Мұхтар Әуезов – абайтанушы


Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
Қазақ және орыс филологиясы факультеті
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы
Есбатыров Мереке Замирович
Мұхтар Әуезов - абайтанушы
Курстық жұмыс
Ғылыми жетекші: Сейсембай Г. А.,
аға оқытушы
Мазмұны:
Кіріспе . . . 3
I тарау. Мұхтар Әуезов өмірі мен шығармашылығы.
- Мұхтар Әуезов өмірінің жарқын кезеңдері . . . 4
- «Абай жолы» роман-эпопеясы - Мұхтар талантының өлмес туындысы . . . 6
II тарау. Абайтану ғылымын дүниеге әкелген тұлға.
2. 1. М. Әуезов - абайтануды асқақтатушы . . . 9
2. 2. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану тарихы . . . 22
Қорытынды . . . 27
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 29
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Мұхтар Әуезов өмірі мен шығармашылығын зерттей отырып, оның абайтану ғылымын дүниеге әкелуін және сол ғылымды асқақтата түсуін көрсету.
Курстық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Абайтану ғылымы өзіне ерекше назар аудартатын саланың бірі. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылық жолын, әдеби мұраларының мәні мен маңызын тану, тағылым алу бүгінгі күннің көкейкесті мәселелері деуге болады. Сол себепті абайтану ғылымы да жалпы әдебиеттанудың бір көрнекті саласы болып дамып, өркендеп келеді. Міне, осы аталған жайттардың бәрін ескере келіп зерттеу жұмысымыздың алдына бірнеше мақсат пен міндеттер қойдық:
- Абайтану ғылымының өзіне тән ерекшелігін, өміршеңдігін және келешегінің де мол екенін таныту;
- Абайтанушы ғалымдардың шығармашылығына талдаулар жасау, салыстырулар жүргізу көзделді;
- Сонымен қатар абайтанудың тарихын да тереңнен қозғап, жан-жақты сөз ету көзделді;
- Абайтану тарихында із қалдырған тұлғалардың еңбектеріне бүгінгі күн тұрғысынан баға беруді жүзеге асыру;
- Абайтанудың ғылыми бағыт ретінде қалыптасып, дамып, жетіліп отырғанын дәлелдеу, саралау мәселелері жайында мақсат пен міндеттер көзделді.
Курстық жұмыстың нысаны Мұхтар Әуезов - абайтанушы
Курстық жұмыстың ғылымилығы. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы
абайтану ғылымының қалыптасу жолдары, абайтану тарихының тың дерек
көздерінің бәрі сарапқа салынып, ой елегінен өткізілді. Абай мұрасын
таныту, баға беру, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында
жазылғандардың бәрінің бір арнаға түсіп, абайтану ғылымына айналу
процесін көрсету жүзеге асырылды. Абайтану ғылымының қалыптасуы мен
тарихының сан-салалы жолдары көрсетілді, сонымен қатар кешегі мен
бүгінгі тарихы салыстырыла отырып талдау объектісіне айналды.
Курстық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспе мен қорытындадан бөлек екі тараудан, әр тарауда екі тараушадан, сонымен қатар жұмыс соңында әдебиеттер тізімі берілді.
- МҰХТАР ӘУЕЗОВ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМұхтар Әуезов өмірінің жарқын кезеңдері
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының (бұрынғы Семей облысы) Шыңғыстау бөктеріндегі Қасқабұлақ деген елді мекенде дүниеге келді. Мұхтар туылғанда, Абай елу екі жаста, есімі елге кеңінен тараған атақты ақын еді. М. Әуезов Абайды өз көзімен көреді. Жастайынан Абай өлеңдерін жаттап, ауылдағы ескі құлақ қариялардан аңыз-ертегілерді, жыр-дастандарды жалықпай тыңдап, Абай мектебінен осылайша тағлым алады; ұлы Абай поэзиясының асыл қасиеттері жас Мұхтардың жүрек түкпіріне сөз өнерінің ұрығын терең сеуіп, келешекте шешек атып гүлдеуіне негіз жасайды.
Жас Мұхтар Семей қаласындағы медреседе, бес кластық орыс мектебінде, оқытушылар семинариясында (1914-1919) білім алады. Бұл кез Семей қаласының қазақ даласындағы рүхани-саяси орталықтардың біріне айнала бастаған уақыты болатын. Осындағы оқыған қазақ жастарымен, әсіресе ұлт азаттығын мақсат тұтқан алашордашылармен қоян-қолтық араласудың барысында семинарист Мұхтардың ұлттық сана-сезімі жетіліп, біржола халықтық, ұлттық жолға түседі. М. Әуезов осы жылдарда қалыптасқан ұлттық-халықтық бағыттағы азаматтық бет-бағдары үшін өмір бойы (әсіресе 30, 50-ші жылдары) кеңес өкіметі тарапынан қуғынға ұшырап, әупірім-тәңіріммен аман қалып отырды.
М. Әуезов оқуын бітірісімен бұрқ-сарқ қайнап жатқан қоғамдық өмірге белсене араласып кетеді: Семей губерниялық атқару комитетінде председательдің орынбасары, соңынан төрағасы болып, Орынборда КАЗЦИК-тің орталық аппаратында істейді. Ленинград университеті қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөлімін (1923-1928), Ташкенттегі Орта Азия университеті түркітану бөлімінің аспирантурасын (1928-1931) бітірген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында (1932-1933), С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (1934-1955), М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде (1954) оқытушылық, КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының Тіл-әдебиет және тарих институтының әдебиет секторында аға ғылыми қызметкер (1943-1945), Қазақ әдебиеті секторының меңгерушісі (1946-1956), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институты халық творчествосы бөлімінің меңгерушісі (1957-1961) қызметтерін атқарады.
Жазушының мәдениет, әдебиет мәселелеріне араласып, баспасөз бетінде мақалалар жаза бастауы аласапыран кезең - Қазан төңкерісіне тұспа-тұс келді. Бұл алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларын отаршылдық езгіде есеңгіреген елдің ертеңі ойландыра бастаған уақыт болатын. Қазақ халқының болашақ даму жолдары қай бағытта болмақ, не істеу керектігі жайлы қызу пікір алысулар жүріп жатты.
Міне, осындай отаршыл саясатқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлтшыл азаматтар қарсы шығып, елінің ертеңін оның егемендігінен көрді. Осы мақсатқа алашорда қозғалысы құрылып, қазақ зиялыларының көпшілігін маңына топтастырды. М. Дулатов, С. Торайғыров, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов сынды қазақтың аса дарынды ақын-жазушыларымен бірге М. Әуезов те осы топта жүрді. Оның ағартушылық-демократтық бағытта жазған алғашқы мақалаларында өнер-білімге, ғылымға, кәсіпке ұмтылмай, қамсыз отырған халқының болашағына алаңдаушылық, ұйқыдағы қалыптан оятып, жақсылыққа жетелейтін дұрыс жол іздеушілік байқалады. Кейін келе жазушы публицистикасы әдебиет мәселелеріне қарай ойысты.
Заманының заңғар жазушысы, дарқан дарын иесі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық мұрасы аса бай. Ол көркем әдебиеттің барлық саласында дерлік қалам тербеп, көркемдігі кемел туындылар жазды. Поэзия үлгісіндегі дәстүрлі қазақ әдебиеті ХХ ғасырда М. Әуезовтің кең құлашты роман-эпопеясы арқылы әлемдік әдебиеттің ақ айдынына шығып, дүние жүзіне танылды.
Мұхтар Әуезов - ең алдымен, жазушы. Жазушылық қызметінің алғашқы жылдарында жазылған “Еңлік-Кебек” драмасы мен “Қорғансыздың күні”, “Ескілік көлеңкесінде”, “Көксерек”, “Қыр әңгімелері”, “Қыр суреттері”, “Жетім”, “Қараш-қараш”, “Қаралы сұлу” т. б. сияқты қазақ даласының ұлттық тұрмыс -тіршілігін шынайы бейнелеген әңгімелері арқылы-ақ ол өзінің ұзаққа шабар зор дарын иесі екендігін танытты. Қазақ әңгімесінің деңгейін әлемдік биік дәрежеге көтерді.
Сан-алуан тақырыпқа жазылып, өмірдің көкейкесті мәселелерін қозғаған көптеген әңгімелері мен повестерін, очерктерін былай қойғанның өзінде, ол - жиырмадан астам пьесаның, “Қилы заман”, “Абай”, “Абай жолы”, “Өскен өркен” сияқты романдардың авторы. М. Әуезовтің профессионалды қазақ әдебиетінің туып қалыптасуында, дамуында атқарған ролі айрықша.
Мұхтар Әуезовтің есімі қазақ халқының соңғы ғасырдағы мәдени, әдеби тарихымен тікелей байланысты. 1926 жылы қазақтың тұңғыш театры өзінің сахнасын “Еңлік-Кебек” пьесасымен ашты. Оның қаламынан туған “Еңлік-Кебек”, “Бәйбіше-тоқал”, “Қаракөз”, “Түнгі сарын”, “Айман-Шолпан”, “Қарақыпшақ Қобыланды”, “Абай” т. б. көптеген драмалық туындылары ұзақ уақыттар бойы қазақ театрларының сахнасынан түспей, негізгі репертуарын құрады. М. Әуезов пьесаларының көпшілігі қазақ театр өнерінің классикалық туындыларына айналды.
Жазушы қазақ драматургиясында төлтума туындылар жасаумен ғана тынған жоқ, сонымен бірге әлемдік әдебиеттің асылдарынан тамаша аудармалар да жасады. Ол қазақшалаған В. Шекспирдің “Отелласы” мен “Асауға тұсауы”, Н. Гогольдің “Ревизоры”, К. Треновтің “Любовь Яроваясы”, Н. Погодиннің “Ақсүйектері” - бір тілден екінші тілге тәржімалаудың тамаша үлгілері.
Мұхтар Әуезовтің шығармашылығында маңызды орын алатын шығармалардың бірі - “Қилы заман”. Ромен 1916 жылы Жетісу өңіріндегі Албан руының патша өкіметіне қарсы бағытталған халықтық бас көтеру оқиғаларына арналған. М. Әуезов өзінің бұл туындысында эпикалық баяндау тәсілін игерген кең тынысты суреткер екендігін көрсете білді. “Қилы заман” - өз елін, туған жерін сүйе біліп, халқы басынан кешірген 1916 жыл трагедиясын жан-тәнімен сезініп, терең ойға орап, сезімтал жүректің қанымен жазылған кемел көркем шығарма. Бұл кітап елінің елдігі, халқының азаттығы үшін алысып өткен, сол жолда құрбан болғандарға арнап орнатқан еңсесі биік көркем ескерткіш іспеттес.
- «Абай жолы» роман-эпопеясы - Мұхтар талантының өлмес туындысы
Мұхтар Әуезов талантының барынша жарқырай бар қырымен, сыр-сымбатымен көрінген шығармасы - “Абай жолы” роман-эпопеясы. Қазақтың өткен ғасырда жасаған ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өмірінен жазылған төрт томдық эпопея жазушы шығармашылығының бас кітабына айналды.
М. Әуезов “Абай жолына” үлкен дайындықпен келді. Жазушы тетралогияны он бес жылға жуық уақытта жазды. Абайдың шығармашылық өмір жолын тереңдеп зерттеген көптеген ғылыми мақалалар мен монография жариялады. 1936 жылы Леонид Соболевпен бірігіп жазған “Абай” трагедиясы (1939) қазақ драматургиясының үздік туындыларының біріне айналды.
“Абай жолы” романының алғашқы тараулары отызыншы жылдардың аяғында-ақ әдебиет журналында жариялана бастады. Пушкиннің 100 жылдығына орай жарық көрген «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесі кейін «Абай жолы» роман-эпопеясына бір тарау болып енді. Төрт томдық роман-эпопеяның біріншісі 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы, үшіншісі 1950 жылы, соңғысы 1949 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1959 жылы төрт томдық “Абай жолы” роман-эпопеясы үшін Мұхтар Әуезовке “Лениндік сыйлықтың лауреаты” атағы берілді. Ұлы жазушының өлмес еңбегіне, заңғар талантына көрсетілген бұл баға сол кездегі әдебиет пен өнерге берілетін ең жоғары, ең беделді атақ болатын.
Мұхтар Әуезов қазақ халқының да әлемдік өркениетте өзіне лайықты құрметті орны бар екенін “Абай жолы” роман-эпопеясын жазу арқылы дәлелдеп берді. Көркемдік әдістің, бейнелеу құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, өмірді көркемдік тұрғыдан бейнелеп көрсетудің асқан үлгісін көрсетті; қазақ халқының философ ақыны Абайдың толық қанды бейнесін жасады; қазақ әдебиетіне жан-дүниесі, өмірлік бағыты айқын бейнеленіп сом жасалған тың кейіпкерлер әкелді; өткен ғасырдағы қазақ даласының тұрмыс-тіршілігін барлық тынысымен суреттей білді; қазақ даласының көркем келбеті шын мәнінде тұңғыш рет осы эпопеяда толық бояуымен, суретімен көрінді; қазақ прозасына терең психологизм әкелді. Ең соңында, қазақ әдебиетін әлемге паш етіп, М. Әуезовтің өзі әлемдік әдебиет алыптарының қатарынан берік орын алды; ал “Абай жолы” эпопеясы болса, аса жоғары бағаланды да дүние жүзілік әдебиеттің классикалық шығармасы қатарында адамзат рухани байлығының алтын қазынасына қосылды.
1956 жылы атақты “Абай жолы” эпопеясын аяқтаған соң, Мұхтар Әуезов бүгінгі күн тақырыбынан жаңа шығармалар жазуды жоспарлайды. “Өскен өркен” (1962) - аяқталмаған роман. Сонда да болса бұл кітаптың басты ерекшеліктері ретінде коммунизм құрылысшыларының еңбегін марапаттау, социалистік құрылыстың көшбасшылары совет коммунистерінің бейнесін жасау басты мақсат болғандығын да айта кеткен жөн.
Әдебиетті шын сүйген әрбір қаламгер күнделікті әдеби өмірдің өзекті мәселелеріне үн қосып, пікір айтудан қалыс қала алмайды. М. Әуезов те өз кезіндегі көркемдік дамудың өткір өңірлеріне батыл барып, белсене араласып отырған. Қазақ кеңес әдебиетінің тарихында Мұхаң араласпаған әдеби оқиға, пікір білдірмеген қаламгер жоқ шығар, сірә. Ол С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Т. Жароков, К. Әбдіқадыров, Ә. Тәжібаев т. б. көптеген ақын-жазушылардың өзіндік ерекшеліктері, жеке шығармалары жайлы жылы лебіздер білдірді. КСРО халықтарының, Батыс, Шығыс әдебиеттерін жетік білген жазушы әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдері хақында да бірсыпыра құнды пікірлер айтты.
М. Әуезов тек қана үлкен суреткер, дарынды драматург немесе тамаша аудармашы, белсенді сыншы ғана емес, диапазоны кең ғұлама ғалым да. Жазушының дарын қырлары ғалым-зерттеуші ретінде де жарқырап көрінді. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі болды. “Әдебиет тарихында” (1927) қазақ ауыз әдебиеті алғаш рет түрлерге бөліп, жүйелеу ұсынылды. “Абай Құнанбайұлы” атты көлемді монография М. Әуезовтің ақын шығармашылығын зерттеген ұзақ жылдарғы еңбегінің нәтижесі секілді. Мүнда Абай өмір сүрген дәуір, Абайды зерттеу мәселелері, Абайдың өмірбаяны, жастық шағындағы шығармалары, лирикасы, поэмалары, аудармалары, қара сөздері жеке-жеке тарауларда кеңінен зерттелінеді. Абайдың ақын балалары Ақылбай мен Мағауияның шығармалары жайлы да айта кетуді жөн көрген. М. Әуезов қазақ әдебиетінің тарихынан оқулық ретінде жазылған “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы” (1933), “Әдебиет хрестоматиясы” (1937) кітаптарын да шығарды.
Қазақтың даңқты жазушысы, ғұлама ғалымы, әдебиет сыншысы, тамаша педагогі Мұхтар Әуезов белгілі қоғам қайраткері де болатын. Ол әсіресе, Азия, Африка жазушыларының демократиялық бағыттағы қозғалысын ұйымдастыруда көп еңбек сіңірді. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағы басқармаларының, Лениндік сыйлықтар беру жөніндегі комитет пен Дүниежүзілік Бейбітшілік сақтау комитетінің, көптеген одақтық, республикалық баспа органдарының редколлегия мүшесі ретінде ұлан-ғайыр қызметтер атқарды.
Халық құрметіне бөленген ол Ленин ((1957), Еңбек Қызыл Ту (1945), «Құрмет белгісі» (1956) ордендарымен марапатталған.
«Абай жолы» - Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» - қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, т. б. бәрі бар. Роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.
ІІ. АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫН ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН ТҰЛҒА.
2. 1. М. Әуезов - абайтануды асқақтатушы.
Қазақ әдебиеттану ғылымы, оның ішіндегі іргелі үш саласы әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны ерекше қарқынмен өсіп-өркендеп келеді. Осы үш саланың ішінде әдебиет теориясы мен сынына қарағанда әдебиет тарихының ілгерілеушілігі мол деп қарауға болады. Әдебиет тарихын жасау, түгендеу жаңа дәуірге лайықталып, жаңаша көзқараспен пайымдалып жасалуда. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы - әдебиет тарихының үлкен бір саласы - Абайтану. Абайтану ғылымына академик Зәки Ахметов былай деп баға береді: «Абайтану кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылық өнері, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерді қамтиды» [1. 18. ] .
Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М. Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына толық танытып, әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М. Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. М. Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М. Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Алдағы уақытта осы ғылыми басылым үнемі негізге алынуға тиіс. М. Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты. Кейінгі жылдарда абайтану ғылымы көптеген әдебиетшілер, тіл зерттеушілер, музыка мамандары және басқа ғылым салаларының өкілдерінің еңбектерімен толыға түсті. Абайтану ғылымына С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Т. Тәжібаев, Қ. Мұхамедханов, М. Сильченко, Ы. Дүйсенбаев, З. Ахметов, Б. Ерзакович, М. Мырзахметов, Ғ. Есімов, Ж. Ысмағұлов т. б. ғалымдар салмақты үлес қосты.
«Қазіргі кезде әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылыми жаңа белеске көтеріліп жалғаса, толыға беруі керек. Абай шығармашылығының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек» [2. 25] .
Абайтану ғылымының тарихы бай, кемел, іргетасы мықты ғылым десе де болғандай. Осының бәрін ескере келгенде келесі бір жағдаяттарды толық аңғаруға болады.
«Абайтану - ұлы ақын мұрасын жан-жақты, терең зерттеуді мақсат ететін қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі. Совет өкіметі орнасымен-ақ, өткендегі мұраға қамқорлық жаңа дүниетаным негізінде жүргізіле бастады. Ал Абай мұрасын тану, таныту, насихаттаудың алғашқы белгілері революцияға дейін-ақ көрінгенімен, оны шын мағынасындағы ғылыми тұрғыдан танып бағалау ісі біздің заманымызда ғана жүзеге асты. 1933 жылы М. Әуезов Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазып, Абайтанудың негізін салуды бастап берді. Бірақ 30 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде жазылған сын мақала, зерттеулерде бұл мұраны танып, бағалауға сол тұстың әдеби атмосферасында орын тепкен тұрпайы социологиялық, компоративистік негіздегі теріс танымдардың салқыны тимей қалған жоқ» [3. 54] .
Абайтану ғылымының негізін салушы, іргетасын қалаушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов десек қателеспейміз. Сол себепті ең алдымен ұлы ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғалымның кейбір еңбектеріне қысқаша болса да талдау жасап кеткенді жөн көрдік. 1997 жылы жиырмасыншы ғасырдың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толды. Осы мерекеге орай профессор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы мен тарих ғылымдарының докторы Ләйла Әуезовалардың құрастыруымен жарық көрген кітап «Абайтану дәрістерінің дерек көздері» деп аталған екен.
М. Әуезовтің бұл кітабының үлкен тарихи маңызы бар. Академик ғалымның Абай мұрасы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен көркем туындылары, олардың түрлі қолжазба нұсқалары мол. Ұлы жазушының абайтану саласында жарияланбаған, архив сөресінде сақталынып келген материалдарының өзі әлденеше кітап болатыны белгілі болып отыр. М. Әуезовтің абайтану саласындағы ғұмыр бойғы ізденістері екі салада қатар жүргізіледі: ғалымның ұлы ақын мұрасын ғылыми негізде тану бағытындағы зерттеулері жиырма жылға жуық мерзімді қамтыса, Абайдың көркем бейнесін әр түрлі жанрда сомдауға он екі жыл өмірін арнады. М. Әуезовтің бұл кітабында абайтанудың негізін салу жолындағы мол мұрасы жүйеленіп берілген. Енді осы жүйелеулердің үлгісін көрсете кетейік.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz