағасы арқылы сипаттау әрекеттері де қолданылуда. Бұл бағаны қалыптастырудың квалиметриялық әдістемесін жақтайтындардың анықтамаларында кездеседі. Олардың пікірінше тауардың бағасы оның тұтынушылық және құндық қасиеттерін бейнелейтін әмбебап сипатқа ие. Бағасына байланысты тауарлардың айырмашылықтары қалыптасады, осы себепті тауарлар бір-бірімен бәсекеге түседі [29, 30] . Алайда, бұл көзқарасты баға бәсекесі теріске шығарады, өйткені біркелкі тұтынушылық сипатқа ие тауарлар әртүрлі бағамен сатылуы мүмкін.
Өнімнің бәсекелік қабілетін екі топ факторлармен анықталатын салыстырмалы сипатпен қарастыру жағдайлары да кездеседі, яғни өнімнің сапасы мен қарастырылатын өткізу нарығының талаптары арқылы [31] . Шындығында, өнім бәсекеге қабілетті болуы үшін өткізілетін нарықтың тиісті талаптарына сай жоғары сапалы болуы тиіс. Алайда бұл жағдайдың өзі өнімнің бәсекеге қабілетті екендігін көрсетпейді. Бәсекелік қабілет өнімді өткізу барысында және басқа тауарлармен салыстыру арқылы анықталады.
Қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру деңгейі және оған кететін шығындылық арқылы анықталатын өнімнің салыстырмалы сипаттағы бәсекелік қабілеті тұтынушының бір өнімнен екіншісін жоғары бағалау арқылы анықталатынын ескермейді. Осыған байланысты, өнімнің бәсекелік қабілеті оның ұқсас басқа өнімнен айырмашылығының болуында ғана емес, салыстырмалы ерекшелігінің де болуында.
Негізінен, өнімнің бәсекелік қабілеті оның нақты қажеттілік үшін құндылығымен анықталады. Әрбір тұтынушы қандай да бір өнімді сатып аларда оның қажеттілігін өтеуге тиімділігін ескереді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz