XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі нәзиралық шығармалар


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Нәзирагөйлік дәстүр қазақтың тілін, салт - дәстүрін, дінін тұғыр еткен дәстүр екендігі анықталды. Алайда бұған дейін әдебиетшілер тарапынан аталған дәстүрге аударма әдебиет деп қана баға беріліп келсе, бұл жұмыста ол барынша кеңейтілді. Яғни нәзирагөйлік дәстүр аударма деген түсініктен әлдеқайда жоғары, әлдеқайда терең. Себебі нәзирагөйлік дәуірлер бойы жалғасып келген емес, ол белгілі бір кезеңде бой көрсетеді де, содан кейін тарих тасасында қалып қойғандай болады. Бір ерекшелігі, нәзира дәстүрі елде мәдени тоқырау, әдеби іркілістер туындай бастаған кезде пайда болады. Билеушілерінен, басшыларынан үміттері үзілген халық көп уақытта рухани мәдениеттерін, рухани болмысын сақтап қалу үшін нәзирагөйлік дәстүрін қолданатын болған. Зерттеу жұмысының өзектілігі осы мәселелерді қамтиды, яғни нәзира дәстүрін қазіргі кезде де кеңінен жүзеге асыруымызға болады. Өйткені тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең қазақ халқы үшін қиындық тудырып отырған кезеңге айналды. Тілін бағаламайтын, салт - дәстүріне күле қарайтын жастар көбейді. Олардың ертеңгі болашағы қандай болары бұлыңғыр қалпында тұр. Көреген ата - бабаларымыз осындай қиындықтардың барлығының шешімін тауып, жандарына түскен жараларын халықтық мұралармен, қисса - дастандармен емдей білген. Нәзирагөйлік дәстүрді жаңаша тұрғыда қарастыру арқылы біз де қисса - дастандардың рухани маңызы, мәні өте жоғары екендігіне, оның әдебиетте замана тудырған құбылыс екендігіне көз жеткіздік. Сонымен қатар нәзирагөйлік дәстүрдің осы кезге дейін ескерілмей келе жатқан бір жағы, оның Қазақстандағы таралу шегі, аймақтық ерекшеліктері, өкілдері толықтай зерттеліп, бағасы толық берілген жоқ. Қазақ әдебиетіндегі жыр, толғау, терме, күйді алып қарастыратын болсақ, олардың белгілі бір дәстүрлі мектептерге жататындығын, жергілікті әдеби мектептердің жемісі екендігін көреміз. Олардың бір - бірінен аймақтық ерекшеліктерін, сөзіндегі, тіліндегі бір - біріне ұқсамайтын өзгешеліктерді зерттеу бүгінгі таңда өнерді қадірлейтін, бағалайтын жұрттың қызығушылығн тудырып отыр. Ал нәзирагөйлікті дәстүрлі мектептерге бөліп, тақырып аясында қарастыру зерттеу жұмысында толықтай жүзеге асырылды.

Жұмыстың мақсат -міндеттері. Нәзирагөйлік дәстүрдің қазақ әдебиетінде қалыптасуы, Абай поэзиясындағы нәзиралық дәстүрдің белгілері жайлы.

- нәзирагөйлік дәстүрдің Қазақстан аумағындағы таралу ерекшеліктерін қарастыру, дәстүрлі мектептер негізінде аталған дәстүрдің көркемдік сипаттарын ашу;

- ХІХ ғасырдағы Абай мен басқа да көрнекті нәзирагөй ақындардың қысқаша шығармашылық өмірбаяндарына зерттеу жасау;

Зерттеу нысаны. ХІХ ғасырдағы нәзирагөйлік дәстүрді қарастыру,

Жұмыстың құрылымы . Курстық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

I. НӘЗИРАГӨЙЛІК ДӘСТҮРДІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ

1. 1 Нәзирагөйлік дәстүрдің теориялық мәні мен маңызы

Түркі халықтарының ХІІ - ХV ғасырларда Алтын Орда деп аталатын ірі мемлекетке бірігуі олардың тұтас ұлт ретінде қалыптасуының алғышарты болды. Алтын Орда Шыңғысхан құрған айбарлы Моңғол империясының құрамынан бөлініп шығып Дешті - Қыпшақта жеке - дара үстемдікке жетті. Бату мен Берке билеген тұстарда Алтын Орданың жеке мемлекеттік идеологиясы айқындалып, бір дінде - ислам дінінде сенімдері тоғысқан түркі халықтары материалдық жағынан ғана емес, рухани, мәдени жағынан да өрлеудің ең биік сатыларына жетті. Алтын Орда ішкі жағынан да, сыртқы әлеуметтік жағынан да көршілес елдерге қарағанда, әлеуетті, ынтымағы күшті, білімі мен ғылымы қатты дамыған елге айналды. Оның себебі ішкі рухани бірліктің мықты болғандығында еді. Алтын Орданы құраған халықтар әр тараптын бас қосқан түркі тайпалары болса да, бір тектен шыққан елдей қарым - қатынасты мықты ұстады. Ал бұл үрдіс мемлекетте экономиканың, ғылымның, білімнің өркендеуіне себеп болды.

Алтын Орда кезеңіндегі бұл мәдени өрлеу әдебиеттанушы, шығыстанушы ғалымдардың назарларынан тыс қалған жоқ. «Әсіресе ХІV ғасырдың бірінші жартысында Алтын Орда мемлекетінің Еділ бойындағы астанасы Сарай қаласы дүние жүзіне мәшһүр мәдени орталықтардың біріне айналды. Мұнда қысқа мерзім ішінде әлемнің әр түкпірінен атақты ғалымдар, ақындар, өнер қайраткерлері, сәулетшілер т. б. жиналды десек те болады.

Берке, Өзбек және Жәнібек хандардың тұсында Алтын Орда астанасы Сарай шаһарында ислам әлемінің ең атақты ғалымдары (Құтб ад-Дин ар-Рази, Сад ад-Дин ат-Тафтазани, Хафиз ад-Дин ал-Баззави, т. б. ) мен ақын - жазушылары өмір сүріп, еңбек етті. Бұл кезде олар Дешті Қыпшақты Батыс пен Шығысқа танытқан өздерінің ғылыми, әдеби туындыларын қыпшақ тілінде жазды» [1, 249-бет ] .

Бұл мәдени ренессанс (қайта өрлеу) көрші елдердің, оның ішінде славян, еуропа, ислам дінін қабылдамаған шығыс халықтарының, алыс жатқан мысыр елінің мазасыздануынан себеп болды. Аталған елдердің билеушілері Алтын Орда мемлекеті осы қарқынмен дами берсе, тыныштық болмайтынын сезгендей аласұрды. Олар әскери құрылымы жақсы жетілген, соғыс ісіне жетік мемлекетті соғыспен ала алмайтынын білгендіктен, Алтын Орданы құлатудың бір ғана жолы болса, ол идеологиялық жағынан шабуылдаудың нәтижесінде ғана жүзеге асады деп есептеді. Осылайша, ХІV ғасырларда құпия діни тапсырмалармен Еуропа жерлерінен, Италиядан миссионерлер, Үнді жерлерінен будда дінін уағыздаушылар түркі жеріне қаптады. Олардың мақсаты біреу ғана: Түркі мемлекетін идеологиялық тұрғыдан әлсіретіп құлату болды.

Бұл кезеңдегі жағдай ғалым Алма Қыраубаеваның докторлық диссертациясында көрініс тапқан: «Алтын Орда құрамындағы түркі тайпалары, оның ішінде қазақ халқы да орасан ауыр рухани халды бастарынан кешірді. Үндістаннан буддашылар, еуропадан христиан діні уағыздаушылар, Қытайдан конфуцияндық ілімнің өкілдері келіп, түркі халықтарын діни тұрғыдан бөлуді мақсат етті. Бұл алдын ала ойластырылған жоспар өз жемісін берді де. Қазақпен қаны бір туыс халықтар ойраттар, қалмақтар, жоңғарлар идеологиялық экспансиялық қыспаққа шыдай алмай, біреулері бұрхан дініне кірді, екіншілері будда дінін қабылдады. Осындай қыспақта қазақ халқы ғана өзінің рухани - мәдени тұтастығын сақтап қалды. Бірақ бұл оңай болған жоқ. Қазақ халқы бұл мәдени шабуылдан үш түрлі құндылықтарының арқасында, дінінің, салт-дәстүрінің, тілінің арқасында аман қалды. Оны екінші Ояну дәуірі деп санауымызға болады» [2, 34-бет] деген ұтымды пікір айтады.

Діні жат, мақсаттары бөтен өзге ұлттар осылайша түркі тайпаларының бірлігіне қол сұғып, оларды идеологиялық жақтан бөлшектеп жатқанда, қатер енді түркі халықтарына екінші жақтан төнді. Ол діні бөлек ұлттардың тарапынан емес, Алтын Ордада сол кезде тым басым сипат алған араб-парсы тілінің, мәдениетінің, салт-дәстүрінің ел арасына тым кең жайылып, түркі тілінің ескерусіз қалып бара жатқандығынан болды. Әміршілер мен сарай төңірегіндегі басқа да лауазымды тұлғалар араб-парсы тілінде сөйлеп, сол тілде іс қағаздарын, жарлықтарын жүргізуді үлкен мәртебе ретінде санады. Араб мәдениетіне, тіліне, әдебиетіне еліктеу белең алып бара жатты. Бұл шындығына келгенде, сырттай білінбегенімен, іштей халықтардың құлдырауына әкеле жатты.

Алтын Орда кезеңінде өмір сүрген түркі тайпаларының мәдени - қоғамдық бейнесі үлкен өзгерістерді бастан кешіруде еді. Сол кезде Алтын Ордада араб, парсы мәдениетінің үстемдік етіп, тез тарауына себеп болған нәрсе - билеушілердің араб, парсы тілінде сөйлеп, солардың мәдениетінің, салт - дәстүрінің ықпалында жүруі еді. Сондықтан Ордадағы көптеген маңызды, мемлекеттік деңгейдегі мәселелер түркі халықтарының бұрыннан қалыптасқан үлгілерде шешілмей, көбінесе араб, парсы дәстүрлерінің ыңғайында шешімін тапты. Шынына келсек, мұндай әрекет - түркі халықтарының бұрыннан қалыптасқан өзіндік ұлттық ерекшелігін жойып, оны араб, не парсы тектес халықтарға айналдырып жіберуі мүмкін еді. Ал бұл сол кездегі билік басында отырған әміршілердің қаперінде болған жоқ. Себебі олар араб не парсы тілінде сөйлеудің елдің, ұлттың болашағына қандай зиянды әсерін тигізерін бағамдай алмады. Түркі халықтарының мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан ұлттық болмысын, ұлттық менталитетін ығыстыра бастаған бұл мәдени шабуылдардың әсерін тек көкірек көзі ашық, рухани жетілген адам ғана сезіне алатын еді. Түркі халықтарының тағдырын айқындайтын мұндай қысылтаяң сәтте сол міндет халықтардың рухани көсемдері абыз - жыраулардың, ақын - жыршыларға артылды. Түркі халықтарының ішінде, оның ішінде қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын жыршылар, ақындар ұлтты мұндай шабуылдардан сақтап қалатын жолды табуы керек болды.

Осындай екі жақты шабуылдан сақтану үшін рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түркі халықтары тығырықтан шығатын жолды өздері табуға мәжбүр болды. Бұл үшін үлкен бір мәдени, әдеби, рухан сілкініс керек - ақ еді. Және оның әдеби ағым ретінде пайда болғандығы ешкімді де, ешқандай халықтарды да таңқалдырмаса керек - ті. Ал бұл бағыт кейін «назирагөйлік» немесе «нәзира дәстүрі» деген ат алып, әдебиет тарихында өзіндік ерекшелігі бар ағым ретінде бағаланады.

Нәзира дәстүрінің қалыптасуына осы кездегі саяси - мәдени жағдайлар әсер етті. Яғни араб, парсы халықтарының дендеп кіріп бара жатқан мәдени жаулап алушылығына тосқауыл қою мақсатында осы бағыт қалыптасып дамыды. Нәзира дәстүрінің пайда болуына және дамуына Әли, Дүрбек сияқты сол кездегі атақты Алтын Орда ақындары үлес қосты. Бұлардың барлығын ғалым А. Қыраубаева өз диссертациясында келтіріп кеткен және назирагөйліктің басталуынан түркі халықтарында қандай зор рухани өзгеріс болғанын айтқан. Ғалымның «назирагөйлік, тіптен, Мұхаммед пайғамбардың өзінен басталуы мүмкін» деген пікірі айқын. Өйткені пайғамбар сахабаларына «Жүсіп пен Зылиха» туралы хикаяны алғаш рет көркем тілмен, рухани жағын көрсете отырып, өзі әңгімелеп берген екен. Мұның өзі түркілік ақындардың, жыршылардың ойдан ештеңені де шығармағанын мәдени қақтығыстарға шешім табатын нәрсені діннің өз ішінен тапқанын көрсетеді. Демек, назирагөйлік өз бетінше шығарыла салынған дәстүр емес, оның астарында пайғамбардын қалған руханият ілімі жатыр. Назирагөйлік жайлы осы тақырыпқа арнайы барған ғалымдардың тұжырымдарына шолу жасасақ: «XIII - XIV ғасырлардағы түркі тектес халықтар әдебиетіндегі негізгі бағыттың бірі - өткенге назар салу, өз заманындағы тірлік тынысына ұқсас жауапты өткен ойшылдар мен ұлылардың шығармаларынан тауып, соларды өз тілінде қайта сөйлетуге ұмтылыс, кейде одан да асырып жазып, айрықша талант биігін танытуға талаптану еді. Мұндай ағымның бел алуына бір кезде әл - Фараби ден қойған Қайта өрлеудің сол дәуірде жер жүзі мәдениетіне жайылып жатуы орасан әсерін тигізді.

Мұндай әсерлер мен ықпалдар Әли, Құтба, Сәйф Сарай творчествосындағы классикалық парсы әдебиетіне еліктеуден, сондағы Қайта Өрлеу идеясына бой ұрған ақындардың шығармаларын, бұрынғы араб - парсы әдебиеті үлгілерін өз заманына лайықтап қайта жаңғырту талпынысынан туған шығармалардан көрінеді» [3, 33-бет] .

Назирагөйлік деген ұғымның өзіне ғалымдар әр тараптан шолу жасап, сипаттама береді:

«Нәзира (араб. назират - жауап, ұқсату мағынасында) - мұсылмандық Шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан үрдіс. Белгілі бір ақынның өзіне дейінгі классикалық, шығармаға «жауап қатуы» түрінде, өнер сынасу, өлең жарыстыру мақсатында пайда болған. Жыр бәйгесіне тәуекел еткен шайыр бұрыннан мәлім шиырдан жаңадан жол іздеуге, өзі өнеге тұтып отырған дастанның тақырыбын, өлең өлшемін, көркемдеу өрімін пайдаланып, ілкі туындыдан асып кетпесе де, жетеғабыл түсетін, өзіндік бояуы, реңі бар шығарма жазуы тиіс. Бұл - ежелгі өнер иесі үшін ақындық кәмелет белгісі. Өзі де нәзира шарттарын сақтап, Фердоуси сарындарымен мәснәуи жазған Низами дүние салғаннан кейінгі жерде (ХІІІ) оның «Хәмсасын» бағдарға алған нәзирашылық дәстүрі қаулай өркендеп, кең өріс табады. Түркі, парсы тілдес әдебиеттерге әлденеше ғасыр өзек болады» [4, 252-бет] .

Қазақ әдебиетінде нәзира дәстүріне қатысты Мұхтар Әуезов мынадай түсінік береді:

«Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша, шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында, тағы бір шығыс ақыны қайталап, әңгіме ететін тың дастандар шығаратын дәстүр бар еді . . . Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығатыны болады. Бұлайша әр тақырыптың әр ақында қайталануы еш уақытта аударма деп танылуы керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт - шалым сынасып, жырмен жарысу еспті бір салт еді. Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәуірде «Нәзира», «Нәзирагөйлік» деп атау да берген» [5, 150-бет] .

«ХІІІ - XIV ғасырларда жаңаша творчестволық еліктеу (тақлид, назира) пайда болды. Оның бастаулары «Шахнамаға» еліктеу «жазбаларында» байқалады. Бұл әдеби тәсіл тек өзіндік шығармашылық көрініс ретінде жаңа әдеби фактінің (мысалы, жаңа идеялар, тақырыптар, сюжеттер, кейіпкерлер, тілдік құралдар жүйесі) жасалуы ғана қарастырылмайды, сонымен қатар алдында басқа әдеби деректерде келтіріліп қойған оқиғалардың жаңа нұсқасы жасалады» .

Аталған анықтамалардан, түсініктерден көріп отырғанымыздай, нәзирагөйлік, нәзира дәстүрі тіпті де аудармаға жатпайтын құбылыс. Себебі, аударма белгілі бір бекітіліп берілген шарттардан, талаптардан ауытқымай, негізгі аударманың заңдылықтарына бағына отырып, туындыны бір тілден басқа тілге аударуды білдірсе, нәзира дәстүрінде бұлай емес, оқиғалар сюжеті негізге алынып, идеялық - көркемдік шешім басқаша өрбуі мүмкін.

Нәзира дәстүрі негізінен, Алтын Орда кезеңінде ақындардың түркі тілін араб тілінен қорғау мақсатында пайда болды деген пікірге келтіретін дәлелдер әр ғалымдарда кездесіп отырады. Шығыс әлеміне белгілі шайыр Шейх Сағдидің «Гүлстанын» Сайф Сараи нәзира дәстүрімен өңдеп, қайта жазып шыққан. Дастанның түркі тілінде жырлануына қатысты берілген түсінігінде мынадай жолдар бар: «Бір жолы мен раушан гүлдері жайқалған бақ ішінде ойға жүйрік ғұлама - ғалымдармен әңгімелесіп отыр едім. Біз сөз саптау, сөйлем құру мәселесін талқылап жатқан болатынмын. Мен ғажайып бәйіттер мен тамаша өлеңдер оқыдым. Сол сәтте әлгі ғалымдардың ішіндегі ақсақалы аруз өлшемімен жазылған бір қиын бәйіттің құрылысы туралы маған сұрақ қойды. Мен дереу жауап бердім. Сонда әлгі ғұлама: - О, жат жұрттық қаламгер, мен саған бір жақсы кеңес бермекпін, егер сол кеңесімді қабыл алсаң, жақсы болар еді, - деді. - Айтыңыз, - дедім мен. - Егер шейх Сағдидің «Гүлістанын» түркі тіліне аударып, оны бір бақытты жанға арнасаң, жақсы болар еді. Сол жаннан естелік болып қалар еді». [6, 258-бет]

Сонымен қатар «Мұхаббат - наме» дастанында да түркі тілінде жырлануына қатысты өлең жолдары кездеседі. Бұл дастанның басында өлең шумақтарының ішінде беріледі:

Жымиып күлді де айтты: ей, пәленшеке,

Келтіргін сыйңды бізге лайық.

Тілер ем біздің тілде жазуыңды, -

Кітапты осы қыста менің қасымда.

Қабыл қылдым, жер өптім, ей шах - дедім.

Есігіңнің топырағы дәулет сарайы. Бұл жерде автордың «біздің тіл» деп отырғаны түркі тілі екендігі даусыз. Түркі тілінде ең бірінші рет қисса жаздым деп есептейтін, «Иусуф уа Зулайха» деген атпен дастан жазған Дүрбектің де түркі тілінде қисса жазғандығын тегін мақтаныш етпейді. Мұнда туған тіліне деген құрмет, еліне деген шексіз перзенттік махаббат жатқан тәрізді. Алтын Орда ақындарының арасынан ең бірінші болып «Жүсіп - Зылиха» дастанын түркі тілінде қайта жырлап шыққан Әли де ана тілінң алдындағы парызын терең түсінген жан болса керек. Өйткені араб тілінде мемлекет ішінде тарап бара жатқан қисса, хикаялық дастандарды аударып, оларды билеушілерге таза түркі тілінде сыйға тартқандығы тілге деген шексіз құрметтің белгісі, тіл ғана емес, ел болашағын көрегендікпен болжай білген отаншылдық сезім.

Әлидің түркі мәдениетінде, әдебиетінде өшпес орны бар тұлға екені оның қисса - дастандарды тек түркі тілінде жырлап шығуынан көрінбейді, нәзира дәстүрін шебер пайдаланып, араб - парсы өлең үлгілерінен тыс поэзияға жаңа түркілік өлең өлшемдерін, түркілік сарын ала келгендігімен бағаланады: «Әлидің «Қисса - Жүсібі» қарапайым, түсініктілігімен ерекшеленеді. Өйткені онда ежелгі «Иосиф» мифтерінен Иосиф пен Потифордың жұбайының оқиғасы ғана бөлек алынып, басқалары осы фабулалық желінің айналасына жинақтаған Жәми үлгісіне ұқсайды. Сөйте тұра өзіне дейін Фирдоуси, Ансари жазған парсы поэзиясының ықпалына берілмей, түрік өлеңінің формасымен төрт жолды өлең түрімен шығарады. Тағы бір ерекшелігі, түрік фольклорын пайдаланады. Осылардың өзі Әли шығармашылығынан түрік Оянушылығының көріністері байқалатындығының куәсі деуге болады». Әлидің «Жүсіп - Зылиха» дастанын жырлауындағы көркемдік ерекшеліктерді кезінде көрнекті ғалым, шығыстанушы Е. Э. Бертельс те атап көрсетті: «Әли парсылық туындыгердің ізімен кеткен жоқ. Өз халқының өлең үрдісін сақтай отырып, шығармасын төрттаған түрінде ааба сызбасымен жазып шыққан. Бұл өлең түрі бірқатар түркі тайпаларында қазір де қолданылады» [7, 63-бет] .

Қазіргі кезде басқа да шығыстанушы ғалымдар Әлидің «Жүсіп - Зылиха» дастанын талдау барысында оның көркемдік сипаттарын ашып көрсеткенді жөн санайды: «Ақын дастандағы халықаралық сюжет желісін түркі тілдік топырағына көшіру кезінде қандай поэтикалық үлгілерге сүйенді екен, енді соған назар аударайық. Сюжеттік материалды қайта өңдеу (назирагөйлік) кезінде ежелгі түркі фольклоры мызғымас орын тепкен, бұл жерде ең басты байқалатыны эпостық элементтер. Ежелгі түркілердің эпостық дәстүрделі шығарманың барлық бөліктерінде бар: образдар мен жеке мотивтерде, сонымен қатар композиция мен стильде де кездеседі. Ақын сиқырлы ертегілерге, халық лирикасына және тәмсілдік жанрға көбірек сүйенген. Жеке мотивтердің негізгі бастау көзі оғыз эпостары болып табылады. Дастанның өзі де тілдік жағынан оғыздарға жақын» [8, 9-бет] .

Осылайша Алтын Орда кезеңінде қалыптасқан нәзирагөйлік дәстүрі түркі жұртының рухани, мәдени жақтан ыдырамауының кепілі болды. Қазақ халқы басқа түркі халықтарымен бірге бұл мәдени қақтығыстардын нәзирагөйліктің арқасында аман өтті.

Нәзирагөйлік дәстүрді қарастырушы ғалымдар оның екінші кезеңін ХІХ ғасырмен байланыстырады. Яғни бұл кезде де дәл Алтын Орда кезіндегідей үлкен бір қыспаққа кірген қазақ халқы тығырықтан шығар жолды тағы да нәзирагөйлік үлгіден іздеді. Орыс отаршылдары мен миссионерлері қазақ даласына келіп, діни саясаттарын ашықтан ашық жүргізді. Олардың мақсаты біреу - ақ қана болды: ол - қазақ халқына христиан дінін қабылдатып, сол арқылы оның ұлттық ерекшелігін жойып, орысқа айналдыру болды. «Қазақстан Ресей империясының отаршылдық иіріміне тартылған кезден бастап ақ қазақтарды шоқындыру арқылы орыстандыру әрекетінің жоспарлары бұл елдің ресми құжаттарында өз көрінісін бере бастады. 1719 жылғы Ресей сенатының шешімінде Еділ қалмақтарын шоқындыру, қыздарын оқыту арқылы орыстандыру саясатын біртіндеп жүргізу, олар қолданып келген байырғы жазу таңбасын кириллицаға алматстыру ниеттері ресмим түрде айқын көрсетілген болатын-ды. Ал қашан Қазан қаласында «Рухани академия» ашылып, ондағы «Противомусульманская кафедраның» тұңғыш меңгерушілігіне профессор Ильминский отырысымен-ақ миссионерлік саясат іс жүзінде қарқынды түрде өріс ала бастады. Өйткені шет аймақтағы бұратана халықтарды шоқындыру арқылы орыстандыру мәселесін Святой Синод миссионер ғалымдардың қолына тапсырған болатын» [9, 5-бет] . Осындай жағдайда идеологиялық қорған табу қазақтың көзі ашық азаматтарының, ақындарының алдында тұрды. Сол кездегі ақындар, жыршылдар татар, башқұрт, не болмаса басқа да түрік тілдеріндегі қисса - дастандарды қазақ тілінде нәзира үлгісімен жырлап шығуға ден қойды. Олардың ел алдындағы еңбектері соншама зор болды Өйткені олар осы қызметтері үшін ешкімнен де ақы дәметкен жоқ немесе ешкімге де еңбектерін сатқан жоқ.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кітаби ақындар шығармашылығындағы сопылық ілімнің жырлануы. Автораферат
Орта ғасыр әдебиетіндегі «қисса – дастандар» үрдісі
Кітаби ақындардың шығармалығындағы Ясауи сопылық ілімінің көріністерін ашу, талдау, саралау
ЕСКІ ҚЫПШАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҒАШЫҚТЫҚ САРЫНДАР
Әсет Найманбаев шығармашылығының көркемдігі
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
«ҒАЗАУАТ СҰЛТАН» ҚИССАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ, КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
АЛТЫН ОРДА ӘДЕБИ ЖӘДІГЕРІ - РАБҒУЗИ ҚИССАЛАРЫНЫҢ ЖАРИЯЛАНУ ҮЛГІЛЕРІ
Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz